«--Мен жастай жетім қалдым, әкем Бегімбай 1940-шы жылы, соғыстың алдында бар жоғы сегіз ай ғана ауырып дүниеден өтсе, анам Әсем әкемнен кейін 21 күн өткенде төрт-ақ күн науқастанып қайтыс болды.Ол кезде мен бар жоғы 11 жаста, төртінші класта оқитын едім. Қазақта «жетім қозы тас бауыр» деген сөз бар, бірақ мен тасбауыр болмадым. Өйткені әкем алты ағайынды еді, алты ұл: Ахмет, Ақбенбет, Бегімбай, Абзал, Әбдіхалық, Даңбай және бір қыз-Ақілгек. Олар әкем мен анамның орнын толтырып, бар мейірім, шапағаттарын аямай өсірді. Әлі күнге дейін «Айналайын!» деп, маңдайымнан искегендері ойыма түссе жүрегім нұрға толады. Жарықтықтардың жандары жәннатта болсын, бәрі де о дүниелік болып кетті.
Қазақта жақсы дәстүрлер көп қой, соның бірі, бірі емес бастысы—әулеттің ұйымшылдығы. Әулет ұйымшыл болса қандай қиындықтан да шығуға болады. Мен соны көріп өстім, дәмін татып өстім. Біздің әулетті әкемнің ең үлкен ағасы Ахметтің әйелі Хадиша басқарып отыратын. Әжеме бір адам қарсы келмейді, ол қандай шешім шығарса да басқалар бұлжытпай орындайтын.
Бір кезде соғыс басталды. Әулеттің ер-азаматтары соғысқа кетті, біздер Тереңөзек жақтағы Майлықұмға көшіп келдік. Әкемнің қарындасы Ақілгек, Хадиша әжеміз, бізді асыраушы немере апам Мәрипа (МТС-тің кассирі болатын) бәріміз бірге тұрдық. Бір күні Мәрипа ауырып қалды. Не істеу керек? Ол кезде мен бар-жоғы жетінші класта оқимын, содан немере апамның орнына кассиршы болып жұмысқа шықтым. Бас есепшіміз бір кәріс кісі болды, өте жақсы адам еді, ол ауданнан ақша, нанға берілетін карточканы әкеледі, мен оны жұмысшыларға таратамын. Кейіннен Мәрипаны аудандық парткомның хатшысына секретарша етіп қызметке алып кетті, ол орыс класын бітірген, орысша, қазақшаға сауатты болатын. Сөйтіп, менің бір жарым жыл кассирша болып жұмыс істеуіме тура келді. Соғыс кезі емес пе, жұмыс қолы жетіспейді, кімнің қолынан не келеді соны істей бердік қой. Жалпы халық қиындықты көп көрді. Біздер аса қиналмадық,өйткені жұмыс істеп, аз даболса табыс тауып тұрдық қой. Апам Жәмиланың күйеуі Жамбыл облысындағы Мерке аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Не дегенмен қолында билігі бар адам ғой, тамақтан, дүниеден олар таршылық көрмеді. Жәмила апам өзіне алған киімінен маған жіберіп тұратын. Әлі есімде, бір жолы маған қоңыр былғары плащь пен қоңыр туфли жіберіпті. Пединститутқа алғаш киіп барғаным есімде.
Әкемнің кіші інісі Даңбай мен анамыз Дәметтің балалары болмады, содан мені бірден қолдарына алды, еркелетіп, сыпырғы ұстатпай, ыдыс жудырмай, нағыз бұла қыз етіп өсірді. Мектепті жақсы оқыдым. Ол кісілер оқуыма жағдай жасады, мектеп бітірісімен Қызылордадағы педучилищеге түстім, оны өте жақсыға бітіріп Педагогика институтына түстім, оны да үздік бітірдім. Институт қабырғасында партияға өттім, Қазақстан Комсомолдар съезіне делегат, қалалық Кеңеске депутат болып сайландым. Не керек өз заманымның талабынан қалмауды ойладым.
Бірінші курста Батырмен (Шахмардан) таныстым. Жасыратын несі бар, бір бірімізді жақсы көрдік, егер жақсы көрмесе институт бітіргенше мені күтер ме еді?! Шахаңдай жігітке көзі түспейтін қыз болмас, тек бізді қосқан бір-бірімізге деген таза сүйіспеншілігіміз болар деп ойлаймын. Сол сүйіспеншілігімізді жоғалтпадық, аялай білдік, құрметтеп, балаларымызға бере білдік. Батыр өзі жалғыз болғандықтан ба, әйтеуір балаларын өте жақсы көрді, олардың болашағына, өміріне жүрдім-бардым қараған емес. Жар таңдауларына араласа қойған жоқ, ал, мамандық таңдауға келгенде бағыт-бағдар беріп, ақылдасып отырды. Ұлдары: Мақсұтбек, Ескендір, Сұлтан, үшеуі де әкесінің ақылына құлақ асып геолог, металлург болды. Қызымыз Шәйзаны да геолог етпек болып еді, мен биология факультетіне түскенін қаладым. Мұныма Батыр біраз ренжіп жүрді де: «жарайды, қыз баланың дала кезбей, лабораторияда отырғаны да дұрыс шығар» деп, келісті.
Шахаңның анасы өте ақылды адам еді. Жас болдым, білгенімнен білмегенім көп кез. Даңбай ағам мен жеңгем Дәмет еркелетіп, үй шаруасын аса үйретпепті. Соны түсінген енем көп білместігімді кешіре білді, ақылмен үйретті. Алғаш келін боп түскен күндерім, ол кезде Жезқазғанда этажды үйде тұрамыз. Менен апам сұрайды «пол жуа аласың ба?» деп. Мен «жоқ» деймін. Онда мына 10 сомды ал да көршінің қызына бер, содан пол жууды үйреніп кел деді. Ешқандай зілсіз, шын ниетімен айтып тұр. Полды бұрын жумасам да көргенім бар ғой, ешкімге барып үйренбей-ақ істеп кеттім. Менің балалық қылығымды қызық көрген басқа келіндер қатар-қатар тарелкелерді кіре беріс есік алдына жерге жайып қойыпты. Қайтер екен деген болулары керек. Мен оны жинаудың орнына үстінен секіріп-секіріп өте шығыппын. Бәрі ішек-сілелері қатып күліп жатыр. Апам оларға: «күлгенше үйретпейсіңдер ме, өңкей шуылдақ!» деп, ұрсып жатыр. Басқа ене болса «көргенсіз, түк көрмеген» деп, неше түрліні айтып ұрысып, жерден алып, жерге салар еді ғой. Жоқ, апам өз анамдай ақылын айтып, бір жылдың ішінде үй шаруасының бәрін үйретіп шықты. Балалардың бәрін баққан апам.Ойыма түссе көңілім босап кетеді, апам баланың сүт құйған бөтелкесін қойнына салып құшақтап жататын. Түнде жылаған кезде қойнындағы жып-жылы сүтті бере қоятын. Апам: «жассың ғой, қызметіңнен қалма!» деп, бала үш-төрт айға толған кезде жұмысқа шығарып жіберетін. Мектепте оқу ісінің меңгерушісі болдым. Алматыға келген соң ЖенПИ-де екі жылдай ғана сабақ бердім. Батырдың қонағы көбейді, іссапарға көп шығатын болды, балалар өсіп, ер жетті, бақылау, қарау керек, апам бұрынғыдай емес қартайды, не керек, бітпейтін үй шаруасы көбейді. Содан, жұмысты қойдым.