Шахмардан есенов


Геология-минерология ғылымарының докторы Э.Ю.Сейітмұратова



бет15/21
Дата04.11.2016
өлшемі5,66 Mb.
#306
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   21

Геология-минерология ғылымарының докторы Э.Ю.Сейітмұратова:

«--Қазақстан Республикасының қысқа мерзім ішінде негізінен мал шаруашлығымен, шұғылданатын елден қуатты индустриалды мемлекетке айналуына едәуір дүмпу берген геология саласы болса, сол сала министрі орынтағына Шахмардан Есенұлы 33 жасында тағайындалды. Оны геология министрінің орынбасарлығына тағайындау алдында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетке сұхбатқа шақырылған кезінен қалған мынадай әңгіме біреуден-біреуге жеткен еді. Оның тарихы келесідей. Шахмардан Есенұлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісінің кабинетінде отырған кезде кабинетке Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Д.А.Қонаев кіреді де, қандай мәселе қаралып жатқаны туралы сұрайды. Бөлім меңгерушісі Ш.Е.Есеновті шақырып, оны геология министрінің орынбасары қызметіне тағайындау мүмкіндіктері бойынша сұхбаттасып отырғанын айтады. Сонда Д.А.Қонаев Есеновтің кабинеттен шыға тұруын сұрайды да бөлім меңгерушісіне қарата: «Қайдағы зам. министр, бұл тұрған бойы министр ғой...» деген екен.

Республиканың бірінші басшысы – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа қалдырған жағымды әсері Ш.Е.Есеновтің бұдан арғы тамаша карьерасына берілген жолдама іспетті болуы әбден мүмкін. Халық «Қыдыр қонған» деп бекер айтпайды ғой. Бұл тағдыр.

Тағдыры Ш.Е.Есеновке өзінің қабілетін жүзеге асыру үшін мүмкіндік берді. Ал, оның қабілеті – бұл адамдарда сирек кездесетін жетекшілік дарыны мен жаңашылдық дарыны еді. Кім не айтса соны айтсын, республиканың мұнай геологиясында негізгі серпін, бұған дейін республикадағы геологиялық іс-әрекет қатты пайдалы қазбалардың минералды-шикізаттық базасын жасауға бейімделген болатын, Ш.Е.Есеновтің геология министрі қызметіндегі кезеңге дәлме-дәл келді. Егер адал, сөзінде тұратын, сенімді де тұрақты дос болуға, досты қорғауға даяр адамға Қыдыр даритын болса, онда Ш.Е.Есеновтің басына дарыған болуы керек. Жоғарыда аталған адами қасиеттері Ш.Есеновке өмірінің соңына дейін тірек болды, көмектесті.

Бұл жерде Ш.Есеновтің бойында бар қасиеттердің түгелін санамалап беруге болар еді, бірақ олар туралы басқа да лайықты адамдар айтып та, жазып та жүрсе керек.

Менің айтарым, оның Алматыдағы қызметінің бірінші кезеңінде (1960-1978ж.ж.) Үкіметтік сатыларда ғана емес сонымен бірге ғылымда да биік баспалдақтарды кереметтей қарқынмен бағындырғаны туралы. Соңғысының оған «оңтайлы» келуінің басты себебі геологиялық өндірістің қыр-сырын меңгеріп алуында шығар. Геология, оның негізін қалаушылардың пікірі бойынша, «ең ғылыми өндіріс және «ең өндірістік ғылым болып табылады». Сондықтан да геология ғылымдары институтының көптеген басшылары Қ.И.Сәтбаевтан бастап, одан әрі Р.А.Борукаев, В.П.Ли, А.К.Қаюпов, Г.Н.Щерба, П.Б.Жилинский және басқалары К.И.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтына келместен бұрын өндірістік тәжірибеден өткен адамдар еді. Ш.Есенов оншақты жыл жинақтаған өндірістік машықтары оның ғылыми еңбектерінің үлкен бөлігіне негіз болды. Айталық, оны танымалдық пен ғылыми даңққа бөлеген Жезқазғанның кенді аудандарының минерагениясы және бүкіл Қазақстанның металлогениясы туралы іргелі еңбектер өндірістік тәжірибе мен ғылыми дарынның жемісті нәтижелері болып табылады. Осы бағыттағы көптеген жұмыстарда ол басқаларды ғылыми ұжымдасуға тарта отырып орындады. Мәселе, қайсыбір жұмысты ойдағыдай атқару үшін ол керемет икемділік пен көрегендік танытып, тіпті бір-біріне қарсы адамдардың іске қызығушылығын арттырып, татуластырып жіберетін. Нәтижесінде, сол жылдарғы геология институтының бастамалары ойдағыдай жеміс те жеңіс те әкелген жайы бар. 1968 жылы баспадан шыққан «Қазақстанның жер қойнаулары» монографиясы (Ш.Е.Есенов, Д.С.Қонаев, С.Ш.Мұхамеджанов) Қазақстанның пайдалы қазбаларының түгелге дерлік кен орындарының жинақталған қорытындысы, шын мәніндегі анықтамасы десек жаңылмаймыз. Кейінгі жылдары аталған монографияның негізінде Қазақстанның Рудалық және рудалық емес кен орындары бойынша кеңейтілген заманауи анықтамалар жарық көрді. Әртүрлі халықаралық конгрестер мен Бүкілодақтық жиналыстарда қазақ геологтарының баяндамалары жоғары бағаланып, марапатталды. Бұл баяндамалардың бастауында Ш.Е.Есенов тұрған болатын.

Шахмардан Есенұлының өзі өте жоғары деңгейлі бірқатар геологтар форумдарына қатысқаннан болар, Қазақстанда сәйкес шараларды өткізу істеріне аса үлкен жауапкершілікпен кірісетін. Осыған байланысты есіме 1976 жыл түсіп отыр. Сол жылдың қазан айында, Алматыда Бесінші Бүкілодақтық петрографиялық жиын өту тиіс болатын. Әдетте, барлық геологиялық конгрестер, конференциялар және т.б. жиналыс өтіп жатқан ел өңірлерінің геологиялық құрылымы мен пайдалы қазбалары кен орындарының ерекшеліктерімен танысу үшін геологиялық экскурсиямен жалғасатын. Сондықтан, өткізілетін форумның ұйымдастыру комитеті Қазақстан бойынша бірқатар экскурсиялар, соның ішінде Солтүстік Балқашқа экскурсияны бір жыл бұрын бекітіп қойған болатын. Маған, «Балқаш» геологиялық-геофизикалық кешенді экспедициясының аға геологына, басшылық экскурсия маршрутын басшылық жасап, әрі талдау мен жол көрсеткішті даярлауды жүктеді. Мен бұл жұмысқа Саяқ маршрутын сипаттау үшін геологиялық ғылымдар институтының қызметкері В.И.Фомичевты қосып алып, құлшына кірістім. Менің жоспарым біз қазір жол көрсеткішті жазып, жариялаймыз, ал, күзде экскурсияны өткіземіз дегенге сайды. Кенеттен, тамыз айында жол көрсеткіштің барлық авторлары олар жол бастаушылар рөлін де атқаруы тиіс еді, Алматыға, геология министрлігіне шақыртылды. Бізді Ш.Е.Есеновтің кабинетіне кіргізді. Сонда министр бұдан да маңызды істерін жиыстырып қойып 2-3 сағат бойына әрқайсымыздан экскурсияның даярлық деңгейі туралы, бүкіл ұйымдастыушылық мәселелер туралы, қонақ үйлердегі жатын орындардың әзірлігі туралы, экскурсия кезіндегі тамақтану, даладағы түнеу, Ақшатау мен Саяқтағы инфрақұрылымдар және т.б. туралы тәптіштеп сұрастырды.

Бұл кездесу мен үшін өткізілетін шара үшін жауапкершілік дәрежесінің сабағындай болды. Менің түсінгенім: адамдарға байланысты істе Шахмардан Есенұлы тек жақсы ұйымдастырушы ғана емес сонымен бірге өте қамқор және мұқиятты адам екендігі анық көрінді.

Мен сол шақта егер бұл кісі бөтен адамдарға соншалықты қамқорлық танытса, өзінің жақындарына деген жүрек жылуы қаншалықты екен деп ойладым.

Мен Шахмардан Есенұлының мұндай қасиеттерін жыл аралатып Балқашқа Л.К.Қадырбековпен немесе В.Е. Ларчиковпен жолсапарға келген уақыттарында біздің үйден түстену кезінде-ақ байқағанмын. Ал, енді ресми жағдайдағы оның адами қасиеттерінің сол күйінде алдымнан шыққанын көргенде, расы керек, бұл мен үшін күтпеген ситуация еді. Бұдан бір ғана қорытынды жасауға болады: осынау ақылман және қуатты министрдің кеудесінде мейірімге толы жүрек соғып тұр.

Менің ойымша дәл осы мейірімділік сезімі Шахмардан Есенұлы мен Кәмила Бегімбайқызының қарым-қатынастарының негізін құраған болуы керек. Мұндай мейірімді, жүрегі жылы сезімдерге толы адамды ұнатып, сүю де бір ғанибет шығар. Расында, бір-біріне деген жасандылықтан ада құрмет пен сыйластық бұл екі кісінің өмірлік қағидасына айналған еді. Есеновтер отбасымен таныс-біліс болған көп жылдар ішінде Кәмила Бегімбайқызы оның атын атап сөйлегенін көрмеппін. Бұл кісі Шахмардан Есенұлын «Батыр» немесе Шәке деп ұлықтайтын. Олар көпшіліктің қызығушылығын туғызатын сұлу да, бақытты жұп болды.

Айтпаса да түсінікті өткен ғасырдың 60-70 жылдары олардың «жұлдызды сағаты» болды. Мұндайда «Тоқта уақыт» дегің келеді. Өкінішке орай, уақытты тоқтату ешкімнің де қолынан келмейді және ол өзінің түзетулерін әрдайым енгізіп отырады. Оның үстіне ешбір адамның өмірі өздерінің Ягосы мен Сальериінсіз өтпейтіні тағы бар. Шахмардан Есенұлының жалынды, жарқын бейнесі қызғаныштың қызыл отын жақпай қойған жоқ. Ондай бейшара, күйкі адамдар туралы айтпай-ақ қоюға да болар еді, бірақ олардың қара ниет әрекеттері нәтижесінде зор парасат иесі, мемлекетшіл, дарынды тұлға – Ш.Е.Есеновтің қайраткерлік қызметіне қиянат жасалды ғой.

Оның Қазақ ұлттық техникалық университетінің геология факултетіне келуі факультеттің мәртебесін бұрынғы жоғары деңгейіне бірден көтерді. Ш.Е.Есеновтің арқасында факультеттің лекциялар курсында металлогения пәні пайда болы, факультет оқытушылары ҚР геолгия комитетімен шаруашылық келісім-шарттар жасап Саяқ кенді ауданының 1:50000 (ГДП-5) масштабын геолгиялық жетілдіре зерттеу бойынша бірнеше жоба әзірледі, және оған қоса Ш.Е. Есеновтің беделі мен есімі факультетте 25.00.11 геология, қатты пайдалы қазбаларды іздеу және барлау, минерагения және 25.00.10 –геофизика, пайдалы қазбаларды іздеудің геофизикалық әдістері мамандықтары бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалатын ғылыми кеңес ашуға көмектесті.

Шахмардан Есенұлы өмірінің парақтарын ашып, қарап отырсаңыз, мағынасыз беттерді таба алмайсыз. Оның бар өмірі – өз қызметін жарқырата атқаруға арналды, сондықтан оның өмірінің тым қысқа болуы өкінішті-ақ, ол елі үшін, Қазақстан үшін қажет еді, жақындары үшін қымбат, қимас жан еді.

Оның перзенттері – қызы Шайзада, ұлдары – Мақсұт, Ескендір, Сұлтан жоғары кәсіби мамандар, іскер, қуатты кәсіпкерлер. Үлкен немерелері де ержетті, кішілері өсіп келді, шөберелер дүниеге келеді. Кішкентай Сара, Шахмардан Есенұлының бірінші немересі Ержанның қызы. Бірінші немере қызы Б.Н.Мырзабекова Айгелия есімді шөбересін дүниеге әкелді. Есеновтер отбасын ұйыстырып, бақылауда ұстап отырған Кәмилә Бегімбайқызы. Осынау әдемі, қуаты таймаған ақылман әйелден «Ошақты сақтаушы – От анасы...» деген ұғымның тірі бейнесін көргендей боласың. Есеновтер ұрпағын, олардың дәстүрін жалғастырушы Кәмилә Бегімбайқызының және оның балаларының Шахмардан Есенұлын мәңгілік есте сақтау үшін атқарып жатқан қызметтері мақтауға да, алғыс айтуға да тұрарлық.

Дегенмен, Шахмардан Есенұлы сияқты жұлдызды адамдар туралы жад ешқашан да сөнбек емес».

***

Осылай Геология министрлігінде бір шаруаларды бітіріп, екіншісін жоспарлап жатқан тұста Есеновтің тағы да қызмет ауыстыруына тура келді.Ол оның еркімен емес «ұлы» коммунистік партияның нұсқауымен болды. Бұл жолғы ұсынған қызметтері тіптен ерекше еді. Баяғыда, өзі Жезқазғанда жиырманың ішінде атқарған қызметіне қайта жіберді. «Мықты министр», «іскер президент» атанып, абырой-беделі Мәскеу мен Қазақстанда асқақтап тұрған шағында, мемлекеттің қандай да бір қиын ісіне салсаң да ширатып әкететін, төс пен балғаның ортасында шыңдалған алмас қылыштай жалт-жұл етіп тұрған нағыз Ер-азаматты Бетпақтың даласындағы Балқаш геология экспедициясына жетекші етіп жіберуі «ұлы партияның», әрине, ұлы шешімі болған жоқ. Керісінше бұл көп адамның кейісін тудырды, сол кездегі басшылықтың әділеттсіз әрекетіне наразылықтарын оятты.



Сол бір күндерін Кәмила апай да мұңая, анда-санда басын шайқап қойып есіне алып: «не бір оқиғалар өтті ғой, қалқам...» деп, әңгімесін көңілсіздеу бастады. Қаншама жылдар өтсе де жүрекке түскен сызат әлі жазылмаған. Әділетсіздіктің жарасы оңайлықпен жазылмайды екен-ау деп ойға қаласың. Өткеннің оқиғасын айтқысы да келмеп еді біз айттырдық, өтініш жасадық. Тарихи тұлғалардың өмір иірімдерін әуелі бүгінгі біздер біліп, сосын жастарға жасырмай айтуымыз керек шығар. Айту-- о дүниелік болған Шахмардан үшін емес, өсіп келе жатқан өрен үшін, біздің қателігімізді олардың қайталамауы үшін қажет дедік.Ойымызды түсінген Камила апай осы күндерге дейін санасында сары майдай сақтап келген естеліктерін ағыта түсті:

«--Ішіп-жеп немесе бүлдіріп қойғаны болмаса да Батырды әуелі президенттіктен, сосын, екінші рет министрліктен түсіріп, Балхаштағы барлау экспедициясына бастық етіп жіберді. Көшіп-қонуымыз тура 1-ші май мерекесіне тура келді. Ол кезде бұл мерекенің қадір-қасиеті түспеген, нағыз дүрілдетіп тойлайтын кезіміз ғой. Жаңа қоныс, жаңа орта, әлі үйрене алмай жатқан тұс. Оның үстіне көңліміз де жабырқау. Шахаң еш уақытта қанша ренжіп тұрса да біреуді жер-жебіріне жетіп жамандамайтын, маған да жамандаттырмайтын. Сол кездері өзіме-өзім Шахаң қандай мықты адам деп таң қалатынмын. Жұмысты алып жүре алмай, бір нәрсені қиратып жатса бір жөн ғой... тектен-текке, болмашыны кінә ғып тағып, жер аударғандай етіп бетбақтың даласына жіберу, әрине, ауырлау тиді...амал қанша...Балхашқа көштік...

Содан... не керек елдің бәрінде мерекелік көңіл-күй. Көшеде музыка ойнап, елдер шар мен гүлдерін ұстап, орталықтағы алаңға кетіп барады. Мен ақырын Батырға қарап қоямын. « Не істер екен, парадқа барар ма екен, бармас па екен?» деген ой мені мазалап тұр. Әрине, мен барғанын қалап тұрмын, бірақ сұрауға бата алмаймын. Бір кездері үлкен министр, президент болған, жоғарғы трибунада тұрып, парад қабылдаған адамның енді келіп шағын қаланың мерекесін менсінбей, өзіне қораш санап, тіптен қорланып қалуы да мүмкін ғой. Адам жаны күрделі ғой, түсінуің қиын. Бір кезде тура менің қобалжып жүргенімді сезді ме, білмеймін:

-Батыр, Сұлтанды киіндір, парадқа барып келейік,- деді. Сондағы менің қуанғанымды айтсаңызшы. Күні бойы күткенім осы емес пе, балаша ұшып, Сұлтанды киіндіре бастадым. Ол кезде Сұлтан мектепте оқитын. Жеңілдеу киініп жатқан Шахаңа:

-Күн салқындау, пальтоңды кимейсің бе?-дедім. Солтүстікке жақын жақ қой, не дегенмен күн әлі көтеріле қоймаған, ызғар бар еді. Ауырып қала ма деп тұрмын. Досқа күлкі, дұшпанға таба қыла көрме деп жүрген кезіміз ғой.

-Ой, Батыр! Сен мұндай пагоданы ұмытып қалдың ба? Сарыарқаның самал желі емес пе, байқайсың ба бізді сағынып қалған болуы керек, келгелі аңқылдап соғып тұр. Кәкімбек ақын қалай деуші еді:

«Балхашқа келіп,

Осындайды ұқпасаң.

Санама, достым,

Сарыарқаны көргенге!»

Сен жатсынба, өзіміздің Сарыарқа емес пе бұл, самалын сағындық емес пе.., - деп, маған жеңіл ғана әзіл айтты. Жабырқаған көңілін қалай көтерсем екен деп жан ұшырып жүрген пейілімді сезіп те, түсініп те тұр. Өзі дәу, көңілі көлдей еді Батырымның.

Шынында да коллективі Шахмарданды күтіп тұр екен. Бәрі жапырлай, қуана қарсы алып, қол беріп амандасып жатыр. Оларда да «министр, президент болған адам келер дейсің бе?» деген түйткілдің болғаны жүздерінен сезіліп тұр. Тіптен сондағы кадрдің бастығы орыс әйелі менімен жарқырай келіп амандасып, «Шахмардан Есеновичті келмей қала ма деп едік, қандай жақсы болды!» деп, шын қуанғанын жасырмай. Апыр-жапыр бәріміз бір-бір шарды ұстап, кейбірі Маркс, Энгьлс, Ленин портреттерін төбелеріне көтеріп парадқа жүрдік. Әсіресе, кенжеміз Сұлтан мәз.

Кеңсенің шағын бір бөлмесіне коллектив дастархан жайыпты, парадтан кейін соған шақырды бізді. Шахаң: «бұларың дұрыс болды, әйтпесе, жаурап, бой жылытар ештеңе болмай, бостан-босқа үйге қайтатын болдық-ау деп тұр едім» деп қалжыңдады. Оның қалжыңына коллективі ду күлісіп, манадан бері тосырқап, жатырқап, бата алмай тұрған әріптестері жадырап сала берді. Дастархан басында да Шахаң өзін жақсы ұстады. Ол қашанда да қарапайым болатын, бастық болып шіренгенін көрген емеспін. Ақ-жарқын отырып, әңгімесі мен анекдотын қатар айтып, жаңа коллективіне мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Менің ойыма баяғы Жезқазғандағы бақытты күндерім түсіп, көңілім толқып, біраз үнсіз отырып қалдым. Атын ұмытып қалғанымды қараңызшы, әлгі, кадрдің бастығы орыс әйел: «Камила Қарабалаевна, біздің қарапайым дастарханымызды ағат көрмеңіз, тосыннан...осылай болғаны дұрыс шығар дедік» деп, ағынан ақтарылып жатыр. Қайдан білсін, қазы мен қартаңа ыңқия тоя отырып, артынан өсектеп кететін кейбір «қонақтардан» менің де, Шахаңның да шаршағанын. Адал, таза пейілмен жайылған қарапайым осындай дастарханды біздің сағынғанымыз рас еді. Жағдайдың бәрін іштей түсініп, біліп, Батырдың көңілін ауласақ екен деп құрақ ұшып жүрген ақ пейілдеріне, қарапайым жандарға риза болдым. «Жетім бала көңілшек» демей ме қазақ, сондай көңіл-күйде жүргендіктен болар көңілім толқып, үнсіз отырып қалғаным. Жасыратын несі бар...бәрі де болды, бәрі де өтті ғой...

Қалқам, Жезқазған біздің өміріміздің ең бір мәнді кезеңі өткен жер,--осыны айтты да Камила апай ойланып отырып қалды. Артта қалған күндерге деген сағыныш сазы көңіл қылын шертіп кетті білем, біртүрлі күйге бөленді. Лезде жүзіне мұң ұялай қалды. Бір кезде: -- шынымды айтсам, соңғы кезде сол бір бейкүнә күндеріміз есіме жиі түседі. Ол кезде біздер дүние қуу, мансап іздеу дегенді білмейміз. Далабай, Ғазиз, Темеш әйлдерімен, кейде Қарағандыдан арнайы Ебіней мен Зүбайра келетін, не керек көңіліміздің шаттығы өз кеуделерімізге сыймай, бөлісуге бір-бірімізді жиі іздейтінбіз. Жатқан бір күлкі, езу жиғызбайтын әдемі қалжың, қайдан шығатынын да білмеймін. Батыр, науқастанып бір жылдай үйде жатып қалды ғой, сонда отырамыз да сол күндерімізді еске аламыз. Сөйтсек, таза, арамдығы мен сұмдығы, өсегі мен аяңы жоқ періште күндерді сағынады екенбіз ғой...»

Жабырқау мен мұңаюдың сырын, «өмір» деген ұлы көштің мәні мен мағынасын Камила апайдың өзі осылайша бағалап, бағамдап берді.

Бұлақтың басы таза, аяғы лайсаң болатыны несі? Адамның жастық шағы таза, аяғы ала-құла, алай-дүлей болатыны несі?

Дәл осы кездерде кездескен, сырттай «қалай болар екен?» деп, жанашырлықпен бақылап жүрген әріптесі, геология-минерология ғылымарының докторы Э.Ю.Сейітмұратова былай дейді:



«--Көре алмаушылар Шахмардан Есенұлын мемлекеттік істерден шеттетсек ол омырылып, күрт сынады деп есептеді. Осы бір ол үшін қиын уақыттарда тағдыр маған Есеновпен және оның отбасымен жақын араласуымды жазыпты. Ш.Е.Еменов үшін күрделі уақытта оның мінез-құлқына зер салумен мен үшін өмірдің тағы да бір сабағы болы. Шахмардан Есенұлы шыдас беріп, белсенді қызметіне қайта кірісуі үшін оның отбасы барлық жағдайды жасауға тырысты. Оның өзі де сыр берген жоқ, бойын тіктеп, абыройын асқақ ұстады. Ол жан-тәнімен жұмысқа берілді, алыстағы барлау телімдеріне барды, экспедициядағы ғылыми-техникалық кеңестерді үзбей өткізді, барлау партияларының жобалары мен есептерін қабылдады. Бір күндері, тіпті әзілге басты. «Менің геологтық жұмыс өтілімде қызмет түрінің түгелдейі бар – учаскелік геологтан геология министріне дейін, тек қана экспедиция бастығының қызметі жетіспеуші еді, міне, тағдыр оның да орнын толтырды» деп біздерді бір күлдіргені бар. Өмірде орын алған бір оқиғаның өзін адамдардың әртүрлі бағалайтыны белгілі. Егер Шахмардан Есенұлының өзіне қатысты әділетсіздік ауыр және қиын тиіп жатса, экспедиция кеншілері, құрылысшылары мен геологтарының еңселері көтеріліп, кеуделерін қуаныш сезімі кернеді. Мақтанса солар мақтансын, енді олардың бастығы геология министрінің дәл өзі келді. Сол күндері маған «Адамның сәні орын емес, орынның сәні адам» деген мәтелдің мәні ерекше ашыла түсті. Шындығында, Ш.Е. Есенов сияқты адамдар кез келген істе ірілігі мен шығармашылығын айғақтайды...».

Дарынды адам қай ортада да, қандай қызметте де өзіндік қолтаңбасын көрсетіп, жүрген жерінде жаңалықтар енгізіп, бастамалар бастап жүреді. Оған оны бастайтын ел үшін бір нәрсе бітірсем деген асыл арман мен болмыстың мықтылығы. Табиғат Ана жинап-теріп берген ақыл мен парасат, күш пен қайрат оны үнемі осындай істерге жетелеп, бастап отырды. Шахмардан Бетпақтың даласына келісімен бірден іске кірісті. Оған экспедиция геологтарының тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы бірден ұнамады. Қаладан ұзақ, бір қиянда тұрады екен, күнделікті өмірде қажетті ұсақ-түйек нәрселердің өзіне мұқтаж. Мәкеуге, Орталқы минстрлікке хат жазды, көмек сұрады, Балхаш қалалық партия комитетіне, атқару органына шықты, көмек сұрады, ақырында геологтарды қалаға жақындатып, пәтерлер алып берді, балалары қала мектептеріне оқуға баратын болды, әйелдері жұмыс тапты. Біршама тұрмыстары жақсарып, тіршіліктері оңалды, оған байланысты көңіл-күйлері де көтерілді, жұмысқа деген белсенділіктері артты.

Бірінен соң бірі кен көздері ашылды. Баяғыда, Маңғыстаудан бірінен соң бірі, мұнай көзері ашылып жатқанда мұнайшы ..........: «Шаха, осы сен мұнайдың пірі шығарсың» деген екен. Сол пікірді дәл осы тұста да айтуға болушы еді. Бірден екі кен көзі табылып, Есенов есімі қайта биікке көтеріліп, әсіресе, мәскеуліктер ортасында жақсы аты атала бастады. Бұл тағы да Қазақстанның Орталық Комитетіне ұнаған жоқ. «Отқа салса жанбайтын, суға сала батпайтын» дегеннің нағыз өзі болды. Есеновтің «үнін» өшірудің басқаша жолдарын ойластыра бастады. Сөйтті де қайыра ешқандай қызмет ұсынбастан Алматыға себеп-салдарсыз шақырып алды. Бір-екі айдан кейін, ешқандай қызмет ұсынылмаған соң өзі оқып бітірген Қазақ политехникалық институтына барып, ұстаз болу ойын айтты. Институт басшылары ойланған жоқ, академик Есеновті қуана-қуана қабылдап, бірден «Пайдалы кен орындарын іздеу және барлау методикасы» кафедрасына меңгерушісі етіп тағайындады. Шын мәнінде ол сайлауға, конкурсқа түспей-ақ тағайындалды. Өйткені қандай конкурс өткізсеңіз де ол кезде (қазірде де!) Есеновтен озатын ешкім жоқ болатын. Соны түсінген ректор бірден оны тағайындап жіберді. Оны көпшілк, институттың ұжымы мақұлдады, құптады, тіптен академик ғалымның институтқа келгеніне қуанды. Шахмардан да осы уақытқа дейін жиған-терген білімі мен ілімін жас жеткіншектерге, ертеңгі Қазақстанның иесі-студенттерге айтуға өзі де құлықты болды, ұстаздықтың ұлы жолына осылай таңдады. Өзі айтқандай: «Мен бір лауазым қуып жүрген адам ба едім. Маған қандай қызмет берсе де атқара бердім...»дегені болды.

***


Тоғызыншы бөлім

« ҰСТАЗЫ МЫҚТЫ ҰЛЫ БОЛАДЫ»



«Біз, геологтар, қаншама байлық таптық,

алтын көмбенің үстінде отырмыз, бірақ, ең

кедей елміз. Неге?»

***

«Ұлтымыздың ертең азып-тозып кетпеуіне

ертеңгі ұрпақ жауапты. Ал, ертеңгі

ұрпақтың мықты болып жетілуіне бүгін біз

жауаптымыз»

Шахмардан Есенов

«-«Ұстазы мықты ұлы болады!». Негізі бұл нақылды әуелі Шахмарданның өзіне, сосын оның шәкірттеріне айтуға болады. Ұстазы Қаныштан алған үлгі-өнегесі оны біраз биікке көтеріп, тұлғалы ғалым атандырды. Енді өз ісін жалғастыратын шәкірт дайындауға мықтап та, нықтап та кірісті. Геология мектебін бірі құрып, екіншісі жалғастырып, енідгі жерде сол мектепті болашаққа ұластыратын ұландар даярлауды ойлады.

Нақ осы тұста, Шахмардан Есенов ұстаздық қызметке енді кірісе берген кезде, тағы бір қызық оқиға дейміз бе, әділетсіздіктің әпербақан әрекеті дейміз бе, әйтеуір, бір жағымсыз іс тағы да басталды.

Бұл 1978 жыл болатын. Шахмардан жаңа қызметіне енді кірісіп, кафедра ұжымымен танысып, жоспарлар жасап жатқан-ды. Бір күні Сізді Орталық Комитетке шақырады деген тағы да хабар келді. Әрине, бұл хабарды оған жағымды тиді деп айта алмаймыз. Шайлыққан жүрек «тағы да не болып қалды екен?» деген түйткілмен келген. Соңғы жылдары ол «Үлкен үйге» кінәсіз болса да кінәлінің орнында талай барған, талай түсініктеме жазған. Биліктен кеттім, енді маған маза береретін шығар деп жүргенінде тағыда «кілем үстіне» шақырып тұр. Келді. Себебін естіді. Бұл жолғы шақырыстарының себебіне шынын айтса Шахмарданның күлкісі келді, сосын өзіндік пікірлері жоқ, құлдық ғымыр кешіп жатқан партократтарды аяды. Әйтпесе, «бұл мақалада тұрған ештеңе жоқ, қойыңдар!» деп біреуі бір ауыз қарсылық білдірулеріне болушы еді ғой. Жоқ, ешкім ауыз ашпаған, бәрі де биліктің алдында дәрменсіз, бейшара халдерін әшкерелеп тұр. Бар оқиға былай болған, кезінде Шахмарданға сабақ берген ұстазы, «Геологиялық барлау» факультетінің доценті, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Г.П.Бурдаков институттың «Инженер кадрлары үшін» деген шағын тиражды газетке «Біздің түлектеріміз енді бізге ұстаз» деген көлемі кіп-кішкене ғана мақала жариялапты. Әдеттегі таныстыру. Біраз лауазымды қызметтерде істеп, ел үшін, жер үшін еңбек еткен адамның, академик Есенов Шахмарданның өзі ұшқан ұясына оралып, ұстаздық етуін ептеп қана мақтаныш сезіммен жеткізу бар. Басқа асыра мақтап, марапаттау мүлдем жоқ. Бірақ, осы мақала Орталық Комитеттегілерге шаян шаққандай әсер етті. Қылмыскерлерді алдына шақырған тергеушідей боп, ертеңіне-ақ Орталық Комитетке әуелі институттың ректорын, сосын партия ұйымының хатшысын шақырды. Олар «біз білмейміз» деп, ақталып, әуре болды. Ал, газет редакторы Досмұхамед Кішібеков «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ шығар» дегенді айта тұрып, мынаны баяндады:

--...Ш.Есеновтің біздің институттың түлегі болғаны рас па?—Рас!

Лениндік және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болғаны рас па?—Рас!

Ғылым Акакдемиясының президенті болғаны рас па?—Рас!

Біздің институтымызға сабақ бергелі келгені рас па? –Рас!

Мақалада осыдан басқа еш нәрсе айтылған жоқ. Ал,енді маған не дейсіз? Бұл мақаланың басылуына ректордың да, партия ұйымының да еш қатысы жоқ. Редактор болған соң мұндай майда-шүйде нәрсені өзім шешемін. Ал, сол үшін кінәлайтын болсаңыз мені кінәлаңыз, одан соң мақала авторын кінәлаңыз. Бірақ, мен бұл мақаладан ешқандай әбестік көріп тұрған жоқпын»,--деді, шеттен шыққан әділетсіздіктері үшін терісіне сыймай, түтігіп.

«Жауап» алып отырған Орталық Комитеттің қызметкері кәдімгі асылдың тұқымы Ораздың баласы Санжар Жандосов еді. Ол мұндай жауапқа не айтарын білмей, сасқалақтап қалды. «Отыра тұрыңыз, мен қазір келемін» деп, содан екі-үш сағаттан кейін бір-ақ келіп, «кете беріңіз, кейін әңгімелесерміз» деп, көп күткен Кішібековке байлаулы бір шешім айта алмай шығарып салды. Бірақ, обалы не керек бұдан кейін редактор Кішібековті Орталық Комитетке шақырмады, бірақ, Есеновті кафедра меңгерушілігінен түсіріп, кафедраның профессоры етіп қана қалдырды. Бәрі бір алмас пышақ қап түбінде жатпайды, келесі жылы конкурсқа түсіп-ақ, кафедра меңгерушілігіне оралды. Тіптен, қанша жерден кемсітіп, етектен тартқанмен академик Қаныш Сәтбаевтан кейін Қазақстан ішінде Шахмардан Есеновтен асатын ғалым, іскер ұйымдастырушы, білікті басшы жоқ еді. Соны біле тұрып белден басты, көре тұрып қиянат жасады. Амал қанша...

Есенов білгенін жастарға үйретіп, өзі жетпей қалған армандарына солар жетсе екен деген ниетте, ұстаздық қызметке де кәдімгі өзінің әдетімен бел шешіп кірісті. Біле білген адамға, нағыз ғалым үшін, халқым деген қайраткер үшін осыдан артық бақыт та, мақсат та жоқ болуы керек. Академик Шахмардан Есенов: «Мен министр болғам, президент едім...» деп, кафедра меңгерушілігін қомсынбай, қайта жастар тәрбиесіне қайраттана қолға алды. Бір данышпан: «ақша жоғалтсаң—көп жоғалтпағаның, дос жоғалтсаң—көп жоғалтқаның, ал, егер мінезіңді жоғалтсаң бәрін жоғалтқаның» демеуші ме еді. Есенов тумысынан өзіне серік болып келе жатқан жігер мен қайратын, мінезін бұл жолы да жоғалтқан жоқ, «құлатамыз» деушілер бұл жолы да құлата алмады. Өзі: «біз ертеңгі ұрпақ өміріне жауаптымыз!» дегенді жиі айтатын, сол ұрпақты тәрбиелеуге шын кірісті.

Негізі ол қай қызметте болмасын жастарға деген жауапкершілігін азайтқан емес. «Болашақ жастар қолында» дегенді құрғақ ұранға айналдырған жоқ, нақтылы шаралар ұйымдастырды.Маңғыстауда жүріп, мұнайшы маман-кадрлардың жетіспейтінін көріп, мемлекет органдарына хат жазып, өзі барып, ақыры Алматыдағы Қазақ Политехника институттының Тау-кен факультетіне қабылданатын студенттер санын көбейттірді, дайындық курсын аштырды. Ғылым Академиясынан «жас ғалымдар» қоғамын құрып, съезін өткізді, жастарды лауазымды жұмыстарға тартты. Әлем таныған әл-Фарабиді жерлесіміз екенін көпке мойындатты. Кім үшін, не үшін? Жастардың рухы асқақ, жүзі жарқын болу үшін. Абайдың, Жамбылдың мерейтойларын өткізудеге мақсат та сол жастарды тәрбиелеу, ізгілікке баулу болатын. Осылай, ол қазақ ұлтының моралдық та, материалдық та азып-тозыуға түспеуін әріден ойлады, бар әрекетін, саналы ғұмырын арнады.

Кезінде, сонау алпысыншы жылдары Асқар Тоқмағамбетов ақынның: «Қайда тұрып сайраса да, бұлбұлдың аты бұлбұл» деп, жырлағаны кейіннен қанатты сөзге айналып кетіп еді. Дарынды адам қашанда да, қай ортадаға түссе де ерекшелігін көрсетіп, қой бастаған серкедей боп жүретіні шындық. Рас, әуелгі кезде Шахмардан қайнаған қоғамнан оқшау қалып қалғандай, бәйгенің дүбіріне құлағын қайшылаған сәйгүліктей елеңдеп біраз жүрді де, ұстаздықтың бір сарынды, тіршілігі тұрақты қалпына үйреніп те кетті. Қашанда да, қай замандарда да өз маңыздылығын жоймайтын: «Ұлтымыздың ертең азып-тозып кетпеуіне ертеңгі ұрпақ жауапты. Ал, ертеңгі ұпақтың мықты болып жетілуіне бүгін біз жауаптымыз» дегенді де нақ сол кезде айтып еді Шахмардан Есенов.

Ол: « Университет оқытушысы үшін оның мәдени дәрежесінің деңгейі ғылыми дәрежесінен еш төмен болмауы міндетті» дегенді үнемі әріптестеріне қайталап, өзі сол деңгейде жүретін. Қандай бір күрделі мәселелер мен күрмеуі қиын іс ортасында отырса да Есенов әлдекімдердей ешкімге дауыс көтеріп, намысына тию дегенді білмейтін, байыппен сөйлеп, салмақпен шешетін дейді әріптестері.

***

Ұстаз, академик, профессор Шахмардан Есенов:

«-Қазіргі қайта құру кезеңінде біздің кафедра Қазақ геология басқармасымен тізе қоса отырып республиканың басты-басты деген геологиялық объектілерін зерттеуді бір арнаға түсіріп жатыр. Атап айтқанда Балқаш сегментіндегі жер қабаттарының геологиясы мен металлогениясын ұңғи зеттеу көкейкесті мәселенің бірі болып отыр. Бұл зерттеу Саяқ кенішінің шикізат базасын кеңейтіп, осы аймақтағы ашылатын кен орындарын алдын ала болжауға мүмкіндік тудырар еді. Ал, түсті және бағалы металлдардың кен орындарын барлау методикасы» тақырыбымен жүргізілген зерттеулер табиғи құбылыстармен тікелей байланысты. Мұның ішіндегі тұнба жинаудың магматизміне, метаморфизм мен тектоникаға кезінде геология ғылымының аса көрнекті өкілдері А.П.Карпинский, Қ.И.Сәтбаев, А.Е.Ферсман баса назар аударған. Барлаудың тектоникалық бағыты жер қабаты құрылымының ілімі негізінде кендердің аймақ бойынша орналасу заңдылықтарын ашып берді. Ал, Оңтүстік Қазақстан мен Арал теңізі төңірегіндегі палеозойлық және мезозойлық қабаттарына дұрыс барлау жасасақ, мұнай мен газдың қисапсыз қорын табуымыз хақ».

Ол осылай, осы бағытта дәріс оқыды, ғылыми зерттеулерге басшылық жасады, кафедра мақсатын айқындады.

Ол жүздеген жас инженерді, жер қойнауын қопарып, байлық табар барлаушыларды тәрбиелеп, білім берді, ілім сыйлады. Он алты жыл ұстаздықтың туын жерге түсірмей, абыройлы атқарды. Ол оқыған лекцияны басқа топтың, басқа курстың студенттері де келіп тыңдайтын. Қызықтыратын! Қызығатын! Олардың біразы Қазақстан Ғылым Академиясының академиялық ғылымын жалғастырса, енді біразы геологиялық-барлауды дамытты, жаңа кендер көзін ашты, геология-инженерлері атанды. Есенов өз ойларын үнемі айтып, жазып жүрді. Оның қаламынан туған елдік-жерлік мағынасы бар мақалаларды республикалық және Одақтық басылымдар: газет пен журналдар бетінен жиі көруге болатын. Мақалалары арқылы геология –барлау, геология-инженерлік мамандықтың, өндірістің күрделі мәселелерін көтеріп, қоғамдық пікір туғызып отырды.

Мысалы, Есенов қаламынан туған 200-ден астам мақаланың біразын оқыдық, қарап шықтық. Бірі ғылыми, екіншісі, публицистикалық жанырда жазылған мақалалардың тақырыбы біреу—Қазақтанның кен байлықтары. Бірақ, көтерген мәселелері алуан-алуан. Әсіресе, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жазған мақалаларында ой тәуелсіздігі, сөз бостандығы басым. Ол жаңа пікір, жақсы идеялар айтты. Проблема көтерді. Оның сыры еліміздің шетіне келген демократия Есеновтің ақыл мен ойына да бостандық әкелді. Ол осы күнді он-он бес жыл күтті. «Шындықта да кемшілк бар, ол кешігіп келеді» дейді даналар. Санасында сарқыла күтіп жатқан идеялар мен проблемалар күркірей бой көтеріп, сөз маржан болып жарыққа шықты. Сондай бір мақаласында ол ата-бабадан қалған жер байлығы ел игілігіне жаратылса екен, шашылып-төгіліп, бей-берекет біреулердің қолында кетіп қалмаса екен дегенді ашық айтты. Бұл үлкен жүректі Азаматтың жан айқайына көбірек ұқсайтын еді.



Академик Шахмардан Есенов:

«ЕРТЕҢІН ОЙЛАМАҒАН ЕЛ БОЛМАС!»

«--Қазақстан геологтары жерімізден мол минералды шикізат қорын тауып отыр. Бұл арада ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың еңбегі ұлан ғайыр. Ендігі міндет—жаңа экономикалық саясатқа сай, сол мол қазынаны есепсіз оңды-солды шаша бермей, бір түйірін де шашау шығармай, орнымен жұмсап, ұқсатып, ел кәдесіне жарату. Ол үшін ең алдымен технологияны барынша жетілдіріп, қалдықсыз өндіріс дәрежесіне дейін жетуді діттеген жөн. Біз жоғарыда айтқандай құрамында бірнеше қоспалары бар құранды шикізатқа—оны барлап тауып, қазып алып, өңдеп, халық тұтынатын дайын товар дәрежесіне жеткізгенге дейін кешенді түрде келу қажет. Біз, өкінішке орай, құранды рудадан оның құрамындағы 15-20 химиялық элементті түгелдей ажыратып алуды әлі үйренген жоқпыз. Тіпті негізгі діттеген элементіміздің өзін жүз процент айырып ала алмаймыз. Егер республикамыздағы аса мол қара, түрлі түсті және сирек металлдар кенішінен басқа да пайдалы қазбалардан олардың құрамында жиі кездесетін литий, рубидий, цезий, берилий, стронций, иантал, галлий, кадмий, таллий, селен, теллур және тағы басқа құнды элементтерді айырып алып, кәдеге жаратсақ, онда біз қазіргі ғылыми-техникалық прогрестің алғы шебі саналатын радиоэлектроника, компьютерлі және лазерлі техника, оптика, машина және прибор жасау, роботты техника сияқты салаларды мықтап өркендеткен болар едік. Ал, бұл дегеніңіз—өндірісімізді жедел жолға қойып, халықтың әл-ауқатын шұғыл көтерудің ең сенімді жолы. Мәселен, дәл осы салаларды өркендету арқылы әлемдік цивилизацияның алдына түскен Жапонияны алып қараңыз. Оларда табиғи ресурс жоқтың қасы ғой. Біз болсақ ен байлықтың үстінде отырмыз.

Әлгі жоғарыда айтқан тау-тау болып үйілген қалдықтардың 4-10 процентін қайта өндіріске түсіргенде ғана 3 жыл ішінде, 2,7 миллиард сом пайда тауыппыз. Ендеше шикізатты кешенді пайдаланудың қай жағынан алып қарағанда да, экономикалық жағынан болсын, экологиялық жағынан болсын, ең бастысы әлеуметтік жағынан пайдасы аса зор. Бұл дүниежүзілік тәжірибеде өзін-өзі ақтаған әдіс.

Ғылыми-техникалық прогресті жеделдетіп, республика халқының әл-аухатын арттыру үшін минералды ресурстарды тиімді пайдаланудың

Әр түрлі жолдары бар. Соның бірі—сан-салалы өндірісті шоғырландырып дамыту. Республикамыздың пайдалы қазбалардың түр-түрі көптеп табылатын әрбір аймағының мұндай көп салалы экономиканы дамытуға мүмкіндігі мол. Мәселен, құрамына Жезқазған, Қарағанды, Повладар кіретін Орталық Қазақстанды алайық. Бұл өңірді мыстың, қорғасынның, мырыштың, вольфрамның, молибденнің, никельдің, кобальттың, алтынның, темірдің, марганецтің, көмірдің қоймасы десе де болғандай. Мұндағы мыс-полиметалл кеніші болып саналатын Жезқазған-Жәйрем мен оған жақын вольфрам-молибден рудасының мол қоры бар Қайрақты мен Көктіңкөлі жақында еркін экономикалық аймақ болып жарияланды. Ал Қарсақпай бассейіні қара металлургия резерві болып табылады. Енді осыған әкелііп бұл өңірдегі мол көмір қорын қосса көп салалы экономикасы қарыштап дамитын өзінше бір аймақ болуға ә бден жарап тұр.

Екінші бір экономикалық еркін аймақ—құрамына Маңғыстау және Гурьев, Ақтөбе облыстары кіретін Батыс Қазақстан. Жаңа мұнай және газ көздерінің табылуына орай бұл өлке осы сала жөнінен таяудағы болашақта Батыс Сібірден кейін екінші орынға шықпақ. Аталмыш өңірде хром рудасы қорының еліміз бойынша 97 проценті, әлем бойынша 74 проценті бар екені анықталып отыр. Ал Ақтөбеден 10 миллиард тонна қоры бар аса ірі фосфор бассейіні табылды. Міне, бұл да бір көп салалы аймақ болуға дайын өңір. Батыс Қазақстан мұнайын игеру қазір көптеген шетелдік фирмалардың қатыстырылуымен жедел қолға алынуда.

Ал, құрамына Қостанай, Көкшетау, Целиноград кіретін Солтүстік Қазақстан аймағы болса—бұл республиканың алтын және сирек кездесетін металдар өндіретін өңірі. Шығыс Қазақстан мен Семей облыстары бұрыннан-ақ түсті металлургия алыбы болып танылған. Қалдықсыз технологияға көшіп, экспортқа және халық қажетіне дайын бұйымдар өндіретін, ғылымды көп қажет ететін кәсіпорындар салу—бұл өңір үшін болашақтағы негізгі міндет осы болуы керек.

Жамбыл, Шымкент, Алматы, Талдықорған облыстарын қамтитын Оңтүстік Қазақстанды фосфорит және қорғасын-мырыш рудасының Бүкілодақтық қоймасы десе де болғандай. Мұндағы Қаратау бассейіні келе-келе еліміздің бірінші фосфорит кенішіне айналады. Қазір Одақтағы товарлы фосфор шикізатының бестен бірі, сары фосфор түгелдей осы қарт Қаратау қойнауынан шығып жатыр. Ал, Балқаштың оңтүстік жағалауы мен Талдықорған облысынан көмірдің ірі қоры байқалып отыр. Алматы облысында фтор шикізаты бар екен. Оңтүстік Қазақстанның Аралмен астасқан жерінен мұнай мен газ көздерінің табылуы бұл өңірдің өсу-өркендеу перспективасын арттыра түсті.

Қаратау жотасының Солтүстік-батыс сілемінде де молибден-ванадийдің ірі қоры бар. Ол игеріле қалған күнде соның негізінде ыстыққа төзімді қорытпа өндіріп, аса сапалы болат шығаруға болар еді. Міне, осылардың негізінде халық шаруашылығы үшін аса бағалы бұйымдар беретін көп салалы қазіргі заманғы кәсіпорындар шоғырын салуға мүмкіншілік зор. Көріп отырсыздар, бірін-бірі толықтыратын, бірінің қалдығы екіншісіне шикізат болуға әбден жарайтын,сөйтіп, біріге келе қалдықсыз технология құрайтын көп салалы экономикалық аймақтар құрауға республикамыздың қай түкпірі болса да даяр. Тек қана еркін қимылдап, батыл басу үшін экономикалық дербестік керек. Ол үшін Орталықтың делебені біржола босатқаны жөн.

Республикамыздың экономикалық дербестік алып, егемендікке қолы жетті деген сөз, әлбетте, жерді және оның қойнауына жанашырлықпен, иегерлікпен қарап, ондағы қазба байлықтарды бүгінгі күйі төмендеп отырған тұрғындарымыздың тұрмысын көтеруге тікелей пайдалану деген ұғыммен қатар жүрмек. Жылдар бойы қалыптасып қалған Орталық ведомоствоның озбырлығын тыю үшін шұғыл түрде Қазақ ССР-інің жер қойнауын пайдалану және қорғау туралы заңдар негіздерін жаңадан жасап, бекіту қажет.

Республикамызда Геология министрлігінің жабылып қалғаны белгілі. Сондықтан да бұл істі бетімен жібермей яки тек Одаққа ғана тәуелді болып қалмай, республиканың өз өндірістік геологиялық барлау қызметінің ұйымдық құрылымын шұғыл жолға қойған жөн. Бұл орайда бұрынғы Геология министрлігі қайта құрыла ма, әлде Республика Жоғарғы Советі жанынан Геология жөніндегі комитет құрыла ма, әйтеуір, осы істің тізгінін жіті бақылап, бағдар беріп отыратын бір қолға берген дұрыс-ау деп ойлаймыз.Ал, жергілікті жерлерде блыстық атқару омиттетері жанынан кең өкілеттілігі бар табиғатты пайдалану өніндегі дпутаттар комиссиясы құрылса. Сонда жергілікті жер табиғатын ұқыпты пайдалануға және қорғауға Советтердің де ролі арта түсер еді. Бұл комиссия, біздің ойымызша, тұрғынардың өмірлік қажеттіліктерін неғүрлым қанағаттандыру, табиғатты ұқыпты да тиімді пайдалану, экологиялық проблемаларды шешу т.с.с. үшін облыстың экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымын кешенді дамытудың бес жылдық және переспективалық жоспарларын жасауға міндетті түрде қатыстырылыпотыруға тиіс.

Осы орайда, сөздің реті келіп тұрғанда мына бір жәйтті айта кетейік. Биылғы жылғы «Разведка и охрана недр» журналының 6-шы санына А.Н.Еремеевтің , Ю.А.Соколовскийдің және В.В.Кочеткованың мақаласы шықты. Онда олар әр республикадағы жер қойнауындағы байлықтар жалпыодақтық меншік болуға тиіс деген сыңаржақ пікір айтты. Өз басым бұған үзілді есілді қарсымын. Бұл дербестікке бағдар алған қазіргі экономикалық саясатқа, жалпы саяси-әлеуметтік бағытқа мүлдем кереғар пікір. Әжептәуір атағы бар ғалымдардың бұрынғы ойлау машығынан арыла алмай, арқандаулы аттай өз қазығына өзі оралып, айналшықтап қалғаны өкінішті-ақ.

Үстіміздегі жылы СССР Геология министрлігі барлық Одақтас республикаларға жаңа жағдайдағы кешенді халық шаруашылығы міндеттерін шешуге бағытталған жер қойнауын геологиялық зерттеудің жаңа концепциясын ұсынды. Мұнда әр республикада территорияның әмбебеап геологиялық негізгі түріне жан-жақты ақпар беретін материялдар қорын жасау басты міндет ретінде көтерілген. Бұл халық шаруашылығына қолдануға әрі ұғынықты, әрі жарамды болуға тиіс. Жаңа кеніш көздерін, тіпті олар геологиялық-экономикалық, технологиялық және техникалық жағынан таяудағы болашақта игерілмейтін болса да, іздестіруге және барлау жасауға байланысты жұмыстарды қаржыландырудың тоқтатылмайтын болып шешілуінің зор стратегиялық маңызы бар. Расында да, жаңа кен көздеріне жасалған барлау, болашағымызға, ертеңімізге жасалған барлау ғой. Ал, ертеңін ойламаған ел бола ма?

Сол сияқты қазіргі жұмыс істеп тұрған кеніштердің терең қабаттарында, жер-жер астында жүлге-жүлге болып тарап жататын кен өрімдерінде кейде руда қалып қояды. Бұл да туған жердің топырағына деген жанашырлық емес. Сондықтан геологиядағы тағы бір қолға алынып жатқан бағыт—осы жұмыс істеп тұрған кеніш маңайын әлі де барлай түсу. Сөйтіп, ол жердің қазба байлығын жұмыс істеп тұрған әзір техникамен түгін қалдырмай қырнап әкету. Бұл үшін кеніштің геологиялық құрылымын, топырақ қыртыстарын жете зерттеп, сол учаскенің терең қойнауының үлгісін жасап алу қажет болды. Бұл айтуға ғана жеңіл. Әйтпесе, түрлі аспаптарды, аппаратураларды қажет ететін күйбеңі көп күрделі жұмыс. Осыған байланысты жекелеген кен көздерінің аймақтық геологиялық жағдайын коммерциялық негізінде шетелдік фирмалармен қосыла жүргізу көзделуде. Және де осы тәсілмен жасалған геологиялық құжатты кейін республикамыз бірлескен кәсіпорын құруға келісімге отырған шетелдік фирмаларға валютаға сататын болды.

Мұнай барлаудың тағы бір пайдасы—кеннің негізгі түрімен қатар оның маңайында жиі кездесетін басқа да минерал шикізат қорларын да анықтап алуға болады. Мәселен, біз жоғарыда айтқанымыздай, ірі кен көздері маңайынан туристер, шетелдік және тұрғын халықтар үшін табиғи және асыл тас бұйымдарын, түрлі әшекей заттар шығаратын шағын-шағын кәсіпорындар салуға болады. Кейін мұндай кәсіпорындарды көбейте келе қадау-қадау көмбе секілді бұғып жатқан алтын, күмі, мыс, қорғасын, мырыш, барит сияқты шағын кеніштерді қалдықсыз технология арқылы түгелдей игеріп алуға болар еді.

Жалпы Республиканың салалық және академиялық ғылымы алдында минералды шикізаттарды өндіру және байыту, оның тау-тау болып үйіліп жатқан өндіріс қалдықтарын пайдалану, пайдалы қазбаларды жер асты скважиналары арқылы ұқсату жөнінде көптеген келелі міндеттер тұр. Қазір де біз Қазақстанның шикізат қорының жартысына жуығын қазып алу, тасымалдау, байыту және балқыту кезінде айрылып қалып отырмыз. Бұл дегеніңіз табиғатқа, келер ұрпаққа жасалынып отырған үлкен қиянат. Есепсіз дүние жоқ. Судың да сұрауы бар.

Қазып алынатын шикізатта, әдетте, негізгі құрамнан басқа 10-25 проценттей басқа да элементтер кездеседі. Бүгінгі заманға жетілдірілген технологияның жоқтығынан оларды кәдеге жарата алмай отырмыз. Ал, ондай озық техника мен технологияны сатып алу үшін валюта керек. Егер біз қысқа мерзімде халықтың әл-ауқатын көтеруге барынша ұмтылып отырғанымыз рас болса, онда міндетті түрде осы валюта мәселесін шешіп алуымыз керек. Онсыз іс бітпейді. Бұл орайда республиканың басты фирмаларына тау-тау болып үйіліп жатқан қалдықтарды сол жерде-ақ ұқсатуды ұсынып, сыртқы рынокке батық қадам жасағаны жөн. Ал, одан түскен капиталға әлгіндей озық технология, түрлі машиналар мен құрал-жабдықтар сатып алар едік.

Алайда, бұл жерде мықтап ескеретін бір жәт бар. Біз қызды-қыздымен шетелдіктердің негізгі шикізатымызға қол салуына әсте жол бермеуіміз керек. Оларға тек ерекше өңдеуді, қалдықсыз жоғары технологияны байытуды және металлургиялық өңдеуді қажет ететін қалдықтарды яки төменгі сортты шикізаттарымызды ғана ұсынуымыз керек. Онда да олардың сол шикізаттан халық тұтынатын товар шығарып беруі жағын қарастырған жөн.»

(«Қазақстан коммунисі», 1990 жыл, №10)

Бұдан артық не айтуға, қалай жазуға болады. Естір құлақ, тыңдар пейіл болса бәрі де баяндалып тұр. Егер Есенов айтқан жолмен жүріп, айтқандарын іске асырған болсақ біз бүгін шын мәнінде өзіміз айтып жүрген үздік 50 мемлекеттің қатарына қосылып-ақ қалар едік. Әзірге ол елу елдің қарасы да көрінбейді. Соған қарағанда Есенов айтқан кен байлығын ел игілігіне айналдыру әдістері, іс-шаралары еске алынбаған болып тұр-ау!

Мұндай ойларын ол талай-талай газет-журналдарда жариялады. Үкіметке хат та жазды. Баяғы жартас, сол жартас, жауап болмады.

Уақыт жылжып өткен ғасырдың сексенінші жылдарына да келді. Бұл кезде Кеңестер Одағындағы хал-ахуал әбден тұралаған кез еді. Одақтың қай тарапына бармасаңыз да дүкендерде күнұзаққа кезекте тұрған халық. Жоспарды екі жүз процентке асыра орындадық деп жаһаннамға жар салып жатқан политбюро мүшелері.Бірақ одан дүкендердегі азық-түліктің көберер түрі жоқ. Баяғыда домбыраның құлағын дауысына келтіре алмаған біреу домбырам не дейді, мен не деймін деген екен. Біздің де «өмір салтымыз» дәл сол болды да қойды. Съездер мен пленумдарда сөйлеген Ел басшыларының сөзі бір басқа да, өмір мүлдем кері кетті. Көзді бақырайтып қойып өтірік айту етек алды. Халықтың емес өзінің «қан қысымын, жүрек талмасын» ойлап тұрған трибунадаға қаусаған шалдарды көріп халықтың ызасы келді, наразылығы оянды. Қазақстанда сол тоқыраудың көрінісі болып—1986 жыл келді тарих сахнасына.

Бұл көптің күткен серпілісі мен сілкінісі еді бұл.

Есіңізде ме баяғыда көмекшісі Асанов Мәдениетке: «төрт жылда дүние өзгермейді деп кім айтты саған» демеп пе еді Есенов. Бірақ ол күткен төрт жылда дүние өзгермеді, ұаққа созылды. Бірақ, ақыры келді. Дүниені дүркіретіп Желтоқсан оқиғасы келді, 25 жыл отырған бірінші хатшылықтан Қонаев түсті, оның айналасындағы «сенімді» деп жүргендері істі болды, қылмыскер атанды. Алынбайды деп жүрген қамал, Кеңес Үкіметі қарап тұрып қақырап түсті. Есеновте үміт оты жанды, енді қоғамда өзгеріс болып, жер байлығын халық игілігіне жаратармыз деп үміттенді, ерекше бір белсенділік, құлшыныс пайда болып, екінші бір тынысы ашылғандай болды.

Содан ол Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды. Оның депутаттыққа өтуі де қызық, тосыннан туды. Ғылым Академиясы өз тарапынан депутаттыққа бір адамды ұсынуға қақылы болатын. Кандидатты анықтау мақсатында академияда жиын өтіп жатқан-ды. Әрине, «мені ұсынса екен» деп, мысық дәмемен отырғандар аз емес еді. Бір кезде бір жас жігіт орнынан атып тұрып: «Мен академик Шахмардан Есеновті ұсынамын!» деді. Сол сол-ақ екен, тура бір осы ұсынысты күтіп отырғандай залдағылар дүркіретіп қол соғып жіберді. Кім білсін, басшылардың діттеп отырған өз кандидатуралары бар болған да шығар, бірақ, мына ықыластан кейін олар үнсіз қалды.

Жаңағы, Есеновті ұсынған жасты кім дейсіз ғой, ол Қызылорданың шалғай аулынан Мәскеудің атақты университетіне түсіп, оны үздік бітіріп, аспирантураға қалып, отызға жетпей кандидаттығын да, докторлығын да қорғаған, ең жас ғалым, математик Жұмаділдаев Асқар еді. Сол бір сәтті ол бүгінде былайша еске алады:



«-- Ол кезде мен Есеновті жыға танымаймын да. Бірақ жерлес екенімді, тіптен туыстық та жағдайымыздың бар екенін сыртай білетінмін. Ал мықты ғалым екенін, отыз үш жасында министр болғанын, отыз алты жасында Лениндік сыйлықты алғанын, отыз тоғыз жасында Ғылым Академиясына президент болғанын газет-журналдардан оқып танысқанмын. Байқаймын сондай адамға сол кездегі ортаның көз-қарасы салқын.Жоқ, бұлай болмайды деп түйдім. Қызық бір түсінік бар еді ғой сол кездерде, лауазымды қызметтен түссең, партбилеттен айрылсаң болды, тура бір сенің бар қасиетің, адамгершілігің, ақылың сонда тұрғандай-ақ жұрттың теріс қарай қалатыны болатын. Сондай сәтті Шахмардан ағаның басынан кешіріп жүргенін сездім де, сәті түсіп тұрған соң депутаттыққа ұсынып жібердім. Ол кісінің мықты ғалым, басшы, азамат екенін басқа-басқа ғылыми орта біледі ғой, олар мені қолдап кетті. Негізінде Ғылым Академиясынан депутаттықа мен де түсуім керек болатын, «жоқ, Есенов тұрғанда мен түспеймін!» деп, қарсылық білдірдім. Менің де отыз екі жасымда математика ғылымының докторы атанып, атағымның дүрілдеп тұрған кезі болатын. Бірақ, әр нәрсенің жөні мен әркімнің жолы болуы керек. Көп тобыр болды екен деп бәріміздің де сол тобырға қосылып кетуімізге болмайды ғой. Жол да, жөн де Есеновтікі болатын, мен тек соны сақтадым. Содан мен Жастардың қоғамдық ұйымынан депутат болып сайландым. Ол кезде Жоғарғы Кеңес Алматыда болатын, содан, мәжіліс кезінде кездесіп тұрдық, анда-санда әңгімелесіп қаламыз. Шахмарданмен әңгімелесу сондай бір, қалай айтсам екен... приятный болатын. Кейбіреулер болады ғой, атағы, даңқы жер жарады, сөйлесе, әңгімелесе келсең жәй дырылдақ, папулист болып шығады. Шахмардан ондай емес, ол нағыз кемеңгер және соған ылайықты сыр мен сымбаты болған адам еді.

Таң қалатыным, қаншалықты жәбір көрсе де, әсіресе, Қонаевтың атына бір де бір рет жаман сөз «анау андай еді, мынау мұндай еді» деп, айтқан емес. Бұны мен тектілікке, нар мінезді адамға теңеймін. Қазақ айтпай ма, «Жамандыққа жақсылық нар адамның ісі, жамандыққа жамандық әр адамның ісі» деп. Ол көптің бірі болған жоқ, көптің бірі жасаған өзіміз, сол кездің шенеуніктері. Олар Шахмардандай бола алмады, болғанды көре алмады, қысқасы, орнымызды алып қояды деп қорықты.

Содан екеуміз де депутатпыз. Мәжілістің ішіндегі түрлі комитеттерге төрағалар сайлап жатырмыз. Мен мәжілістегі экология комитетінің төрағалығына Есенов Шахмарданды ұсындым. Тағы бір кандидатура болды, Қарағандыдан келген кенші, өзі сондай бір сөзуар, бір нәрсені білсе де білмесе де соға береді, орысшасы мықты. Біреулер соны ұсынды. Сөйтсем оны жоғарғы жақ ұсынып, бар мәселе шешіліп тұр екен ғой. Мен оны қайдан білейін, демократия келді екен деп Есеновті ұсынып жүрмін ғой. Қараңызшы, экологияның проблемасын қарапайым кенші біле ме, жоқ әлде бар өмірін ғылымға арнаған ғалым біле ме? Залда 360 депутат отыр, олардың басым көпшілігі «еңбекші мен жұмысшы» табы, олар экологияның не екенін түсініп те отырған жоқ.

Бұл жолы мен жеңілдім, Шахаңды өткізе алмадым...»

***

Мінберден айтты.Үкіметке хат жазды. Хабар болмады. Ақыр соңында, шыдай алмай бар үмітін алға салып академик Шахмардан Есенов президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазды.

Не керек, бұл хатқа да жауап болмады. Бәрінің де құлағы керең, көзі соқыр болып қалғандай. Жапан далада жалғыз қалғандай күй кешті. Кен байлығы халыққа жетпей, бөгделер қолында кеткелі тұр. Халық күннен күнге күйзеліп барады. Елі еріне, ері жеріне қарған заман келді. Ойда-жоқта қолға тиген тәуелсіздіктің туын жығып алмасақ екен деп күні түні ой қазды, қарап жата бермей ол ойларын ортаға салды, біреу болмаса біреу назар аударар деп газет-журналдарға жариялай берді, алдында отырған студенттеріне айта берді. Әйтеуір, шамасы келгенше көптің санасын оятып, ырысынан, үлесінен айрылып қалмаудың қамын жеді.

Ол «Егемен Қазақстан» тілшісіне сұхбат берді:



«--Парламентке сайланған депутаттар Қазақстандағы бүкіл халықтың өкілдері екенін ұмытпауы керек. Қалың көпшілік бар аманатын соларға жүктеп отыр. Мемлекеттік маңызы бар ірі-ірі мәселелерді шешу міндеті Жоғарғы Кеңеске жүктелгені де сондықтан. Алайда, Жоғарғы Кеңестің құқығы мен мүддесін қорғай отырып, Президенттің де қолын байламау жағын ойластыру қажет. Нұрсұлтан Назарбаевтің қай мәселені болсын жедел шешуі, ұсынып жатқан ұсыныстары маған ұнайды. Жалпы , мемлекетті бір адамның басқарғаны жөн демекпін. Әрине, бұл жеке басқа табынушылық немесе диктатуралық билік орнатуды көздейтін мақсаттан емес, мемлекеттік, халықтық проблемаларды мүмкіндігінше дер кезінде шешіп отыруды қалайтын райдан туындауы керек.

Тағы бір айта кететін жәйт, осы сесияда Республика Күнін 16-желтоқсаннан 25-қазанға ауыстыру жөнінде мәселе көтерілген еді. Сенбі күнгі мәжілісте мұны депутат Мұхтар Шаханов тағы да қозғады. Өкінішке орай, ол күн тәртібіне ұсынылған Заң жобасын талқылаудың көлеңкесінде қалып отыр. 25-не дейін санаулы ғана күн қалғанын ескерсек, тездетіп бір шешімге келуге тиіспіз.»

Осы тектес қадау-қадау ойларын Қазақстан Жоғарғы Кеңес депутаты кезінде Жоғарғы халықтық трибунадан талай-талай айтты. «Сайландым ғой», жайланып отыра берейін деген «күнім өтсін» дейтін тексіздік онда болмайтын. Оның өмірі сәтті тұстарда да, сәтсіз кезеңдерде де қайнап, буырқанып жататын. Сәтті, ісі алға басып тұрған кезінде халқы үшін талай-талай қайырымды шаруалар бітірді, сәтсіз—қызғаншақтардың аяғынан шалған тұста (талай рет) құлаған жоқ, ішкі рухынан куат алып, «бәрі өткінші» дейтін фәлсапамен жігерленді. Қайран, Азамат! Аяқтан бір емес, қайта-қайта шалды-ау! Не керек, өз қамы емес, ел мен жұртын бар мен бай етсем деп армандаумен, қолынан келгенше қамын жеумен, өмірі арпалыста өтті. Қай заманда, қай уақытта шындықты айтқан адамның жолы болып па еді?! Әділдік іздеген адам да бір, жоғын іздеген адам да бір. Екеуінің де жолы шырғалаң. Соған қарамастан ол кезі келгенде сөзін өлтірмей, ұсыныстар жасады, бастамалар көтерді, сындар айтты. Ол:.. «Біз, геологтар, қаншама байлық таптық, алтын көмбенің үстінде отырмыз, бірақ, ең кедей елміз. Неге?». Қазақстанда қандай байлықтың қаншалықты барын білетін ол күндіз-түні ойлайтыны соның талан-таражға түспей, халық игілігіне жаратылуы болды. Мүмкін, ел үшін, жер үшін жаралған нағыз Азаматтың миына осы да салмақ түсіріп кеткен шығар, кім білсін?!



Каталог: uploads -> files
files -> Гүлсім Оразалықызы оржановтар әулеті қазақ МҰнайының ардақтылары «Қазақ мұнайының ардақтылары»
files -> Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер
files -> Конкурса научных работ среди школьников «turan-junior-2016» Секция «Физика, техника, науки о земле и космосе»
files -> «Қазақ мұнайының а р дақтылары»
files -> Ізтілеуова салтанат далбайқызы
files -> Махамбет қай жылы туғАН? Тұрлыбай Бақыт Серікқызы
files -> ҚазақТЫҢ хас батыры -аттила (еділ батыр)
files -> Формы и методы подготовки учащихся к итоговой аттестации по обществознанию


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет