Халаел Беспаев,
минералдық ресурстар Халықаралық
Академиясының академигі:
-- 19?? Жылы Шахаң докторлық диссертация қорғау үшін Мәскеуге баратын болып маған да бірге жүр деген ұсыныс жасады. Оның бұл өтінішін өте үлкен құрметпен қарсы алып, бірге баруға келісім бердім. Өйткені Шахаңдай ел маңдайына біткен шахаңдай асыл тұлғалардың қасына еріп, әңгімесін есітіп, оның дос-жарандарымен танысу мен үшін үлкен мәртебе еді. Оның үстіне мен академияда Шахаңның қол астында қызметтес болып, онымен жақсы түсініскен және құрметтеп сыйлайтын жандардың бірі болғанымды осы күні есіме аламын. Докторлық диссерттация қорғалатын күн алдын-ала белгілі болатын, сондықтан ба, әйтеуір, ғылыми кеңес жұмысын бастайтын залға көптеген елімізге, шет елдеге танымал ғалымдар, өндіріс басшылары, геологиялық мекемелердің қызметкерлері келді, көбі москвалықтар, бірақ, кейіннен белгілі болды, кейбір сол кездегі Одақтас және автономиялық республикалардан келген, Шахаңды сыйлайтын, оны пір тұтатын адамдар екен. Әйтеуір зал толық болды. Шахаң докторлық диссертациясының қысқаша мазмұнын берілген уақыт шеңберінде өзіне тән байсалдылықпен, қоңыржай даусымен асықпай баяндап шықты. Жан-жақтан төгіле жауған сұрақтарға да, оппонентерінің кейбір ескертпелеріне де салиқалы, деректі материялдарды негізге алып тұжырымды жауаптарын берді. Осыдан кейін диссертация көтерген проблемалар бойынша және оның практикалық маңызы, диссертанттың геологиялық теорияларды дамытуға қосқан үлесі жайында сөйлеген ғалымдар мен өндіріс мамандары көп болды. Мен олардың барлық сөйлеген өздері мен берген бағаларын стенографиялық нұсқадағыдай қайталамай, тек елімізге белгілі бір адамның сөзін қысқаша келтіруді жөн көрдім.
Көп жылдар бойы КСРО Геология және жер қойнауын қорғау министрі болып қызмет істеген, еліміздің аса ірі геолог-барлаушысы Қаныш ағаның қимас досы, қазақ елінің жанашыры П.Я.Антропов бірінші болып сөз алып, Шахаңның диссертациялық ғылыми жұмысының ғылыми және практикалық мәніне аса зор баға бере келіп:--Шахмардан Есенұлы—елімізде, әсіресе, Қазақстанда минералды шикізат базасын жасауда талантты ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен көрнекті геолог, ол өз ұстазы Қаныш Имантайұлының идеяларын барынша қуаттап, оны өрістетуге барынша ықпал жасаған ізбасары. Жер қойнауындағы байлықтарды комплексті, әрі жоспарлы түрде зерттеуді қуаттаушы шәкірттерінің бірі. Бүгінгі қорғалған докторлық диссертацияда сөз болған мәселелер соның айғағы. Шахмардан Есенұлы геологтар арасында бұрыннан асқан ұйымдастырушылық талантымен белгілі болса, енді, міне, оның аса үлкен білімділігі де көзге түсіп отыр. Әсіресе, оның ғылымға терең бойлайтындығы көрінді. Ол—ғылыми-зерттеу жұмыстарының теориялық тереңдігі мен практикалық тиімділігіне айрықша мән беріп, халық шаруашылығына тікелей жол табуын нысанаға алған ғылыми жұмыс. Геология ғылым саласы тек осындай жұмыстармен ғана байи түседі, ал Есеновтің докторлық жұмысы ғылымға қосылған үлкен жаңалық, ал, оның өзі докторлық ғылми атаққа лайық адам,--деп, сөзін аяқтағанда залдағылар ду қол шапалақтады, оған қошемет көрсетті. Мұндай аса білгір адамның Шахмардан Есенұлына берген бағасын, біздер, негізінен ұлы Қаныш аға салған бүкіл Қазақстан геология ғылымының дамуы мен қол жеткен табыстарына берген бағасы деп біліп, үлкен қуанышпен көңіліміз марқайып елге жол тарттық...
Ал, менің Шахмардан Есеновпен алғаш танысуым алпысыншы жылдардың басында боған еді. Ол кезде мен Шығыс Қазақстан өңірінде Қазақ ССР Ғылым Академиясының Алтай бөлімшесінде қызметтемін. Ғылым шаңырағы астында қызмет істейтіндердің көпшілігі тездетіп кандидаттық диссертация қорғауды армандайтын. Үлкен ағалардың, әсіресе, Ж.Айталиев, А.Каюпов, тағы басқалардың кеңестерін тыңдап мен де сол диссертацияның тақырыбына кірісіп, оның кейбір мәселелерін шешу үшін астанаға келдім. Мұнда институтта бірге оқыған жақын жолдастармының кейбіреулері сол кезде жаңадын құрылған Қазақстан Геология және кен қорғау министрлігіне орналасқан еді. Жолдастарыммен бірге министрлік орналасқан үш қабатты үйге кірдім. Сол үйдің екінші қабатында әңгімелесіп тұрған бізге қаоай баспалдақпен көтеріліп келе жатқан ірі, толық денелі, келбетті, аққұба, толқынды қара шашты, жас шамасы отыздың ішіне кірген қазақ жігіті бұрылды. Бұрын көрмеген, танымайтын бізбен амандасқаннан кейін есігі ашық маңдайшасында "қабылдау бөлмесі" деген жазушасы бар бөлмеге кіріп кетті. Жанымдағы жігіттер: «Бұл біздің ең жас министріміз Шахмардан Есенов» деді.
Шахаң қазақтың кен-металлургия институтын бітіргеннен кейін жолдамамен Жезқазған экспедициясына қызметке келеді. Оған себеп болған академик Қаныш Сәтбаев. Қаныш аға Тау-кен институтында Орталық Қазақстанның, әсіресе, Жезқазған, Ұлытау өңіріндегі кен орындары, олардың бол, көмір кен орындарын халық шаруашылығына пайдаланудың ошағы және сол өңірдегі түсті, қара металдар, көмір кен орындарын халық шаруашылығына пайдаланудың бүгінгі міндеттері жайында тамаша тартымды лекциялар оқып, сол жылғы геолог, тау-кен, металлургия мамандықтары бойынша бітіретін студенттерге, басқа да қатысушыларға (ондай лекцияларға институттың профессор мен оқытушылары да қатысатын) үлкен әсер қалдырған еді.
Қаныш ағаның 1935 жылы Мәскеуде жарық көрген Үлкен Жезқазған жайлы кітабы, кенді Алтай өндірісі жайында Мәскеуде атақты ғалымдар алдында жасаған баяндамасы және ол жайында дүние жүзіне белгілі оқымыстылардың пікрлерін оқыған-ды. Осының барлығы жас маманға әсер етпей қалған жоқ. Қаныш ағаның білімі, туған жеріне деген сүйіспеншілігі Шахаңның сезімтал жүрегіне әсер етіп, арманына арман, қиялына қиял қосты. Атбасар-Жезқазған өңіріне алғаш жұмысқа барғанда Қаныш аға небәрі 27 жаста екен, Шахаң да өз қызметін учаске ге, ологі міндетінен бастап, Жезқазған экспедициясының бас геологі, бас инженері қызметіне дейін көтерілгенде 27 жастың о жақ, бұл жағында еді. Жастығына қарамастан Шахаң Жезқазған геологиялық экспедициясының сол кездегі басшы мамандары Қаныш ағаның шәкірттері В.И.Штифанов С.Ш.Сейфуллин, Н.Б.Голоднова... республикамызға есімдері белгілі азаматтармен бірлесіп жұмыс істеп, Жезқазған кен орнының байлығын еселеп ұлғайтуға өз үлесін қосты.
Алпысыншы жылдардың басында Шахаң сол кезде ұйымдастырылған Геология министрлігіне министрдің орынбасары болып қызметке ауысты да көп кешікпей ол республикамыздың министрі болды. Жас инженерді, әрі Жезғазған сияқты қиырда жатқан елді мекенде орналасқан геология экспедициясының бас инженері мұндай биік, лауазымды қызметке шақыруының өзіндік сыры болатын. Шахаң барлық геологиялық зерттеу, барлау жұмыстарынан сол кездің өзінде, жастығына қарамай мол тәжрибе жинақтаған үлкен ұйымдастырушы басшы-жетекшісі есебінде танылды. Ол да Қаныш аға сияқты Ұлытау өңірімен біте қайнасып, сол өңірдің жер қойнауы қазыналарын жан-жақты тексеру, табиғи ресурстарды комплексті игеру жолында шын мәнәнде шыңдалған азамат еді. Осы кезде елімізде өндірістің интенсивті дамуы республика геологтары алдында да аса зор міндеттер қойған -ды. Әсіресе, ұлан-байтақ жері бар Қазақстанның минералдық байлықтарын зерттеу ісі ерекше жауапкершілікпен күн тәртібіне қойылды. Міне, осындай күрделі істі игеру, оның жан-жақты дамуын, өркендеуін қамтамасыз ету тек Шахаң сияқты аса ірі өндіріс ұйымдастырушысының қолынан келетінін үкімет басшылары да жақсы түсінді.
Алматыға қызметке ауысқаннан кейін де Шахаң өзіне тым ыстық Жезқазғаннан бірде-бір қол үзіп көрген жоқ. Ұлытау өңірінде жүргізілген барлық геологиялық-барлау жұ мыстарына жан-жақты қамқорлық жасап, ақыл-кеңесін беріп отырды. Кейбір ғылыми және геологиялық барлау жұмыстарына тікелей араласты. Жезқазғанға жиі барып та тұрды.
1964 жылы үлкен Жезқазған кен орындарындағы металдар қорын жаңадан бекітілген жаңа кондициялық деңгеймен қайта есептеу жұмысы басталды. Өте күрделі, комплексті жұмысты дер кезінде орындап шығу үшін Қазақстан Ғылым Академиясы геологиялық ғылымдар институтының белгілі ғалымдары мен өндіріс мамандары тартылып, арнайы топ құрылды. Оған тікелей басшылықты Шахаңның өзі қолына алды. Бұл күрделі жұмысты абыроймен аяқтап шыққаннан кейін Жезқазғанның жаңа кондициясымен есептеген қоры(мыс, қорғасын, мырыш) бұрынғы айқындалған межемен салыстырғанда бірнеше есе өсті.Негізгі металдармен қатар Жезқазған рудасының құрамында кездесетін көптеген бағалы, бірақ, шашыранды түрде кездесетін элементтердің де қалыптасу заңдылықтары айқындалып, рений,осмий,кадмий, күміс сияқты сирек таралған өндіріске тым қажетті элементтердің қоры анықталды. Ұлытау өңірінде Шахаң басқа да кен орындарының геологиялық тексеру жұмыстарына қатысып, геологиялық барлау жұмыстарының бағыт-бағдарларын анықтап беріп отырды. Осындай жан-жақты жүргізілген геологиялық жұмыстар нәтижесін қортындылап, Қумола көгілдір кендіртас қалыптасу ерекшеліктері және оны барлау мәселелері бойынша кандидаттық диссертация қорғады, ал, Жезқазғанда жаңа кондиция негізінде жүргізілген есептеулер мен барлау жұмыстарының негізінде 1968 жылы «Жезқазған кен орнының құрылымдық ерекшеліктері және оны барлау» деген тақырыпта Мәскеуде докторлық диссертация қорғап, геология, минралогия ғылымдарының докторы деген ғылыми атаққа ие болды.
Шахаңмен жақсы танысып, қызмет бабаымен жиі араласуымның екінші кезеңі 1967 жылдан басталды. 1967 жылы қырыққа жетпеген кезі Қазақ ССР министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде жүрген Шахаң Қазақ Ғылым Академиясының президенті болып сайланды. Онымен қоса Қ.И.Сатбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының директоры қызметін бірге атқаратын болды. Біздер үшін бұл үлкен жаңалық еді, өйткені Қазақ Ғылым Академиясының өзі де көп салалы институттар мен бөлімдерден тұратын және олардың бағдар-бағыттары да, шешетін проблемалары да сан алуан еді. Басқалар жүйесінің қиындығын біз сезген едік, оның үстіне, жасыратын несі бар, кезінде Қаныш аға сияқты тұлғасы биік, қазақтың біртуар ғалым азаматының өзін де етегінен тартып, тұңғиыққа итермелеген, кері сөйлеп, қия тартатын адамдардың болғаны белгілі еді. Шамалары келсе аяқтан шалатын, қарсы тұратын болды, олар Шахаңның ғылым саласындағы тәжрибесінің жоқтығын, жастығын, ғылыми көпшілкке әлі де беймәлімдігін алға тартты. Біз оны президент сайлауының өзінен де көрдік.
Ол кезде мен Ғылым академиясының Бас ғылыми хатшысының орынбасары болып істейтінмін. Өндірісте және республикамыздың басшы лауазымды қызметтерінде жүріп әбден ысылған, тәжрибесі мол Шахаң үшін академия жұмысын басқару онша қиын сияқты емес еді. Бұған дейін ол негізінен Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің бөлімшелері мен салаларын, республикамыздың геологиялық мекемелерінің барлық қызметін негізінен практикалық мәселелерді шешуге бағыттаса, енді, міне, Ғылым академиясының көптеген институттары мен бөлімдері жаңа ғылыми тың тақырыпта, ғылымның әр түрлі тармақтары бойынша жұмыстар жүргізіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарынан барынша мол практикалық пайда алу үшін күш-жігерлерін біріктіріп, көптеген ғылыми тақырыпты бір-бірімен үйлестіре жүргізіу қызметін басшылыққа алып қызметке кірісті. Ғылыми институттар мен бөлімдер басшыларының да жаңа әрдайым тың көзқараста болуын талап етті. Шахаңның ондағы мақсаты—ғылым мен практиканы тығыз байланыстыру, ғылымның соңғы жетістіктерін өндіріске енгізу, сөйтіп, біз басқарған ғылым орталығының бұрынғыдан да нығаюына барынша күш салу. Ғылыми зерттеулер әрқашанда комплексті түрде жүргізіліп, ғылымның практикалық маңызын басты бағыттар етіп ұстады. Әрине, Шахаңның Ғылым академиясы президенті кезінде жұмысы еш кедергісіз, кейбір ғалымдар тарапынан түсіністікпен жүрді деуіміз шындықты бүркегендік болар еді...
Шахаң жүргізетін мәжіліске президиум қызметкерлері, ғылыми институттардың басшылары қатынасатын. Кейбір түрлі мәселелерді шешуге өндіріс мамандары да кеңінен қатыстырылатын. Ондағы мақсат, біріншіден, ғылым мен практиканы бір-бірімен тығыз байланыстыру болса, екіншіден, өндіріс мамандарының бай тәжірибесін ғылыми тұрғыдан сол мәжілістің үстінде қорытындылап, өз әріптестеріне жеткізу болатын. Осындай мәжілістерде көтерілген мәселелерді, болмаса жекелеген ғалымдардың қойған проблемары мен сұрақтарын шешуде де Шахаң әрқашанда сөз бұйдаға салмай іскерлік көрсететін, күн тәртібі бойынша көтерілген проблемалардың бүгінгі жайын, маңызын жақсы түсінетін және оларды таяу арада іске асырудың алдағы міндеттерін белгілейтін.
Президиум мәжілісін өзі қортындылап, тындырылған істердің нәтижесін, халық шаруашылығы салалрын өркендетуге қажетті ролін бағалайтын.Ғылым академиясының басшысы болып қызмет істеген жылдары Шахаңның бар мақсаты – өзі басқарып ротырған ғылым ордасының, оның бөлімдері мен институттары, кезінде Қаныш аға негізінен құрып, басты бағытын айқындаған ғылым салалары өз деңгейінен, көтерілген биігінен төмендемей нығая берсе деген тілегі болатын. Бұл бағытта ол біршама, ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар да істеді, ұйымдастырушылық талантын танытты. Ғылым академиясы және оның бөлімдері Шахаңның басшылығымен жылдан-жылға қанат жайып , нығая түсті. Жаңа буын білікті кадрлар дайындалып, сан жағынан да сапа жағынан да өсті. Шахаң республикамызда, КСРО-да талантты ұйымдастырушы, көрнекті ғалым, жаңалықтың жаршысы, ұйтқыс ғана болып қойған жоқ, жұртшылық арасында да үлкен беделге ие болған, қадірменді қоғам қайраткері болып та біздің есімізде қалды.
Шаханың басшылығымен жүргізілген Ғылым академиясы институттарының ғылыми жұмыстары өндіріс пен сол кездегі жоспарлау мекемелері арасында шығармашылық ынтымақта болып, академияның басты бағыттары жедел дами бастады, өндірістің көптеген проблемаларын қамтыған жұмыстардың нәтижесі республика шеңберінде ғана емес, Одақ көлеміне де белгілі болды.
Академияның сан қилы шаруашылық, ұйымдастырушылық, ғылыми жұмыстары Шахаңның өз басының шығармашылық ғылыми жұмыстарының дамуына еш кедергі жасай қойған жоқ, ол әрдайым ізденіс үстінде болды, уақыт тауып өзі ғылыми жұмыстарын жүргізген, болмаса геологиялық-барлау жұмыстарына басшылық жасаған кен орындары мен аса ірі руда аймақтардың геологиялық даму ерекшеліктерін, қалыптасу заңдылықтарын ой елегінен өткізіп, қорытындылар жасап, оларды баспа беттерінде жариялап, ғылыми көпшілкке, әсіресе, практикалық маңызына мұқият қарайтын өндіріс мамандарына жеткізіп отырды.
Алпысыншы жылдары елімізде мұнай мен газ проблемасы, әсіресе, Қазақстанның Батыс өңірінде мұнай мен газ кендерін іздестіру және оларды өндіру мәселелері Қазақстан геологтары мен геофизиктеі алдында қойылғанда Шахаң аса үлкен іскерлік көрсетіп, Маңғыстауда мұнай кен орындарын іздестіру жұмыстарына тікелей басшылық жасады. Геологиялық іздестіру, барлау жұмыстары табиғаттың ол өңірдегі тым қаталдығына қарамастан сусыз, шөл далаға ондаған эспедициялар жіберіп түбектегі мұнай мен газдың жаңа көздерін ашты. Елсіз шөл далада ондаған мұнай өндірістерінің орталықтары пайда болды. Маңғыстау өңірі сусыз аймақтардың қатарына жатады. Шахаң елді тұщы сумен қамтамасыз ету проблемасын шешуге де ықпал жасады, сөйтіп, Маңғыстауды игеру проблемасы комплексті түрде шешіле бастады. Міне, осындай аса үлкен іскерлік көрсеткендігі және ол жұмыстың практикалық маңызын мемлекет басшылары айрықша бағалап, Маңғыстау барлаушыларының Шахаң бастаған бір тобына Лениндік сыйлық берді.Ғылымның, өндірістің өзекті мәселелерін шешуде әрдайым ұйымдастырушылық талантымен де, терең теориялық білімімен де көпшілік көңлінен шығып, көзге түсе бастаған Шахаң , көп кешікпей қайтадан республикамыздың Геология министрі болып бұрынғы қызметіне қайта барды...
Шахмардан Есенұлымен тағы бір спарлас болуымның сәті 1974 жылы түсті. Ол кезде Қазақ Ғылым академиясының Қ.И.Сәтбаев атындағы Геоогиялық ғылымдар институтының белгілі ғалымдары өндіріс мамандары бірлесіп ірі масштабты металлогениялық ғылым зерттеу жұмыстарын бүкіл Қазақстан территориясы бойынша жүргізуді қолға алған еді. Шахаң сол жұмыстардың ғылыми жетекшілерінің бірі болатын, оның басшылығымен және тікелей қатысуымен жүргізілген металлогениялық жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан территориясының металлогениялық карталары жасалып, көптеген металды кен орындарының қалыртасу заңдылықтары ашылды, кейбір сирек кездесетін, бірақ, өндіріс салаларына тым қажет элементтердің таралу ерекшеліктері айқындалып, солардың негізінде кен орындарын іздестірудің прогрессивті әдістері дүниеге келді. Міне, осындай күрделі жан-жақты жүргізілген металлогениялық жұмыстардың негізгі әдістемелерін және одан алынған басты қортындылар нәтижелерін практикаға енгізу проблемаларын Шахаң көптеген сессиялар мен симпозиумдарда басты мәселелердің бірі есебінде қойып жүрді.
Ең бастысы, Қазақстанда металлогенияның дамуына орай кен орындарын іздестірудің ғылыми жолдарын шешудің әдіс-тәсілін тапты. Демек, Шахаңның басшылығымен 60-шы жылдардың аяғы мен 70-ші жылдардың басында жүргізілген Қазастанның аймақтық зерттеу жұмыстары практикалық-шығармашылық ынтымақта дамығаны белгілі. Кезінде ғұлама ғалым қаныш ағаның қолдауымен дүниеге келген, кейіннен оның шәкірттері жалғастырған комплексті металлогениялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі ІІ томдық монография болып жарық көрді, оның геологиялық ғылымға қосқан және практикалық құндылығын бағалай келіп, академик В.И.Смирнов: «Дүнижүзілік практикада бұрын-соңды болмаған энциклопедиялық басылым»,--деп, бағалаған болатын. Аса көрнекті металлогенист ғалымның бұл бағасы сол комплексті жұмыстың негізгі ұйтқысы болған және оны әрі қарай дамытқан Шахаңның жеке басына да берген бағасы деп түсінеміз».
***
Шахмардан Есенов өз өмірінде 200 ден астам еңбек жазып, ғылымға сүбелі үлес қосты. Олардың арасында 16 монография, 150-дей мазмұны терең зерттеу мақалалары бар. Ең маңызды еңбек- әріптестерімен бірлесіп зерттеген, көпшілікке, қарапайым оқырманға өте түсінікті тілмен жазылған «Қазақстан жер қойнауы» атты монография еді. Онда олар Қазақстан жер қойнауының байлығын жан –жақты қарастырып, қай қабатта, қалай жатқанын, «кімдермен» бірге, басқа қандай элементтермен қосарланып тұрғанын, не керек жеті қат жер астындағы байлықты көріп тұрғандай дәл баяндайды. Айта кету керек, бұл монография тау-кен факультеті студенттерінің және профессор-оқытушыларының әлі күнге дейін басты кітабы, оқулығы болып келеді.
Аталмыш кітапты жазуда олар геология саласының аса білгірі, академик Қаныш Сәтбаев, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі И.И.Бок, корреспондент-мүшесі Г.С.Медоев және геология ғылымдарының докторы Г.Н.Никифоров, И.П.Новохатский, геология ғылымдарының кандидаты Д.Н.Казанли еңбектеріне арқа сүйеді.Тұңғыш Сәтбаев түзген Қазақстанның металлогениялық картасы дүниежүзілік геология ғылымында жоғары бағаланған болатын, әсіресе, олар сол еңбекті басшылыққа алды.
Өмір бойы Қаныш Сәтбаев геология саласындағы бытыраңқылықты қайта-қайта сынға алып, тиісті орындарға мәселе етіп талай қойған. Геологиялық барлау жұмысымен еліміздің бірқатар ведомстволары: қара және түсті металлургия, мұнай және көмір өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары... министрліктері айналысады. Олардың біреуі көмір, екіншісі мұнай, үшіншісі темір іздейді, осылардың басын бір министрлікке қосып, барлау жұмысын комплексті жүргізіп, жер қойнауын кешенді зерттеуді ұсынды. Ғұлама ғалымның мұндай ұсынысы аяқсыз қалмады. Жалғастырған, мәселе етіп көтеріп, іс жүзіне айналдырған өз шәкірті Есенов Шахмардан болды десе артық айтқандық емес.
Жер қойнауының кен байлықтарына байланысты ойларын ол көптеген республикалық және шет елдерде өткен симпозиумдар мен конференцияларда, конгрестерде ашық айтып, жаңашылдығымен, жанашырлығымен ерекшеленіп жүрді. Тіптен ол республика өндіріс орындарында кетіп жатқан кемшілктерді жасырмай, үлкен мінберлерден айтып, батыл сынға алудан, өзіме жау жинаймын-ау дегеннен қорықпады. Өйткені оның мақсаты ел ырысын төгіп-шашпай, ысырап жасамай іске асыру болатын. «Судың да сұрауы бар» дегендейін, «көп» дегенмен де жер қойнауындағы байлық шетсіз-шексіз емес, оның да таусылар кезі болады, сондықтан үнемдеп, үдәбарасына шығайық дегенді талмай айтудан танбады. Ғалым, азамат Шахмардан Есенов:
«...дала қойны—тұнған байлық. Біз бұл байлықтарды көздің қарашығындай сақтап, табиғаттың асқан жомарттықпен беріп отырған әрбір грамм көмірі мен мұнайын, мырышы мен қалайысын, қорғасыны мен мысын, титаны мен сурьмасын және басқа да толып жатқан алтындай асыл, күмістей әсем өнімін еліміздің халық шаруашылығына орнымен пайдалана білуіміз керек.
...Соған қарамастан «Карагандауголь» комбинаты мен «Казахстаннефть» бірлестігінің кәсіпорындарында елеулі-елеулі ысырапқа жол беріліп жүргенін атап айтпауға болмайды. Қара және түсті металлургия кәсіпорындарында да осындай рәсуәлік кездесіп жүр.
Сондықтан, қазба байлығын байыту мен өндірістік қайта өңдеу системасында ең жетілдірілген техника түрлерін қолдануымыз керек. Атап айтқанда біздің кәсіпорындарымызда Қазақстан Ғылым Академиясы ғалымдары тапқан руданы циклондық балқыту әдісі әлі кеңінен қолданылмай келеді.
Ең алдымен шахталардағы, рудниктердегі, цехтардағы, алып заводтар мен фабрикалардағы инженер-техник қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру керек. Бұлар қазба байлығын жер астынан алуда тәжірибеде өзін-өзі ақтаған озат әдістерді кеңінен қолдануға, прогрестік жүйелерді мұнан былай да жетілдіре беруге баса назар аударуға тиіс» деген сөзінен туған табиғатқа, жер асты байлығының ысырап болмауына деген жанашырлығын, тіптен жан айқайын естиміз. Мұны Шахамардан тек жоғарғы трибунадан ғана айтып емес, іске асыру үшін де Мәскеудегі тиісті орындарға барып ауызша да айтып, арнайы хат та жазып, талай-талай шешілуін сұраған. Ақырында, Жезқазған кен байыту комбинатында металлдарды бір-бірінен ажырату жолға қойыла бастады. Бұл өмір бойы академик Қаныш Сәтбаевтың да айта-айта жағы талған, іс жүзіне асырта алмай келе жатқан күрделі поблемасы болған-ды.
Ол, Шахмардан Есенов- геология ғылымын дамытуда геологиялық барлау, іздестіру жұмыстарын кешенді түрде жүргізу, әсіресе, геологиялық, физикалық және геохимиялық әдістерді кеңінен қолдануды ұсынып, іс жүзіне асырды.
Ол - Қазақстанда Бүкілодақтық Барлау –герфизика институты бөлімшесін ұйымдастырды.
Ол- Геология саласына кибернетиканы енгізу арқылы алғаш есептеу орталығын ашты.
Ол Осы кезеңде Қазақстан геологтарының жаңашылдығы, іскерлігі Одақ бойынша жоғары бағаланып, оның ішінде Ш.Есеновтің есімі құрметпен аталды. Оның аса ірі ғалым және білікті ұйымдастырушы екені мойындалды. Алайда, оны мойындаған тек өзінің геологтары, өз ортасы ғана ма екен?!
Заң ғылымының кандидаты Х.Ш.Әлжанов естелігін оқығанда Есеновтің дарыны мен азаматтығын бағалайтын, құрмет тұтатындардың шексіз екеніне көз жеткізесіз. Шахмардандағы білім шалқарлығы, ой логикасының тереңдігі, нар тұлғасы бір көрген адмның жадында жатталып қалатынын заңгер Х.Ш.Әлжанов әдемі, әділ жеткізеді. Мұндай естеліктерді толық беріп, әңгімелеуіміздің қисынын айтар болсақ, оның көзін көрген, іс-әрекеттеріне куә болған адамдар сөзі бүгін арамызда жоқ Шахмарданның бейнесін көз алдымызға әкеліп, оның азаматтығын, ғалымдығын, қайраткерлігін, қысқасы, толық болмысын ашып көрсетуге қызмет етеді.
***
Достарыңызбен бөлісу: |