Шахмардан есенов



бет7/21
Дата04.11.2016
өлшемі5,66 Mb.
#306
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   21

***

Академик С.Сартаев:
«...Бір кездері КСРО басшылары одақты Республикалардан жерлерін қайта бөлуді бастады. Никита Сергеевич Хрущев 60-шы жылдардың басында Маңғыстауды, бүкіл мұнай кен орындарымен қоса Түркімен республикасына бермек болды, себебі түркімендер мұнай өндірісімен бұрыннан шұғылданады. Мұны естіп-білген Димаш Ахметұлы Қонаев бұл бай өңірді кімге болса да берудің мүмкін еместігін, дәйекті дәлелдеуді Республика Геология министрі Шахмардан Есеновке тапсырды. Бұл мәселе КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы мен КСРО министрлер кеңесінің жабық біріккен отырысында талқыланды. Н.С.Хрущевтың кіріспе сөзінен кейін Шахмардан Есенұлы сөйледі. Ол Қазақстан ауыл шаруашылығымен ғана емес, мұнай өндірумен де шұғылдана алады, бізде тиісті мамандар жеткілікті, қазіргі Маңғыстау өңірі өзінің көлемі бойынша бес Бакуге тұрарлық мұнай шығара алады деді. Қысқасы, ұзақ талқылаудан кейін А.Косыгин қазақстандықтарды қолдады. Көргендердің айтуынша, Н.С.Хрущев А.Косыгинді жақтырмай: «Сен өзіңнің шытыңмен айналыс» (А.Косыгиннің мамандығы тоқымашы еді) деген көрінеді. Дауыс беру нәтижесінде жабық жиналысқа қатысушылардың басым бөлігі Маңғыстау өңірінде статус- кваны сақтауды жақтады. Осы бір маңызды деректі Л.И.Брежневтің бұрынғы көмекшісі Федюкин Алматыға келген сапарында біздің қоғамтанушылар – Р.Сүлейменовке, А.С.Елагинге және Ж.Ахатовқа (бұл кісі жабық біріккен жиналыстың стенограммасын оқыған) айтыпты».

Енді біз Есеновтің бұл еңбектерін қалай бағаласақ екен? Патриоттық дейміз бе, Отан сүйгіштік пе, жоқ әлде өзіне міндеттелген қызметті ақ-адал атақарған абзал Азамат дейміз бе?! Қай-қайссына теңесеңіз де Шахмардан Есенов әрекеті, атқарған қызметі сай келіп тұр. Елі мен жерін жанындай сүйіп, ұлттық намысты қолдан бермеген, нағыз хас батырдың бейнесі мен болмысы айшықталып тұрған жоқ па?! Өзі айтқандай ол елдің де, ердің де намысын қолдан бермей, арғы бабасы Қарақыпшақ Қобландыдай, бергісі Маңдай мен Дербісалдай қазақ жерін, ен байлығын қорғай білді. Тіптен, басқасын былай қойғанда осы ісі үшін-ақ Есенов Шахмарданды қалай мақтасақ та, мақтансақ та жетерлік.

Бүгінгі күні сол Маңғыстаудың майлы түбегі Қазақстан абыройын асырып, экономикасын көтеруге ұшан-теңіз үлес қосуда. Әжірбайжан мен Түрікпендерге олжа болып кете жаздап, министр Шахмардан Есеновтің табандылығының, намысқойлығының арқасында аман қалғанын жастарымыз түгілі есі бар ересектерміздің өзі де біле бермейді. Өкінішті. Жастарымызға: «Отанды сүйіңдер, партиот болыңдар» деп, жаны мен қаны жоқ құрғақ сөзді қайталай бергеннен олар патриот болмайды, Отан анасын сүймейді. Оларды патриот ететін Есеновтің және елін, жерін «Есеновше» қорғаған азаматтардың әлгіндей әрекетін,(олар бізде аз емес) сын сағаттағы табанды талаптарын газет-журналдарға жазып, теледидардан көрсетіп, жалпы жұртқа жариялап, ең бастысы- мектептің тарих, әдебиет пәніне енгізу керек. Тәрбиенің тәлімі осындай ірі, кесек-кесек іс-әрекеттерде, халық үшін ел басқарған басшының тосын шешімдерінде, намыс пен парсатында жатыр.

Содан, намыстанған Шахмардан Есенов мұнайшы мамандығын меңгерген қазақтарды табудың түрлі жолдарын ойластырады. Шынында да ол кезде Маңғыстауда жұмыс жасайтындардың көбі шеттен, басқа республикалардан келген: орыс, әзірбайжан, грузин, өзбек, түрікпен, татар, башқұрт... не керек «қырық рудан» жиналғандар. Олар кімнің көсегесін көгерткелі келіп еді дейсіз, қалталары қаражатқа толған күні «шу, қарағай!» деп, қайқайады ауылдарына. Осыны білетін Есенов: «жоқ, бұлай бола бермеу керк, өзіміздің жігіттер қайда?». Ол бірден республика басшыларына шықты, кадр іздеу басталды...



Мамандар табудың амалын бір көргеннен көңілдері жарасқан сырласы, сосын, дос болып кеткен Шалабаев Саламат екеуі ойластырды:

«- 1960 жылдың мамыр айында алғаш Шахмарданмен академик Қаныш Сәтбаев кабинетінде кезестім. Отыздың ішіндегі сымбатты жігіт бірден назарымды аударды. Сол жолы Сәтбаев ағамыз: «екуің де жассыңдар, еліміздің өркендеуі үшін аянбай қайрат етіңдер» деп біздерге бата бергендей болып, Маңғыстауға шығарп салды. Содан қызметтес болып қоян-қолтық жұмыс істедік...

Содан, бір жыл ішінде түбектің қара алтыны әр тұстан фонтандап атқылай бастады. Шахаң 4-5 мұнайшы поселкесін және мұнайшылар қаласын салуға қаржы, әрі рұқсат алуға жан-тәнімен кірісті. Бұған қоса мұнай құбырын тартып және темір жол құрылысын бастау керек болды. Ал, Мәскеудегі мықтылар: «Шевченкодан (бүгінгі Ақтау) басқа қала құрылысын жүргізуге қаржы жоқ»-деп, рұқсат бермеді. Міне, осы кезде Шахмарданның қажыр-қайраты, жан-жақты білімі мен іскерлігі жарқырай көрінді. Мұнайдың бірінші басшысы Н.К.Байбаковты шақырып, Маңғыстау мұнайының болашағын ғылыми тұрғыда дәлелдеп берді. Мәскеу Геология министірлігінің алдына ғасыр жаңалығы мен проблемасын қатар қойып, тырп еткізбеді. Сөйтіп барып, Жетібай жұмысшы поселкесінің құрылысы жолға қойылды. Жаңа Өзен қаласының құрылысын жоспарланды.

Алматыдағы Политехника институтының мұнай факультетін кеңейттіріп, бірден 250 шәкірт қабылдатты. Әзірлік курсында 100 шәкірт қабылданды. Жер-жерде жоғары оқу орындарында мұнай, тау-кен фаукльтеттерінде оқып жүрген қазақстандық студенттермен хабарласып, олардың тізімін алып, жағдай жасады. Кейіннен олардың көбін Маңғыстау жеріне жолдамамен шақыртты да.

Осындай маман жетіспей жатқан шақта маған Шахаң маңызды бір шаруа тапсырды. Баяғы жиналыс сайын айтылатын бір әңгіме: «маман жоқ, мұнайшы жоқ, тіптен қара жұмысты істейтіндер де жоқ» деген. Бір жиналыстан шығысымен мені Шахаң өзіне шақырыпа:

-Сәке, мен Сізге маңызды жұмыс тапсырғалы тұрмын. Өте бір сабырмен, ақылмен істеу керек. Бұлай отыра берсек бір күні Маңғыстаудан айрыламыз, мұнайшыларың жоқ дей береді... мыналардың түрі жаман... Ебін тауып, Түркіменстанда жалданып жұмыс істеп жүрген өз ағайныдарымызды қайтару керек...-деді.

Аралас-құраласта жатқан елміз ғой, Шахаңның тапсырмасын орындауға кірістім. Ой, айналайын қазағым-ай, аузымнан шыққаны сол еді, аулыға қарай- Жетібай мен Өзенге ағылмасы бар ма. Шахаңның бір тапсырмасын орындағыныма мен де мәз, жұмыс қолы көбейгенге ол да мәз. Астыртын жүргізген амалымыз нәтижелі болып шықты.

Көп мұнайшыларынан айрылған түрікпендер біздің бұл қулығымызды біліп қалып, ақырында Мәскеуге Шахаң үстінен арызды бұрқыратты емес пе. Бетті Шахаң ондайдан тайсалған ба, Мәскеуге шақыртып, сұрақ-жауап алғандарға қасқайып тұрып: «Туған жерінен мұнай ашылған соң қайтып жатыр-да. «Еліңе қайтпа!» дегенге қайтпай қалатын қазақ болса түркімендер алып қалсын, қарсылық жоқ. Бірақ: «ит-тойған жеріне» деген мақал қазаққа жүрмейді,- депті».

Бастық адамның қайсар, бетті болып, кезегі келіп тұрғанда күбежектемей, елі мен жері үшін ретті сөзін өлтірмей айтып салғанға не жетсін, шіркін! Мұндайда қазақ айтады: «Ісің өлсе де сөзің өлмесін!» деп. Бар іс сөзден басталатынын айтып тұр ғой, қазекем. Ал, Шахмардан дәл осы жолы сөзін де, ісін де «өлтіртпепті». Әлгі, «партиоттық тәрби дегеніміз не?» деген сауалыңызға біздің беретін жауабымыз да, айтарымыз да осы! Оқы да, түйсін де, тәрбиелене бер.

Бір жылы Шахмардан жары Кәмила апаймен, балаларымен Қырымда демалады. Бұлар түскен саноториде Мәскеудегі Геология минстрінің мұнай жөніндегі орынбасары жатыр екен. Қызметтес, әріптес адамдар емес пе, күнде болмаса да жиі араласып, әңіме-дүкен құрып жүреді. Камила апай Шахмарданның атын атамай үнемі «Батыр» дейді ғой, баяғы. Бұған министрдің орынбасары түсінбей, ақырында:

-Кәмила Қарабалаевна, сіз неге Шахмардан Есенович демейсіз, «Батыр» деген не сөз,- деп сұрайды.

- «Батырдың» орысшасы «Храбрый» деген сөз.

-Шын ба, шын айтып тұрсыз ба?-деді, министрдің орынбасары кенеттен таң қалып.

- Сіз не бұл атауды ол кісіге ылайық көрмей тұрсыз ба?-деді, Камила жеңіл ғана жымиып.

-Жоқ, жоқ, қайта «Батыр» деп, дәл қойғаныңызға таң қалып тұрмын,-деп, шынымен-ақ ренжітіп алдым ба дегендей жалпақтап,—бұл пікірмді Сізге, Кәмила Қарабалаевна дәлелдеп берейін,-- деп, елпілдеп-ақ қалды. Сосын аз-кем ойланып тұрды да,-- Маңғыстаудан мұнайдың мол қоры табылып Қазақстан басшыларының абыр-сабыр болып, проблемаларының көбейіп тұрған кезі болатын. Мәскеуге келгіштеп, жоқтары көбейіп дегендей ғой... Бірде мұнайға байланысты Косыгинде өтетін жиналысқа бірге қатыстық. Жиі көрмейтін болған соң Косыгинге министірлердің бәрі жетістігін емес жетіспейтін жақтарын айтып, мемлекеттен көмек сұрап жатыр. Өте бай, Орта машина жасау министрлігінің бір орынбасары (министрі Орталық Комитеттің мүшесі, үш рет Еңбек Ері атанған беделді басшы Е.П.Славский болатын) бізде анау жоқ, бізде мынау жоқ деп, жоқтан өзгені айтып тұрып алды. Бір кезде Сіздің «Батырыңыз» қолын көтеріп, рұқсат алып, жиынға қатысып отырған КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Косыгиннің тура өзіне қасқайып қарап тұрып сөзін бастады. Біреулеріміз батылдығына таң қалып, біреулеріміз «не дер екен?» деп, сынай қарап отырмыз. Бір кезде Шахаң:

--Құрметті Николай Алексеевич (Косыгин), Сіз мені дұрыс түсініңіз, талай жылдан қалыптасқан, ордаланған бай мекеменің--Славскийдің мамандары «жоқ» дегенді айтып, ауыздарын құр шөппен сүртетін болса, жаңадан ашылып жатқан Маңғыстау кен орындарының, оның мұнайшыларының күні тіптен қараң деуге болады. Техника, станок, құрылыс материалдары... тіптен Орталықтағы басшылардың оң қабағы, шын пейілдері де жетіспейді бізге! --деп айтып салды. Тура бір алдын ала дайындалып келгендей-ақ жоғын тізіп, сандарды сөйлетіп шықты. Обалы не керек, Косыгин зейін қоя тыңдады да көмекшісіне бір нәрсе деп сыбырлады, сосын Шахмардан Есеновичке қарап «осының бәрін айтып, хат жазыңыздар» деді, әдеттегі сабырлы қалпымен, сөзін қысқа қайырып.

Шынымды айтсам, Шахмардан Есеновичтің батылдығына, Косыгиннің мәрттігіне риза болдым. Артынша Маңғыстау мұнайына орай бір емес екі қаулы шықты. Енді Сізге де риза болып отырмын, еріңізге ылайықты ат қойыпсыз, ризамын, ризамын!—деп, Кәмилаға шын көңілін білдіріп, ағынан ақтарылды.

***


Мұнай табылуын табылды. Ал оны алу, өндіру кезінде мың-мың мәселе туды. Сондай күрделі бір ғана проблема төңірегінде министр Шахмардан Есеновтің өзі былай дейді:

«--Мұнайды тасымалдау және оны қайта өңдеу сияқты аса маңызды мәселелер әлі күнге шешілген жоқ. Табиғаттың керемет байлығын халық игілігіне жарату үшін мұнайды қайта өңдеу жөніндегі жаңа өнеркәсіптік комплекстерді экономикалық жағынан тиімді орналастырудың үлкен маңызы бар. Мұнайды қайта өңдеудің екінші процестері полимерлік материалдар, пластикалық масса, синтетикалық смола өндіруді қамтамасыз ететінін ұмытуға болмайды. Ал, бұл өнімдер неғұрлым көп өндірілсе, республикамыздың халық шаруашылығын алға бастыруға, еңбекшілердің тұтыну қажеттерін өтеуге елеулі үлес қосатыны сөзсіз.

Маңғыстау мұнайынан аса маңызды өнім—қоймалжың қышқыл мен жоғары сапалы спирт алуға болатынын атап айту керек. Осыған қарамастан, Республикалық Мемлекеттік Жоспарлау комиссиясы мұнайды қайта өңдеу кәсіпорынын Маңғыстаудың өзінде орналастырудың қажеті жоқ, оны басқа аудандарға тасымалдау керек деп есептейді. Бұл, әрине, дұрыс емес. Маңғыстау мұнайы жоғары сапалы болғанмен, онда парафин көп кездеседі. Ал, бұл мұнайды алыс жерге тасымалдауға қиындық туғызады. Демек, мұнайдан парафинді бөліп тастайтын қондырғыны жергілікті жердің өзінде салуға тез кірісу қажет!»

Министрдің ұсынысын тыңдамағанның қырсығын ақыр соңында мұнайшылар көрді. Алынған мұнай бойында парфині көп болғандықтан қатып қала берді, діттеген меже сонау-сонау Астрахан мұнай өңдеу зауытына жеткізу ақыреттің ақыреті болды. Содан мұнай инженерлері 50-60 шақырым сайын мұнайды қыздыратын пеш ойлап тауып, әбден әлекке түсті. Оның республикаға әкелген экономикалық зиянын есептеп шығару біздің құзырымыз емес, бірақ білеріміз шыққан шығын шаш етек...

Маңғыстау маңы қашанда да, қай замандарда да суға жарып, шөлі қанған ел емес. Бұл өңірде ауыз суды елу-алпыс метрге дейін жерді қазғанда ғана көруге болады. Оның өзін ата-бабасынан құдық қазуды кәсіп еткен әккі құдықшылар болмаса кез келген адам жер асты суына жете алмаған. Құдықшылар жан-жағын тал-шыбықпен шегендей отырып, жан-жағын құлатпай шыңыраудан су алған. Қазір ол әдіс өзгерген. ХХ ғасырда, жеті қат жер астынан, жүздеген, мыңдаған шақырым тереңдіктен мұнай алып жатқанда, беріде жатқан суға зәру болып отыру жараспас деген ой Есеновке келісімен іске кірісті. Өзі тікелей басшылық жасады. Барлаушылардың бар мұқтажын, құрал-саймандарын тауып берді,жағдайларын жасады, олардан тек су көзін табуды талап етті, өзі басы-қасында болды. Барлаушылар көп еңбектенді, зерттеді, талай жерге бұрғы салды, ақыры тапты. Өзен поселкесінің Солтүстік жағынан 70 шақырым жерден кәдімгі мөп-мөлдір ауыз су табылды. Кешіктірмей Өзен поселкесіне, үйді-үйге су құбырлары тартылып, халық суға қарық болды да қалды. ????? Аты қандай?? Техникалық мақсаттарға жұмсауға болатын су да табылып, өндіріс орындарының жұмысы жақсарып қалды.

***


Халық «бейнеттің түбі зейнет» демеуші ме еді, сол секілді ол министр басымен аптап ыстық пен ақырған аязға қарамай, айлап, жылдап барлаушылар ортасында болып, олардың жұмыс істеуіне бар мүмкіндіктерді туғызып, жағдайларын жасаған, рахатынан бейнеті мол күндері босқа кетпеді. Маңғыстау өңірінен ірі-ірі кен орындарын ашуға қатысқан бір топ мұнайшыға 1966 жылы сол кездің ең жоғарғы атағы Лениндік сыйлық берілді. Олар мыналар еді: Ш.Есенов, Х.Өзбекқалиев, Д.Досмұхамбетов, Б.Дьков, Н.Черепанов, Е.Иванов, Н.Имашев, В.Матвеев, В.Токарев, Х.Махамбетов, Н.Калинин. Сол уақыттың ең мәртебесі биік атағын геолог-мұнайшылар арасынан бұлар алғашқы болып алғандар еді. Және Есенов сол жылы геология-барлау қызметіне белсене араласқаны, партия тапсырмасын мінсіз атқарғаны үшін Ленин орденімен марапатталды.

Біріншіден бұны , Есенов Шахмарданды Геология министрлігіне тағайындап тұрып Бірінші хатшы Қонаевтың: «Геологияны көтер!» деп берген тапсырмасы мен сенімінің нәтижесі деп қабылдады көпшілік. Күш-қайраты жетіп тұрғанмен тәжірибесі аз болып, кейбір мәселелерде Шахмарданның кібіртіктеп қалған кездерін байқаған білікті басшы: «батыл бол, артыңда Орталық Комитет бар ғой» деп, күш-қуат берген кездерін Шахмардан ұмытқан емес. Кейіннен, қандай тосын шешімдер мен бастамалар көтерсе де ол осы сөзден қуат алып, арқаланып тұратын. Бұдан артық қандай қамқорлық, қандай қолдау керек?! Қалған: алғырлық, күш-жігер, білім, парасат, көп шаруаның ортасынан маңыздысын алға алып шығу, атқару, кадрді дұрыс талғау, таңдау...не керек, көш бастаушы адамға қажетті қасиеттердің бәрі Шахмардан бойында бар еді. Біріншінің ілтипаты мен тапсырмасын алған соң жас Шахмардан алаңдамай, баяулап тұрған барлау мен геология жұмысына батыл, әрі жігерлі кіріскен-ді.

Жас та болса сеніп тапсырылған министрлік жұмысын жандандырып әкеткені үшін Орталық Комитет пен Министрлер Кеңесі басшылары да риза көңілде болды. Әсіресе, Есенов Шахмарданның бұл сыйлыққа ылайықты екенін Қонаевтың өзі мойындаған, құптаған болатын. Шыны керек, кеңестік дәуірдің ең жоғары марапаты—Лениндік сыйлықтың лауреаты атануы Шахмарданның бұрынғы беделіне бедел қосып, абыройын асқақтатып жіберді. Бұл таудай талабы бар жастың, «болсам!» деген болмыстың жаңа биіктерге ұмтылуына бастамашы болып еді.

Жас министірдің ісінің бәрі тосқауылсыз, кедергісіз жүріп жатқандай пікір қалыптаспас үшін сол уақыттың шындығын айта кетуіміз керек. 1962 жылы Қазақстанның Бірінші хатшылығына Юсупов Исмайл (1962 желтоқсан—1964 желтоқсан) сайланып, Д.Қонаев Қазақс КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы (1962 желтоқсан—1964желтоқсан) болып тағайындалды. Осыны күтіп отырғандай домалақ арыздар қайта бас көтеріп, Орталық Комитетке Есеновті жамандаған хаттар келе бастады. Адамда бір жаман қасиет бар, біреудің жасаған көп жақсылығын тез ұмытып қаламыз да, ал, бір рет ренжіте қалса көңілге кетпесей етіп жазып аламыз. Сосын соның қарымтасын қайтаруды өмір бойы ойлаймыз, есімізден шығармаймыз. Жас министр келісімен «Маңғыстаумұнайгазбарлау» басқармасының біраз басшыларын өзгертпеді емес пе. Ол басшыларды ауыстырса қарақан басының қамы үшін емес, өзіне тапсырылған қызметтің жауапкершілігін сезінгендігі үшін, жер қойнауының байлығын ысырап жасамай, халық игілігіне жарату үшін, көз алартып «Маңғыстауды алсақ» деп, мысық дәмеде отырған басқалар үшін осындай батыл шешімдерге барды. Жылы орныннан, лауазымды қызметтен кеткенді кім жақсы көрсін артынша ақ Орталық Комитетке домалақ арыздар жетіп жатты. Халық кейде айтпай ма: «сыйынғаныңнан сүйенгенің мықты болсын» деп, сол сияқты ол кезде Шахмарданның сүйенгені шын мәнінде абырой-беделі Алатаудан асып, Одақтас республикалар басшыларының ортасында оқ бойы озық жүретін, ел мақтанышына айналып үлгерген республикадағы бірінші адам Дінмұхамед Қонаевтың өзі еді. Сол кісінің арқасында домалақ арызар домаланып барып, бір папканың арасына шықпастай болып түсіп жататын.

Ал, Бірінші хатшы болып Юсупов келісімен домалақ арыздар қайта жазылып, Орталық Комитетке қайта-қайта шақырыла бастады. Өз әрекетіне сенімді, ісіне адал ол бұған сасқан да, жауап беруден қашқан да жоқ. Елі үшін атқарып жатқан іс-қимылын табанды түрде дәлелдей, қорғай білді. Оған да қарамастан комиссия құрылып, Есеновтің жұмысын тексеріп жатқанда, қайыра Қонаевтың өзі Бірінші хатшы болып сайланды. Бірінші хатшының Есеновке деген оң пейілін білетіндер дәлелі дәрменсіз домалақ арыздарды жылы жауып қоя салған-ды. Бұл жас министр Есенов Шахмарданның нәтижелі, тындырымды жұмыс істеуіне Орталық Комитеттің мұндай қамқорлығы көп көмегін тигізді. Сол кездерде етек алған, оған кәдімгідей мән берілген жылдарда домалақ арыздың небір дарынды, талантты басшыларға көп зиянын тигізгенін өзіміз де көрдік қой. Іске шын жаның ашыса ашып, анықтап айт, аты-жөніңді қойып жаз, кім оған қой демек. Амал қанша, сол уақыттың оғаш тәртібі мен талабы солай болды.

Осы кездерде Бірінші хатшы Қонаев пен жас Шахмардан арасы ресмиліктен көрі әкелі-балалыдай, сыйластықтың биік бір белесіне шығып еді. Олар, әсіресе, Шахмардан бар шаруаны ол кісімен ақылдасып, келісіп шешетін. Кейбіреулер айлап-жылдап Бірінші хатшыға кіре алмай жүргенде Шахмарданға есік айқара ашық болды. Әрине, есік ашық екен деп үлкен кісіні орынды-орынсыз мазалаған емес, ретті, қисынды кезде ғана келетін. Мереке-мейрамдарды от бастарымен бірге тойласты, әсіресе, Зухра жеңгей кішіпейіл, инабатты жас Кәмиланы қатты ұнатып, үлкендік жолмен «қызым» деп қабылдап, сыйлас та, сырлас та болды.

«--Ия, біздер от басымызбен жақсы араластық, мереке-мейрамдарды талай бірге өткіздік-те. Бізге дегенде ол кісілердің ықылас-пейілі ерекше болды, бірақ соны көре алмағандар сөз арлатып, өсек таратып, ақыры салқындықты кіргізді ғой... Шахаң айтатын: «Батыр, Зухра жеңгеймен хабарласып тұр, менің көңіл-күйіме қарама және мен жайында ештеңе айтып, сұрап, өтініш жасаушы болма, мен өз мәселемді өзім шешемін. Біз барлық жағдайда да адам болып қалуымыз керек!» дейтін. Мен Зухра жеңгеймен хабарласып, кейде Димекең Мәскеуге, шет елге кетіп қалғанда үйіне барып та жүрдім. Ол кісі қайтыс болатыннан бір күн бұрын бардым, бірақ менің алдымда ғана дәрігер келіп, укол салып, ұйқтатып кеткен екен, тілдесе алмадым. Ертеңіне Зухра жеңгейдің қайтыс болғанын Димекеңнің өзі Шахаңа телефон соғып, хабарлады...»--дейді Камила апай. Өмірдің өткінші, жалған дүние екенін осындайда түсінесің, сезінесің. Бірақ, бір өкініштісі соны кеш түсінетіндігімізде болып тұр ғой.

***


Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдар ішінде «Ақиқат» журналының тілшісі М.Мәжитов: «Сіз Лениндік сыйлықтың лауреатысыз. Кешегі бір аумалы-төкпелі кезде сол сыйлығыңыз жөнінде де алып-қашпа, өсек-аяңдар болды-ау, деймін?» деген дүдәмал сұрақ қойыпты. Түсінікті. Ол кезде бұл сыйлық Бірінші хатшы, министр, президент... дегендерге аса бұйыра бермей, көбіне-көп қарапайым жұмысшы мен еңбек адамына берілетін сый-сияпат еді ғой. Кеңестік кезеңнің тасқа басып, Ата заңына кіргізбесе де өзі таңдаған «сал-дәстүрі», «ырым-сырымы» болатын. Жұмысшы мен қарапайым еңбек адамын көтеру, қолпаштап отыру сол «салт-дәстүрдің» ең бір озық түрі болғаны да рас еді-ау. Сондықтан да тілшінің «бұл салт-дәстүрге» министр қалай кіріп кетті?» деген түйткіл сұрақтың көмейінде кептеліп тұрғаны сезіледі.

Сұрақтың астарын сезе қалаған Есенов:



«-Менің жеке еңбегім, үлесім болмаса өзімді тізімнен өзім-ақ сызып тастар едім. Оған адамдық арым да, құдіретім де жетер еді. Мен жалпы өзімді билеп-төсей білетін кісімін. Өз ақылым өзіме төреші! Менің басқаруыммен Жетібай, Өзен мұнай орындары ашылды. Артынан Бозашы, Қаламқас, Қаражамбас... мұнай көзі табылды. Мен бұл жолы да білімімді де, тәжірибемді де ортаға салдым...».

Өтірік айтып көлгірсімейтін адамның сөзі де шын, ісі де рас. Және оны кесіп-кесіп те, көсіп-көсіп те айта алады.

Рас, Кеңестік коғамда бұл сыйлықтың басты «геройлары» жоғарыда айтқандай ауылдағы еңбек озаты, қаладағы жоспарды асыра орындағыш жұмысшы өкілі, әрі кетсе бірді-екілі творчество адамдары болатын. Қарап отырсаңыз қызық саясат. Отқа да түсіп, суға да батып, істі ұйымдастыратын, қаржы-қаражат қарастыратын, жетпей жатқан жабдықты табатын, жұмысшы мен шаруаның жағдайын жасайтын мемлекет және Үкімет басшыларына бұл сыйлықтың кем бұйырғаны несі? Халық үшін кірпік қақпай, бар қажыр-қайратымен еңбек етіп жүретін Ел басшысын сауыншыдан кем қойып, сыйлықты қимау қандай қызық, сосын әділетсіздік. Иә, мұндай теңгермешілдік кеңестік кезеңнің «жазылмаған» заңы болды. Министр Есеновке Лениндік сыйлықтың берілуі сол «жазылмаған» заңды бұзды. Кейбіреулерге күдікті ой туғызып, оғаштау көрініп тұрғаны да содан.

Ал оған Құрманов секілді айтқандай «жергілікті мамандар Есеновпен жағаласып» деп, бәрі де әруаққа айналып, тыныш жатқандарды бір-бірімен жауластырудың ендігі жерде керегі жоқ. Бұның жауабын Есеновтің өзі бұлжытпай берді ғой, жоғарыда. Сол жетер бәрімізге де.

Ал, шындығына келсек, Маңғыстауға алғаш келіп, жертөледе тұрып, ыстық тамақтың орнына қалбырдағы қуырылған ет пен балық қана жеп, желдің өтінде, құм боранның астында барлау жүргізген, бұрғы салған мұнайшылардың бәріне де бұл сыйлықты берсе артық болмас еді-ау. Министр басымен барлаушы мен бұрғышы қасында, қос басында болып, бар мұқтажын шешіп, межелі уақытта жоспардың орындалып отыруына ұйытқы болған миистр Есенов еңбегі бұл марапатқа әбден ылайық. Өзі айтпаушы ма еді: «Мен Абайдың ақылымен жүрдім, сөзіне құлақ астым, алты ақылын бағдаршам еттім өміріме. «...талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой—Бес асыл іс көнсеңіз!». Олай болса Шахмардан Есенов бұл марапатқа өз талабының, ерен еңбегінің, терең ойының арқасында ғана қол жеткізді.

Жастайынан жалындап тұрған Шахмардан шабытының, қабілет қайнарының көзі қайдан? деген сұрақ көңілге ұялай береді. Жауабын Шахаңның тек адал жары ғана болып қоймай, қамқоршысы, пікірлесі, досы бола білген Кәмила апайдың әңгімесінен ұққандай боласыз:



--Менің бір таң қалатыным, тәулігіне он–он екі сағат жұмыс жасағанымен, үйге келіп тамағын ішіп алған соң кітап оқуға кірісетін. Мұнысы тура молданың қаза етуге болмайтын бес уақыт намазындай еді. Оқитындары геологияға байланысты арнайы кітаптар, журналдар және осы салаға байланысты шет ел басылымдары болатын. Ал, «Америка» деген журналды үзбей жаздыртып алып оқитын. Көркем әдебиет, тарих Батырдың өмірлік «досы» болды. Тіптен тәулігіне үш-төрт сағат-ақ ұйқтайтын, ұзақ тек демалыста, санаторилерде ғана болмаса, оның өзінде де бәрімізден бұрын тұрып кететін. Бұл оның жас кезінен қалыптасқан әдеті. Мен ептеп бұл денсаулыққа зиян ғой деп ескерту жасасам, ол: « Батырым-ау, қажыр-қайрат, күш барда қыранға еліктеуім керек. Қыран тәулігіне бес-он минуттай ғана қалғиды екен. Рахаттанып, көсіле ұйықтауға болушы еді, бірақ, арайлап атып келе жатқан таңнан, жарқыраған Күн сұлудан ұят емес пе?! «Уақыт!» деген ұлы құдірет! Ол пендесін ұйықтасын деп күтпейді...» деп, әзілдей күлетін».

Салыстырмалы теориясын ашу арқылы бүкіл дүние тіршілігіне өзгеріс әкелген ғұлама Эйнштейн «Ғылымға қанат бітірген поэзияның желігі» деген екен. Сол поэзияны: Пушкиннен, Есениннен бастап Абай, Әбділді, Қасымдарды оқып, жадына жаттап өскен поэзияның желігі ме, әлде, он бір жылда Жезқазғанда жиналған геологияның өзі ашқан сырлары ма, әйтеуір, Шахмарданды бір «желік» ғылымға жетелей берді.Кен байлықтарының құпияларын құпия түрінде қалдырмай, ұққан сырын, ашқан жаңалықтарын көпке жариялап, арнайы ғылыми ортада қорғауды жөн көрді. Оның астарында ашқан жаңалықтардың өндіріске еніп, халық шаруашылығын дамытуға ықпалы тисе деген илгері ниет жатты.

Ғылым деген де қызық нәрсе, ол өзін үнемі жетілдіріп, жаңа идеялармен толықтырып отырғанды ұнатады. Бұлай етпесеңіз ғылым сізден іргесін аулақ салып, біртіндеп-біртіндеп «ғалым» деген аттан айрыласыз. Бұны Шахмардан жақсы біледі, ұстазы Қаныш ағасы «ғалымның қасиеті—ізденісінде» дегенді талай-талай айтқан. Қанша жұмыс басты болса да баяғыдан ойында жүрген, жастық арманы десе де болады, ғылым кандидаттығын қорғаудың кезі келгенін түсінді, бірден қолға алды. Жезқазғанда жүргізген барлау мен геология-инженерлігінен бір емес бірнеше кандидаттық жұмыс жазуға болатын-ды. Соның ішінен ол «Қазақстан жағдайында кен орындарын іздестіру және барлаудың ерекшеліктері» деген тақырыпты алып, он бір жыл өз қолынан өткен геологиялық барлаудың ерекшеліктерін талдап, кен байлықтарын даралап, оларға байланысты өзі тапқан жаңалықтарын дәлелдемек болды. Жалпылама, жорта айтқанда тақырыбы осылай болғанмен, негізгі зерттегені космонавтика ғылымы мен қорғаныс өнеркәсібіне аса қажетті асбест кенін табу мен өндіру, өңдеу жолдары болды. Бұл ғылыми еңбегін ғылыми кеңесте қорғап, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты атағын алды. Аталмыш жұмыс ғалымдар мен өндіріс мамандарының ортасында жоғары бағаланды. Бағаланып қанай қоймай оның өндіріске енгізілуін талап етті. Негізі, Есеновтің есте қаларлық бір ісі—ғылым мен өндірісітің байланысына барынша көңіл бөлу болатын. Осыған орай: «Өндіріс салаларында жұмыс істеген кездерінде Ш.Есенов өзі жеке, кейде авторлармен бірлесе көптеген ғылыми еңбектер жазды, көбіне ондай жұмыстар өзінің теориялық жаңалығымен, көтерген тың мәселелерімен көпшлікті қызықтыратын, өндірісте қолдау табатын. Онымен бірге ол Қазақстанда геологтар мектебінің қалыптасқан дәстүрін жалғастырды. Ғылым мен өндірісітің шын мәнінде тығыз байланысын тұрақтандыруға күш-жігерін жұмсады, өндірісітің белгілі, тәжрибесі мол мамандарын ғылым мәселелерін шешуге әрдайым қатыстырып отырды» деп жазды Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясы шығарған «Ш.Е.Еснов» атты анықтама кітапшада.

***


Шахмардан өмірінің көп сәттеріне, әсіресе, студен кездеріне куәгер болған, геология-минералогия ғылымының кандидаты, қазір Жаңа Зеландияда тұратын Игорь Толмачев өткен жылы оның от басына былайша хат жолдапты:

«--Шахмардан Есенұлына Маңғыстау кен орындарын бірінші ашқан тұлға атағының берілуі маған күшті әсер етті. Министр кезінде Ш. Есенов қаржыны Өзен ауданындағы бұрын белгісіз, тың алаңдарды барлауға, терең горизонттарды (Ембі ауданының мұнай кен орындары мезозой шөгінділерінде жатқаны белгілі) бағыттады. Бұл жұмыстарды жеке бақылауында ұстап Маңғыстаудың жаңа ауданд арының горизонттарының мұнай қоры болжамы бойынша зор жетістіктерге жетті. Бұл атаққа лайық кендігін ол ісімен дәлелдеген-ді, бірақ үкімет басындағы қаскүнем әрекеттер оны қуғынға түсірген еді.

Оның жазықсыз қудаланғандығын, себепсіз жазаланғандығына мен сенімдімін. Биліктің шыңынан ол Балқаш қаласындағы экспедиция бастығына дейін төмендетілді, кейінірек Политехтің геология кафедрасына шақырылды. Ол менің есімде тек жағымды жақтарымен ғана қалды. Мен оны студент кезімнен білуші едім, кейде әңгімелесіп те қалатынбыз. Дене бітімімен ерекшеленуші еді – биік, мығым жігіт болатын. Кейініре кандидаттық диссертацияның алдын-ала қорғауында кездестік. Ол Жезқазған экспедициясының бас инженері болып тұрған кезінде КСРО-ның алғашқы космоновтары үшін көгілдір асбест кені барлаған еді. Жұмыс өте құпия (с.в. секреты) жүргізілді. Асбест бірден байытылып КСРО қорғаныс министрлігіне жөнелтілетін.

Біз (И.и. Бок, Борикаев Р.А., С. Долгих, В. Сагупов, Табылдиев) Есеновтың диссертация қорғауын тыңдаған едік. Ш. Есеновтың мәліметтері өте қызғылықты және жаңашыл еді, ол толқи сөйледі, кейде шатасып та қалды, мұның өзі оның қарапайымдылығын көрсетсе керек (Бұл кезде ол Геология министрі болатын). Нәтижесінде жұмыс қорғауға ұсынылды, ал негізгі қорғау кезінде ол сенімді, батыл сөйледі, диссертацияның мән-мазмұнын тереңнен ашып баяндады. Табиғатта сирек кездесетін минералды шикізат-көгілдір асбесті іздестіру мен барлық әдістемесін жан-жақты сараптап, диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты.

Докторлық диссертациясын Ш. Есенов Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті лауазымында жүргенде қорғады.

Оның бойындағы байсалдылық, өзіне-өзі сенімді жүретін, адамдармен қарым-қатынасындағы қарапайымдылық маған ұнаушы еді. Әрқашан өзін сабырлы ұстап, сенімен қатар адамдай сөйлесуші еді, Ерің!

Ш.Есенов геологияға товорчестволық көз қараспен қарайтын, оның Қазақстанға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз».

Қазақстан ғылымында Қ.Сәтбаевтан кейінгі металлогенияның дамуына үлес қосқан ғалым Ш.Есенов болып табылады. Оның дәлелі-- геология, металлогения саласы бойынша мысты, құмтасты кен орындарын іздестіру және барлаудың әдістері жөнінде жазылған еңбектері. Бұл еңбектерде Қазақстанда кездесетін мыс пен құмтас кен орындарының өндірістік маңызы, генезисі жан-жақты зертеліп, тың деректермен тұжырымдалған. Осы еңбегін ол докторлық диссертацияның тақырыбы етіп алып, оны Мәскеуде өте жоғары деңгейде қорғап шықты. Жылы?



***

Халаел Беспаев,

минералдық ресурстар Халықаралық

Академиясының академигі:

-- 19?? Жылы Шахаң докторлық диссертация қорғау үшін Мәскеуге баратын болып маған да бірге жүр деген ұсыныс жасады. Оның бұл өтінішін өте үлкен құрметпен қарсы алып, бірге баруға келісім бердім. Өйткені Шахаңдай ел маңдайына біткен шахаңдай асыл тұлғалардың қасына еріп, әңгімесін есітіп, оның дос-жарандарымен танысу мен үшін үлкен мәртебе еді. Оның үстіне мен академияда Шахаңның қол астында қызметтес болып, онымен жақсы түсініскен және құрметтеп сыйлайтын жандардың бірі болғанымды осы күні есіме аламын. Докторлық диссерттация қорғалатын күн алдын-ала белгілі болатын, сондықтан ба, әйтеуір, ғылыми кеңес жұмысын бастайтын залға көптеген елімізге, шет елдеге танымал ғалымдар, өндіріс басшылары, геологиялық мекемелердің қызметкерлері келді, көбі москвалықтар, бірақ, кейіннен белгілі болды, кейбір сол кездегі Одақтас және автономиялық республикалардан келген, Шахаңды сыйлайтын, оны пір тұтатын адамдар екен. Әйтеуір зал толық болды. Шахаң докторлық диссертациясының қысқаша мазмұнын берілген уақыт шеңберінде өзіне тән байсалдылықпен, қоңыржай даусымен асықпай баяндап шықты. Жан-жақтан төгіле жауған сұрақтарға да, оппонентерінің кейбір ескертпелеріне де салиқалы, деректі материялдарды негізге алып тұжырымды жауаптарын берді. Осыдан кейін диссертация көтерген проблемалар бойынша және оның практикалық маңызы, диссертанттың геологиялық теорияларды дамытуға қосқан үлесі жайында сөйлеген ғалымдар мен өндіріс мамандары көп болды. Мен олардың барлық сөйлеген өздері мен берген бағаларын стенографиялық нұсқадағыдай қайталамай, тек елімізге белгілі бір адамның сөзін қысқаша келтіруді жөн көрдім.

Көп жылдар бойы КСРО Геология және жер қойнауын қорғау министрі болып қызмет істеген, еліміздің аса ірі геолог-барлаушысы Қаныш ағаның қимас досы, қазақ елінің жанашыры П.Я.Антропов бірінші болып сөз алып, Шахаңның диссертациялық ғылыми жұмысының ғылыми және практикалық мәніне аса зор баға бере келіп:--Шахмардан Есенұлы—елімізде, әсіресе, Қазақстанда минералды шикізат базасын жасауда талантты ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен көрнекті геолог, ол өз ұстазы Қаныш Имантайұлының идеяларын барынша қуаттап, оны өрістетуге барынша ықпал жасаған ізбасары. Жер қойнауындағы байлықтарды комплексті, әрі жоспарлы түрде зерттеуді қуаттаушы шәкірттерінің бірі. Бүгінгі қорғалған докторлық диссертацияда сөз болған мәселелер соның айғағы. Шахмардан Есенұлы геологтар арасында бұрыннан асқан ұйымдастырушылық талантымен белгілі болса, енді, міне, оның аса үлкен білімділігі де көзге түсіп отыр. Әсіресе, оның ғылымға терең бойлайтындығы көрінді. Ол—ғылыми-зерттеу жұмыстарының теориялық тереңдігі мен практикалық тиімділігіне айрықша мән беріп, халық шаруашылығына тікелей жол табуын нысанаға алған ғылыми жұмыс. Геология ғылым саласы тек осындай жұмыстармен ғана байи түседі, ал Есеновтің докторлық жұмысы ғылымға қосылған үлкен жаңалық, ал, оның өзі докторлық ғылми атаққа лайық адам,--деп, сөзін аяқтағанда залдағылар ду қол шапалақтады, оған қошемет көрсетті. Мұндай аса білгір адамның Шахмардан Есенұлына берген бағасын, біздер, негізінен ұлы Қаныш аға салған бүкіл Қазақстан геология ғылымының дамуы мен қол жеткен табыстарына берген бағасы деп біліп, үлкен қуанышпен көңіліміз марқайып елге жол тарттық...

Ал, менің Шахмардан Есеновпен алғаш танысуым алпысыншы жылдардың басында боған еді. Ол кезде мен Шығыс Қазақстан өңірінде Қазақ ССР Ғылым Академиясының Алтай бөлімшесінде қызметтемін. Ғылым шаңырағы астында қызмет істейтіндердің көпшілігі тездетіп кандидаттық диссертация қорғауды армандайтын. Үлкен ағалардың, әсіресе, Ж.Айталиев, А.Каюпов, тағы басқалардың кеңестерін тыңдап мен де сол диссертацияның тақырыбына кірісіп, оның кейбір мәселелерін шешу үшін астанаға келдім. Мұнда институтта бірге оқыған жақын жолдастармының кейбіреулері сол кезде жаңадын құрылған Қазақстан Геология және кен қорғау министрлігіне орналасқан еді. Жолдастарыммен бірге министрлік орналасқан үш қабатты үйге кірдім. Сол үйдің екінші қабатында әңгімелесіп тұрған бізге қаоай баспалдақпен көтеріліп келе жатқан ірі, толық денелі, келбетті, аққұба, толқынды қара шашты, жас шамасы отыздың ішіне кірген қазақ жігіті бұрылды. Бұрын көрмеген, танымайтын бізбен амандасқаннан кейін есігі ашық маңдайшасында "қабылдау бөлмесі" деген жазушасы бар бөлмеге кіріп кетті. Жанымдағы жігіттер: «Бұл біздің ең жас министріміз Шахмардан Есенов» деді.

Шахаң қазақтың кен-металлургия институтын бітіргеннен кейін жолдамамен Жезқазған экспедициясына қызметке келеді. Оған себеп болған академик Қаныш Сәтбаев. Қаныш аға Тау-кен институтында Орталық Қазақстанның, әсіресе, Жезқазған, Ұлытау өңіріндегі кен орындары, олардың бол, көмір кен орындарын халық шаруашылығына пайдаланудың ошағы және сол өңірдегі түсті, қара металдар, көмір кен орындарын халық шаруашылығына пайдаланудың бүгінгі міндеттері жайында тамаша тартымды лекциялар оқып, сол жылғы геолог, тау-кен, металлургия мамандықтары бойынша бітіретін студенттерге, басқа да қатысушыларға (ондай лекцияларға институттың профессор мен оқытушылары да қатысатын) үлкен әсер қалдырған еді.

Қаныш ағаның 1935 жылы Мәскеуде жарық көрген Үлкен Жезқазған жайлы кітабы, кенді Алтай өндірісі жайында Мәскеуде атақты ғалымдар алдында жасаған баяндамасы және ол жайында дүние жүзіне белгілі оқымыстылардың пікрлерін оқыған-ды. Осының барлығы жас маманға әсер етпей қалған жоқ. Қаныш ағаның білімі, туған жеріне деген сүйіспеншілігі Шахаңның сезімтал жүрегіне әсер етіп, арманына арман, қиялына қиял қосты. Атбасар-Жезқазған өңіріне алғаш жұмысқа барғанда Қаныш аға небәрі 27 жаста екен, Шахаң да өз қызметін учаске ге, ологі міндетінен бастап, Жезқазған экспедициясының бас геологі, бас инженері қызметіне дейін көтерілгенде 27 жастың о жақ, бұл жағында еді. Жастығына қарамастан Шахаң Жезқазған геологиялық экспедициясының сол кездегі басшы мамандары Қаныш ағаның шәкірттері В.И.Штифанов С.Ш.Сейфуллин, Н.Б.Голоднова... республикамызға есімдері белгілі азаматтармен бірлесіп жұмыс істеп, Жезқазған кен орнының байлығын еселеп ұлғайтуға өз үлесін қосты.

Алпысыншы жылдардың басында Шахаң сол кезде ұйымдастырылған Геология министрлігіне министрдің орынбасары болып қызметке ауысты да көп кешікпей ол республикамыздың министрі болды. Жас инженерді, әрі Жезғазған сияқты қиырда жатқан елді мекенде орналасқан геология экспедициясының бас инженері мұндай биік, лауазымды қызметке шақыруының өзіндік сыры болатын. Шахаң барлық геологиялық зерттеу, барлау жұмыстарынан сол кездің өзінде, жастығына қарамай мол тәжрибе жинақтаған үлкен ұйымдастырушы басшы-жетекшісі есебінде танылды. Ол да Қаныш аға сияқты Ұлытау өңірімен біте қайнасып, сол өңірдің жер қойнауы қазыналарын жан-жақты тексеру, табиғи ресурстарды комплексті игеру жолында шын мәнәнде шыңдалған азамат еді. Осы кезде елімізде өндірістің интенсивті дамуы республика геологтары алдында да аса зор міндеттер қойған -ды. Әсіресе, ұлан-байтақ жері бар Қазақстанның минералдық байлықтарын зерттеу ісі ерекше жауапкершілікпен күн тәртібіне қойылды. Міне, осындай күрделі істі игеру, оның жан-жақты дамуын, өркендеуін қамтамасыз ету тек Шахаң сияқты аса ірі өндіріс ұйымдастырушысының қолынан келетінін үкімет басшылары да жақсы түсінді.

Алматыға қызметке ауысқаннан кейін де Шахаң өзіне тым ыстық Жезқазғаннан бірде-бір қол үзіп көрген жоқ. Ұлытау өңірінде жүргізілген барлық геологиялық-барлау жұ мыстарына жан-жақты қамқорлық жасап, ақыл-кеңесін беріп отырды. Кейбір ғылыми және геологиялық барлау жұмыстарына тікелей араласты. Жезқазғанға жиі барып та тұрды.

1964 жылы үлкен Жезқазған кен орындарындағы металдар қорын жаңадан бекітілген жаңа кондициялық деңгеймен қайта есептеу жұмысы басталды. Өте күрделі, комплексті жұмысты дер кезінде орындап шығу үшін Қазақстан Ғылым Академиясы геологиялық ғылымдар институтының белгілі ғалымдары мен өндіріс мамандары тартылып, арнайы топ құрылды. Оған тікелей басшылықты Шахаңның өзі қолына алды. Бұл күрделі жұмысты абыроймен аяқтап шыққаннан кейін Жезқазғанның жаңа кондициясымен есептеген қоры(мыс, қорғасын, мырыш) бұрынғы айқындалған межемен салыстырғанда бірнеше есе өсті.Негізгі металдармен қатар Жезқазған рудасының құрамында кездесетін көптеген бағалы, бірақ, шашыранды түрде кездесетін элементтердің де қалыптасу заңдылықтары айқындалып, рений,осмий,кадмий, күміс сияқты сирек таралған өндіріске тым қажетті элементтердің қоры анықталды. Ұлытау өңірінде Шахаң басқа да кен орындарының геологиялық тексеру жұмыстарына қатысып, геологиялық барлау жұмыстарының бағыт-бағдарларын анықтап беріп отырды. Осындай жан-жақты жүргізілген геологиялық жұмыстар нәтижесін қортындылап, Қумола көгілдір кендіртас қалыптасу ерекшеліктері және оны барлау мәселелері бойынша кандидаттық диссертация қорғады, ал, Жезқазғанда жаңа кондиция негізінде жүргізілген есептеулер мен барлау жұмыстарының негізінде 1968 жылы «Жезқазған кен орнының құрылымдық ерекшеліктері және оны барлау» деген тақырыпта Мәскеуде докторлық диссертация қорғап, геология, минралогия ғылымдарының докторы деген ғылыми атаққа ие болды.

Шахаңмен жақсы танысып, қызмет бабаымен жиі араласуымның екінші кезеңі 1967 жылдан басталды. 1967 жылы қырыққа жетпеген кезі Қазақ ССР министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде жүрген Шахаң Қазақ Ғылым Академиясының президенті болып сайланды. Онымен қоса Қ.И.Сатбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының директоры қызметін бірге атқаратын болды. Біздер үшін бұл үлкен жаңалық еді, өйткені Қазақ Ғылым Академиясының өзі де көп салалы институттар мен бөлімдерден тұратын және олардың бағдар-бағыттары да, шешетін проблемалары да сан алуан еді. Басқалар жүйесінің қиындығын біз сезген едік, оның үстіне, жасыратын несі бар, кезінде Қаныш аға сияқты тұлғасы биік, қазақтың біртуар ғалым азаматының өзін де етегінен тартып, тұңғиыққа итермелеген, кері сөйлеп, қия тартатын адамдардың болғаны белгілі еді. Шамалары келсе аяқтан шалатын, қарсы тұратын болды, олар Шахаңның ғылым саласындағы тәжрибесінің жоқтығын, жастығын, ғылыми көпшілкке әлі де беймәлімдігін алға тартты. Біз оны президент сайлауының өзінен де көрдік.

Ол кезде мен Ғылым академиясының Бас ғылыми хатшысының орынбасары болып істейтінмін. Өндірісте және республикамыздың басшы лауазымды қызметтерінде жүріп әбден ысылған, тәжрибесі мол Шахаң үшін академия жұмысын басқару онша қиын сияқты емес еді. Бұған дейін ол негізінен Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің бөлімшелері мен салаларын, республикамыздың геологиялық мекемелерінің барлық қызметін негізінен практикалық мәселелерді шешуге бағыттаса, енді, міне, Ғылым академиясының көптеген институттары мен бөлімдері жаңа ғылыми тың тақырыпта, ғылымның әр түрлі тармақтары бойынша жұмыстар жүргізіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарынан барынша мол практикалық пайда алу үшін күш-жігерлерін біріктіріп, көптеген ғылыми тақырыпты бір-бірімен үйлестіре жүргізіу қызметін басшылыққа алып қызметке кірісті. Ғылыми институттар мен бөлімдер басшыларының да жаңа әрдайым тың көзқараста болуын талап етті. Шахаңның ондағы мақсаты—ғылым мен практиканы тығыз байланыстыру, ғылымның соңғы жетістіктерін өндіріске енгізу, сөйтіп, біз басқарған ғылым орталығының бұрынғыдан да нығаюына барынша күш салу. Ғылыми зерттеулер әрқашанда комплексті түрде жүргізіліп, ғылымның практикалық маңызын басты бағыттар етіп ұстады. Әрине, Шахаңның Ғылым академиясы президенті кезінде жұмысы еш кедергісіз, кейбір ғалымдар тарапынан түсіністікпен жүрді деуіміз шындықты бүркегендік болар еді...

Шахаң жүргізетін мәжіліске президиум қызметкерлері, ғылыми институттардың басшылары қатынасатын. Кейбір түрлі мәселелерді шешуге өндіріс мамандары да кеңінен қатыстырылатын. Ондағы мақсат, біріншіден, ғылым мен практиканы бір-бірімен тығыз байланыстыру болса, екіншіден, өндіріс мамандарының бай тәжірибесін ғылыми тұрғыдан сол мәжілістің үстінде қорытындылап, өз әріптестеріне жеткізу болатын. Осындай мәжілістерде көтерілген мәселелерді, болмаса жекелеген ғалымдардың қойған проблемары мен сұрақтарын шешуде де Шахаң әрқашанда сөз бұйдаға салмай іскерлік көрсететін, күн тәртібі бойынша көтерілген проблемалардың бүгінгі жайын, маңызын жақсы түсінетін және оларды таяу арада іске асырудың алдағы міндеттерін белгілейтін.

Президиум мәжілісін өзі қортындылап, тындырылған істердің нәтижесін, халық шаруашылығы салалрын өркендетуге қажетті ролін бағалайтын.Ғылым академиясының басшысы болып қызмет істеген жылдары Шахаңның бар мақсаты – өзі басқарып ротырған ғылым ордасының, оның бөлімдері мен институттары, кезінде Қаныш аға негізінен құрып, басты бағытын айқындаған ғылым салалары өз деңгейінен, көтерілген биігінен төмендемей нығая берсе деген тілегі болатын. Бұл бағытта ол біршама, ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар да істеді, ұйымдастырушылық талантын танытты. Ғылым академиясы және оның бөлімдері Шахаңның басшылығымен жылдан-жылға қанат жайып , нығая түсті. Жаңа буын білікті кадрлар дайындалып, сан жағынан да сапа жағынан да өсті. Шахаң республикамызда, КСРО-да талантты ұйымдастырушы, көрнекті ғалым, жаңалықтың жаршысы, ұйтқыс ғана болып қойған жоқ, жұртшылық арасында да үлкен беделге ие болған, қадірменді қоғам қайраткері болып та біздің есімізде қалды.

Шаханың басшылығымен жүргізілген Ғылым академиясы институттарының ғылыми жұмыстары өндіріс пен сол кездегі жоспарлау мекемелері арасында шығармашылық ынтымақта болып, академияның басты бағыттары жедел дами бастады, өндірістің көптеген проблемаларын қамтыған жұмыстардың нәтижесі республика шеңберінде ғана емес, Одақ көлеміне де белгілі болды.

Академияның сан қилы шаруашылық, ұйымдастырушылық, ғылыми жұмыстары Шахаңның өз басының шығармашылық ғылыми жұмыстарының дамуына еш кедергі жасай қойған жоқ, ол әрдайым ізденіс үстінде болды, уақыт тауып өзі ғылыми жұмыстарын жүргізген, болмаса геологиялық-барлау жұмыстарына басшылық жасаған кен орындары мен аса ірі руда аймақтардың геологиялық даму ерекшеліктерін, қалыптасу заңдылықтарын ой елегінен өткізіп, қорытындылар жасап, оларды баспа беттерінде жариялап, ғылыми көпшілкке, әсіресе, практикалық маңызына мұқият қарайтын өндіріс мамандарына жеткізіп отырды.

Алпысыншы жылдары елімізде мұнай мен газ проблемасы, әсіресе, Қазақстанның Батыс өңірінде мұнай мен газ кендерін іздестіру және оларды өндіру мәселелері Қазақстан геологтары мен геофизиктеі алдында қойылғанда Шахаң аса үлкен іскерлік көрсетіп, Маңғыстауда мұнай кен орындарын іздестіру жұмыстарына тікелей басшылық жасады. Геологиялық іздестіру, барлау жұмыстары табиғаттың ол өңірдегі тым қаталдығына қарамастан сусыз, шөл далаға ондаған эспедициялар жіберіп түбектегі мұнай мен газдың жаңа көздерін ашты. Елсіз шөл далада ондаған мұнай өндірістерінің орталықтары пайда болды. Маңғыстау өңірі сусыз аймақтардың қатарына жатады. Шахаң елді тұщы сумен қамтамасыз ету проблемасын шешуге де ықпал жасады, сөйтіп, Маңғыстауды игеру проблемасы комплексті түрде шешіле бастады. Міне, осындай аса үлкен іскерлік көрсеткендігі және ол жұмыстың практикалық маңызын мемлекет басшылары айрықша бағалап, Маңғыстау барлаушыларының Шахаң бастаған бір тобына Лениндік сыйлық берді.Ғылымның, өндірістің өзекті мәселелерін шешуде әрдайым ұйымдастырушылық талантымен де, терең теориялық білімімен де көпшілік көңлінен шығып, көзге түсе бастаған Шахаң , көп кешікпей қайтадан республикамыздың Геология министрі болып бұрынғы қызметіне қайта барды...

Шахмардан Есенұлымен тағы бір спарлас болуымның сәті 1974 жылы түсті. Ол кезде Қазақ Ғылым академиясының Қ.И.Сәтбаев атындағы Геоогиялық ғылымдар институтының белгілі ғалымдары өндіріс мамандары бірлесіп ірі масштабты металлогениялық ғылым зерттеу жұмыстарын бүкіл Қазақстан территориясы бойынша жүргізуді қолға алған еді. Шахаң сол жұмыстардың ғылыми жетекшілерінің бірі болатын, оның басшылығымен және тікелей қатысуымен жүргізілген металлогениялық жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан территориясының металлогениялық карталары жасалып, көптеген металды кен орындарының қалыртасу заңдылықтары ашылды, кейбір сирек кездесетін, бірақ, өндіріс салаларына тым қажет элементтердің таралу ерекшеліктері айқындалып, солардың негізінде кен орындарын іздестірудің прогрессивті әдістері дүниеге келді. Міне, осындай күрделі жан-жақты жүргізілген металлогениялық жұмыстардың негізгі әдістемелерін және одан алынған басты қортындылар нәтижелерін практикаға енгізу проблемаларын Шахаң көптеген сессиялар мен симпозиумдарда басты мәселелердің бірі есебінде қойып жүрді.

Ең бастысы, Қазақстанда металлогенияның дамуына орай кен орындарын іздестірудің ғылыми жолдарын шешудің әдіс-тәсілін тапты. Демек, Шахаңның басшылығымен 60-шы жылдардың аяғы мен 70-ші жылдардың басында жүргізілген Қазастанның аймақтық зерттеу жұмыстары практикалық-шығармашылық ынтымақта дамығаны белгілі. Кезінде ғұлама ғалым қаныш ағаның қолдауымен дүниеге келген, кейіннен оның шәкірттері жалғастырған комплексті металлогениялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі ІІ томдық монография болып жарық көрді, оның геологиялық ғылымға қосқан және практикалық құндылығын бағалай келіп, академик В.И.Смирнов: «Дүнижүзілік практикада бұрын-соңды болмаған энциклопедиялық басылым»,--деп, бағалаған болатын. Аса көрнекті металлогенист ғалымның бұл бағасы сол комплексті жұмыстың негізгі ұйтқысы болған және оны әрі қарай дамытқан Шахаңның жеке басына да берген бағасы деп түсінеміз».

***


Шахмардан Есенов өз өмірінде 200 ден астам еңбек жазып, ғылымға сүбелі үлес қосты. Олардың арасында 16 монография, 150-дей мазмұны терең зерттеу мақалалары бар. Ең маңызды еңбек- әріптестерімен бірлесіп зерттеген, көпшілікке, қарапайым оқырманға өте түсінікті тілмен жазылған «Қазақстан жер қойнауы» атты монография еді. Онда олар Қазақстан жер қойнауының байлығын жан –жақты қарастырып, қай қабатта, қалай жатқанын, «кімдермен» бірге, басқа қандай элементтермен қосарланып тұрғанын, не керек жеті қат жер астындағы байлықты көріп тұрғандай дәл баяндайды. Айта кету керек, бұл монография тау-кен факультеті студенттерінің және профессор-оқытушыларының әлі күнге дейін басты кітабы, оқулығы болып келеді.

Аталмыш кітапты жазуда олар геология саласының аса білгірі, академик Қаныш Сәтбаев, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі И.И.Бок, корреспондент-мүшесі Г.С.Медоев және геология ғылымдарының докторы Г.Н.Никифоров, И.П.Новохатский, геология ғылымдарының кандидаты Д.Н.Казанли еңбектеріне арқа сүйеді.Тұңғыш Сәтбаев түзген Қазақстанның металлогениялық картасы дүниежүзілік геология ғылымында жоғары бағаланған болатын, әсіресе, олар сол еңбекті басшылыққа алды.

Өмір бойы Қаныш Сәтбаев геология саласындағы бытыраңқылықты қайта-қайта сынға алып, тиісті орындарға мәселе етіп талай қойған. Геологиялық барлау жұмысымен еліміздің бірқатар ведомстволары: қара және түсті металлургия, мұнай және көмір өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары... министрліктері айналысады. Олардың біреуі көмір, екіншісі мұнай, үшіншісі темір іздейді, осылардың басын бір министрлікке қосып, барлау жұмысын комплексті жүргізіп, жер қойнауын кешенді зерттеуді ұсынды. Ғұлама ғалымның мұндай ұсынысы аяқсыз қалмады. Жалғастырған, мәселе етіп көтеріп, іс жүзіне айналдырған өз шәкірті Есенов Шахмардан болды десе артық айтқандық емес.

Жер қойнауының кен байлықтарына байланысты ойларын ол көптеген республикалық және шет елдерде өткен симпозиумдар мен конференцияларда, конгрестерде ашық айтып, жаңашылдығымен, жанашырлығымен ерекшеленіп жүрді. Тіптен ол республика өндіріс орындарында кетіп жатқан кемшілктерді жасырмай, үлкен мінберлерден айтып, батыл сынға алудан, өзіме жау жинаймын-ау дегеннен қорықпады. Өйткені оның мақсаты ел ырысын төгіп-шашпай, ысырап жасамай іске асыру болатын. «Судың да сұрауы бар» дегендейін, «көп» дегенмен де жер қойнауындағы байлық шетсіз-шексіз емес, оның да таусылар кезі болады, сондықтан үнемдеп, үдәбарасына шығайық дегенді талмай айтудан танбады. Ғалым, азамат Шахмардан Есенов:



«...дала қойны—тұнған байлық. Біз бұл байлықтарды көздің қарашығындай сақтап, табиғаттың асқан жомарттықпен беріп отырған әрбір грамм көмірі мен мұнайын, мырышы мен қалайысын, қорғасыны мен мысын, титаны мен сурьмасын және басқа да толып жатқан алтындай асыл, күмістей әсем өнімін еліміздің халық шаруашылығына орнымен пайдалана білуіміз керек.

...Соған қарамастан «Карагандауголь» комбинаты мен «Казахстаннефть» бірлестігінің кәсіпорындарында елеулі-елеулі ысырапқа жол беріліп жүргенін атап айтпауға болмайды. Қара және түсті металлургия кәсіпорындарында да осындай рәсуәлік кездесіп жүр.

Сондықтан, қазба байлығын байыту мен өндірістік қайта өңдеу системасында ең жетілдірілген техника түрлерін қолдануымыз керек. Атап айтқанда біздің кәсіпорындарымызда Қазақстан Ғылым Академиясы ғалымдары тапқан руданы циклондық балқыту әдісі әлі кеңінен қолданылмай келеді.

Ең алдымен шахталардағы, рудниктердегі, цехтардағы, алып заводтар мен фабрикалардағы инженер-техник қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру керек. Бұлар қазба байлығын жер астынан алуда тәжірибеде өзін-өзі ақтаған озат әдістерді кеңінен қолдануға, прогрестік жүйелерді мұнан былай да жетілдіре беруге баса назар аударуға тиіс» деген сөзінен туған табиғатқа, жер асты байлығының ысырап болмауына деген жанашырлығын, тіптен жан айқайын естиміз. Мұны Шахамардан тек жоғарғы трибунадан ғана айтып емес, іске асыру үшін де Мәскеудегі тиісті орындарға барып ауызша да айтып, арнайы хат та жазып, талай-талай шешілуін сұраған. Ақырында, Жезқазған кен байыту комбинатында металлдарды бір-бірінен ажырату жолға қойыла бастады. Бұл өмір бойы академик Қаныш Сәтбаевтың да айта-айта жағы талған, іс жүзіне асырта алмай келе жатқан күрделі поблемасы болған-ды.

Ол, Шахмардан Есенов- геология ғылымын дамытуда геологиялық барлау, іздестіру жұмыстарын кешенді түрде жүргізу, әсіресе, геологиялық, физикалық және геохимиялық әдістерді кеңінен қолдануды ұсынып, іс жүзіне асырды.

Ол - Қазақстанда Бүкілодақтық Барлау –герфизика институты бөлімшесін ұйымдастырды.

Ол- Геология саласына кибернетиканы енгізу арқылы алғаш есептеу орталығын ашты.

Ол Осы кезеңде Қазақстан геологтарының жаңашылдығы, іскерлігі Одақ бойынша жоғары бағаланып, оның ішінде Ш.Есеновтің есімі құрметпен аталды. Оның аса ірі ғалым және білікті ұйымдастырушы екені мойындалды. Алайда, оны мойындаған тек өзінің геологтары, өз ортасы ғана ма екен?!

Заң ғылымының кандидаты Х.Ш.Әлжанов естелігін оқығанда Есеновтің дарыны мен азаматтығын бағалайтын, құрмет тұтатындардың шексіз екеніне көз жеткізесіз. Шахмардандағы білім шалқарлығы, ой логикасының тереңдігі, нар тұлғасы бір көрген адмның жадында жатталып қалатынын заңгер Х.Ш.Әлжанов әдемі, әділ жеткізеді. Мұндай естеліктерді толық беріп, әңгімелеуіміздің қисынын айтар болсақ, оның көзін көрген, іс-әрекеттеріне куә болған адамдар сөзі бүгін арамызда жоқ Шахмарданның бейнесін көз алдымызға әкеліп, оның азаматтығын, ғалымдығын, қайраткерлігін, қысқасы, толық болмысын ашып көрсетуге қызмет етеді.



***

Герой Жолтаев, академик:

«Таң қаламын. Мына жарық дүниеге келу «сапарымыздың» жиырмасыншы ғасырға тап келгеніне. Айға барып адамның аяғы тиді, Атом мұзжарғыш кемесі Мұзды мұхитқа төсін тіреді, жеті қат жер қойнауында тылсым жатқан бар байлықтың көзі ашылып, адамзат игілігіне жаратылды. Жұмыр жердің жетпіс пайызын басып жатқан алып мұхиттар мен көк теңіздер түбі зерттеліп, ғасырлар бойы жасырған жұмбағы ашылып, шашу болып шашылды. Бұл жаңалықтарға компьютер мен интернет желісінің кереметтерін қосыңыз. Жылдап жүріп Меккеге, айлап жүріп ағайынға жеткен бабалар біздің бұл тіршілігімізге не айтар екен, өзі?!

Иә, ХХ-шы ғасырдың кереметі көп. Осының бәріне таң қалып, тамсанғаннан Адамзаттың басы айналып тұрғандай сезіледі кейде маған. Сонда дейміз-ау, бұл құдіретті жасап жатқан кім және не? Иә, ол- ғалым мен ғылым құдіреті. Абай ақын айтпай ма «Алланың бір аты – ғылым!» деп. Сол алланың бұйрығымен болар ғалымдықтың жүгін көтеріп, ғылымның жолын қуып, артында өз сөзі мен ісін қалдырған құрметті азаматтар біздің халқымызда аз емес. Шоқ жұлдыздар - Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан, Ақжан Машанов, Шапық Шөкин, Ермұқан Бекмаханов, Ебіней Бөкетов...... Осылардың бел ортасында Шахмардан Есенов есімі тұрады.

Бәріміз де өмірді бастап, орта жасқа келген соң ізбасар іздеп, бастаған ісің орта жолда қалмас үшін шәкірт даярлауға кірісеміз-ау. Бірақ, біріміздің таңдауымыз дөп түсіп, біріміз мүлт кетіп, үміт еткен шәкіртіміз шикілеу болып, өкіндіріп жатады. Әуелі мен ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың шәкірт таңдау талантына, ісін жалғастырар ізгі ниетті ініні дөп тапқанына таң қаламын. Қызылорда Педагогикалық техникумын бітіріп, Алматыға келіп, ұстаздықтың үлкен оқуына түскелі тұрған Шахмарданның алғырлығын танып:«Айналайын, осы сен бәрін қой да қазақ мамандары жетіспей жатқан тау-кен геологиясына барсайшы...» дейді. Үлкеннің сөзіне құлақ асып үйренген ол «Қаныш ағам бір нәрсені біліп тұр-ау!» деп, ойланбастан Қазақтың Тау-кен институтының геология-барлау факультетіне оқуға түседі. «Естінің сөзін есті ғана ұғады». Мұны да Абай айтады.

Ал, бес жылдан кейін сол аға: «Айналайын Шахмардан, ғалым болу үшін әуелі «әліппені» оқуың керек, қайла мен балғаның сабын ұстап, салмағын сезінуің керек...дала толған байлық...» деп, өзі талай кеннің көзін ашып, өндірісін дамытып, кіші Жезқазғанды- «Үлкен Жезқазғанға» айналдырған, қойнауы құт, елі дархан жаққа қарай жол, сосын жөн сілтейді. Бұл тұста да Шахаң естілік танытып, аға сөзіне құлақ асып, ғұлама ғалым жолымен- қаңбағын жел қуған, аптабы жерді қуырған далада қайласы мен балғасын он бір жыл арқалап, тау мен тасты аралап, талай-талай кен көздерін ашып, ел ырысын молайтуға өз үлесін аямай-ақ қосты. Оның тікелей инициативасымен және басшылығымен Жезқазған кенді аймағының ірі көлемді геологиялық болжау картасы сызылып, онда мыс, қорғасын және мырыш... рудалары таралған аудандардың шекаралары айқындалды. Тіптен рудалардың таралу географиясы бұрынғы болжам мен тұжырымдардан да асып кетті. Елуінші жылдардың ішінде- ақ Жезқазған қорын 3-4 есеге ұлғайтуға болатындығын, жаңа идеяны Шахмардан Есенов айтқан еді.

Сол кездің ел басшылары оның дарынды жас екенін танып, бар жоғы отыз үш жасар Шахмарданды Қазақстан Республикасы Геология және жер байлығын қорғау министірінің орынбасары етіп тағайындады. Бір жылдан кейін министр болып, 1961-1965 жылдар аралығында белсенді қызмет атқарды. Осы жылдар ішінде Ш.Есенов Қазақстанның барлық аймақтарында жүргізіліп жатқан, жүргізілетін геологиялық барлау жұмыстарына басшылық жасады. Ол бірде кенді Алтайды араласа, енді бірде Маңғыстау мұнайшыларына барды, Ақтөбе мен Орал барлаушыларының ортасында болды, Жамбыл, Қаратау кеншілерінің жұмысымен, тұрмыстық-әлеуметтік жағдайымен танысты.

Маңғыстаудағы геологтар мен барлаушылар, бұрғышылар жұмысын қадағалап, Мәскеу мен Алматыдағы мемлекет пен Үкімет басшыларына беделін салып жаңа техникалар алдыртып, өндіріске енгізді, істі жаңаша ұйымдастырды. Бұл әрекеті нәтижесіз болған жоқ, 1961 жылы Жетібай мен Өзеннен мол мұнайдың қоры табылып, бір күн, бір сәтте Маңғыстау барша әлемге әйгілі болды. Бұдан кейін Шахмардан Есеновтің белсенді араласуымен Маңғыстау аймағынан Бозашы, Қаламқас, Қаражамбас... мұнай кен орындары ашылды. Әлі күнге дейін бұл кен орындары ел байлығын еселеп келеді. Ол бұл күндері абыроймен еңбек етіп жатқан «Маңғыстаумұнайгаз» бірлестігінің алғаш ұйымдасу кезеңіне белсенді араласып, өз үлесін өлшеусіз қосқандардың бірі.

Бір топ мұнайшыға 1966 жылы сол кездің ең жоғарғы марапаты Лениндік сыйлық берілді. Сол топты бастап министр Шахмардан Есенов тұрды. Шын мәнінде ол бұл сыйлыққа ылайық еді. Және ол Қазақстанда тау-кен геология-барлау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Ленин орденімен марапатталды. Ал, «Өспен тектоникалық аймағының геологиясы мен металлогениясы» еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Қазақстан Ғылым Академиясының президенті және Қ.Сатпаев атындағы Геология институтының директоры бола жүріп бұрынғы қызметінен табиғаты, талабы басқашалау болса да талантының, алғырлығы мен адамгершілігінің арқасында бар шаруаны үйіріп әкетті. Ол президент кезінде академиктер санын арттырды, корреспондент-мүшелер көбейді. Бәрінен бұрын жас ғалымдарға деген қамқорлығын ерекшелей айтқым келеді. Жастар арасында ғылыми еңбекке конкурс өткізіп, жас ғалымдардың өсіп шығуына мүмкіндік туғызды, оларды лауазымды қызметке өсірді.

Және елеулі бір айта кететін нәрсе, Шахмардан Есенов қазақ даласынан шыққан Шығыстың ұлы ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің халқына қайта оралуына көп еңбек сіңірді. Ғылым Академиясы Философия және құқық институтының жанынан арнайы «Әл-Фарабитану» бөлімі ашылып, оның еңбектері араб-парсы тілдерінен қазақ және орысшаға аударылып, жарық көрді. Ол басылымдардың сапалы, әрі дер кезінде шығуына Ш.Есенов басшылық жасады. 1973 жылы 9 қыркүйекте Қазақстан Ғылым Академиясы және Азия мен Африка елдері жазушыларының V-ші Халықаралық конференциясында Шығыстың ұлы ойшыл ғалымы Әбу Насыр Әл-Фарабиге арналған арнайы мәжіліс өтіп, басты баяндаманы өзі, Есенов жасады. Ол тура «Фарабитанушы» ғалымдай ұлы ойшыл ғалымның қазақстандық, жерлесіміз екенін дәлелдеп, оның әлемдік ғылымға қосқан жаңалықтарын таратып берді.

Ол екінші рет Геология министрі болған тұста Қазақстанда геологиялық барлау жұмысын кешенді түрде жүргізу әдісін бұрынғыдан да дамытуды ұсынды, геологиялық, геофизикалық, геохимиялық әдістерді қатар қолдану арқылы барлауды тиімді, әрі шығынды аз жұмсай отырып нәтижеге жетуге болатынын іс жүзінде көрсетті. Шахмардан Есенов бұл әдістемесі арқылы геология ғылымын бір сатыға дамытты десе де болады. Ол Бүкілодақтық Барлау-геофизика институтының Қазақстандық бөлімшесін ашып, жаңа ғылыми -есептеу орталығын ұйымдастырды.

Шахмардан Есенов өзіне дейінгі ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев салған геологиялық мектепті жалғастырушы, дамытушы. Талантты жастарды іздей жүрді, ғылымға тартты, тәрбиеледі. Оның бастама-ұсынысымен тау-кен факультетіне қабылданатын студенттер саны көбейтілді.

Міне, академик Шахмардан Есеновтің қоғам үшін, халқы үшін атқарған қызметтері қысқаша айтқанда осындай.

Менің өз басыма ол кісінің шарапаты мол тиді. 1962 жылы Политехника институтының инженер-геолог-мұнайшы деген нөмірі бірінші дипломын алдым. Бұл мамандық бойынша біздер Қазақтың политехникалық институты оқытып, дайындап шығарған бірінші мамандар едік. Сол дипломымда Мемлекеттік комиссияның төрағасы Шахмардан Есенов деген қол тұр. Оны мен мақтан етемін. Ол кезде Шахаң Геология министрі болатын.

Мен докторлық диссертациямды Мәскеуде қорғайтын болдым да, қазақстандық ғалымдардан пікір керек болды. Оны шынайы көңілмен жазып берген бірінші Шахаң болды. Шахаңның Мәскеу ғалымдарының арасында абыройы биік еді ғой, пікірді оқып, бәрі де оған қосылып, бір кісідей қол көтерді десем өтірік емес.

Өзеннен мұнайдың мол қоры табылды, ал, оның қорын анықтап, нақты мөлшерін есептеп шығару үшін Шахаң Маңғыстауда айлап жатты, сосын оны Мәскеуде өте білімділікпен, биік дәрежеде қорғады. Маңғыстаулықтар Шахаңның бір бала мінезіне мәз болып айтып отыратын. Бір ай жатқан адамды жора-жолдас қонаққа шақырады ғой, қазақ дәстүрімен. Кештетіп қонақтан келе жатқан Шахаңның аяғына консервінің қалбыры даңғырлап ілігеді емес пе, баяғы. Сол–ақ екен, өздері көңілдері көтеріліп келе жатқан жігіттер емес пе, екіге бөліне салып, қалбырды даңғырлата, поселкті бастарына көтере футбол ойнауға кірісіп кетеді. «Ұйқы бермедіңдер ғой, өңкей найсап...ойбай-ау, балалар екен десем өңкей зіңгіттей-зіңгіттей жігіттер ғой, мыналарың!» деп, қарсы үйдегі әйел шығып айғайламаса кім білсін қашанға дейін қалбырмен футбол ойнарын.

Шахаң асыл адам еді ғой, «мен министрмін» деген ойды ысырып қойып, екі білекті сыбанып қажет болған кезде мұнайшылар жұмысына да араласып кететін.

Ақтөбенің Өріктау деген жерінен газ табылып, министр Ш.Есенов қасына одақтық мұнайөнеркәсіп Комитетінің төрағасы, артынан одақ тарағанға дейін КСРО-ның мемлекеттік Жоспарлау комитетінің төрағасы қызметін атқарған Николай Константинович Байбаковты алып самолетпен ұшып келді. Атқылап жатқан газды көздерімен көрді. «Шұбарсай» совхозының директоры Т.Маушев ағай бұл қонақтардың құрметіне тай сойып қарсы алды. Мәскеулік Байбаковтың алдында бұрынғыдан да беделі биіктеп кетті. Жергілікті жігіттердің бұл құрметіне асыл аға риза болды.

Екеуміз де Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде ұстаз болдық, кабинеттеріміз қатар еді. Күнде кездесеміз. Өмірінің соңғы кезінде еңбегі дұрыс бағаланбай, біраз жапа шеккені рас қой. Ішкі дүниесінде не болып жатқанын білмеймін, сырт келбеті қашанда да жарқын, жайдары, жалы жығылмай жүретін. Мен де ішімнен: «асылдың асылысыз-ау!» деп, риза болып қоятынмын.

Шахаңның лекциясынан бір студент қалмайтын, өте білімді, мәнді оқитын. Жастарды жанындай жақсы көретін, ал, білімге құштар белсенді жасты көрсе: «Міне, міне, біздің болашағымыз осылардың қолына тиюі керек, жақсылап тәрбиелеуіміз керек!» деп, жоғын тапқандай, балаша қуанатын. Геология, тау-кен салаларына ұлттық кадрларды тартып, орнықтыруға ересен күш сіңірген Шахмардан Есенов екенін ешкім де ұмытпайды».

***


Каталог: uploads -> files
files -> Гүлсім Оразалықызы оржановтар әулеті қазақ МҰнайының ардақтылары «Қазақ мұнайының ардақтылары»
files -> Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер
files -> Конкурса научных работ среди школьников «turan-junior-2016» Секция «Физика, техника, науки о земле и космосе»
files -> «Қазақ мұнайының а р дақтылары»
files -> Ізтілеуова салтанат далбайқызы
files -> Махамбет қай жылы туғАН? Тұрлыбай Бақыт Серікқызы
files -> ҚазақТЫҢ хас батыры -аттила (еділ батыр)
files -> Формы и методы подготовки учащихся к итоговой аттестации по обществознанию


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет