Шахмардан есенов



бет30/123
Дата31.12.2021
өлшемі0,85 Mb.
#107253
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   123
Байланысты:
Шахмардан есенов
@ 5 B - 07, Нурканик сііідддііккк, @ 5 B - 07, @ 5 B - 07, Тау - кен кәсіпорын экономикасы пробное тест (2), Конгитивные обучение, Конгитивные обучение, Конгитивные обучение, англ
-Кәмила Қарабалаевна, сіз неге Шахмардан Есенович демейсіз, «Батыр» деген не сөз,- деп сұрайды.

- «Батырдың» орысшасы «Храбрый» деген сөз.

-Шын ба, шын айтып тұрсыз ба?-деді, министрдің орынбасары кенеттен таң қалып.

- Сіз не бұл атауды ол кісіге ылайық көрмей тұрсыз ба?-деді, Камила жеңіл ғана жымиып.

-Жоқ, жоқ, қайта «Батыр» деп, дәл қойғаныңызға таң қалып тұрмын,-деп, шынымен-ақ ренжітіп алдым ба дегендей жалпақтап,—бұл пікірмді Сізге, Кәмила Қарабалаевна дәлелдеп берейін,-- деп, елпілдеп-ақ қалды. Сосын аз-кем ойланып тұрды да,-- Маңғыстаудан мұнайдың мол қоры табылып Қазақстан басшыларының абыр-сабыр болып, проблемаларының көбейіп тұрған кезі болатын. Мәскеуге келгіштеп, жоқтары көбейіп дегендей ғой... Бірде мұнайға байланысты Косыгинде өтетін жиналысқа бірге қатыстық. Жиі көрмейтін болған соң Косыгинге министірлердің бәрі жетістігін емес жетіспейтін жақтарын айтып, мемлекеттен көмек сұрап жатыр. Өте бай, Орта машина жасау министрлігінің бір орынбасары (министрі Орталық Комитеттің мүшесі, үш рет Еңбек Ері атанған беделді басшы Е.П.Славский болатын) бізде анау жоқ, бізде мынау жоқ деп, жоқтан өзгені айтып тұрып алды. Бір кезде Сіздің «Батырыңыз» қолын көтеріп, рұқсат алып, жиынға қатысып отырған КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Косыгиннің тура өзіне қасқайып қарап тұрып сөзін бастады. Біреулеріміз батылдығына таң қалып, біреулеріміз «не дер екен?» деп, сынай қарап отырмыз. Бір кезде Шахаң:

--Құрметті Николай Алексеевич (Косыгин), Сіз мені дұрыс түсініңіз, талай жылдан қалыптасқан, ордаланған бай мекеменің--Славскийдің мамандары «жоқ» дегенді айтып, ауыздарын құр шөппен сүртетін болса, жаңадан ашылып жатқан Маңғыстау кен орындарының, оның мұнайшыларының күні тіптен қараң деуге болады. Техника, станок, құрылыс материалдары... тіптен Орталықтағы басшылардың оң қабағы, шын пейілдері де жетіспейді бізге! --деп айтып салды. Тура бір алдын ала дайындалып келгендей-ақ жоғын тізіп, сандарды сөйлетіп шықты. Обалы не керек, Косыгин зейін қоя тыңдады да көмекшісіне бір нәрсе деп сыбырлады, сосын Шахмардан Есеновичке қарап «осының бәрін айтып, хат жазыңыздар» деді, әдеттегі сабырлы қалпымен, сөзін қысқа қайырып.

Шынымды айтсам, Шахмардан Есеновичтің батылдығына, Косыгиннің мәрттігіне риза болдым. Артынша Маңғыстау мұнайына орай бір емес екі қаулы шықты. Енді Сізге де риза болып отырмын, еріңізге ылайықты ат қойыпсыз, ризамын, ризамын!—деп, Кәмилаға шын көңілін білдіріп, ағынан ақтарылды.

***


Мұнай табылуын табылды. Ал оны алу, өндіру кезінде мың-мың мәселе туды. Сондай күрделі бір ғана проблема төңірегінде министр Шахмардан Есеновтің өзі былай дейді:

«--Мұнайды тасымалдау және оны қайта өңдеу сияқты аса маңызды мәселелер әлі күнге шешілген жоқ. Табиғаттың керемет байлығын халық игілігіне жарату үшін мұнайды қайта өңдеу жөніндегі жаңа өнеркәсіптік комплекстерді экономикалық жағынан тиімді орналастырудың үлкен маңызы бар. Мұнайды қайта өңдеудің екінші процестері полимерлік материалдар, пластикалық масса, синтетикалық смола өндіруді қамтамасыз ететінін ұмытуға болмайды. Ал, бұл өнімдер неғұрлым көп өндірілсе, республикамыздың халық шаруашылығын алға бастыруға, еңбекшілердің тұтыну қажеттерін өтеуге елеулі үлес қосатыны сөзсіз.

Маңғыстау мұнайынан аса маңызды өнім—қоймалжың қышқыл мен жоғары сапалы спирт алуға болатынын атап айту керек. Осыған қарамастан, Республикалық Мемлекеттік Жоспарлау комиссиясы мұнайды қайта өңдеу кәсіпорынын Маңғыстаудың өзінде орналастырудың қажеті жоқ, оны басқа аудандарға тасымалдау керек деп есептейді. Бұл, әрине, дұрыс емес. Маңғыстау мұнайы жоғары сапалы болғанмен, онда парафин көп кездеседі. Ал, бұл мұнайды алыс жерге тасымалдауға қиындық туғызады. Демек, мұнайдан парафинді бөліп тастайтын қондырғыны жергілікті жердің өзінде салуға тез кірісу қажет!»

Министрдің ұсынысын тыңдамағанның қырсығын ақыр соңында мұнайшылар көрді. Алынған мұнай бойында парфині көп болғандықтан қатып қала берді, діттеген меже сонау-сонау Астрахан мұнай өңдеу зауытына жеткізу ақыреттің ақыреті болды. Содан мұнай инженерлері 50-60 шақырым сайын мұнайды қыздыратын пеш ойлап тауып, әбден әлекке түсті. Оның республикаға әкелген экономикалық зиянын есептеп шығару біздің құзырымыз емес, бірақ білеріміз шыққан шығын шаш етек...

Маңғыстау маңы қашанда да, қай замандарда да суға жарып, шөлі қанған ел емес. Бұл өңірде ауыз суды елу-алпыс метрге дейін жерді қазғанда ғана көруге болады. Оның өзін ата-бабасынан құдық қазуды кәсіп еткен әккі құдықшылар болмаса кез келген адам жер асты суына жете алмаған. Құдықшылар жан-жағын тал-шыбықпен шегендей отырып, жан-жағын құлатпай шыңыраудан су алған. Қазір ол әдіс өзгерген. ХХ ғасырда, жеті қат жер астынан, жүздеген, мыңдаған шақырым тереңдіктен мұнай алып жатқанда, беріде жатқан суға зәру болып отыру жараспас деген ой Есеновке келісімен іске кірісті. Өзі тікелей басшылық жасады. Барлаушылардың бар мұқтажын, құрал-саймандарын тауып берді,жағдайларын жасады, олардан тек су көзін табуды талап етті, өзі басы-қасында болды. Барлаушылар көп еңбектенді, зерттеді, талай жерге бұрғы салды, ақыры тапты. Өзен поселкесінің Солтүстік жағынан 70 шақырым жерден кәдімгі мөп-мөлдір ауыз су табылды. Кешіктірмей Өзен поселкесіне, үйді-үйге су құбырлары тартылып, халық суға қарық болды да қалды. ????? Аты қандай?? Техникалық мақсаттарға жұмсауға болатын су да табылып, өндіріс орындарының жұмысы жақсарып қалды.

***


Халық «бейнеттің түбі зейнет» демеуші ме еді, сол секілді ол министр басымен аптап ыстық пен ақырған аязға қарамай, айлап, жылдап барлаушылар ортасында болып, олардың жұмыс істеуіне бар мүмкіндіктерді туғызып, жағдайларын жасаған, рахатынан бейнеті мол күндері босқа кетпеді. Маңғыстау өңірінен ірі-ірі кен орындарын ашуға қатысқан бір топ мұнайшыға 1966 жылы сол кездің ең жоғарғы атағы Лениндік сыйлық берілді. Олар мыналар еді: Ш.Есенов, Х.Өзбекқалиев, Д.Досмұхамбетов, Б.Дьков, Н.Черепанов, Е.Иванов, Н.Имашев, В.Матвеев, В.Токарев, Х.Махамбетов, Н.Калинин. Сол уақыттың ең мәртебесі биік атағын геолог-мұнайшылар арасынан бұлар алғашқы болып алғандар еді. Және Есенов сол жылы геология-барлау қызметіне белсене араласқаны, партия тапсырмасын мінсіз атқарғаны үшін Ленин орденімен марапатталды.

Біріншіден бұны , Есенов Шахмарданды Геология министрлігіне тағайындап тұрып Бірінші хатшы Қонаевтың: «Геологияны көтер!» деп берген тапсырмасы мен сенімінің нәтижесі деп қабылдады көпшілік. Күш-қайраты жетіп тұрғанмен тәжірибесі аз болып, кейбір мәселелерде Шахмарданның кібіртіктеп қалған кездерін байқаған білікті басшы: «батыл бол, артыңда Орталық Комитет бар ғой» деп, күш-қуат берген кездерін Шахмардан ұмытқан емес. Кейіннен, қандай тосын шешімдер мен бастамалар көтерсе де ол осы сөзден қуат алып, арқаланып тұратын. Бұдан артық қандай қамқорлық, қандай қолдау керек?! Қалған: алғырлық, күш-жігер, білім, парасат, көп шаруаның ортасынан маңыздысын алға алып шығу, атқару, кадрді дұрыс талғау, таңдау...не керек, көш бастаушы адамға қажетті қасиеттердің бәрі Шахмардан бойында бар еді. Біріншінің ілтипаты мен тапсырмасын алған соң жас Шахмардан алаңдамай, баяулап тұрған барлау мен геология жұмысына батыл, әрі жігерлі кіріскен-ді.

Жас та болса сеніп тапсырылған министрлік жұмысын жандандырып әкеткені үшін Орталық Комитет пен Министрлер Кеңесі басшылары да риза көңілде болды. Әсіресе, Есенов Шахмарданның бұл сыйлыққа ылайықты екенін Қонаевтың өзі мойындаған, құптаған болатын. Шыны керек, кеңестік дәуірдің ең жоғары марапаты—Лениндік сыйлықтың лауреаты атануы Шахмарданның бұрынғы беделіне бедел қосып, абыройын асқақтатып жіберді. Бұл таудай талабы бар жастың, «болсам!» деген болмыстың жаңа биіктерге ұмтылуына бастамашы болып еді.

Жас министірдің ісінің бәрі тосқауылсыз, кедергісіз жүріп жатқандай пікір қалыптаспас үшін сол уақыттың шындығын айта кетуіміз керек. 1962 жылы Қазақстанның Бірінші хатшылығына Юсупов Исмайл (1962 желтоқсан—1964 желтоқсан) сайланып, Д.Қонаев Қазақс КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы (1962 желтоқсан—1964желтоқсан) болып тағайындалды. Осыны күтіп отырғандай домалақ арыздар қайта бас көтеріп, Орталық Комитетке Есеновті жамандаған хаттар келе бастады. Адамда бір жаман қасиет бар, біреудің жасаған көп жақсылығын тез ұмытып қаламыз да, ал, бір рет ренжіте қалса көңілге кетпесей етіп жазып аламыз. Сосын соның қарымтасын қайтаруды өмір бойы ойлаймыз, есімізден шығармаймыз. Жас министр келісімен «Маңғыстаумұнайгазбарлау» басқармасының біраз басшыларын өзгертпеді емес пе. Ол басшыларды ауыстырса қарақан басының қамы үшін емес, өзіне тапсырылған қызметтің жауапкершілігін сезінгендігі үшін, жер қойнауының байлығын ысырап жасамай, халық игілігіне жарату үшін, көз алартып «Маңғыстауды алсақ» деп, мысық дәмеде отырған басқалар үшін осындай батыл шешімдерге барды. Жылы орныннан, лауазымды қызметтен кеткенді кім жақсы көрсін артынша ақ Орталық Комитетке домалақ арыздар жетіп жатты. Халық кейде айтпай ма: «сыйынғаныңнан сүйенгенің мықты болсын» деп, сол сияқты ол кезде Шахмарданның сүйенгені шын мәнінде абырой-беделі Алатаудан асып, Одақтас республикалар басшыларының ортасында оқ бойы озық жүретін, ел мақтанышына айналып үлгерген республикадағы бірінші адам Дінмұхамед Қонаевтың өзі еді. Сол кісінің арқасында домалақ арызар домаланып барып, бір папканың арасына шықпастай болып түсіп жататын.

Ал, Бірінші хатшы болып Юсупов келісімен домалақ арыздар қайта жазылып, Орталық Комитетке қайта-қайта шақырыла бастады. Өз әрекетіне сенімді, ісіне адал ол бұған сасқан да, жауап беруден қашқан да жоқ. Елі үшін атқарып жатқан іс-қимылын табанды түрде дәлелдей, қорғай білді. Оған да қарамастан комиссия құрылып, Есеновтің жұмысын тексеріп жатқанда, қайыра Қонаевтың өзі Бірінші хатшы болып сайланды. Бірінші хатшының Есеновке деген оң пейілін білетіндер дәлелі дәрменсіз домалақ арыздарды жылы жауып қоя салған-ды. Бұл жас министр Есенов Шахмарданның нәтижелі, тындырымды жұмыс істеуіне Орталық Комитеттің мұндай қамқорлығы көп көмегін тигізді. Сол кездерде етек алған, оған кәдімгідей мән берілген жылдарда домалақ арыздың небір дарынды, талантты басшыларға көп зиянын тигізгенін өзіміз де көрдік қой. Іске шын жаның ашыса ашып, анықтап айт, аты-жөніңді қойып жаз, кім оған қой демек. Амал қанша, сол уақыттың оғаш тәртібі мен талабы солай болды.

Осы кездерде Бірінші хатшы Қонаев пен жас Шахмардан арасы ресмиліктен көрі әкелі-балалыдай, сыйластықтың биік бір белесіне шығып еді. Олар, әсіресе, Шахмардан бар шаруаны ол кісімен ақылдасып, келісіп шешетін. Кейбіреулер айлап-жылдап Бірінші хатшыға кіре алмай жүргенде Шахмарданға есік айқара ашық болды. Әрине, есік ашық екен деп үлкен кісіні орынды-орынсыз мазалаған емес, ретті, қисынды кезде ғана келетін. Мереке-мейрамдарды от бастарымен бірге тойласты, әсіресе, Зухра жеңгей кішіпейіл, инабатты жас Кәмиланы қатты ұнатып, үлкендік жолмен «қызым» деп қабылдап, сыйлас та, сырлас та болды.

«--Ия, біздер от басымызбен жақсы араластық, мереке-мейрамдарды талай бірге өткіздік-те. Бізге дегенде ол кісілердің ықылас-пейілі ерекше болды, бірақ соны көре алмағандар сөз арлатып, өсек таратып, ақыры салқындықты кіргізді ғой... Шахаң айтатын: «Батыр, Зухра жеңгеймен хабарласып тұр, менің көңіл-күйіме қарама және мен жайында ештеңе айтып, сұрап, өтініш жасаушы болма, мен өз мәселемді өзім шешемін. Біз барлық жағдайда да адам болып қалуымыз керек!» дейтін. Мен Зухра жеңгеймен хабарласып, кейде Димекең Мәскеуге, шет елге кетіп қалғанда үйіне барып та жүрдім. Ол кісі қайтыс болатыннан бір күн бұрын бардым, бірақ менің алдымда ғана дәрігер келіп, укол салып, ұйқтатып кеткен екен, тілдесе алмадым. Ертеңіне Зухра жеңгейдің қайтыс болғанын Димекеңнің өзі Шахаңа телефон соғып, хабарлады...»--дейді Камила апай. Өмірдің өткінші, жалған дүние екенін осындайда түсінесің, сезінесің. Бірақ, бір өкініштісі соны кеш түсінетіндігімізде болып тұр ғой.

***


Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдар ішінде «Ақиқат» журналының тілшісі М.Мәжитов: «Сіз Лениндік сыйлықтың лауреатысыз. Кешегі бір аумалы-төкпелі кезде сол сыйлығыңыз жөнінде де алып-қашпа, өсек-аяңдар болды-ау, деймін?» деген дүдәмал сұрақ қойыпты. Түсінікті. Ол кезде бұл сыйлық Бірінші хатшы, министр, президент... дегендерге аса бұйыра бермей, көбіне-көп қарапайым жұмысшы мен еңбек адамына берілетін сый-сияпат еді ғой. Кеңестік кезеңнің тасқа басып, Ата заңына кіргізбесе де өзі таңдаған «сал-дәстүрі», «ырым-сырымы» болатын. Жұмысшы мен қарапайым еңбек адамын көтеру, қолпаштап отыру сол «салт-дәстүрдің» ең бір озық түрі болғаны да рас еді-ау. Сондықтан да тілшінің «бұл салт-дәстүрге» министр қалай кіріп кетті?» деген түйткіл сұрақтың көмейінде кептеліп тұрғаны сезіледі.

Сұрақтың астарын сезе қалаған Есенов:



«-Менің жеке еңбегім, үлесім болмаса өзімді тізімнен өзім-ақ сызып тастар едім. Оған адамдық арым да, құдіретім де жетер еді. Мен жалпы өзімді билеп-төсей білетін кісімін. Өз ақылым өзіме төреші! Менің басқаруыммен Жетібай, Өзен мұнай орындары ашылды. Артынан Бозашы, Қаламқас, Қаражамбас... мұнай көзі табылды. Мен бұл жолы да білімімді де, тәжірибемді де ортаға салдым...».

Өтірік айтып көлгірсімейтін адамның сөзі де шын, ісі де рас. Және оны кесіп-кесіп те, көсіп-көсіп те айта алады.

Рас, Кеңестік коғамда бұл сыйлықтың басты «геройлары» жоғарыда айтқандай ауылдағы еңбек озаты, қаладағы жоспарды асыра орындағыш жұмысшы өкілі, әрі кетсе бірді-екілі творчество адамдары болатын. Қарап отырсаңыз қызық саясат. Отқа да түсіп, суға да батып, істі ұйымдастыратын, қаржы-қаражат қарастыратын, жетпей жатқан жабдықты табатын, жұмысшы мен шаруаның жағдайын жасайтын мемлекет және Үкімет басшыларына бұл сыйлықтың кем бұйырғаны несі? Халық үшін кірпік қақпай, бар қажыр-қайратымен еңбек етіп жүретін Ел басшысын сауыншыдан кем қойып, сыйлықты қимау қандай қызық, сосын әділетсіздік. Иә, мұндай теңгермешілдік кеңестік кезеңнің «жазылмаған» заңы болды. Министр Есеновке Лениндік сыйлықтың берілуі сол «жазылмаған» заңды бұзды. Кейбіреулерге күдікті ой туғызып, оғаштау көрініп тұрғаны да содан.

Ал оған Құрманов секілді айтқандай «жергілікті мамандар Есеновпен жағаласып» деп, бәрі де әруаққа айналып, тыныш жатқандарды бір-бірімен жауластырудың ендігі жерде керегі жоқ. Бұның жауабын Есеновтің өзі бұлжытпай берді ғой, жоғарыда. Сол жетер бәрімізге де.

Ал, шындығына келсек, Маңғыстауға алғаш келіп, жертөледе тұрып, ыстық тамақтың орнына қалбырдағы қуырылған ет пен балық қана жеп, желдің өтінде, құм боранның астында барлау жүргізген, бұрғы салған мұнайшылардың бәріне де бұл сыйлықты берсе артық болмас еді-ау. Министр басымен барлаушы мен бұрғышы қасында, қос басында болып, бар мұқтажын шешіп, межелі уақытта жоспардың орындалып отыруына ұйытқы болған миистр Есенов еңбегі бұл марапатқа әбден ылайық. Өзі айтпаушы ма еді: «Мен Абайдың ақылымен жүрдім, сөзіне құлақ астым, алты ақылын бағдаршам еттім өміріме. «...талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой—Бес асыл іс көнсеңіз!». Олай болса Шахмардан Есенов бұл марапатқа өз талабының, ерен еңбегінің, терең ойының арқасында ғана қол жеткізді.

Жастайынан жалындап тұрған Шахмардан шабытының, қабілет қайнарының көзі қайдан? деген сұрақ көңілге ұялай береді. Жауабын Шахаңның тек адал жары ғана болып қоймай, қамқоршысы, пікірлесі, досы бола білген Кәмила апайдың әңгімесінен ұққандай боласыз:



--Менің бір таң қалатыным, тәулігіне он–он екі сағат жұмыс жасағанымен, үйге келіп тамағын ішіп алған соң кітап оқуға кірісетін. Мұнысы тура молданың қаза етуге болмайтын бес уақыт намазындай еді. Оқитындары геологияға байланысты арнайы кітаптар, журналдар және осы салаға байланысты шет ел басылымдары болатын. Ал, «Америка» деген журналды үзбей жаздыртып алып оқитын. Көркем әдебиет, тарих Батырдың өмірлік «досы» болды. Тіптен тәулігіне үш-төрт сағат-ақ ұйқтайтын, ұзақ тек демалыста, санаторилерде ғана болмаса, оның өзінде де бәрімізден бұрын тұрып кететін. Бұл оның жас кезінен қалыптасқан әдеті. Мен ептеп бұл денсаулыққа зиян ғой деп ескерту жасасам, ол: « Батырым-ау, қажыр-қайрат, күш барда қыранға еліктеуім керек. Қыран тәулігіне бес-он минуттай ғана қалғиды екен. Рахаттанып, көсіле ұйықтауға болушы еді, бірақ, арайлап атып келе жатқан таңнан, жарқыраған Күн сұлудан ұят емес пе?! «Уақыт!» деген ұлы құдірет! Ол пендесін ұйықтасын деп күтпейді...» деп, әзілдей күлетін».

Салыстырмалы теориясын ашу арқылы бүкіл дүние тіршілігіне өзгеріс әкелген ғұлама Эйнштейн «Ғылымға қанат бітірген поэзияның желігі» деген екен. Сол поэзияны: Пушкиннен, Есениннен бастап Абай, Әбділді, Қасымдарды оқып, жадына жаттап өскен поэзияның желігі ме, әлде, он бір жылда Жезқазғанда жиналған геологияның өзі ашқан сырлары ма, әйтеуір, Шахмарданды бір «желік» ғылымға жетелей берді.Кен байлықтарының құпияларын құпия түрінде қалдырмай, ұққан сырын, ашқан жаңалықтарын көпке жариялап, арнайы ғылыми ортада қорғауды жөн көрді. Оның астарында ашқан жаңалықтардың өндіріске еніп, халық шаруашылығын дамытуға ықпалы тисе деген илгері ниет жатты.

Ғылым деген де қызық нәрсе, ол өзін үнемі жетілдіріп, жаңа идеялармен толықтырып отырғанды ұнатады. Бұлай етпесеңіз ғылым сізден іргесін аулақ салып, біртіндеп-біртіндеп «ғалым» деген аттан айрыласыз. Бұны Шахмардан жақсы біледі, ұстазы Қаныш ағасы «ғалымның қасиеті—ізденісінде» дегенді талай-талай айтқан. Қанша жұмыс басты болса да баяғыдан ойында жүрген, жастық арманы десе де болады, ғылым кандидаттығын қорғаудың кезі келгенін түсінді, бірден қолға алды. Жезқазғанда жүргізген барлау мен геология-инженерлігінен бір емес бірнеше кандидаттық жұмыс жазуға болатын-ды. Соның ішінен ол «Қазақстан жағдайында кен орындарын іздестіру және барлаудың ерекшеліктері» деген тақырыпты алып, он бір жыл өз қолынан өткен геологиялық барлаудың ерекшеліктерін талдап, кен байлықтарын даралап, оларға байланысты өзі тапқан жаңалықтарын дәлелдемек болды. Жалпылама, жорта айтқанда тақырыбы осылай болғанмен, негізгі зерттегені космонавтика ғылымы мен қорғаныс өнеркәсібіне аса қажетті асбест кенін табу мен өндіру, өңдеу жолдары болды. Бұл ғылыми еңбегін ғылыми кеңесте қорғап, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты атағын алды. Аталмыш жұмыс ғалымдар мен өндіріс мамандарының ортасында жоғары бағаланды. Бағаланып қанай қоймай оның өндіріске енгізілуін талап етті. Негізі, Есеновтің есте қаларлық бір ісі—ғылым мен өндірісітің байланысына барынша көңіл бөлу болатын. Осыған орай: «Өндіріс салаларында жұмыс істеген кездерінде Ш.Есенов өзі жеке, кейде авторлармен бірлесе көптеген ғылыми еңбектер жазды, көбіне ондай жұмыстар өзінің теориялық жаңалығымен, көтерген тың мәселелерімен көпшлікті қызықтыратын, өндірісте қолдау табатын. Онымен бірге ол Қазақстанда геологтар мектебінің қалыптасқан дәстүрін жалғастырды. Ғылым мен өндірісітің шын мәнінде тығыз байланысын тұрақтандыруға күш-жігерін жұмсады, өндірісітің белгілі, тәжрибесі мол мамандарын ғылым мәселелерін шешуге әрдайым қатыстырып отырды» деп жазды Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясы шығарған «Ш.Е.Еснов» атты анықтама кітапшада.

***


Шахмардан өмірінің көп сәттеріне, әсіресе, студен кездеріне куәгер болған, геология-минералогия ғылымының кандидаты, қазір Жаңа Зеландияда тұратын Игорь Толмачев өткен жылы оның от басына былайша хат жолдапты:

«--Шахмардан Есенұлына Маңғыстау кен орындарын бірінші ашқан тұлға атағының берілуі маған күшті әсер етті. Министр кезінде Ш. Есенов қаржыны Өзен ауданындағы бұрын белгісіз, тың алаңдарды барлауға, терең горизонттарды (Ембі ауданының мұнай кен орындары мезозой шөгінділерінде жатқаны белгілі) бағыттады. Бұл жұмыстарды жеке бақылауында ұстап Маңғыстаудың жаңа ауданд арының горизонттарының мұнай қоры болжамы бойынша зор жетістіктерге жетті. Бұл атаққа лайық кендігін ол ісімен дәлелдеген-ді, бірақ үкімет басындағы қаскүнем әрекеттер оны қуғынға түсірген еді.

Оның жазықсыз қудаланғандығын, себепсіз жазаланғандығына мен сенімдімін. Биліктің шыңынан ол Балқаш қаласындағы экспедиция бастығына дейін төмендетілді, кейінірек Политехтің геология кафедрасына шақырылды. Ол менің есімде тек жағымды жақтарымен ғана қалды. Мен оны студент кезімнен білуші едім, кейде әңгімелесіп те қалатынбыз. Дене бітімімен ерекшеленуші еді – биік, мығым жігіт болатын. Кейініре кандидаттық диссертацияның алдын-ала қорғауында кездестік. Ол Жезқазған экспедициясының бас инженері болып тұрған кезінде КСРО-ның алғашқы космоновтары үшін көгілдір асбест кені барлаған еді. Жұмыс өте құпия (с.в. секреты) жүргізілді. Асбест бірден байытылып КСРО қорғаныс министрлігіне жөнелтілетін.

Біз (И.и. Бок, Борикаев Р.А., С. Долгих, В. Сагупов, Табылдиев) Есеновтың диссертация қорғауын тыңдаған едік. Ш. Есеновтың мәліметтері өте қызғылықты және жаңашыл еді, ол толқи сөйледі, кейде шатасып та қалды, мұның өзі оның қарапайымдылығын көрсетсе керек (Бұл кезде ол Геология министрі болатын). Нәтижесінде жұмыс қорғауға ұсынылды, ал негізгі қорғау кезінде ол сенімді, батыл сөйледі, диссертацияның мән-мазмұнын тереңнен ашып баяндады. Табиғатта сирек кездесетін минералды шикізат-көгілдір асбесті іздестіру мен барлық әдістемесін жан-жақты сараптап, диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   123




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет