Тілші:--«Лениншіл жас» оқушыларын осынау кең байтақ респуликамздың тынысымен таныстырғаныңыз үшін рахмет, Шәке!
Ш.Есенов:--Менің айтқандарым негізгі мәселелер ғана ғой, ал, туған республикамыздың тынысы әлде қайда кең, әлде қайда құлашты емес пе?!
(«Лениншіл жас», сенбі, 31 декабр, 1966 жыл.)
Әңгіме арқауынан өткен өмірдің сан түрлі жетістіктерін еске түсіруге болады. Сандаған сандар мен проценттің өзі сол уақыттың тыныс-тіршілігін көз алдыңызға айнытпай әкеледі. Ол жетістіктердің артында адам—мемлекет пен Үкімет басшылары, сан мыңдаған халық, көпшілік қауым тұр. Кейде біз бүгінгі тәуелсіз Қазақстан осы күйінде аспаннан түсе қалғандай, өткен тарихы мен мемлекет болып қалыптасуына үлес қосқан ардагер азаматтары болмағандай қарайтынымыз бар. Әсіресе,бұған жоғарғы жақта ел билігінде отырған, бүгінгі шенеуніктер осылай ойлауға пейілді. Өткен болмай бүгін, бүгін болмай болашақ жоқ. Осы бір қарапайым ғана қағиданы мойындағылары келмейді. Олар мойындағылары келмегенмен тарих бетінде, экономика мен өндіріс шежресінде ол жылдардың жетістігі сайрап жатқан жоқ па? Тіптен бүгінде бұрқыратып мұнайын алып, кенін қазып, темірін қайнатып жатқан: Өскемен, Қарағанда, Теміртау, Жезқазған, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау өңіріндегі шаш етек табыс тауып жатқан алып өндірс орындары сол уақыттың төл перзенті.
Төраға орынбасары Шахмардан Есенов жетістіктерді айтумен қатар кемшілктерді де жасырмады. Ол 1967 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне берген мақаласында сол кемшіліктерді ашық айтады:
«--Барланып ашылған және жаңадан ашылатын мұнайлы, газды кендердің құрылымын зерттеудің барған сайын ұлғайып отырған көлемі, сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстары көлемінің үнемі арта беруі толып жатқан арнаулы проблемалардың шебер шешілуін қажет етеді. Ал, бұл міндеттерді жүзеге асыруға жеке ғылыми-зерттеу институттары бөлген топтардың шамасы келмейді. Сондықтан Маңғыстаудың байлығын терең зерттеп , тезінен игеру үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын қазіргіден де күшейту қажет. Гурьев қаласында арнаулы институт ұйымдастыру туралы әлденеше рет мәселе қойылды. Бұл институт мұнай мен газ өндіретін мамандар, геологтар, геофизиктер даярлар еді. Амал не, республиканың Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы, Жоғары және орта арнаулы білім министрлігі бұл мәселенің шешілуін ұзаққа созып келеді.
Жетібай кеніндегі мұнай қоры 1964 жылы бекітілген. Кенді пайдалануға берудің өзіндік құнын әр тонна мұнай қорына шаққанда Жетібай мен Өзен мұнай кенінде өнеркәсіптік категория бойынша 3,5 тиын болып отыр. Мұның өзі Совет Одағындағы ең төменгі көрсеткіш екенін атап айту керек. Қазірдің өзінде Мағыстаудың жер қойнауынан жыл сайын 18-20 миллион тоннаға дейін мұнай өндіруге болады. Мұның өзі бүкіл Ажербайжан ССР-інде қазір өндіріліетін мұнай көлемімен пара-пар. Осы екі кеннің екеуінде де газдың қоры мол.
Маңғыстаудың мұнай байлығын игеруді тездету мақсатымен 1964 жылғы май айында Өзен кені барлық бұрғылау, скважиналарды байқау бригадаларымен жабдықтармен , механикалық қызметтермен, тұрғын үй-тұрмыстық объектілермен және басқа өндірістік құралдармен қоса Маңғыстау мұнай бірлестігіне берілді. Өзен кенінен мұнай бұлағы ағуда. Міне, бұған жер қойнауын барлаушылар үлкен еңбек сіңірді. Ал, 1965 жылдың аяғында Маңғыстау мұнай бірлестігіне Жетібай кені берлетін болды.
Алайда, Маңғыстау мұнай бірлестігі әлі де толық қуатымен жұмыс ітей алмай отырғанын атап айту керек. Құрылыс жұмыстары өте кешеуілдетіліп жүргізілуде, іске қосылатын бірталай маңызды объектілерді салу жұмыстарының қарқыны нашар. Осының бәрі 1965 жылдың бірінші жарты жылдығының жоспары орындалмауына әкеліп соқтырды.
Мұнайды тасымалдау және оны қайта өңдеу сияқты аса маңызды мәселелер әлі күнге шешілген жоқ. Табиғаттың керемет байлығын халық игілігіне жарату үшін мұнайды қайта өңдеу жөніндегі жаңа өнеркәсіптік комплекстерді экономикалық жағынан тиімді орналастырудың үлкен маңызы бар. Мұнайды қайта өңдеудің екінші процестері полимерлік материялдар, пластикалық масса, синтетикалық смола өндіруді қамтамасыз ететінін ұмытуға болмайды.
Ал, бұл өнімдер неғұрлым көп өндірілсе, республикамыздың халқы шаруашылығын алға бастыруға, еңбекшілердің тұтыну қажеттерін өтеуге елеулі үлес қосатыны сөзсіз. Маңғыстау мұнайынан аса маңызды өнім—қоймалжың қышқыл мен жоғары сапалы спирт алуға болатынын атап айту керек. Осыған қармастан, республиканың мемлекеттік жоспарлау комиссиясы мұнайды қайта өңдеу кәсіпорынын Маңғыстаудың өзінде орналастырудың қажеті жоқ, оны басқа аудандарға тасымалдау керек деп есептейді. (Осы түсінік, осы әрекет Қазақстанды шикізат қоймасына айналдырып жіберді емес пе?! Авт.Г.О.) Бұл әрине, дұрыс емес. Маңғыстау мұнайы жоғары сапалы болғанымен, онда парафин көп кездеседі. Ал, бұл мұнайды алыс жерге тасымалдауға қиындық туғызады. Демек, мұнайдан парафиинді бөліп тастайтын қондырғыны жергілікті жердің өзінде салуға тез кірісуі қажет.
Істелген жұмыстар, қол жеткен табыс аз емес. Ал, алдағы бесжылдықта барлаушылар алдында бұрынғыдан да зор міндеттер тұр. Геологиялық іздестіру және барлау жұмыстарының қарқынын онан әрі күшейту көзделіп отыр. Алдағы бесжылдықта көлемі 900 мың, бір миллион метр терең бұрғылау жұмыстары орындалуға тиіс. Сондай-ақ, геофизикалық жұмыстар көлемі де қауырт ұлғаяды...»
Бәрі өткен күннің тарихы, Қазақстанның тарихы. Қазақстан деген алып республиканың шикізат қорын молайтып, өнеркәсібін дамытуға ат салысқан ардагер азаматтардың ісін жоққа шығармай, осылай айтып, Есеновтің өз сөздерімен сыналап кетуді жөн көрдік. Олардың ізі, халық үшін атқарған ардақты ісі Қазақстан аймағында, тарих бетінде сайрап жатқанмен айтылуы аз болып, аз болған соң жастар жадында қалмай, өткеннің бәрі өтірікке айналып бара ма деп қаласың кейде. Айтсақ та, жазсақ та біз тек бүгінгі күннің жетістігімен ғана шектеліп қалып жатамыз. Бұл дұрыс емес. Бүгінгі бар байлықтың басы сол өткен күндерде жатқандығын ұмытпауымыз керек, өркендеп өсіп келе жатқан жас өреннің санасына сіңіруіміз қажет-ақ. Ал, барлық ұлы істің артында адам—біздің ардақты ағаларымыз, қазақ халқының біртуар азаматтары тұр.
Осындай азаматтың бірі Шахмардан Есенов болды. Ол мәселені нақ қойып, нық дәлелдей алатын, уәде еткенін орындайтын, арба сынып, өгіз өлмейтін, «бірсыдырғы» деген сылбыр тіршілікті ұнатпайтын. Бастама көтерді, жаңалық іздеді, талантты, дарынды адамдарды өсірді, жастарға қамқор болды. Ол орыс тілін өте таза сөйлейтін, Пушкин, Лермонтов, Ломоносв... өлеңдерін жатқа оқитын. Әсіресе, мәскеулік ғалымдар мен мемлекет басшылары оның шешендігін, терең білімін жоғары бағалады, құрметтеді. Не керек, Есенов қай ортаға түссе де қозғаушы күшке айналып отырды. Осындай қасиеттердің бәрі қосылып, Шахмарданның беделін биіктетіп жіберді. Әрине, бұл Есеновтің қабілетін қадірлей білетіндерге ұнады, көре алмаушылардың қызғанышын оята бастап еді...
Сәтбаев пен Қонаев жас Шахмарданды танып, бағалауда, сосын қолдау көрсетуде қателеспеді. Шахмардан да оларды ұятқа қалдырған жоқ, сенімдерінен шыға білді. Ол Қазақстан геологиясын бір емес бірнеше сатыға көтерді. Бұл хақында академик Г.Р. Бекжанов біраз таратып айтады:
«--Өткен жүзжылдықты «Геологияның алтын ғасыры» деп атайды, мұның өзі өткен ғасырдағы, әсіресе, оның екінші жартысындағы геологиялық ғылым мен практиканың таңғажайып жетістіктерін әділетті және дәлме-дәл сипаттайды.
Шындығында, бұл кезең тек жаңа кен орындарының рудалы аудандар мен провинциялардың ашылуымен ғана айтулы болған жоқ, сонымен бірге жер қыртысының құрылымы, пайдалы қазбалардың орналасуы заңдылықтары туралы жаңалықтармен де есте қалды. Геологиялық ғылымдағы ірі оқиға санатына елуінші жылдары пайда болған платалық тектоникалық жаңа парадигмасы бұрынғы, дегенмен әлі де болса тартымды, жүйелі «геосинклинальды» әдістеменің орнын басты.
Қазақстан геологиялық ғылымының негізін өткен ғасырдың 20-шы жылдары отандық геологиялық патриархтары – К.И. Сәтбаев және Н.Г. Кассин өздерінің әріптестері мен ізбасарлары – Ж. Айталыковпен, Р. Борукаевпен, И. Бокпен, Е. Шалыгинмен, Г. Медолвпен бірге қалаған еді.
Біздің ойымызша, оның ғажайып жетістіктерінің негізінде екі жетекші фактор мен бастаулар жатыр. Оның біріншісі өзі 5 жыл оқыған Қазақ Тау-кен институты, екіншісі Ш. Есенов 11 жыл бойына іргелі кәсіби даярлықтан өткен Жезқазған экспедициясы. .
Жезқазғандағы жұмыстың 11 жыл ішінде Сарыоба, Итауыз, Жампы-Айбат кен орындарын түбегейлі байта бағалап Жезқазғанның Солтүстігі мен оңтүстігінде қымтаулы жатқан кен орнату Ш. Есеновтің активіне жазылатын инженерлік-барлау жұмыстарының нәтижесі болды. Бұған қосатыны Қазақстанда бірінші рет стратегиялық шикізат болып саналатын Қумола Родуспт-асбест кен орыныніздестіріп, ашу да Ш. Есеновтің еншісінде. Жерасты сулары, құрылыс материалдары басқа да пайдалы қазбаларды барлау игеру деэкспедицияның толымды табысына жатады.
Жезқазғанды Ш. Есенов геологияның және геологиялық-барлау өндірісінің әртүрлі салаларынан бай ғылыми мағлұмат жинақтаған ірі инженер, іскер жетекші және ұжымның көшбасшысы болып қалыптасты. Айта кететіні сол бір жылдары Жезқазған геологтарымен бірге кеншілердің зияткерлік тобын байытушылар мен металлургтердің үздік қатарын қалыптастырушы орталыққа айналды. Жезқазғанда мәдениет, ғылым және білім беру істері қарыштап дами түсті. Жезқазғандық инженерлер В.В. Гурба, М.К. Букежанов, Д. Ешпанов, Т. Садуақасов және т.б. Республикадан тысқары жерлерде де танымал болды.
Осындай зияткерлік орта Ш. Есеновтің жедел қалыптасуы мен өсуіне едәуір ықпал етті. Зияткерлік элита арасынан Ш. Есеновтің есімі жарқырап көрінді. Сондықтан 1960 жылы экспедицияның бас инженері Ш. Есеновтің Министрдің орынбасары, бір жыл өткен соң Қазақ ССР-ы геология министрі қызметіне тағайындалуы ешкімді таң қалдырған жоқ.
Ш. Есенов те министрлікке күрделі кезеңде келді. Министрлікті құруға Мәскеуден жіберілген министр және оның екі орынбасары «керуенді» жол басында тастап үйлеріне қайтты. Сондықтан жаңа, жас министрдің иығына Одақта бірінші рет құрылған Республикалық Геология министрлігін қалыптастырудың барлық ауыртпалығы түсті. Уақыттың өзі көрсеткеніндей бұл мәселені ол толығымен шешті. Бес жылға жетпейтін мерзім ішінде Қазақстанның геологиялық қызметі Одақтағы үздіктердің бірі болды. Жас министрдің есімі КСРО геология саласына кеңінен танымал болды. Сондықтан оның геологиядағы ықпалы бұрынғыдан да арта түсті.
Мұның табиғи салдары – 1965 жылы Ш. Есенов жауапты мемлекеттік қызмет – Республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлығына жоғарылатылды. Үкіметте ол Қазақстан ауыр өнеркәсібінің, геологияны қосқанда, жетекші салаларына басшылық жасады. Геологтар бұрынғыснша өздерінің мәселелерімен ұдайы кіретін еді, оның есігі де геологтар үшін әрдайым ашық болатын.
Ш. Есенов сияқты бірегей тұлғалар, әдетте бір орнында «тоқтап» немесе «отырып» қалмайды. Өзі өзі де дәл солай болды, 1967 жылы ол Қазақ Ғылым Академиясының президенттігіне сайланды. Бұл кезең Академияның гүлденген кезі еді, «қуаттылық реті» бойынша ол Ресей және Украина Академияларынан кейінгі үшінші орында болатын. Ш. Есеновтің президенттікке сайлануы оны дарыны мен білімін, ұйымдастырушылық қабілетін, өсе түскен беделі мен танымалдығын мойындау болатын...».
Қазақ айтпай ма: «Ат өнері білінбес, бәйгеге түсіп жарыспай» деп. Жас Шахмарданның талабы мен талантын байқаған ел басшылары оны біраз бәйгеге қосып та, додаға түсіріп те көрді. Қатарынан оза шауып, төске озғысы келетін жігер мен қайраты мықты жасты танып Бірінші хатшы Д.Қонаев сол кезде білікті бір басшыны аса қажет етіп тұрған, лауазымы жоғары, жауапкершлігі одан да зор қызметке салып көруді жөн деп тапты. Ол-- Ғылым Академиясының президенттігі еді. «Болар балаға болыс!». Ақырында Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен, тіптен ұсынысымен деп те айтуға болады, Шахмардан Есенов «аламан бәйгеге» Қазақ ССР Ғылым Академиясы президенттігіне сайлауға түсті. Сайланды және Геология институтына директор болып тағайындалды.
Достарыңызбен бөлісу: |