Шахмардан есенов



бет9/21
Дата04.11.2016
өлшемі5,66 Mb.
#306
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   21

***

Алтыншы бөлім

«Бейнетін қиын көрмедің...»

«Ондай болмақ қайда?»--деп

Айтпа , ғылым сүйсеңіз.»

Абай

Қазақ ССР Ғылым Академиясы президенті Шахмардан Есенов туралы әңгімені бастамай тұрып шамалы шегініс жасауға мәжбүрміз.

Өткен--ХХ ғасырдағы мақтанарлық да, республика мәртебесін өсірген бір іс-- Қазақ ССР Ғылым Академиясының құрылуы болды. Көшпенді ел, сауаты жоқ деп менсінбей жүрген бөгделерге бұл үлкен айбар, ал, қазақ халқына асқан абырой әкелді. Соғыс бітер-бітпестен, 1946 жылы ғылым ордасының жеке шаңырақ көтеруі Одақ көлеміндегі ең үлкен оқиға болды. Күні кеше ғана сауатсыздықпен күрес жүргізіп, жұмыла кіріскен халық айналасы он-жиырма жылдың ішінде білімді, ғылымды елге айналды. Академияның ашылуы соның бірден-бір айғағы еді. Бұл тарих. Ал мұндай тарихи оқиғаларды жасайтын, өмірге әкелетін мемлекет, Үкімет адамдары, жеке тұлғалар. Әуелі олар туралы еске түсіріп, олар туралы жастарға айтып кетпесек әруақтары алдында күнәлі, екіншіден, жастар алдында кінәлі боларымыз сөзсіз.

Бастауын өткен ғасырдың отызыншы жылдары Мәскеу Ғылым Академиясының Қазақстандағы филиялынан алып, соның негізінде барып Қазақ ССР Ғылым Академиясы болып құрылды.

Республика Үкіметінің тапсырмасымен жеке Қазақ ССР Ғылым Академиясын құруға орасан зор дайындық жұмысы жүргізілді. Мемлекеттік комиссия құрылып, оның төрағасы Нұртас Оңдасынов, орынбасарлары: Бірінші хатшы Николай Александрович Скворцов, екінші секретар Жұмабай Шаяхметов, Қаныш Сәтбаев бекітілді. Комиссия құрамы он сегіз адамнан тұрды. Комиссияның атқарған жұмысынан мәлімет беретін құжаттар Республикалық Орталық мұрағаттың №1137 (тізбе №10, іс №8) қорында сақтаулы және Ғылым Академиясына байланысты құжаттар да осы қорда жетерлік.

Уақыт шындығын мойындау керек, Қазақ ССР Ғылым Академиясын құру барысында Мәскеу мен Ленинград және еліміздің басқа қалаларынан Қазақстанға уақытша қоныс аударған ғалымдар баға жетпес көмек көрсетті. Айталық, 1943 жылы СССР Ғылым Академиясының президенті академик В.Л.Комаров басқарған бір топ ғалымдар Көкшетауға қоныстанды. Мақсат-- Оралдың, Батыс Сібір мен Қазақстан күшін, бар мүмкіндігін соғыс мүддесіне жұмылдыру. Сол үшін СССР Ғылым Академиясының комиссиясы құрылды. Оның құрамына еліміздің аса көрнекті ғалымдары – академиктер А.А.Байбеков, И.П.Бардин, К.А.Скочинский, В.А.Обручев, Л.Д.Шевяков, В.Н.Образцов, Э.В.Брицке, Д.Н.Прянишников, В.И.Вейц және қазақстандық ғалымдардың көшін бастап Сәтбаев енді. Олар көмір өнеркәсібі, түсті металлургия өндірісінің қуатын арттыру жолдарын белгіледі. Осы жолы Сәтбаев өзіне жаңа достар, әріптестер тапты, өзінің ғалымдық қабілетін, ұйымдастырушылық қасиетін танытты.

Соғыстың жүріп жатқанына қарамастан 24 адам СССР Ғылым академиясына докторантураға жіберілді. Соғыс аяғында бөлімшеде 900 маман он бес ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істесе, олардың алтауы СССР Ғылым академиясының академиктері мен корреспондент-мүшелері, 70 ғылым докторы мен профессор, 200 ғылым кандидаты, 350 кіші ғылыми қызметкер болды. Бұл жерде ғылымның қамын жеп, жар құлағы жастыққа тимей жүрген, Үкімет басшысының мемлекеттік дәрежеде қолдау көрсетіп: «...мен тұрғанда қаражаттан қам жеме» деген уәдесінде тұрғанын және үкімет қаражатын төгіп-шашпай, орында жұмсап, істі үйріп әкеткен, ұтқыр ұйымдастырушы, ғұлама ғалым Сәтбаев еңбегін ерекше атаған жөн.

Ал, ғалым Сәтбаев соғыс басталысымен, әуелі өнеркәсіпті стратегиялық шикізаттармен қамтамасыз ету үшін республикада жұмыс жүргізіп жатқан барлық геологиялық мекемелерді біріктіру керектігін Үкімет алдына мәселе етіп қойды. Мұндай шешім – Жезқазған, Жезді-Қорғасын, тағы басқа Қазақстан зауыттарының үздіксіз жұмыс істеп, соғысқа керек құрал-сайман, қару-жарақтың тез арада шығуын қамтамасыз етті.

Және Сәтбаев Атасудың темірін, мысын, қорғасынын, Атбасардың мысын, Торғайдың бокситін жедел барлап игеру қажеттігін, қара металлургия индустриясын көтеру керектігін ұсынды. 1941 жылы Сәтбаев Үкімет комиссиясының құрамында болып, Қазақстандағы қара металлургияның тұңғышы – Теміртау комбинатын салуды алғаш айтқандардың бірі және соның құрлысына басынан аяғына дейін қатысқан ғалым.

Қаныш Сәтбаев тұсында Ғылым Академиясы ғалымдарының қол жеткізген табыстары, алған асулары биік болатын. Мысалы, 1958 жылы академик Қаныш Сәтбаев пен осы институттың ғалымдары – Қазақстан Ғылым Академиясының академигі И.И.Бок, корреспондент-мүшесі Г.С.Медоев және геология ғылымдарының докторы Г.Н.Никифоров, И.П.Новохатский, геология ғылымдарының кандидаты Д.Н.Казанли Лениндік сыйлықтың лауреаты деген атаққа ие болды.

Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақ халқының атын әлемге танытқан дарынды жазушы Мұхтар Әуезовке «Абай» эпопеясы үшін 1959 жылы Лениндік сыйлық берілді. Және 1961 жыл да табысты болды. Кен өндірудің озық ғылыми тәсілін ойлап тауып, оны Ленинагор полиметалл комбинатының рудниктерінде тәжірибе жүзінде қолданғаны үшін Қазақстандық екі ғалымы—Әлихан Мусин мен Алай Жақыпбаев Лениндік сыйлықтың лауреаттары атанды. Дәл осы жылы металлургия ғылымы саласындағы аса үздік еңбектері үшін академияның корреспондент-мүшесі Л.С.Гецкин де осы құрметті сыйлықты иемденді.

(Маңғыстаудағы Жетібай мен Өзенді ашқан бір топ геолог-ғалымдарға 1966 жылы Лениндік сыйлық берілгенін жоғарыда айтқанбыз.)

Қазақстан Ғылым Академиясында Қ.Сәтбаев бастаған көшті алға апарушы талантты ғалымдар өсіп, қалыптасты. Айталық, әрі жазушы, әрі ғалым М.Әуезов, У.Ахмедсафин, А.Полосухин, А.Тайманов, Н.Базанова, Г.Тихов, В.Фесенков, Д.Сокольский, С.Кеңесбаев, Ә.Марғұлан, Ж.Тәкібаев, А.Бектұров, А.Жұбанов, Ш.Шөкин, С.Бәйішовтердің есімі Одақтық ғылыми қауымға таныс болды. Сапалы зерттеу, жаңа ғылыми еңбектер ашу жағынан Қазақстан ғалымдары Ресей, Украинадан кейін, үшінші орынды үнемі иемденіп жүрді.

Қысқасы, Қаныш Сәтбаев республиканың Ғылым Академиясын аяғынан нық қойды. Түрлі, сала-сала бойынша ғылыми-зерттеу институттарын бірінен соң бірін ашты, академик, доктор, ғылым кандидаттары көбейді, ғалымдардың тұрмыстық жағдайын жақсартты. Сәтбаевтың бір қасиеті академияның академиктерінен бастап кіші ғылыми қызметкерлерге дейін танитын, әрбірінің жағдайы оның назарында еді. Айта берсеңіз әңгіме көп...

Оның геология саласында тапқан жаңалықтарын әлем ғалымдары мойындап, мерейін үстем етті. Бұл оның абырой-атағын асқақтатып жіберді. Республиканың мақтанышына айналды. Тіптен оған еліктеп «геолог боламын» деген жастар жиі шығып, жаңа туған нәрестелер арасында «Қаныш» есімділер көбейді. Не керек, Қаныш Сәтбаев абырой-беделі қазақ аспанында шарықтап-ақ тұрды.

Өкінішті-ақ. Айтпасқа болмайды, өйткені шындық.

Қаныш Сәтбаевтың мұндай абырой-беделін қызғана бастағандар өз ішімізден, тіптен, ел мен жердің көшбастаушысы болып, мемлекетті басқарып отырған «ақылды, парасатты» басшылар ішінен шықты. Ғұлама ғалым басына бұлт айналды, жаулары көбейді. Осыған қарап тұрып, жер бетіндегі бар жамандық атаулының шығар жері-- қызғаншақтық па деп қаласың. Біреуден біреудің мансабы озса, лауазымы көтерілсе, байлығы тасып, шалқыса-ақ болды алакөзденіп, жардан жығуға дайын тұрады. Және бұл адам-адам болғалы бері адамзатқа талақша жабысып, айрылмай келе жатқан ең бір жаман әдет. Әй, адамның өзінен де бұл жаман әдеттен «айрылайықшы!» деген ниетті көрмей тұрмыз-ау! Қайта түрі көбейіп, жанданып, жамандығы асып кеткендей...

Сол қызғаншақтық биліктегілердің де басын айналдырып, ақырында әлем мойындаған Қаныштай ғалымның қадірін қолдан, әдейі, арнайы кетіре бастады. Ақыр аяғында Сәтбаев өмірі тіптен шырғалаңға түсті десе де болады. Жоқтан өзгені сылтау етіп, түймедейді түйедей жасап, ақыры президенттіктен бір кетіріп, қадірін түсіріп барып, екі жылдан соң қайта сайлады. Бәрібір, Қазақстан басшыларының қырын қараған қабағы жазылмады, өзгерген көз-қарасы түзелмеді. Бұл кезде ел Үкіметіне жаңа басшылар келді, олардың да көз-қарасы, сөз-саптастары «Біріншіге» қарай ауып кетті. Әділ сөзді айтатындар азайды. Онымен бірге академияға деген баяғы қамқорлық қарымы да күрт азайды, жаңа бастамаларға, түрлі ғылыми шараларға...қаржы-қаражат кеміді. Партия, Үкімет пен Ғылым академиясы арасында түсініксіз қарым-қатынас қалыптасып, береке-бірлік кетіп, «сіз-біз» жоғалды. Бұл көп нәрсеге тосқауыл, кедергі келтірді. Билік басындағылардың мұндай әрекеттерінен қарапайым халық қабарсыз болғанмен, зиялы қауым, жоғарғы орта, оның ішінде республика саясатының ауанын байқап, құлақ түріп, бақылап отыратын журналист қауым хабардар болатын. Белгілі журналист Нұрмахан Оразбеков сол кезеңнің келбетін былайша баяндайды:



«... партияның ғылымға жаудай тиген тұсы да болды. Әсіресе, Қазақстанда. Қырқыншы жылдардың аяғы мен елуінші жылдардың басында, оның ішінде Кенесары Қасымұлының қозғалысына баға беру төңірегінде. Әпербақан марксшылдар мен әпербақан интернационалшылдар бұл қозғалыс орыс патшалығының империалистік, отаршылдық жаулап алу саясатына қарсы күрес емес, бүкіл орыс халқына қарсы күрес деп бағалады. Басқаша пікірдегілердің бәрі қып-қызыл ұлтшыл, Коммунистік партияның интернационалшыл саясатының жауы деп таңбаланды. Ермұқан Бекмаханов, Есмағамбет Ысмайылов, Қайым Мұхаметханов, Қажым Жұмалиев және басқалар сотталып, абақтының азабын тартты. Композитор, музыка зерттеуші, академик Ахмет Жұбанов, Қазақстандағы геология ғылымының негізін салушылардың бірі, Қоңырат кенішін ашушы академик Михаил Петрович Русаков, әдебиетші академик Қажым Жұмалиев академия мүшелері құрамынан шығарылды. Ал, академик Смет Кеңесбаев қызметтен қуылып, Қызылорда пединститутының оқытушылығына ауысуға мәжбүр болды.

Қысқасы, 1948-52 жылдары 200-ден астам ірі ғалым саяси жағынан сенімсіз, әрі Қ.Сәтбаевқа жақын адамдар деп академиядағы қызметтерінен қуылды. Тағы бір даусыз мәлімет. Дәл осы жылдары академия құрамында жаңадан бір ғана экономика институты құрылды, есесіне Қазақстан үшін аса маңызды ғылыми мекеме—Шөл далалар институты жабылды.

Академияға жасалған осынау ауыр соққы тек ғылым ордасына ғана емес, бір жағынан соның ұйымдастырушысы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа бағытталған еді. Іші тарлар мен тырнақ астынан кір іздейтін көксоққандар дегеніне жетіп тынды. 1951 жылы 23 қарашада Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросы өзінің қаулысымен, тіпті Одақтық Академия төралқасының пікірін де тәрік етіп, Қанекеңді Қазақстан Ғылым Академиясының президенті қызметінен ешқандай жұмыс ұсынбастан босатты. Айыптау өрши түсіп, Алматы облыстық партия комитетінің пленумында, Алматы қалалық партия активінің жиналысында, Орталық Комитет бюросының мәжілісінде мінберден қуып түсірілген қорлықты айтып жатудың қажеті бола қояр ма екен. Қайта Мәскеу, шын ғалымдар Қанекеңе қырын қараған жоқ—СССР Ғылым академиясының төралқасы оның таңдауына екі қызмет—академик-хатшының орынбасары және академияның Орал филиалының төрағалығы қызметтерін ұсынды. Бірақ, достарымен, жанашыр жолдастарымен ақылдаса келе олардан бас тартты. Сондағы уәж мынадай еді: Қанекең елдің, халықтың сүйіктісі. Ал, әлгі екі қызметтің біріне келсе, халық «е, оған керегі қызметі екен ғой» деуі мүмкін. Демек, қайткен күнде де Қазақстанға оралу керек, заман өзгермей тұрмас.

Заман өзгерді—Сталин өлді. Елу төртінші жылы Қазақстанның басшылығы да өзгерді. Келесі жылы жазда Орталық Комитетке академиктер Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, Николай Васильевич Павлов, Николай Никитич Пальгов, Мұхтар Омарханұлы Әуезов, Төлеген Тәжібаев және Шапық Шөкин шақырылды. Кең кабинетте республика партия ұйымының қос басшысы Пантелеймон Пономаренко мен Леонид Ильич Брежнев қарсы алды. Бір ғана мәселе екен. Д.Қонаев Республика Министірлер Кеңесінің төрағалығына тағайындалғанын білесіздер, академия президентінің орны бос, соған кім лайық—осыны ақылдаспақ. Бәрі бірдей Қанекеңді ұсынды. Жалғыз қарсы—Қанекеңнің өзі. Уәж—денсаулығым нашарлап жүр, оның үстіне Геология институтында жұмыс бастан асып жатыр. Әңгіме аяқтала келе Пономаренко мен Брежнев екеуі дәрігерлермен ақылдасып, содан кейін шешім қабылдайтынын хабарлады. Бірнеше аптадан кейін Қаныш Имантайұлы Сәтбаев қайтадан академия президенті болып сайланды».

Осылай, бірде бетін, бірде жон арқасын күдірейтіп көрсеткен тағдыр қанша жерден жігерлі болғысы келгенмен де Қаныштың денсаулығын нашарлатты. Жан азабына тән қиналысы қосылып, өмірінің базарлы күндері азайғандай, тіршіліктің сән-салтанаты кемігендей күй кешті. Басы шырғалаңда жүргенде академияның да шаруасы көбеймесе азаймапты. Оларды шешу үшін қаржат керек, әсіресе, Үкіметтің қамқорлығы керек. Бірақ, бұл жолы бұрынғы қамқорлықты көре алмады. ондай қамқорлықты көре алмай тұр. Тіптен, сол кездің Бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовтің (1946 жыл, маусым--1954 жыл ақпан) алдына барып жәй-жапсарды білейін, мүмкін түсінісерміз деп, талай талпыныс жасады. Бәрі бекер, оның көмекшілері кекірейіп, «уақыты жоқ» деп жуытпады. Ақырында, атағы әлемге белгілі ғұлама ғалым Сәтбаевты 1951 жылдың 23 қарашасында Қазақстан Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатты.



Бірақ, көп асқанға бір тосқан, Шаяхметов әрекеті әшкереленіп, орнынан түсті. Бұдан кейін Қазақстан басшылғына біраз адам келіп, тұрақ таппай кетіп те жатты. Айта кетейік, жастарға қажет болар. Бірінші хатшылықтан Ж.Шаяхметов түскеннен соң П.К.Пономаренко келді де ол 11954 жылдың ақпанынан 1955 тамызына дейін, сосын, Л.И.Брежнев 1955 тамыз—1956 наурыз аралығында ғана Бірінші хатшы міндетін атқарды. Оның орнына И.Д.Яковлев 1956 наурыз—1957 желтоқсан, ал, Н.И.Беляев 1957 желтоқсан—1960 қаңтар, Д.А.Қонаев 1960 қаңтар—1962 желтоқсан аралығында отырды...».

Бұл деректерді әдейі келтіріп отырмыз. Жыл аралатып басшысы ауысқан Қазақстанның ішінде береке-бірліктің қалмағанын осының өзі-ақ айтып тұрған жоқ па. Бүгінгі жастарымыз айтары көп артта қалған жылдарға көз жіберсін, көңілдерін жүгіртсін, ел тарихын жадынды сақтасын деп. Бұлардан кейін Қазақстан Орталық Комитетінің Бірінші секеретары болып Исмайл Юсупов 1962 жылдың желтоқсанынан 1964 жылдың желтоқсанына дейін қызмет атқарды. Айналдырған екі жылдың ішінде Юсупов Мәскеудің бұйрығын бұлжытпай орындап отырғаннан басқа республика үшін басы-артық ештеңе бітіре алған жоқ. Қайта үй ішінен үй тігіп, ұйғырларға автономия алып бермек болып, Мәскеу басшыларымен күбір-сыбыр әңгіме жүргізгенін ел іші, саяси орта сезіп отырды. Республика ішінде тұрақтылық кетіп, алдағы күнге сенімсіздік пайда болды. Мәскеуден келген Бірінші хатшылардың ішінде әпербақаны да, ақылсызы да болып, небір күлкілі жағдайға ұшырап, абырой жинап емес, бар абыройларынан айрылып қайтқандары да болды.

Ақырында, президенттікке қайта сайланған ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев ары барса арба сынып, бері келсе өгіз өлген кезге тап келді. Үкімет басшысы Д.Қонаев та «біріншілер» жетегінде кетті ме, әйтеуір, неге екені белгісіз (1955 жылдың наурызы мен 1960 қаңтар, 1962 жылдың желтоқсаны мен 1964 жылдың желтоқсаны) пейілі дұрыс болмай, академияға қаржылай көмектесуге құлықты болмады. Не керек, басшысы оңбаған соң қосшылар қалай түзелсін, он бес жылға созылған бұл берекесіздік республиканың экономикасына, халықтың әл-ауқатына әсерін барынша тигізіп жатқан-ды.

Сондай күндердің бірінде Шахмардан жұмыс аяғы басылған соң ұстазы Қаныш ағасына келді. Шахмарданның анда-санда осылай ұстазына келіп сыр айтысып, шер тарқасатын кездері болатын. Соны аңсап келген беті еді. Үлкен есікті ақрын итере ашып ішке енді. Сәтбаев терезе алдында далаға қарап тұр екен. Алматыға сары күз келіп, ағаштар жалаңаштана бастаған-ды. Қауырсындай қалықтап барып жерге қонып жатқан сары жапырақтарға қарап, терең ой үстінде Қаныш тұр. Ұстазының ойын бөлгісі келмей Шахмардан бөлменің ортасында біраз тұрып барып дыбыс білдірді. Артына жалт қараған Қаныш ағасы Шахмарданға:

--Оу, батыр, қашан келіп қалдың?..—деді,

--...Денсаулығыңыз қалай, Қанеке?

-- Бірқалыпты ғой, жас ұлғайған сайын сырқырап, сыздайтын жерің көбейе береді екен ғой өзі...

--Мәскеуге барамын, дәрігерлерге қараламын деп едіңіз?

--Барамын, барамын, жақында. Біраз қордаланған шаруаны шешіп кетейін десем Бірінші хатшы да, Үкімет басшысы да қабылдамай тұрғаны...неге, не үшін қабылдамайды? Түсініксіз бір дүние болып кетті ғой...

Сол жолы Қаныш пен Шахмардан екі сағаттан астам әңгімелесті. Нақтылы не айтқандарын бүгінде дөп басып айту қиын, әрине. Бірақ бір анық нәрсе—олар сол кездің басшылығына өкпе-арыздарын айтысқаны анық еді.

Шахмардан да бұл кезде оңы мен солын танып, кімнің кім екенін біліп, аңқылдаған ақ көңілдің демін басып, жан-жағын, жаман мен жақсыны таразылай алатын жағдайға келіп қалған-ды. Саясаттың астарында сан түрлі сұрқия тірліктің болатынын көріп, даладай анық, жандары ақжарқын, пейілдері таза геологтар ортасынан келген ол әуелгіде таң қалып, сосын, көңілі қала бастаған. Өзінің де сол саясаттың «орбитасында» отты айналған жынды көбелекше айналып жүргенін сезді, бірақ, ақырының немен бітерін білмеді. Амал қанша, бір түстің екен одан шығып кету де оңай емес. Шыдау керек. Тектен текке «мен кеттім» деп, кете салу биліктің тәртібіне жатпайды. Кету жеңіс емес, жеңіліс. Осындай-осындай ойларымен бөліскелі Қаныш ағасына келген беті еді, Шахмарданның.

Олардың ортасында не айтылғанын біле алмай, кезінде Батырынан сұрап қалмағанына Кәмила апай да отыр бүгінде өкініп. Біз де өкінеміз. Мүмкін, Қаныш аға шәкіртіне ақтық сөзін, арман-тілектерін, тіптен біз біле бермейтін шындықтардың бетін ашып, бүгінгі тарихқа қажетті ақиқаттар айтылған болар, кім білсін?! Әйтеуір бұл ұстаз Қаныш пен шәкірт Шахмарданның соңғы кездесуі еді. Бұдан кейін көп кешікпей Сәтбаев Мәскеуге емделуге кетті. Асыл ағасы жарық дүниеден өткенде ол Маңғыстауда іссапарда жүрген еді. Қазіргідей күн сайын ұшып жатқан самолет бар ма ол кезде, келесі реисті күтіп Маңғыстауда жатып қалды. Шахмардан жеткенше Қаныш ағасының мүрдесін Мәскеуден әкеп, ел-жұрты төрелеп шығарып, жамбасын жерге тигізіп те қойды.

Қазақ халқының мақтан тұтар біртуар азаматы, кемеңгер Қаныш Сәтбаев 1964 жылдың 30 қаңтарында тіршіліктің түрлі-түрлі теперішін де, басына қонған бақытты да көріп, артында өшпейтін із қалдырып жалған дүниеден бақилық өмірге озды.

Бұл Қазақ ғылымының туы құлаған күн болды.

***

Ғылым Академиясы президентінің орыны сәуір айына дейін, екі айдан астам уақыт бос тұрды. Баяғы қазақи мінез емес пе, бір кандидатура Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне ұнаса, ол кандидатура Министрлер Кеңесі төрағасына ұнамады. Әйтеуір, ауызбіршілік жоқ. Оның үстіне Хрущев республика басшыларын ауыс-түйіс жасап тастаған-ды. Оның да аз қырсығы тимеді. Бірінші хатшы Д.А. Қонаевты Министрлер Кеңесінің төрағасы етіп ауыстырып, орнына Исмайл Юсуповты қойған болатын. Ал, Бірінші хатшының кадр мәселесіне жауапты екені бесенеден белгілі. Ақыры, алауыздық жалғаса берген соң КОКП Орталық Комитеті Юсупов пен Қонаевқа «дәл қазір бұл қызметке Шөкиннен артық ешкімді таппайсыздар» деп кесіп айтты. Үлкен үйдің бұйрығын көп бұлтыңға сала алмады, бірден орындады, шәкірт Шапық Шөкин ұстазы Қаныш Сәтбаевтың киелі креслосына келіп отырды.



Шынын айтқанда осы лауазымға акдемик-хатшы, институт директоры Шапық соншалықты құмар да болған жоқ. Орталықтың шешімі солай болған соң, «бұрынғы қызметімді қалдырсаңдар болды» деп, шартын орындаған соң амалсыздан келіскен-ді. Әйтпесе, президент Сәтбаевтан кейін «мен болайыншы» деп, мықтының мықтысы ғана айтар-ау. Ал, ол кезде Сәтбаев беделіне пар келетін «кемеңгер» көз ұшында әзірге жоқ еді. Сонда да болса Шапық бар білімін, көп жылғы жиған тәжірбе-тәлімін, қызметін Сәтбаев салған сара жолдан ауытқымай әрі қарай алып жүруді ойлады. Шапық Шөкиннің бір беткей, тік мінезі ғалымдар ортасындағы неше түрлі «ағыстар мен ағымдарға» бой бергізбеді, істің әділіне жүгінді. Оның бұл мінезі біреуге ұнады, біреуге ұнамады, тағы да сол тартысқан тіршілік жалғасты. Соның бәріне қармастан Шөкин Ғылым академиясының жұмысын бірсыдырғы, тәуір алып кетті. Академиялық ғылымның барлық салаларын аралап, мақсат-жоспарларымен тереңірек танысты. Талантты жастарға дарынды ғалымдарға көңіл бөлді, жұмысқа ынталандырды. Таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін жұмыста болды, мәселе шешті, неше түрлі жиын-конференцияларды ұйымдастырды.

Ғылым Академиясына қарайтын Гидрология және гидрофизика институтын ұйымдастыруды қолға алды. Қолға алғаны халықты сумен қаматамасыз етудің ғылыми жолдарымен айналысатын аса қажетті институт болғандықтан да ресми орындардан тиісті құжаттарды тез алып, ол тез ашыла қойды. Бұл Шапық Шөкиннің төл перзентіндей болып академия тарихында қалды.

Академияның көшпелі сессияларын жер-жерде өткізу Сәтбаев салған соқпақ болатын. Сол жолды жалғастыру мақсатында ол химия өндірісінің дамыған: Жамбыл, Шымкент, Қаратау, Кентау және Ащысай поллиметал комбинатында болып, көптеген ғалым-мамандармен сөйлесіп, кезек күттірмей тұрған проблемалармен танысып, оны шешудің жолдарын қарастырды. Ғылым академиясының көшпелі сессиясын осы аймақта өтізуді, оның мәні мен маңызын облыс басшыларына түсіндірді, тілек білдірді. Өлке, облыс басшылары С.Ниязбеков, В.Ливенцовтар оның маңыздылығын түсініп көмектерін аямады. Соның нәтижесінде 1965 жылдың мамыр айында Ғылым Академиясының Шымкент қаласында үлкен көшпелі сессиясы өтті.

«--Шәкең академия басшылығына тамыр-таныстықсыз келгенін жақсы білетін. Демек, бүгін болмаса, ертең орынды босат деген сөзді де еститінін бажайлайтын. Сондықтан да академия төралқасының, ғылыми институттарының күш-жігері мен мүмкіндіктерін республиканың өндіргіш күштері мен мәдениетін дамытуға бағытталған ғылыми проблемаларды тереңдеп зерттеуге, нәтижелерін өмірге ендіруге шоғырландырды. Сондықтан академияның тірлігі бірқалыпты, айқай-шусыз жүріп жатты».

(«Шапық Шөкин», «Қазақстан» баспасы, 2004 жыл)

Өзіне сеніп тапсырылған қызымет болған соң сүріндіріп алмайын деп Шөкин күні, түні академия шаруасымен айналысты. Бір күн, бір сәт өзіне еркіндік жасаған жоқ. Басқалардың да босаңсып, жұмысты қожыратып жібермеулеріне жол бермеді. Сөйтіп жүргенде уақыттың қалай өтіп жатқанын да байқамады. Алайда, 1965 жылдың жазынан бастап Академиядағы жағдай күрт өзгере бастады. Келіп тұрған көмек бірден тиылды, керісінше тұтқиылдан келетін тексерістер көбейді. Жұмыс істеуден қалды, бір комиссияны шығарып салып, екіншісін қарсалып...не керек, енді енді бір жүйеге түсіп келе жатқан жұмыстың берекесін кетірді. Бұл Шапық Шөкинге ұнаған жоқ. Ұстазы Қаныш Сәтбаевтан қалған жақсы бір дәстүр бар, ол жыл сайын Одақтық Ғылым Академиясынан комиссия шақырып, есеп-қисаптарын бір тексертіп алып отыратын. Ол да тез «Орталыққа» хабарласып комиссия шақыртты. Оның қортындысы бойынша арнайы мәжілісте Шапық Шөкин академияның ісі жайлы алты сағат! баяндама жасады. Ол баяндаманы қағазға қарап емес, керекті цифрларын түртіп алып алты сағат сайраған ғой. Бәрі нақты, дәлелі нық.

Осы бір сәт «Шапық Шөкин» дейтін ғұмырнамалық кітапта былайша баяндалады:



«--Алматыдан аттанар алдында академиктер Келдыш пен Макаров президент Шәкеңе: «Академияның да, президент ретінде Сіздің де жұмысыңызға ризамыз. Сізге қояр ешқандай кінәміз жоқ, алаңдамай, жалтақтамай, батыл жұмыс істей беріңіз, республика басшысы сіздің төңірегіңізде тудырғаан жағдайды КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Петр Нилович Демичевке баяндаймыз» деді.

Осынау комиссия жұмысының қорытындысы Одақтық Ғылым Академиясының төралқасында 1966 жылы 29 шілдеде талқыланып, негізгі баяндаманы Шапық Шөкин жасады. Қазақстан Академиясының қызметі мақұлданып, жақсы бағаланған № 579 қаулы қабылданды.

Бірақ, 1967 жылғы сәуірдің басында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросы арнайы қаулы қабылдады да, академияның жалпы сессиясы Шапық Шөкинді президент міндеттерінен босатты. Бірқатар академиктер бұл ұйғрымға қарсы еді, бірақ дауыс ашық берілетін болып ұйғарылғандықтан үндемей қалды. Тек академик В.П.Захаров қана қасқайып тұрып: «Мен өз шәкіртіме сенемін!» депті».

Міне, қилы-қилы оқиғалар мен тексеру-тергеудің ақыры, 1967 жылдың сәуірінде академик Шапық Шөкиннің де қызметтен кетуімен аяқталды.

***

Содан, 1967 жылдың ақпанында Ш.Есенов Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі, көп ұзамай Қазақстан Ғылым Академиясының президенті болып сайланып және онымен қоса Қ.И.Сәтбаев атындағы Геоогия институтының директорлығына тағайындалды.



Әрине, бұл сайлану мен тағайындалу туралы осылай жеңіл-желпі айта салып, өте шығуға болушы еді, бірақ бір шындықты айтпасақ болмайды, өйткені өмірден өткен тарихи тұлғаларға қиянат болады. Шындығына келгенде бұл сайлану мен тағайындалудың өзіндік сыры мен себебі болды, және ол біреу емес бірнешеу еді...

Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті! Бұл республикадағы лауазымды қызметтердің бірі ғана емес бірегейі. Көп салалы ғылыми-зерттеу институтары бар, ауқымды міндет, межелері бар ғылым ордасы болатын. Оған екі жыл басшы болғанда Қонаевтың өзі шешуін күтіп тұрған кесек-кесек проблемалардың барлығын көрген, ол мәселелер де сол қалпында қалып тұр. Шөкиннің «бірсыдырғы, тәуір» басқаруы ұнамады, ғылымға серпіліс, жаңалық әкелетін жігер-қайраты мол, білімді, қысқасы, ылайықты адамды іздеді. Тапты да. Бірақ, бұл орынға Шахмарданды өзі ылайық көргенмен «ғылым кандидаты» деген дәрежесін және 39-ға жаңа ғана келген жасты басқалардың, әсіресе, қашанда да қиямпұрыстанып отыратын ақсақал,қарасақал академиктердің ұнатпайтынын, көңілдерінің толмайтынын біледі. Сөзсіз олар Шахмарданды сайлау кезінде өткізбейді. Не істеу керек?

Жоғарыда айтқандай, соңғы жылдарда Сәтбаевтың денсаулығы болмай, қайта-қайта дәрігерге қаралып, қанша дегенмен де академия жұмысына кері ықпалы болды, Үкіметтің де қаражаты бұрынғыдай емес кеміп кетті.Жоғарыда айттық қой... Оның үстіне Сәтбаевтың абырой-беделіне «мастанып» алған ғалымдар Шөкинді қомсынып, көңілдері толмай, жұмысты ширатпай-ақ қойғаны да рас. Сондықтан да республика үшін бірінші жауапты адам хатшы Д.Қонаевтың академия басына белсенді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, жас адамды ылайық көріп тұрғаны заңды еді. Оның пейілі қайта-қайта Шахмарданға ауа берген-ді. Қасындағы ақыл қосарларымен ақылдасып еді, оның бірі «жас қой» деді, екіншісі «академик емес қой» деді, үшіншісі, «ғылым кандидаты қалай президент болады?» деп, бәрі кері тарта берген соң өз ақылынан сауға сұрап, шешкені «ақыл жастан, асыл тастан!», ештеңе жоқ кезінде ғылым кандидаты маған да Үкімет пен партия Ғылым академиясының тізгінін ұстатты ғой. Қатып қалған қағида жоқ, әрбірден соң ол қағиданы жасайтын да адам деп, өзін-өзі қайрап, сөзін де, ойын да ширатып өз ұсынысын ұсынды. Ұсынап қана қойған жоқ, әлгі ақсақал-қарасақал академиктермен "жұмыс" жүргізді, сөйлесті, жағдайды ұқтырды. Абырой-атағы бар Бірінші басшы айтып тұрғанда қайда барады олар ұқты да, көнді де.

Сайланардың алдында Шахмардан хатшы Қонаев қабылдауында болып, екеуі ұзақ әңгімелесті, ақылдасты. Әңгіме ресмиліктен гөрі жақын, қамқор аға ниетінде өрбіді. «Шахмардан, біздер ұлғайып келеміз ғой. .. жас келсе іске... академия жұмысын жандандыр!» Бұл сөзде қанай күш жатқанын бізге айтып жеткізу қиын. Қылшылдап, қырыққа енді ғана келгелі тұрған қыран жасқа ел көсемі мынадай сөз айтып, сенім білідіріп, қолпаш көрсетіп тұрғанда Шахмардан қалай болуы керек еді?! Екі білекті сыбанып, құлшына қызметке кіріспес пе еді! Ол солай етті де.

Қонаевтан кейін Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы С.Имашов қабылдауында болып, бір емес бірнеше мәрте алдағы мақсаттар жөнінде ақылдасты, Қонаев көмекшісі Бекежанов та іш тартып, «біріншіге» келген кезінде кедергі жасамай жолықтырып отырды. Ел Үкіметін басқарушы, Шахмарданға аз жыл болса да бастық болған М.Бейсебаевтың ықыласы зор еді. Тіптен ол кісі Шахмарданды төраға орынбасарлығынан босатқысы да келмеді, амал қанша, партия айтты бітті ғой. Коммунистік партияның бұйрығын өзгертуге ешкімнің шамасы келмейді. Осылай бәрі де партиялық жөн-жоралғыларын жасап, ақыл-кеңестерін беріп, іске сәттілік тіледі. Бәрі де ойдағыдай болды...

Әрине, бұл лауазымға Ш.Есенов құр-қол келмеп еді: Қазақ ССР Геология министрі, Қаззақ ССР Мемлекеттік геологиялық өндіріс комитетінің төрағасы, Қазақ ССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болды. Ол 1961 жылы Қазақ республикасы мен Қазақстан Коммунистік партиясының 40 жылдығына байланысты республика өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын және мәдениетін дамытудағы табыстары үшін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Және 1961 жылы ол ХІ съезінде саяси және ғылыми білімді тарату жөніндегі Бүкілодақтық қоғамның мүшесі, 1963 жылы Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды, 1965 жылы Қарағандының Ленин сайлау округі бойынша Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды, 1966 жылы ҚКП-ның ХІІ съезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланды, 1967 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып сайланды. Қосалқы, коғамдық жұмыстарды да атқара жүріп өзіне мол тәжірибе жинақтады. Ал, 1966 жылы сол кездің ең жоғарғы марапаты Лениндік сыйлықтың лауреаты атануы шын мәнінде Есенов Шахмардан есімін елге танытып, абыройын асқақтатып жіберді десе де болады. Алты-жеті жылдың ішінде осындай лауазымды қызметтерді атқарып, азды-көпті тәжірибе жинақтап, баяғы Жезқазғаннан келген аңғалдау жас аз жылдың ішінде білгір басшыға, салиқалы саясаткерге, іскер ұйымдастырушыға айналып, көптің назарына ілікті. Міне, енді сол Есенов Шахмардан Бірінші хатшы Қонаевтың қолдауымен Қазақ Ғылым Академиясына президент болып сайланды. Кезінде дарынды жасты ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев танып, қанаттандырып ұшырса, енді жауапкершілігі жоғары қызметтің алман бәйгесіне Дінмұхамбет Қонаев қосты. Бала қыранды тура танудан Сәтбаев шатаспапты, Жезқазғанда да, Ғылым академиясында да өз ісін жалғастырушы нағыз шәкірті бола білді. Ұстаздан шәкірттің озуы деген осы шығар, сірәда. Әттең-ай, дейсіз! Талай тағдыр жөн-жол сілтейтін өз Сәтбаеві мен Қонаевын кезіктіре алмай, бойдағы талантын танымай,бір басын тауға да, тасқа да ұрып, мына жарық дүниеден өз орнын таба алмай, ақыры «өмірде жолым болмады!» деп, өкіне-өкіне өтіп жатқандар қаншама.

Бұл жердегі Д.Қонаевтың өз мамандығының кәсіби шебері екеніне көзі жетіп, әрі қандай істі болса да үйіріп әкететін ұйымдастырушылық қабілетінің барлығына сеніп, нағыз көсемге ылайықты көрегендігін даралай айтқан жөн. Егер бұл орынға Қонаев ұсыныс жасап, қолдау көрсетпесе Есенов өздігінен оған ұмтылмасы анық. Ол өзінің ұнатқан геологиясын қанағат тұтып, өзі айтқандай «мен лауазым қуған адам емеспін» деп, бұйырған қызметтің жүгін арқалап жүре берген болар еді.

Шынында да тосын шешімді академия ғалымдары тосырқай қабылдады. Ол заңды да. Біріншіден, сол кездің өлшемімен, талабымен қарағанда Шахмардан мұндай үлкен лауазымға тым жас еді. Екіншіден, геология ғылымының кандидатын президенттікке кем көріп тұрғаны да рас болатын. Ал, өмірде қатып қалған ештеңе жоқ, Ата заң да адамдар ақылынан туған. Сондықтан өмір өзгереді, талап та жағдайға байланысты жаңарады, ыңғайланады. Сан жылдар қасаң боп қатып қалған сол ескі «дәстүрді» бұзып, жастарға жол ашып, үміт артқан Дінмұхамед Қонаев әрекетіне шексіз риза болғандар да сол кезде аз болған жоқ.



Шешімге тосырқай қарап, күдіктенген көптің бірі академик Евгений Дмитревич Шлыгин болыпты. Ол онысын студентеріне жасырмай айтып-та келіпті. Сол кездің студенті, қазіргі ғалым- профессор

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет