Шахмардан есенов



бет19/21
Дата04.11.2016
өлшемі5,66 Mb.
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21
Кәмила апай мынаны айтты:

«--Шырағым, шақырған қонақтарымыздан ұят болды. Ертеңіне біртіндеп-біртіндеп бәрін КГБ-ға шақырып сұраған ғой... қандай сый-сияпат жасадыңдар... не іштіңдер, не жедіңдер.., --деген сияқты түкке тұрмайтын сұрақтарды қойып мазалаған. Рас, бір телевизорды күйеу балланың жолдастары жиналып әкелді, ауылдан келген ағайындар қолдан тоқылған бір кілем әкелді, олар одан басқа не әкеле алсын...жағдай бүгінгідей емес қой, шашылып-төгіліп жатқан...Әйтеуір ұят болды...».

Күйініп отырып айтқан Кәмила апайға біз: «қазақта «тиісерге қара таппай отыр» деген сөз бар. «Олар онсыз да Есеновке тиісудің сылтауын іздеп, жалақтап отырғанда қызыңыздың ұзату тойы дөп келіп, кінәні содан таппақ болған ғой» дейміз, ел басқарып отырған лауазымды адамдардың пендешілік, бейшара тірлігіне налып. Әйтпесе, олар қырық телевизордың болмағанын біліп отыр, біле тұрып әдейі жазды, сылтау тапты. Мақсаттары Шахмарданға қүйе жағып, сүріндіру. Сол кездің куәгері Асанов Мәдениет тағы да былай дейді:



«--... бір жамандықты сезгендей Шахаң маған қатаң тапсырма берді. Келген сый-сияпат болса залға кіргізбей-ақ машинаға салыңдар деді. Содан келген сыйлықтар болса ресторанның ішіне кіргізбей, бірден машинаға апардық. Сондай көп те сылық болған жоқ. Бірақ, арыз жазғандар қырық телевизор, елу кілем түсті деп жазыпты. Менің бір таң қалатыным бар, жарайды арыз жазғандардың мақсаты белгілі, Шахаңа қалай да қалай кір жағу ғой, олар мақсатына жетті. Ал, таң қалатыным Димекеңнің қалай соған сенгендігі. Ол кезде телевизор дегенді алу оңай емес, өзі қымбат және көп те емес еді ғой. Содан тура бір қылмыс жасаған адамдай болдық, тексеруден-тексеру, сұрақтан-сұрақ. Орталық Комитетке Шахаңды қайта-қайта шақырып мазасын әбден алды, жүйкесіне тиді..мені де шақырды».

Әрине, бұл Орталық Комитеттің «орныңда босат» деп бірден айта алмай, сол айтудың алдындағы атқарылған «жұмыстар», сынықтан сылтау іздеген әрекеттері еді. «Орныңды босат» деп тіке айта алмайтын себептері де бар, біріншіден, ол мемлекет адамы, атақ-абыройы бар адам. Екіншіден, Мәскеудегі басшылар Есеновтің іскерлігін, нағыз ғалым екенін білетін, оны қадір тұтатын. Бұлар мәскеуліктерден қарсылық көрсетіп қалар деп, аяқтарын тартып отыр, әйтпесе, оны баяғыда-ақ жүндей түтер еді.Сондықтан «өзі кінәлі» дейтіндей етіп, үлкен ортадан алстамақшы.

Бұл тіршіліктің сырын түсініп, шындығына көз жеткізу қандай қиын. Баяғыда ұстазы Қаныш Сәтбаевқа да 1952 жылы жоқтан өзгені кінә етіп тағып, президеттіктен түсіріп, 1954 жылы қайта сайламап па еді, осындай орта, партияның «қызық солдаттары» емес пе еді, олар да?!

Бірде академик Ебіней Арыстанұлы Бөкетов академик Ишанбай Қарақұловқа: «ғылым тоқырауға ұшырады, алайда ғылым ғана ма?! Ар-ождан, намыс, шындық пен әділет те тоқырауда. Ойпырмай, бұл сұмдық қашанға дейін созылар екен...» деп, ренжіпті. Есеновке көрсетіліп жатқан әрекет «тоқыраудың» тұрмыс-тіршілігімізден асып, ақыл- санамызды жайлағанын көрсетіп тұрған жоқ па? Кеше ғана өздері мақтап-мақтап екінші мерзімге сайлаған ғалымдар енді келіп, ұялмастан, беттері шімірікпей академик Есеновке қарсы дауыс берді. Ар-ождан да, ұят та, намыс та аяқ асты болды.

Ең өкініштісі, қоғам кемшілігін көре отырып сынауға, кемшлікті жоюға зиялы қауым ұмтылмады. Биліктегілерге зиялы қауымның бұл әлсіздігі, әділетсіздікке қарсы тұра алмайтын қауқарсыздығы, дәрменсіздігі ұнады және соған әбден бойларын үйретіп алғандығы сондай әділетсіздіктің сан түрін беттері шімірікпей тұрып жасай берді. Бірен саран ақ пейілді, ақ жүректі азаматтар шықса оны қасқыршы талап, жүндей түтті.

Адамның, жоқ адам емес пенденің осы бір осал, бишара тұсын қалай түсінеріңді білмейсің. Түсінуге де, түсіндіріуге де болар еді-ау, бірақ айтуға ұят. Қырық қатпарлы, сайқалдығы сұмдық бар әрекеттің астарында қолында билігі бар бір пенденің «менен басқа мықты жоқ!» деген өктемдігі, басқаның абыройын қызғану мен көре алмаушылығы жатыр. Әлгі «ақтар» келсе ақ қалпақ, «қызылдар» келсе қызыл қалпақ киіп, бір күнде мың құбылып отыратын, өзіндік принцпі жоқ, ортамызда әлі де жүрген Бейімбеттің «кейіпкерлерін» ол да ойыншықша ойнатып, пайдасына жұмсап, солардың қолымен от көсеуге әбден төселіп алған. Кімді кім алдап, кімді кім пайдаланып отыр, шешуі қиын бір жұмбақ. Қоғамның құлдырауына әкеп отырғандар да солар. Кеткен кемшілікті айта алмай, айтқан азаматтар болса шибөріше шуылдап соңына түсіп, мысалы, академиктер Ш.Есенов пен Е.Бөкетовті де құртқан солар. Ең болмаса біреуі шығып: «Димеке, бұл әділетсіздік қой!» дегенді айта алмады. Білім мен ғылымға кеш келсек те біз, қазақ халқы осындай азаматтардың арқасында дарынды, жабайы емес, жеке-дара құндылықтары бар ұлт екенімізді басқаларға аз ғана уақытта-ақ мойындаттық. Енді, не өкпе оларға?! Әлде, оларды түсініп, бағалайтын басшылардың бойында қазақтың қаны жоқ па?!

Бір қызығы Ш.Есеновті президенттіктен түсіретін кезде Бірінші хатшы ауылда болмапты, демалысқа кетіп қалыпты. Мұны бізге Есеновтің көмекшісі Асанов айтты. Сөйтсек, бұл ол кісінің әдеті көрінеді. Оны қазақтың болашағын әріден ойлап, іргелі-іргелі істер бітіріп, кесек-кесек зертеулер жазып кеткен, мемлекет қайраткері Жәнібеков Өзбекәлі айтады:

«--Орталық Комитеттің аппаратында қалыптасқан тәртіп бойынша, алдын ала қабылданған шешімді босатылатын қызметкерге көбіне бірінші хатшы жоқта, ол демалыста немесе шет елде жүргенде, онда да жұма күні естіртетін. Бәлкім, әрі-бері жүгіріп, Мәскеуге шағым айтып әуре болмай, сенбі, жексенбі күндері ентігін бассын дегені болар. Әрі даушыны «мен жоқта шешілген екен» деп, шығарып салуға қолайлы болса керек»-- дейді.

Өзі де солай. Алайда, Қонаевпен келіспей шешім шығаруға ешкімнің де құдіреті жетпейтін ол кезде, мұның бәрі алдын ала жазылған «сценарий» бойынша жүргізіліп отырғанын білсе де, «бұларың қалай?» деп айтуға дәрменсіз. Қорқатындары біреу—отырған креслоларынан, жалақысы жақсы, абыройы бар қызметтен айрылып қалмау.

Тағы да Қонаевпен, Есеновпен әріптес, қызметтес болған біраз адамдармен сөйлестік, біразымен кездестік, олар жазған естелік-мемуарлармен таныстық. «Есеновті не үшін қудалады?» деген сауалымызға сондағы алған жауабымыз, бәрініңде бергені бір-ақ жауап болды:—қызғаншақтық, «мен біріншімін!» деген өр кеуделілік. Бұл ол кісіге қайдан келді? Бұрын мұндай емес еді ғой? Өзі айтқандай: «көп мәселенің ішінен мемлекеттік күрделі, халыққа тиімді мәселені алға алып шығуды Үкімет басшысына орынбасар болып жүргенде үйрендім» деп, кішпейілділік танытқан ол, ел көсеміне айналған тұста өзінен кейін өсіп келе жатқан ізбасар інілерге , ел тұтқасын ұстайды деген азаматтарға азаматарға неге қырғидай тиді?

Өзіміз қойған сұрақтың жауабын біз де беріп көрелік. Біріншіден, сол кездегі хал-ахуал, экономикалық жағдай, айнала толған дефитцит-тапшылық, күн ұзақ бір кило май мен ет алу үшін кезекке тұратын халық та шаршап, жүйкесі жұқарып, әбден созылғаннан үзілуге тая тұрған жіптей жүйке жұқарып тұрған кез болатын. Бір күні болмаса бір күні халық бомба болып жарылар ма екен деген хауіп Мәскеудегі кәрі-құртаң «Біріншілер» мен политбюро мүшелерінде, министрлерінде, республика басшыларының бәрінде де болатын. Қарапайым ғана қағида, әлсіз, аш адам аяғында нық тұра алмайды ғой, Сол сияқты сондай қоғам орнатып алған сол кездің "қызыл коммунистері" өздеріне де сенмсіз еді, аяқтарының қара жерде нық тұрмағанын сезетін. Қайталап айтуға мәжбүрміз, олар—«қызыл коммунистердің» өзі құрып жатқан қоғамының болашағына өздері сенімсіз болады. Эйнштейн данышпан айтқандай-ақ барлық нәрсе салыстыру арқылы анықталады, ажыратылады. Қара халықтың аяғы жетпегенмен ол кездің бастықтарының бәрі капиталистік мемлекеттерге іс сапарға шығып, «іріп-шіріп бара жатыр» деп бізге өтірік айтып келгенмен, Европа мен Америкаңыздың гүлденіп бара жатқанын кздерімен көріп жүрді ғой. Салыстырды. Іріп-шіріп құрыйды деген капитализмнің күн сайын дамып бара жатқанының себебі жеке меншік пен базарлы эконмикада екенін көріп, түсініп тұрса да түк көрмеген, білмеген болып, бесжылдық жоспарларын қабылдап, жоспарлы экономикаларын қашан өзі қақырап, құлап түскенге дейін жүргізе берді. Ал, сенімсіз адам секемшіл келеді. Бұл сол кездегі басшылардың бірінші кемшілігі еді.

Енді сіз бұған орысша айтқанда «возрасть», қазақша айтқанда қарттықты қосыңыз. Шынын айтқанда Мәскеуден бастап Одақтас республикалардың бәрінде, басшылық қызметте, партия мен Үкімет басында көбіне-көп нашар денсаулықпен жағаласып жүрген шалдар отырды. Табиғаттың заңы, жас ұлғайған соң сіз қанша жарден ышқынғаныңызбен отыз бен қырық жастағының ойлағанын ойлап, істегенін істей алмайсыз. Қыранның да қанаты талатын, тұлпардың да тұяғының тозатын кезі болады. Сол сияқты Қонаев та биологиялық, физиологиялық жағдайдан тұратын, табиғаттың бір бөлшегі. Ол да ақсақалдықтың аулына, қарттыққа келді. Бұл, ең әуелі өзіне деген сенімсіздікті тудырды. Ол елуінші-алпысыншы жылдардағы ойы сергек, жүрісі ширақ, шешімі тез, идеясы көп басшыдан көрі сақ, секемшіл басшыға айналдырды. Қанша жерден «кемеңгер» деп қомпитып, қоқиландырғанмен Қонаев та Сіз бен біз секілді ет пен сүйектен жаралған жан екенін көрсетті.

Халықтың сол кездегі жағдайы, экономиканың құлдырауы, саясаттың небір сұрқия тірлігі, адамдардың алауыздығы, маңайындағылардың мансап үшін бір-бірімен арандауы, қарттық, не керек, медицина тілімен айтқанда «истощение организма» болды да қойды. Жеке бастан ауысып қоғамдық құрылымға әсерін оңдырмай тигізді. Өзінің адамдарды тану «имунитеті» азайған Қонаев айналасындағы адамдардың сөзіне құлақ асты, тыңдады, бүгін берген уәдесін ертеңіне бұзды, қысқасы, Қазақстандай жер көлемі үлкен, байлығы шалқар, жерінің аты кенге, үсті астыққа толы және қырық рудан құралған, «достығы» жараспаған көп ұлтты у-шусыз басқару қиынға түсе бастады да, айналасындағы: С.Имашев, Б.Әшіміов, А.Асқаров, Меңлібаев, Бекежановтардың... пікірімен ел басқаратын болды. Осындайда ұл Абай қалай айтушы еді:

Қартаң тартқан адамнен от азаймық,

От азайса, әр істің бәрі тайғақ.

Шаруаң үшін көрінген ақыл айтып,

Жолың тайғақ, аяғың тартар маймақ.

Біздің, жеке басымыздың Дінмұхамед Қонаевта бес бересі, алты аласымыз жоқ. Біз де сол кезеңнің төл перзентіміз. Есімізде жақсы қалған сәттер, Қонаев атамыз трибунада Мәкеу басшыларының ортасында, олардан оқ бойы озық, маңдайы жарқырап тұрғанда ауылда жүрген біздерді мақтаныш сезімі кернейтін. Батыс ойшылы А.Шопенгауэрдің: «өлгендерді асыра құрметтеу үшін тірілерге жалған сөйлеу де—ауыр қылмыс» дегені бізді ойландырады. Сондықтан да жалған сөйлеп қылмыс жасағымыз келмейді. Ел айтады Қонаевтың Қазақстан экономикасына, мәдениетіне, өнеріне қосқан үлесі зор деп. Енді басшылықта 42 жыл, Бірінші хатшы болып 25 жыл отырған адам зор үлес қоспағанда не қоспақ. Жеке басымыз жақсылық та, жамандық та көрмеген біз, оның-- Дінмұхамед Қонаев атамыздың әруағының алдынан кешірім сұрай отырып, кездегі қоғамда кеткен кемшілктерге, жеке адамдарға тигізген қасіретін айтпай тағы да қала алмадық.

Қазақстан Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісі болып, үлкен үйдегі ішкі жағдайды көзімен көріп жүрген Михаил Есенәлиев ойын ашық айтады Бұл пікір бәрімізге де құнды, қымбат:

«--Димаш Ахметұлында өзгелерге, әсіресе, өз бетінше ойлай білетін, жағымпаздық дегенді білмейтін өр кеуде тұлғаларға обьективті қараудан гөрі өзінің жеке басының мүддесін жоғарырақ қойып өктем бағалау басым болды. Турасын айтқанда, ол басшы адам үшін «лауазымың неғұрлым жоғары болған сайын қарамағыңдағыларға соғұрлым қайрымды және ізетті болу керек» дейтін ежелгі ұстанымды тәрік етті...Кездескен кедергілерді ол өз жолынан алып тастап отырды. Осыдан соң «оның зиялылығы мен демократизімі қайда?» деп, таң қаласың?!

Өкініш те сонда, Димаш Ахметұлының әруағын қастерлей отырып, сарай ішіндегі жекелеген «сүйіктілер», сыбырлақтар және «сұр кординалдар»» (қызметтен тыс кездегі ақылгөй кеңесшілер) айтқан ақпарға оның құлай сенгіштігін айтуымыз керек. Олар, әсіресе, кадр саясатын айқындауда трайболистік—аймақтық психология мен тар пайымдаудан аса алмады. Міне, тап сол кезде, 70-ші жылдары біздің сайқымазақшылар өмірімізді жайлаған сол бір қисық ұстанымды сын тезіне салып, «Биография жараса да географияң жарамайды...» деген әжуа нақыл шығарды. Өкінішті-ақ іс! Осы қағида бойынша кейбіреулерді үрдіс жоғарылатып, ал, енді біреулерді жылдар бойы «байлауда ұстап" , өсуіне кедергі келтірді. Әлдебірееулерге ұсақ-түйек кикілжің, түкке тұрмайтын дау-жанжал ұйымдастырды. Бұл, әрине, республиканың да, Димаш Ахметұлының да кәдесіне аспай, беделіне нұқсан келтіріп, тұтастай алғанда ұлттың бірігуіне үлкен зиян болып тиді...

Оған бір ғана мысал келтірейін, Қаныш Имантайұлының ғылым дүниесінде ғана емес, күллі Қазақстан қауымындағы беделі мен танымалдығы өте зор еді. Сырттай қарағанда Үкіметтің төрағасы, содан кейін ширек ғасыр бойы Орталық Комитеттің Бірінші хатшысы болған қайраткер мұндай ғылыми және қоғамдық алып адам үшін өз халқымен бірге қуанып, мақтаныш тұтуы тиіс болатын. Алайда, бұлай болмады. Тіптен, Қ.Сәтбаев қайтыс болғаннан кейін де ол, мәймөңкесіз айтқанда, оның есімін әдебиетте, кинода, бейнелеу өнерінде мәңгі есте қалдыруға аса ықылас білдірмеді. «Қазақфильмде» жасалған деректі фильімді республика басшылығы бір көргеннен-ақ оның кәсіби нашарлығынан емес, Сәтбаевқа табыну басым деген желеумен жауып тастады. Тап осындай себеппен Мәскеуде, орыс тілінде, «ЖЗЛ» сериясында жарық көргеніне қарамастан Медеу Сәрсекеевтің «Қаныш Сәтбаев» кітабын Алматыда , қазақ тілінде жариялауға тиым салынды. Екінші бір талантты ғалым, шығармашылығы сан қырлы академик, көпшілікке танымал Е.Бөкетовке Д.А.Қонаевтың жақын көмекшілерініңи бірі баспасөзде дөрекі түрде жала жапты...»

(«Қазақ әдебиеті», 7 қаңтар 1997 жыл.)

Қашанда да Қонаевтың кемшілігін айтқысы келгендердің бәрі оның «айналасына» кінә артады. Айналасы--олар кім? Бір жауабын мына хат айтады:

«--Сізге Д.В. Сокольскийдің бір жағымсыз қылығы туралы хабардар етуді өзімнің міндетіме балаймын. Осы жылдың орта шенінде ол, Ержанов және тағы бір қазақ (тапал, ОК-ның қызметкері) .... кездесіп, бір записканы (қысқа хатты) жазуды қолға алды. Басында мен оған мән бере қоймаған едім, бірақ жақсылық еместігін сезе сала Д.В.-дан оны маған көрсетуін сұрадым. Ол көп қиналып, ақыры маған көрсетті. Бұл Сізге және Сіздің жақындарыңызға жабылған жан түршігерлік жала боп шықты. Мен оған тоқтау салдым. Ол маған уәде берді. Мен оған түсіндірдім. Сіз Д.М.Сокольскийге жақсылықтан басқа ешнәрсе жасаған жоқсыз. Еңбек Ері, депутат, бірінші вице-президент және тағы басқалар. Ол Сіздің қолдауыңызсыз-ақ (оның ойынша Сіз қарсы болған көрінесіз) Еңбек Ері болдым дейді. Академиктікке өткенде де қолдамапсыз, жалпы оның ойынша Сіздердің барлығыңыз да оңбағансыздар, оны бағалай алмағансыздар, барлығыңызды жойып жіберу керек дейді. Дегенмен ол бұл хатты ешқайда жібермеймін деп маған сөз берген еді.

Ендігі біліп отырғаным- ол ауру адам. Ол өзін періште санайды. Ал ақиқатында меньшевиктің ұлы. Оңбаған.


Сәлеммен, Сокольская».

***


Нұрың пейіште шалқығыр Сокольская.................евна әділетсіздіктің көпе көрнеу көз алдында жасалып жатқанына жаны шыдамай, «өзімнің міндетіме балаймын» деп тұрып осылай Есеновке хат жазыпты. Оны біз Камила апайдың қолындағы қолжазба-құжаттардың арасынан кезіктірдік. Не айтарыңды да білмей, орыстар айтқандай «бог вам судья» дейсің. Сөйдемегенде не демексің, бәрі де әруаққа айналып, бір жаратушыға барды ғой. Ол жақта не болып жатқаны бір құдайға ғана анық.

Он бес жыл Орталық комитеттің идеология жөнінен хатшысы, Қонаевтың оң қолы болған С.Имашев та сол ортаның адамы еді. Ал оның сол ортаға ықпалы қандайлық болғанын М.Есенәлиев айтады. Оның сөзін де, пікірін де қоштайтын көзі тірі көп замандастар ортамызда бар. Тіптен, зор болғандығы сондай кей сәттерде аңғалдау Қонаевтың өзін өз «шындығына» сендіріп, тіптен көзқарасын өзгертіп, кеше берген уәдесін бүгін өзгерткен тұстары да аз болмапты. Кеңестік кезеңнің бүгінде ұмытылып бара жатқан жағдайын, үлкен саяси ортаның «саясаты» қалай жасалынатынын сол кездің мемлекет және қоғам қайраткері Михаил Есенәлиев былайша таратады:



«--...С.Н. Имашев, ол көрнекті қайраткер, өз уақытының идеологы болды. Ол жайлы қазіргі таңда жете талданып, талқыланып болған жоқ. Денсаулығының мықтылығын, соңғы уақытқа дейін қажырлы еңбектенгенін ескерсек ол саясаткер ретінде нағыз кемел шағында өмірден өтті.

Барлығы күтпеген жерден болды. Москваға Жоғарғы Кеңестің сессиясына аттанды және сол сессиядан соң парламент делегациясын басқарып шетелге жолсапарға бару да көзделген болатын. Ол кезде мен сыртқы істер министрімін, бұл туралы маған Москваға жүрер алдында ол өзі айтқан.

Шетел сапарының орнына Кремль емханасына жүрек ауруымен түсіп емделіп, содан Алматыға келгеннен кейін көп ұзамай қайтыс болды. Небір қатерлі аурулар емделіп жатқанын ескерсең, еріксіз көңлің бұзылады…

Оның еңбекке қабілеттілігі, сауаттылығы және байыптылығы қызметтестерін өзіне құрметпен қарауға мәжбүрлейтін. Бірақ интеллигенцияның оған идеолог ретінде көзқарасы, бұрындары ғана емес қазір де, қарамақайшы болды.

Бүгінде біздер, көп жағдайда байыбына бара бермей, өтпелі кезеңге тән қалыпты бір идеологияның жоқтығын сезінсек те, бұрынғының барлығын бас-көз жоқ түкке тұрғысыз етіп жамандай беретін кезеңді бастан өткерудеміз. Солай дейтіндер сол кезеңде болса өздерін қай қырларынан танытып, қоғамға пайдалы не бітірерлерін кім білсін.

Сынаудың тиімді формасы - өз ісіңмен сынау. Біреудің кемшілігін бетіне басудың орнына, дұрысы қалай екенін ісіңмен көрсет, ал, халық әділ бағасын өзі береді. Олай жасауға қазір мүмкіншіліктер жеткілікті – бұрынғы қалыптасқан жүйенің тас талқаны шықты, кеңестік идеологияны түкке тұрғысыз еттік, қысқасы өзіңді көрсеткің келсе оған еш кедергі жоқ. Дегенмен соңғы кездерде, қазіргі тұрмыс жағдайынан ба, өткен уақытты еске түсіру жилеген тәрізді.

Егер бұрынғы Кеңестік мемлекетті – революцияға (төңкеріске) дейін және революциядан кейін, соғысқа дейін және соғыстан кейін, қайта құруға дейін және қайтақұрудан кейін деген кезеңдерге бөліп қараған болсақ, Қазақстан жағдайында одан өзге – колхоздастыруға дейін және колхоздастырудан кейін, тың көтеруге дейін және тың көтерілгеннен кейін деп аталатын кезеңдер болды. Саттар Нұрмашұлы Имашевтің еңбек жолы осы соңғы кезеңге, 50-80 жылдарға - алғашқыда Тың өлкелік партия комитетінің хатшысы, одан кейін 15 жыл қатарынан Орталық комитеттің идеология жөнінен хатшысы, соңғы жылдары Қазақ республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы қызметін атқарған кезеңге тура келді.

Бүгін, Д.А.Қонаев туралы оның Қазақстанның даму тарихына, экономикасының, мәдениетінің дамуына қосқан орасан зор еңбегін атап корсететін мақалалар көптеп жарияланып жатқанда, барлық жағымды өзгерістерді тек сол кісімен байланыстырып, көлеңкелі тұстарды өзгелерге телу, әділеттілікке қиянат болған болар еді.

Д.А.Қонаевтың да, әрбір адам баласына тән, әлсіз тұстары болды. Оның субьективтілігі, (субьективизм – біреуге іш тарту, әділетсіздік) қызғаныш, кей тұстарда аса қатал көзқарасы Қ.Сатпаев, Ж.Ташенов, Е.Букетов, Ш.Есенеов, Е.Дүйсенов, С.Кенжебаев, К.Егізбаев, К.Ахметов сынды дара тұлғаларға, олардың өмірлеріне ауыр, қайғылы әсерін тигізді. Сондықтан неғұрлым, орынсыз әсірелемей, шындыққа жүгініп жазылса, солғұрлым Қонаевтың өмірбаяны айқын да анық болады, тарих үшін де керегі осы.

Имашев басшы ретінде, идеолог ретінде де Қонаевтің көлеңкесі іспетті, оның ықтиярынсыз өз бетінше бір қадам да жасамайтын еді. Саясат, идеология мәселесінде Қонаевтың айрықша сеніміне ие Имашевтай ешкім болмады.

Саттар Нұрмашұлы идеология жөнінен хатшылыққа Д.А.Қонаев екінші рет Орталық Комитетке бірінші хатшы болып келген кезде, 1965 жылдың бас жағында сайланды.

Қонаев бұл таңдауды Имашевтің іскерлігін, білімділігін, еңбексүйгіштігін, кәсібилігін, адамгершілігін ескеріп жасады деп ойлаймын. Ол болса бастығының қалауын еш қалтқысыз, еш қарсылықсыз орындап қана қоймай, оның емеурінін қажетті саяси-экономикалық формаға ұштастыра отырып, алдын ала болжап қоятын.

Мына бір жәйтті де жақсы түсініп, білу қажет. Бүгінгі тәуелсіз республикада мемлекеттің сыртқы саяси ахуалы тікелей президенттің құзырында, ал оны атқарушы – Сыртқы істер министрлігі. Сол сияқты ол кезде идеология мәселесі Орталықтың, Орталық Комитеттің бірінші хатшысының құзырында, ал, оны іс жүзіне асырушы Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы. Бұл іске басқа біреудің араласуына жол берілмейді. Ал, егер ондайлар болып жатса дер кезінде «орнына» қойылатын. Бұл турасында С.Имашев қайраткер ретінде де, адам ретінде де, өзінің де, өзгенің де бар әрекетін жіті зерделеп қадағалайтын барынша сақ адам еді. Мінезі мен әрекеттеріндегі бұл ерекшеліктер сірә оның жас кезінде калыптасқандай. Отан соғысының бас кезінде ұшқыш-десанттар училищесін бітіріп, ол әскери қызметін жас лейтенант десантшы ретінде бастады. Ал қарулы күштердің бұл түріне әр адамның жеке және жоғары моральді-психологиялық ерекшеліктеріне қарай қабылданатыны белгілі. Ол республикадағы қоғамдық-саяси ахуалды және Москвадағы ғана емес Алматыдағы да өзінің қамқоршыларының көңіл-күй, ойларын өте сезімталдықпен аңғаратын.

Тың өлкесінде елді мекендер мен мектептерді ірілендіру (орталықтандыу) деген желеумен жаппай бастауыш қазақ мектептерін жабу науқаны басталды. Негізінде, кесірі осы уақыттарда тиіп жатқан, жергілікті ұлт үшін ана тілінде оқу жүйесінің түп тамыры осы кезеңде зақымдалды. Қазақ классиктері өлеңдерін сағаттар бойы жатқа айтатын Имашев, бұның артының неге соғарын, қазақ халқының қандай құндылықтан айрылғалы тұрғанын сезбеуі мүмкін емес еді. Бірақ Орталықтың мұндай жойқын саясатына қарсы келерліктей қайсарлық онда жоқ болып шықты.

Д.Қонаевтың оған деген сенімі соншалықты, Имашевті Жоғарғы Кеңестің Президиумы Төрағалығына сайлағаннан кейін де, Орталық Комитеттің саяси құжаттары қарап, толықтыру үшін соған жіберілетін. Аса жауапты, саяси салдары болуы мүмкін мәселелер турасында Орталық Комитет жетекшілері Имашевтің уәждеріне құлақ асатын.

Бұған бір мысал. Сол кездің өзінде қазақ интеллигенциясы арасында белгілі ойшыл, ақын Шәкәрім Құдайбергенұлының еңбектерін басып шығару мәселесі туындады. Бұл туралы Д.Қонаевтің атына аса салиқалы, дәлелді жеке жолдауын жазған көрнекті Башқұрт ақыны Сейфулла Кудаш еді. Қысқасы, Шәкәрімді сөз жүзінде емес, оның әдеби мұрасын жарыққа шығару арқылы ақтау қажет болды. Бірде, сол кезде Орталық Комитеттің мәдениет бөлімінің меңгерушісі ретінде, Имашев жоқ кезде, белгілі жазушы Ғабиден Мустафинмен бірге Д.А.Қонаевқа бардық. Шәкәрім еңбектерін жарыққа шығару қажеттілігіне оның көзін жеткізіп, келісімін алдық. Біздің келгеніміз, өзінің келіскені жөнінде Димаш Ахметұлы Имашевке айтыпты. Содан Саттар Нұрмышұлы мені өзіне шақырып алып Шәкәрімнің еңбегін босып шығаруға қарсы емес екенін айтып, бірақ әзірше асықпауды талап етті. Тура осы арада аттары мәлім А.Бөкейханов, М.Жұмабаев, Н.Меңдешев және басқалардың еңбектерін цензураның өткізбейтіндігін айтты. Біз өзара дауласқандай болдық. Имашев ол қайраткерлердің барлығының ақталатынын, бірақ әлі де оған уақыт керектігін, оған қоса Шәкәрімнің өліміне себебші адамның әлі тірі екенін, ол тірі тұрған кезде бұған байланысты әрекеттердің барлығының бекер екендігін ескертті. «Сендерге, Мустафин екеуіңе, ешнәрсе де болмайды, ал Қонаевқа жауап беруге тура келеді», деп тоқтады. Ал осы мәселемен екінші рет Қонаевқа кіргенімде ол кісі: «Күте тұрыңдар, Имашевтікі дұрыс» деп шығарып салды. Әрине, бұл шешімге Мұстафин қатты ренжіді.

Сол кездегі саяси ұстанымдарға кереғар келмейтін мәселелер жөнінде Имашев байыпты да байсалды шешім қабылдайтын. Оның тікелей қатысуымен республикадағы көптеген әлеуметтік, мәдени маңызды құрылыстар өз шешімдерін тауып жатты».

(«Уақыт және біз», қаңтар, 1999ж.)

***

Олар Бірінші хатшының айтқанын ғана істеп, айдауына жүріп отырған адам сияқты сырт көзге көрініп, ал, шындығына келгенде не бір үлкен істерді осылайша шыр көбелекше айналдырып, кейбір мәселелерде бас пайдаларына, көңілі жақын тамыр-таныстарының есебіне шешіп отырды.

Жазушы Медеу Сәрсекеевтің «Ебіней Бөкетов» атты ғұмырнамалық деректі хикаят кітабында мынадай бір көрініс бар. Басына бұл үйіріліп сергелдеңге түсіп жүрген Ебіней Бөкетовті Орталық Комитетте нұсқаушы болып қызмет істейтін досы бір күні оны таудағы сажайына әкеп қонақ етеді. Мақсаты үлкен үйде болып жатқан әңгіменің шет жағасын білетін досы Бөкетовке келіп жатқан қырсықтың, өкпек желдің қай жақтан соғып тұрғанын ашып айтпақ. Досы аты-жөнін көрсетпеуді жазушыдан сұранады. Біз де кім екенін жобаласақ та есімін атамауды жөн көрдік. Академик Бөкетовтің сол досы былай депті:

«--...дұрыс. «Ағасы бардың жағасы бар» дегенді қазақ біліп айтқан... Апырай, артынан ерген жалғыз інісін академияға президент ету үшін, маймөнкелеп қайтеміз, бұл енді саған да, маған да, дүйім жұртқа мәлім оқиға: дөй ағасы екі бірдей жампоз ғалымды ғылым басшылығынан тайдырды. Ал, сен сол екеуін, Шөкин мен Есеновті айтамын, очеркіңде асыра мақтапсың. Мен ойладым: Димекеңнің соларды сонша тұқыртқан әрекетін білмегенсіп, тіпті ерегескендей мейлінше әсерлеп жазыпсың. Әсіресе, Шахмардан досыңды. Сүйсіне оқыдым. Бірақ...бұған да ойлануың керек еді. Нәтижесінде қаламыңнан кемістік іздеген жұртқа айғақты өзің ұстаттың. Онда да бұрмалап, сыйпаттап Біріншіге жеткізді сол маңаттағы сыбырлақтар. Бір де. Екінші, өзімен жұмыс бабында келісе алмаған ғалымдарды асыра мақтап, жалғыз інісін қасақана атамай кеткеніңді, өсекші жұрт сөз қылғандай, «Асқардың ғылыми парасат-бітімі таяз» дейтін сөзді айтсаң да, айтпасаң да саған таңып жүрген жағдайда мұның –үлкен қателік! Димекең саған сол үшін өштесіп отыр...» деді, Ебінейдің босқа күйіп кеткелі тұрғанын, үлкен үйдегі оған ұйымдастырылып жатқан қасастықты сезген досы жаны аши тұрып. «Ұқтың ба, қазақ ғылымының жарық жұлдыздарын күллі Одаққа танытам деп жүріп, нені бүлдіріп қойғаныңды?!»-деді, сөзінің соңында.

Көрдіңіз бе жауласудың басының қайда жатқанын. Өр кеудеден шыққан өштесудің екпіні қатты. Ол Сәтбаев, Шөкин, Есенов, Бөкетов, Жәнібеков, Тәшенов, Есенәлиев... мені неге қолпаштап, марапаттамайды. Мен емес пе осы республикадағы Бірінші адам, мен емес пе оларды өсіріп, қызмет берген, атақ берген. Әйтпесе, көптің бірі болып жүрмес пе еді, ел ортасында деуі мүмкін-ау, әрине. Дұрыс дейсің. Бірақ, ел билігі қолына тиген адамға, оның ішінде кез келгеннің үлесіне тие бермейтін «бірінші» басшыға қандай мақтау, қандай марапат керек. Отырған орнының өзі бар марапат, атақ-даңқтан биік емес пе! Қайта, дарынды адамдарды даралап, халық шаруашылғының күрделі-күрделі жұмыстарына жегіп, ел экономикасын көтеру «Бірінші» басшының басты парызы емес пе?! Бірақ, біздің де басшыларымыз кеудесін темірге толтырған Брежневке еліктеп өзімшіл болмады ма, сол тұста. Амал қанша.

Тарихқа үңілсең патша, король, хандардың дерлік жүріп өткен жолдары бір біріне ұқсас: халықты қанаған, дарынды адамдарды асқан, атқан, әке мен бала таққа таласқан, бір-біріне у берген, өлтірген...тағысын тағылар. Біздің «хатшылардың» олардан айырмасы таласып-тартысқандарды партиядан шығарып, жындыханаға тыққан. Партиядан шығу ол кез үшін бүкіл болашағыңа жол жабылды деген сөз. Сен де бір, сүтке тиген ит те бір болып, өмір кешесің.

Есенов қасиетсіз адам емес қой, өзіне көрсетілген Қонаев шапағатын өмірінде жоққа шығарған емес. Жас демей 33 жасында министр еткенін, өзіндегі дарын мен таланттың ашылуына мүмкіндік жасағанына ол қашанда да ризатын. Бірақ ол ешқашанда да Қонаевқа қарсы ешқандай жаман сөз айтып, іс істеген емес. Біріншіден, бұл Шахмарданның табиғатына жат, «өлсем де досымды сатпаймын» дейтіндердің сортынан. Екіншіден, қандай қызметте отырса да ол белсенді, жаңашыл болды. Оның сыры Қонаев сенімінен шығу, ұятқа қалдырмау. Тапқан, таңдаған кадрің сенімді ақтап, жұмысты жүргізіп жатса басшы атаулыға бұдан артық не керек. Алайда, Есеновтің белсенділігі, жаңашылдығы басында ұнады да, соңында неге ұнамай қалды? Сұрақ көп, жауап та көп. Бірақ, сол көп жауаптың тоғысар жері—орнымды алып, «біріншіліктен» айрылып қалам ба деу. Ол Шахмардан Есенов мүмкіндіктерін, дарынды тұлға екенін аңдай алмай қалған секілді. Шын мәнінде ол ел басқаратын, жұртты жөнге салтын нағыз Басшы еді. Кәрі кетеді, оның орнын жас басады. Өмір заңы, сен оны өзгертуге құдіретің жетпейді. Қонаевтың қателігі де осы жерде болып тұр, одан да ол табиғат заңын мойындап, жұрттың сөзіне ермей, өз орнына Есеновтей тұлғаларды дайындағанда, мүмкін Желтоқсан оқиғасы болмас па еді.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл». Біреу айтса сенбес едік, өз көзімізбен көріп, құлағымызбен естідік, Горбачевтың өзі Қонаевқа «Республикаңда ылайықты кім бар басқаратын» дегенімде, ол «ешкім жоқ, Орталықтан болмаса» деді деп соқты ғой көгілдір экран арқылы бүкіл Одаққа. Егер солай деп айтып жатса, шынында да билікте 42 жыл, оның ішінде Бірінші хатшы болып 25 жыл отырған Қонаев мемлекеттік дәрежеде ой-ойлап, «тон піше алатын» біраз Есеновтерді тәрбиелеп, әзірлеп отыруы керек еді. Бұл сонда нағыз кемеңгерлік болар еді. Және өмірді көрген, тарихты білетін адам ретінде де жоқтық пен тапшылықтың арты жақсылыққа апармайтынын пайымдап, шәкірт тәрбиелеп, қандай бір жағдайларға да әзірленуі керек еді-де. Бұл ол кісінің басты кемшілігі болып тарихта қала береді.

Высоцкий: «бізге бір төңкеріс пе, бір серпіліс пе, керек-ақ!» десе, Есенов: «Қазақстанның асты да, үсті де тұнған байлық, ал, халық неге қайыршы?» деген сұрақты өзіне де, өзгелерге де жиі қойып, «қайнайды қаным, ашиды жаным» деп, Абайша күйінді. Жоғарғы Кеңестің мінберінен, халық қалаулылары алдында талай рет айтты да. Бірақ оған көңіл қояр адамдар болған жоқ.



Осыдан бес жыл бұрын «Қазақстан» баспасынан, «Ғибартты ғұмыр» сериясы бойынша «Шапық Шөкин» атты ғұмырнамалық кітап шықты. Онда академик адамзат тарихына дүркірей келіп, күңірене кеткен Кеңестік қоғамның, оны басқарған басшылар туралы өз пікірін ашық жазыпты. Қазақстанның энергетика саласында небір жаңалықтар ашып, елі мен жерін суландыруға белсене ат салысқан, академик Шапық Шөкин былай дейді:

«--Қызмет баспалдағының өте жоғары сатысына көтерілген—КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болғаннан кейін Д.Қонаев адамдарға, атап айтқанда, дос бола қоймаған адамдарға көзқарасын қайта қарауға тиіс еді, --деп жазады ғалым.—Өкінішке қарай, ол мұны істеген жоқ. Оны түсінемін: адамның ең қиын күресі—өзінің кемшіліктерін, әдет-ғұрпына, дағдысына қарсы күресуі.

Д.Қонаевтың қызметі, әдетте, тек жақсы жағынан бағаланады, ал оның ірі кемшіліктері туралы жақ ашылмайды, бұл мүлдем жөн емес. Сөз жоқ, оның сіңірген еңбегі толып жатыр, бірақ сонымен бірге оның әбден салмақты күнәлары да болды. Солардың қатарынан ең алдымен оның республикада болған, көптеген аймақтрдың әлеуметтік-экономикалық дамуына тым теріс әсерін тигізген аса ауыр экологиялық зардаптары болған үлкен теріс оқиғаларға (актілерге) белсене қатысқанын көрсетуіміз керек. Өзінің естеліктерінде Д.Қонаев олар туралы ештеңе жазбайды. Атап айтқанда ол осы естеліктерінде Қазақстанның орасан зор аумағы ұзақ уақыт бойы әртүрлі тажалды қарудың полигонына неліктен айналғанын көрсетпейді; Арал апаты туралы ештеңе жазбайды; оларда республикаға атын берген халықтың тілі ретінде қазақ тілінің маңызы барынша төмендетілген; КСРО-ның шикізат аймағына республиканың қалай айналғанын және басқаларын аттап өтеді.

Осынау және басқа ірі теріс оқиғалардың әбден шарықтауы кезінде ол Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары және төрағасы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі болды ғой. Оның халыққа осының шындығын айтып беріп, зардаптары аса ауыр болған осынау бүкілхалықтық қасіреттердегі өз кінәсінің үлесін мойындауы керек еді.

Барлық дерлік әскери полигондар мен сынақ алаңдарын (Семей, «Капустин Яр», «Азғыр» және басқалары) құру жөніндегі негізгі құжаттардың соңында оның қолы тұр. Төніп келе жатқан Арал экологиялық апаты туралы ол көптеген гидротехниктер мен гидрологтардың дабыл қағуынан, соның ішінде мен 1974 жылы қыркүйекте өз қолыммен жазып, өз қолына тапсырған арнайы хатымнан әлдеқашан жақсы біліп отырды. Өнеркәсіпті дамытудың шикізаттық бағыт ғана алуына ең алдымен Қонаев жауап беруге тиісті, өйткені өкіметтің жоғарғы эшелонында экономика сектрімен негізінен сол айналысты және ұзақ уақыт республиканың бірінші басшысы болды.

Өкіметтің жоғарғы эшелонында 42 жыл бойы болған, 25 жыл Қазақстанның бірінші басшысы болған Д.Қонаев республиканың экономикалық және мәдени әлеументін дамытуға көп еңбек жұмсады. Сонымен бірге ол, шын мәнінде қарсы келе қоятын ешкімнің жоқтығына қарамастан, өзіне жақпайтын адамдар жөнінде жөнсіз өктемдікке жол берді. Олардың арасында аса жоғары қоғамдық жағдай мен мемлекеттік мансаптарға ие болып, Қазақстанның гүлденуі үшін көп нәрсе тындырған Қ.Сәтбаев, Ж.Тәшенов, Е.Бөкетов, С.Мұқанов, Ш.Есенов, М.Сужиков, М.Есенәлиев, С.Кенжебаев және басқалар секілді халқымыздың ірі қайраткерлері болды. Мысалы , өзім жақсы білетін Жұмабек Тәшеновті алайық. Ол облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары және төраға, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің және Министрлер Кеңесінің төрағасы болды. Адамгершілігі, жанашырлығы аса күшті, жаны жайсаң, батыл да принципті адам болды. Жағымпаздану дегенді білмеуші еді. Басты мәселелерде Жұмабектің өз пікірі болатын, онысын қорғай да білетін, нендей жағдайда кездессе де өз позициясынан таймайтын. Осының бәрінің арқасында ол халықтың барлық жіктерінің арасында орасан зор беделге ие болды. Сөйте тұра ол Қонаевқа жақпады да, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болып бекіген жылы, жұрттың бәрін таң қалдырып, оның жоғары қызметтен босатылуына қол жеткізді де, төменгі жұмысқа жіберді. Ал, 1975 жылы ол 60-қа келген бойда, тап ертеңіне зейнетке шығартты. Тәшенов ғылыми-техникалық қоғамның Шымкент облыстық кеңесінің жетекшісі болып жүріп 1986 жылы қайтыс болды. (Дәл сол жылы Д.Қонаев та жоғарғы мансабымен қош айтысты—авт.)

Кейбір оқырмандардың ойында мынадай сұрақ туындауы мүмкін: Қонаев қызметінің теріс жақтары туралы мен қазір, ол көз жұмған кезде неге жазып отырмын, бұл өткен кезеңдердегі біздің өзара қатынасымыздың салдары емес пе? Осыған қысқаша ғана тоқталайын.

Қонаевтың кінәсынан өзім бастан кешкен негізгі қиындықтар туралы мен «Өмірдің төрт мезгілі» атты, ол кісінің көзінің тірісінде, 1992 жылы жарық көрген естеліктерімде жазғанмын. Менің білуімше, Қонаев ол кітапты оқыған және оның тарапынан фактілер теріске шығарылған жоқ» .

(«Шапық Шөкин», «Қазақстан» баспасы, 2004 жыл»)

***


Қоғамдағы әділетсіздікке бойы үйреніп алған саяси және зиялы орта Шахмардан басына түскен қиянатқа ешкім араша түскен жоқ. Бірде-біреуі жаны күйіп, «бұл дұрыс емес қой, оның халық үшін атқарған еңбектерін неге ескермейміз!» деп, айта алмады. Мұның бәрі сол кездегі барша адамдарға дерттей болып жабысқан-- «Үндемеген үйдей бәледен құтылады», «бәледен машайық қашыпты» деген, құлдық психологияның әсері еді. Дәл осы тұста «Қаныш Сәтбаев», «Ебіней Бөкетов» атты деректі-хикаят кітаптарының авторы, белгілі жазушы Медеу Сәрсеке пікірімен қосылмасқа амалыңыз жоқ. Сол қоғамның психологиялық хал-ахуалын ол дәл беріп тұр.

Ол: «...бір рет жазасыз өткен, жолды болған қитұрқы амал екіншіде, үшіншіде... бөгетсіз іске асты. Күллі қауым соған еті өліп, жергілікті үлкен-кіші билеуші өз дегенін астыртын қастандық ұйымдастыру жолымен жүзеге асыратын болды; бақилыққа өткен соң ширек ғасыр уақыт Сәтбаевтай ұлының қадірменді есімінің сирек аталып, ол туралы естеліктер мен әдеби еңбектердің жарыққа шықпай «құлыпқа» түсуі, Шапық Шокин, Шахмардан Есенов сияқты Қанышқа ізбасар ғалымдардың Академия билігінен тайдырылуы да зиялы қауымның нақ осы үндемеу, көрсе де көрмегенсіген бейтарап та әлжуаз саясатының нәтижесі!».

Ия,«халқы қандай болса, патшасы сондай!» деген сөз бар баяғыдан келе жатқан. Билеушілерге «ләппай тақсыр!» дегіш бағынушыларымыз көп болып, небір талантты, дарынды адамдардың жолын да, өмірін де қиды. Әйтпесе, Есеновтей білгір ғалымды, білікті басшыны ел басқартып, маңызды мансаптарды беріп, жауапты қызметтерге жегудің орнына кезінде, жиырма мен отыздың ортасында атқарған экспедиция жетекшілігін беруді «әділетсіздік қой!» деп, ашық айта алмаса да көпшілік құптаған жоқ.

ххх


Содан тарих сахнасына көптен күткен 1986 жылдың желтоқсаны келді. Жиырма бес жыл Қазақстанның Коммунистік партиясын басқарып, үш рет Еңбек Ері атанған Д.Қонаевты алып, орнына өмірі табаны қазақ жеріне тимеген Колбин дегенді тағайындады. Онсыз да тұрмыс тауқыметі титықтатып тұрған халықтың бұл намысына тиді. Ұлт ретінде жойылудың аз-ақ алдында тұрған қазақ үшін Колбиннің келуі наразылығын тудырып, жастар алаңға шықты, көптен күткен сілкініс пен серпіліс болды... Әрі қарай не болды деңіз, әрі қарай өте ұят іс болды. Құдайдай сеніп жүрген Қонаевтың адамдары, құдайдан «сенгендері»: көмекшісінен бастап, орынбасарлары, сенім артып қойған облыстағы кейбір хатшылары ұятқа қалдырды, әшкереленіп, қылмыстары ашылды. Көмекшісінің сотына куәгер ретінде шақырылып, қатысып отырған Д.Қонаев өзінің сыртынан «Бірінші айтты, біріншінің сұрауы» деп, біреуге пәтер әперіп, біреуді қызметке өсіріп , тіптен хатшының қабылдауында болу үшін пәре алғандарын естіген кезде ол есінен талып, жүрегі ұстап, жедел жәрдем шақырып, әрең есін жиды. Бұны кейіннен орталық газеттер жазды да. Өзінің де, Есеновтің де түбіне жеткендер өзінің «сенгендері» екеніне шамалы болса да көз жеткізгендей болды. Тамақты жыбырлатып шындық болмайды: «Адам танитын, іскер азаматтарды саралай білетін «Біріншінің» кемеңгерлігі, ұлылығы қайда сонда?» деп. Күмілжисің, жер шұқисың.

«Қырсық жеті ағайынды», сатқындықтан есін жия алмай жүргенде өмірдің ыстығы мен суығына қатар төзіп, өзіне адал жар болған Зухра Шәріпқызы о дүниелік болды. Жығылғанға жұдырық, жарының қазасы Қонаевқа қатты соққы болды. Бір кездері от басымен араласқан, «сіз-біздері» жарасқан, Зухра жақсы көріп, өмірінің соңына дейін хабарласып, хал сұрасып тұрған Кәмила қызын іздеді, Шахмардан есіне түсті. Содан, бар өкпені итеріп тастап Димекеңнің өзі Шахмарданға телефон соқты. Шахмардан ауыр қазаға жүрегі ауырды, Қонаевтың өзінің телефон соққанына таң қалды.

Ұлттық ғылым академиясының академигі, професссор. С.М.Оздоев сол сәтті әңгіме етеді:

«--Бір күні Шахмардан Есенұлы телефон соғып: «Қазір ғана Димаш Ахметұлы хабарласып, Зухра Шәріпқызының өмірден озғаны туралы айтты. Ол кісімен қоштасу рәсіміне шақырды. Кел, бірге барайық, Зухра Шәріпқызын соңғы сапарға шығарып салайық» деді. Қазаның алдында бәріміз де кішіміз ғой, Шахмарданның «барайық» дегеніне таң қалған жоқпын,ол сондай ұлы болатын, ал, шынымды айтсам Димаштың өзінің телефон соққанына ойланып қалдым. Ол екеуінің ара-қатынасы қандай екенін білеміз ғой...

Жерлеу рәсіміне келген кезімізде Шахмардан Есенұлына жақын келіп, сәлем берген адамдардың саны тіптен көп болды, сонда мен бұл азаматтың жұрт арасындағы танымалдығы мен беделінің зор екендігінің тағы бір рет куәсі болдым.

Уақыт өткен сайын ұлт пен елдің қандай мықты адамдарынан көз жазып қалғаныңды түйсіне түседі екенсің. Сөйтсек, өмірден тамаша ғалым, геолог, жоғары кәсіби әкімші және жарқын жанды адам өтіп кетіпті ғой. Шахмардан Есенов өмірін халқына арнаған адам еді.

Есіме көрнекті табиғат зерттеушісі, академик Александар Леонидович Вернадскийдің сөздері түсіп отыр: «Біздің планетадағы тіршіліктің ең қымбат, ең зор құндылығы жеке адамның өмірі. Планетада ол кездейсоқ пайда болған жоқ, егер жоғалтып алсақ толықтай орнына келтіру мүмкін болмайды. Өмірден озғандарды еске алудың ең дұрысы олардың үлгермеген істерін жалғастыру болып табылады»-- депті.

Д.Қонаевтың, бір кездегі өзінің Димаш ағасының он жылдан кейін бірінші телефон соғуы да, қайғылы хабарға да Шахмардан сәл-пәл қобалжып, тұрып қалды. «Өмірдің өткінші, фәнидің жалған екенін кеш түсінетініміз жаман-ау» деп, әлі ызғары көңілден кете қоймаған өткен күндерің оқиғасы бір сәтке ойға оралды. Соңғы рет, екінші рет министрліктен кететін кезде Димекеңнің қабылдауына қаншама рет сұранып, кіре алмай, ақырында «ақтық» сөзін айта да алмай қызметтен кете барған–ды. Институтқа мұғалім болып орналасқан соң да ағасымен—Димекеңмен тілдеспек болып, түсіністікке шақырғысы келіп талпынып көріп еді көмекшілері мен орынбасарлары онда да маңайлатпай қоған-ды. Содан кейін Шахмардан да ат құйрығын біржола кесіп, хабарласуды тоқтатқан. Тек, Камила ғана Зухра жеңгесімен хабарласып тұрды. Бар өмірін Димекеңе арнаған Зухра жеңгейдің де ішкі армандары көп еді, ұрпақ көрмей, балалрдың шаттық күлкісін ести алмай, мейірленіп немере сүйе алмағанына, қанша үлде мен бүлдеге оранып отырса да төменетектеніп жүретіні бар-тын. Обалы не керек Зухра жеңгей: «Димаш жоқта үйге келіп тұрсаңдаршы деп, әсіресе, Кәмила қызына өтініш жасап жататын». «Өмірдің аяғы өкініш!». Ақырында ажал «сіз-бізге де», шыж-быжға да, бәрі-бәріне соңғы нүктесін қойды.

Заман өзгерді, онымен бірге басшылыққа жаңа адамдар келді. Баяғы Шахмардан басына үйрілген қара бұлт Димекеңе де үйірілді. Оған: «республиканы тоқырауға әкелдің, экономикасын құлдыраттың, лауазымды қызметтерді туған-туысқаныңа бөліп бердің...» деп, дігірледі келгендер. Респуликадағы «мен біріншімін» деп, нық жүрген адам жаңа қоғам үшін бір күнде қажетсіз болып, Горбачевтар бәрін де жоққа шығармақ болды. Не керек, Бұхар жырау айтқан « қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» болды. «Өмір кезек», «бұл дүниенікі о дүниеге кетпейді», «өмір деген бумеранг сияқты, жақсылық жасасаң да, жамандық жасасаң да қайтып өзіңе оралады». Бұны біз ойлап тапқан фәлсапа емес, сан ғасырдың елегінен өтіп, бізге жеткен даналар сөзі, тіршіліктен түйген түйін. Мүмкін, Димекең бір кездері Шахмардан басына түскен әділетсіздік пен қаралаудың салмағын, біреулердің сөзіне еріп қателескенін, мансап пен атақтың да уақытша екенін түсінген шығар кім білсін. Өмір бар жерде өлімнің де бар екенін, Алланың алдына барар уақыттың жақындағанын жары Зухра Шәріпқызының қазасы түсіндірген де шығар. Әйтеуір, талай уақыттан бері хабарласпай қаралы күндерде Шахмарданды іздеуі тегін емес еді.

Көп нәрсені бүлдірген көмекші кетті сегіз жылға сотталып, Оңтүстік Қазақстан облысының хатшысы кетті жер ауып... не керек, сенген Қонаевты ұятқа қалдырып, отырғызып кетті бәрі де. Жаңа басшы Горбачев Қазақстанның басшысы Қонаевты сыйлағанынан немесе көп жылғы еңбегін бағалағандықтан емес, (оған да «жылы» орын әзірлеп қойған-ды) тек оның қолының тазалығы арашалап қалды! Халық қазынасына адал болған, ұрлап-жырламаған Ел басы Қонаевқа бұл үшін басың жерге тигенше иілуге болады!

Ақырында, 1991 жылы Кеңес Үкіметін құлаттық да орнына көбіміз, тіптен ханымздан бастап қарамызға дейін түсіне бермейтін, біріміз нарықтық, екіншіміз базарлы экономиканы орнаттық. Академик Сағадив айтқандай: «марқұм Қ.Сәтбаевтан бастап, шәкірттері Ебіней Бөкетов, Шахмардан Есеновтер осы уақытты зарыға күтені рас-тын...» деп. Күткен нәрседен жаңалық, жақсылық іздейтінің заңды ғой. Қазақтың күні туды деп ойлады Шахмардан. Кеудесін қуаныш кернеді. Баяғы Әбділда ағасының алдында көңілі босап, көзіне жас алдырған күдік пен қауіптің бұлты тарап, ата-бабасы сан ғасыр армандаған тәуелсіздік келді! Кеудеде қайнап, санада сайрап жатқан нағыз елі үшін, халқы үшін пайдалы іс атқарсақ, өмірді гүлдендірсек, тұрмысты жақсартсақ деген асқақ армандары бар азматтар алға шықты. Жеріміздің асты да, үсті де тұнған байлық екенін білетін Есенов ендігі жерде есемізді басқаларға жіберіп алмай, өз республикамызға, халықтың тұрмысын, әл-аухатын жақсартуға жұмсау керек деп ойлады...

Көкейкесті ойларын, дұрыс деп тапқан жолдарын қағазға түсіріп, газет, журнал беттерінде жариялады, халықтың санасын оятып, тәуелсіздіктің құнын біліп, қадірлеуді, айрылып қалмауды айтты. «Ата-бабамыз алып қалған ұлан ғайыр жердің байлығы мол, оны халық игілігіне жарата білейік!» деп, Үкіметтен бастап президентке дейін хат жазды, айтты, Азаматтығын көрсетті.



***

Ойларымызды осылай түйіп отырсақ бар шындықты академик Шахмардан Есеновтің өзі айтып, жариялап кетіпті. Біз оны «Зерде» (1989 жыл, №1) журналынан, тілшіге берген сұхбатынан оқып, қанықтық.



«Тілші:- Сіздің Қ.Сәтбаевтың шәкірті ретінде қазақ геология ғылымының бас-қасында болғаныңыз аян. Академия жұмыстарын алға сүйреп жүрген Сізді қалайша сол кезде қазақша айтқанда қайраңға тастады?

Ш.Есенов:- Мен өзім қазақтың бір туар данышпан перзенті Қанекеңнің шәкірті болғанымды мақтан тұтамын. Қанекең деген молынан пішілген, қазақтың бүкіл жақсы қасиеттерін бойына сіңірген дархан да жайсаң адам еді.

Ал, геологиялық барлау саласында оның білмейтін ұңғыл-шұңғылы жоқ деуге болады. Асқан білікті, парасатты жан деп сол кісіні айтар едім. Қанекеңнің бір өзі жасаған қазақстан металлогениялық картасы дүние жүзілік геология ғылымы саласында теңдесі жоқ дүние.! Оны атақты ғалымдардың бәрі де мойындаған. Ал, біз Маңғыстаудың Оңтүстігінде аса ірі мұнайлы-газды аймақты, Жетібай мен Өзен мұнай кен орындарын аштық. Сол үшін 1966 жылы Лениндік сыйлыққа ие болдық. Сонымен бірге бірнеше академиялық институттардың іргесін көтердік, Академияның Орталық Қазақстандық, Шығыс Қазақстандық бөлімшелерін ұйымдастыру жұмысын негіздедік. Біршама істер атқарылды, бірақ...

1974 жылы Тыңды игерудің 20 жылдығына орай республикамызға Л.И.Брежнев келді. Онымен әңгіме үстінде Д.Қонаев өзінің інісін, сол кездегі Металлургия институтның директоры Асқар Қонаевты асыра мақтайды. Сонда тоқыраудың лидері: «Егер жігіт президенттікке лайық болса, ағайын-жекжаттықтың қандай кедергісі бар» дейді. Дәл осы сөзді әйгілі ақын В.Высоцкий жағы түсіп сөйлей алмайтын басшымыздың мақамына салып әжуа-мысқыл өлеңге айналдырған. Сол өлең әншінің архивінде әлі сақтаулы көрінеді. Кейін лайықтының «талантын» ел-жұрт көрді ғой. Мен қосып-жарып ештеңе айта алмаймын. Тек сол шешімге Москвада М.Келдыш бастаған ғалымдардың қарысы болғанын білемін. Алайда, Брежнев жіберген бір функционер мені орнымнан босауыма мәжбүр етті.

Тілші:- 70-80 жылдары төл Академиямызға қамшы тілді сындар айтылды. Басты себеп ненде деп ойлайсыз?

Ш.Есенов:- Айтып отырмын ғой, біздің шамамыз келгенше көтерген мәселелеріміз далада қалды. Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің үлкен бір мәжілісінде республиканың өндіргіш күштерін дамытудың қадау-қадау мәселелерін қозғап, Үкімет басшыларына ащы сындар да айттым. Себебі, Қанекеңнен бастап құрылған жүйе құлап жатты. Ащы партиялық сынды сол кезде кім жаратсын, артымнан құрық болып жалғанды. Менің ойым, республика экономикасында алдыңғы қатарлы, шетелдік аренаға шығатын салаларды дамыту. Әлі күнге дейін бізде машина жасау өнеркәсібі өркендемей келеді, бірде-бір автомобиль, радиотехника зауыттары жоқ. Ал, Прибалтика елдері бұл жағынан бізді әлдеқашан басып озды. Мәселен, «ВЭФ» заводының өнімдерін шетел жапа- тармағай сатып алады. Партиялық тұрғысынан Д.Қонаевқа інісінің директорлыққа лайықсыз іс-әрекеттерін айтып едім, ол да кейін өзіме пәле болып жабысты. Ал, қазір Арал, Арал деп жүрміз ғой. Соны біз 60-шы жылдар басында-ақ үлкен проблема етіп көтергенбіз. 20-30жылдан соң теңіздің бөлшектеніп кететінін нақты есептеулермен дәлеледегенбіз. Кейбір Үкімет басшылары бұл дәлелді келемежге айналдырды. Тіпті осы күні қазақ космонавтын космосқа ұшыру жөнінде де айтып жүр.60-шы жылдардың соңында Байқоңырға СССР Ғылым Академиясының президенті М.Келдыш (С.Королевтан кейінгі) келді. Сол жерде мен: «Космос корабльдері Қазақстан жерінен ұшады, республика жеріне қонады, мыңдаған қазақ ұшқыштарынан бір космонавт шықпайды деу жаңсақтық шығар» деп, ащы да болса турасын айттым. Ғұлама академиктер обалы не керек, бұл сөзімді құптады, бірақ біздің сол кездегі республика әкімгерлері осы ұсынысты тойтарып тастаған еді.

Тілші:- Қазіргі кезде біз жаратылыстану, нақты және қоғамдық ғылымдардағы «ақтаңдақтарға» айрықша көңіл бөлудеміз. Жазықсыз жапа шекендерді, тоқырау жылдарындағы келеңсіздіктерді ашып айтудамыз. Сіздің ойыңыз?

Ш.Есенов:- Бұл қазіргі жариялылық пен қайта құру кезеңінде өте дер кезінде көтеріліп отырған мәселе ғой. «Кесені қолыма ұстап қарай бердім, ішінде нақақ көзден жас бар ма деп» деген екен Сұлтанмахмұт Торайғыров. Айталық, кейінгі тоқырау жылдарында зобалаң көрген марқұм Ебіней Бөкетов. Қандай еді! Қазақтың маңдайына біткен ерен тұлға еді! Мен өзім оны кезінде Академияға физика-техникалық ғылымдар саласы бойынша академик-секретарь етіп сайлағым келді. Көп адамдар қолдады, алайда ... Жандайшап В.Владимировтан көріп жүр ғой, бірақ Ебіней тағдырының тамыры тереңде жатыр. Тіпті өзі іргесін қалаған кейінгі Орталық Қазақстан Ғылым Академиясын басқарып кететін жөні бар еді, әттең... Қазақтан шыққан тұңғыш профессор-математик Әлімхан Ермековті алалық. Ол кезінде толық ақталған, бірақ ол туралы не оның еңбектері әлі жарияланбай келеді. Жалпы, Ермековтер әулеті өте дарынды тұқым. Анау Әлімхан (Қазақ Тау-кен металлургия институтының тұңғыш ректоры), берідегі мал-шаруашылығы маманы Мүсілім. Қарағанды Политехникалық институтындағы Мағауия Ермековты Академия мүшесі етіп қабылдағаным үшін де көп сөз естідім. Есіңде болсын, аса дарынды адамдар өз халқын жан-тәнімен сүйеді, сол үшін де олар күйеді. Енді ақтала бастаған Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсыновтар. Бұлар әрі жазушы, әрі ғалым адамдар. Солақай, ұр да жық шолақ белсенділердің айтақтауымен, «ұлы көсемнің» әмірімен талай боздақтар кетті ғой. Кейінгі жастар білсін, жақсы мен жаманды безбенге салсын деген мақсатпен «ақтаңдақтарды» ашып, жазып жатқандарыңызды дұрыс деп санаймын ».

Қазақ халқының ХХ ғасырдағы ардақты ұлдарының бірі, академик Шахмардан Есенов айтпағы және көзқарасы осындай. Ол: «аса дарынды адамдар өз халқын жан-тәнімен сүйеді, сол үшін де олар күйеді...» деп, өзіне қиянат жасағандарды ақтағандай болып және өзінің әділетсіздіктерді көп көргеніне өкінбейді. Ол қандай қызметтер атқарса да елі мен жерінің болашағын ойлады, қанша жапа шексе де бірде-бір адаммен айтыс-тартысқа түспей, арын-ұятын сақтап, парасаттылық танытты. Әдетте оқығаны көп, білетіні шалқар, болмыс-бітімі биік адамның әдеті осылай болатын, ол соны көрсетті, танытты.

***



Каталог: uploads -> files
files -> Гүлсім Оразалықызы оржановтар әулеті қазақ МҰнайының ардақтылары «Қазақ мұнайының ардақтылары»
files -> Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер
files -> Конкурса научных работ среди школьников «turan-junior-2016» Секция «Физика, техника, науки о земле и космосе»
files -> «Қазақ мұнайының а р дақтылары»
files -> Ізтілеуова салтанат далбайқызы
files -> Махамбет қай жылы туғАН? Тұрлыбай Бақыт Серікқызы
files -> ҚазақТЫҢ хас батыры -аттила (еділ батыр)
files -> Формы и методы подготовки учащихся к итоговой аттестации по обществознанию


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет