Міне, академик Шахмардан Есеновтің қоғам үшін, халқы үшін атқарған қызметтері қысқаша айтқанда осындай.
Менің өз басыма ол кісінің шарапаты мол тиді. 1962 жылы Политехника институтының инженер-геолог-мұнайшы деген нөмірі біріншідипломын алдым. Бұл мамандық бойынша біздер Қазақтың политехникалық институты оқытып, дайындап шығарған бірінші мамандар едік. Сол дипломымда Мемлекеттік комиссияның төрағасы Шахмардан Есенов деген қол тұр. Оны мен мақтан етемін. Ол кезде Шахаң Геология министрі болатын.
Мен докторлық диссертациямды Мәскеуде қорғайтын болдым да, қазақстандық ғалымдардан пікір керек болды. Оны шынайы көңілмен жазып берген бірінші Шахаң болды. Шахаңның Мәскеу ғалымдарының арасында абыройы биік еді ғой, пікірді оқып, бәрі де оған қосылып, бір кісідей қол көтерді десем өтірік емес.
Өзеннен мұнайдың мол қоры табылды, ал, оның қорын анықтап, нақты мөлшерін есептеп шығару үшін Шахаң Маңғыстауда айлап жатты, сосын оны Мәскеуде өте білімділікпен, биік дәрежеде қорғады. Маңғыстаулықтар Шахаңның бір бала мінезіне мәз болып айтып отыратын. Бір ай жатқан адамды жора-жолдас қонаққа шақырады ғой, қазақ дәстүрімен. Кештетіп қонақтан келе жатқан Шахаңның аяғына консервінің қалбыры даңғырлап ілігеді емес пе, баяғы. Сол–ақ екен, өздері көңілдері көтеріліп келе жатқан жігіттер емес пе, екіге бөліне салып, қалбырды даңғырлата, поселкті бастарына көтере футбол ойнауға кірісіп кетеді. «Ұйқы бермедіңдер ғой, өңкей найсап...ойбай-ау, балалар екен десем өңкей зіңгіттей-зіңгіттей жігіттер ғой, мыналарың!» деп, қарсы үйдегі әйел шығып айғайламаса кім білсін қашанға дейін қалбырмен футбол ойнарын.
Шахаң асыл адам еді ғой, «мен министрмін» деген ойды ысырып қойып, екі білекті сыбанып қажет болған кезде мұнайшылар жұмысына да араласып кететін.
Ақтөбенің Өріктау деген жерінен газ табылып, министр Ш.Есенов қасына одақтық мұнайөнеркәсіп Комитетінің төрағасы, артынан одақ тарағанға дейін КСРО-ның мемлекеттік Жоспарлау комитетінің төрағасы қызметін атқарған Николай Константинович Байбаковты алып самолетпен ұшып келді. Атқылап жатқан газды көздерімен көрді. «Шұбарсай» совхозының директоры Т.Маушев ағай бұл қонақтардың құрметіне тай сойып қарсы алды. Мәскеулік Байбаковтың алдында бұрынғыдан да беделі биіктеп кетті. Жергілікті жігіттердің бұл құрметіне асыл аға риза болды.
Екеуміз де Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде ұстаз болдық, кабинеттеріміз қатар еді. Күнде кездесеміз. Өмірінің соңғы кезінде еңбегі дұрыс бағаланбай, біраз жапа шеккені рас қой. Ішкі дүниесінде не болып жатқанын білмеймін, сырт келбеті қашанда да жарқын, жайдары, жалы жығылмай жүретін. Мен де ішімнен: «асылдың асылысыз-ау!» деп, риза болып қоятынмын.
Шахаңның лекциясынан бір студент қалмайтын, өте білімді, мәнді оқитын. Жастарды жанындай жақсы көретін, ал, білімге құштар белсенді жасты көрсе: «Міне, міне, біздің болашағымыз осылардың қолына тиюі керек, жақсылап тәрбиелеуіміз керек!» деп, жоғын тапқандай, балаша қуанатын. Геология, тау-кен салаларына ұлттық кадрларды тартып, орнықтыруға ересен күш сіңірген Шахмардан Есенов екенін ешкім де ұмытпайды».