Қазақ ССР Ғылым Академиясының Президиумының
Қаулысы
Алматы қ. №178
17-қазан 1968ж.
Қазақ ССР Ғылым Академиясының қайтыс болған және басқа да көрнекті ғалымдарын мәңгілік есте қалдыру бойынша ұсыныстар туралы
Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі А.Н. Нүсіпбековтың (комиссия төрағасы) қайтыс болған Қазақ ССР Ғылым Академиясының академиктері мен мүше – корреспонденттерін мәңгілік есте қалдыру және олардың отбасына көмек көрсету бойынша хабарламасына сәйкес Қазақ ССР-ы Ғылым Академиясының Президиумының
Қаулысы
Қайтыс болған Қазақ ССР Ғылым Академиясы мүшелерінің және басқа да Академия ғалымдарын мәңгілік есте қалдыру бойынша Комиссияның ұсыныстарына қолдау көрсету.
Қазақ ССР Министрлер Кеңесіне Қазақ ССР Ғылым Академиясының академиктері М.П. Русаковтың, В.......... , Р.А. Борук..... , Қазақ ССР Ғылыми Академиясының мүше-корреспендтері А.И. Безсоновтың, Е.С. Исмаиловтың, Е.Б. Бекмахановтың, И.Г. Сер...... тің, Д.Я. Авровтың және тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.Е. Елезовтың мүрдесіне ескерткіш тақта қою үшін қажетті қаржы бөлу туралы мәселені қарастыру туралы өтініш жасалсын.
Республикадан тыс жерлерде қайтыс болған Академия мүшелеріне ескерткіш тақта орнату мүмкін еместігіне байланысты Қазақ ССР Ғылым Академиясының бас ғимаратында барлық академиктер мен мүше-корреспонденттердің портреттерін ілуді ұйымдастыру қажет деп табылсын.
Қазақ ССР Ғылым Академиясының іс басқарушысы ж. А.И. Шостынге бұл Ғалымдардың портреттерінің бірыңғай эскизін жасау және оны Қазақ ССР-ы Ғылым Академиясы Президуымының қарастыруына ұсыну тапсырылсын.
Қайтыс болған академиктер мен мүше корреспонденттерді мәңгілік есте қалдыру бойынша комссияға ғалымдардың отбасына көмек көрсету ұсынылсын:
а) Қайтыс болған Академия мүшелерінің ескерткіш альбомы жасалсын, онда қайтыс болған ғалымдардыңБиографиялық мәліметтері және фотосуреттері, сондай-ақ оларға орнатылған ескерткіштердің фотокөшірмелері берілсін:
б) Республикадан тыс жерленген Академия мүшелерінің бейіттерінің жағдайы анықталсын.
Қазақ ССР Ғылым академиясының Президенті - Ш. Есенов
Қазақ ССР Ғылым Академиясы Президумының
академик-хатшысы қызметін атқарушы - Ж. Ержанов
(Қаз. Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің
біріккен ведомствлық архиві. Қор 2, іс 1.)
Иә, бұл о дүниелік болғандарға тірілердің көрсеткен құрметі мен парызы деп ұққан дұрыс шығар. Тоқтаңыз, тек құрмет пен парыз ғана ма? Шын мәнінде олар Қазақстан ғылымының аяғынан нық тұрып, басқа республикалар академияларымен терезесінің тең болып, ғылым ордасын құруға ат салысқан нағыз ғалымдар мен азаматтар емес пе! Сондықтан тек құрметтің айналсында қалмай бүгінгі жастарға олардың еңбегі мен ел үшін атқарған қызметтерін, ашқан жаңалықтары туралы айту шын парызымыз.
Әл-Фарабиді Отанына оралтқан кім?
Қаншама ғасырлар бойы дүниежүзі бас иіп, «екінші Аристотель» деп қабылдаған ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби біздің жерлесіміз--Қазақстандық екенін баршамызға танытқан геолог-барлаушы, академик Шахмардан Есенов екенін біріміз білгенмен, көбіміз білмейді екенбіз. Неге? Сұрақтың жауабы біреу, бүгінгі тілмен айтқанда «жарнамасы» жоқ, жазылуы кем, айтылуы аз. Осы жерден тоқтай тұрып, әңгімені басынан бастайық.
Ең алғаш осы әл-Фараби біздің жерлесіміз болар-ау деген болжаммен ұлы ғұламаның өмір жолын, оның еңбектерін тауып, зерттеуді бастаған ғалым Ақжан Машанов көрінеді. Бұл біздің емес бірге қызметтес болғандар пікірі, баспа бетінде қалған мәлімет. Ол 1958-1959 жылдары Кеңестер Одағындағы ірі-ірі кітапханаларды аралап, әл-Фараби еңбектерімен танысып, алғаш рет оның трактаттарымен жұртшылықты таныстырыпты. Сол трактаттардың бірінде ғалым өзін Фарабтан шыққанын меңзейді. Сол--сол-ақ екен Машанов байланыс ауқымын кеңейтіп, шет ел кітапханаларына хат жазуды бастайды. Экономика ғылымдарының кандидаты, Ортлық ғылыми кітапхана директоры Н.Б.Ахметова мен өз атынан Қазақстан Ғылым Академиясының президенті Қ.И.Сәтбаевқа профессор Брунелланың неміс тілінде шығарған: «Государственное управления по ал-Фараби» еңбегінің бір данасын алдырту үшін 1960 жылдың 15 ноябр күні өтініш хат жазады. Бұрыннан да әл-Фараби мұраларынан хабардар ғалым Қ.И.Сәтбаев бұл игілікті бастаманы қуана құптап, өтініш хатқа «іске асырылсын» деген бұрыштама қойып береді. Осыдан бастап Фараби еңбектерін зерттеу мен іздеу басталады.
Алайда, араб, парсы тілдерін білетін мамандардың аздығынан ба, қамқоршы-басшы Сәтбаевтың науқастанып қалуынан ба, әйтеуір, басталған іс осымен тоқталып қалады. Тек ғалым Машанов зерттеуін тоқтатпай, «Философияға крісудің алдында не керек?» деген әл-Фарабидің мақаласын арабшадан қазақшаға аударып, ол 1962 жылы «Білім және еңбек» журналының бірінші санында жарияланады. Аударуға көмектескендер араб тілін білетін қария Садуақас Ығылманов, мәскеулік ғалым С.Н.Григарьян мен ташкенттік ғалым М.Н. Хайруллаев, алматылық А.Н.Қасымжановтар болыпты.
Бірақ, «фарабитану» бұдан әрі өрге баса алмай, өрісі кеңеймей қала береді. Тек, 1967 жылы Ғылым Академиясына президент болып Шахмардан Есенов келгенде ғана қайыра қолға алынады. Мұндай мәліметті біздер «Қазақстан» баспасынан 2007 жылы Шәмшиден Әбдіраманның «Ақжан Машани» ғұмырнамалық деректі хикаятынан алдық. Сол хикаяттың 158-163-ші беттерінде былай деп жазады:
«...ХХ ғасырдың 60-жылдарын алғашқы бес жылында А.Машани баба мұрасының денін жинақтап та ұлгерген-ді. Оларды орыс тіліне аударатын мамандар да табылып жатты. Ендігі міндет әл-Фараби мұрасы ғылыми негізде танылуы керек. Ол үшін фарабитану ісі Ұлттық ғылым академиясының жұмыс жоспарына енуге тиісті. Қашан, қайтіп деген сұрақ Ақжан хазіреттің алдында ашылмастай қақпаға айналған. Сол 60-жылдардың ортасына қарай Академияның тізгінін жас жігіт, қайраткер, әрі геолог, әрі ұлттық мүдені тани білетін, мемлекеттік істе шыңдалған Шахмардан Есеновтің ұстауы, фарабитанудың бастауындағы ірі оқиға болып тарихқа енген-ді.
1967 жылы А.Машани жас президентке кірді. 1960 жылдың қарашасында «Келісемін. Іске асырылсын» деп қол қойылған Қанышқа жазылған өтініш-хатынан бастап, қолындағы жинақталған әл-Фараби мұраларын көрсетті оған. Сонымен қоса соңғы 2-3 жылда өзбек ғалымдарының өзбек тіліне аударып шығарған әл-Фараби еңбектерін президент алдына қойып:
--Қашанғы ерте туып, кеш қала береміз. Енді Отырарда-Түркістанда кіндік қаны тамған ұлы бабамызды өзбек ағайындарға қолдан беру ғана қалып еді,--деп қазақты діңкелетіп келген енжарлықты ашына айтты. –Егер әл-Фарабиді зерттеу академия жоспарына енбесе, осы күнге дейін тыраштана тындырған ісімізге салауат айтуымыз ғана қалды...
--Ақа, көріп отырмын, баба мұрасын зерттеуге жетерліктей еңбектерді жинақтапсыз,--деп Шахмардан Есенов кезінде Қаныш Сәтбаевқа жазылған хаттағы аударма мәселесін пысықтады:--Енді осыларды ғалымдарға түсінікті етіп аударып бере аламыз ба?
-- Бұл мәселе кәзір көкейкестілік деңгейден кетті. Жыл сайын Москва, Ленинград университеттерінің Шығыс бөлімін бітіріп келіп жатқан мамандар бар. Соның бірі Болатхан Тайжан деген жігіт екі-үш арабистпен таныстырды да. Егер қажет болса аудармашыны басқа жерден шақыртуға да болады ғой.
--Ақа, жастардың болғаны жақсы. Олар тәжірбие жинағанша, алдымен Фараби заманындағы араб тілін білетін адам керек емес пе?
--Әлбетте. Ондай адам да бар. Соның бірегейі мешіттің бас имамы Сәдуақас Ғылмани ақсақал.
--Имам дедіңіз бе?—Шахмардан Есенов сәл үнсіздіктен кейін,--Фараби мұрасын игеруде жас арабистерден гөрі Құран сөзіне жетік адамның пайдасы көп болар, сірә,--деп, қоштады.
--Ол кісі имам ғана емес, ақын жанды адам. Отыз жылдай жинақтап, түзген арабша-қазақша сөздігі де бар,--деді Машани жас президенттің түсіненіне тәнті болып, осы жылдары баба трактаттарын аударта жүріп өзін тәнті еткен Сәдуақас қазидың ғұламалығынан хабардар екендігін де айтып берді.
--Танысатын кісі екен!—деп барып Есенов басшы қызметінде қалыптасқан істелер істі ертеңге қалдырма дейтін өзінің ұстанымына көшті.—Ақа, егер мүмкіндік болса ертең жолықтырыңызшы сол кісімен,--Президент алдындағы күнтізбе парағын аударып, Сәдуақасты қабылдау уақытын жазып қойды.
Сол қабылдаудан есімде қалғаны мынау деп, Ақжан аға мына жәйтті жиі есіне алып отыратын ды:
«--Сәдуақас есіктен кіре бергенде-ақ президент Шахмардан орнынан ұшып тұра келіп, сәлем беріп, қол алып амандасып, қартқа құрмет көрсетіп, кішілік етті. Қажы сол ықыласына разы болып:
--Бұл күндегі көпшілік қауым сайтаннан қорықпайды, сәлдеден қорқады. Сіз менің сәлдемнен шошынбағаныңызға рахмет,--деді.
--Ол не дегеніңіз, ақсақал, неге қашамыз. Мәселе сәлдеде емес, адамда, ғалымда, шындықта емес пе. «Құранды» молда теріс оқыр, Дағарадай болып сәлдесі»,--деді ғой Абай.
-- Ол рас. Исламның ғылыми шындығын алмай, бұрмалап, малға сатушылар көп болған. «Дүмше молда дін бұзар»сонан шыққан...
--«...Жаман бастық ел бұзар» деп қосып қойыңыз бұған,-- деп Есенов қазиды қоштады.
Қажы мен академиктің осындай ғылыми-поэтикалық астары бар әңгімесін біз қызыға тыңдап, күлісіп, желпініп қалдық. Сол жылы қажы өзінің көп томдық қолжазбасын (шамасы 5 том болса керек) ішінде бірнеше кітап болатын арабша-қазақша сөздігі бар –жиырма жыл тірнектеп жинап жазған еңбектерін президентке аманат етті. Есенов оны Тіл институтына тапсыратындығына уәде етті, сөз арасында әл-Фараби мұрасын қазақша аударуға көмектесуін сұрады.
Өкініштісі бұл еңбектің сол кездегі Қазақ тіл білімі институт директоры академик І.Кеңесбаевтың қырына ілікпегендіктен сөздік жинақталмай қалған сияқты. Жуырда жас ғалым Дихан Қамзабекұлының Сәдуақас қажы жасаған сөздіктің қолға түскен бір томын бастырып шығартқандығын, қалғаны із-түссіз жоғалған болса керек деген өкінішін естідік...
Жә, үзілген әңгімеміздің жалғасына көшейік.
Шахмардан Есенов телефон тұтқасын көтеріп:
--Жабағы Тәкібайұлы, менде академиямызды құрушы ақсақаламыздың бірі Ақжан Жақсыбекұлы отыр. Сіз осы кісімен кездесіңіз. Келесі президумда әл-Фараби мұраларын акдемия іс-жоспарына енгізу туралы мәселе даярлау керек.
Шахмарадан Есенов Ақаңды қарынан ұстаған күйде есікке дейін шығарып салып тұрып:
--«Әл-Фараби мұрасы қашан зерттеледі?» деген хаттар бұрын да көп түскен екен, қазір де жетерлік...аракідік телефон шалушылар да аз емес,--деп барып Шахмардан:--осы туралы өзім де Сізді іздеткелі жүр едім. Келгеніңіз жақсы болды, Ақа!—деді, қолын қыса тұрып қоштасып. Президент бөлмесінен қазірет Ақжан мұндайда қуаныштан төбем көктен екі елі асып кетті дегізетіндей шат-шадыман күйде шықты. Шыққан бетте ол академияның вице-президенті академик Ж.Тәкібаевқа тартты.
--Жабағы, жел оңынан тұрған сияқты,--деп есіктен сөйлей кірген Ақаң өзіне бәрін беремін. Сен алдағы президум отырысына үлгеретін бол!
Сол күгі қуанышын Ақжан хазірет өзінің ерекше сыйлайтын нағыз қазақ қаны дарыған ұлтжанды ғалым Рахманқұл Бердібаевқа айтты:
--Ақа, ісіңіз енді алға басатын болар!—деді ол Ақжан ағасының қуанышын құптап:--Әрине, президент бастайық деп отырғанда басқалардың «болмайды» деуі екі талай. Бірақ бес саусақ бірдей емес. Бүгінгі біздің жағдайымызда «қыздырманың қызыл тіліне» салатындар аз да емес...Қамсыз қалмауымыз керек.
Рақаңның телефон шалған алғашқы академигі Сәбит Мұқанов болды. Сымның арғы басынан мән-жайды естіп болған соң:
--Сенің айтып отырғаның әлгі Машанов айтып жүрген сәлделі ғалым ғой,--деді Сәбең өзінің қырылдай шығатын дауысымен ойнақы ойын аңғартып:-- Ана өзбек Ғафур Ғұлам, қазақ көшіп жүремін деп сауатсыз қалғансыңдар деп иықтай беруші еді. Енді оны жамбасқа алатын болдым ғой!—деп, ол өзбек досы ақын Ғафурдан «өшін» алатындығына шын шаттанды:--Фараби туралы жазылған кітап болса ала келші...
Қазақстан Ғылым Академиясының кезекті мәжілісі президиум Ә.Н.Тәкібаев пен А.Машанидың «әл-Фарабидің ғылыми мұраларын зерттеу мәселесі» баяндамасын тыңдаумен басталған еді. Мәжілістің жалпы мазмұнын, сол жиынның басы-қасында болған, өзі ұсыныс жасаған, қазірде арамызда жүрген ғұлама Рахманқұл Бердібаймен жасалған сұхбаттан үзінді берумен шектелуді жөн көрдік. (Фарабитану осылай басталып еді» деген тақырыппен берілген сұхбаттың толық мәтіні «Қазақ әдебиеті» газетінде және «Фараби—ғибратты ғалым» атты кітапта жарияланды —Ш.Ә.).
Сонымен:
Ш.Ә.:--Раха, әл-Фараби мұрасын зерттеу мәселесі, мемлекет тарапынан қашан қолға алынғандығы туралы деректі Сіз жақсы білетін боларсыз.
Рахманқұл Бердібай:-- Айтайын, 1967 жылдың күз айында (нақтылы күні қазір есімде жоқ) Қазақстан Ғылым Академиясының президиум мәжілісінде әл-Фараби мұрасын жинау, зерттеу мәселесі тұңғыш рет қаралды. Мәжіліске көрнекті ғалымдар мен қатар үлкен жазушыларды да шақыру қажет деп табылған-ды. Сол Ақжан Машановтың оң қолындай болып, Фараби десе ішкен асын жерге қойып, жалындап сөйлейтін Ауданбек Көбесов маған: Академия президумының жиналысына Сәбит Мұқановты шақырайық, ол кісінің аузы дуалы ғой, фарабитану бөлімін ашуды қолдап сөйлесе жақсы болар еді, сондықтан Сіз Сәбеңді «үгіттеп көрсеңіз қайтер еді», деді. Мен профессор Григорьянның «Орта Азия мен Иран философиясының тарихынан» деген, ішінде Фараби туралы тарау бар кітапты алып, Мұқановтың үйіне бардым. «Сәбе, қазақ халқының ертедегі ұлы ғалымы, әл-Фараби туралы акдемияда пікір алысу болғалы жатыр, соған Сіздің беделді сөзіңіз керек-ақ. Фарабидің кім болғандығы мына кітапта жазылған. Сізден Фарабиді зерттеу керек деген сөз күтеміз, бұл бүкіл жас ғалымдардың тілегі» дедім. Сәбең мәжіліске қатысуға және әл-Фараби мұрасын зерттейтін бөлім ашуды қолдауға уәде берді. Халқымыздың ардақты ұлы, кемел жазушы, өзінің ойын қашанда да батыл айта алатын Мұқанов уәдесінде тұрды. Академияның президиум мәжілісінде Фааби тануды қолға алу қажеттілігін дәлелдеп сөйледі. Айтпақшы мен Сәбеңе «Фарабиді насихаттаймын» деп алып барған әлгі кітабым Сәбеңнің кітапханасында қалып қойды., мен «ондай кітап табылар, көздеген мақсатымызға жеткеніміздің өзі олжа» деген пікірді қанағат тұттым.
Әл-Фараби мұрасын зерттеу мәселесіне арналған мәжілісті Академияның президенті Шахмардан Есенов ашты және күн тәртібінде тұрған тақырыптың мән-жәйін түсіндірді. Соңғы кезде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші секретары Дінмұхамед Қонаевтың және менің атыма республиканың әр тарапынан әл-Фараби мұрасы қашан зерттеледі деген сыңайда хаттар келуде, сол хаттардың бір тобы менің алдымда жатыр,--деп, ол стол үстіндегі қатталып тұрған қағаздардың кейбір беттерін парақтап шықты. Шахмардан Есенов сөз түйінін «жұртшылық сұрағын аяқсыз қалдыруға құқымыз жоқ, сондықтан осы мәжілісті Академия президиумының мүшелерімен ақылдасу үшін сіздерді шақырып отырмыз» деп тұжырымдады.
Бұдан кейін Қазақстан Ғылым Академиясының вице-президенті, академик Жабағы Тәкібаев: «әл-Фарабидің ғылыми мұрасы және оның жаһандық деңгейдегі орыны» туралы тамаша баяндама жасады. Орта ғасырда өмір кешкен, сол замандағы ғылымның биігіне шыққан қазақ перзенті туралы бұған дейін Академияның бірде-бір жиналысында айтылып көрмеген құнды талдаулар мен тұжырымдар президиум мүшелеріне күтпеген жаңалықтай әсер еткен еді. Ал, осы мәжіліске шақырылған профессор Ақжан Машановтың сөдері мейлінше қысқа әрі нақтылы болды. «Әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеу қажеттілігі туралы бұдан біраз жыл бұрын академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың атына жазған хат мынау»,--деп бір парақ қағазды көрсетті,-- бұл хатқа Қанекең «А.Машановтың пікір, ұсыныстарына толығымен қосыламын» деп, қиғаштама қойған. Міне, осы аманатты Қ.Сәтбаевтың әрі шәкірті, әрі орнын басқан мұрагері ретінде Сізге беремін!»--деп, Машанов қағазды Шахмардан Есенов қолына ұстатты.
А.Машанов бұдан соң әл-Фараби шығармаларының Парижден, Лондоннан, Лиссабоннан, Ленинградтан алдырған көшірмелерін Есеновтің алдына қойды да:--«Жер жүзінің екінші ұстазы атанған алып ғұламаның мұрасын жинау мен зерттеуге бір адамның өмірі жетпейді; Аристотель сынды бұл тұлғаның қалдырған қазынасын тұтас ғылыми ұжымдар ғана саралап, зерттей алады; әл-Фараби еңбектерін жинай ғой» деп маған ешкім шет елге комондировка берген жоқ, менің өз әрекетіммен ғана қолға түскендері осы болды, ендігі міндет академияның мойнында» деп сөзін аяқтады.
Заман желі оңынан бастаса қиын деп келген сұраулар оңай шешілетініне сол күні көзім жетті. Әр түрлі ғылымның көрнекті өкілдерінен құралған президиу мүшелері әрі айтып, бері айтып, ақырында әл-Фараби мұрасын зерттейтін арнайы орталық немесе бөлім керек деген пікірге тоқайласты. Шындығына келгенде мәселенің осылай шешілуіне ол кезде беделі мен мансабы өрлеп тұрған Қонаевтың бұл іске дұрыс пейіл білдіріуі, қазақтың нар тұлғалы төл перзенті, құнды ғылым зерттеулерімен Лениндік сыйлықтың лауреаты атағына ие болған, табанды, қажырлы Ш.Есеновтің ата мұраға деген таза ықылыасы мен тегеуіріні айырықша ықпал етті деп ойлаймын. Әйтпесе Қазақстанда Қазан төңкерісіне дейін екі-ақ пайыз адам сауатты болған деген жадағай тезисті бұған дейін сан қайталап келгендердің кенет мынадай бетбұрыс жасауы қиын болатыны айдан анық еді. Мәжіліс соңы «әл-Фараби өмірі мен шығармашылығын зерттейтін топ қай институттың жанынан ашылған дұрыс деп көпшілікке сауал тастағанда мен: «әл-Фараби ғылымның көп саласына жаңалық ашқан ғалым, бірақ ол, ең алдымен Аристотельден кейінгі философ деп мойындаған ғой, сондықтан зерттеу орталығы Академияның Философия және право» институтында болуы лайық» деп ұсыныс айттым. Бұл ұсынысты «Философия және право» институтының директоры, академик Салық Зиманов бірден қолдады, бұған президиум мүшелері де келісті. Халқымыздың атын жаһанға танытқан Әбу Насыр әл-Фарабидің Қазақстан Академиясының табалдырығын аттауы осылай басталған еді..».
Ш.Есенов: «ұлттың атын шығаратын даналары мен озық ойлы ғалымдары!» дегенді жиі айтып, өзі сол ортаның өсіп-өнуіне барынша жағдай жасаған басшы. Оған дәлел әлемді озық ойларымен мойындатқан Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын іздеп табуға барынша кірскен адам. Нақ сол жылдың 16 қарашасында президент Есенов ұсынысы бойынша Академияның философия және право институты жанынан Фарабидің ғылыми мұраларын зерттеу тобы құрылып, іске кіріседі. Жан-жаққа хатар жазылып, мемлекеттік орындарды хабардар етіп, қолдау мен көмек сұрайды. Бәрі бірден қолдай кетті десек өтірік болар еді. Ондайларға қайыра хат жазылып, маңыздылығын түсіндіріп, халық үшін, ұлт үшін, тәрбие үшін керектігін алға тартады. Басқалар мұндай ғұламаны таба алмай жүргенде біз өз жерлесімізді «танымағанымыз» ұят боладыға дейін барады. Ақырында Республика басшылығы Халықаралық конференция өткізуге келіскенмен Мәскеу ұрықсат бермейді. Шынын айтқанда олар әл-Фарабидей дананың қазақ даласынан, бұрын «бұратана» деп менсінбей жүрген халықтан шықты дегенге сенгілері келмеді. Қимады деп те айтуға болады. Тағы да талай-талай хаттар жазылды. Әрине, Халықаралық конференция емес бес адамның басын қосатын жиын өткізу үшін ол кезде Мәскеудің рұқсаты керек екендігіне бүгінгі жастардың сенбеуі мүмкін. Амал қанша, ол кездің шындығы сенсеңіз де сенбесеңіз де солай болатын.
Сондай хаттардың біразын біз Ғылым Академиясының мұрағатынан таптық және бір-екеуін жариялап отырмыз. Құжаттар біздің ой сараптауымыздан көрі дәл, шындықты баяндайды. Әл-Фарабиді өз «отанына оралту» мақсатында атқарылған шаралар мен Есеновтің әуелгі әрекетінен сыр таратады.
***
Архивтік көшірме
СССР Ғылым Академиясы жаратылыстану және техника тарихшылары Кеңестік Ұлттық бірлестігі Комитетінің,
СССР Ғылым Академиясы жаратылыстану және техника
тарихшыларының кеңестік ұлттық бірлестігі комитетіне
хаты
10-сәуір 1969 ж.
Қазақ ССР Ғылым Академиясының Президенті ж.Ш. Есеновке
Сіздің 7-сәуір 1969 ж. №33-18 хатыңызға жауап ретінде келесіні хабарлаймыз. Жаратылыстану және техника тарихшыларының Кеңестік ұлттық комитеті, жаратылыстану және техника тарихы институты Қазақ ССР-ы Ғылым Академиясының 1970 жылдың тамызында ерте ортағасырлық Ұлы ойшыл және энциклопедист Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойын атап өту туралы бастамасын уақытылы және мақсатқа сай бастама деп санайды. Әл-Фарабидің ғылыми мұрасын Қазақстан ғалымдары жан-жақты зерттеді және ол Қазақстанның тумасы болғандықтан бұл мерейтойды Қазақстанда атап өту әбден орынды мұның өзі 1971 ж. шақырылатын ғылым тарихы бойынша Халықаралық конференцияға жақсы дайындық болар еді.
Біз сіздердің ұсыныстарыңызды толықтай қолдаймыз және өз тарапымыздан Әл-Фараби шығармашылығы бойынша өткізілетін мерейтойлық симпозиумды ұйымдастыру және өткізу шараларына қатысамыз.
Сондай-ақ, біз бұл атаулы датаны ЮНЕСКО шеңберінде атап өту идеасын да қолдаймыз.
Жаратылыстану және техника тарихшылары
Кеңестік Ұлттық Комитетінің Төрағасы;
СССР Ғылым Академиясы жаратылыстану және
Техника тарихы институтының директоры
академик Б.М. Кедров
(Қ.Р. білім және ғылым комитетінің Біріккен ведомствалық архиві.
(қ. 2, О.1, і.1419, б.7а. )
***
архивтік көшірме
Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетіне
Хат 18-сәуір 1969ж.
№3-07-43
1970 жылы, ерте орта ғасырдағы ұлы ойшыл және энциклопедист Әбу-Насыр-әл-Фарабидің (870-950) туылғанына 1100 жыл толады. Ол Қазақстанның (Отырар) тумасы, оның өз заманындағы көптеген ғылым салалары бойынша еңбектері әлемдік мәдениет тарихында өшпес із қалдырды, соның үшін ол Аристотельден кейінгі екінші мұғалім деген атаққа ие болды. Фарабидің эстетика, әдебиет және өнер саласындағы зерттеулері Шығыстың Орта Азия мен Қазақстанның, Омар Хайям, Джамы және тағы басқаларының көркемдік мәдениетінің дамуында маңызды рөл атқарып, терең тамырлар қалдырды.
Қазақ ССР-ы Ғылым Академиясында Әл-Фарабидің мұрасын зерттеу бойынша проблемалық топ құрылды. Фарабидің мұрасын зерттеу бойынша жұмыстарды қыздыра түсудің маңызды кезеңі 1100-жылдық мерейтойда атап өту болуы тиіс және оны Қазақстанда Фарабидің отанында тойлау патриоттық және саяси тұрғыдан мақсатқа сай келер еді.
Қазақ ССР Ғылым Академиясының Президиумы дүниеге келгеніне 1100жыл толуына байланысты Әл-Фарабидің мерейтойын басқа республикалардан 30 адам қонақ шақырып өткізуге рұқсат сұрайды. Фарабидің мерейтойын даярлау және ұйымдастыру үшін Республика Ғылым Академиясының мекемелерінен басқа КСРО Ғ.А. Азия халықтары институты және КСРО Ғ.А. қатыса алады.
Мәселе оң шешімін табатын болса Әл-Фарабидің мерейтойын өткізу уақыты 1970 жылдың тамызында атап өтілетін Абай Құнанбаевтың 125 жылдық мерейтойымен бірге өткізуге мүмкіншілік туатын болады.
Қазақ ССР Ғ.А. Президиумы Әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО шеңберінде атап өту мәселесі бойынша Одақтық Үкіметтің ЮНЕСКО-ға ұсынысын әзірлеуді сұрайды.
Қосымшалар: 1. Әл-Фараби туралы анықтама
2. Азия Халықтары институтының 11.ІV.69 ж. хаты
Қазақ ССР Ғылым Академиясының Президенті Ш. Есенов
(Қ.Р. білім және ғылым Министрлігі Ғылым комитетінің біріккен ведомстволық архиві.
( қ. 2, О. 1,і. 1419, б. 1.2.)
***
Архивтік көшірме
Қазақ ССР Ғылым Академиясы Президиумы отырысының
Стенограммасы
Алматы қ.
6-қаңтар 1970 ж.
Төраға Қазақ ССР Ғ.А.президенті Ш. Есенов
Төраға Ш.Есенов: Бүгін бізде бір мәселе – Қоғамдық ғылымдар және оның мекемелерінің 1969 жылғы қорытындылары туралы айтылды, кімде қандай қосымшалар бар?
Мен айтуға тиіспін, бұл институт өте маңызды. Көптеген сұрақтар туындады, барлығы да өз пікірін білдіргісі келеді. Міне, сондықтан басқа жолдастар ұрандатып, әдемі сөздерді көбейтпей, сөйлеу алдында айтатындарыңыз туралы жақсылап ойланып алыңыздар. Ал, енді әншейін сөлеп қалу үшін ұмтылсаңыздар оның біздің ұжымға, біздің ғалымдарға берері аз.
Әл-Фараби туралы. Егер өз пікірлеріңізбен бөліскілеріңіз келсе, айтыңыздар. Осы бағытта қандай жаңалық айтыңыз, соны айтыңыздар. Фараби туралы францияда да біледі деген сияқты әңгіменің бізге керегі жоқ. Бұл бағытта жаңалықтар ашумен біз шұғылдануымыз керек. Бұл мәселенің соншалықты маңызды екенін сіздер түсінесіздер ме? Біз мұнда ғалымдар бір жылда қандай жұмыстар атқарылғанын тыңдауға жиналдық. Міне сіздер айттыңыздар, осы бағытта қандай мәселелерді зерттеді, жүктелген тапсырмалар орындалды ма?
Ал құрдан құр ұрандатып біз алысқа бара алмаймыз. Мұның ешкімге қажеті жоқ.
Сөйленетін сөздердің барлығы бөлімнің есебімен тығыз байланысты болсын. Институттар өз күштерін бөлген. Әрбір бөлім белгілі бір жұмыстар атқарды. Біз қазір қазақ халқының ежелгі мәдениеті туралы пікірді қолданамыз. Бір нәрсе белгілі, қазақ халқы ежелгі халық, оның мәдениеті бар, тарихы бар, атақты адамдары бар. Осыларды зерттеу керек, ашу керек. Бар болғаны жұмысты белсендіру қажет.
Мен орыс ғалымдары Тургенов пен Толстой туралы айтайын. Олар бірін бірі жақтырмаған. Тургеновтің жазушылығы пісіп-жетілген кезде Толстой әдебиетке енді ғана келген. Бірде Толстой әдеби мақала жазып Тургеновке көрсеткен, Тургенов мақаланы жоғары бағалап Толстойдың талантына тәнті болған. Оның әдебиетте құбылыс болатындығын танып, білген. Міне, сондықтан ұлы орыс әдебиеті туралы айтқанда біз Толстой туралы, Тургенов туралы айтамыз. Екеуі де ұлы шығармаларымен есте қалды. Сондықтан бізде де кімге ескерткіш қойылды, кімге қойылмады дегендей қарсы әңгімелердің қажеті жоқ. Бұндай тәсіл, жарамсыз тәсіл. Мұның өзі біздің әдебиет пен өнердің даму деңгейіне сәйкес болмайды.
Материалдар бар ма, онда солардың негізінде сөз қозғайық, егер материал жоқ болса, онда трибунаға шығу үшін ғана, көріну үшін ғана ұмтылудың пайдасы жоқ. Сіздерді өкпелетейін дегенім емес, әл-Фарабиге қатысты зерттеулер жүргізілуде, бірақ мен сол зерттеулердің жан-жақтылығына, Фарабидің тереңділігіне күмәнім бар. Дегенмен, жұмыс бар, ол Қазақстанда туылған деп бүкіл әлемге ұрандатудан аулақ болуымыз керек. Ұрандату емес, зерттеу қажет, сонда оның нәтижелері кімнің кім болғанын көрсетеді.
Конференцияға қатысты әңгімелер бар. Мәселені ең алдымен Қазақстан ішінде талқылау қажет, ол үшін қойылатын сұрақтарды республика ішінде сараптайық. Мен жалпы үйлестіру жұмыстарына қарсы емеспін, бірақ, ең алдымен зерттеулердің жоғары деңгейіне жетуді көздейік. Сондықтан сөйлеушілерге менің өтінішім, не болса соны айта бермеңіздер, негіздеп сөйлеңіздер. Ал. енді сөйлеушілерге мархабат...
(Қ.Р. Білім және Ғылым Министрлігі Ғылым
Комитетінің біріккен ведомстволық архиві)
(қ. 2. О. 1, і. 1243, б. 80, 86, 95, 96)
***
Осы үш құжаттың өзі ұлы ғұлама әл-Фарабиді өз Отанына оралту үшін атқарылған істер мен Есенов әрекетінің қандайлық дәрежеде болғанынан мағлұмат беріп тұрған жоқ па?! Бұдан кейін де осындай бас қосулардың талайы өтіп, бәрінде де әл-Фараби шығрмаларын іздеу, табу, аудару талқыланды. Шындығына келсек президент Есеновтің табанды талап етуінің, сөз бұйдалыққа салмай нақтылы шараларды ұйымдастыруының арқасында Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын, оған байланысты еңбектерді жинақтап, зерттеу мәселесі мықтап қолға алынды. Мысалы, академик С.Балмұқанов Түркияның Анкара қаласынан әл-Фарабидің екі кітабын, академик Ш.Есенов Канадаға барғанда бір кітабын, А.Көбесов астрономиялық, физика-математикалық еңбектерінің көшірмелерін алдырған болса, А.Машанов Париж қаласынан музыка кітабын, А.Қасымжанов Чехословакияның Братислава университетінің кітапханасынан логикаға байланысты сегіз кітабын алдырды. Соның арқасында әл-Фарабидің елуден астам еңбегі Қазақ ССР Ғылым Академиясының фондына келіп түсті. Қандай байлық! Теңдесі жоқ құндылық! Бұрын ұлы ғұламаның бірде-бір кітабы болмаған кітапхана үшін, ең бастысы, білім мен ілімге ұмтылып отырған халық үшін бұл қандай байлық екенін көкірегі ояу, санасы сергек адамның түсінуі қиын емес. Бұл жерде Есенов еңбегі елеулі болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды.
Ақырында, Азия-Африка Жазушыларының Ү конференциясының соңғы күні-- 9 сентябрь күні Қазақстан Ғылым Академиясының үлкен залында әл-Фарабидің 1100 жылдық торқалы тойы тұңғыш рет аталып өтіп, оған шет елден келген қонақтар, ақын-жазушылар, ғалымдар қатысып, сөз сөйлейді. Өз сөзінде ол «жерлесіміз әл-Фарабидің 1100 жылдық торқалы тойы 1975 жылы арнайы аталып өтіледі» деп, жиналған жұртқа, шет елден келген қонақтар алдында, қысқасы, айдай әлемге жария етті.
Шын мәнінде, осы жолы, осы конференцияда жасалған баяндамада да, сөйлеушілер де әлемде Аристотельден кейін «Екінші Ұстаз» аталған әл-Фараби Отырарда туып өскендігі, терең ойлы, гуманист ғалым екендігі байсалды дәлелденіп, біздің бабамыз екендігі мойындалды, басқалар да мойындады. Бұл кезге дейін әл-Фарабиді арабтар-араб, парсылықтар-парсы, өзбектер-өзбек... деп таласып, еңбектерін аударып, иемденіп жатқан кез болатын, оған алғаш тойтарыс беріліп, ұлы ғалымның Отырарлық екені нақтылы дәлелдермен дәлелденді.
Бас баяндамашы, Шығыстану институтының директоры, академик Б.Ғ.Ғафуров:
«--...оның ғұмыры жайлы деректер аз. Бізге оның толық есіміндегі «Тархан» деген терминнің өзі-ақ танытып тұрғанындай, түркі-қыпшық тайпасының бір тобынан шыққандығы белгілі. Сондай-ақ, оның қазіргі Түркістан қаласына таяу маңда Арыс өзенінің Сырдарияға құяр сағасында тұрған Отырар қаласында 870-873 жылдар арасында туғаны және өмірінің едәуір бөлігін осында өткізгені бізге мәлім болып отыр. Ізденімпаздық, білімге деген құштарлық оны сапарға жетеледі. Ол өз заманының Хорасан, Бағдат, Дамаск, Алеппо, Каир сияқты көптеген мәдени орталықтарында болып, білім алды, ілім қуды...,--деп, оның еңбектеріне ғылыми талдау жасай келіп,-- Фарабидің 1975 жылы атап өтілгелі отырған туғанына 1100 жыл толуына арналған мерекесі бүкіл дүниежүзі мәдени, ғылыми өмірінің үлкен оқиғасы болатындығына шүбә жоқ.
Қазақ ғалымдарының, республика Ғылым академиясының президенті, академик Ш.Есеновтің басшылығымен өз жерлестері, заманының дана ойшылы әл-Фарабидің мерекесіне дайындық жөнінде елеулі жұмыстар атқарып жатқандығын айтқым келеді. Алматы—Фарабитанудың шын мәніндегі орталығына айналды. Бұның өзі Қазақстанның ғылым мен мәдениет саласындағы зор жетістіктерінің тағы бір белгісі».
Конференцияда екінші болып сөз сөйлеген Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті, академик Ш.Есенов баяндамасы мына бағытта болды:
«...әл-Фарабиге қайта оралғанда, оның мұрасын зерттеудегі ең маңыздысы сыртқы әсерлер емес, керісінше ішкі ой кенеулері екенін ескерте кеткен жөн.
Сондай-ақ кейбір авторлардың әл-Фарабиді тек қазақ ретінде бейнелеуге тырысушылығы, осы мақсатта оқиғалардың жасанды түрде өңін өзгертушілігі де құрғақ әрі негізсіз әрекет болып табылады. Оның заманында этникалық жіктелу процесі әбден аяқталып болмағанын, қазақтардың халық ретінде әлі қалыптаспағанын есте ұстаған жөн. Сондай-ақ, оны өзбек деп те атауға бола қоймас. Жалпы, біздің ойымызша, әл-Фарабидің этникалық тегі жайлы пікір таласы—жөнсіз, негізсіз бос нәрсе. Фактілерді тірек ете отырып айтуға болатыны біреу-ақ, ол—әл-Фарабидің кейіннен қазақ халқының құрамына енген түркі тайпасынан шыққандығы, оның—советтік Шығыстың барлық халықтарының мәдениетіне тығыз қатысы бар қайраткер екендігі. Ол—Шығыстың ұлы.
Ұлы ойшылдың 1100 жылдық мерекесін лайықты атап өту дегеніміз—ең алдымен оның өз еңбектерін барынша толық күйінде шығару, сонымен бірге оның мұрасына зерттеу жүргізу деген сөз. Бұл жұмыс аса күрделі әрі көп күшті керек етеді. Қазақ ССР Ғылым академиясы әл-Фарабидің «Философиялық трактаттарын» орыс және қазақ тілдерінде, «Математикалық трактаттары» мен Әлеуметтік-этникалық трактаттарын» орыс тілінде, «Әл-Фараби—ұлы ойшыл және ғалым-энциклопедист» атты жинақ жарыққа шақты.
Біздің замандастарымыз үшін әл-Фарабидің этикалық ілімінің ерекше ықылас қоярлық маңызы бар...Әл-Фараби былай дейді: «Алайда, ізгі ниетті адам өлімді күшпен жеделдетуге тиіс емес, себебі өмірге деген құштарлықтың өзі ізгіліктің ұлы қайнары болып табылады».
Жеке тұлғаның бақыты, әл-Фарабидің ойынша, адамның ізгі қасиеттеріне байланысты болмақ. Бұл қасиеттер ақыл-ой өткірлігі мен тереңдігін, сондай-ақ абзал адамгершілік мінезді қамтиды. Бұның соңғысы адамның іс-әрекетіне қатысы жоқ, алдын-ала берілген әлдене емес. Көркем жазу өнерін жетілдіру шеберлікке апаратыны сияқты, жақсы әрекеттерге бой ұру, оларды дәстүрлі, табиғи, жан риза болатын тәртіппен қызмет нормаларына айналдыру, сөз жоқ, жақсы мінез- құлықты қалыптастырмақ. Адамгершілік мінез-құлық іс-әрекеттерден көрінеді және керісінше. Өз алдыңда барынша шыншыл болуың керек, бұл әсіресе өзіңнің бойында бар ізгі қасиеттерді тануға және бір нәрсені одан әрі дамытуға қатысты.
Мінез-құлықты жетілдіру процесін әл-Фараби дене мүсіндерін жетілдіруге ұқсатады. Соңғының жетілуі денсаулыққа байланысты. Егер денсаулық болса, онда оны сақтауға және нығайтуға ұмтылу керек, егер денсаулық болмаса, онда оны жақсарту үшін күш жұмсау қажет. Тән саулығы тіршілк істерінде ұстамдылық сақтауға, соның ішінде –тамақ ішудегі сабырлылық қанағатқа байланысты. Жақсы мінез-құлық рухани салауаттық ретінде, сондай-ақ, іс-әрекет ұстамд ылығын да талап етеді. Бұнымен қатар, жарамсыз мінез-құлықты әл-Фараби рухани дерт ретінде сипаттайды. Іс-әрекеттегі ұстамдылық орайында ол бұны шектен тыс екі өрескелдіктің ортасы ретінде сипаттай келіп, толықтай дерлік аристотельдік көзқарасты одан әрі дамытқан.
Болашақта әл-Фараби бүкіл өмірі бойында еңбек еткен логика, таным, эстетика, математика, музыка теориясы мәселелері кеңінен қозғалған «Үлкен музыка кітабын» зерттеу және жарыққа шығару жұмысы күтіп тұр...
Ұлы ойшыл-философтың мерекесі Азияның көптеген елдерінде, сондай-ақ, Европа мен Американың Шығыстану топтарында кеңінен атап өтілмек. Ақыл-ой мен ағарту жаршысы болған, соғыс пен басып-жаншуға батыл үн көтеріп, дүние жүзінің барлық халықтарын бейбітшілк пен достыққа шақырған гуманист әл-Фараби ізгі ниетті барлық адамның да жүрегіне ыстық әрі қымбат...»
Бұдан кейін сөз алғандар, шет елдерден келген ақын-жазушы, ғалымдар: Ирактан келген Халила Абдул Азиз, Сириялық Аднана Багаджати, Египеттік Абден Рахман Әл-Шарқай, Пакистандық Файз Ахмад Файз мінберден сөз сөйлеп, бас баяндамашының сөзін қолдап, әл-Фарабидің біздің жерлесіміз екенін мойындап, басқалардың да мойындауын қалап, не керек, осы уақытқа дейін әр-түрлі айтылып, әркім «иемденіп» жүрген пікірлерге соңғы нүкте қойылды.
Президент Шахмардан Есеновтің жеке араласуымен, қатысуымен әл-Фарабидің шығармалары сараланып, оның философиялық, логикалық, әлеуметтік-этикалық, математикалық, жаратылыстық ғылымдар, музыкалық трактаттарын тарихта тұңғыш рет Қазақстанда жеке-жеке кітап етіп, қазақ және орыс тілінде шығарды. Теңдесі жоқ Есенов еңбегін елге таныстыру үшін, есте сақтап, өсіп келе жатқан жас өрендерге үлгі ету үшін осылай тәтпіштеп айтуды жөн көрдік.
Бізге ой келеді, егер Есенов бастама көтеріп, қолға алмағанда әл-Фараби әлі аулына, туған жерге «орала алмай» жүрер ме еді, кім білсін. Ең бастысы— Әбу Насыр әл-Фарабидей ұлы адаммен жерлес болудың өзінде бір ұлы күш барын сезесің. Әсіресе, әлі күнге дейін тарихты зерделемей, бізді «жабайы» деп жатырқап, «адам еттік» деп айғайлап жүргендерге кәдімгідей-ақ айбарлана қарап, рухтанып қалады екенсің! Басқаны білмейміз, біз әл-Фарабидей ғұлама ғалым бабамызды Отанына «қайтарғаны» үшін-ақ Шахмардан Есеновке қарыздармыз.
Өкінішке орай 1975 жылы өткен әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойына академик Есенов шақырылмады. Бұл кезде оның президенттік міндетін толық аяқтатпай, орнынан алған кез болатын. Жарайды, президент қызметінен кеткенмен әл-Фарабидің осы торқалы тойының аталып өтілуіне бірден-бір күш салып, істі ұйымдастарған сол екенін архив құжаттары тұрғанда тарих бетінен қалай өшірмекпіз. Басты баяндамашы болмаса да, призидиумға отырғзбаса да құрметті қонақ етіп шақыруға болушы еді ғой. Жоқ, шақырылмаған. Архивте сақтаулы тұрған бар құжаттарды қарап, ешбір тізімнен Есенов есімін біз кезіктіре алмадық. Қызық. Мұндайда не айтуға болады, қолымда биліктің бишігі бар екен деп әрбір әділ іске осылай өктемдік жасала берсе оларда ар мен ұяттың болмағаны да.
Достарыңызбен бөлісу: |