СССР Түсті металлургия министрі П. Ломако
***
Бұл құжаттарға талдау мен түсініктеме қажет емес, бәрін де өздері баяндап тұр. Тек бұл жерде депутат Ш.Есеновтің нағыз азаматтығын, халық алдындағы парызын адал атқарған шын мәніндегі халық қалаулысы болғанын мақтана айтып, бүгінгі күннің депутаттарына құлаққағыс етіп, жастарға үлгі етеміз.
***
Президент Шахмардан Есеновтің басты көңіл аударған бір мәселесі—кадр таңдау болды. Ол қолынан іс келетін, белсенді, талантты адамдарды жаңа қызметтерге көтеруден қорықпады, лауазымын жоғарылатты, жас ғалымдардың алаңсыз ғылыммен айналысуына жағдай жасады. Ғалым ақсақалдарға құрмет көрсетілді, жастарды жұмысқа жекті, Мәскеу, Ленинград, Новосибир қалаларына аспирантураға және ғылыми дәрежелерін қорғауға жіберді. Не, керек, бірден жігерлі жастың келгені сезіліп, жұмыс серпіліс алды, жаңалық пен жақсылықтың самал желі соға бастады. Сол кездің жас маманы, қазіргі ақсақалымыз, филология ғылымының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішов былайша еске алады:
«- Шахаң алғаш академиямызға президент болып сайланғанда айрықша бір серпілісті шақты бастан кешкен едік. Терең ойлы, асқан адамгершілік, аса көрікті Шахмардан Есенұлын «міне, мынау қазақ!» деп дүниенің қай жерінде болсын мақтанышпен айтуға болатындай еді.
1968 жылы мен академиядан кетуге мәжбүр болған едім. Сондай шақта «осындай жігіттер ғылым ордасынан кете беретін болса, оның болашағы туралы, ғылымды дамытуымыз туралы қандай сөз болуы мүмкін», деп Шахмардан сол кездегі институт басшыларын жазғырғаны бар еді. Оның қандай нәрседе болсын әділдік үшін күресетіні, ғылым мәселесіне келгенде туысқандықтан да, жершілдіктен де ада екендігі қатты сүйсіндіретін.
Шынын айтар болсақ, Шахмардан Есеновтің президент болған шағында академияда ғылыми серпіліс айқын байқалған болатын. Көре алмаушылық та, күншілдік те үлкен ғалымның , қабілетті ұйымдастырушының қолын қатты байлады. Бірақ ешкім де оның ғылыми ізденістеріне кедергі келтіре алмады. Ол ғылымның серісі болды. Ол қандай жағдайда жүрсе де әлсіздікке жол бермеді. Ол баршамызға азаттық өнегесін көрсетіп кетті».
Осы ойды қазақтың белгілі ақын қызы Әбдірахманова Тұрсынхан толықтырады:
«- Өз бетіммен барып Академияның Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклор бөліміндегі бас орынға жарияланған конкурсқа қатысып едім, өте алмадым. Конкурстан он үш жыл жұмыс тәжрибесі бар, ғылым кандидаты, ақын мен өтпей, институт партасынан жаңа ғана тұрған жас жігіт өтті. Мен Президуимның координация, информация және патентоведение кеңесі деген бөлімнің кіші ғылыми қызметкері етіп жіберді. Бұл 1966 жылдың маусым айының іші еді. Келер 1967 жылдың қаңтар айында өткен жылдың демалысын алып, Мәскеу түбіндегі Пределкино шығармашылық үйіне жолдама алып, онда барып «Дала қыздары» поэмамды аяқтап қайтпақ болып жүргенімде «ойбай президент өзгерді» деген сөз дүң ете қалды. Естігеніміз сол еді, іле-шала президент болып Академияға Шахмардан Есенов келді. Мен демалысымды алып Мәскеуге ұшып кеттім. Бір ай Мәскеуде болып, поэмамды аяқтап, көңілді оралсам, бөлмеде бірге отырған жігіттер:
-Ой. Тұсеке, Сізге бір жақсылық болады,-десіп отыр.
- Иә, не жақсылық? Оны қайдан білдіңдер? –дедім. Сөйтсем, мен кеткен соң кешікпей шахмардан Есенов Академияның құрамымен танысуын Орталық аппараттан-президиумның бөлімдерінен бастапты. Біздің бөлімге кіріп, іспен, жігіттермен танысып, олардың талап-тілектерін тыңдап отырыпты. Тізімнің соңында менің фамилиямды оқып отырып:
- Ақын, филолог. Патентоведение бөлімінің кіші ғылыми қызметкері. Қызық екен,-депті. Сөйтіп біраз ойланып отырып блокнотына жазып алыпты. Жігіттердің бірі:
-Бізде кейде мұндай жағдайлар болып тұрады ғой, Шаха!-депті.
-Өзі қайда?
- Демалыста. Таяуда келуі керек.
Жігіттер осыдан қортында жасап, маған бір жақсылық болар, өз мамандығына жіберер деп болжапты. Бұлар маған:
-Қазір ол кісі институттармен танысып жүр. Оған бір-екі ай кететін шығар. Март айының ішінде Сіз өзіне кіріп шығыңыз,-деген кеңес берді. Мен солай істедім де. Шахмардан Жорабекұлы:
-Мен Сізд, сіздің жағдайыңызды білемін. Жігіттер айтқан. Бірер ай шыдай тұрыңыз, содан кейін бір ретін табамын,-деді. Мен рахметімді айтып шығып кеттім.
Осыдан бір ай өткенде мені өзі шақырды.
--Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің екі ғылыми хатшысының бірі КазПИ-ге оқытушылыққа ауысады екен. Сильченконың ұсынысын қабылдамай жібердім. Өйткені Сізді ғылыми хатшылыққа жібергім келеді. Қалай қарайсыз?-деді.
Мен бір сәт толқып кеттім де, көп күттіруді ыңғайсыз көріп, «жарайды»,- дей салдым».
Міне, таным мен талғам осындай-ақ болар. Содан Тұрсынхан апайымыз керекті құжаттарын жинап, тапсырып, конкурстан өтіп, Академияның Әдебиет және өнер институтына, академик-сыншы Мұхаметжан Қаратаев басқаратын «Әдебиет кеңесі» бөліміне кіші ғылыми қазметкер болып орналасып, талай жылдар жемісті еңбек етті. Тамыр-таныстық іздемей, өз еңбегім еленер деп жүріп қызыметтен қағылған ақын Тұрсынхан Әбдірахманованы таным мен талғамы биік жас президент Шахмардан Есенов арқасында өзіне ылайықты қызметін алыпты. Қазақтың ақын қызы бұл оқиғаны өле-өлгенше айтып, басқаларға үлгі етіп, ақырында естелік етіп жазып, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп кетті.
***
Әдетте «болашақ жастардікі» деп, әдемі сөзді аямай айтып жатамыз да, оларға қамқорлық жасап, көмектесуге келгенде кернау тартып қалатынымыз бар. Рас, Ғылым Академиясында соңғы жылдарда жас зерттеушілер саны азайып, үлкендер орнын басатын ғалымдар тәрбиеленбей, ғылымға тартылмай қалғаны рас-тын. Осы кемшіліктің орнын толтыру жаңа президенттің басты мақсаттарының бірі болды. Әрине, президент Сәтбаев тұсында дүркіреп өскен көп жастың, бұл кезде жастары ұлғайып, орнын басар жас толқынды өмірдің өзі талап етіп тұрды. Есенов дарында жастарды күрделі жобаларға қатыстырып, жаңа, жақсы идеяларын қолдап-қолпаштады. Түрлі зерттеу жұмыстарына ғылыми байқаулар өткізіп, жеңімпаздарға материалдық көмектер көрсетілді. Мұндай әрекет жас ғалымдардың құлшынысын оятып, зерттеу жұмыстарына деген ерекше бір ынтасын тудырды. Не керек, жаңа президенттің, жаңа басшының келуімен Ғылым Академиясында ғылымға деген жаңаша қозғалыс, өзгеше бір серпіліс пайда болды.
Жастарға байланысты бірде «Білім және еңбек» журналының тілшісі президент Ш. Есеновке былайша сұрақ қойыпты:
Тілші:- жастар-ғылым болашағы. Аға буын ғалымдар ісін жастар жалғастыратыны сөзсіз. Осыған орай республика ғылымындағы жастардың орны мен өзіңіз басқарып отырған Ғылым Академиясының жас ғалымдарға жанашыр-қамқорлығы жайлы айтып берсеңіз екен?
Достарыңызбен бөлісу: |