--Шах, не болды, --дедім. Бетіме қарап тұрды, тұрды да:
--Болары болды, жұмыстан шығарылсын, партбилет алынсын, қатаң сөгіс жеке листогіне жазылсын деді.
Менің тілім байланып қалды. Бағанағы, Қонаев пен Шахтың құшақатасып қоштасқандары, Шахтың арқасынан Димекеңнің қаққаны көз алдыма келді. «Сонда бұл қалай болғаны?» Сасқанымнан:
--Бұл қалай, неге?—дей беріппін. Шахта жауап жоқ, ешкімді жамандап күйініп те, ашынып та тұрған жоқ. Ақырында мен шыдай алмай бағанағы үшінші қабаттың дәлізінде көрген «көрінісімді» айтып салдым, —сонда жап-жақсы сөйлесіп тұр едіңздер ғой... арқаңыздан қағып...сонда бұл қалай болғаны..,—дедім Шахқа ыза буып. Ол тағы да бетіме бір қарады да:
--Ә, батыр, өмір солай,--деді. Басқа бір сөз айтқан жоқ. Мен айта түссе екен деп тұрмын, бірақ ол ауыз ашпады.
Ол өмірі ешкімді жамандамайтын, талқыға салмайтын. Не болса да ішінде өліп жататын. Бұл мінез бе, жоқ әлде өмірдің үйреткені ме білмедім. Әйтеуір, әр кез осы мінезіне таң қалатынмын. Шах өзіне ғана тән сол асыл қасиетін тағы да көрсетіп тұр. Ешкімді боқтаған да жоқ, даттаған да жоқ, бір сөз айтқан да жоқ. Есігі кабинетінің ішінен демалатын кішігірім бөлмесі болатын, соған кірді де қағаздарын жиыстыра бастады...
Ендігі сөзді, соңғы шешімді КПСС Орталық Комитеті айтуы керек. Содан, бюроның шешімін күту басталды. Бұл бір өте ауыр күндер болды. Күнде таңертең бұрынғы тәртібі бойынша Шах жұмысқа тоғызда келеді, неге екенін білмеймін пальтосын арқасына жалбағай жамылып төрде таудай болып отырады. Түскі асқа барып келеді де содан жұмыс аяғына дейін отырады. Министрліктік жұмысының бәрін, қол қою орынбасары Селифоновқа тапсырды. Кабинетіне мен ғана, анда-санда орынбасары кіреді, болды. Он алтыншы-он жетінші күндері кабинеттен волидолдың иісі шыға бастады. Мұндай әділетсіздікке қандай жүрек шыдасын, Шахтың да жүрегі сыр бере бастады-ау деп мен де уайым шегіп қалдым. Шынымды айтсам, Шах үшін өзімнің де жүрегім ауыра бастады. Орталық Комитет мүмкін дұрыс қарап, жұмысында да, партияда да қалдырар деп қоямын. Қонаев пен Шахтың дәліздегі кездесуі ойыма түседі де бар үмітім өшіп қалады. Бәрі алдамшы, бәрі өтірік. Бұларға сенуге болмайды деп қоямын. Содан, 19 күн дегенде КПСС Орталық Комитетінде қаралып, бюроның шешімі: жұмыстан шығарылсын, жеке листогына қатаң сөгіс жазылсын, бірақ партияда қалдырылсын деген шешім шықты.
Шах партияда қалдырғанына қуанды. Екеуміз кітаптарын жинастырып үйге келдік. Сол кездегі бір сәтте менің бүгінгідей көз алдымда. Есіктен кірісімен Кәмила апай не болды деп сұрап жатыр. Шах ЦК-ның шешімін айтты. Сонда Кәмила апай:
--Батыр, денің сау болсын. Мен министрге, президентке емес қарапайым геологқа тұрмысқа шықанмын, кетеміз өзіміздің даламызға...уайымда...сен Батыр емесің бе,-- деді де, ас үйге кіріп кетті. Апайдың ақылдылығына риза болып қалдым.
Мен төр жылдың ішінде бұл отбасымен қоян-қолтық араласып кеттім, жұмыстан басқа уақыттарда да аралсып тұрдық, Шахмардан мен жары Кәмила апайдың арасында ерекше бір құрмет пен сыйластықты көріп, сүйсініп жүрдім. Олар бір-бірінің атын атамайтын, «Батыр» дейтін. Ренжісіп ұрысқанын көрген емеспін.
Шахтан үйренетін жақсы бір әдет бар, ол іс сапармен қайда барса да келісімен бірінші кезекте үйіне, Кәмила апайға «жеттік» деп телефон соғатын. Оны еш бұзған емес. Өзінің семьясын, балаларын уайымға салғысы келмейтін, қатты қадірлейтін, бар жағдайын жасайтын.
Сосын бір қызығы, командировкада жүргенде шәйді өзі дайындағанды жақсы көретін, мені араластырмайтын.
Оған Орталық Комитет Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығын ұсынады. Тіптен соған баруын Орталық Комитет біраз зорлық жасап, барасыз да барасыз дегілері келіп еді, Шах жұмыссыз қалсам да бармаймын деп, тегеурінді қарсылық білдірді. Шах кесілді-үзілді: «бармаймын, мені өзімнің далама, экспедицияма жіберіңдер» деп отырып алады. Мен Шахқа: «бара бермесіз бе, төраға орынбасары болу да жақсы жұмыс қой» дедім, сөйтсем ол: «Онда барсам, ондағылар біріншіден соттатқызып, сосын, атқызып жібереді» деді. Иә, Шахмарданның беделін қызғанғандар өз республикамызда аз болған жоқ. Олар оның «Бірінші басшы» болып кетуінен қорықты, себебі, не дейсің «Шахамардан Қонаев орнына дайындалып жүр екен» деген сөз де сол жылдары айтылып жүретін. Және де мұндай өсекті де өздері шығарып, Қонаевты оған қарсы қоюға пайдаланды емес пе. Тіптен Шахтың Бірінші хатшы болам деген ойында да жоқ. Егер ойында болса ол Қонаевтың көңілін тауып, артық іске де, сөзге де бармай, ақырын-ақырын жүре беруші еді ғой. Жоқ, ол республикада кетіп жатқан кемшілкітерді талай жерде, үлкен мінберлерден айтқанын өзім көрдім ғой. Ол ел үшін, жер үшін жаны ашыған нағыз азамат болды. Егер, шын мәнінде ол Бірінші хатшы болды бар ғой, онда Қонаевтың айналасындағы жағымпаздардың бәрі бір күнде жұмыстан кететіні анық. Сондықтан да олар Шахтан қорықпағанда кімнен қорықсын, жайлы отырған орындарынан жылжып кетеміз бе деп қауіптенді! Шахтың айналасына жағымпаздар жолай алмайтын, оның мысы басып тұратын.
Ақыры өзі Балхаш геология экспедициясына сұранып кетті. Мен оны Балхашқа жалғыз өзім шығарып салдым. Ол жаққа жиені екеуі кетті. Апай көшіп барғанға дейін Балхашта жиенімен бірге тұрды. Самолет бір сағатқа кешігіп, депутаттар отыратын бөлмеде біраз сөйлесіп отырдық. Сонда мен қоймаймын ғой баяғы:
--Шах, не болды бұл. Ешкімнің басын жарып, көзін шығарған жоқпыз, мемлекеттің қаржысы орнында, сыйлық сұрадың деп осыншама қатал жаза қолдануға болмайтын шығар, дұрыс емес қой, --деп. Бір кезде маған қарап:
--Мәке,-- деді. Жасым кіші болса да осылай атайтын мені ол,--мен саған бір аңыз әңгіме айтайын, сенің де өміріңе керек болады,--деді. Сөйтті де:
--Баяғыда, бір қарт әбден жасы ұлғайып о дүниеге аттанғалы жатыр екен дейді.Содан баласы:
--Әке, талай жыл өмір сүрдің, маған мұраға не қалдырып барасың?--дейді.
Әкесі ойланып жатып-жатып:
«--балам мен саған екі хат қалдырамын. Мен дүние салған соң менің атағымның арқасында сенің жағдайың жақсарып, лауазымың өсіп, өзің байып, көңілің тасыйды, құдайды да ұмытатын шаққа жетіп қаласың, айналаңдағы ағайын-туғанға мейірімің азайып, байлықтан басың айналады, сол кезде мына бірінші хатты ашып оқы. Содан бір жылдарда бағың тайып, байлығың кеміп, тіптен өзің қайыршылыққа түсесің, бұдан менің өлгенім артық шығар деген күйге де келесің, сол кезде екінші хатты ашып оқы, --дейді де қария көз жұмады.
Айтқанындай-ақ, әкесі өлісімен баласының бағы тауға өрмелеп, байлықтан басы айналып, мейірім-шапағаты азаяды, Құдайын ұмытады, жұрттың реніші көбейеді. Сол кезде әкесінің хаты ойына түсіп, әкем не деп кетті екен деп біреуін ашып оқиды. Хатта: «Балам, бұның бәрі уақытша!» деп жазылыпты. Бала ойланып, қателігін түсініп, жөнделіпті.
Тағы да біраз жылдар өткен соң, бағы тайып, байлығы кеміп, киерге киім, ішерге ас таба алма, бұдан да өле салғаным артық шығар деп жүдеп жүргенде әкесінің екінші хаты ойына түсіп, оқиды. Хатта: «Балам, бұның бәрі уақытша!» деп жазылыпты.
Содан әлгі пақыр: «е, бұның бәрі өткінші екен ғой, шыдайын» деп, өмір сүруін жалғастырыпты. Айтқандай ақ біраз жыл өткен соң, еңбегінің арқасында баяғы байлығы мол өміріне оралыпты. Әкем Жорабек айтып отыратын, Мұхамед Пайғамбар да ислам дінін тарату үшін аз азап көрмеген, сондай бір қиналып, ойға беріліп, қолындағы жүзігін аударыстырып отырса, ішкі жағында «бәрі өткен, бұл да өтеді» деп жазылған жазуды оқыпты. Сол сияқты, Мәке, мұның бәрі өткінші. Ал, менің халқым үшін не істеп, не тындырып жүргенімді саған айтып жату артық,-- деді де әңгімені ұзартпады. Ұшатын уақыт та келіп, Шах самолетке беттеді.
Мен Шах қашан самолетке отырып, ұшып кеткенше соңынан ұзақ қарап тұрдым. Жаратушы берген ақыл мен дарын өзіне азап болып жабысып, тағдыры тәлкекке түсіп бара жатса да рухы асқақ, тұлғасы тік, біртуар Азаматтың болмысына табынып, жапан далада жалғыз қалған адамдай жаным жүдеп қала бердім.
Достарыңызбен бөлісу: |