Шахмардан есенов



бет3/21
Дата04.11.2016
өлшемі5,66 Mb.
#306
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

Үшінші бөлім

«ЖЕЗҚАЗҒАН КЕННІҢ ҚОЙМАСЫ»

«Қазақстанның байлығы мол, бірақ

шексіз емес. Ұқыпты, білімді,

байлығымызға шын жаны ашйтын азамат,

сосын мамандар керек. Әлі де шала ұйқыда

жүрген жігіттерді көргенде ішің ашиды.

Дегенмен, олардың намысына тиіп, санасын

оята беру керек!»

Шахмардан Есенов

Бұрын-соңды естігені болмаса Шахмарданның Жезқазғанға бірінші келуі. Қалай болғанда да келісі келіс-ақ болды. Біреу емес, қос академик: Бардин мен Сәтбаевтың қасында жүрудің өзі бір мәртебе көрінді. Жезқазған Мыс комбинатының басшылары сомалеттен түсісімен-ақ олардың аяқтарын жерге тигізер емес. Мықты деген қонақ үйге әкеп орналастырды. Не ішем, не жеймін демейсің, бәрі алдыңда. Бәрінен бұрын кен байыту комбинатына келгендегі көрініс-- үйілген тас пен топырақтан мыс пен қорғасынды ажыратып алу әдісі Шахмарданды қатты қызықтырды. Теориясын кітаптан оқыған, біледі. Іс жүзінде көрудің әсері мүлдем басқаша болып шықты. Қызық құбылыс. Шахмардан адам ақылына, оның ішінде ғалымдар жетістігіне тәнті.

Комбинатты аралап көру, шахталарға түсу, нағыз кеннің көзін көру, не керек, ойламаған жерден «атқосшы» балаға бұның бәрі нағыз ертегінің әңгімесіндей болды. Шахта деген аты болмаса іші кең, зәулім. Кен қазатын техникалар мен оны таситын БелАЗ-дар емін-еркін сиып кеткен. Жан-жақтан самаладай жарқыраған жарықтарға қарап қызығасың, бейне бір аспандағы жұлдыздар осы алып үңгірдің ішіне кіріп кеткендей-ақ. Алып эксковаторлар ақсиған алып тістерімен кенді опырып құлатуда, оны конвейрлер жедел әкетіп жатыр, әкетіп жатыр. Құлақты тұндырарлық тар-тар, гүр-гүр еткен дыбыстар. Бәрі қосылып қайнаған еңбектің «симфонясын» ойнап тұрғандай. Қызық көрініс, өзгеше әлем! Сырттағы тыныш тіршілкпен мүлдем салыстыруға келмейді. Шахмардан қатты әсерленді. Санасында бір тосын ой зу етіп өте де шықты. Бірақ, ешкімге айтпады.

Айнала өндірістің у-шуы. Жан-жағын қаумалаған көптің ортасында Сәтбаев пен Бардин тұр. Оларға комбинат басшылары ауыздары тынбай, қолдарын сермеп-сермеп әлде нені баяндауда. Бір сәтте Сәтбаев орта жастағы бір кеншімен Шахмарданның әңгімелесіп, оның сөзін құныға тыңдап тұрғанын байқап қалды. Жас өреннің «білсем» деген ниетіне қуанды. Ойына бір идея сап ете түсті. Бірақ, айтуға асықпады...

Бірінші күні осылай өндірс орындарын аралап ертеңіне партия басшылары мен кәсіпорын бастықтары, кенші, барлаушы-геологтар қатысқан үлкен жиын болды. Сөйлеушілер көп-ақ. Бәрінің әңгімесі кен мен кенші, геолог-барлаушы төңірегінде. Сөйлегендердің ішінен Қаныш ағаның айтқандары көпті елең еткізді. Ол көсіліп біраз сөйледі. Сөздері домалап-домалап түсіп жатыр. Сөзінің аяғында:

--... мыс пен полиметалл концентраттарын балқытудың біз өзіміз ойлап тапқан неғұрлым жетілдірілген әдісін өндіріске тезірек енгізудің қажеттігін, оның маңызының зор екенін бәріңіз де түсінетін сияқтысыздар. Өкінішке орай ол әдісті өндіріске енгізу ісі тым баяу жүргізілуде. Жартылай өнеркәсіптік сынау бұл әдістің артықшылығын дәлелдей алмайды. Шындығында біз оны жаңа әдіске сай келмейтін ескірген қондырғыларда сынап жүрміз ғой. Реактивті двигательді арбаға байлап жүргізіп көріңізші қандай болар екен, быт-шыты шықпай ма?!»-деді...

Шахмарданға «реактивті двигательді арбаға байлап жүргізіп көріңізші» деген теңеуі қатты ұнады. Шынында да ашылған жаңа жаңалық өз орнымен, өз технологиясымен толық сынақтан өтпесе дұрыс нәтиже бермейді ғой. Жаңалықтың жаңалық екенін дәлелдей де, көрсете де алмайсың. Қаныш аға дәл теңеу тауып айтты деп, өз-өзінен риза болды.

Сапырылысқан екі күндік жиын бітіп, кешкі ас та ішіліп, бәрі де ентіктерін басып, қонақ үйде әркім өз бетінше демалуда. Ертең Алматыға ұшады. Шахмардан екі күн ішінде кен мен кенші, геолог пен барлаушы өмірінің бұрын өзі білмейтін жақтарына біраз қанықты, бір жағынан қызықты да. Теория мен практика арасында әжептәуір айырманың барын көрді, түсінді. Бұрын білмейді екенбіз, сөйтсек, геология мен барлаудың, кен байытудың әлі проблемалары көп екен-ау. Ғалымдар оны шешеудің жолдарын айтса, кеншілер қиындығын алға тосады. Қызық.» деп, іштей ойлап қойды. Не болса да Шахмардан «атқосшы» болып келгеніне қуанды.

Шілденің қақ ортасы болса да мұнда аса ыстық емес, Сарыарқаның самал желі жанға жайлы тиіп, рахатқа бөлеп тұр. Шахмардан есік алдындағы орындыққа келіп отырды. Күн алаулап батып барады. «Ертең күн ашық, ыстық болады». Әкесі айтатын егер Күн батарда Батыс жақ қып-қызыл шапаққа бөленсе ертеңіне күн ыстық болады деп. Осылай әр түрлі ой жетегінде отырғанда қонақ үйден Қаныш ағасы шықты. Қасында екі адамы бар. Былай ұзатып барып олармен қоштасты да Шахмарданға қарай жүрді.

--Мен сені іздегелі отыр едім, жақсы болды, жүр былай жүріп қайтайық,- деді салмақты үнмен Шахмарданға. Қатар жүріп келеді, екеуі де биік, екеуі де сымбатты, айырмалары тек жастарында ғана. Қаныш Сәтбаев ердің жасы елуге келіп қалған, Шахмардан болса жиырманың үшеуінде. Олар шамалы жүргеннен кейін-ақ қала шетіне шығып кетті. Көз ұшына дейін созылып жатқан кең дала. «Қызық, топырағы қызыл қоңыр... жер бедері біздің ауылға ұқсас» деп қойды іштей Шахмардан. «Жезқазған ұнады ма, кешегі жиналыс-жиындардан бір нәрсе ұға алдың ба?" деген сияқты жеңіл-желпі сұрақ төңірегінде әңгіме-дүкен болды. Бір кезде Сәтбаев әңгіме арнасын бірден басқа жаққа бұрды:

--Міне, қалқам Шахмардан, Қазақстанның атын әлемге танытып жатқан Жезқазған, Жезді, Ұлытау деген жеріңіз осы болады. Мына топырақты қарашы, қызыл-қоңыр тартып жатыр. Осының өзі дәл осы жерде кен барын байқатады. Зерттеп, зерделей білсең болды,- Шахмарданға бір қарап қойды.- Қалқам, сенімен ақылдасқалы тұрмын, бірақ бәрін де өзің шешесің, --деді.

--Рахмет аға, мені бір көтеріп тастадыңыз ғой, Сізге ақыл қосатындай мүмкіндік болса менде,--деп, күлімсірей ағасына қарады Шахмардан.

-- Қазақ айтады: «Асыл тастан, ақыл жастан!» деп. Біздің жасымыз ұлғайып келеді, сендер өсіп келесіңдер. Әкенің орнын бала, ағаның орнын іні баспаса өмір алға озбас еді. Тіршілік заңы. Абай айтпай ма: «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман...»- деп. Менің де жасым ұлғайған сайын армандарым азая ма десем қайта көбейіп барады. Қазақ даласы тұнған байлық, оны өзің секілді жастар иемденсе, игерсе деймін...

Шахмардан Қаныш ағасының не айтқалы келе жатқанын түсіне алмай жайлап жүзіне қарады. Шынында да Қаныш ағасының маңдайына әжім сызықтары түсіпті. Екі-үш күннен бері демалған жоқ, соныкі де болар. Бәрі бір бұйра шаштары толқынданып, маңдайы жарқырып, қыр мұрыны, қоңыр көзі, бәрі-бәрі өзін көріктендіріп тұр.

-Аға, қарттықты ойлау Сізге әлі ертерек болар,--деді, Шахмардан жай ғана, басқашалау айтуға батылы жетпей.

- Жоқ, ертеңін ойламаған ғалым өзінің бар ісін, ашқан жаңалықтарын өлтірумен пара-пар. Менде шәкірттер бар, жетеді. Сені сондай шәкірттерімнің бірі деп есептеймін мен. Осы сен Алматыға оралмай-ақ Жезқазғанда жұмысқа калсаң қалай болады, аспирантура деген қайда қашар дейсің. Ол жақтан көрі сен осында қажеттірексің, өз жастарымыз әлі аз мұнда. Кешелі бері өзің шет жағасын есітіп, біліп жатырсың, шешуін күтіп тұрған мәселе көп . Геология саласында ғылыми жұмыс жүргізу үшін әуелі барлаушы болып, дала төсін аралап барып ғылымға келген дұрыс болады. Зерттейтін мәселең өзінен өзі алдыңнан шығады...академияның кабинетінде отырып жоқтан бар жасап, саусақтан сорғандай... геологиядан жаңалық іздеген адам далаға, мынау салқар дала төсін аралауы керек. Сонда небір сыры ашылмаған құпия құбылыстар жұмбағын жайып салады,-- деп, Сәтбаев Шахмарданға «мұныма не дейсің?» дегендей жымия қарап тұр.

Шынын айтқанда Шахмардан мұндай тосын ұсынысқа қалай жауап берерін білмей, ойы сан-саққа кетті. Бірақ, бағана жиналыста Қаныш ағасы Қазақстанның кен байлықтары жөнінде жосыла сөйлегенде өзінің геолог-барлаушы болғысы келіп кеткен-ді. Сондай бір сезімнің тосыннан жалт ете қалғаны есінде. Қаныш ағасы тура соны біліп қойғандай дөп басып тұр. Таң қалып аға бетіне тіктеу қарады. Оны басқаша түсініп қалған Сәтбаев:

--Жауапты дәл қазір бермей-ақ қоюыңа болады, түнімен ойлан, таңертең айтарсың...

Екеуі қонақ үйдің алдындағы орындыққа жайғасты.

Табиғат шіркіннің қай ісіне таң қалып, қай сыйқырын түсініп болғандайсың. Қаныш табиғаты сұлу, қыздың жиған төсегіндей текшеленіп жиылған тау мен тасы текті тұрған Баянауыл бөктерінде дүниеге келсе, жас Шахмардан баяғы-баяғы бағзы заманда барша қазаққа отан болған сұлу Сыр бойында, оның ішінде Шиеліде дүниеге келіпті. Сөйте тұра екеуі бір біріне қатты ұқсайды. Жарқыраған жазық маңдай, маңдайдан әрі басталатын толқын-толқын, бұйра-бұйра қою қара шаш, ойлы, терең тұнық көз, хас батырларда ғана болатын қыр мұрын, не керек адам қызығарлық, сүйсінерлік түр мен тұрпат екеуінде де. Шахмардан анда-санда аспанға, самаладай самсаған жұлдыздарға қарап қояды. Қиялы биікте. Сәтбаев оған Ұлытау туралы, үш жүздің басы қосылған киелі тау екендігін айтып, әрісі Жошыхан, Едіге батыр, Абылайхан... жайлы, олардың аумалы-төкпелі заманда өмірлерінің өткенін, қиын кезеңдерден халықты алып шыққандарын жайлап айтып, біраз әңгіме шертті. Әңгіме астары қатпар-қатпар. Өмірдің ащысы мен тәттісін қатар татып келе жатқан ғұлама ғалым өмірі де сонау-сонау замандарда ел басқарған хан мен билер тағдырынан бір де бір кеме емес. Бабаларың бай болған, өзің «Алаш» партиясында болғансың деп күні бүгінге дейін қоқаңдайтындар табылып тұр. Ұстазының бар әңгімесін Шахмардан зейін қоя тыңдап отыр:



-- Шахмардан айналайын, шынымды айтсам небір дүбірлі оқиғалар өткен осы сары даламды сағынамын. Адамды адам еткен ақылдан көрі қиялы. Қиял болмаса жалғыз ақыл-- жетім. Қиялы мен армандары болмаса бұл адамзат көк аспан мен жеті қат жер астының сыры мен құпиясын аша алмас еді, баяғы үңгірінде әлі отыра берер еді... Академияның бітпейтін, ұшы-қиыры жоқ шаруалары кейде шаршатады. Оның үстіне күнделікті өмір ағысымен, таптаурын болған табан жолмен жүре бергің келмей, жаңалық іздейсің, өзгеріс енгізгің келеді. Ол біреуге ұнаса, екінші адамға ұнамайды. Қайшылық, қақтығыс, адамдардың бірін-бірі түсінбеушілігі осы жерден басталады. Менің мақсатым енді-енді қаз-қаз басқан бала сияқты жаңадан жеке шаңырық көтеріп жатқан қазақ ғылымын көтеру болды, басқалардан қалып қоймау болды. Қандай жаңа бастамалар бастасам да, идеялар көтерсем де ойымда осы мақсатым тұрды. Адамда мақсат болуы керек, әйтпесе, өмірің босқа өтіп кетеді. Адам алдында әр күннің, әр жылдың, сосын болашақтың мақсаты айқын болуы керек. Осыны есіңде мықтап сақта, қалқам!

...бірақ жас ұлғайған сайын шабан тартып, кедергілер көбейіп, көңілің түсіп, құлшынысың азая береді екен..,--деп, Қаныш ағасы әңгімесін аз-кем тоқтатып тұрды. Қаншама адамдардан көрген қиянат пен қызғаныштан туған жала-жапасы «мені де айт!» деп, кеудесін тепкілеп, дабыл қағып тұрса да табиғат берген сабырлығы мен салқын ақылына салып сыр шашпады. Қиянат жасап, тырнақ астынан кір іздеп, тіптен қуғын-сүргінге салған адамдар атын атап, түсін түстемеді. Ондағысы, жаны таза, арманы асқақ, тіршілік қарекетіне енді араласқалы отырған жастың санасын уландырғысы келмеді. Одан көрі болашақтың мақсатын, ғылым жаңалықтарын айтқысы келді. Әрі қарай әңгімесін жалғап:

--Айналайын Шахмардан, Қазақстан территориясына: Англия, Франция Испания, Австрия, Бельгия, Голландия, Дания тәрізді жеті мемлекетті орналастыруға болады. Ол өзінің шетсіз, шексіз кеңдігімен ғана емес, кен байлығымен де әлемді таң қалдырады. Қазіргі Қарсақбай, Жезқазған, Қоңырат, Қарағанды, Шымкент қорғасын зауыты, Ақтөбе химкобинаты—Бүкіл Одақ көлемінде алыптар санатында тұр. Ұлы Отан соғысында жауға қарсы атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалынды. Қазақтың кең байтақ даласы, оның бұйра құмдары мен тау-қыраты толған алтын мен күміс, жез бен мыс, көмір мен мұнай... Кезінде ол шеті мен бұл шетіне ұшқан құстың қанаты талатын кең алқаптың асты, жер қойнауы кенге толы. Бейне бір алып қойма ма дерсің. Тек соны таба біліп, ел-халық игілігіне жарату керек. Атақты орыс ғалымы Ломоносовты білесің, оқыдың, сол кезінде «Россия жерінде сан жетпес байлық бар, оны игеру үшін ғылым керек!» деп халқына ұран тастаған. Соның нәтижесінде Архангельский, Губкин, Обручев, Ферсман, Усовтар сонау-сонау Палеозой эрасынан бері жер-ана қойнында сақталып келген асыл қазыналарын қалай танып, қалай табудың жолдарын көрсетті...

Ал, мына маң далаға талайлардың көзі баяғыда, сонау-сонау көне замандарда-ақ түскен. Осыдан 2400 жыл бұрын грек тарихшысы Геродот бір сөз айтып кетіпті: «Арал теңізінің алқабында сақ, массагет деген елдер бар. Қола мен жездің молы соларда. Өз жерінен қазып алады.» деген. Осы ата-қонысты мекен еткен Бағаналы елі жерін—Жезқазған деп қойыпты. Қай кезде, қандай атамыздың қазғанын дөп басып айту қиын, ал, бірақ бір шындық бар, ол—түрлі кен байлығының молдығы.

Менің жастық шағымның ең бір қызықты кезеңі осында-Жезді, Ұлытауда өтті. Таисия Алексеевна екеуміз рюкзагімізді иығымызға асына салып дала кезіп кететінбіз,-- осы тұста Қаныш аға тағы да біраз үнсіз отырып қалды. Заңды, ешбір алаңы жоқ, арманы көп жылдар «мен мұндалап», атойлап алдынан шықты-ау дейміз,-- ата-бабамыз сан ғасыр алаңсыз осы далада малын жайып жүре берген. Сөйтсе, табанының асты, жер-ананың қойны толған алтын мен күміс, мыс екен. Оны табу, көзін ашу ХХ ғасыр ұрпақтарына, бізге бұйырды. Енді біздің ісімізді жалғайтын сендерсіңдер. Біз қол жеткізе алмаған армандар мен мақсаттарға сендер жетулерің керек, соған ұмтылу қажет...

Қаныш ағасы соңғы сөзін мұңдылау айтып, тіршіліктің тәтпішін татқан, көп нәрседен көңлі қалыңқырап тұрған адамның сыңайын танытты. Жас Шахмардан ғұлама ғалымның көңілінің бір жабырқап, бір жадырап отыруының сырын ол кезде түсінбеп еді.

Ия, Қаныш Сәтбаевтың «сары даламды сағындым» деуінің әбден жөні бар еді. Ол арғы аталарының, оқыған ағаларының әсері болар Том қаласына барып, әлі қазақ балаларының аяғы жете қоймаған Тау-кен институтының геология-барлау факултетіне түсті. Өзінің зеректігімен, алғырлығымен, табиғат сыйға берген көрікті келбетімен мал бағудан басқаны білмейді деп жүрген өзге ортаға білімді, озық ойлы жандардың болатындығын, алғаш таныстырып, өзі арқылы дәлелдеп кетті. Ақырында, орыстың бір сұлуын— Таисия Алексеевнаны жар етіп алып, ауылға оралды.

Жезқазғанға олар аз ғана топпен келді. Сол аздың бірі—геолог Н.В.Мельников былай дейді: « ...ағылшындар сүттің қаймағын сыпырғандай, аса бай рудалардың беткі қабатын ғана алып, содан соң кен орындарын тастап кете берген. Бізге салдама болған үш бұрғылау қондырғысын ғана ақлдырып, өзге жабдықты өздерімен бірге алып кеткен. Қиындық деген көп болды., соның ішіндегі ең бастысы-- Жезқазғанда мыс рудаларының аса мол кеніші бар дегенге ешкімнің сенгісі келмеді. Көп адамдар ағылшындардың болжауына сүйеніп, күмәндана бастарын шайқады, терең қабаттардан барлау скважинасын бұрғылауға рұқсат бермеді. Сәтбаев не де болса тәуекелге бел буып, өз жорамалының дұрыстығына жаңа дәлеледер тауып отырды.



«Үлкен Жезқазғанды» барлау ісі баяу ілгеріледі, адам керек болды. Қабілетті қазақ жігіттері мен қыздарын Ленинградқа курсқа жіберілді, сөйтіп, бір жылдан кейін-ақ шағын да болса күшті, іскер коллектив пайда болды».

Жергілікті халықты бұрғылау ісіне үйретті. Құрылыс салуға құрал-жабдық жоқ. Оны жеткізетін темір жол атымен жоқ, бары бұл жерден 500 шықырымда жатыр. Мәшинеге де жол жоқ. Не істемек, толып жатқан «жоқ, жоқ». Амалдары рудниктер мен байыту фабрикаларының айналасына кигіз үйлер тігіп, сонда тұрды. «Жоқтар» мен көптеген қиындықтарды жеңіп, ақырында, қаншама ғасыр жым-жырт жатқан Жезқазған айналасын дүрілдеген еңбек пен байлықтың отанына айналдырды. Баяғыда келіп, жез бен мысын түйемен тасыған шет ел байлары мен инженер-геологтары болжап кеткен межеден Қаныш Сәтбаев тапқан байлық 30! есеге артып кетті. Бұған жету үшін ол Жезқазғанды табаны күректей он бес жыл барлады, зеттеді, бар күш-қайратын, білімін жұмсады. Осы мәліметтен кейін «Жезге баймыз!» деп, дауыстары жер жарып жүрген Американдықтардың демі басылып, үні бәсеңдеп қалды. Ал, Қаныш болса өз ұлтының, қазақ халқының абыройын аспанға бір-ақ шығарды.

Манадан үнсіз отырып қалғанда жастық шағы, бақытты кездері ойына орала қалып, алаңсыз күндерге ала қашқан болар, кім білсін. Бірақ Қаныш бұның бәрін Шахмарданға айтуды жөн көрмеді де сөзін басқа бір тұстан жалғады:

--Қалқам Шахмардан, кен барлау жұмысы, геология ғылымы өте бір қызықты нәрсе. Кейінгі кезде теориямен ғана айналысатын геолог-ғалымдар арасында кен мамандығы—инженерлік мамандық деген пікір айтылып жүр. Бұған қосылу қиын. Бұл пікірді қолына қайла мен балғасын қатар ұстап, кен көзін іздемеген, кабинетте отырған ғалымсымақтар пікірі деп қабылдаймын. Егер білсең, аса көрнекті геологтар: Карпинский, Обручев, Федоров, Мушкетов, Заварицкийлер әуелде кен инженері болған адамдар. Кен ғылым комплексті ғылым, оның бір жағы жаратылыс тану ғылымына жатса, екінші жағы—техникалық ғылымға жатады. Осы тұсты сен де ұмытпа, қатар алып жүруді, меңгеруді ойла, ғылымға сені өзі бастап әкеледі. Ұстаздың ісін шәкір жалғамаса, ол да бір өлі дүние дағы.

Міне, айналайын, аз айтты не, көп айтты не, өзің іске араласқан күні бәрін де түсіне бастайсың. Жезқазғанда қалу қалмауыңды ертеңге дейін ойлан... жүр, дем алайық,--деп, әңгімесін бітіріп қонақ үйге беттеді. Шахмардан ғалым соңынан ерді.

Қаныш ағасының әңгімесін ыждахатты түрде тыңдады, тілегін де, артқан сенімін де түсінді. Ол ұзақ ойланған жоқ, «несі бар, қалсам қаламын! Қаныш ағаның өзі де осы жерден өскен жоқ па?! Практиканы, өмірді көру керек демеді ме. Оның үстіне ғұлама ғалымның өзі ұсыныс жасап, сенім білідіріп тұрғанда...» деді, өзіне өзі мақтаныш сезіммен. Тек ауылда, Тартоғайда қалған қарт әкесі мен шешесін ойлай берді. «Оларды көшіріп аламын осында!» Осы ойдың келуі мұң екен Шахмардан Жезқазғанда қалуға белді бекем буды.

Ертесін Шахмардан ертемен Қаныш Сәтбаев бөлмесіне барып, шешімін айтты.

Сөзін аяқ асты етпей, құлақ асқанына риза болған Қаныш ағасы: «Бір жыл істеп көр, болмаса Алматы қайда қашар дейсің...» деп, жұбатып, арқасынан қақты. Академик Сәтбаевта Алматының қызығын тауысып болмаған жастың қаңбағын жел қуған мына маң далада қалар ма екен, қалмас па екен деген бір үміт, бір күдіктің болғаны рас еді. Шахмарданның бұл шешіміне көңілі көтеріліп, жүзіне нұр ұялап қалды. Ол дереу Геология-барлау басқармасының бастығына «жұмысқа ал, далаға жібер...» деп, телефон соғып, нақтылы тапсырма беріп те тастады.

Содан, Шахмардан Сарыарқаға «атқосшы» болып келіп, отряд геологы атанып, Жезқазғанда қалып қойды.

(Бұл оқиғаны, өмірде осылай болғандығын Шахмарданның жары Кәмила апай айтып берді. Біз де оқырманға оқиға желісін өзгертпей беруді ойладық)

***

Қазақстанның географиалық картасына назар салсаңыз дәл жуан ортасында атжалданып жатқан адырлы аймақ Сарыарқа деп аталынады. Солтүстігі—Батыс-Сібір ойпатынан басталып, Оңтүстігі—Балқаш-Алакөл құйылымына дейін созылған, Шығысы Алтай, Сауыр, Тарбағатай сілемдерінен басталып, Батысы-Торғай жазығына дейін созылған алып жонды ертеден-ақ халқымыз Сарыарқа деп атаған». Сол Сарыарқаның бел баласы—Жезқазған, Жезді, Ұлытау.



Жезді ауданы Сарыарқаның батыс жақ шетін, Оңтүстік Шығысында жазық Бетпақдала шөліне, Оңтүстік-Батысы Арал маңындағы Қарақұмға ұласады. Аудан жерінде Сарысу, Сарыторғай, Қара торғай, Жыланшық, Қурайлы өзендері бар. Ауданның жері шөлді және шөлейтті келеді. Қызыл қоңыр және боз қызыл қоңыр топырақты келеді. Құпияның бәрі осы «қызыл топырақта».Ол жеті қат жер астында сан байлықтың жатқанының хабаршысы, белгісі. Ізде де, таба бер, ала бер.

Ұлытау! Атына заты сай деуге болады. Оның төскейі малға, жер асты кенге толы. Ұлытаудың өзі қазақ халқы үшін айрықша. Бұл үш жүздің басы қосылып, тұтастығына ұйтқы болған қасиетті жер. Ұлытаудың басына шығып байқастасаңыз соншалықты Ұлытау үлкен тау емес. Бар жоғы биіктігі теңіз деңгейінен 1134 метр ғана. Тау басынан төменге қарасаңыз төрт тарапқа төгіле аққан өзендерді көресіз, Терісаққан тасырлай ағып Есілге құяды, Оңтүстікке қарай керіле Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Сарысуға қосылады, Шығысқа қарай Жақсыкөң өзені, Батысқа қарай Қараторғай, Сарыторғай өзендері Торғай ойпатына барып құлайды. Осы бір көрініс Ұлытаудың ұлылығын ұлықтап-ақ тұр!

Ал, археологиялық және тарихи Ұлытау төңірегінде сонау-сонау бағзы замандарда қайнаған өмірдің, дамыған мәдениеттің болғанын бұлжытпай-ақ айтып береді.Тарихшылар жазғанындай, Ұлытауда алтын, күміс, мыс қорытылып, оны саудагерлер ұлы Жібек жолы арқылы Батыс пен Шығыс елдеріне саудалап отырған.

Адам санасынан тарихи оқиғалар еш өшпейтін болса, жер бетінен де ештеңе біржола жойылып кетпейді. Із қалады. Алтын, күміс, мыс қорытқан апандар мен шұқырлар белгісі бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Осы ізбен белгі талай-талай саяхатшылар мен археолог-ғалымдарды өзіне қызықтырды. Тіптен ХІХ ғасырда ит арқасы қияннан ағылшындар келіп, Ұлытауда мыс қорытып, қоржындап, түйемен еліне тасыпты.

Сол Ұлытау, Жезді, Жезқазған атын ХХ ғасырда әлемге танытқан ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев еді!

«...Сәтбаев Том Тау-кен технология институтын бітіріп, инженер-геолог атағын алған соң Атбасар түсті металл серіктігіне келіп, көп заман Қарсақбай заводында отырып геология зерттеу жұмысымен шұғылданады. Жезқазған, Ұлытау, Торғай, Атбасар, Есіл даласын емін-еркін кезіп, кен шығатын қазына қақпаларын іздейді. Сол зерттеудің нәтижесінде Ұлы Жезқазғанның байлығын анықтайды, топтаған кен орындарын ашады. Он бес, жиырма жыл ішінде Қаныш ашқан байлық қазыналары ертегімен бірдей. Ол байлықтың тізбесіне кіретін: алтын, күміс, жез, мыс, мырыш, қола, қорғасын, никель, кобальт, молибден, вольфрам, висмут, мышьяк, сүрме, теллур, сиркон, магнезит, ванадий, марганец, темір, титан... қысқасы осы күнгі өндірістің көркеюіне негіз болған химия элементтерінің барлығы бар.Ұлы Жезқазған, Ұлы Алтай өндіріс орындары, Қарағандыдағы темір балқытатын зауыт, Қарағанды-Ертіс каналы, бәрі-бәрінде Қанекеңнің еңбегі зор.

Қанышты Қазақстан ғылымының атасы деуге болады.»

Бұлай бағалап отырған, талай жылдар Сәтбаевпен қатарласа еңбек етіп, қазақ ғылымының іргесін бірге қаласқан академик Әлкей Марғұлан.

Академик Қаныш Сәтбаевтың жас Шахмарданға ағынан ақтарылып, «армандарым көп» деуінің сыры тереңде. Бұл жердің байлығы әлі мол. Соны табу керек. Сонда ғана ел экономикасы көтеріліп, халық тұрмысы жақсарады. Жеке бастың қамы емес, көптің мүддесі, түптеп келгенде өз елінің, өз халқының жағдайы ойландыратын. Ағалар ісін жалғастыратын жастар керек, шәкірт керек. Әрине, Сәтбаев шәкіртсіз емес, тіптен көп десе де болады. Нақ осы даланы, Жезқазған маңын зерттейтін, өзі бір кездері бастаған ісін жалғастыратын нағыз жанашыр шәкіртті іздейді.

Тану мен талғам деген де бір күрделі нәрсе. Табиғат берген таным көзің, тәжірибең, ерекше бір қабілет-қарымың болмаса бастаған ісіңді сеніп кез-келгенге сеніп бере алмайсың. «Болады» деген шәкіртің бордай тозып, «болмайды» дегенің өсіп, жақсы маман атанып шыға келгенде өз болжамыңнан өзіңнің ұялатын кезің де болады. Қанышта да мұндай сәттер болған. Бірақ, неге екені белгісіз, әйтеуір Шахмарданға бір бүйрегі бұрып, болашағынан үміт ететін. Көбіне-көп екеуі Тәңірбергеннің үйінде кездеседі. Жездесінің қонақтарын құрақ ұшып қарсы алып, дастархан басында тік тұрып қызмет көрсете жүріп үлкендердің әңгімесін зейін қоя тыңдайтын қасиеті де ұнайтын. Баяғыда геология факультетін таңдауына ықпал етсе, енді еңбек жолына да өзі бағыт-бағдар беріп отыр.

Қаныштай ағаның ақылын алған Шахмардан Ұлытау жаққа шыққалы жатқан экспедицияның отряд геологы болып кете барды. «Естінің сөзін есті ұғады» демей ме ұлы Абай. Шахмарданның Қаныштай ғұлама ғалымның ұсыныс-тілегін тыңдап, «ойланайын, ауылға барып келейін» деп, сөз бұйдаға салмай бірден бұрын көрмеген-білмеген Жезқазғанда қалуында шын мәнінде естілік, ер жеткендік, бәрінен бұрын Қаныштай ел азаматына деген үлкен құрмет жатыр еді. Бізді сүйсінтетін осы шешім, осы мәрттік!

Аға тілін алған геолог-барлаушы Шахмардан алдынан қызық өмір басталды. Айнала толған тастар. Кәдімгі, бірі қара, бірі сарғыл, енді бірі қызғыл түсті тас. Бірақ ол геологтар үшін жәй тас емес, сыры нәзік, құпиясы терең тастар екен. Анау, бедірейіп тұрған, айғайласаң сені мазақ еткендей, өз дауысыңды өзіңе қайтарып жіберетін жар қабақтарды айтсаңшы. Бір қабаты қызыл, бір қабаты сары, енді бір тұсы қап-қара...былайғы көзге түк емес. Ал, геологтар үшін толып жатқан теория, құпиясы көп тылсым дүние. Айтып тауыса алмайтын білім мен ғылым, сосын—байлық!

Сол қызыққа—барлаушы қызметіне кірісіп кеткен Шахмардан екі айдың қалай өтіп кеткенін де білмей қалыпты. Басқа да тіршіліктің бар екені, ауылда әке мен анасының «балам диплом алып келеді» деп күтіп отырғаны ойына оралды. Енді ауылға асықты. Бастығына барып жағдайды айтып, қыстық киімдерін әкелмек болып, оншақты күн демалыс алды. Алматыға жетті, ертеңіне-ақ апасы Аяш екеуі Шиеліге пойызбен шығып кетті. Апасы Аяштың да туған жерге келмегеніне көп болған, талай нәрсе өзгеріп, тіршілік басқа бір түрге енгенін байқады. Ол аз күн болған соң Алматыға қайтып кетті де, Шахмардан ауылда қалды. Әке мен анасының қуанышында шек жоқ. Жалғыз ұлдарының адам болғанын көріп қуануда. Тек әкесі Жорабек қана салқын. Мүмкін күткені ауылға келіп үйленіп, немере сүйіп, өздеріне сүйеніш болатын болар деп үміттенген болар. Бар ата мен ананың басты мақсаты да осы емес пе?!

Келгелі бері Шахмардан да әке қабағының салқын сызын сезіп жүр, себебін де біледі. Сондықтан да «Әке, Жезқазғанға көшейік!» дегенді айтатын ұрымтал тұсты таба алмай қиналуда. Не керек бір күні айтты-да. Әкесі Жорабек тура осы сөзді күткендей, жауабын дайындап отырғандай, бірден: «Көшейік, көшейік! Ең бірінші ол үшін сен анау Оқшы мазарында жатқан ата-бабамды көшір, сосын мен де көшемін!» деді, тік қарап. Сосын, мұныма не дер екен дегендей бетіне қарап үнсіз біраз отырды. Әкесінің мінезін білетін Шахмардан жауап айтуға әуреленбеді. Жаңағы зілдене айтқан сөзінде бар жауабы тұрған жоқ па. Шахмардан көнбейтін мінезді көрген соң үндемей құтылуға көшті.

Ағайын-туғаннан жас адамның ажырауы оңай. Бірақ ол да есейген соң неге екені белгісіз, ат айналып қазығын тауып, сол ағайынды іздей бастайды. Ал, қартайған адамның туған жерден, ағайыннан ажырауы –жұртта қалған бұралқы иттің өмірімен бірдей, ішінде бір нәрсе ұлиды да отырады. Басқаларды білмеймін, қазақ үшін дәл осылай!

Үнсіздікті көп ұзамай Жорабектің өзі бұзды. Баласын көп қинағысы келмеген болуы керек.

--Айналайын, Шахабас! Сенің әкең ауылдағы оқымаған жаман шал емес, бізді тастап қайда барасың деп етегіңе жармасатын. Кен іздеп, байлық тауып, елімді-жерімді көгертсем деген ниетіңе қуанамын мен сенің. Біз де жас болдық, үлкен-үлкен армандар бізде де болған. Бірақ біз өмір сүрген, нағыз жұмыс істеп, жұлқынып тұрған кезіміз бір бітпейтін аласапыран соғыстарға тура келді, жастығымыз жаумен жағаласумен, жаңа қоғам орнатамыз деумен бітті. Бізде тұрақты, тыныш өмір болмады. Енді сендерге өмір берсін. Өткенде Алматыға барғанда көрдім, шырағым, «жақсыдан- шарапат!» дейді халық, үлкен ел сыйлаған ағаларыңның пайдасы тиіп, жақсы атың шығып жүрсе болды бізге. Бізге алаңдама, тек мына шешең болмаса... үй шаруасы деген бітпейтін бір митың жұмыс қой, қыңқылдап қояды келін болса деп... Сенің ақылың менде емес, менің ақылым сенде емес. Жүрген жеріңде Алла амандығын беріп, абыройлы етсе болды, бізге..

Осымен көшу-қону әңгімесі бітті. Жезқазғанға қайтатын күні таяп, Қызылордадағы жиен әпкесі Күлпатшаның үйіне келді. Бірер күн осында аялдап, мұндағы туыстарды аралап, үлкендерге сәлем берді. Бір күні әпкесінен:

- Әпке, көршінің үйінен бір қыз шығады күнде, ол кім,-деді Шахмардан.

-Ә, ол Жәмиланың сіңлісі ғой. Өзі бір пысық, зерек қыз. Педучилищені үздік бітіріп институтқа түсті биыл. Әкесі мен анасы жас кезінде қайтыс болып, әпкесі тәрбиелеп келеді.

Ниетін түсіне қойған Күлпатша бауыры Шахмарданның келгенін сылтауратып кешкісін көршілерін қонаққа шақыра қойды. Орта бойлы, бидай өңді, мойылдай қап-қара көзді, сұлу қыз Камила бірден Шахмарданға ұнап қалды. Танысты, ертеңіне киноға бірге барды, келесі күні қаланы қыдырды, сырласты. Қайтатын күні келсе де Шахмардан қайтпады, екі күнге кешікті. Ақыры екі жас хат жазысып тұратын болып, сөз байласты.

Шахмардан «әкесі мен анасын көшіріп аламын» деген арманының іске аспай қалғанына өкінбеді, оларды түсінді. «Бірер жыл қызмет істеп көрейін, болмаса қайтып келіп, қастарында болармын» деп, өз қабырғасымен кеңесіп қойды. Бәрінен бұрын Кәмиладай қызды кездестіріп, танысқанына қуанды. Сол қуаныштың соңында Шахмардан Жезқазғанға оралды. Ойына Камила жиі түседі. Жиі хат жазады, жауап күтеді. Хат алған күні Шахмарданнан бақытты адам жоқ. Өзімен бірге оқыған, тай құлындай тебісіп студенттік шақтарын бірге өткізіп, Жезқазғанға жолдамамен келген жолдастары: Темеш, Ғазиз, Далабай кейінгі кезде Шахмардан мінезінен өзгеріс сезіп жүрген-ді. Ақырында Темеш: «Осы сау емес, біреуге ғашық болып қалған!» десе, Далабай досы: «Көзі айтып тұр ғой, Мен ғашықпын!» деп, одан әрі ойларын өрбітіп, әзіл-қалжыңға ұластырып жібереді. Бұл сөз құлағына тиген Темештің жұбайы Ғазиза, Ғазиздың жұбайы Сара, Далабайдың жары Шара Шахмарданды ортаға алып, «аты кім, әдемі ме, қайда оқиды?»деп, айналдырады-ай келіп. Ынтықтырып, біраз уақыт айтпай жүрді де, ақырында Кәмила жайлы бәрін айтып берді. «Жезқазған жерінде дүркіретіп бір той жасайықшы, тездетіп үйленші!» деді, Ғазиздың жары Сара шын пейілмен. Бұл Шахмарданның да ойында жоқ емес, бірақ, Кәмилаға бірден қалай айтсын.

Көп жұмыс күтіп тұрды Шахмарданды. Келе салысымен тағы да экспедицияға кетті, одан тапқан тастарын зерттеп зертханада біраз отырды, қайта далаға кету, тау-тасты кезу... осылай тіршілік доңғалағы дөңгелей берді, дөңгелей берді. Күз бітіп, қыс та келді. Мұнда Шиелінің қысындай жұмсақ, жылы емес екен, ақ боран бір басталса үш-төр күнсіз тоқтамайды, дүниенің бәрін астан-кестеңін шығарып кәдімгідей долданады. Боранның соңы аязға ұласады. Қатты аяз болғанда сонау-сонау ұзақтағы Ай да құлақтанып, айбат көрсетіп тұрғандай көрінеді. «Қызық. Адам мінезі де табиғат-анаға қатты ұқсайды-ау. Бірде қатал, бірде сырбаз, бірде дархан...». Ойды ой қуалап Шахмардан Шиелідегі ата мен анасын есіне алды, қыз Кәмила келді көз алдына. Сағынғандай ма, қалай?! Ауылға аңсары ауды, барып қайтқысы келді. «Қаныш ағадан ұят болады!».

Жұмысбасты болып жүрген кезде қыстың бір суық күні «суық хабар» әкелді. «Әкең нашар жатыр» деген жеделхатты оқи салысымен жолға шықты. Геологтарға жағар-жанар май таситын машинамен зорға дегенде Қызылордаға, сосын Тартоғайға келсе шынында да әкесі хал үстінде екен. Шахмарданын, жарық дүниеден арттырған жалғыз ұлын күтіп жатты ма кім білісін, ол келісімен кешікпей қайтыс болды. Жетпіс екі жастан асқан шағында мына жарық дүниенің небір дүрбелеңі мен аласапыранын көріп, ащысын көптеу, тәттісінің де дәмін татып көз жұмды. Асқар тауы-- әкесін Шахмардан өз қолымен ақ жуып, арулап қойды, перзенттік парызын орындады.

Қайтар кезде Қызылордаға келіп Кәмилаға жолығып, әкесінің дүниеден өткенін, анасының жалғыз қалғанын қинала айтып, үйленіп, үй болайық дегенді жақауратып көріп еді, Кәмила: «оқуымды бітірмей тұрмысқа шыға алмаймын...» деді, үзілді-кесілді. Ұнатып, жақсы көріп тұрған адамына қалай өктемдік жасасын, Шахмардан бұған көнді, бір-бірін күтуге уәде беріп, қоштасты. Екі жастың бір-біріне деген сағынышы мен нәзік сезімдерін жеткізуге асыққан көк конвертті сәлем-хаттар арада екі жыл жүрді.

***


Сол бір жылдардың қызық бір оқиғасын Шахмарданның өзі былайша баяндайды:

--...Жезқазғанда геологиялық-барлау экспедициясында мамандығыма байланысты геолог, соңынан бас геолог болып қызмет атқардым. Бұл жылдар мен үшін кәсібіи мамандығыма қоса халқымыздың тарихына куә болған Ұлытау өңірінің елі, халқымен жақын таныстым. Көнекөз қарялармен сөйлестім, қызықты әңгімелер болса қағазға түртіп қоюды да ұмытпадым. Сондай бір кездескен қариям Асан деген ақсақал болды. Жасының ұлғайғанына қарамастан ұзақ жыл шаруашылықтың жылқысын бағып, балаларына бас көз болып, өңірдегі қонақжай, еліне қадірменді қария еді.

Үйленбеген кезім, апам екеуміз тұрамыз. Қол боста Асан ақсақалдың үйіне барып, әңгіме –дүкен құрып, бір сергіп қайтқанды екеуміз де ұнатамыз. Біздің экспедицияның жігіттерімен де жақсы болды. Аң аулап, олжалы болса Асан ақсақалмен бөлісуді ұмытпайтын. Үлкен бір сыйластықта болдық.

Күзгі уақыт болатын. Бір күні кештетіп үйге келсем апам көңілді, қазан қайнап жатыр. Жас жылқы етінің иісі мұрынды жарады. Апам:

-Шешін, тамақ та дайын болып қалды,-деп, бәйек болуда.

-Апа, бұл ет қайдан келді?-деп сұрадым.

Апам экспедицияның жігіттері жарты қой мен жылқының етін әкеліп беріп кеткенін айтты.

Мен ойланып отырдым да, бір түсініксіз жәйттің болғанын аңғардым. Күн жексенбі болғандықтан жігіттердің аңға шыққанын білемін...

Мен тездетіп киіндім де кеңсеге барып, барлық аңға шыққан жігіттерді жинап алып, не болғанын сұрадым. Олар қараңғы түнде байқамай бір жылқыны киік деп атып алыпты. Далаға тастап кетпейді ғой, ақылдаса келіп, иесін тауып, құнын беретін болып, етін бөліп алады ғой баяғы. Маған да өз үлесімді беріпті.

Жігіттерге біраз ренжіп, ұят жасағандықтарын саналарына жеткізіп, жылқының құнын жинап, «аңшыларды» алып Асан ақсақалға кешірім сұрауға келдік. Ақсақал ойында түк жоқ, ақ көңілімен аңқылдап қарсы алып жатыр. Сол екі ортада әйелі қазан да көтеріп қойыпты.

Бірден қылмысымызды айта алмай ақсақалмен біраз әдеттегідей әңгіме шерттік. Осы өңірдің шежіресін сұрап, тағы да талай тарихтың басын қайырдық. Жағдайды, менің жігіттерім бұлдірген істі біледі-ау деп топшыладым. Тамақ ішіліп, ұрықсат сұрайтын кезде:

-Асеке, мына менің жігіттерім бір ұятты, атымызға кір келтіретін жұмыс жасапты. Сіздің бір жылқыңызды қараңғы түнде байқамай атып алыпты. Сол айыбымызды мойындап, кешірім сұрауға келіп отырмыз,-дедім.

Асекең ақсақалдығына сән берген шоқша сақалын тарамдап сыйпап отырып:

-Шахмардан шырағым, соны да әңгіме етіп отырсың ба? «Сырты түк, іші боқ» бір малда тұрған не бар? Сендер түздің арыстанысыңдар, халық игілігі үшін жасап жатқан еңбектерің білген адамға ұлан-ғайыр. Әдейі атпаған болар, бір жолға жігіттердің сағын сен де, мен де сындырмайық,- деп, осымен әңгімені доғарайық дегендей тіктеп маған бір қарады да,-- ал, інілерім, маған пұлдың қажеті жоқ. Сендер бердіңдер, мен алдым. Ескеріп, осынымыз жөнсіз болды-ау деп келгендеріңе тәуба, келмесеңдер не етер едім, рахмет!

Біздер мойнымыздан ауыр жүк түскендей қалашығымызға қайттық.

Бір апта өткен соң апам екеуміз Асекеңнің үйіне қайта бардық. Өзіне костюм, жеңгейге көйлек, балаларына да сыйлық алдық. Асекең баяғы қалпы, жарқырап қарсы алып, төріне шығарып жатыр.

Осылай талай жыл аралас-құраласта болдық.

Кейіннен біз Алматыға көштік, бірақ барыс-келісімізді үзген жоқпыз.»

***

Осы тұста біз әңгіме бағытын кері бұрып, басында сөз еткен жәйттерге кері оралмақпыз. Шахмарданның ата мен анасы, өзінің жеке басын әңгімеге арқау етпекпіз. Әйтпесе, кейіпкеріміз жұмыстан басқаны білмейтін, адами құндылықтары белгісіз біреу болып шығуы мүмкін. Онда біз әуелі Адам, сосын Азамат, кейіннен ғалым-академик Есенов Шахмардан шындығынан ауытқып, жалғандыққа ұрынамыз, оның толық «портретін» жасамаған боламыз...



Содан, келер—1951 жылы әкесі Жорабектің асын өткізіп, ел-жұрттың ризалығын алып, Шахмардан анасы Шәрипаны Жезқазғанға көшіріп әкетті. Бар ана қайда барса да баласы қасында болса риза-ау. Сол сияқты Шәрипа ана да «бұл жер ұнамайды, туысқандарым алыста қалды, немесе, күні суық екен....» демей, жалғызы Шахмарданының соңынан еріп бұрын көрмеген-білмеген, туысты былай қойғанда жәй тамыр-танысы да жоқ елге ренжімей-ақ келді. Тәңертең баласын жұмысқа шығарып, кешкісін күтіп алып, тіршілік ете берді. Жақсыда жаттық жоқ, тез арада көрші-қолаңмен де танысып, қыпшақ рулы қайнаға- қайындарын, келіндерін тауып алды. «Қазақи дәстүр! Сен қандай жақсысың!» дегің келеді осындайда. Осылай адами араласудан, бірін-бірі құрмет тұтудан артық не бар екен?!

Ара-арасында Шахмарданның курстас достары Далабай, Темеш, Ғазиз, жұбайлары Шара, Ғазиза, Сара бала-шағаларымен келіп, үйдің ішін базар етіп, у-шуға бөлеп кетеді. Мұндайда Шәрипа апада ес қалмайды, барын солардың аузына тосып, осындай келін мен немерелердің осы шаңыраққа келуін ырымдап, бір жаратушыдан тілейді. Бәрінің арманы бір арман—осы үйге бір келін түсіріп, Шәрипа аналарын ыдыс-аяқтан босату. Жасы ұлғайған сайын бітпейтін үй шаруасы шаршатып, қажытып жүргенін бәрі де сезеді.

Не керек, 1952 жылдың жазы да келді. Бұл кезде Кәмила қыз Педагогика институтын бітіріп, тарих пәнінің мұғалімі атанған-ды. Демалыс алып Шахмардан анасы екеуі әуелі Шиеліге келді. Ондағы жақын-жуық ағайынмен ақылдасып, Қызылордаға шықты. Мақсаттары Кәмила қызға құда түсіп, Жезқазғанға ұзатып, алып қайту.

«Сексен жылқы, сегіз нар—жасаулы қыздың қалыңы...»- дейтін заман ба еді, ол бір. Соғыстан кейінгі жылдар, елдің қарыны енді-енді тойынып, киімінің әлі бүтінделе қоймаған кезі емес пе?! Кәмиланың әкесі мен анасы бір жылда, Кәмиланың он жасында қайтыс болып әпкесі Ақілгек тәрбиелеп-өсірді. Қатарынан кем етпеді. Енді сол әпкесі мен жездесі ел қатарлы көрші-қолаңның басын қосып, сол кездің жағдайына орай ұзату тойын жасап, көңілдері жарасқан екі жасты Жезқазғанға шығарып салды.

Ал, Жезқазғанда оларды достары асыға күтіп, келін түсірудің салтанатын сол кездің заманына лайықтап, «көрпеге қарай көсілген» той жасады. Жас келіннің беті ашылды, достары әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй тартып дегендейін, не керек бір қызықты жиын өткізді. Осылай Жезқазған өңіріне тағы бір жас отау шаңырақ көтеріп, уығын шаншып, керегесін керді...

Сүйіктісін қасына алып, көңілі жайланған Шахмардан геологиясына бар ынта-ықыласымен кірісті. Институтта оқығандай емес, мұнда мәселе күрделі екенін көрді. Өзіне дейінгі барлау барысын, анықталған кен байлықтарының шеті мен шекарасын байқастап қараса ол бүгінгі белгілі боп отырғаннан әлде қайда көп екен. Ғылыми зерттеулер, ара-жігін анықтайтын талдаулар жасады, өз ұстазы Қаныш Сәтбаев еңбектерін қайта қарап, сосын Н.Г.Кассин, М.А.Усов еңбектерін оқыды. Жұмыс барысында алдынан шешілуін күтіп тұрған талай проблемалар шықты. Ең әуелі Жезқазғанда белгілі болған кен байлықтарының таралу шекерасын қайта қарап, кеңейту керек болды. Шекараны кеңітсе бұрынғы анық болған кен байлығы 3-4 есеге көбейеді. Бұны игерсе ел ырысы да асады деген сөз.

Бір жолы іс сапармен Жезқазғанға келген Қаныш Сәтбаевқа көптен ойында жүрген идеясының шет жағасын айтып еді:

--Батыр-ау, мынауың мықты дүние ғой. Тездетіп картасын сыз, дәлелдеріңді мықта. Мәскеудің кірпияз ғалымдары мен академиктері, геологтары алдында бұны дәлелдеу керек, мойындату қажет.. –деп, шын қуанғаннан қауқылдап қалды.

--Жобасын сызып қойғанбыз, дәлелдеріміз де мықты. Сізбен ақылдасып алайық деп... жөн-жобасын қарап берсеңіз,--деп, дайындап отырған карта жобасын ғалым алдына жая қойды. Қаныш, Шахмардан және бір топ геолог, бәрі жайылған картаға төне түсіп, шұқшия қарап тұрды...

--Біз сызған картадан мынау, әрине, ауқымды. Біздер оны қашан жасадық, отызыншы жылдардың ішінде ғой деймін. Одан бері қаншама кен орындары табылып, ауқымы кеңейіп кетті емес пе?! Дұрыс, дұрыс. Мыналарың мықты жаңалық болғалы тұр. Тек бұған Мәскеулік ғалымдардың, басшылардың көзін жеткізу керек. Шахмардан, мен Алматыға барысымен тиісті мекеме, министрліктерге хат жазамын, ақылдасамын, келіңдер деп жатса дайын бол,--деді Сәтбаев Шахмарданға қарап.

--Әрине, дайын боламыз. Бүгіннен бастап дайындыққа крісеміз,-- деп, әріптестеріне қарап қойды Шахмардан. Сәтбаев қолға алса жақсы нәтижемен бітетініне сенімді адамдай нық сөйлеп. Ал, Сәтбаев болса шын мәнінде жас Шахмарданның белсенді, ізденгіш талабына іштей сүйсынып тұр еді.

Кез келген жаңалықтың бірден өмірге, ғылым «орбитасына» түсе қоймайтыны, түрлі кедергілер мен қарсылықтар болатыны заңды нәрсе. Алматыға келісімен Сәтбаев Мәскеудегі тиісті министрліктер мен Ғылым Академиясына, жаңа идеяның мәні мен мазмұнын түсіндіріп хат жазды. Бір-екі академикпен де сөйлесті. Кешікпей әбден жаттанда болған: «келсін, дәлелдесін» деген, тілдей жауап та келді. Оның артынан «тез жетсін, кезегі келіп тұрған жиында тыңдап көрейік» деген телеграмма да келді. Бұл кезде Шахмардан қаладан екі жүз шақырым қашықтықта экспедицияда жүрген. «Самолетке үлгерсін!» деген қосымша хабар тағы келді. Мәскеуге Жезқазғаннан самолет аптасына бір-ақ рет ұшады. Амал жоқ, жету керек. Ыңыранған «Газ-51» мәшинесімен 200 шақырымды алты-жеті сағат жүріп, зорға дегенде қалаға да жетті. Жол-жөнекей конторға кіріп қағаздарын, жол қаражатын алып ұшқалы тұрған самолетке әрең үлгерді. Үйге соғып, киім ауыстыруға уақыт қалмады, бірақ Шахмардан оған режи қойған жоқ. Ең бастысы самолетке үлгергеніне қуанды. Аяқтағы керзі етіктің шаңын қағып, шалбардың балағын қонышына тығып, үстіндегі фуфайкасын қаусыра түймелеп, Кеңестер Одағының астанасы Мәскеуге келді. Сенсеңіз де сенбесеңіз де Шахмардан шындығы осы. Әрине, дәл бүгін бұған сену қиын...

Ертеңіне осы түр-тұрпатымен Ғылым Академиясы мен Геология министрлігі өткізіп жатқан жиналысқа келді. Соғыстан кейінгі жылдар ғой, алтынға оранып, күміске көміліп жүрген ешкім жоқ, бірақ, тап-таза, тап-тұйнақтай ғалымдар ортасы. Керзі етік, фуфайкамен жүрген кешкім жоқ. Шахмарданға қарап: «қайдан келген азият?» дегендей таңдана қарайды. Ығатын Шахмардан емес, алшаңдап басып, шалқақ жүр. Ойында мына отырған тәкаппар ойшыл-ғалымдарға жаңалығын жайып салып, идеясын мойындату. Ойын жинақтап, тұжырымын пысықтап қояды.

Дабыр-дұбыр басылып, жиын басталып та кетті. Мәселе көп, сөйлеушілер одан да көп. Кезек Есенов Шахмарданға келді. Бір кезде иығы қақпақтай, алып тұлғалы, ақсары жігіт трибунаға көтерілді. Көп адамға бұл көрініс ұнамады, әрине, киім киісі. Түйелі қойшыдай өңкиіп шыға келгенде кейбір жеңілтек мінезділер жырқылдап күліп те жатты. Шахмардан олардың мысқылына пысқырған да жоқ, өз жөнімен, аспай-саспай сабырмен сөзін бастады.

Орыс тілін өз мәйегінде, ешқандай бұрмалап, бұлтыңға салмай тап-таза сөйлей жөнелгенде зал бірден тына қады. Әуелі Қазақстан жеріндегі кен байлығына қысқаша тоқталып қана негізгі айтпағына көшті. Кен байлықтарын түсіріп келген картасын іліп, қайссы қалай орналасқан, қай қабатта қалай жатыр, шегара-шеті қайда... дегендерді айта келіп, өндіру үшін кешенді түрде қазу керектігін, бір біріне араласа, қапталдаса орналасқан кенді ажыратып алу маңызды екенін баса айтты. Сонда өнім 3-4 есеге өсетінін нықтап, нығырлап, міндеттілерге діттеп айтты. Мамандар мен ғалымдарға жаңа идея ұнаған спетті. Тырп етпей тыңдауларына қарағанда үміт бар, ишаралары соған саяды. Сөзінің соңын Шахмардан:

Науки юношей питают,

Отраду старым подают,

В счастливой жизни украшают,

В несчастный случай берегут;

В домашних трудностях утеха

И в дальних странствах не помеха.

Науки пользуют везде:

Среди народов и в пустыне,

В градском шуму и наедине,

В покое сладки и в труде...-деп, бітірді.

«Бұны мен емес, ұлы Ломоносов айтқан» деді трибунадан түсіп бара жатып. Сол-ақ екен зал іші дүр ете түсті. Қол соғылып жатыр. Зиялы қауым, ғылыми орта бір сөзбен айтқанда жас жігіттің талабына да, талантына да тәнті болды. Қол соғуларын тоқтатпай қойған соң жиналысты жүргізіп отырған адам: «тоқтаңыздар, тоқтаңыздар, концертте отырған жоқсыздар ғой, бұл ғылыми кеңес!» деп, әрең дегенде дамылдатты. Ақырында, Есенов Шахмарданның бұл ғылыми жаңалығы Мәскеу ғалымдарынан қолдау тауып, Жезқазған кенінің «жаңа картасы» жасалатын болды. Жасалынды да. Бұл жаңалық «Жезқазған типтес кен орындары», «Жезқазған әдісі» аталынып, барша Кеңестер Одағында геология ғылымының айналымына түсті.

Геолог-барлаушы, инженер жас Шахмарданның Жезқазған жеріндегі алғашқы үлкен жетістіктері мен жеңістері, міне, осылай басталып еді...

Жезқазғанда алғаш рет жер қойнында жатқан байлықты бұрынғы таптаурын болған әдіспен емес, ендігі жерде жаңа технологиялық әдіс-бұрғылауды бір-біріне қапталдата орнатып, бұрынғыдай біреу-екеу мұнара емес, қатар-қатар кен мұнарасын тұрғызып, байлықты түптеп, ауқымын кеңейтіп іздеуді қолға алды. Бұл өте тиімді әдіс болып, кен байлығын өндіру Жезқазған жерінде жедел өсті. Нәтижесінде


Каталог: uploads -> files
files -> Гүлсім Оразалықызы оржановтар әулеті қазақ МҰнайының ардақтылары «Қазақ мұнайының ардақтылары»
files -> Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер
files -> Конкурса научных работ среди школьников «turan-junior-2016» Секция «Физика, техника, науки о земле и космосе»
files -> «Қазақ мұнайының а р дақтылары»
files -> Ізтілеуова салтанат далбайқызы
files -> Махамбет қай жылы туғАН? Тұрлыбай Бақыт Серікқызы
files -> ҚазақТЫҢ хас батыры -аттила (еділ батыр)
files -> Формы и методы подготовки учащихся к итоговой аттестации по обществознанию


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет