Шахмардан есенов


Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы



бет6/21
Дата04.11.2016
өлшемі5,66 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы

Жолдас Д.А. Қонаевқа
«1959 жылдың мамыр айында Гурьев қаласында геология-барлау жұмыстарының қарқыны мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ Батыс Қазақстанда мұнай кен орындарын іздеу мен өндіру мәселелеріне арналған 1-ғылыми-техникалық конференция болып өтті. Бұл конференцияның жұмысына Кеңес Одағының және біздің Республиканың мұнай бойынша жетекші ғалымдары, КСРО геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің қызметкерлері қатысты. Конференция Каспий ойпаты мен Маңғыстау аудандарындағы мұнай және газдың бойынша геологиялық-барлау жұмыстарының негізгібағыттарын анықтады. Конференциядан кейінгі екі жылда Прорвы, Борлықұл, Жетібай, Өзен сияқты мұнай мен газдың ірі кен орындары ашылды. Көптеген геологтар мен ғалымдардың анықтаулары бойынша осы және жақын жатқан құрылымдардағы мұнайдың алдын-ала анықталған қоры екі миллиард тоннаға дейін, газ бойынша – бір жарым триллион кубометрден астам көлемді құрайды.

Мұнай мен газдың осыншама ірі қорларының болуы Каспий ойпатының оңтүстік-шығыс жағалауы мен Оңтүстік Маңғыстауды біздің елдегі келешегі зор аудандардың қтарына жатқызуға негіз береді. Партияның облыстық комитетінің пікірінше бірінші конференциядан кейінгі екі жылдық жұмыстың қорытындыларын жинақтау жәнебұл аудандардағы геология-барлау жұмыстарының бұдан арғы бағыттарын анықтау, мұнай кен орындарын ұтымды пайдалану және бұрынырақ ашылған мұнай және газ кен орындарын үдемелі игеру шараларын қолға алу істері пісіп-жетілді.

Көрсетілген мәселелерді және жаңа ашылған мұнай-газ кен орындарының көкейкесті проблемаларына байланысты КСРО геология және жер қойнауын қорғау Министрлігінің, Қазақ ССР-ы геология министрлігінің, Қазақ ССР-ы Ғылым Академиясының, Мәскеу және Ленинград қ.қ. геологиялық-барлау және мұнай ғылыми-зерттеу институттары қызметкерлерінің, Батыс Қазақстан Халық шаруашылығы Кеңестерінің инженерлік-техникалық және геологиялық-барлау қызметкерлерінің қатысуымен ІІ-ғылыми-техникалық конференцияны шақыру қажет деп санаймыз.
Конференцияның күн тәртібіне келесі мәселелерді ұсынамыз:


  1. Оңтүстік Маңғыстау және Каспий ойпатының Оңтүстік-Шығыс жағалауындағы геологиялық-іздеу және барлау жұмыстарының бас жобасы.

  2. Жетібай және Өзен кен орындары горизонттарын мейлінше барлау және сынақтан өткізу жүйесінің жан-жақты жобасы.

  3. Оңтүстік Маңғыстау жағдайындағы геология-іздеу және барлау жұмыстарының ұтымды кешені.

  4. Оңтүстік Маңғыстау және Каспий ойпатының оңтүстік шығыс жағалауының С1 және С2 категориялары бойынша барланған қорын есептеу қорытындылары.

  5. Батыс Қазақстанның жаңа мұнай және газ аудандарын игеру мен орнықтырудың бас жоспары.

  6. Оңтүстік Маңғыстаудағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспары

Партияның облыстық комитеті Қазақстан Коммунистік партиясы

Орталық комитетінен мұнай және газ мәселелері бойынша 1962 жылдың мамыр айында Гурьев қаласында ІІ-ғылыми-техникалық конференцияны шақыру туралы шешім қабылдауды сұрайды.

Қазақстан КП ОК бюросының ІІ-ғылыми-техникалық конференцияны шақыру туралы Қаулысының жобасы қоса беріледі.


Қазақстан КП

Гурьев обкомының

Бірінші хатшысы Н. Оңдасынов
(қ. 708, 34. І. 206. б. 154-155)
***

Қазақстан КП ОК бюросының 1961 жылғы қарашадағы

Қаулысы
«Батыс Қазақстандағы мұнай және газ мәселелері бойынша ІІ-ғылыми-

техникалық конференция өткізу туралы».
Қазақстан КП ОК бюросы 1959 ж. мамыр айында Гурьев қ. өткізілген Батыс Қазақстандағы геологиялық-барлау жұмыстарының тиімділігі мен мұнай кен орындарын ұтымды пайдалануға арналған конференция Каспий ойпаты мен Маңғыстау аудандарындағы мұнай мен газға геологиялық-барлау жұмыстарының негізгі бағыттарын анықтағанын атап өтеді. Нәтижесінде геологиялық-барлау ұйымдарының күшімен екі жылда Прорва, Боранқұл, Жетібай және Өзен сияқты мұнай мен газдың ірі кен орындары ашылды.

Геологиялық-барлау жұмыстарын одан әрі ұтымды жүргізу және жеделдету, әрі ашылған кен орындарын игеру мақсатындағы Қазақстан КП ОК
Қаулысы:

  1. Қазақ ССР Геология және Жер қойнауын Қорғау Министрлігіне, Қазақ ССР-ы Ғылым Академиясына, Қазақстан КП Гурьев обкомына, Гурьев Халық Шаруашылығы Кеңесіне КСРО Гиология және жер қойнауын қорғау Министрлігімен бірлесе отырып тиісті ғылыми-зерттеу және геологиялық-барлау мұнай-газ институттарының қатысуымен 1962 ж. мамыр айында Гурьев қаласында ІІ- ғылыми-техникалық конференция шақыруға рұқсат етілсін.

  2. Конференцияны даярлау және өткізу үшін келесі кұрамда комиссия құрылсын:

  1. Есенов – Қазақ ССР Геология және жер қойнауын қорғау министрі—төраға

  2. Өтебаев С.У. – Гурьев Халық шаруашылығы Кеңесінің төрағасы

  3. Борукаев – Қазақ ССР-ы Ғылым Аадемиясының академигі

  4. Сәдуақасов – Қазақ ССР-ы КП ОК өнеркәсіп, транспорт бөлім меңгерушісінің орынбасары

  5. Исенов – Қазақстан Халық шаруашылығы Кеңесінің жанар-жағар май басқармасының бастығы

  6. Дьяченко – Қазақстан КП Гурьев обкомының хатшысы

  7. Иванов – Батыс Қазақстан геологияляқ басқармасының бастығы




  1. Конференцияға қатысу үшін бағдарлама мен ұйымдастыру жоспарын талдап жасау комиссияға жүктелсін.


Қазақстан КП ОК хатшысы Қонаев Д.А.

(қ. 708, іс.34, бет. 159.)
***

Конференция бағдарламасы
КСРО Г.М. және Қазақ ССР-ы Г.М. және Қазақ ССР-ы Ғылым Академиясы Маңғыстау және оған сабақтас аудандардың минералды-шикізат ресурстарын кешенді зерттеу және игерумен Байланысты проблемаларға арналған

1. Маңғыстаудың минералды байлығы және оларды халық шаруашылығына жарату мәселелері:

КСРО геология жер қойнауын қорғау министрі –П.Я. Антропов

Қазақ ССР-ы Геология және жер қойнауын қорғау министрі- Ш.Е. Есенов

2. Маңғыстаудың құрылымдық-техникалық жағдайы және оның тереңдік құрылымы:

КСРО Ғ.А.Г.И. –акад. А.Л. Яншин,

3. Маңғыстаудың геологиялық құрылымы және мұнай-газ қоры. Маңғыстаудағы мұнай мен газдың өнеркәсіптік қоры және перспективасын үдемелі айқындау бағдарламасы:

ВИИГРИ – Дьяков. Б.Ф.

ЭКГУ – Имашев Н.У...

Баяндамашылар осылай жалғаса береді.

***

Конференцияда басты баяндаманы СССР Геология және жер қойнауын қорғау министрі –П.Я. Антропов, Қазақ ССР-ы Геология және жер қойнауын қорғау министрі- Ш.Е. Есенов, қысқасы, бас-аяғы отызға жуық ғалымдар мен мұнай мамандары сөз сөйледі, (олардың тізімін қысқартып беріп отырмыз) ойларын ортаға салып, тың пікірлер мен ұсыныстар айтылды.

Қалай да қалай, бұл конференция Ембі мұнай өнеркәсібінің тағы бір белеске көтерілуіне дем берді.

Ал, жас министр Шахмардан Есенов үшін бұл бас қосу ерекше болды. Бұған дейін оны тәжрибелі геолог-инженер, барлаушы ретінде танып келсе, бұл жолы нағыз ұтқыр ұйымдастырушы, іскер министр екенін танытты. Бұрынғы беделіне бедел қосылып, ел құрметіне бөленді. Орталық Геология минстрлігінде, Мәскеу, Алматы партия, Үкімет басшылары алдында Ш.Есенов абыройы арта түсті. Әсіресе, атақты геология ғылымының білгірі, академик А.Л.Яншиннің жас Шахмарданды қолдап, қолпаштап сөйлеген сөзі оның абыройын асқақтатып жіберді десе де болады. Өмір бойы Батыс Қазақстанның кен байлықтарын зерттеп, оның құрылымы мен сипатын жақсы білетін мәскеулік академик ғылыми конференцияда басты баяндамашылардың бірі болды. Ол Маңғыстау мұнайының тереңдік құрылымына, оған жету мен алудың жолдарын баяндай келіп, жаңа техникалар мен жабдықтарды қолдану керектігін баса айтты. Баяндамасы өте терең, маңызды болды. Атағы Одақтан асып шет елдерге де мәлім атақты академик сөзін қортындылай келіп:

«-- Мен министр Есеновті білмеймін,--деді бірден. Мына шал не бүлдірейін деп тұр дегендей жұрт елең ете қалды. Ол сөзін жалғап,- Менің есімде, осыдан оншақты жыл бұрын аяғында керзі етігі, үстінде фуфайкасы бар бір жас жігіт Жезқазғаннан Мәскеуге келді. Ол өзін менсініңкіремей отырған мәскеулік маңғаз ғалымдарды орыс тілін жатық білетіндігімен, геология саласындағы жаңа ойларымен таң қалдырып кеткені бар–ды. Міне, мен тұлғасы биік, өңі сұлу, «мен боламын!» деп, жанарынан ұшқын атып тұрған 26 жастағы жас Шахмарданды сол кезден танимын! Ал, бүгін сол жастың «Министр Шахмардан Есенов!» атанып, мынадай маңызды жиын өткізіп жатқанын көріп шын қуанып тұрмын. Бұл менің Шахмардан үшін екінші рет қуана тұрып, қол соғуым! Талантты тани білу де талант, сондықтан Қазақстан басшыларына рахметімді айтамын! Осындай дарынды жастарды өсіргеніміз дұрыс. Мына біз сияқты, миы кепкен шалдардан енді ештеңе шықпайды, кедергі жасағаннан басқа...сондықтан, осындай жастарға, Есеновке сәттілік тілейік!—деді, сөзінің соңын қалжыңға ұластырып. Академиктің сөзіне риза болған залдағылар дүр етіп қол соғып жіберді. Мұндайда Шахмардан қалыс қалсын ба, дүрліккен елді әрең басып:

-Александр Леонидович, ұлы Ломоносов Елизавета патшайымның таққа отыруына орай жазған одасында:



...Науки юнашей питают,

Отраду старым подают,

В счастливой жизни украшают,

В несчастый случай берегут..,

-деген еді. Ал, егер «кепкен мидан» манағы айтқан жаңалықтарыңыз шығып жатса ауыстыруға болады,--деді. Жиналыстың аты жиналыс, бір сарында өтіп жатқандықтан да осындай бір желпіністі қажет етіп отырған көпшілік көңілі Шахмардан жауабынан кейін шарықтап кетті. Мәз болып, қол соғып, арқа-жарқа болып қалысты. Ғұлама ғалым Яншин Шахмарданның қолын қысып, арқасынан қақты. Осы кезден бастап екі ғалымның арасындағы ресми қарым-қатынас биік бір сатыға көтеріліп, үлкен адами достыққа ұласып кетіп еді. Қалған өмірлерінде үнемі олар тығыз қарым-қатынаста, аралас-құраласта болды. Оған біздің көзімізді жеткізген екеуінің бір-біріне жазысқан хаттары. Жұмыс барысындағы ресми хаттар да бар, достық пейілмен жазылған хаттар да көп. Олардың бәрі Академия мұрағатында қаттаулы, сол уақыттың тыныс-тіршілігін, ғылым мен ғалым өмірінен сырын шерткелі дайын-ақ тұр.

Не дегенмен, шалқар білім мен ғұлама ғалым адамның сөзінде бір құдіреттің барлығы анық. Қазақ мұндайда «жақсы сөз-- жарым ырыс» дейді. Даналық емес пе?! Ақсақал академик Яншиннің жақсы сөзінен кейін жас Шахмардан қанаттанып, алда тұрған көп істі, көп проблемаларды шешуге құлшына кірісіп еді.Ең бірінші ол мына мәселені шешті. Бар салмақ «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресіне түсіп тұрды. Сондықтан да министр Есенов Форт-Шевченко қаласына орналасқан тресті жаңадан ашылып жатқан кен орындарына жақын Ералиев поселкесіне көшіру керектігін ұсынды. Ақырында олар жоғарғы жақты бұған зорға дегенде көндірді, сосын көшірді.

Ия, бұның бәрін бүгін айтуға ғана оңай. Бар болғаны 33 жасар министр Шархмарданның, тікелей іске жауап беретін басшының орнына өзіңізді бір сағатқа қойып көріңізші. Қорқынышты! «Қазақстан Республикасы» деген аттың атағын аспандатуға да болады, «қазақтар мұнай өндіруді білмейді!» дегізіп, ұятқа қалдыруға да болады. Жан-жақтан андыздап, Маңғыстаудың мол мұнайына көздері түсіп, көңілдері кетіп тұрғандарды сезді, олар сездірді. Сол-ақ екен ол «бар шаруаның басы-қасында өзім жүруім керек» деп, Алматыдан Маңғыстауға жиі келіп, мұнайшылар ортасында жатып, қос басында жиындар өткізіп, алдағы істерін жоспарлап отырды. Мақсат —сеніммен тапсырылған министр міндетін мінсіз атқару, өзін ұятқа, ел-жұрт несібесі—кен байлығын талан-таражға салдырмау болды.



Сол кездегі аз ғана ұлттық кадрдің бірі болып Өзен геологиялық барлау экспедициясына 1963 жылдың наурыз айында келіп, оператор-коллекторынан Бас геологқа дейін көтерілген Жылқайдаров Сайлаудың бүгінгі жасқа үлгі етіп ұсынуға болатын әңгімесі аз емес екен. Соның бірін бізге былайша баяндады:

«-- Шырағым, ол кездің ұшағының ұшысы да қызық. Алматыдан шыққан самолет жол-жөнекей біраз қалаларға қонып, жолаушылар алып, өлдім-талдым дегенде, он сағатта зорға Ақтауға жететінбіз. Сонда деймін-ау, Алматыдан аптасына екі-ақ рет ұшатын самолеттің бірімен министр Есенов келіп, апталап, айлап Жетібай мен Өзенде, дала қосында барлаушылар ортасында жататын. Барлаушы, бұрғышы, геологтар...не керек мамандардың басын жертөле жанына жинап, жиналыс өткізетін. Бұрын-соңды министрлердің бұлай жүргенін көрмеген халық Шахмарданның қарапайымдылығына, өз жұмысына деген жауапкершілігіне, мұнайшылар мен барлаушыларға деген құрметіне дән риза болды.

Әсіресе, Қазақстан Геология министрлігі 1963 жылдың қараша-желтоқсан айларында Өзенде барлау жұмыстарының қарқынды жүргізілуіне бар күшін салды. Жұмыстың әр саласына жауапты қызметкерлер, министрліктің басқарма бастықтары, барлауға септігі тиетін басқа экспедицияның мамандары түгелдей Өзеннен табылды. Ал, Геология минстрі Шахмардан Есеновтың өзі сол жылы Өзенде қыстады десем артық айтқандық емес. Ол барлау жұмыстарын өз қолына алып, басқарып, мұнай қоры МҚК-да бекітілгенше Өзеннен кетпей жұмысты ұйымдастырды, барлауға керекті жабдықтардың дер кезінде келуін қадағалады.

Есеновтің бітірген ең үлкен шаруасы —1963 жылдың соңына қарай Өзен кен орнында мұнай қорының мөлшері анықталып, КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы Мемлекеттік Қор Комиссиясына (МҚК) бар ақпарат, есеп-қисап түгелімен бекітуге тапсырылды. Бірақ, олардың бекітуін, жоғарғы Үкіметтің қаулы-қарарын күтіп отырмай-ақ мұнай өндіруді өзендіктер бастап жіберді. Ал, сол кездегі үрдіс бойынша «МҚК» кен орнының қор мөлшерін бекіткеннен соң ғана мұнайды өндіруге жолдама берілетін. Министр Есеновтің батылдығы, тіптен батырлығының арқасында қаулы-қарарды күтіп жатпай, іске кірісіп, мұнайды өндіре бастады. Қазір ойлап қарасам нағыз хас батырдың тірлігі екен ғой. Оның мұндай шешімге баруына себеп болған, өз-өзіне сенімді болуы және Өзен кен орнының мол мұнайы еді.

Содан, 1964 жылдың қаңтар айында Өзеннің мұнай қоры МҚК-да бекітілді. Қор мөлшері бойынша ол сол кезде КСРО-дағы ең үлкен деген үштікке кіріп еді. Осыдан кейін «Маңғыстаумұнайгаз» өндірістік бірлестігі құрылып, Өзеннің мол мұнайы игеруді шұғыл қолға алды. Бұл жерде Есеновтің елеулі еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды.

Тіптен, бұрын түбекте жатқан дүйім елге азық-түліктің түр-түрі толық жетпейтін. Ол келгелі тағамның, азық-түліктің түрі көбейіп, тіптен сонау субтропикалық алыс аймақтан келетін, «Марокко» деген жазуы бар апельсин мен мандарин жеп, қарық болғанымызды қайтерсіз. Бұның бәрі жаңа министрдің арқасы екенін, «ел құлағы-елу»- халық біліп жатты».

Мұнайдың мол қоры—мұнайшылардың жұмысын молайтты: мұнайдың өндірістік қорын анықтау және оны «Орталықта» бекіту, ол үшін терең барлап, бұрғылауды көбейту, материалдық-техникалық жабдықтауды жақсарту, өндіріс ашу, мұнайшылар қалашығын салу... не керек, басшыдан бастап барлаушыға дейін бастан асатын жұмысқа килікті. Өзенде сынақ жұмыстарының басы-қасында министр Ш.Есеновтің өзі жүрді. Ол қасына ұңғы сынақ басқармасының бас инженері М.Батырбаевты ертіп, сынақты тездету үшін мөлшерден артық жаңа техниканы іске қосып, ауаландыру (аэрированное) әдісін, гидромуфтаны өндірісте алғаш іске пайдаланды.Техникаларды жаңартты, көбейтті. Қысқасы, осы кезден бастап сан ғасыр ұйқыда жатқан Маңғыстау оянып, тіршілігі түрлене бастады.

Алайда, Маңғыстауда мұнайдың мол қорының табылуы көршілес түрікпен ағайынның қызғанышын тудырды. Қызғаныш оларды жәй жатқызбады. Мәкеуге, Орталық Комитет пен Геология министірлігіне сөз тасып, «қызыл су» жүргізді. Әсіресе, Есеновті қайраған есімі Одаққа белгілі мұнайшы Оружевтің: «Қазақстан мамандарының бұл іске шамасы келмейді. Маңғыстау мұнай игеруін Түркіменстанға беру керек» деген пікірі болды. Бұл сөз Қазақстан басшыларының, оның ішінде Есеновтің де намысына тиді. Сол-ақ екен, біраздан бері бір орында отырып, жайбарақаттыққа, салғырттылыққа салынып кеткен «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінің түгел бастықтарын, бас инженерлерін, бас есепшісін, өндірістік бастықтарын, Жетібай, Өзен экспедиция бастықтарын орнынан босатып, түбірімен өзгертті.

Жас министр Есеновтің Орталық Комитетке арқа сүйей тұрып осындай батыл шешімдерге барғаны мұнайшылар ортасын біраз дүрліктірді және қобалжытты. Бұл шешімді қолдағандармен қатар қарсы болғандар да аз болған жоқ. Өйткені орнынан түскен бастықтар да осал мамандар болмайтын. Мысалы, трест бастығы Х.Өзбекқалиев пен Бас инженер А.Қисметов сонау Атыраудағы жап-жақсы қызметтерін қимай-қимай қалдырып, партия жолдамасымен келген майталман мұнайшылар еді. Мұндай тосын шешімге Есенов амалсыздан барды. Трест басшыларының жайбарақаттылығы мен марғаулығы, жұмысты қобыратып жібергендері ұнамады. Оның үстіне Жетібай мен Өзен мұнайын қазақтар игере алмайды, оны басқаларға беру керек деген де сөздер жиі айтылып кетті. «Не істер екен? Бізді көмекке қашан шақырар екен?» деп, сынай қарап, құлақтарын түрік ұстап «көршілер» отыр.Тіптен бір кезде түркімендерді қойып не дейсің Қазақстан мұнайын әжірбайжандарға береді-мыс деген де сөздер таралды. Мүмкін олар алып қалар ма еді, өздерінде Қабақтың проблемасы туып, қарбаласып жатпағанда. Өйткені оларда мұнай өндірудің тәжірибесі түркімендерден көптеу болатын. «Ел намыс—ер намысы» демеуші ме еді қазақ. Қолда бар алтыннан айдың күні аманында айрылып қалса елдігіне, елдің ерлеріне сын емес пе?! Келер ұрпақ бетіне қалай қарамақ, бұл үшін олар алдында не деп ақталмақ. «Қолымыздан іс келмей қалды, кешіріңдер...» демек пе? Осындай ойлар оның намысын қозғап, ақырында тосын шешімдерге баруына итермеледі. Әрине, оның бұндай шешіміне алдын ала ақылдасқан өзіміздің Орталық Комитет те, Мәскеудегі Орталық Министрлік басшылары да құптаған болатын. Басты идея өзінен шықан соң іске асырған да өзі болды.



Осы ауыс-түйістің бел ортасында жүріп, трестің бас инженерлігіне министр Есенов тағайындауымен келген, ал, қазір зейнеткер, қазақ мұнайының ардагері Мырзағалиев Қамысбай сөзінен сол кездің шындығына көз жеткізгендей боламыз:

«...-1960 жылдың аяғында Өзенде газ бұрқасыны алынғаннан кейін, терең барлау жұмысы жолға қойылды. Барлау партиясы, экспедициясы ұйымдастырылды. Олардың басшысы К.Бурлаков, геолог, инженері Ж.Даутов, А.Д.Александров болды.

Кенорны ашылғаннан кейін 1962 жылдың жазында Өзенде геологиялық барлау экспедициясы құрылды. Экспедиция басшысына Д.Үсенов, бас инженерлігіне М.В.Власов, бас геологына Х.Махамбетов тағайындалды.

Барлау жұмыстары әртүрлі себептермен баяу жүргізілді. 1963 жылы министр Есенов Өзен экспедициясы бастығына А.Ф.Шурандин, бас инженерлігіне С.Д.Саркисовты тағайындады.

Х.Өзбекқалиев, А.Хисметов Жетібай экспедициясын басқаруға, трест бастығына Л.А.Дмитров, бас инженерлігіне мені (Қ.Мырзағалиев) тағайындауға мәжбүр болды. Осындай тар шақ Өзен, Жетібай мұнай-газ қорларын есептеу кезінде, Орталықта Қазақстан мамандары кенорындарын игере алмайды, сондықтан Түркіменстанға беру керек деген пікір туған ды.

Қазақстан Ғылым Академия президенті Қ.Сәтбаев пен Геология министрі Ш.Есенов, геологтар: Н.Имашев, Б.Бисенғалиевтар дәлелді есептеулері арқасында, Мәскеу Орталық Комитетіне барып, Маңғыстауды Түркіменстанға беру тоқтатылған.

Шахмардан Есенов мұнай мен газ қорларын тез арада сапалы есептеп беру үшін Жетібай, Өзен, Оңтүстік Маңғыстау (Теңге) мұнай барлау экспедицияларын құрды.

Сауысқан, Қызылқұм, Түйесу жер асты теңіз суына ұңғы тұрғызып, қорын есептеп, мұнайшылар пайдалану үшін «Маңғыстаугидрогеология» экспедициясы құрылды.

Ералиевтен Ж.Салимгереев, Т.Лұқпанов, Тулин басқарған екі автокөлік мекемесі құрылып оған министр Шахмардан Есеновтің тікелей көмегінің арқасында оларға әскери бөлімнен тягач, кран, ауыр машиналар алып берді. Талдықорғаннан жүргізушілерімен бірге 200 машина келіп, барлаушыларға қызмет көрсетті. Форт-Шевченко, Ералиев, Жетібай, Өзен автобазалары құрылды. Бұрғы станогі көбейіп 45 қондырғыға жетті. Бұрғышы бригадалар Гурьев, Орал, Ақтөбе, Шымкенттен шақырылып, Жетібайда еңбек етті. Трестегі бұрғышылар бригадасының саны 35-ке жетті. Ол күнде 4500 адам жұмыс жасайтын, оның 230-ы инженер –техник болды.

Ш.Есенов 1963 жылдың басында Ералиевке трест қызметкерлерін жинап, жиналыс ашты. Әрқайсымыздан жұмыс жағдайын сұрады. Ол 1960 жылдан бастап, әсіресе, кен орындары ашылғаннан кейін, Маңғыстауға жиі қатынап, көшпелі коллегия өткізіп, министрлік қызметін барлау ісіне бағыштаған. Трест мамандарын дұрыс бағытқа сілтеген. Тресті Форт-Шевченкодан Ераливке көшіріп, болашақта жайлы болатын жерге қалашық салына бастаған. Кен орындарына жол қатынасы екі, екі жарым есеге қысқарды. Министр Есеновтің көңілі трест мамандарына көңілі толмады. Трестің, экспедицияның басшыларын, бөлім бастықтарын түгелдей орнынан алды. Тек бас геолог В.Токаревті орнында қалдырды, мені (Қ.Мырзағалиев) бас инженерлікке, трест бастығы орынбасарына Ж. Сәлімгереевті тағайындады.

Ал, Х.Өзбекқалиев Жетібай экспедициясын басқаруға ауысты. Қазақстан Коммунистік партия басшылығы тарапынан М.Исенов, Б.Сағынғалиев, Ә.Атшыбаев Маңғыстауда барлау мамандарын дұрыс орналастыруға араласты. Ш.Есенов ісіне Орталық риза болды, олар трест басшыларына тістерін қайрап жүретін. Оларға да ой тастап, мамандардың дұрыс орнын табуына көмектесті. Бір саты төмендеген мамандар іс тындыратын орта буынды толтырып, күшейтілді. Ш.Есенов тағайындаған мамандар оның сенімін ақтауға тырысты.»

Бас инженер Мырзағалиев Қамысбай айтып отырған Қазақстан мұнайын өндіруді Түркімендерге беру керек деген әңгіменің анық-қанығын сол кезде министрліктің Маңғыстаудағы өкілі, осы дау-дамайдың басы-қасында болған, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Құрманов Садуақас былайша баяндайды:



«-- Қазақ халқының біртуар ұлы, аты әйгілі геолог, мемлекет, қоғам қайраткері, ғалым, ұстаз, Шаһмардан Есенов аққан жұлдыздай, бас аяғы 15 жылға жетер - жетпес уақыт аренада жүрді. Жасайтындарын сол аз ғана уақыт ішінде жасап, болатындарын сол уақытта болып, алатындарын да сол уақытта алды.

1962 жылдың ақпан айында Шахаңды алғашқы рет Гурьев қаласында өткен Министрліктің көшпелі алқа мәжілісінен көрдік. Ол мәжіліске, Батыс Қазақстан геологиялық басқармасына қарасты өндірістік іздеу барлау мекемелерінің бәрінің бастықтары, бас инженерлері, бас геологтары міндетті түрде қатнасуы тиіс деген нұсқауға сәйкес, Бұрғылау кеңсеміз орналасқан Доссор кентінен, таңертең ертелетіп автокөлікпен шығып, белгілеген уақыты - сағат тоғызға, аталған басқарма ғимратына ат басын тіредік. Марқұм Салтанат Балғымбаев ол кезде кеңсеміздің бастығы, Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігінен жуықта ғана келген, марқұм Қапжапар Қалбаев жаңадан тағайындалған бас инженер, мен бас геологпын. Араға 15-20 минуттай уақыт сала, сол басқармадан, оған бағынышты басқада мекемелерден мәжіліске қатнаспақшы қызметкерлермен бірге, ұйымдасқан түрде, басқарманың автобусына отырып, министрліктің алқа мәжлісі өтетін, Облыстық партия комитетінің ғимратына келдік.

Басқармалықтардан басқа, сол басқарма атқарып келген қызметтерге қатнасы бар деп есептелетін өндіру, ғылми-зерттеу, жобалау сияқты мекемелерден де өкілдер шақырылған екен. Ақтөбе, Орал қалаларында мұнай іздеу, барлаумен айналысатын трестер болғанды, олардың да басшылары келіпті.

Алқа мәжілісі Облыстық партия комитетінің мәжіліс залында басталды. Мәжіліске сол кездегі Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы марқұм Нұртас Дәндібай ұлы Оңдасынов басқарған обкомның бір топ бюро мүшелері, бөлім басшылары, басқа да жауапты қызметкерлері қатнасты. Гурьев ол кезде шағын ғана, провинциалды қала. Сондай жерге республикалық Министрліктің алқа мәжілісінің келіп өтуі, Гурьевтіктер үшін айта қаларлықтай маңызды уақиға болды.

Я, сөйтіп, Гурьевте бұрын соңды болып көрмеген үлкен жиналыс өтіп жатыр, оған Министр Есенов келіпті. Ол алып денелі, ұзын бойлы, толқынданып артына қайрылған мөйілдей қара шашы бар, өзі ақ құба, айта қаларлықтай көрікті, тіпті ерекше сұлу адам екен. Оның үстіне өткір, орысша да, қазақша да бірдей ағып тұрған сөзшең, тірескендеріне жақсылап тұрып соққы беріп жібере алатын да қаблеті бар, жан жақты адам екен. деген сияқты теңеулермен айтылған сөздер халық арасына лезде тарап, келесі күні министрді көреміз деушілер, таң атпай обкомның киім шешінетін жерінде үзын сүре кезекте тұрды.

Сол маңда орналасқан облыстық мекемелердің басшылары, Гурьевте іс сапармен жүрген мұнай өндірумен шұғылданатын аудандардың, өндіруші кәсіп орындарының басшы қызметкерлері, Гурьевте орналасқан Халық шаруашылығы кеңесі (Гурьевский Совнархоз), Қазақстан мұнай өндіру бірлестігі (Объединение «Казахстаннефть») сияқты байырғы мұнай саласымен айналысатын мекемелерден олардың басшылары басқарған топ - топ адамдар (делегациялар), тағысын тағылары қалмастан ақ келіпті. Жиналыстың бірінші күні, үш жүздей адам сиятын залдың жартысыда толмай, шүлдіреп қана отырсақ, келесі күні мәжіліске қатнасушылар залға симай кетті. Сол мәжіліске кіріп, отырып, тыңдап, тамашалап, айыздары қанған, тіпті рахаттанған гурьевтіктер үзіліске шыққан сәтте амандаса сала, қауқылдасып, алған әсерлері жәйлі бір бірімен жапырласа сұқпаттасып, айтысып, бөлісіп, жатты. «Ассалаумағалейкім, уағалайкімассалам». «Ау, бәленшеке, бұнда неғып жүрсің»? «Министрді көрейін деп жүрім. Өзің неғып жүрсің»? «Мен де министрді көру үшін келдім». «Пай-пай, жігіт ақ екен пәлі». «Жас екен, тек тіл-көзден аман жүрсін». «Ай, мынау әлі өсетін жігіт». «Мынандай өткір, мынандай тілді адамды бұрын-соңды көрген емеспін». «Уай, шіркін-ай, алғыр ақ екен, тусаң ту». «Нағыз нар қасқа, біртуардың өзі екен». «Бұл әлі өседі, түбінде Қазақстанды басқаратын адамың тап осының өзі ақ болар, сірә» деген сияқты теңеулері бар сөздерді жабырласып айтысумен жатты халық.

Алқа мәжілісінің күн тәртібінде Батыс Қазақстандағы, оның ішінде Гурьев облысында, Маңғыстау өңірінде Батыс Қазақстан геологиялық басқармасы (ЗКГУ) атқарып келген мұнай-газ іздеу-барлау қызметтерінің жәй-күйі, сол қызметтерді тездету, күшейту, шаралары қаралды. Іздеу барлау қызметтерінің, оның ішінде Өзен, Жетібай сияқты, сол кезеңде алып кен орындары болып есептелетін ашылымдары бар Маңғыстау өңіріндегі қарқыны тым мардымсыз болып, алға баспай ақ тұрған кез. Сол қызметтерді жандандыру шаралары т. б.

Есенов басқарманың басшы мамандарының бәріне де сөз беріп, асықпай тыңдап, сауалдар қойып, кейбіреулерімен сөз айтысқа (дискуссия) түсіп, ақыр аяғында істің алға баспауының түпкі себептерін өзі түсінуге, мәжіліске қатнасушылардыда ұқтыруға тырысып бақты. Ол басқармада 1960 жылдан, Кеңес Одағы Коммунистік партиясының орталық комитеті, әдейі шешімімен Қазақстанға жіберген Евгений Иванович Иванов, Валентин Александрович Васильев деген мамандар басшылық етіп жүргенді, бірі басқарманың бастығы, екіншісі – бас инженері қызметін атқарып. Маңдайына шаң тимей келген Ивановты Шахаң мінбеде сағаттан артық уақыт ұстап, емтиханға шала дайындалып келген студенттей ақ етті. Васильевті мінбеден қуып түсіріп жіберді. Басқарма бастығының шаруашылық жағын басқаратын орынбасары, марқұм Рахымжан Сағындықов алғашында ақталуға әрекеттеніп айтысқа түссе де, кейін министрдің шүйлігуіне шыдамай, сұрақтардан сүрініп, ақыр аяғында сөз тауып айта алмайтын халге келіп өзі мінбеден түсіп кетті. Тек бас геолог, марқұм Нәрен Орынбай ұлы Имашев қана, осы уақытқа дейін алынған геологиялық нәтижелерді,былайғы жүзеге асырылмақшы шараларды мүдірмей баяндап, министрдің қойған сұрақтарына да әзілі араласқан жауаптарын қайтарып, тіпті мәжіліске қатынасушыларды күлдіріп, оңай құтылып кетті. «Қазақстанмұнайгеофизика» деп аталатын трестің басқарушысы, Ғалымжан Хакімов те далалық, өндірістік геофизика қызметтерінің жай-жапсарын баяндап берді. Ол треске, терең бұрғылауға қажетті дайындалатан құрлымдар жеткіліксіз деген талап қана қойылды. Бірақ, тап сол кезеңде, жалпы геофизиктерге тіреліп тұрған қиыншылықтар болмағандықтан, трестің іс-әрекеттеріне байланысты көп сын айтылмады. «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінің басқарушысы Халел Өзбекқалиев қиындықтарын айтумен болды. Мен қаңтар айында ғана басқарманың геологиялық бақылау комиссиясының (геоконтроль) тобымен сол тресте болып, атқарып жатқан қызметтерімен танысқанмын. Керек жарақтардың не түрінің болса да жетіспеушілігі, қашықтық, жолсыздық, сусыздық, елсіздік тағы басқалары трестің әрекеттерін алға бастырмай ақ тұрғанды. Ол кезде бұрғылау қызметтерінде «тұрыс» (простой) деп аталатын көрсеткіш болды. Ол - қызметті жүргізіп кетуге қажетті құрал сайман, материалдық техникалық жабдықтар, жанар - жағар майлар, тағы басқалардың (кейде тіпті солардың тек кейбіреулерінің) жоқтығына байланысты, сол қажеттерді күтіп тұру деген мағананы айқындайтын ұғым. Осы көрсеткіш Маңғыстаудағы трестің бұрғылау қызметтерінде өте көп мөлшерде болды. Осыларды ескергендіктен болар, министр Халелді көп әурелемеді.

Оңдасынов ақсақал екі күн бойы мәжілісте сөз сөйлеушілерді зер салып, аса мұқият тыңдап, тапжылмастан- ақ отырды. Мәжіліс аяқталуға жақындағанда, министрдің алдында сөз де сөйледі. Бірақ, партиялық тәртіпті сақтағандықтанба, маман болмағандықтан ба, әлде басқа себептермен бе, басқарманы басқарушылар Иванов пен Васильевтерге көп тиісе қоймады. Есесіне Сағындықов пен бізің Мақат бұрғылау кеңсесін басқарушы Балғымбаевтарды әжептәуір сынады. Салтанаттың ағасы, марқұм Өтеп Балғымбаев деген адам, тап сол кезде обкомдағы қызметінен босатылып, басқа жұмысқа ауыстырылған ды. Оңдасынов Салтанатқа: «қызметіңді дүзетпесең мен саған да жетем» (до тебе тоже доберусь) деп кіжінді. Салтанат бақыр, зәре-құты қашып, біраз уақыт бұрғылау алаңдарынан шықпай, қызметті қасынан бақылап басқарған-ақ болып жүрді. Алайда, ақсақалдың айбаты жәй абай-қоқай, көз қорқыту ғана екен. Салтанатқа іштеңе болмады.Оңдасыновтың айтқан сындарының екінші топтағы жүрген басшыларға бағытталғандығынан ба, әлде министрдің басымдылығының молдығынан ба, мүмкін сөз шеберлігінің шектеулігінен бе, әйтеуір ақсақалдың айтқандары мәжіліске қатнасушыларға көп әсер қалдыра алмады. Қортынды сөзді Есенов айтып, басқарманың қызметіне толықтай талдау жасап, істің неге алға баспай келген себептерін сараптап, не жасау қажеттігін, өз тарапынан берілетін жәрдемдерін, тағы басқаларын айтты. Басқарушы кадрлар мәселелері мен ұйымдастыру қызметтері шараларын түбегейлі қарау қажеттігін, оны Облыстық, Орталық партия комитеттерімен ақылдасып шешім қабылдаймын деп, сөзін аяқтады Шахаң.

Естігеніміздей, Оңдасынов Иванов пен Васильевті қызметтерінен алуға үзілді-кесілді қарсы болыпты. Оның үстіне, тап сол кезде, олардың орындарына қоя салатын қолайлы адамдардың да реті бола қоймапты. Нәтижесінде, Сағындықов пен басқарманың өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Макарчик екеуі ғана қызметтерінен босатылды. Иванов пен Васильевке, сөгіс жарияланды. Басқа ішкімге тиісу болған жоқ. Бірақ, сол министрліктің алқа мәжілісінен кейін Ивановтар жіптіктей болды.

....1962 жылдың тамыз айында кезекті демалысыма шығып, Алматыдағы туысқандарыма барып, бір-екі күн дем алғасын, көше аралап, қыдырып жүріп, «Қазақ ССРы Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі» деген тақта ілінген ғимраттың алдынан шықтым. Бұрын-соңды бұл министрлікте болған емеспін. Нақтылы шаруам болмасада, министрліктің ішіне кіріп, көріп, қарап шыққым келіп кетті. Коридорда ілінген қабырға газетіндегі өндіріс озаттарының суретін тамашалап тұғанымда, біреу сыртымнан келіп арқама қолын салды. Қарасам, сол министрліктің мұнай мен газ бөлімінің бастығы, бір кезде ЗКГУ дың бас инженері Федор Павлович Гузов екен. Ол адам да маған көп таныс еместі, бірақ бір-екі рет іс сапары кезінде, Құлсары жаққа жол тартып бара жатып, бізің Мақат бұрғылау кеңсемізге жол-жөнекей соғып кеткені барды. Мүмкін содан есінде қалған болар.

Ол, «сен бұнда неғып жүрсің» деген сұрақтан әңгімесін бастап, «жүр маған барайық, сөйлеселік», деп отыратын бөлмесіне ертіп әкелді. «Өндірісте жасағаныңа неше жыл болды, қандай кен орындарын барлауға қатнастың, от басыңда қанша адам бар» деген сияқты сауалдарды жаудырып, әңгімені қыздырды. Алтыкөл, Каратайқыз, Оңтүстік Қамыскөл, Таңатар, Баклани, Қаратал, Мартыши, Камышитовый, Жаңаталап сияқты кен орындарының кейбіреулерін ашуға, кейбіреулерінің барлау қызметтеріне қатнасқанымды айттым. Алтыкөл мен Таңатар кен орындарында өндірістік байқау қызметтерін атқарғанымызды айтқанымда, Гузов: «сен тап біздің іздеген адамымыз екенсің» деді. «Біраз уақыт бұрын, бөлімімізге геологиямен қатар, байқау-сынау қызметтерімен шұғылдануы тиіс бас маманның орнын берген-ді. Соған қолайлы адам таба алмай жүргеніміз. Мүмкін сені осында тағдыр жетелеп әкелген болар, сол орынға келсең қайтер еді?» деген ұсынысын Федор Павлович айтып салды. Мен өндірістегі тәжірибем аздау, болғаны үш ақ жыл, алдағы уақытта экспедициямызды Маңғыстауға орын ауыстырады деген хабарды естігенімді, Маңғыстауда тәжірибе алуды жалғастырғым келетіндігін, осыларға байланысты, сірә келе алмаспын деген жауабымды айттым. Жауап солқылдақтау болып естілдіме, Гузов: «өкінішті ақ, бірақ әлде де ойланып көрші, тіпті, мен сені министрге алып барайын, нағыз келмеген күннің өзінде де, ол адаммен жүздесіп, аздап болса да сұқпаттассып кетсең, естен кетпейтін, мақтанышпен айтуға тұрарлық әсер аласың. Жассың, талабың алдыңда, ондай адамға көрініп шыққанның зияны жоқ», деп мені министрге кіріп шығуға үгіттеуге кірісті. Мен, «қызметке келетін болсам бір сәрі, келмесем не деп барам, ұят болады ғой» деп қашқалақтадым. Алайда Гузов қоймады. Сонымен, Федор Павлович екеуміз Министрге жол тарттық. Сәтін салып, министрдің өзі оңаша, қабылдау бөлмесінде де хатшысынан басқа адам жоқ екен. Әуелі Гузов кіріп, төрт - бес минуттай уақыт өткесін, есікті ашып мені шақырды. Кең үстелдің басында таудай болып, қонжиып отырған Шахаң орнынан тұрып, көріп қойған адамдай, «ой, привет» деп, салалы да, жуан да саусақтары бар «күректей» қолымен менің қолымды алып, отыр деп Гузовқа қарсы отырғышты нұсқады. Қысқа ғана амандық-саулық сұрасқасын, «өндірістік тәжрибе аздау деуің дұрыс, бірақ үш жыл өндірісте жүрсең, ол онша азда мерзім емес. Үш жылда көретіннің бәрін көріп, алатынның бәрін алып болуға әбден болады. Ал, егер өндіріспен әлдеде шұғылданатын ойың болса, мен саған өндірістің көкесін көруге мүмкіндік туғызайын. Сені министрліктің Маңғыстаудағы өкілі етіп тағайындайым. Негізгі қызметің осы министрлікте болса да, іс сапарда сол Маңғыстау жақта апталап, айлап жүресің, тіпті жылдап жүруіңе де болады. Міндетті қызметтеріңді атқарумен қатар, өндірісте көрмегендеріңді көресің, білмейтіндеріңді үйренесің. Ең бастысы - бізің өкіліміз ретінде ол жақтағы атқарылып жатқан қызметтердің басы қасында болып, барысын бақылайсың, болып жататын жиналыс мәжілістерге де қатнасасың, маңызды, қажетті деген деректерді бізге хабарлап тұрасың. Меніңше осының бәрі саған аса қажетті, тіпті құнды тәжірибе, түбінде өзіңе пайдасы тиетін шара болады. Менің ақылым - келісіміңді бер де, қызметке кіріс, деді Шахаң.

Сол кезеңнен бастап, Есеновпен Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінде, үш жылдай, яғни 1965 жылдың күзіне дейін қызметтес болдым. Ол кез Маңғыстауда геологиялық барлау қызметтерінің кеңейіп, қарқындап жатқан кезі. Ашылған мұнай-газ кен орындарын тездетіп барлап, өндірістік игеруге тапсыруға Шахаң көз жұмып, білек сыбанып, жан-тәнімен ақ кірісті. Өзінің төл мамандығы мұнайшы болмаса да, мұнай іздеу, мұнай барлау, оны өндіруге дайындау қызметтерін тез ұғынып, игеріп алып, мұнайшылардан қалыспай осы қызметтерді тездетіп атқаруға атсалысып ақ жүрді. Ол кездегі Маңғыстауға қатнасып тұру да оп-оңай іс еместі. Темір, асфальттаған автокөлік жолдары жоқ, әуе қатнасы облыс орталағы Гурьевтен Форт-Шевченко, Ералиево елді мекендеріне тек ЛИ-2, АН-2 деген жәй ұшатын, кішкене ұшақтармен ғана қамтамасыз етіледі. Гурьевке дейінгі қатнас та ИЛ-14 атты, сол кезде ең үлкен әуе кемесі (лайнер) болып есептелетін, ұшақпен ғана жүзеге асады. Оның өзі де жолдағы ірі қалалардың бәріне тоқтайды, жолаушылар мен жанар-жағар майларын алады, сөйтіп Алматыдан Гурьевке дейін оншақты сағат ұшады. Солай бола тұрсада, барлау жұмыстары жүріп жатқан мұнай кен орындарына Шахаң жиі барып, жағдаймен танысып, көмектерін беріп, қызметті тездету, оның сапасын жетілдіру, кен орындарын жеделдетіп өндірістік пайдалануға беруді өзі қадағалаумен жүрді. Қызмет атқарушылармен танысып, білісіп алып, олармен еркін сұқпаттасып, ақыл ойларына, толғандыратын сұрақтарына да құлақ асып, сонымен қатар өз талаптарын да қоя біліп, нәтижесінде көздеген мақсаттарын шебер жүзеге асыра біліп жүрді

Маңғыстаудың негізгі кен орындары – Жетібай, Өзен, Теңге, Тасболат, Қарамандыбастар Есенов министр болып тұрған кезеңде ашылып барланды. Мұнай өндірісін тездетіп бастап жіберу мақсатында, 1964 жылы, сол өңірдегі болғаны үш іздеу барлау мекемелерінің бірі-Өзен мұнай барлау экспедициясын Маңғыстауда жаңа ғана пайда болып, істерін бастағалы жатқан мұнай өндірушілерге, Есенов өзінің шешімімен беріп ақ жіберді. Сөйтіп Шахаңның ынта ықпалымен шешіліп кеткен мәселенің нәтижесінде, сол 1964 жылы ақ, Маңғыстауда Өзен мұнай өндіру кәсіпшілігі дүниеге келді. Кейін, соншама қиындықтармен құрылып, аяғынан азар тұрып кеткен барлау экспедицияларының ең ірісін мұнайшыларға беріп жібергенді қате деп, Шахаңды жазғырушыларда табылды. Алайда, тап сол кезде, бұндай батыл шешімге бару дұрыс та еді, ол мұнайлы өңірдің тездетіп өмірге аяқ басуына үлкен септігін тигізді.

Өзенге байланысты Есеновтың тындырған тағы бір ісі туралы айтпай кетуге болмайды. 1963 жылы Мәскеу, Ленинград ғалымдарының қатнасуымен, жарты жылға тарта уақыт, кен орнының қорын анықтауға байланысты аса көлемді құжат дайындалды. Ол құжат желтоқсан айының ең соңғы күндерінің бірінде КСРО мемлекеттік Қор комиссиясына (ГКЗ СССР) қарауға, бекітуге табыс етілді. Кен орнының қор мөлшерін анықтау құжатын аталған комиссиядан өтізіп алу аса маңызды іс болатынды. Комиссия бекіткен кен орны қоры құжатына сәйкес, кеніштегі бұдан былай қарай атқарылмақшы геологиялық барлауды айтпағанда, болашақта өнім өндіруге байланысты барлық қызметтердің басталуы, жүргізілуі ол қызметтердің көлемі, қарқыны тек сол құжатқа тәуелді, тек сол құжаттағы қарастырылған шешімдерге байланысты іске асырылатынды. Сондықтан қайткендеде кен орнының қорын Қор комиссиясынан сол жолы өткізіп алу көкейтесті-ақ мәселе болып тұрды. Оның үстіне сарапшылардың (эксперттер) бірі құжаттарды алдын ала қарау кезінде: «бұрын соңды кездеспеген, ерекше құрлымды, алып кен орнын тауыпсыңдар. Енді асығып аптықпай-ақ, кенішті тыңғылықтырақ зерттеп, араға екі-үш жыл салып барып, Қор комиссиясына келсеңдер болмаспа еді» деген ұсыныс тастағанды. Ол сарапшы Кеңес одағындағы белгілі де, абройлы да мамандардың бірі, көбіне айтқандарын іске асыра білетін адам. Бұндай хабарды естіген Есенов тура келесі күні-ақ Мәскеуге ұшып келіп, төніп туған қауіпті реттеп, кен орны қоры құжатының Комиссиядан өтуін кейінге қалдырмай, сол жолы бекітілуін қамтамасыз етіп берді.

Есенов Маңғыстау байлығын сол Маңғыстау жерінен мұнай өңдейтін зауыт тұрғызып өңдеу арқылы игеру қажеттігін мәселе етіп көтеріп, мәскеулік басшылардың алдына қойды. Кейін «Известия» газетінде көлемді мақала жариялады. Мұнайды айыру, оның өнімдерін өңдеп шығару, тек оларды пайдаланатын жерде ғана жүзеге асуы тиіс деген империялық, отаршылдық тәртіптің аяғынан нық басып тұрған кезінде, бұл тосын да, батыл да пікір еді. Ол мақаласы үшін Шахаңды ауызша жазғырып, қате көзқарас деген шешімді сөз жүзінде оның қатеріне жеткізді. Шахаңның беделінің жоғары болғандығы соншалықты, орталық органдар мен редакцияға түскен бірен-саран ашулы, ызалы қағаздар мен сын мақалаларға жол берілмеді, оларды жарыққа да шығармады. Редакция сол материалдардың кейбіреулерін Шахаңа танысуға жіберіп те жүрді.

Екі мың шақырымға созылған, әр-бір 60-70 шақырымында мұнай қыздырғыштары бар құбыр тартылып, Маңғыстаудың мұнайы өткен 40 жылдан астам уақыт бойы Самара бағытына айдамалданумен келеді. Талай қатып қалу, жарылу, мұнай ағу сияқты апаттарды айтпағанда, сол өткен уақыттың ішінде, ол құбырды ұстап тұру шығыны, бір емес бірнеше заут тұрғызуға жететін мөлшерде болды. Оған қоса, ол кезде Қазақстанда, Атырау мұнай өңдеу зауытынан басқа зауытта болған жоқ. Маңғыстаудан тағы бір зауыт салып, парафині мол, қоюланып қатқыш, алысқа қуалаға көнбейтін мұнайды сол жерден өңдеп, пайдаға асыра қоюға да болушы еді. Шахаң мақаласында жазғандай, ондай шешімнің тиімдірек болатыны даусыз еді. Әйтседе, Орталық өз саясатын қатал жүзеге асыра білді, зауыт тұрғызылмады. Егемендік заманы басталғасын, айдамалдаудың қиындығын байқағандықтан болар, Маңғыстаудан мұнай өңдейтін зауыт тұрғызамыз деген шешім болған сияқты еді. Алайда ол шешім де әлі күнге дейін нақтыланбай, қазір тіпті «сиыр құйымшақтанып» бара жатқанға ұқсайды. Өндірілген мұнайдың бәрі жан жаққа айдалып кетіп, бар зауыттар мұнайға жарымай, жарты мүмкіндігінде ғана жұмыс жасап жатқанда, жаңа зауыт қайдан салына қойсын да ау.

Ол кездегі Маңғыстау мұнайының ашылуының маңыздылығы ерекше болды. Батыс Сібір мұнайымен жағаласып дүниеге келген Маңғыстау мұнай байлығының өзіндік жетікті жақтары баршылықты. Мемлекеттің оңтүстігінде, ауа райы жұмсақ, қызметтер атқаруға, өмір сүруге қолайлы өңірде, теңізден де қашық емес аймақта, Түрікпенстан мен Өзбекстан сияқты газдары мол өңірлерден орталыққа тартылмақшы газ құбырларының жолында орналасуы, бұлардың бәрінің үстіне, тап осы өңірден аса ірі уран кен орнының ашылуы, Маңғыстауды Батыс Сібірмен қадамын қатар басып жүре алатын мұнайлы аймаққа айналдырды.

Осыларға орай Маңғыстаудың маңызы ерекше, газеттер мен радиодан айтылатын әңгіме, хабар тек Маңғыстау жәйінда. Министрлікті айтпағанда, Орталық комитет, Үкімет, Жоспарлау комитеттерінде Маңғыстау проблемаларына арналған мәжілістер үздіксіз өтеді. Маңғыстауға орталықтан әр түрлі деңгейдегі басқарушы органдардың комиссиялары да бірінен соң бірі келумен болды. Ол комиссиялардың қарайтын шешетін мәселелері Маңғыстаудан одан әрі мұнай-газ кендерін іздеп, тауып, барлау шаралары, табылған мұнайды тездетіп өндіру, өндірілген мұнайды айдамалдау, одан соң өңдеу шаралары, осыларға байланыста өндіріс қалай дамыйды, қайда не болады, қанша адам еңбек етеді, олардың өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету. Электр энергиясы, су, оның ішінде ауыз су мәселелері, жол қатнасы, оның ішінде темір жол, әуе қатнасы, су жолдары, автомобиль жолдары, құрылысты дамыту, тағысын тағы басқа да осы сияқты, өмірлік мәні бар, күрделі қиындықтарды шешуге арналды. Н. К. Байбаков, С. А. Оруджев, Н. А. Кортунов, М. Ф. Мирчинк, В. Д. Шашин сияқты белгілі мұнай-газ мамандары басқарған топтар Маңғыстауда жиі болып жүрді. Ол комиссиялардың дәреже деңгейлеріне қарап, олармен кездесіп, қызмет бабын талқылап келісуге Қазақстанның да жоғарғы деңгейдегі басшылары жетелеген адамдар ілек-ілек болып келіп жатушы еді. Сол кезеңде Қазақстан Қоммунистік партиясы Орталық Комитетінің өндіріс қызметтерін басқарған, марқұм, Рахым Байғалиев есімді хатшысы болды. Көбіне мәскеулік қонақтардың мәжлісіне қатнасуға сол адам келумен жүрді. Кейде үкімет басшысы марқұм Мәсімхан Бейсебаев та келуші еді. Бірақ республикадан кім келіп қатнассада, қандай пікір айтса да, Есеновтың жолы бөлек болды. Министр не айтады, министрдің пікірі нешік деп, Шахаңды аттап өтпей, оның көзқарасын білуге бәрі де тырысушы еді. Және оның пікірімен есептесетін де еді. Сол мәскеулік мұнай саңлақтарымен Шахаңдар тең дәрежедегі, қатар деңгейдегі мамандарша сөйлесіп жүрді. Тағы бір ғажабы, айтылған жиындарға қатнасушы, өзінен дәрежелері жоғары, қазақстандық басшылардың көбінен Шахаңның шоқтығы биігірек тұрушы еді. Обалы не керек, Шахаң әр уақытта, Қазақстанды жоғары деңгейден көрсете біліп жүрді.

1962 жылдың күзінде, күтпеген жерден, Маңғыстауды Түрікпенстанға беру туралы мәселе көтерілді. Мәселені кім, қайда, қандай себептермен көтергені белгісіз. Алайда, пайымдаушылардың жорамалдарынша - негізгі себеп: Маңғыстаудың жырақтығы, осыған байланысты ондағы қызметтің алға баспауы, Түрікпенстанның жағдайының Маңғыстаумен ұқсастығы, Түрікпенстанның бір табан болса да Маңғыстауға жақындығы т. с. с. Бас аяғы бір-екі айға жетер-жетпес уақыттың ішінде, көтерілген мәселе нақтыланып, шешіліп кетудің аз ақ алдында тұрды. Ол кез Кеңес Одағын Н. С. Хрущев басқарып, Қырымды Украинаға, Қазақстанның оңтүстігіндегі біраз жерді Өзбекстанға алып беріп, солтүстіктегі облыстарды Ресейге қосам деп, ойына келгенді жасап жүрген кезең. Республиканың өзінің ішіндегі жағдай да «теп тегіс» еместі. Д. А. Қонаев қызметінен босатылып, орнына Ы. Ю. Юсупов тағайындалып, ол адам келген бойда Қазақстанның сойылын соғуға өре тұра алама, әлде айтылып жүрген уәждермен келісіп, бұғып қала қояма деген сияқты сұраулар туындап, осыларға байланысты Маңғыстаудан айрылып қалу қаупі күн тәртібінде айқындалып ақ (реально) тұрған кез. Осындай жағдайда, Есенов Маңғыстауды бермеуге құлшына кірісіп, орасан көп қызмет атқарды. Министрлікте күндіз-түні қызмет, қағаз дайындау. Ғылми кітаптардан, журналдардан Маңғыстауды Түрікпенстанға берудің керексіздігін дәлелдеуге септігі тиеді ау деген деректер іздеу, әртүрлі варианттағы хаттар (записки), анықтамалар (справки) жазу. Олардың негізін (основа) бөлімдер, яғни біздер дайындап, бастырып, бастықтар қарап дүзетіп, қосатындарын қосып, одан соң қайта бастыру сияқты қызметтермен бірнеше күн шұғылдандық. Бір күні Есенов Түрікпенстанның мұнай мен газға байланысты, оның ішінде геологиялық барлау қызметтерінің техникалық-экономикалық көрсеткіштерін тауып әкеліп, осыларды қағаз дайындауға пайдаланыңдар деп бізге табыс етті. Ол көрсеткіштер бойынша Түрікпенстан Қазақстаннан ілгері кете қоймаған, тіпті кейбір қызметтердің көрсеткіштері жағынан Қазақстаннан қалыста жүр екен. Дәлелдемелерді нақтылап, күшейтуге сол Шахаң тауып берген деректердің көп септігі тиді. Дайындалған қағаздарды өзі алып, Орталық комитетке, Министрлер кеңесіне кетеді, қайтып келіп мына жеріне мынандай өзгеріс, ана жеріне анандай өзгеріс кіргізіңдер деп бізге тапсырмасын береді. Дүзетілген вариантты тағы алып кетеді, тағы алып келеді т. с. с. Ақыр аяғында соншама сараптаулардан өтіп, әбден жетілдірілген құжатпен Республиканың басшыларына барып, тіпті Юсуповтың өзіне де кіріп, ол кісіні Маңғыстауды бермеу мәселесін Хрущевтің алдына шығарып қоюға уағыздап, ақыр аяғында іс осындай бағыт-бағдарламамен (схемамен) жүзеге асып, сәтті аяқталып, Маңғыстау Қазақстанда қалды. Марқұм, Ысмайыл ақсақал, өле-өлгенше, Маңғыстауды мен алып қалып едім деп мақтанушы еді. Ал, оған бұл мәселені дайындап, «пісіріп», табақшаға (блюдце) салып берген Есенов еді.

Маңғыстаудағы қызмет алға жылжымай жүрген кезеңде, мүмкін, жағдайға қандайма болсада бір өзгеріс енгізу мақсатында, түсінбедім? Есенов трестің басқарушысы Өзбекқалиев Халел мен бас инженері Қисыметов Асабайларды қызметтерінен алды. Тресті басқарушы етіп Оралдағы мұнай барлау тресін басқарып келген Дмитриев Лев Васильевичті, бас инженері етіп жоғарыда аты аталған, Батыс Қазақстан геологиялық басқармасының бас инженері Васильев Валентин Александровичті тағайындады. Бұл 1963 жылдың сәуір айында болғанды. Васильев аз ғана уақыт жасағасын, орталықтың лұқсатын алып, Мәскеу жаққа қызметке ауысты. Орнына Шахаңның жарлығымен, жергілікті маман, Мәскеу мұнай институтының түлегі, Қамысбай Мырзағалиев тағайындалды. Өзбекқалиев пен Қисыметовтерге обалдау болды, әйтсе де, осы шараның трест қызметінің аздап болса да серпінуіне себебі тигендей болды. Орнынан алынған жігіттер Жетібайдағы экспедицияны қалап алып, қайта орындарына оралғанша сол экспедицияны басқарумен жүрді. Екі жылдан кейін Өзбекқалиев трестің басқарушысы болып қайта тағайындалды.

1965 жылы Есеновты үкімет басшысының өндіріспен айналысатын орынбасары етіп тағайындады. Министрлер кеңесіне ауысқасында, Шахаң геологиядан, оның ішінде Маңғыстаудан қол үзген жоқ. Әр дайым уақыт тауып, я шақырып, я телефон шалып, болып жатқан жағдаймен танысып, ақыл кеңестерін айтумен жүрді. Шахаңа дейін де, Шахаңнан кейін де талай министрлер болды ғой, бірақ Шахаңдайы болған жоқ десем, артық айтпағандық болар деп ойлаймын. Ол кісі бойына ойы сай, оқшау тұрған таудай, жалындап жанып тұрған оттай ақ министр болып еді.

1966 жылы, Маңғыстаудағы Жетібай мен Өзен мұнай-газ кенорындарын ашып, тездетіп барлап, өндірістік пайдалануға тапсырғаны үшін, бір топ мамандармен бірге, Есенов Лениндік силықтың жүлдегері құрметті атағына ие болды. Бұл қажымай талмай, жасампаздықпен еткен еңбекке, алынған қомақты нәтижеге берген әділ де, жоғары да баға еді. Лениндік силықтар өте сирек, аса маңызды, мемлекеттік мәні бар жетістіктер үшін ғана берілуші еді. Ол силықтың салмағы мол, мәнісі де жоғары. Сол силыққа Шахаң қырыққа жетпей ақ ие болғанды.

Есенов тек Маңғыстау емес, басқа да мұнайлы газды өңірлердің дүниеге келуіне я тікелей қатнасты, я ықпалын тигізді. 1974 жылы Шахаң екінші рет министрлік орнына келді. Сол жылдарда мен Гурьев қаласында орналасқан «Қазақстанмұнайгазбарлау» өндірістік геологиялық басқармасында бас геологтың қызметін атқарып жүрдім. Бозащы жартыаралында геологиялық іздеу қызметтерін жүзеге асыруға құрлымдық бұрғылауды пайдалануды министрлікпен келісе алмай, ол өңірдің алғашқы кен орны Қаражамбасты сол министрліктің келісімінсіз, онымен жанжалдасып жүріп, құрлымдық ұңғыма бұрғылап ашқан кезеңде, министрдің орнына қайта келіп, жаңа міндетін атқара бастаған Шахаң менің ынтамды қолдап, Бозащыдағы қызметтерді жайбырақат жалғастыруға мүмкіндік туғызды. Нәтижесінде Оңтүстік Маңғыстау мұнайлы газды ауданымен тең түсетін, Қаламқас, Қаражамбас, Солтүстік Бозащы, Жалғызтөбе, Арман сияқты кеніштері бар жаңа мұнайлы газды аудан дүниеге келді. Сөйтіп, министрліктегі мұнайшысымақтар түсінбеген, мән бермеген, я мән бергісі келмеген шаруаны Шахаң түсініп, елімізде тағы бір мұнай өндіретін ауданның тездетіп дүниеге келуіне себебін тигізді.

Каспий ойпатының тұз асты тұнба жыныстарының мұнайы мен газын табуға бағытталған қызметтер де, Шахаң екінші рет министр болып тұрған кезде кең етек алды. Сол кездердегі бастамалардың, атқарылған қызметтердің, жүргізілген зерттеулердің қатнасушыларының бірі ретінде Қарашығанақ, Кеңқияқ, Жаңажол сияқты әйгілі мұнай, газ, конденсат кен орындарының ашылуына Шахаңның тікелей ықпалы болды деп айта алам. Кеңқияқтан атқылаған алғашқы тұз асты мұнай бұрқағын, Шахаң Гурьевте іс сапарда жүрген жерінен естіп, әдейі ұшып келді. Келгенде жалғыз келген жоқ, Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы марқұм Саламат Мұқашевты, облыстық Атқару комитетінің бастығы Оңайбай Көшековты, «Эмбамұнай» бірлестігінің басшысы Бөлекбай Сағынғалиевті барлық орынбасарларымен қоса ала келді. Кеңқияқ кәсіп орны ол кезде сол бірлестіктің құзырында еді.

Әйгілі Теңіз кен орны табылған жер де, сол жетпісінші жылдардың орта кезінде, өндіруші сала КСРО Мұнай-газ өнеркәсібі министрлігіне, Шахаңның қатнасуымен берілді. Ол жер құнарсыз, іштеңе шықпайтын жер деп есептелгеннен берілген жоқ. Тап сол кездерде, бір жағынан, мұнай өндіріліп жатқан кәсіпшіліктердің тап қасынан Геология саласына ұңғыма бұрғылап, мұнай іздеу қисынсыз деп есептелінетінді. Геолог барлаушылар жырақта жүріп, алыстан кен орындарын іздеп табуы шарт деген қағида орын алып тұрды. Екінші жағынан, Республиканың геологиялық барлау саласының қуатсыздығы, барлық болашақты алаңдарды, олардың ішінде мұнай өндіріліп жатқан өңірлердегі жерлерді түгел қамту мүмкіндігінің болмағандығы себебтері, оларды мұнай өндірушілерге беруге мәжбүр етті. Нәтижесінде, 1979 жылдың желтоқсан айында мұнай мен газдың алып кен орны Теңіз ашылды. Кейін бұл жағдай турасында да әртүрлі: «геологтар мұнайшылырға Теңіз жатқан жерді силап жіберіпті», «барлаушылар Теңізді байқамай қалыпты деген сияқты әзәзіл әңгімелер айтылумен жүрді. Бірақ, сол Шахаң жасаған кеңпейілділік болмағанда, сенектегі итке ұқсап өзімде жасамаймын, өзгелергеде бермеймін деген принциппен Теңіз табылған жерді мұнай өндіру саласына бермей қалғанда, Теңіздің ашылуы біраз жылға шегінуі даусыз еді.

Ш. Есенов министр болып тұрған кезеңде Каспий теңізінің қазақстандық акваториясы Ресей геофизиктерінің күшімен теңіздік геофизикалық әдістермен зерттеліп, Каспий қайраңының мұнайлы газдылығын анықтауға бағытталған алғашқы нәтижелерді әкелді. Дүниедегі ең алып кен орындарының бірі болып есептелінетін Қашаған кен орны орналасқан алаң да алғашқы рет сол зерттеулердің нәтижесімен оқшауланып, карта бетіне түсірілді.

Есенов екінші рет геология саласының билігіне келгесін, Ауғанстандағы мұнай мен газға байланысты геологиялық барлау қызметтерін қазақстандық мамандардың қатнасуымен жүзеге асыру мәселесін де КСРО Геология министрлігінің алдына қойып, өзі әлденеше рет барып, сол көтерген мәселесін әр түрлі деңгейде талқыға салып, ақыр аяғында шешіп, қазақстандық барлаушыларды халықаралық аренаға шығарды. Бұны Есеновтің ерлігі деп атаса да болады. Талай қазақстандық мұнай барлаушылары Ауғанстан жеріне барып, бір жағынан азаматтық парызын өтесе, екінші жағынан жер көріп, ел көріп, өзі ысылып, қызмет жасауды үйреніп, табыс тауып қайтып жүрді. Басқаларын айтпағанда, сол кезде, ылғи ығай мен сығайлар ғана міне алатын «Волга» автокөлігін, сол жаққа барған қарапайым мамандардың бәрі алып келіп жүрді. Алайда, Есеновке, осы бір тындырған ісін бағалаудың орнына, «Ауғанстандағы геологилық іздеу-барлау қызметтерін Қазақстан мамандарының күшімен атқару мәселесін, Республика басшылығымен келіспей, бірден КСРО Геология министрлігіне шығарып, шешіп жіберді» деген кінә тағылды.

Геологиялық іздеу барлау саласында осылар сияқты қомақты жетістіктерге қол жетіп, шаруа оң бағытта жүріп жатсада, екінші рет министрдің орнына келген Есенов бұрынғысындай құлаш сілтей алмады. Жоғарыдан қатаң бақылау, төменнен сыпсыңдаған өсек-аяң Шахаңды қимылдатпады. Шақабаев сияқты теріс ниеттегі адамдарды оған орынбасар етіп қойып, қарсы бағытталған әрекеттерде жасатып жүрді. Олар Шахаңның әр бір сөзін, оның ішінде аңдамай, я сәтсіз айтып жібергендерін, өздерінің әшекейлеген толықтырмаларымен орталыққа жеткізіп отырды. Аяғын мүлт басса ұлы бөрік әңгіме қылып, айып тағып, сағын сындырып, Шахаңның тырнағына тұрмайтын орталық органдардың қиқым-сиқым шолақ шабармандары оның басына әңгір-таяқ ойнатып, басынып ақ жүрді. Осылардың бәрін де естіп те, Алматыда іс сапармен болғанда көріп те жүрдік.

Бір ретте, Шахаңа кіріп отырғанымда, Орталық Комитеттен Шнейдер Ю. И. деген бөлім бастығының орынбасары үкіметтік «вертушка» деп аталатын телефонмен Шахаңмен хабарласты. Әңгіме ұзақ, қолайсыз бағытта өрбіді. Министрліктен жолданған бір қағаз дұрыс жазылмаған, мәселе дұрыс қойылмаған деп Шнейдер Шахаңды кіналауға әрекеттенеді. Шахаң дұрыс жазылған деп ақталады. Әңгіме аяқталғасын, уһ деп демін алған Шахаң: «бұлардың еврейіне дейін төбеңді тесіп барады» деп, екі қолымен басын ұстап, біраз отырды.

Шахаңа оң ниеттегі қызметкерлерді себепсіз айыптау, қудалау, қызметтен қуу сияқты жағдайлар да орын алды. Сол қызметтен қуылып, Ауғаныстанға іс сапарға кетуге мәжбүр болғандардың біреуі өзім. «Қазақстанмұнайгазбарлау» басқармасының бас геологі қызметін атқарып жүріп, келген Орталық комитеттің нұсқаушысымен дұрыс сөйлеспеді деп айыпталдым. Осы мәселеге байланысты, Орталық комитетке тек түсініктеме қағаз жолдағаным үшін қызметтен босатылдым. Және босату бұйрығына Шахаңның өзіне қол қоюға мәжбүр еткен. Ол туралы марқұм бір сыр шерткенде әңгімелеп беріп еді. Сол кездерде менен басқа да, марқұм Латиф Қыдырбеков (Оңтүстік Қазақстан геологиялық басқармасының бастығы), Әлімхан Ермекбаев (Орталық геохимиялық экспедициясының бастығы) деген геология саласында белсенді еңбек етіп жүрген, кезінде Шахаңның көмекшілері болған азаматтар да, айып тағылып, қызметтерінен аластатылды.

Бұның бәрі Есеновтың көп кешікпей министрліктен ығыстырылатындығының белгісі еді. Геологиялық қауым бұны байқап, әңгімелеп, айтып жүрді. Көп ұзамай солай болды да. 1978 жылдың жазында елуге шығар-шықпас шағында, академик, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Лениндік, және Қазастан Мемлекеттік силықтарының иегерін жүлдегері, Қазақ ССРы жоғарғы кеңесінің депутаты, Қазақстан Орталық Комитеті Тексеру комиссиясының мүшесі, екі Ленин ордендерінің, басқада мемлекеттік марапаттардың иегері, бұдан не бәрі екі-үш ақ жыл бұрын КСРО жоғарғы кеңесінің депутаты, КПСС Орталық Комитеті мүшелігіне кандидат болған Есенов министрдің қызметінен босатылып, Балхаш қаласының маңында орналасқан геологиялық барлау экспедициясына қызметке жіберілді. Орнына Шақабаев тағайындалып, ол Қонаев қызметінен кеткенше, сол орында мызғымастан сегіз жылдан астам уақыт отырды. 1986 жылдың желтоқсан айында Қонаев қызметінен алынды, 1987 жылдың басында Шақабаев та министрліктен босатылды.

Сол уақиғалар туралы қаншама ойлансақта, әлі күнге дейін, Есеновты Қонаев ақсақалдың соншама қорлауының жауабын таба алмай ақ қойдық. Бір кезде жақсы көріп, өзі көтермелеген Қонаевқа, Есенов не себептен жақпай қалды? Есенов ол адамның қауіпсіздігіне қатер төндіре алды ма, және ондай мүмкіндігі болған да жоқ емеспе еді? Есеновты соншама жаныштағаннан Қонаев не тапты? Шаһмарданды, өндірісте бір күн қызмет атқармаған, Шақабаевқа айырбастап не ұтты? Тек, Қазақстанның қадірін түсіргеннен басқа. 1987 жылы, КСРО геология министрлігіне Министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалған Тюмендік геолог Ф. Қ. Салманов, Шақабаевпен бір сұқпаттасқанда ақ, «мынау басқа пайдалы қазбалар емес, мұнайдың өзін де дұрыс білмейтін адам, бұл қалай сонша уақыт министр болып жүр» деген сөздерді айтыпты- мыс деп естіп жүрдік. Сондай «қасиеттерімен» Шақабаев Қонаевтің өзін де ұятқа қалдырған жоқпа? Осы сияқты сұрақтардың жауабы жоқ

.... Ол кезде Шахаң Қазақ политехникалық институттың кафедра меңгерушісі қызметінде жүр екен. Іш нәрсе болмаған, еш қандай соққы жемеген адамдай, бұрынғы ақ жарқын қалпында. Анда-санда кездесіп, пікірлесіп, Ғылым Академисында жүрген кезінде мұнай-газ институты қажеттігін мәселе етіп көтеріп, оны шешуге жақындатып қалғанда Президенттіктен кеткендігін, бастаманың аяқсыз қалып қойғанын Шахаң ренішпен айтып жүрді. Сондай институт құрылып, оған басқарушы болып, басыбайлы сонда қызметке кетуге мүмкіндік алуды ойлайтындай ниетін байқадым. Осыны ескергендіктен, сол кезден бастап, Шахаң екеуміз Республика Ғылым Академиясы жанынан мұнай мен газ проблемаларымен айналысатын институт ашса, көптеген қиындықтардан құтылуға мүмкіндік туар еді деген тұжырымды дүниеге келтіріп, оны іске асыру жолында жұмыс жасай бастадық. 1988 жылдың көктемінде Қазақстан компартиясы Орталық Комитетіне қағаз жолдап, бізді қабылдап, сөйлесуін өтіндік. Ол жылдар бұл құдіретті органның күйі кетіп, күші азая бастаған кез. Бізді қабылдап әңгімелескен Р. О. Бердіғожин есімді бөлім бастығының орынбасары мәселенің маңыздылығымен келісіп, «қағаздарыңызды өндірісті басқаратын Орталық Комитеттің хатшысы С. В. Уржумов жолдастың папкасына саламын. Бірақ қазір институт ашатын уақыт емес, сосын мынандай қағазға ішкім көп көңіл де бөлмейді. Сондықтан, көтеріп отырған мәселелеріңізді баспасөзде жариялаңыздар, сонда тезірек шешілуі мүмкін» деген ақылын айтты.

Сол жылдың шілде, тамыз айларында «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінде Шахаң екеуміз шешілмей жүрген мұнай мәселелерін, оларды тездетіп шешу үшін Республикада мұнай-газ институты қажеттігі туралы көлемді мақалалар жарияладық. Ол мақалаларда Қазақстан үшін мұнай мен газдың өлшеуге болмайтын маңызын, бұл салада көптеген қиындықтар көп екендігін, оларды дұрыс және тез шешсе, ел экономикасының алға басатындығы туралы әңгімеледік. 1989 жылдың 31 желтоқсанында «Казахстанская правда» газетінде жарық көрген кезекті көлемді мақаламызда – «Басқа кен орындарының қиындықтарын (проблемаларын) айтпағанда, тек Теңіз бен Қарашығанақтың техникалық, технологиялық, өндірістік қиындықтарын шешу, сол мұнай-газ институтының болуын, оған шығатын шығындарды ақтайды» деп жазыппыз. 1990, 1991, 1992 жылдары бұл тақырыпқа, бұдан басқа да мұнай мен газ саласының ең көкейтесті мәселелеріне, баспасөз беттерінен тағы әлденеше рет оралдық. Бірақ, өкінішке орай, Шахаң екеуміз көтерген маңызды мәселелер шешімін таппады, керектігін талай айтып, дәлелдеген институт та ашылмай-ақ қалды. Бар институттар жабылып жатқанда, жоқ институт қайдан ашылсын деу.

Есеновтың шешкендерін мойындамай, айтқандарын мақұлдамай жүрген кезеңде, тағы бір әділетсіздікке нақақтан-нақақ душар болған жағдайымыз бар. 1974 жылдың алғашқы күндерінің бірінде, Алматыда іс сапарда жүріп Шахаңа кіріп, Еділ-Жайық өзендері аралығының Оңтүстігінде ашылып, өндірістік пайдалануға қосылған мұнай мен газ кен орындарының Қазақстан экономикасы үшін аса маңызды екендігін, сол ашылымды 1975 жылдың Мемлекеттік сыйлығына ұсынуды мәселе етіп қойдым. Бұндай қадамға итермелеген аты әйгілі болып үлгерген Мартыши, Камышитовый, Жаңаталап, Гран сияқты кен орындарын игеру үшін әдейі құрылған «Жайықмұнай» деп аталған жаңа мұнай өндіру басқармасының бұрқыратып мұнай өндіріп, жеңістен жеңіске жете беруі болды. Ол кезде Шахаң Қазақ ССР-ы Ғылым Академиясының Президенті. Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Комитеттің төрағасы да өзі. Марқұм, ол ашылымды білетіндігін, өйткені кезінде «Жайықмұнайды» құру туралы шешім қабылдаған Үкімет мәжілісіне қатынасқандығын, ашылымның аса маңыздылығын, оны Мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға болатындығымен келісетіндігін, бұндай шараны өзінің қолдайтындығын білдірді. Біз сол келісімге сәйкес, партия органдарымен сыйлыққа ұсынылмақшы тұлғаларды келісіп, тездетіп құжаттарды даярлап, үміткерлерді еңбек ұжымдары жиналыстарынан өткізіп, бір ай-ай жарымда бәрін тамамдап, наурыз айының 27 жұлдызында үлкен бір томдық жұмысты сыйлық беретін комитетке апарып тапсырдық. Ол кездегі Комитеттің жауапты хатшысы, марқұм, Арысбай Қуанышевтың «қарауға қабылданды» деп ұсыну құжаттарын жолдаған қағазымызға қолын қойып, «жұмыстарың сыйлық алуға тұрарлық екен» деп айтқаны да есімде.

Сол екі ортада, Шахаңды Ғылым Академиясы Президенттігінен босатып, Қазақ ССРы Геология министрі қызметіне ауыстырды. Жаңадан тағайындалған Президент, Мемлекеттік силық жөніндегі комитеттің төрағасы Асқар Қонаевты, Мемлекеттік силыққа ұсынылған құжаттармен таныстырғанда, бізің жұмысымызды Есеновтың өзі қолдап, жүлде алып бермекші болған деп баяндаса керек. Осыған байланысты, жаңа бастық бізің жұмысты қолдамай, силық беруге тұрмайды деп, кері қайтаруға шешім қабылдапты. Комитеттің жауапты хатшысының міндетін атқарушы Н. Колтихина дегеннің: «Қызметтерің конкурстан өтпей қалды» деген қысқа ғана жауап хатымен, ай жарым мазаланып, бүкіл еңбек ұжымдарын, партия органдарын дүрліктіріп дайындаған құжаттарымыз, салаң етіп кері қайтып келді. Тек «Есенов мақұлдапты» дегенмен келіспегендіктен, жұмысымызды «тапа тал түсте» негізсіз қаралап, құлатып, бізді тиеслі жүлдемізден ада етті. Сол жылы бізікінен басқа, мұнай геологиясы саласынан ұсынылған жұмыс та болған жоқ. Еділ-Жайық өзендері аралығының оңтүстігінде төрт кен орны барланып, олардың үшеуінде мұнай өндіру басталып, 1974 жылы ақ олардан өндірілген мұнайдың жылдық деңгейі 1 млн. 350 мың тоннаға жеткенді. Бұл өңірдің мұнайлы-газдылығы туралы бізің жасаған ғылми геологиялық болжамдарымыз сол кезде ақ расталып, оның дұрыстығы өткен жарты ғасырға таяу уақыт бойы дәлелденумен келеді. Ол төрт кеннен басқа, тағы оналты кен орны ашылып, олардың нобайы өндірістік пайдалануға қосылды. Қазіргі уақытта бұл мұнайлы ауданнан, Қазақстанның өз меншігінде қалған екі бірлестіктің бірі «Эмбамұнайгаз», әлі күнге дейін, өзі өндіретін Қазақстандағы ең жоғарғы сапалы мұнайдың нобайын алуда.

Сөйтіп, өзіміз ашқан аса болашақты мұнайлы ауданның тиеслі силығын ала алмай, осындай мәселерді шешкенде орын алатын әділетсіздіктердің ең сорақыларының бірін бізде өз басымыздан кештік. Бұл әділетсіздіктен жалғыз мен ғана емес, менен басқа да біраз адамдар зардап шекті, мұнайшы, ардагерлер: марқұм Шектібай Бармақов, Таумыш Жұмағалиев, Бөлекбай Сағынғалиевтар.

...Шахаңның от басын да жақсы білдік. Жұбайы Қамила жеңгей Шахаңның өзіне сай, ақылды да, көрікті де адам. Ашық, әр уақытта ақжарқын. Кезінде Шахаңа байланысты жақсылықтардың бәріне де кең дастарханын жайып, жұмыстас, жолдас-жора, қосшыларын жинап, талай дәм татқызған еді, жеңгеміз. Төрт бала тәрбиелеп, сайдың тасындай жұп жұмыр, тәртіпті етіп жетілдіріп, үй қылды.

Шахаң сондай алып денелі, темірдей мықты, жан дүниесі жарқын адам болса да, көрген әділетсіздіктері, жеген соққылары ол адам үшін ізсіз кетпеді. Шахаң бар болғаны 67 жыл өмір сүрді. Оның да соңғы екі-үш жылын ауыр науқаспен арпалыста өткізді. Сол қиын кезінде, жеңгеміз Шахаңның жанынан бір адым да алыстамай, оның жан азабын бірге тартысыпты.

Сексеннің сеңгірінен асса да, ажарынан айрылмай, баяғы жас шағындағы қалпындай, жайнап ақ тұрған жеңгеміз, жасай берсін!

....Шахаңның «жүні жығылып», көңлі жүдеп жүрген кезінде, Мәскеуде іс сапарда жүріп, бір топ астаналық жолдастарымен кездесуіне қатнастым. Жабырқаулау отырған Шахаңа бір Мәскеулік ғалым: «Шаха, саған не десе о десін, сені қалай кінәласа, олай кіналасын, сендей қазақ болған жоқ, болса да өте сирек болды. Сен ұлы болдың (был великим), ұлы болып қаласың (останешься великим)» деді. Әркімнің тарихтағы орнын, оның ішінде ұлылығын, тарих өзі сараптап шешетін болар. Бірақ сол мәскеулік ғалым айтқандай, бізің көзқарасымызша да, Шахаң ұлылар қатарында тұратын тұлға. жата алатындай ақ адам болған-ды».

Каталог: uploads -> files
files -> Гүлсім Оразалықызы оржановтар әулеті қазақ МҰнайының ардақтылары «Қазақ мұнайының ардақтылары»
files -> Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер
files -> Конкурса научных работ среди школьников «turan-junior-2016» Секция «Физика, техника, науки о земле и космосе»
files -> «Қазақ мұнайының а р дақтылары»
files -> Ізтілеуова салтанат далбайқызы
files -> Махамбет қай жылы туғАН? Тұрлыбай Бақыт Серікқызы
files -> ҚазақТЫҢ хас батыры -аттила (еділ батыр)
files -> Формы и методы подготовки учащихся к итоговой аттестации по обществознанию


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет