«--Шахмардан Есенұлы туралы әңгімемді менің сүйікті ақыным Рабиндранат Тагордың сөздерімен бастағым келіп отыр: «Досым менің, сенің үнің менің жүрегіме сезімтал шыршалар қоршаған теңіздің баяу шуылындай боп естіледі».
Қазақ зиялыларының жарқын өкілі, патриот, мемлекеттік қайраткер, ғалым, қазақ халқының нағыз ұлы какдемик Ш.Е.Есеновпен танысқан уақытымды өмірімнің бақытты сәттерінің біріне балаймын.
Шахмардан Есенұлының жарқын өмірі өзім және отбасым үшін, көптеген достарым үшін, эталон – негізгі үлгі болатын, онымен араласудың өзі тоқырауға ұшыраған бет-бейнесі жоқ қоғамда жарқ еткен сәуледей әсер беруші еді. Қайда жүрсем де осы бір өмірге құштар, байсалды да мейірімді, кесек денелі адам туралы айтқым келе береді.
Көптеген отандастарымыз оның істерін мақтан етеді және бюрокартиялық жүйенің оған тұсау салып, оның ғажайып мүмкіндіктерін Қазақстанның игілігіне жаратуына кедергі болғанына қынжылады. Қазіргі экономикамыз шатқаяқтап тұрғанда, ал геологтар барлаған байлығымызды шетелдік бизнесмендер мен жергілікті бюрокарттар талан-таражға салып жатқанда оның дарыны мен білімі қаншалықты қажет болып тұр десеңізші.
Ол бізге Қазақстанның байлығы – мұнай, газ, түсті металдар туралы айтқанда, республиканың болашағы туралы толғағанда көзі жайнап, рухтанып кетер еді...
Біздің алғашқы кездесуіміз 1963 жылдың күзінде алыс Сиам елінде, Бангкок қаласында болған еді, мен ол кезде Таиланд Корольдігіндегі КСРО елшілігінің Бас консулы қызметінде едім. Сиам жеріндегі екі қазақтың ұшырасуы жүрек елжіретті, ол кезде ұлттық республикалар өкілдерінің шетелдік қызметте болуы өте сирек кездесетін.
Ыстық тропикалық күн еді. Түскі астан кейін менің кабинетіме КСРО елшілігінің екінші хатшысы Олег Басторин (қазір сол елде төтенше және өкілетті елші қызметін атқарады) жүгіріп кіріп, аэропортта Б.Ұ.Ұ. бағыты бойынша өңірлік жиналысқа келген делегаттарды қарсы алғанын, солардың ішінде Алматылықтар бар екендігін қуана хабарлады.
О.Басторин менен жерлес қазаққа қызмет көрсетіп, қамқорлыққа алуымды ұсынды. Мен де қуана келісіп елшіліктің ауласына шыға келсем тропикалық ананас пен банан ағаштарының арасында алыстан қарағанда бейнесі академик Қ.И.Сәтбаевқа ұқсайтын ұзын бойлы, сымбатты қазақ тұр екен. Мен тез басып жақындадым да қазақы дәстүрмен шын жүректен сәлем беріп, қазақ тілінде сөйлейсіз бе? деп сұрадым. Ол «иә» деген соң біз ана тілімізде жеделдете желдіртіп сөйлесіп кеттік.
Алыстағы Сиам елінде қазақша сөйлесу маған әсем музыканың әсерінен кем болған жоқ. Менің алғашқы сұрақтарым Қазақстанның жаңалықтары, қазақстандықтардың өмірі туралы болды. Есімде, ол жылдары Алматының дүкендерінде ақ нан жоқ, ұн алуға да шектеулер қойылған т.с.с. еститін едік. Сондықтан сұрақтар көп болды.
Бірінші минуттан-ақ Шахмардан Есенұлы өзінің сымбатты сыртқы пішінімен, батырға тән бойымен, әдемі жымиысымен, Қазақстан туралы көшелі әңгімесімен тыңдаушыларды өзіне еріксіз қаратып алды. Ол өзіндік машықпен – асықпай, жайлап сөйлейді екен. Мені өзінің аудармашысымен таныстырды. Не дегенмен біздің қонақтардың ыстыққа шыдай алмай тұрғаны сезіліп түрды, сондықтан мен оларды тікелей қонақүйге қарай бастадым. Әдетте, елшіліктің қызметкерлері бензин үнемдеу мақсатында шағын машиналармен жүреді. Қонақтың дене бітімі менің көлігіме шақ келе қоймасын байқап елшіліктің «шевроле» машинасын алдым. Машинаға отырғызып, қонақүйге тарттым. Шахмардан Есенұлы мен аудармашыны «Тай-Отелге» жайғастырдым. Бұл қонақ үйі ерекше комфортты болатын, бірнеше деңгейлі бассейндер, теннис корты, дәмді тағамы дегендей. Тұрған жері де тыныш, жасыл-желекке малынған. Қонақүйдің қымбатшылығы мені алаңданады, өйткені БҰҰ өзінің делегаттары үшін ақшаны аямайтынын білуші едім.
Шахмардан Есенұлы мен аудармашыны екі номерге орналастырып болған соң кешкі асқа бардық, олар мені Қазақстаннан ала келген деликатестерімен сыйлады. Шахмардан Есенұлы бірден түзетіп Азия және Қиыр Шығыс елдері үшін экономикалық комиссия (АҚЭК) –БҰҰ филиалы сессиясының күн тәртібімен танысып алды.
Келесі күннен Шахмардан Есенұлы БҰҰ сессиясының жұмысын дендей кірісіп кетті. Менімен бірге Шахмардан Есенұлына көмекші және кеңесші қызметіне О.Босторин де жұмылды. Олег Босторин – тамаша дипломат, түйсігі мықты, МИМО-ның бітірушісі, ағылшын және Тай тілдерін меңгерген маман еді, Тайландтағы қызметіне бірнеше жыл болған. Тайландтан кейін О.Бостарин қызметін Сингапурде біздің Қасымжомарт Тоқаевпен бірге жалғастырды. Қазір Олег Босторин Тайландтағы Ресейдің төтенше өкілетті елшісі. Біздің отбасы онымен жақсы қарым-қатынастамыз, ол да біздің халімізді сұрап, Шахмардан Есенұлына сәлемін жеткізуді бізге жүктеп тұрады. Біздің министр-геолог О.Босторинге өте ұнады, қысқа кезең ішінде-ақ екеуі достасып кетті.
Тайландтағы Кеңес елінің дипломаттары сымбатты да, мейірімді қазақстандық министрді жиі еске алып отырады. Мынадай оқиға болды: елге қайтар алдында Шахмардан Есенұлында әлі де біраз сувени рлер қалған екен. Тайланд жағдайында бұл «сувинерлеріңіз» қомақты олжа – қара уылдырық, «столичный» арағының бірнеше шөлмегі, Абай бейнеленген қобдишалар және т.б. қайтар уақыт келіп жолға шығарда Шахмардан Есенұлы оның барлығын кеңестік елшілік қызметкерлеріне таратты. Бір шөлмек «столичный» немесе бір қалбыр икра алу, кімге болса да жағымды. Осыдан кейін дипломаттар мейірбан қазақ-министрді ұзақ уақыт бойы еске алысып жүрді. Иә, бұл Шахмардан Есенұлының жаратылысы еді, ол ештеңені ертеңге қалдырмайтын, қолындағы барымен бөлісетін. Кең адам еді ғой. Сонда менің жұбайыма Абай бейнеленген шкатулка тиген еді, оны біз Шахмардан Есенұлының көзіндей әлі күнге дейін сақтаудамыз.
Бізде Мәскеуден, Ленинградтан, басқа республикалардан әртүрлі және көптеген делегаттар болды, бірақ олардың ешқайсысы да біздің отандасымыз Шахмардан Есенұлындай әсер қалдыра алған жоқ.
Шахмардан Есенұлының жолы құтты болып, көп кешікпей Тайландқа А.Аджубей келді. Аджубейдің сапары да менің жаныма жағымды әсер қалдырды. Сол кезде барлық газеттер Аджубей, Н.С.Хрущевтің күйеу баласы, Жоғарғы Кеңестің депутаты және «Известия» газетінің бас редакторы – Қыиыр Шығыс және Оңтүстік Шығыс Азия елдеріндегі сыртқы саясатқа жаңа екпін береді деп жазып жатты. Аджубей менің қазақ екенімді білгеннен-ақ өзінің жанынан бір елі де қалдырмады.
Онысы Ұлы Отан соғысы жылдарында ол, анасы, бауырлары Қостанай облысында тұрыпты, сонда біз бір қазақ ақсақалдың үйінде тұрдық, ол кісі бізбен барымен бөлісті, сол ақсақалдың арқасында тірі қалдық, - дейді А.Аджубей.
Делегация құрметіне елші қабылдауында Аджубей тағы да Қазақстандағы өмірін еске алып мейірімді қазақ халқы үшін, оның Тайландтағы өкілі үшін т ост көтергенде, әрине мен масаттанып отырдым. А.Аджубей жүріп кеткеннен кейін делегацияға көрсеткен қызметімді бағалап елші маған бір айлық мөлшерінде ақшалай сыйлық тапсырды. Бір апта бойы А.Аджубей қонақүйде тұрып жатып өзі туралы, Хрущев туралы көп әңгімелер айтты, тіпті мені Никита Сергеевичпен таныстыруға уәде етті. Ол кісі көңілді, бауырмал, әңгімешіл адам екен.
Шахмардан Есенұлы Бангогте (Азиялық Венеция) он күндей болды. Бұл күндер біз үшін мерекедей болды десем артық емес. Ол кісі күндіз жұмыста болды, одан кейін қала араладық, музейге бардық, судағы базарды тамашаладық. Онда сатушыларға қайықпен жетесіз. Бүкіл сауда су үстінде жүреді,бұл көрініс Шахмардан Есенұлын таң-тамашаға бөледі, судағы саудада орнықтылырған ережелер мен тәртіптілік оған қатты ұнады. Біз ол кісіні зоопаркке апардық, министр пілге мініп серуендеді. Тайландта пілдерді, әсіресе ақ түсті пілдерді қадір тұтады. Абылайханның ақ түйесіндей, ақ піл де Тай корольдеріне бақыт сыйлайтын көрінеді. Ертеде корольдер қарсыластарымен сайысқа пілге мініп шығады екен. Күрестің нәтижесі көбінесе пілдің дайыындығына байланысты болса керек. Әрбір тай азаматы тағдырлы шешім (үйлену, сапарға шығу, сауда мәселесі т.с.с.) қабылдарда парктегі ақ пілге жақындап өзінің ойын айтып бата сұрағандай болады екен, содан соң ғана шешім қабылдайтын көрінеді.
Шахмардан Есенұлымен түнгі Бангокта қыдырдық. Түнгі Бангоктың өзіндік ерекше бір өмірі қалыптасқан. Түнгі клубтар, казино, Түрік моншалары т.с.с. қызмет көрсетеді де қала таңға таяу ғана ұйқыға кетеді Шахмардан Есенұлы қаланы аралап жүріп бірде-бір мас адамды көрмегенін айтты. Онысы рас, мұнда да ішеді, әсіресе амеркандық, еуропалық солдаттар, бірақ әдеппен мас болмай көңіл көтереді.
Мен оған Сиамда спирттік ішімдіктердің пайда болуы тарихын айтып бердім. Сиамдықтар өткен ғасырларда салауатты өмір салтын ұстанған. Күшті ішімдіктер мұнда Ұлы князь кезінде Николай ІІ, Аврора крейсерімен осы елге келгенде пайда болған. Николай екінші мемлекеттік істермен жүргенде орыс теңізшілері сиамдықтарға күріштен самогон қайнатуды үйреткен болса керек.
Тайлықтар өздерінің жаратылысы бойынша қонақжай, көңілді халық. Олардың басты ерекшелігі – олар әрдайым күліп, жымиып жүреді. Мен көптеген тайлықтармен араластым – сыртқы істер минситрлігінің қызметкерлері, бизнесмендер, ғылыми адамдар т.с.с., олардың сұрайтыны, неге орыстар тұнжырап жүресіңдер, неге жымимайсыңдар? Оған біз климаттың ауырлығын, өмір сүру салтымыздың қатаңдығын алға тартамыз. Оларда қазақтарды, тәжіктерді, грузиндерді, т.с.с білмейді. Олар үшін біздің баршамыз орыстармыз. Сен кеңес елінің өкілі екенсің – сен орыссың. Кейінірек, клубтардағы кездесулерде, кешкі отырыстарда мен оларға біздің елдің көпұлттылығы туралы, қазақ халқы туралы әңгімелеп жүрдім.
Мінеки, Тайлық мемлекеттік қайраткерлер, ғалымдар, министрлер, бизнесмендер, «таза орыс емес» геология министрі Шахмардан Есенұлына көңілдері толды. Сондықтан өнеркәсіп министрі қазақстандық жоғары дәрежелі қонақтың құрметіне үлкен қабылдау ұйымдастырды.
Қазақ халқы туралы, оның әлеуметтік жағдайы, мәдениеті туралы, әсіресе мұсылман дінінің, мешіттердің жағдайы туралы шұқшия сұрады. Толықтай алғанда, олар біздің мемлекеттік саясатты құптады. Қазақстанның геология министрінің сапарын, баяндамасын олар көрнекі насихат деп бағалады. Бұқаралық ақпарат құралдарынан оқу өзінше де, Ш.Есенов сияқты адамның келіп, жеке әңгіме-дүкен құруы тіпті басқаша, кез келген үгіттен артық құбылыс деп сендірді олар бізді.
Қайтарында Шахмардан Есенұлы Тайландттың маңызды тұлғаларына қарымта кешкі ас берді. Әрбір халық туралы, сол халықтың өкілі танытқан білімділік, пайымдау қабілеті, өзін ұстау машықтары сол халық туралы пікір қалыптастыратыны ақиқат.
Шахмардан Есенұлы қазақ халқының даналығын, мейірімділігін, дүниетаным кеңдігін айнаға қарағандай етіп көрсетті. Мені, Кеңес елшілігінің қызметкерін, Тайландтқа туған елінің осындай өкілінің келгені мәз-мейрам етті .
Шахмардан Есенұлы елге жүріп кеткеннен соң біздің елші А.Николаев, бұрынғы облыстық партия комитетінің хатшысы, менің жерлесім туралы жылы сөздерін аяған жоқ. А.Николаевтың айтуынша Ш.Е.Есенов –дарынды тұлға, өзінің пайымы мен іс-әрекеті бойынша ол қазақ халқының батыры А.Николаевқа ерекше ұнағаны Шахтың БҰҰ-ның Тайландтағы өңірлік сессиясында сөйлеген батыл әрі мазмұны терең сөзі болса керек. Өзінің сөзінде Шах адамзат болашағының өзекті проблемаларын қозғаған еді. Әрине, Шахмардан Есенұлы өзінің парасаты, білімі бойынша бұл елшілерден, қызметіндегі немесе тұрмысындағы кезекті қателіктен кейін шетелге жер аударылғандардан, әлдеқайда жоғары тұрды.