Шахмардан есенов


Министр Төртінші бөлім



бет5/21
Дата04.11.2016
өлшемі5,66 Mb.
#306
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

Министр

Төртінші бөлім

«БІР ҒЫЛЫМ ЕДІ ІҢКӘРІҢ...»

«Қазақстан геологтары жерімізден мол минералды

шикізат қорын тауып отыр. Бұл арада ғұлама

ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың еңбегі

ұланғайыр. Ендігі міндет—жаңа экономикалық

саясатқа сай, сол мол қазынаны есепсіз оңды-солды

шаша бермей, бір түйірін де шашау шығармай,

орнымен жұмсап, ұқсатып, ел кәдесіне жарату»

***

«Еліңе қайтпа!» дегенге қайтпай қалатын қазақ

болса түркімендер алып қалсын, қарсылық жоқ.

Бірақ: «ит-тойған жеріне» деген мақал қазаққа

жүрмейді...»

Шахмардан Есенов

«-Сонымен, 1960 жылы бар жоғы 33 жастағы Есенов Шахмардан Геология және жер қойнауын қорғау министрінің орынбасары болып тағайындалды. Данышпан Абай айтпай ма:



Талаптың мініп тұлпарын,

Тас қияға өрледің.

Бір ғылым еді іңкәрің,

Әр қиынға сермедің.

Көзіңді салдың тұрғыға,

Бейнетін қиын көрмедің.

Бірге оқыған құрбыға

Бас бәйгені бермедің...-деп.

Тура бір болашақты болжап, Шахмардан туралы айтып отыр-ау деп қаласың! Абай айтса жәй айтпайды. Қазақтарды қанша жерден «надансыңдар, білімсізсіңдер!» деп сынағанымен ол Шахмардандай жастардың өсіп-өніп шығатынына бәрі бір сенді...

Шындығына келгенде Шахмарданға шын сенген Қазақ КСР Геология министрінің орынбасары Айталиев Жарқын болды. Әңгіме түсінікті болу үшін басынан бастайық. Қашанда да бір нәрсеге бір нәрсенің себеп болып жүретіні өмір заңы ма дерсің. Бірде, бұл кезде Шахмардан Жезқазғанда бас геолог болатын, Свердловскі қаласында өтетін геологтардың ғылыми конференциясына шақырылды. Сол жолы Шахмардан Алматыдан келген Геология министрінің орынбасары Жарқан Айталиев ағасы екеуі қонақ үйдің бір бөлмесіне түсті. Бұрынан жүз таныс болмаса былай жақын араласпаған ды. Үш күннің ішінде бір бөлмеде жатып талай әңгіменің басын қайырды. Шыны керек алпысты алқымдап қалған геология ғылымының докторы, Ғылым Академиясының корроспондент-мүшесі, көпті көрген Айталиевқа Шахмардан қатты ұнады. Жас та болса білері көп, кішіпейіл, келбетті, ұстамды мінезі ұнады. Конференция бітіп, бірі пойызбен Жезқазғанға, екіншісі Алматыға сомолетпен ұшқалы отыр. Жүгін жинастырып жатқан Айталиев бір кезде ойына тосын оқиға түскен адамдай:

--Шахмардан, осы сен Алматыға неге ауыспайсың?—деді.

--Ағасы-ау, кен іздеген геолог үшін Алматыңызда жұмыс бар ма?—деді, Шахмардан ағасына қарап жымиып.

--Әй, қысыр сөзді қой, мен жақында пенсияға шығамын, орныма сені ұсынамын. Жоқ, мен оларға айтамын, Есеновті әкелмесеңдер пенсияға кетпеймін деймін,--деп, қарқылдай күлді.

--Ағалар айтса Алматы емес, жерді түбі Магаданға да барамын,-- деді Шахмардан да ағасынан қалыспай жарыса күліп. Осыдан әрі әңгіме өрбіген жоқ, тез жиналып қонақ үйінен шығып кетті.

Шахмардан Жезқазғанға келіп, мың-сан шаруасына араласып кеткен-ді. Кім қай жерде қандай әңгіме айтып, кім-кімге уәде бермей жатыр дейсің, тәйірі. Сондай әңгіменің бірі де деп Шахмардан Айталиев ағасының бұл сөзіне соншалықты мән беріп, үміттенген жоқ-ты. Бір жарты жыл өткен кезде Айталиев ағасы телефон соғып тұр:

--Әй, Шахмардан мен мыналарды көндірдім, егер сені шақырмайтын болса пенсияға кетпеймін деп қорқыттым,-- деп, өзі бұнысына рахаттанып күліп алды, сосын әрі қарай сөзін жалғап,--енді олар, ЦК-дан саған хабарласады, слушый, сен сонда бармаймын деп шалқақтап жүрме,--деді, әділ, тік сөйлейтін әдетіне басып.

«Асатпай жатып құлдық деме» деген, Шахмардан не дерін білмей, «жарайды, жарайды» дегеннен басқа ештеңе айтпады. Айтқандай-ақ көп ұзамай ЦК-дан бөлім бастықтары хабарласып Алматыға шақырды. Шақырудың мақсатын ашып айтпады, сөздерінде «келіңіз» деген бұйыру басымдау сезіледі. Ол кезде Орталық Комитет адамдарының сөз саптасы солай болатын, бір қызық.

Орталық Комитеттің өндірісті басқаратын бөлім бастығын Есеновті өзіне шақырып, әңгімелесіп, Геология министірінің орынбасарлығына ылайықты көріп отырғанын айтады. Сөйтіп тұрғанда анда-санда кабинеттрді аралап жүретін әдетімен Бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаев бөлім бастығының бөлмесіне кіріп қалады. Сасып қалған Шахмардан апыл-ғұпыл орнынан тұрып, бұрын даңқын естігені болмаса жақыннан көрмеген Бірінші хатшымен жалбырап амандасты. Алып тұлғасы, сымбатты жас Шахмардан Қонаевтың назарын өзіне бірден аударды. Бұны сезе қалған бөлім бастығы Шахмарданды таныстырып, Жезқазғаннан келіп тұрғанын, геолог екенін айтты. Жәй шақырып отырмағандарын түсінген Қонаев:

--Қандай мәселе қарап жатырсыңдар?-- деді Қонаев бөлім бастығына қарап.

-- Геология Министрінің орынбасарлығына, Айталиев зейнеткерлікке кетпекші... соған Шахмардан Есеновті... Жезқазған Геологиялық барлаудың Бас инженері, коммунист...—дей бергені сол еді, бөлім бастығының сөзін ишарамен іркіп, Қонаев Шахмарданға қарап:

--Қалқам, шыға тұршы біз ақылдасып алайық,--деді.

Түкке түсінбеген Шахмардан ауызғы бөлмеге шығып кетті. Сол –ақ екен Қонаев бөлім бастығына өктемдеу үнмен:

--Қайдағы зам.министр! Бұл тұрған бойы министр ғой, сендер не істеп отырсыңдар...—деді, шүйлігіп. Шахмарданды бұрын танып-білмесе де сырт келбетін ұнатып қалған ол. Көпті көрген Қонаев бұл тұста халықтың: «түсі келгеннен түңілме», жаратушы да түр-тұрпатты сүйген құлына береді дегенге сеніп, сүйеніп тұр еді. Артынан бөлім бастығы мен көмекшілері: «...министр Богатыров кеткелі жүр... әзірге орынбасарлықты істеп көрсін...үлкен коллективті басқарып көрмепті...» деп, Қонаевты «орынбасарлыққа» көндірген. Қисынды істі қыңыр ғана түсінбейді. Қонаев бұл да дұрыс екен деп, олар пікірімен келіскен-ді.

Міне, осы сәт, осы күннен бастап отыздан енді ғана асқан Шахмардан абырой-атағы бір ғана республика ішінде емес, жалпы Одаққа белгілі, беделді Дінмұхамед Қонаев назарына ілігіп еді. «Кездейсоқтықтың» адам өмірін мүлдем өзгертіп, адам сенгісіз бақытқа жеткізетінін ешкім жоққа шығарған емес, бізде шығара алмаймыз. Мүмкін Шахмардан алдынан шыққан «қырықтың бірі –қыдыр» --қазақ халқының мақтанышы Қонаев болған шығар, кім білсін?! Біздің ойымызға баяғыда, іс сапармен Қостанайға, Лниногроға келген Үкемет басшысы Нұртас Оңдасынов Қонаевты бір көргеннен ұнатып, танып, ақырында Алматыға келісімен Бірінші хатшы Сковорцовқа «өзіме өндірісіті басқаратын басшы тауып келдім» деп, ақырында он жыл орынбасары болған оқиға еріксіз түсті. Бірде, бұл «қызметін» өмірі Қонаевқа бұлдамай, тіптен аузын ашып айтпай пірәдәр болып өткен Оңдасыновқа таң қалған ол кейіннен, зейнеткерлікке шығып, Мәскеуде тұрып жатқан кезінде кездесіп: «Нұреке-ау, үлкен ортаға сені әкелген мен едім деп, ең болмаса бір рет айтсаңыз қайтеді?» дегенде ол: «Е, сені үлкен ортаға әкелсем Сен үшін емес, халқым үшін әкелдім де» деп сөзден тосқан екен. Міне, сол өмір өрнегі қайта қайталанып тұр. Ел басшысы Қонаев халқының болашағы үшін, республиканың абыройы үшін жас Шахмарданды дөп басып, танығандай халде. «Бұлақ көрсең көзін аш!». Халық даналығы. Сол даналыққа құлақ асқан Ел басшысы Қонаев санасында сол сәтте: «республика болашағы осындай жастар қолында...» деген сенім мен үміт қатарласа шауып бара жатқан-ды.

Қазақта сөз бар «отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елеге тарайды» деген. Қонаевтың: «қайдағы зам.министр! Бұл тұрған бойы министр ғой» деген бір ауыз сөзін сол жерде тұрған бір-екі адам ғана естіген-ді. Алайда, ертеңіне-ақ ауыздан-ауызға тарап, біртіндеп-біртіндеп Шахмарданға да жеткен-ді. Қазақ ырымшыл халық емес пе, Шахмардан да ойламаған жерден алдынан Қонаевтың шыққанын жақсыға жорып, жолым болатын шығар деп іштей топшылап, «тон пішіп» қойған-ды.

Себепсіз салдар жоқ. Айтты-айтпады не керек, Қонаевтың бұл сөзі біраз адамның құлағына жетіп, құдіреттеніп, астана есігін он бір жылдан кейін қайыра ашып тұрған жас Шахмарданның абыройын көке көтеріп-ақ тастаған-ды. Ол жаңа қызметке құлшына кірісіп, қанаттана жүріп, бойындағы бар іскерлігі мен қабілетін, Жезқазғанда жинаған мол тәжірибесін жарқыратып көрсете білді, аямай жұмсады. Бұған дейін ұстазы, өзінің пір тұтар тұлғасы Қаныш Сәтбаев сенімінен шыққысы келіп, құлшына еңбек етсе, енді респуликаның бірінші басшысы, абырой мен атағы Одақ көлеміне белгілі Дінұхамед Қонаевтан ойынан да шығуды ойлады. Бұрын аралас-құраласы жоқ, бірін-бірі жыға білмейтін ел басшысының ыстық ілтипаты, бірден лауазымды қызметке тартқан қамқорлығы жас Шахмарданның көңілін толқытып еді. Өз-өзіне іштей: «денім сау, бас аман болса Сізді ұятқа қалдырмаймын!..» деп, ант бергендей де болған-ды, іштей.

Міне, осындай көңіл-күйде Шахмардан Есенов Геология министрінің орынбасары қызметіне кірісті. Жасыратын несі бар, Алматыға келу Шахмарданның көп армандарының бірі болатын. Алматыны аңсамайтын кім бар, жер жаннаты Жетісудың бір жауһары емес пе ол?! Онда тұру мен қызмет істеуді табан астынан тағдырдың өзі осылай оған сыйға тартты. Бұны орысша айтқанда: «Господин случай» дейміз бе, басқаша қалай айтуға болады. Қазақ болса мұндайда «таудай талап бергенше бармақтай бақ бер» дейді. Шахмарданда таудай талап болатын, енді міне, табан астынан бақ та келіп қонды.

Кеше, Орталық Комитетке келмей тұрып ұстазы Қаныш Сәтбаевқа кіріп, бар жағдайды, Алматыға шақырғалы жатқандарын шет жағасын айтқан-ды. Сондағы Сәтбаев ақылы да есінде. Ол: «ұсақ-түйек қызметтеріне келіспе, берсе үлкенін берсін. Болар-болмас қызметті Жезқазғаныңа айырбастап жүрме, өзіңнің кәсіби геолог екеніңді ұмытпа!» деген ді. Шахмардан талайға дейін екі алып: Сәтбаев пен Қонаевтың ойының бір жерден шығып жатқанына таң қалып, өз тағдырының соларға келіп тоқайласқанына риза көңілде жүрді. Мұндай жағдайда тасымаған көңіл, көңіл ме, шалқымаған сезім, сезім бе?!

Содан Шахмардан рахатынан көрі тәтпіші мол министрлік жұмысының ортасынан бір-ақ шықты. Дала геологінің мақсатынан да, күнделікті жұмысынан басқашалау, ауқымы кеңдеу екенін түсінді. Әлгіндей, басшы Қонаев пікірінен кейін, арқа тұтар асқар тауы—Сәтбаев ақылынан соң ол қандай қызметті, қандай бір тапсырманы болса да өңгеруге әзір еді. Республикадағы екі алып тұлғаның екеуі де өзіне қолдау көрсетіп, ақ пейілдерін ақтарып тұрғанда Шахмардан неден жасқансын, батыл, өзіне-өзі сенімді түрде министрліктің есігін ашты. Табиғатынан байсалды Шахмардан асыр-тасырға салмай, байыппен министрліктің ішкі құрылымына көз жіберді, іс жүргізіп отырған бөлім бастықтары мен қызметкерлермен жеке-жеке сөйлесті, жақынырақ танысты. Жетістігін мақұлдады, кемшілікті жоюға жол іздеді. Аз уақыттың ішінде-ақ министрліктің көп шаруасына қанық болды. Дала төсіндегі барлау мен министр кабинетіндегі қызметтің арасында көк пен жерше айырма бар екенін ұқты. Сол айырманың арасын түсініп, кедергілерді кемітуге, жаңаша іс бастауға ұмтылды. Қалай болғанда да дала мен қаладағы геологтардың илеп жатқаны бір терінің пұшпағы болғанмен, міндеттері, қызмет әрекеттері басқа-басқа. Мұнда қағазбастылық, жиналыс-кеңес көп. Біріншіден ол маңызды мәселе болмаса, ұсақ-түйекке бола «Күлтебенің басында күнде жиынды» тоқтатты. Екіншіден, ақырын байқастап қараса бүкіл министрлік бойынша бар-жоғы екі-ақ қазақ бар екен. «Ия, қалған қазақтар қайда жүр?». Іштей ой түйіп қойды. Бұрынғыдай емес геология мамандығын меңгерген жастар ол кезде аз болмайтын, тек оларға жанашырлық көрсетіп, жергілікті жердің ұлт өкілдері еді-ау деп, қызмет ұсынып жатқан ешкім болған жоқ. Байыппен бұл кемшілікті жоюға да жол іздей бастады.

«Бұрын геология саласында жергілікті ұлттың өкілдері қызмет бабында көбіне жай инженер, аға геолог деген атақтан әрі аса алмайтын. Бастықтар, жетекші кадрлар негізінен орталықтан, Мәскеуден жіберілетін. Шәкең министр болған соң жергілікті мамандарға өте қатты көңіл бөле бастады. Аз уақыттың ішінде көптеген ұлттық кадрлар еспеке алынып, олардың өсуіне қолайлы жағдайлар жасалды.Осындай шаралардың нәтижесінде өзінің іскерлігіне сәйкес көптеген жергілікті геологтар басқарушы, жетекші маман болып жұмысқа тағайындалды. Осылардың ішінде мен де 1964 жылы 32 жасымда астанамыз Алматыға «Қазақгидрогеологиялық» тресінің бас инженері болып келдім...»--дейді академик Жәкелов Әбдіғаппар. Бұл естелік «Есенов ұлттық кадірді көтерді!» дегенге бірден-бір дәлел бола алады.

Министрліктің біраз шаруасымен танысып, проблемаларымен қанығып қалған тұста бастығы, министр А.С.Богатырев Мәскеуге, жаңа қызметке ауысып кетті. Оның орнына Шахмарданның тағайындалатынын саяси орта баяғыда–ақ біліп, топшылап жүрген-ді. Топшылау шындыққа айналып Есенов Шахмардан республикадағы ең жас министр атанып шыға келді. Рас, жастығына қарамай үлкен сенім білдіргеніне Димаш ағасына Шахмардан іштей: «Сізді ұятқа қалдырмаспын, сеніміңізді ақтармын» деп, өзін-өзі қайрағандай болып жүрді. Шын көңілден туған бұл ойын алғаш министрліке тағайындалған күні жасырмай көптің алдында ақтара айтты-да.

Шын мәнінде «Біріншінің» бұл шешіміне біреу қуанып жатса, екіншісі, «тым жас қой» деп, көңілдері толмай, күдіктене қарады. Дегенмен басым көпшілік, зиялы қауым қазақ жастарының мұндай күрделі лауазымға ие бола бастағанын жақсылыққа жорып, өзімізді өзіміз басқаратын болармыз деп, Димаштың батыл шешіміне дән риза болысты. Өйткені бұған дейін мұндай орынға Мәскеудің «жолдамасымен» солар ғана келетін-ді. Ал, нар тұлғасына жаратушы сымбат пен келбетті келістірп берген, оның үстіне парасатын, ақыл-ойын, адамгершілігін, сөзге шешендігін білетін қарапайым геологтар мен барлаушылар, инженерлер ортасы Шахмарданды осындай биік, лауазымды қызметтерге ылайық көріп, соны күтетіндей де еді. Армандарының орындалғанына олар да шын жүректен қуанды. «Ол әлі көрсетеді, мойындатады талайды» деп, әсіресе, достары: Далабай, Ғазиз, Темеш тұрды төстерін қағып, мақтаныштан масайрап.

Бар билік бөліп-жарылмай өз қолына тиген соң Есенов бар шаруаға бақылау жасады, кейбіреулердей орынбасарларына тапсырма беріп қойып, жылы кабинетте отырмады. Министірліктің құрамын қайта қарады, ұлттық кадларды көтеруді көздеді, Орталық Комитетке, Министрлер Кеңесіне қосымша қызмет орнын беруді сұрап арнайы хат жазды. Басты байқағаны бар мәселеде әңгіме ашық болып, істі әділ шешсең бұл қызметті игеру аса қиынға түспейтінін түсінді. Бұл қағида қашаннан-ақ бар ау, бірақ қолға мөр, астына тақ тиген соң халықтың қамын жеудің орнына туған-тусын ойлап, айналасына жинап, бармақ басты, көз қысты болып кететінін қайтерсіз. Осыған орай бір әңгімен Камила апай еске түсіреді: «-- Бірде бір жас жігіт көптің ортасынан суырылып шығып, ғылым кандидаттығын қорғағалы жүрген болуы керек, «Шахмардан аға, мен сіздің жерлесіңіз боламын, туысқан боламын» деп тықылдап қоймады. Шыдай алмаған Шахаң: «Шырағым, маған ағайын емес азамат керек, азматтығыңды таныт, отырған орнымды босатып беремін!» деді. Ол өмірде де осы ұстанымды ұстап өтті. Кім жақсы жұмыс істесе, кім ғылымның соңына түсіп ізденсе, сол Батырдың досы болатын, ондайлардан көмегін аямайтын»--дейді.

Министрліктің ішкі құрылымымен әбден танысып алған соң Қазақстанды, оның ішінде кен байлықтары мол аймақтарды аралауға, жетістіктер мен проблемаларды өз көзімен көруге шықты. Геологиялық барлау жүріп, кен қазылып жатқан аймақты аралады, Үшаралдағы мұнай мен газ іздеушілеріне барды, Жамбылдағы фосфор зауытында болды, Қаратау, Кентау өндірістік ауданындағы «Үлкен химияны» көтеруге байланысты жүргізіп жатқан гидро-геологиялық зерттеулердің бағытымен танысты. Қантағы, Ащысай... қойны толған кенді Алтайдан, Орталық Қазақстан төсіндегі мыс-мырыш кені Жәйремді көріп бір-ақ оралды. Оралда болды, Ақтөбедегі мұнай мен газ, хром... кендеріндегі геологиялық, гидрогеологиялық іздеу, барлау жұмыстарының нәтижелерімен танысты. Маңғыстау мұнайының барлануы толғандырды ... Бәрінде де қайнаған жұмыс үстінде, қоршаған кеншілер мен геологтар ортасында болып, мәслихат құрып, іздеу мен барлау жұмыстарының барысын, нәтижесін, геологиялық, гидрологиялық ерекшеліктерін білуге құмартатын. Күрделі-күрделі проблемаларды сөз бұйдаға салмай тез арада шеше де білді. Міне, ол құрылғанына көп болмаған жаңа минстрліктің тағанының мықтап қалануына бар жиған білімі мен тәжірибесін жұмсап бақты.Сонымен қатар өзінің ел билеудегі қабілет-қарымын да байқатты.

Ол министрлікке келісімен Орталық Комитеттің бір жиынында «Аралға көңіл бөлмесек, ертең айрыламыз!» деп, мәселе көтерді. Маңызды мәселеге көңіл аударып, шешудің жолдарын іздеудің орнына, сол кездерде-ақ тұзы аспанға көтеріліп, апатты аймаққа айналған Аралды көрмеген, Алматыдан асып ешқайда шықпаған бір шенеунік «Аралға келер қауіп жоқ, Есеновтікі жершілдік!» деп, айыпты етіп тастайды. Сол Аралдың тағдырын айтпасақта елдің бәрі біледі ғой.

Жезқазғанда жүргенде жазған мақаласында Есенов Шахмардан: «...біз болашақ алыптар Теңіз мұнай кеніші мен Қарашығанақ газ конденсаты жөнінде сөз қозғап отырғанымыз жоқ. Олардың көрсетер қызығы әлі алда...» демеп пе еді. Бұл ойды айтқанда ол бар жоғы жиырманың ішінде ғана болатын. Жастығына қарамай Жезқазғанның жер асты байлығының «географиясын» бұрынғыдан да кеңейтіп, зерттеп, небір керемет кен көздерін ашып жатқан кезі болатын. Жас барлаушы-геологтың Маңғыстау болашағына деген көрегендігін көрмейсіз бе?! Жоқ, көрегендік емес бұл оның ғылыми тұжырымдамасы! Ол мұндай ой айту үшін аға буын-- ғұлама ғалымдар ашқан жаңалықтар мен тәжірибелеріне арқа сүйеді, солар салған соқпақ жолмен жүріп, оны әрі қарай дамытуға әрекеттенді.

«Шахмарданның Маңғыстау мұнайын ашуда, оны халық игілігіне пайдалануға сіңрген еңбегі ұшан-теңіз.Мұнайды іске жаратудың қаншама қиын екенін мұнай мамандары жақсы біледі. Осы бір өте күрделі жұмысқа Шахаң білекті сыбанып кірісіті және асқан қажыр-қайрат көрсетті. Бір сүйсінерлік жай, Шахмардан «мен министрмін» деп тұмсығын көтермейтін. Ол әрдайым қарапайым, жинақы, ақжарқын еді. Талапты өзінен бастайтын. Сылбырлықты, енжарлықты көтермеуші еді. Ол жақсы іске, пайдалы ұсыныс-пікірлерге ұдайы құлақ асатын, кесек тұлғалы, тас-түйін жігіт еді ғой, шіркін!» --деп, артта қалған күндер мен Шахмарданды еске алған Шалабаев Саламат.

Иә, бізге де Есеновтің көп әріптестері оның жаңашыл болғанын, егер ұтымды ұсыныс айтсаң қолдай кететін белсенділігін баса айтты. Жаңашылдық деген не? Ол қол жеткізген табыстарды қанағат тұтып отыра бермей, жаңадан іздену, іздену және іздену деген сөз. Бұл әрбір ғалым атаулының ұстанатын басты ұстамы болмақ. Бұнсыз ғылымда жаңалық ашып, нәтижеге жетем деу құр әурешілік, өзіңді өзің алдау. Есеновтің жаңашыл болуының бар сыры оның ізденімпаздығында, ғылымға деген қомағайлығында жатты. Және ол қарапайым геологтар ортасынан өсіп шықандықтан да олардың проблемаларын, не жетіп, не жетіспей жатқанын жете білді, білген соң оны шешуге әрекет еттін. Оның бойында ұстазына ұқсаған жаңашылдық көзқарас, ауқымы кең ой айту, көтеріп отырған мәселесінің болашағын болжау, бастаған ісін аяқсыз қалдырмай, жеріне жеткізу қасиеті басым еді.

Республиканың шикізат қорын молайтуға бір кісідей ат салысқан, байырғы геолог Б.С.Зейлик бүгінде ортамызда жоқ Есенов Шахмарданның сыр-сипатын, шынайы бейнесін көз алдымызға әкелетін, баршамызға үлгі болатын іскерлігін, жаңашылдығын, кісілігін көрсететін мәні зор естелік айтады:



«--Шахмардан Есенұлы Есеновпен менің бірінші кездесуім Орталық-Қазақстан геологиялық басқармасының Балқаш кешенді геологиялық-географиялық экспедициясына басшылық жасап жүрген кезіме тап келеді. Ол уақытта Шахмардан Есенұлы Қазақстан геологиясы министрі қызметінде болатын. Экспедиция алдында Балқаш Тау-кен металлургиялық комбинатының шикізаттық базасын нығайту міндеті тұрған. Осы міндетке сәйкес комбинатқа мейілінше жақын орналасқан кенді объектілерді заманауи әдістемелер негізінде қайыра бағалау қажет болды.

Сондай объектілерді бірі Бөрлі кен орны еді. Бұл жердегі геологиялық-барлау жұмыстары көп жылдар бұрын аяқталған болып, ол кездегі бұрғылау ескі әдістермен жүргізіліп, рудадағы металл үлесінің шынайы көрсеткіштері анықталмаған екен. Кен орнын қайыра барлау үшін сол кезде жаңа ғана өндіріске енгізілген прогресивті алмас бұрғыларды қолдану арқылы оның шын мәніндегі көлемін, рудадағы метал үлесін айқындап, руданың технологиялық ерекшеліктерін анықтау керек еді. Бір сөзбен айтқанда жаңа скважиналар бұрғылап, терең шурфтар жасап, көлемді технологиялық үлгілерді таңдап алып зерттеу міндеті тұрды. Ал, мұның өзі жаңа техниканы: бұрғылау станоктарын, вахталық автомашиналарды, су тасығыш көліктерді қажетсінді. Кен орнындағы алғашқы бұрғылауымыз бізді үміттендіргендей болған соң мен Шахмардан Есенұлына өтінішпен шықтым.

Шахмардан Есенұлы біздің өтінішімізді жедел қабылдап, Балқашқа ұшып келді де кен орнымен танысып үлгерісімен біз сұраған техниканы жеткізуді тапсырды. Шындығына келсек біз сұраған техниканы бөлу мәселесін министрліктегілер түгел қолдаған жоқ. Кейбіреулері министрдің пәрменін ұзын сонарға салғысы келді. Бірақ министр өз тапсырмасын бұлжытпай орындатты.

Тағы бір естелік. Балқаш көлінің Солтүстік жағалауында орналасқан мыстың ірі кен орыны Саяқтан Руда шығару үшін карьерадағы жаппай және тұрақты жарылыстар нәтижесінде ұшқан ірі тас сынықтары геолог-барлаушылардың үйлеріне дейін жетіп құлап жатты. Адамдардың өміріне қатер төнді. Елді мекенді көшіру қажет. Бұл мәселе Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде талқыланды. Саяқ геологиялық-барлау партиясының қызметкерлері үшін жаңа жерден тұрғын үйлер салу туралы шешім қабылданды. Бұл партия Алматыда орналасқан Оңтүстік Қазақстан геологиялық басқармасына бағынатын. Шахмардан Есенұлы Саяқ геологиялық барлау партиясын Балқаш экспедициясының құрамына беру туралы шешім қабылдады. Ол Балқашқа келісімен мені тағы бірнеше қызметкерлерді, сондай-ақ, Қарағандыдан арнайы жеткен Орталық Қазақстан басқармасының өкілдерін ұшаққа отырғызып Саяққа алып барды.

Жаз. Ми қайнатар ыстық. Министр қалыптасқан жағдайда сол жердің өзінде сараптады. Бұрғышылардың үйлеріне бас сұқты. Қатарда тұрған үйлердің біріне кіргені есімде. Шахмардан Есенұлы – ірі, ұзын бойлы азамат, кірер есік төмен, ол еңкейіп кірді. Барлығымыз кірдік. Үй иесі төрге шақырды, бір қора бала, үйелмелі-сүйелмелі, тар, жұпыны, үйдің ішіне су құбыры тартылмаған. Шахмардан Есенұлы сол тұрған бойда жайлы коттедждер құрылысын бастау туралы пәрмен берді. Ол Саяқ партиясын Балқаш экспедициясына қосып беру жөніндегі шешімінің дұрыстығына тағы бір рет көз жеткізді. Қажетті құрылыс материалдарын сонау Алматыдан арқалағанша Қарағандыдан дорбалап жеткізу анағұрлым тиімді еді. Алматыдан тасу үшін Балқаш көлін айнала жүріп өту керек болатын. Әрине, министр қабылдаған шешім Алматыдағы Оңтүстік Қазақстан геологиялық басқармасының қарсылығын оятты. Олардың өкілдері Балқашқа келіп қалалық партия комитетінде түсіністікке қол жеткізеді. Мені қалалық партия комитетінің хатшысы шақыртып алып бүкіл экспедициямен бірге Алматы қарауына өтуді ұсынды. «Бізге Қарағандыдан гөрі Алматы тартымды» дейді ол. Хатшыға көнсек елді мекеннің құрылысы күрделенеді, Саяқ партиясын Балқаш экспедициясының құрамына беру мәселесі мәнін жоғалтады. Қысқаша айтқанда, жедел құрылысқа қауіп төнді. Мен қарсыласып бақтым. Министр де хатшының алдында мені қорғады.

Алматыда жаңа жоспар пайда болыпты: экспедицияның тентек бастығын орнынан жұлып тастап, Алматыдан басқа көнбіс бастық жіберу туралы. Бұл әрекеттерден Шахмардан Есенұлы бейхабар. Мені Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ауыр өнеркәсіп бөліміне «кілем үстіне» шақыртты. Бұл бөлімді мығым, іскер, бірақ тоқпақтай қатты партия өкілі басқаратын. Кабинет толған адам. Қыспаққа алсын-ай келіп. Мәселе қиындады. Сол кезде менен кабинеттен бір сәтке шығып тұру сұралды. Соңынан естідім, Шахмардан Есенұлы алдын-ала ойластырылған, режиссурасы пысықталған конструкцияның быт-шытын шығарыпты.

Оның мәлімдемесі: «Мен министрмін. Балқаш кешенді геологиялық-геофизикалық экспедициясы Республика геология министрінің ғана номенклатурасы емес, КСРО геология миниистрлігінің де наменклатурасы. Б.С.Зейликті бұл экспедицияның басшылығына тағайындаған біз ғана емес, оны КСРО геоология министрлігі де бекіткен. Ол Мәскеуде тағайындалған. Мен, министр бола тұра бастықты ауыстыру туралы пиғылды қалайша ең соңғы боп естимін. Бұл экспедиция министрліктің аса маңызды құрылымы, ал ондағы кадрлық өзгерісті қазір тура осы арада мәлімдеп тұрсыздар. Экспедиция басшысына менің ескертуім де, шағымым да жоқ». Әбден ойластырылып, дайындалған шабуылға тойтарыс берілді. Қазақстанның ауыр өнеркәсібін түгел қол астында ұстап тұрған қатаң хатшы мен геология министрінің қарсыласуы Шахмардан Есенұлының жеңісімен аяқталды. Бұл эпизодты өз деңгейінде бағалау үшін сол уақыттардағы Коммунистік партия органдарының, әсіресе басшыларының шексіз билігі туралы білу керек. Олармен қарсыласып, дауласу үшін биік азаматтық ұстаным, асқан ерлік пен қисынды дәлелдер керек болатын.

Тағы бір мысал. Бұл оқиға Балқаш экспедициясындағы барлық қызметкерлердің мүддесін қозғайтын Әлеуметтік мәселелерге байланысты туындады. Бұрынырақ, Балқаш экспедициясына мен келмей тұрғанда экспедиция қызметкерлеріне далалық төлемақы беріліп тұрған. Оның негіздемесі ауыр климаттық жағдай, қала күн күйдіріп жіберген тасты жерде орналасқан, өсімдік жоқ. Балқашта суарусыз ештеңе өспейді. Шөл даладан жел тынымсыз уілдеп-ақ тұрғаны.

Бұған тау-кен металургиялық комбинатынан тұрақты будақтаған зиянды түтіндер т.б. тастандыларды қосыңыз, сонда экспедиция қызметкерлерінің жалақысына қосымша төлемақы әділетсіз боп көріне қоймас.

Мен экспедицияға келуден 15 жылдай бұрын қалада тұратындарға қосымша төлемақы тоқтатылыпты. Төлемақыны қайта бергізу үшін мен күреске кірістім. Ш.Есенов минситр болғанға дейін менің өтініштерім аяқсыз қала берді.

Ал, ол министр болысымен бұл мәселе өзінің оңды шешімін тапты. Бір жағынан алғанда Қазақстан үлкен ел, экспедициялар дегенің жеткілікті, сонда бір ғана экспедицияның өтініші үшін онсыз да күнделікті күрделі мәселелердің күрмеуін іздестіретін министр үшін мұның қаншалықты маңыздылығы бар дейсің. Оны байқамауға да болар еді. Басқа министр басқаша ойлар, бірақ Шахмардан Есенұлы адамгершілігі жоғары, асыл азамат еді ғой. Мәселенің бәрі осында!

Нақты бір маманға қатысты тағы да бір оқиға есімде қалыпты. Минстрліктің төралқа отырысында Балқаш тау-кен металургиялық комбинатының шикізаттың базасының проблемасы қаралды. Біздің экспедицияның бас геологы М.И.Жуковтың қойылған мәселе бойынша баяндамасы біте салысымен оған кейбір төралқа мүшелері дүрсе қоя берді. Ш.Есенов, М.И.Жуковтың сасқалақтаған, қынжылған түрін көріп коллегия отырысы аяқталысымен оны өз кабинетіне шақырып алып, сынды көтере білу керектігін, эмоцияға жол бермеу қажеттілігін байсалды түрде айтып, жеткізіпті.

Геология саласындағы көпжылдық тәжірибемде мен мұндайды кездестірмеппін. Бір сәттік әлсіздік танытқанға көмекке тек Ш.Е.Есенов қана қол ұшын бере алар еді.

Шахмардан Есенұлының түр-тұлғасының өзі лидерлікке сұранып тұрғандай көрінетін. Ұзын бойлы, мығым денелі, шымыр ашық жүзінен мейірімділік пен жұмсақ талапшылдық белгілері байқалып-ақ тұратын. Ол шешен еді, үлкен аудиторияны лезде өзіне тартып алатын. Жетпісінші жылдардың орта шенінде Алматыда Бүкілодақтық петрографиялық жиын өтті. Қазақстанға Одақ түкпірлерінен көптеген геологиялық ұйымдардың делегаттары келді. Жиынды Қазақ ССР- Ғ.А. Президумының залында Шахмардан Есенұлы ашты. Ол қолына ешқандай қағаз алмастан залға қарап тұрып өзінің түр-тұлғасымен-ақ үлкен аудиторияны тыныштандырып, отырғандармен сәлемдесіп, жұмыстарының жемісті болуын тілеген тартымды кіріспе сөз сөйледі. Ғылымға өндірістен келгендер кейде ғылыми-зерттеу институттарына студенттік партадан келгендерге мұрын шүйіре қарайтынымыз өтірік емес. Республика Ғылым Академиясы басқарған жылдары Шахмардан Есенұлы әртүрлі бағыттағы ғылыми ізденістерді, ең алдымен геологиялық ізденістерді бір арнаға тоғыстырып, тиімді ғылыми іс-әрекеттерге даңғыл жол салды.

Оның жаны жаңаға жақын болды. Ол маған да жәрдемін аяған жоқ Менің «Соқпалы – жарылғыш тектоника және плиталар тектоникасының қысқаша очеркі» тақырыбындағы монографияма рецензия жазып, 1991 жылы жарыққа шығуына көмектесті.

Жаңаға, жаңалыққа көзқарасы маман өрісінің кеңдігін анықтайды дейтініміз бар. «Ірі маман» деген айдар тағылатын кейбір ғалымдар бір бағыттағы жұмыста едәуір нәтижелерге қолы жеткені сол екен, өзінің бағытынан өзгеше жаңа идеяларды қабылдауға даяр емес болып шығады. Ондайлар туралы: «Ол өз дүниетанымының шектерін мына фәни дүниенің шектері ретінде қабылдайды» деп айтып жатамыз. Өкінішке орай мұндайлар біздің қатарда да аз емес. Шахмардан Есенұлы жаңашыл еді. Ол политехникалық институтта кафедра меңгерушісі қызметін атқарып жүрген кезде менен «Соқпалы– жарылғыш тектоникасы» бойынша бір-екі лекция оқып беру үшін шақырғаны бар.

Осы очерктің соңында айтарым: Шахмардан Есенұлы менің жадымда ірі, бірегей тұлға болып қала береді. Өмірінің қиын сәттеріндегі оның табандылығы мен ержүректілігі еліктеуге тұрарлық қасиеттер деп санаймын».

***


Бірде академик Велиховтан тілші: «Өткен, ХХ ғасыр дегенде ең алдымен кімді, я болмаса нені айтар едіңіз?» -деген сұрағына: «Ол Махатма Ганди...жоқ, Эйнштейннің салыстырмалы теориясы... жоқ, ХХ-шы ғасыр, ол --Мұнай!» --деген еді.

Бәріміз де дұрысы осы шығар деп ойлаймыз. Себебі, ХХ ғасырда жер бетінің жер-жерінен мұнайдың мол табылуы адамзат тіршілігін күрт өзгертті. Өмірдің түрі өзгерді. Қайбір мемлекеттерде қоғамдық қатынастар сол үшін шиеленісе бастаса, қайсыбірінің қақтығысын мұнай шешіп жатты. Не керек, домалақ жер бетінің «ауа-райын» жер астының «қара мұнайы» басқара бастады. Бұл қандай құдірет? «Мұнай!»- деген не өзі?

Адам миына да маза бермей келе жатқан мына сұрақтар, «Мұнай қайдан, қалай, қашан?» пайда болды. Егер турасын айтсақ, бүгінге дейін мұнай «мына заттардан жаралған» деген толық ғылыми жауап жоқ. Мұнайдың химиялық құрамы да белгісіз, қайдан, қашан шыққаны жайлы нақтылы дәлел жоқ, тек әр түрлі болжамдар ғана бар.Бірақ, адамдар мұнайды өз қажеттілігіне сонау-сонау 6-8-ші мыңжылдықтарда пайдалана бастаған көрінеді. Тіптен археологтар оны әрі ұзатып, тас пен қола дәуіріне апарып қояды. Кім білсін?

Ертек-аңыз, сосын тарихтан білетініміз көне дәуірлерде адамдар жанып тұрған табиғи газ алауына табынып, өзін жаратқан солдай-ақ, жалбарынып-жалынып отырған. Дүние жүзі дәрігерлерінің атасы Гиппократ жазбаларында мұнай және табиғи битум негізінде рецепт жазылып, оның түзімі берілген. Ежелгі Римдік А.Феликс деген ғалым алғаш рет мұнайды ажыратып, дәрі жасаған. Үнді мен Иран халқының ауыз және жазба әдебиеттерінде де мұнайды емге қолданған мағлұматтар бар. Айта берсек мұндай да алып қашпа әңгіме аз емес. Қысқасы, әлемдік мұнайшылар арасында мынадай пікір бар: химиктердің ден қойып мұнай түзімін іздеуге кәдімгі дәрігерлер түрткі болған деген. Рас та шығар, әйтеуір, Бірінші Петр тұсында Бакудің қара майынан ақ мұнай ажыратылып, кішкентай құтыларға құйып, аптекаларда сатылыпты.

Химиктер керосин тапқаннан кейін мұнайға деген сұраныс күрт көтерілген. Польшада бірінші керосин шамын тапқан адам Лукасевичке ескерткіш қойылған. Ал, иженер Степанов шамның жану теориясын ашқаны үшін Нобель сыйлығын алды. Осыдан кейін-ақ ұзақ уақыт, орыс теңізшісі Костович 1880 жылы бензинмен істейтін мотор ойлап тапқанға дейін керосин дәуірі ұзақ уақыт жүрді. Неміс өнертапқыштары Даимлер, соңынан Бенц бензинмен жүретін автомобил тапқаннан кейін мұнай «бағы» аспанға бір-ақ шықты деуге болады. Бұдан кейін адамзат автомобилді де, бензин шығатын мұнайды да тоқтату мүмкін емес жағдайға жетті. Керісінше, мұнай әлемдік экономикаға қожалық ету «тағына отырды».

Бұдан кейін мұнайдан бөлініп шығатын пластмасс дәуірі туды. Одан капрон, нейлон, силон...дейсіз бе, әйтеуір, тоқыма өндірісі, дөңгелек жасайтын шин зауыттарында онсыз, мұнайсыз тіршілік тоқтайтын болды. Бұдан кейін каучук, полиэтилен дәуірі келді. Неміс ғалымдары Карл Циглер мен Джулио Натта каучук өндіруді тапқаны үшін Нобель сыйлығын алды.

Нобельдің өзі ше? ХІХ ғасырда ағайынды Нобельдерді сонау Англиядан Атырауға ешкім шақырып келген жоқ, олар мұнайдың «исін» сезіп, өздері келді. Доссордың таза майын арбамен теңізге, одан әрі кемемен тасып, елін қара маймен қамтамасыз етіп, бүкіл Европаға цевилизацияның «отын» жақты емес пе?! Ал, ХХ ғасырда мұнай адам тіршілігіне қажетті заттардың жартысынан көбін өндіретін әлемдік үстемдікке жетті.

Сөйтіп, ол-мұнай жер бетінде өндірілетін барлық пайдалы қазбалардың ішіндегі ең тиімдісі, пайдалысы болды. Бар мәселе де, бар проблема да- мұнайдың аса пайдалы шикізат болуында! Ол өндірістің наны, оған дау жоқ. Және жасанды талшық жіп, полиэтилен, синтетикалық қағаз, каучук, асфальт, битум, тағыда көптеген химиктердің көмегімен өндірілетін заттардың арғы атасы-Мұнай екені қазір елдің бәрі де біледі. Білгендіктен де бағы аспанға көтеріліп, қолы жеткеннің-ырысы, жетпегеннің-арманына айналып тұрғаны.

Адамзат мұнайдың «хабарын» қашан білгендігі жөнінде жоғарыда айттық. Қазіргі айтпағымыз, Адам ойымен жарысып, қосарлана шауып келе жатқан техникалық прогрестің «наны» - мұнайсыз бүгінде күн жоқ. Бір күннің бір сағатында ол жоқ бола қалса тіршіліктің соңғы сәті келгендей жер беті улап-шулап, бей –берекеттікке түседі. Жер шарының жарты адамы жатарда «ертең мұнайдың бағасы түссе екен» деп, құдайдан тілеп жатса, келесі жартысы «өссе екен» деп ұйқтайтын халге жетті.

Міне, академик Велиховтың сөз астарында осының бәрі-бәрі бар секілді...

Ақыр соңында Қазақстанда мұнайдың бұлай дамып, өндірістің ірі бір саласы болып қалыптасуы жаңа облыс Гурьевтің құрылуына әкелді. Сөйтіп, 1938 жылдың 15 январында СССР Жоғарғы Кеңесі шешімімен жер көлемі 200 мың кв.км. алып жатқан, жалпы халқының саны 375 мың, ал, облыс орталығында 61 мың халқы бар Гурьев облысы құрылды. Облыс құрамына алты аудан: Еспол, Бақсай, Теңіз, Мақат, Жылыой және Маңғыстау аудандары енді. Бұл аудандарда мұнай маңызды мәселеге айналды.

Қазақтар үшін мұнай нағыз құбылыс болды. Жиырмасыншы ғасырдың басында мұнайды күрт өнідіруге кіріскен Ресей өкіметі қазақ даласының батысын өндіріс ошағына айналдырды. Талай мұнай кендері табылып, мұнаралар бой көтерді. Бұрын қазақ түсінігінде болмаған мамандық: геолог, барлаушы, бұрғышы, геофизик, гидролог, инженер... тағы да толып жатқан жаңа кәсіпке икемделе бастады. Қазақ жастарын, әсіресе, қырқыншы, елу мен алпысыншы жылдары мемлекет өз қаражатымен жастарды осы мамандықтарды игеру үшін Мәскеуге оқуға жіберді. Келе-келе мұнайшы мамандығын дайындайтын институттар мен факультеттер ашылып, оған қазақ жастары көптеп тартылып, Отанға аса қажетті жаңа мамандықтарды меңгерді.

Солардың бірі болып геолог мамандығын меңгерген Есенов Шахмардан Жезқазған жерінен түрлі-түсті металлдар кенін іздеп, молынан тауып, тәжірибе жинаған оған Геология министрі міндетін жүктеді. Министрліктің атақаратын қызыметі ауқымды, ұшы-қиырына көз жетпейтін қазақ даласындағы, жер қойнауында жатқан бар байлықтың қожасы. Табиғат ананың берген несібесін, байлығын шашып-төкпей адам игілігіне жарату осы министрліктің міндеті. Жастығына қарамай өзіне тапсырылған қызметтің осындай парқы мен парызын, ел басшыларының сенімін түсінген Есенов іске кірісті.

Жас министрдің кен байлықтарының ішінен мұнайға баса көңіл бөлуінің сыры мен себебін жоғарыда айтты. Мұнай өз үстемдігін адамзат атаулыға жүргізіп, минералды-кен байлықтары ортасынан озып тұрғанын, құнының қымбат екенін барша адамзат біледі. Бұл бірінші себебі. Ал, оның екінші себебі бар, соңғы жылдары межеленген мемлекеттік жоспарлар орындалмай, геологиялық барлау жұмыстары божырап, жаңадан кен көздері ашылмай Геология министрлігі атына біраз сындар айтылып жүрген. Қалай да қалай бұл сала бір серпілісті, оны ұймдастыратын ерік пен жігіері мол, қайсар басшыны, білімді адамды күтіп тұрғаны рас болатын. Ел басшысы Д.Қонаевтың министрлік жұмысын, оның ішінде мұнайға тікелей басшылық жасайтын кәсіби маманды, ылайық адамды көптен-ақ сұранып тұрған. Ғалым-геолог Сейтмұратова өзінің Есенов туралы естелігінде Қонаев алғаш Шахмарданды көргенде: «...орынбасар емес, министрдің өзі ғой!» деп, айтыпты дегенді жазады. Қонаевтың осы сөзінен–ақ шынымен оның бұл қызметке, яғни, Геология минстрлігіне сол кезде ылайықты адамды іздеп жүргенін анық байқаймыз. Оның жөні де бар еді, Ел басшысы министр А.С.Богатыревтың Қазақстанды жерсінбей, кеткісі келіп, министрлік ісіне аса жанашырлықпен қарамай жүргенін көптен сезетін. Шынында да Қонаев Шахмарданды бір көргеннен-ақ үміт етіп, сол орынға ылайық көріп қалады. Ақырында, кешікпей министрдің өзі етіп тағайындайды ғой.

Бір қызығы, бяғыда, Жезқазғанда жүргенде Шахмарданның өзі айтқан, алдын-ала болжаған-- «Теңіз мұнай кеніші мен Қарашығанақтың көрсетер қызығы әлі алда!» деп, енді сол болжамды шындыққа айналдыру өз үлесіне тиіп тұр. Бұны қызық демегенде нені қызық дерсіз. Содан, жас министр: «Қара алтынның» қоймасы--Маңғыстаудың болашағы зор. Оны игеру, оның байлығын халық игілігіне, ел қажетіне жарату біздің адамдық та, азаматтық та борышымыз болуы керек» деп, көп алдында айтып, ант бергендей іске кірісті.

***
Сайын Назарбек, Қазақстан Жазушылар



және Сәулетшілер одағының мүшесі.
«...Маңғыстау ояна бастады. Форт-Шевченко қаласында трест, Ералиевте әр түрлі басқармалар, Жетібай мен Өзенде геологиялық барлау экспедициялары, Ақтауда неше түрлі мекемелер, не керек Маңғыстауды ойы мен қырында, сайы мен саласында неше алуан өндіріс орындары пайда болып, өркендей бастады.

Сол мекемелерде жұмыс істеп, жақсы жалақы тауып, тұрмысты түзеуге болады екен деген, аңыздай әңгімелер ел арасына тез тарап кетті.

Өндірісті көтеріп, халық жағдайын жақсартамыз деген қазақ халқының небір марқасқа азаматтары осы өлкеге келе бастады. Солардың бірі-Геология министрі Шахмардан Есенов еді.

... «Министр келеді екен!» деген хабар Қызылсайдағы жертөледе тұратын ауыл адамдарына тура «айдан адам келеді!» дегендей құдіретті естілді.

Мен ол кезде (1962 ж.) бар –жоғы жирма бір жастамын, Өзен геологиялық барлау экспедициясының бастығы Үсенов Дүйсеннің жүргізушісімін, астымда «ГАЗ-69» деген машинам бар. Бір күні бастығым ертең министрді күтіп аласың деді. Кесе-кесе жолдармен машинаңды тулатпай, қия-қия жолдармен қатты кетпей, ақырын-ақырын, жайлап жүргіз деп, күнұзақ ақыл айтумен болды. Дүйсекеңнің ақыл айтуының жөні бар, Қызылсайдың маңында машинаға арнайы салынған жол жоқ. Бұл далада әр шофер өзіне қалған жерінен жол салып жүре береді. Таңдау көп. Сондықтан да даланың беті әжім басқан кемпірдің бетіндей тарам-тарам, мондалақ шұбыртпасы түскен адам бетіндей айғыз-айғыз. Борпылдаған бос топырақ. Шамалы жел тұрса-ақ болды аспан мен жердің арасында құм боран тұрып, дүниенің бәрі ақ тұманға айналады. Қолқа мен танауың шаңға толып, тұншығып, өлердей боласың.

Дүйсекең қатты уайымда болды. Өзінен де маза кетті, бізге де маза беруден қалды. Қайтсін, министрді күнде күтіп жатыр дейсіз бе?! Мүмкін, өмірінде «министрді» бірінші көрейін деп тұрғаны шығар. Өз үйінде және есімі жадымда қалмапты, министрді танитын бір танысы, не керек екі үйде қонақты күтіп алуға жандары қалмай дайындалды.

Ауылдың батыс жағындағы тегістеу жерді беларус тракторымен күнұзақ түзетіп, ұзын, темір трубаға ала қалта байлатып, Дүйсекең Өзеннің «аэропортын» дайын етті. Күткен күн де келді, АН-2 самолетімен министр де ұшып келіп, қонды. Бастығым Дүйсекең елпелеңдеп, жүгіріп жүр. Біз де қобалжып тұрмыз, өйткені министрді көруіміз бірінші. Министр ұзын бойлы, батыр тұлғалы, аққұба өңді, көркем де нұлы жүзді, қысқасы, «Министр» деген атына заты сай екен.

Министр дастарханға шақырған ұсынысты қабылдамай буровой станоктарын (түркімендер бұны «бұрау құрылымдары» деп атайды екен) аралайық, көрейік деді. Бірінші бұрауға жол тарттық. Күн желкемдеу еді, оның үстіне қырсық қылғандай тура артымыздан соғып тұрмасы бар ма. Машинаның қойнынан да, қонышынан да қуалай соққан майда тозаң ішін толтырып, демді тарылта бастады.

Менің қатарымда, алдында отырған министр алғаш тіл қатты:

-Атың кім?

-Сайын.

-Машина айдау білесің бе?

-Білемін.

-Онда неге айдамайсың.

-Айдап келемін ғой. Сақтанған түрім ...

Министр маған қарап күлді де:

--Сайынжан, аударылып өлеміз деп қорқып отырғанда, тұншығып өлетін болдық қой. Айда машинаңды!-деді. Бұл маған еркіндік берді. Мен шамам келгенше шаң мен желді «алдап», кейде бұрыла қашып, машинаны зуылдата бастадым.

Біраздан кейін тіптен батылданып алдым, сосын министр мен бастығыма ақыл айтуға көштім: «әуелі ық жақтағы, өзеннің ойындағы бұрау құрылымына соғып, одан әрі ылғи желге қарсы жүріп, шығыс жақтағы №22 –ші станокқа соғайық» дедім. Екеуі де маған жалт қарап, «дұрыс» деді. Екеуінде де түрден түр жоқ, шаңға бөккен. Тап-таза, мұнтаздай боп келген министрді Маңғыстаудың асау желі мен шаңы бір сәтте-ақ ұйпа-тұпасын шығарды. Қарасам күлкім келеді, жастықтың жыны ғой. Осылай станоктардың біразын араладық... Өлдім, талдым дегенде Қызылсайға да жеттік-ау!

Көп әңгіме қозғалды. Елдің әлі жертөледе отырғанына министрдің көңілі құлазып қалды. Үйлер салу керек, бел ағаштар таппасаңдар трубаларды қойып, үйдің еңсесін биіктеу етіңдер деді.

Қайтарда себебі есімде жоқ, әйтеуір мен шығарып сала алмадым...

Міне, мен сол жолы алғаш рет министр дегенді, министр тағына отырған адамды көріп едім. Сол күннен бастап «министр» деген сөз ести қалсам болды есіме, көз алдымы алып тұлғалы, жүзінен нұры төгілген Шахмардан Есенов келе қалады. Сосын, қайсібір министрді көрсем де Шахаңмен салыстырам да көңілім толмай, ойым ортайып, құлазып қаламын. Мұндай сезім талай болды. Бәрі де Шахаңа жете алмайтындай...бәрі де нағыз министр бола алмайтындай сезім билейді. Таным мен талғамы таудай, азаматтығы асқақ сол Шахаңды сағынатыным рас! Әлі сағынамын!

Бірақ тағдыр мені екі жылдан кейін бір көруге жазды. Ол кезде мен студентпін, Қазақ политехникалық институттың екінші курсында оқимын. Абай атындағы опера және балет театрының алдында бір досымды күтіп , әрлі –берлі ұзақтау жүріп қалдым. Қасымнан өтіп бара жатқан екі кісінің сөзіне еріксіз құлақ түрдім. Бірі:

-Анау тұрған Шахмардан Есенов емес пе?

-Дәл өзі, кімді күтіп тұр екен?

-Шахаңды осынша күттіріп қойған адам да осал болмас?!

Екі адамның бұл әңгімесі менің баяғы Өзенде алғаш министрді көргенім, оны Маңғыстаудың шаңына бөктірген кезім ойыма оралды. Еріксіз жымидым. Бірақ, «Аға, мені танисыз ба?» деп баруға батылым жетпей, қасынан ары-бері жүріп, көз қиығыммен қарап қойдым. Әлі өкінемін, сәлемдесуге болушы еді ғой. Қазақтың салтында бар емес пе, танысын-танымасын жасы үлкен адамға кез-келгеннің сәлем беретіні...
***

Шахмардан ағаның кісілігі мен көсемдігін, білімі мен шешендігін досы да, қасы да, барша замандастары мойындаған адам. Оның бағы мен тағы, білігі мен көркі көрген жанды қызықтырмай қоймайтын. Тағдырыма ризамын, жас кезімде бір кездестіріп, ұмытылмастай тұлғасымен көңілімде қалды. Есейіп, ер жеттік, яғни, 1964-1969 жыл аралығында Қазақ политехникалық институтты ойдағыдай аяқтап, ректор шешімімен инженер-құрылыс факультетіне мұғалім болып қалдым. Содан біраз жыл өткен соң маған институт саяжай салуға жер береді. Көршім, институтта электротехникадан сабақ берген Псарев деген ұстазым, зейнеткер саяжайын сатып, оны Есенов алмасы бар ма. Содан, құдай қосқан көрші болдық та шықтық. Шахаң да, жеңгей Кәмила да «көрші қақысы- құдай қақысы» дегенді молынан түсінетін жандар екен. Екеуі де жайдары, қарапайым, мейрбанды. Мен «министр, президент» болып едім деген кеуде Шахаңда жоқ, қарапайым, көңілі жарқын. Қаншама жас кіші мені «Сәке!» деп, өзімді де, көңлімді де көтеріп қояды. Шахаңның әдемі, орынды қалжыңы таусылмайтын. Отырған жерінде әзілін де, аталы сөзін де айтып, айналасын шаттыққа толтырып, тамаша бір мереке жасап отыратын. Бір күні маған:

--Сәке, Сіз бен біз қалада көп тұрып қазақтың ұлттық дәстүрін ұмытып қалыппыз-ау!. Осы «ерулік» дегенді бұрыннан отырған үй беруші ме еді, жоқ әлде көшіп келген үй беруші ме еді?-деді, түк білмегенсіп. Айналамызда тыңдап отырған адамдар орынды қалжыңға, дөп айтылған әдемі әзілге жамырай күлісті.

-Шаха, Сіздей адамды дайындықсыз шақыруға бола ма?-деп, алдым да,- Біз бір ай дайындалдық, енді дайындық та аяқталды, қозы да пісті! Ерулік келесі жетінің жексенбісінде!-дедім.

-- Кәмила, онда екеуміз қонақ болуға дайындалатын болдық қой, Батыр, дайындалуға бір жеті жете ме?-деді, жарқылдай күліп.

-Інішектерді ұмытып кетпеңіз, бәріңізді шақырамыз!-дедім, ер жетіп қалған ұлдарының да келгенін қалап.

-Бауырым-ау! Мынауың ерулік емес той болды ғой,-деді тағы да күліп.

-Шаха! Сізді Маңғыстаудан танитынымды, енді көрші болып жатқанымызды айтып, бір ай болды достарыма мақтанғаныма...енді, оларды таныстырайын деп едім...

-А, қалай, біз таныс па едік?-деді, Шахаң.

Мен Шахаңа, баяғы 1962 жылғы, Өзен барлау экспедициясына барған сапары туралы айтып бердім...

Ол бір заман екен-ау! Біздер демалыс күндерімізді көбіне саяжайда өткізетінбіз. Шахаңдар да жиі келетін. Кездесіп қалса болды, «жүр, Кәмиланың шәйін ішелік» деп, ылғи үйіне алып келетін. Шеті жоқ әңгімелер айтатынбыз. Көбіне көп ашылған кен орындары, Маңғыстау туралы, Жетібай мен Өзен мұнайын өндіру төңірегінде сөз қозғайтын.

Саясат туралы да, өз жұмысының төмендетілуі туралы да естелік айтуға құмар еместігін байқап мен де ештеңе сұрамайтынмын. Шахаңның Димекең, Дінмұхамед Қонаев туралы пікірі өте жоғары болатын. Бірде: «Димекеңдей азаматты өкпеге қиюға болмайды ғой» дегені әлі есімде.

Шахаңның айтқан бір естелігі есімде қалыпты. Бұл Кеңес Үкіметінің ең жоғары билігінің басында болған Леонид Ильич Брежневтің Қазақстанға келіп-кеткен бір бейресми сапары туралы әңгіме еді. Шахаң:

«-Менің Ғылым Академиясының президенті кезім. Ол кезде академияның беделі жоғары, дәрежесі де жоғары болатын. Ұмытпасам, Қазақстандағы ең жоғары айлық-жалақы менікі болатын. Бірақ, шет елдің өзіммен дәрежелес бір қонағы келгенде сол айлық құрмет көрсетуге жетпей жататын.

Америкаға барғанда ол елдің Ғылым Академиясының маған көрсеткен құрметі туралы айтып, сөзбен жеткізу қиын. Басқасын айтпағанда жарқыраған аппақ кемемен мұхитқа алып шығып көрсеткен кереметтері, табиғат көріністері, небір құрметтеу шаралары мәртебеңді өсіріп, көңіліңді көтереді. Біздер қаншама жерден тыраштанғанмен ондай құрмет пен қошеметті көрсете алмаймыз. Олар алдында кедейлігіңді амалсыз мойындайсың, сосын намыстанасың. Тіптен өзіміздің «Волга» автомашинасына екі бүктетіліп мініп-түсудің өзі ұят. Жеріміз бай, бірақ шетімізден кедейміз...

Қойшы, содан, бір күні Орталық Комиттетің бір жауапты қызметкері өзіне шақырып, маған өте құпиялы түрде, бүгін Мәскеуден Леонид Ильич ұшып келетінін, Қонаев дачасында қабылданатынын, соған тек менің ғана шақырылып отырғанымды айтты. Қасыңызға ешкімді ерітпеңіз деп ескертті.

Дәл уақытында Димекеңнің дачасында болдым. Біз кезде Димекең мен Брежнев, мәртебелі қонағымыз да келді. Амандық-саулық сұрасып дегендей, біршама уақыт өткізіп, дастарханға отырдық. Бес кісіміз: екі көсем, екі көмекші және мен. Дәмді тамақтар, ләзатты шараптар, әзіл әңгімелер... Уақыт өтіп жатты. Қонағымыз аздап қыза бастады. Біз де көңілдіміз...

Даяшы қыз тағы бір дәмді тамағын алып келді. Леонид Ильичтің назары даяшы қыздың көрікті көркін көріп, байқап қалған секілді. Ол басын шайқап: «какая красавица!» деді де көмекшісіне қарады. Сол-ақ екен көмекшісі бір қобдишаның аузын ашып, алдына тоса қалды. Іші толған алтын сағат. Ол асықпай қарап, ішінен әдемі деген бір алтын сағатты алып даяшы қызға ұсына тұрып: «На! Носи себя на здоровье!» (Шахаң, Брежневтің дауысын айнытпай салып айтты—С.Н.) деді. Отырыс созыла түсті. Бір заманда әлгі оқиға сол күйінде қайдаланды. Кезекті тағы бір тамақ келді. Лекеңнің көзі әлгі қызға тағы да түсті. Лекең көмекшісіне қарайды, көмекшісі қызға қарайды, қобдишаның қақпағы ашылады, тағы бір сағат қызға тағылады. (Шахаң, мәз болып күліп алды—С.Н.) Екінші рет қызға алтын сағат бергелі жатқанда мен: «жаңа бергенсіз» деп, ескерткелі аузымды аша бергенімде Димекең ажырая бір қарап, тоқтатып тастады. Сол күні сол даяшы қыз үш алтын сағатқа ие болды.

Ал, менің бұл құпия отырысқа не үшін шақырылғаным келесі күні белгілі болды. Келесі күні Орталық Комитеттің жігіттері шақырып, кешегі «көңілді» кештің шығындарын өтеу керек еді деп, есеп-қисапты қолыма ұстатты. «Отыз жеті мың сом!». Менің дауысым қаттырақ шығып кеткен болуы керек, жігіттер таң қалып қарады да «төлейсіз» деді. Төлемеуге себеп-салдар іздеп біраз күн жүрдім де, болмайтын болған соң төлеп құтылдым».

Тағы бірде Шахаң шақырып жатыр деген соң үйіне келдім. Бір кісімен таныстырды, құдам деді. Сөйтсем, құдасы қазақтың зиялы бір азаматы Ықсанов Мұстахим Біләлұлы екен. Дастархан жайылып, үйден пісіріліп әкелген , мұздатылған тұтас қой саны мен төстігін қойды ортаға. Әркім өз пышағымен қалаған жерінен кертіп жеп отыр. Шәй ішіліп болған соң Шахаң Сайын, проферанс ойнаушы ма едің, қол қарауға қалайсың деді. Камила жеңгей болса: « айналайын, Сайынжан! Бұларға жолама ұтылып қаласың...» деп шырылдап жатыр. Онша жанға батпайтындай ұтылдым-ау деймін, есімде қалмағанына қарағанда.

Шахаңны құдасы, Мәкең (Ықсанов) елімізге еңбегі сіңген, ұзақ жылдар билік басында болған, көпті көрген, көп нәрсені ойға түйген ақсақал екен. Екеуі бір –біріне биязы мінезімен, асықпай сөйлейтін сабырлылығымен, батыр тұлғасымен қатты ұқсайтын. Мәкең Шахаңның үлкен ұлы Махсұттың жары Гүлнардың әкесі екен.

Ойыма Шахаңды алсам, ортаншы ұлы Ескендірі түседі. Ол Чернобылдағы атом реакторы апатқа ұшыраған кезде алғашқылардың бірі болып көмекке кетіпті. Кейде-кейде Ескендір сол Чернобылға бірге барған төрт-бес достарымен саяжайға келіп, от жағып, гитараға қосылып ән айтып, ұзақ-ұзақ отыратын. Олардың әндері шетінен мұңды, сазды келетін. Жас жігіттер болашақ тағдырларын толық сезінетіндей көрінетін маған, сол кезде. Жас өмірлерінің қиылып бара жатқанын сезіп, жүргім сыздайтын. Шахаң баласын алып қалудың есебін таппаған-ау деп, өкінетінмін...

Шахаң туралы ойлағанда, ол кісінің Маңғыстауға, оның халқына сіңірген еңбегі еріксіз еске түседі. Ол Маңғыстау мұнайы жөнінде ойлана сөйлеп, қинала айтатын:

«--Маңғыстаудың мол мұнайын игеруге өзіміз аздық еттік, жергілікті ұлт кадрлар жетіспеді. Мұнай факультеті ашылғанмен, бітіріп үлгере алмай жатыр. Содан, мұнайшы мамандарды басқа жақтан шақыруға тура келді. Мемлекет Маңғыстауға мол қаражат бөлмек. Сол қаражатты өз халқым, қазағым игілігін көрсе екен деген ой Шахаңа маза бермепті. Жоғарғы жақтағы басшылармен келіспей-ақ өзі Түрменстанға адам жіберіп, ол мұнайшылармен, жәй халық өкілдерімен кездеседі. Маңғыстауға қоныс аударуға үгіттейді, қаржылай көмек көрсетуге уәде береді. Халық біртіндеп туған жерге орала бастайды. Бір күні жедел Шахаңды Мәскеуге шақыртады, Орталық Комитет қатаң талап қояды, «Түркіменстаннан бір үй көшіріп алатын болсаң партбилетті столға қоясың!» дейді олар...

Шахаң осы естелігін қинала отырып, көпке берген уәделерін орындай алмағандарына режи отырып еске алғаны менің де дәл кешегідей есімде.

Ақыры, олардың орнын, елден-жұрттан қашқан қашқындар мен оңай олжа тапқысы келген келімсектер Маңғыстауды жаулап алды емес пе?! Сол кезден бастап Маңғыстау өзінің маң тіршілігінен, ізгілігі мен бір-біріне деген қайырымы мол «мінезінен» айырылып, өзгере бастады, бұзылды. Мұнай-Маңғыстау өндірісін дамытуға қанша пайдасын тигізсе, соншалықты зиянын—он алты республикадан келген «көмекшілер» түрлі жаман нәрселерді көрсетіп, бізді оған «тәрбиелеп» те кетті.

Кейіннен бәрібір түркімендегі қазақтар біреуі мәшинемен, бірі түйемен, екіншісі атпен болса да Маңғыстауға көпшілігі көшіп келеді. Көштің басын туған жерге түзеп, астыртын адам жіберіп: «Маңғыстауға оралыңдар!» деп, шақыртқаны үшін ғана Шахмардан Есеновті халық ұлық тұтып еді.

Қазақ халқы, Маңғыстау елі Есенов Шахмардан секілді ел үшін еңбек еткен, қазағының қамын жеген Ұлы ұлын ұмытқан жоқ! Оны мәңгілік есте қалдыру мақсатында Ақтау қаласындағы ең жоғары оқу орнына Шахмардан Есенов есімі берілді».

***


Тоқтаңыз, министр Есеновке дейін мұнайды іздеу, барлау жұмыстары мүлдем жүрмеген, болмаған екен деген пікір қалыптаспауы керек. Соғыс жылдарында мұнай өндіретін аудандар фашистер қолында қалып, бар салмақ Қазақстанға түскені тарихтан белгілі. Соғыс жылдарында, дәлірек айтсақ 1944 жылы Қазақстан Үкіметі (басшысы Н.Оңдасынов) мен академик Қаныш Сәтбаев бастаған ғалымдар Одақтық дәрежеде ғылыми-техникалық конференция өткізіп, мұнай мәселесін талқылаған-ды. Ондағы айтылған әңгіме мен талқыланған мәселе—мұнайды молынан өндіру! Ол үшін әуелі барлау, мұнайды іздеу жұмысын жетілдіру керек болды. Ғалымдар Мәскеудегі Орталық Үкімет алдына осыны мәселе етіп қойды. Аяқсыз қалмады, қазақ даласында барлау жұмыстарын жандандыруға байланысты қаулы-қарарлар шығып, қаражат бөлініп, мұнай іздеуге аттаныс басталды десе де болатын-ды.

Алайда, соғыстан кейінгі қираған халық шаруашылығын қалпына келтіру совет халқына оңайға түскен жоқ, көп көңіл соған бөлінді, қаржы соған жұмсалды. Осы кездерде мұнай іздеу жұмысы саябырлап, тіптен тоқырап, тұрып қалды десе де болады. Содан, қайтадан елуінші жылдардың басында мұнай іздеуді қайта қолға алып, қаулы-қарарларды қайта жаңғыртты. Сол қаулыға орай әуелі Мәскеуден, сосын, Одақтық республикалардан Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі құрылды. Қазақстанда Геология минстрлігі 1956 жылы ұйымдастырылды. Мақсат—жер қойнауындағы кен байлықтарын кешенді, әрі жоспарлы түрде зерттеп, ел игілігіне жарату болды.

КПСС ХХІІ-съезінде қабылданған «Маңғыстау түбегін еліміздің ірі мұнай өндіруші аймақтарының біріне айналдыру» қаулысы шықты. Орталық Үкімет Оңтүстік Ембі, Үстірт, Оңтүстік Маңғыстау және Жайық-Еділ аралығы аудандарында геофизикалық, геологиялық барлау жұмыстарын шұғыл өрістету туралы нақтылы шешім алды. Үкімет үлкен қаражат бөліп, аталған аудандарды терең бұрғылап, барлауды КСРО және Қазақстанның Геология және кен қорғау министрлігіне жүктелді.

Ия, қаулы шықты, міндеттер айқындалды. Бірақ жұмыс өз-өзінен жүріп кетті ме? Қаулыны іске асыру үшін қыруар жұмыстар атқарылу керек. Басты қиыншылық, жердің шалғайлығы мен не темір, не тас жолдың жоқтығы болды. Көктемгі жауын-шашыннан кейін ауыр-ауыр, мұнай мұнараларын тасыған жүк машиналардың жетуі бір мұң болды. Мұнда мәшине түгілі жаяу адамның өзі аяғын әрең алып жүретін. Сағыздай созылған саз аяғыңды өзіңе бермей, адымыңды аштырмайды. Ауыз су мүлдем жоқ, ұзақтан мәшинемен тасылады.бір қолға екі шелек су беріледі. Оны қажетіңізге қалай жаратасыз өзіңіз білесіз. Азық-түлік те Гурьевтен немесе кеме арқылы Әжірбайжаннан аптасына бір-ақ рет әкелінеді. Жетіспеушілік, таршылық көп.Айта берсең қиындықтың шеті де, шегі де жоқ. Ал, маман мұнайшылардың жетіспеуі дегеніңіз бір дастан әңгіме. Осындай қадау-қадау шаруаны бір ғана облыс хатшысының, немесе, жаңадан құрылған «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі тындыра алмасы анық еді. Ал, Үкімет адамдары «Үкімет қаулысын» іс жүзіне асыруға міндетті болатын.

Ел басшысы Д.Қонаевтың назарынан кен байлықтарын барлау мен зерттеу мәселесі тыс қалған емес. Өзінің де мамандығы металлург-кенші болғандықтан бұл саладағы қол жеткізген жетістіктер мен кемшіліктер оған алақандағыдай анық еді. Соңғы жылдарда кен барлаудың баяулап тұрғаны да шын болатын. Рас, министр Богатыревтің Қазақстанда қалғысы жоқ, бөтеннің аты бөтен, жанының күйіп жүргені шамалы. Талай рет, талай геолог-мамандармен сөйлесті, кеңесті, бірақ көңілі толмады. Сөйтіп жүргенде ойламаған жерден Шахмарданды кезіктірді, көп кешіктірмей министр сайлады. Ол туралы жоғарыда айтқанбыз, қайталау ретсіз.

«Жас келсе іске!» Жас Шахмарданның бас болып, Геология министрі болып тағайындалғанына қуанғандардың бірі облыстың бірінші хатшысы Н.Оңдасынов болды. Ол жас министрді ыстық ықыласпен қабылдады.



Сол сәттің куәгері, Қазақстанға еңбегі сіңген мұнайшы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, тағдыр салған ауыр тауқыметті хас батырларша көтеріп, ерлігін елге үлгі етіп, кеше ғана өмірден өткен Өтесінов Рахмет аға былайша толғанады:

«-...мен Гурьев облыстық партия комитетінің өндіріс бөлімі меңгерушілігіне ауысқанмын. Негізгі жұмысым осы Маңғыстаудағы мұнай барлау қарқынын үдетіп, табылған мұнай қорының мөлшерін анықтап, өндіріске жол ашу.

Обкомның бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов партияның ХХІІ съезінде сөз сөйлеп, Маңғыстау мұнайын тезірек игеру үшін керекті жағдайларды Одақ Үкіметі алдына мәселе етіп қойып, өзіміздің де аянбай еңбек ететінімізге Одақ басшыларын сендіріп келген.

Осындай қарбалас күндердің бірінде Қазақстан Геология министрі Шахмардан Есенов келді. Ол кісіні менің алғашқы көруім еді. Оның алдындағы министр Богатырев Кубаға елшілікке кетіп, орнына орынбасары тағайындалды дегенді естігенбіз. Бірақ, дәл мынадай жас жігіт болады деп ойламап едім. Таныса келе екеуміз құрдас болып шықтық. Оқуға да бір жылы түсіп, бір жылы бітіріппіз.

...Шахмардан министр болғанымен, әлі бюрократтанып үлгермегені көрініп тұр. Жұмыс жөнінде біраз әңгімелескеннен кейін екеуміз Бірінші хатшы Нұртас Оңдасыновқа кіретін болдық.

Нұрекең бізді тез және жылы қабылдады. Алдында Маңғыстауда уран өндіретін «Каспий аймақтық тау-кен комбинаты» деп аталатын, тікелей Мәсекуге бағынатын жабық мекеменің директоры Р.А.Григорянды алып барғанымда қабылдамай жарты күн күттіріп қойған. Оның себебін кейін білдім. Алдында сол мекеменің бастығы бір генерал, обком жіберген партком хатшысын қабылдамай өзінің бір қызметкерін сайлап жіберіпті. Өзін жоғары ұстап, обкомды менсінбейтін кейіп танытқан, оған жыны келген Н.Оңдасынов тікелей Мәскеудегі басшыларымен сөйлесіп, әлгіні партия органын мойындамағаны үшін орнынан алдырған. Сол жағдайды білетін Григорян уақыт өткен сайын тақаты кетіп мазасыздана берді. Үсті-үстіне шылым шегіп «қашан қабылдар екен?» деп, сұрай берді. «Кіруге болады» деген хабарды естігенде лып етіп түрегеліп, менің алдыма түсіп байпаңдай жөнелді.

Партия билеп тұрған елде оның жергілікті органдарының құдіреті сондай еді.

Содан кейін мына Шахмарданды жылы қабылдағанына риза болып, біз де өзімізді еркін ұстадық. Сөз арасында Нұрекең Шахмарданға «балам» деп, барынша жылы шырай танытады. Бұнысы маған таң көрінді. Әдетте Нұрекең өзін тым ресми ұстап, сұсты жүзінен таймайтын. Бұл жерде ол бізге обком хатшысы емес, ақыл айтып, қамқор болып отырған әкедей көрінді.Расында да, біз оның үлкен баласы Ескедірмен құрдас едік.

Нұрекең жұмыс жағдайын әңгімелей отырып, қазақ жастарының осындай жауапты қызметтерге шыға бастағанына қуаныш сезімін білдіре келіп, Маңғыстау мұнайын барлауға барынша ат салысыңдар, еңбектерің ескерусіз қалмайды деді. Үлкен ағаның бізден әрі көмек, әрі талап қойып отырғанын байқадық.

Нұрекеңнен Шахмардан көңілді шықты. Ел арасында абырой-беделі зор ағаның аузынан шыққан сөздер қанаттандырып жіберді- ау деймін.

Менің кабинетіме келсек «Батыс Қазақстан геология басқармасының бастығы Е.Иванов күтіп отыр екен. Ол министрмен бірге хатшыға, Нұрекеңе кіруі керек еді, кешігіп қалыпты.

-Жұрт министрді күтсе, біз Ивановты күтеміз,-деп, Шахмардан оны қағытып қойды. Иванов тікелей Мәскеудің жіберген кадры. Сол артықшылығын білдіріп, кеудесін көтеріп жүретін. Мәскеуде менімен 5 жыл бірге оқып, жатақта бірге жатқан досым еді.

-Жас қой, үйренеді ғой, деп, мен ара түстім.

-Мен Сізге түстік дайындатып кешігіп қалыппын, кешіріңіз,-деп ақталды Иванов.

-Шай ішкіңіз келсе үйдің дәм татуға болады,-дедім қазақтың байырға әдетімен.

-Жүр, кеттік,-деп, Шахмардан мені қолтығымнан алып, анаған,- а Вы обедайте сами,-деп, оған рұқсатын берді.

Үйге келгесін менің әкеммен әңгімесі жарасты.

-Ақсақал әңгіме айта отырыңыз,-деп, шалға қолқа салды.

Әңгімесін тыңдайтын кісі табылғанына қуанған шал әңгімені ағытты.

-Баяғыда бір тентек есейгесін есі кіріп, хазіретке келеді. «Осы жасқа дейін талай күнаға баттым, қиянат та қылдым, кісінің ақысын да жедім. Орынсыз зәбір де бердім. Өтірік айтып алдадым да. Енді үлкейгенде тәубаға келіп түзелейін деп едім, маған о дүниеде жеңілдік бола ма?-деп сұрайды. Сонда хазірет: «Япыра-ай, күнәң тым көп екен, жасыңда әкең сүндетке отырғызып па еді?-деп, сұрайды.

-Е, мұсылман болғасын ол ырымнан құтылмайсың ғой,- дейді анау.

-Ендеше сол мұсылмандық белгіңді ұстап барасың да,-деп, хазірет шығарып салады...

Бұрғылау жоспары орындалған жоқ, скважиналарды сынақтан өткізу де мәз емес. Мұнай қорын мемлекеттік комиссияда бекітуге дайындық та баяу. Ертең Орталық Комитетке есеп берерде не деп барамыз. Мұсылмандық белгімізді ұстап барамыз ба?- деп, отырғандарға қаһарлана қарады.

Аналар министрге не айтарын білмей төмен қарап тұнжырап отыр.

Шахмардан маған қарап көзін қысып қойды.

Енді әлгі біздің үйдегі дастархан басына қайта оралалық.

-Ал, ақсақал, ас қайырыңыз,-деп қол жайды.

-Япырмай, сен көрегенді бала екенсің,-деп шал көңілденіп қалды.-Сендей жігіттердің көбі ас ішіп болғасын тұрып жүре береді,-деп, шал қолын жайып, асын қайырып, Шахмарданға бастасын берді.

-Баяғы өткен заманда, бір самұрық құс алып бәйтерекке келіп ұя салып, жаз бойы оны пане етіп, балапандарын өсіріп, күзде жылы жаққа ұшады. Самұрық құс қанатын бір қаққанда күншіл жерге ұшады, біраз ұзап кеткен кезде ең кіші балапаны: «әке, жаз бойы бізді өзіне паналатқан, қанаттандырған Бәйтерекке біз рахмет айтпай кеттік-ау дейді. Баласының ақылды сөзіне тоқтаған Самұрық қайта кері ұшып, Бәйтерекке келеді. Баласының айтқанын айтып: «енді мен саған не тілесем екен... биік бол десем өсімдік атаулының биігісің, өсіп-өн десем қанатын кеңге жайған сенен асқан өсімдік тағы да жоқ, терең бол дейін десем таңыры тереңге кеткен сенен асқан ешкім жоқ, сондықтан Жаратушы сені тіл мен көзден, қаңғырған орманшының балтасынан сақтасын!» деп, балапандарын ертіп ұшып кеткен екен дейді. Сол сияқты, Шахмардан шырағым, көркіңе сөзің сай, болайындеп тұрған жігіт екенсің, Аллатағала тіл мен көзден сақтасын!-деп, шал сақалын сипады.

1963 жылы Хрущевтің аласапыраны кезінде партия ұйымдарын өндірістік және ауылшаруашылық деп екіге бөлген-ді. Ақтөбе облысындағы (қаладан басқа) өндіріс, қатынас мекемелерін біріктіріп, орталығы Қандыағаш етіп, сол аймақтан партком құрылып мені соған хатшылыққа ауыстырды.

Дәл осы уақытта, наурыз айында, Қазақс ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидаттар ұсыну науқаны жүріп жатқан. Біздің ауданның үлесіне Қазақ ССР геология министрі Шахмардан Есенов кандидатурасын ұсыну тиді. Сайлаушылармен кездесуге келген Шахмардан екеуміз Шалқардан бастап темір жол бойындағы станциялардың бәрінде жиналыс өткізіп, кешке қонақ үйде жатып, емін-еркін әңгімелесеміз. Менің крайкомнан ығысып кеткеніме өзімнен бетер қиналды. Бірде, ол «Біреулер лауазымды қызметке тұра қалса, осы жерге менен басқа лайықты ешкім болмағасын келдім», деп ойлайды. Ондай. Одан да артық жігіттердің бақ көтермей жүргендері жетіліп-артылатынын ескермейді,-деп, қалды. Бұндай қортында жасап, оны мойындау үшін қатарынан оқ бойы озып тқратын ақыл-парасат керек. Менің көзімше оның бейнесі биіктей түсті, жасына сыймайтын ойшылдық, салмақтылық, қарапайымдылық қасиеттері өзіне ілтифат шақырып, адамды тартып тұратын.

Көп ұзамай «Крайком» мені Маңғыстауда ашылған мұнай кен орындарын игеруге жұмсады. «Жазған құлда жатыс жоқ» деген осы. Біздің Шахмарданмен бұрынғыдан да етене жақындасып, жиі кездескен кезіміз осы шақ. Шахмардан уақытының көбін Маңғыстауда өткізетін. Экспедиция басшыларын тоқпақтап отырып бұрғылау жоспарын орындатты. Бәрінен бұрын қысқа мерзім ішінде Жетібай, Өзен кен орындарының мұнай қорын Үкімет комиссиясында бекітуге дайындатты. Бұл дегенің КПСС ХХІІ -съезінде қабылданған "Маңғыстау түбегін еліміздің ірі мұнай өндіруші аймақтарының біріне айналдыру» жөніндегі қаулысын орындаудың алғы шарты. Шахмарданның бұл еңбегі тегін кетпеді. Маңғыстаулық бір топ азаматпен бірге Лениндік сыйлыққа ие болды. Бұл Шахмарданның өміріндегі ең бір жұлдызды сәттер еді.

Батыс Қазақстан геология-барлау басқармасының бастығы Евгений Иванов көп сөйлемейтін, маңғаздау жігіт еді. Соған деген Шахмарданның көңілі жібімей-ақ қойды. Байғұсты тұқыртады да жүреді.

-Сенің мына досыңның бойы аласа болғанмен амбициясы тым биік,-дейтін.

-Ол бейшараның тәкаппарлығы жоқ, жаратылысы солай. Студент кезінде де солай маңғаз жүретін,- деп, мен ара түсемін.

Маңғыстауда жиі әрі ұзақ болған соң Шахмардан жергілікті жігіттермен бірдей болып, үйренісіп кетті.

Бірде самолет кешігіп, Өзеннің аэропортының басында отырыңқырап қалдық. Шахмардан автобустың ішінде жатып:

-Пай-пай, мына шыжғырған ыстықта ішетін шай, болар ма еді, жұрт министрлерін қол қусырып қарсы алады, біздің жігіттер шөлдегенде шәй де бермейді,-деп қойды.

-Шаха, жігіттерге «бара беріңдер өзіміз де отырамыз ғой» деп, қоя берген өзіңіз ғой, деп, мен жігіттерді қорғап жатырмын.

Иә, мұның бәрі Маңғыстау мұнайының оңайлықпен келмегенінің белгісі.

Сол уақытта Есенов Шахмарданның атағы, әсіресе, қарапайым халық арасында көп аталатын болды. «Білім десең білімі бар, тәжірибе десең тәжірибесі бар, елге жағымды, өзі әлі жас, болашағынан үлкен үміт күттіретін жігіт» деген марапат сөздер жиі айтылатын...»

Бұл естеліктен жас министрдің Атырау мен Маңғыстау өңіріне келіп, мұнай мәселесіне алғаш араласқан сәттерін және оның ұлттық дәстүр мен салтты бойына сіңіріп өскен қазақи мінезін, сөз қадірін білетін зерделі жан болғанын көреміз, танимыз. Оның бәрін мұнайшы, әрі жазушы Рахмет аға өте әдемі штрихтармен, көркем сөзбен баяндайды. Қашанда да адамның болмыс-бітімін ашатын, оның азаматтығын көрсететін оның әрекеті, іс үстіндегі шешімі, озық ойы. Әйтпесе, «дейді, дейді» екенмен оның толық тұлғасын аша алмасымыз анық. Сондықтан да осы секілді әріптестер мен қызметтес болғандар естелігі біз үшін аса құнды және оқырман қауымға олар пікірін ұсынуымыздың сыры да осында.

Әуелі министр жер жағдайымен танысты, қатынас құралдары мен жолдар жағдайын көрді, мұнай барлаушыларына не жетіп, не жетпейтінін зерттеді, мұқтаждарын білді. Біліп қана қоймай проблемаларды біртіндеп-біртіндеп шешуге кірісті. Шілденің аптап ыстығына, қыстың сақырлаған сары аязына қарамай құрал-сайманнан бастап, түрлі-түрлі азық-түліктерді бірін құрлықпен, екіншісін теңізбен жеткізуді ұйымдастырды. Алматы мен Мәскеу министрліктеріне маза бермей, телефон соғып, мәселенің тез шешілуін қадағалады. Ол жоғарыдан келген бұйрықты орындап отыра бермей көп іске өзі ұйтқы болды, бастама көтерді. Жасыратын несі бар, қолынан келмеген, қаражат жетпей қалған кездерде Мәскеу мен Алматы басшыларына, тіптен кей сәттерде арқа сүйер ағалары—ел басшысы Д.Қонаев пен ұстазы Қ.Сәтбаевтан ақыл-кеңес сұрауға арланған жоқ, қайта арқа сүйеді. Білмегенін сұрау, ақыл-кеңес алу да өссем деген жастың талабы болса керек.

***


1961 жыл! Бір сәт, бір күнде дүниені дүр сілкіндірген жаңалық шар тарапқа тарап кетті. «Жетібайдан мұнай бұрқағы атқылапты! Не дейсіз, бұрын- соңды болмаған мұнайдың мол қоры табылыпты!» деген қуаныш пен мақтанышқа толы хабар жан-жаққа жамырай жөнелді. Бұл- ХХ ғасырдың Қазақстан үшін сыйлаған ең басты жақсы жаңалығы еді.

Жетібайға Мәкеуден министр Б.Ерофеев, Алматыдан министр Ш.Есенов, Гурьевтен хатшы Н.Оңдасынов, Ақтөбеден Батыс Қазақстан Өлкелік Халық Шаруашылығы Кеңесінің төрағасы Сафи Өтебаев ұшақтармен ұшып келді. Сан ғасыр жеті қат жер астында тұншығып жатқан мұнай аспанға айдаһарша атылған кезде айнала қап-қара май болып кетті. Мұнайшылар суға емес, қара майға шомылып мәз. Енді қайтсін, мұнай іздеп жер кеудесін тескілегелі үш-төрт жыл. Шыдамның да шегіне жетіп тұрған тұсында, міне, енді еңбектері жанып, іздегендері табылып, рахат бір күй кешуде. Дәл осы сәтте олардан артық бақытты жандар жоқ еді, әрине.



Жетібай басында облыстық партия комитетінің министрлер қатысқан жиыны өтті. Онда табылған мұнайды ұқсатудың жоспар-жобалары айтылып, талқыланды. Сол жолы министр Есенов мынадай ұсыныстар ұсынды:

«-Қазақта «жібекті түте алмаған жүн етеді» деген сөз бар. Мол мұнайдың табылуы біздерге үлкен сын болып тұр. Сондықтан бар мүмкіншіліктерімізді, білім мен жігерімізді жұмсап, табиғат ана берген байлықты ел игілігіне жұмсауымыз керек. Ол үшін мынадай басты мәселелерге назар аударуымыз қажет:

Біріншіден, қажетті көлемде тұрғын үй мен жөндеу –механикалық база салу керек.Маңғыстау түбегінде шым үйлерден басқа ештеңе жоқ.

Екіншіден, еңбекшілрге мәдени-тұрмыстық жағдай жасау керек.

Үшіншіден, мұнай мен газ өндіруді қамтамасыз ететін түрлі мекемелерді ұйымдастырып, жұмыстарын жандандыру керек. Және жергілікті халық өкілдерін мұнай өндіру жұмыстарына көптеп тарту керек.

Төртіншіден, терең скважиналарды бұрғылау техникасы мен технолгиясын жақсарту да басты міндет болуы керк.

Бесіншіден, ауыз су мен өндіріске керекті су табу кезек күттірмейтін басты міндет»-- деп, жас министр қара халықтың мұң-мұқтажын жоқтай алатын нағыз басшыға тән қасиет көрсетіп,талап қойды. Бұл жиынға қатысып отырған жалпы көпшілікке ұнады. Сол көптің көкейінде: «жас болса да бас болуға жарайды екен, бәрекелде!» деген ризалық пейілдің тұрғаны анық еді. Көпті көрген, тәжірибесі мол хатшы Н.Оңдасыновқа Шахмарданның ойлары өте ұнады. Аға буын артынан өртеңге шыққан құрақтай желкілдеп осындай жастардың өсіп келе жатқанына іштей қуанды, марқайды. Табылған мұнайды ысырап жасамай ұқсату үшін де, әлгі айтылған ұсыныстарды іс жүзіне асыру үшін де Үкіметтің қаулы-қарары керек, қаражаты керек. Мақсатты барынша айқындап алу үшін ғалымдар мен Үкімет адамдарының бас қосып, ақылдасуын уақыт пен жағдайдың өзі талап етіп тұрды. Содан Облыстық партия комитеті Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Д.Қонаевқа хат жазылды. Хат аяқсыз қалмады, қортындысында Қазақ ССР Геология және Жер қойнауын Қорғау Министрлігіне, Қазақ ССР-ы Ғылым Академиясына, Қазақстан КП Гурьев обкомына... 1962 жылдың мамыр айында Гурьев қаласында ІІ- ғылыми-техникалық конференция шақыруға рұқсат етілсін деген қаулысы шықты. Ол құжатты біз Президент мұрағатынан таптық.

***
249, 25- қазан 1961ж.
Каталог: uploads -> files
files -> Гүлсім Оразалықызы оржановтар әулеті қазақ МҰнайының ардақтылары «Қазақ мұнайының ардақтылары»
files -> Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер
files -> Конкурса научных работ среди школьников «turan-junior-2016» Секция «Физика, техника, науки о земле и космосе»
files -> «Қазақ мұнайының а р дақтылары»
files -> Ізтілеуова салтанат далбайқызы
files -> Махамбет қай жылы туғАН? Тұрлыбай Бақыт Серікқызы
files -> ҚазақТЫҢ хас батыры -аттила (еділ батыр)
files -> Формы и методы подготовки учащихся к итоговой аттестации по обществознанию


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет