Сейітов Нәсіпқали былайша баяндайды:
« ...Шахмардан Есенов!..
Бұл есімді мен сонау 1967 жылдың көктем айларының шуақты күндерінің бірінде алғаш рет естіген болатынмын. Ол кезде мен Политехтың геологиялық барлау факультетінің 4-ші курс студентімін. Бізге «аймақтық геология» пәнінен дәріс оқитын ақбас академик Евгений Дмитревич Шлыгин кезекті лекциясына әдеттегідей балпаңдай басып кірді де, жапатармағай орнымыздан көтерілген біздерді бас изеп қана орнымызға отырғызды. Сөйтті де өзі қағаздарын стол үстіне тастай салып, екі қолын артына айқастыра ұстаған күйі қатар тұрған столдар арасымен әрі-бері сенделіп жүріп кетті. Өзімен-өзі күбірлеп сөйлеп жүр. «Апыр-ай, қалай болар екен өзі?! Әлі қырыққа да толмаған ғой өзі. Ондағы институтар, мыңдаған ғалымдар! Және ғалымдар болғанда қандай, әрбір жетіншісі титан! Бұларға басшылық ету оңай шаруа емес...».
Түк түсінбеген біз аузымызды ашып ұстазымызға қарап қалыппыз, тып-тынышпыз. Бұл тылсым тыныштықты ішіміздегі ең ересегіміз, бес жыл бойы біздің оқу тобының старостасы болған Төлеген Артықбаев бұзды:
--Евгений Дмитревич, не айтып кеттіңіз, бізбен бөліспейсіз бе?—деді.
Сонда ғана қадірлі ақсақалымыз, ұстазымыз есін жиғандай студенттерді көзімен бір шолып өтті де мән-жәйді түсіндірді.
--Мен қазір ғана Ғылым Академиясына президент салайуынан шықтым. Академияға президент болып отыз тоғыз жастағы Есенов Шахмардан деген геолог, менің бұрынғы шәкіртім сайланды. Тым жастау болып тұр. Академияда алуан түрлі ғылым саласымен айналыстаны ондаған институтар бар, олардың басы-қасында әдетте ылғи бір ығай мен сығаййлар отыр және бәрі де мен сияқты ақ бастылар. Олардың бәрі де бір-бір тұлға және көп жағдайда олардың ғылымдағы «қыңырлығы мен қиқарлығы» да мың есекке жүк боларлықтай. Осыларға басшылық етуге сайланған азаматтың қайрат қуаты, ең бастысы өмір тәжрибесі жеткілікті бола ма?! Әсіресе, тәжрибесі... Тым жас қой,--осыны айтты да академик сәл аялдады.—Бірақ,--деп жалғады ол ойын сәл кідірістен кейін,-- Қаныштың қасиетті креслосына тағы да геолог келгені дұрыс болды. Өзі де бұған дейін талай-талай жауапты қызметтерді атқарып үлгеріпті. Бұл қызметке қарымы жетпесе жоғарғы жақ ұсынбаған да болар еді. Әсілі, бәрі де ойдағыдай болатын шығар.
Кенет жанарында әнтек ризашылдықтың нышаны пайда бола қалды.
--Ал, сабаздың сырт көзге мін тағар жері жоқ. Сөзге ағып тұр. Салауаты мен білімі қандай! Сыртқы мүсін қандай десеңізші! Қапсағай денелі, дөңгелек жүзді, толқын-толқын қара шашы...
Соңғы сөздерін айтқанда академиктің көзі жайнап, риза болған көңілдің нұры жүзінде төгіліп тұрды. Жаңағы күдігінен түк қалмаған. Ақсақал академиктің әңгімесіне елітіп біз отырмыз. Мені сол бір бейтаныс адамға деген қызығушылық бойымды биледі. Көз алдыма әлдебір ертегілердің кейіпкерлері, ақыл мен күш қайратты, сыр мен сымбатты аямай берген баяғының би-болыстары елестеді көзіме.
Институтты бітіргеннен кейін екі жыл әскери борышымды өтеп қайтқан мен 1970 жылдың күзінде тағдырдың жазуымен нақ сол Шахмардан Есенов басшылық ететін Қ.И.Сәтбаев атындағы ггеологиялық ғылыми-зерттеу институтына аға инженер болып жұмысқа қабылдандым. Бұл кезде Шахаң Академияның президенті және біздің институттың директоры. Бір ұжымда жұмыс істегендіктен Шахмардан ағамаен аралас-құралас болдық десем әрине шындыққа кереғар болар еді. Үрпекбас аға инженер мен институт директорының, Академия президентінің арасындағы қашықтық тым алшақ жатқандығы түсінікті. Алайда, әр түрлі іс шаралар барысында, институт ұжымының жиналыстарында, кеңейтілген ғылыми кеңестерде Есеновті жәй көзбен көріп қоймай, оның ырғақты баритон дауысымен айтылған небір ғибратты әңгімесін, алымды ой-толғамдарын талай рет тыңдадым.
Сонау, 1967 жылғы Шахмардан Есенов есімін естігендегі толқыған сезімім мені алдамапты. Расында да Шахмардан ағаның бүкіл болмыс бітіміне көз де, көңіл де қапысыз тоятын. Батыр тұлғасы мен батыл іс-әрекеттері, ой жүйесінің жүйелілігі мен сөз тереңдігі, нақышты сөйлеу ырғағы, бәрі-бәрі қазақ халқының өткен тарихындағы «билер» деп аталатын ғаламат заңғар ойлы, кемеңгер адамдарды көз алдыңа елестетеді.
Ал, білімпаздардың айтуына, оны жақсы білетін ғалымдардың пікіріне қарағанда Шахмардан Есенов Ғылым Академиясына басшылық еткен 7 жыл ішінде осы ғылыми орда нағыз кемелдену кезеңіне келді. Бұл жылдары Қазақстан ғылымының бір топ жаңа бағыттары қалыптасты, оларды ойдағыдай дамыту қажеттілігі Академия ауқымында талай-талай құрылымдық өзгерістер жасауды қажет етті. Нәтижеде әр түрлы саладағы жаңа зертханалар ашылды, ескісі болса ірілендіріліп, жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілді. Кейтір кішігірім секторлар ірілендірілді, жаңа ғылыми зерттеу институттары бой көтерді.
Президент Шахмардан Есенов ғылыми-зерттеу жұмыстарын озық технологиямен қамтамасыз етуге айрықша мән берді, сөйтіп, ғылыми орталықтар есептеу машиналарымен, жаңа қондырғылармен, аппаратуралармен, приборлармен жабдықталды. Ғылыми жұмыстардың өрісі айтарлықтай кеңейтілді, ғылым мен өндірісітің өзара байланысы бұрынғыдан да нығая түсті, Республикаға қатысты өнеркәсіп салалары бойынша жүргізілетін іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің үлес-салмағы айтарлықтай артты.
Шахмардан Есенов өзі тікелей басшылық ететін Қаныш Сәтбаевт атындағы Геологиялық ғылыми-зерттеу институтының дәуірлей даму кезеңі де нақ осы жылдарға сәйкес келеді. Шахаң институт қабырғасындағы ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру бағытында үш түрлі мәселеге ерекше мән беріп, осы бағыттардың негізін қалады. Олар геологиялық ғылымның өндіріспен байланысы, республикамыздың ірі-ірі рудалы аудандарын кешенді түрде зерттеу және Қазақстан кен орындарына тән рудалы заттар құрамындағы бүкіл пайдалыкомпоненттерді кешенді түрде игеру мәселелері.
Бұл бастаманың бәрі де өзінің игі нәтижелерін берді. Ғылым мен өндірісті ұштастыра жүргізу нәтижесінде бір топ ірі-ірі кенорындар ашылып, олардың көпшілігі пайдалануға берілді. Кенді Алтайдағы Тишин, Орлов, Малеев полиметалл кенорындарының, Орталық Қазақстандағы қорғасын-мырышты кенорындардың Жәйрем тобының, Оңтүстік Қазақстандағы мысты-қорғасынды Шалқия және Шатыркөл кен орындарының, Қазақстанның батысындағы бір топ әйгілі мұнай-газ кенорындарының: Теңіз, Жаңажол, Қарашығанақ, Кеңқияның... ашылуы игеріле бастауы нақ осы жылдар жемісі болып табылады.
Республиканың рудалы аудандарын кешенді түрде зерттеу жұмыстарының алғашқы қарлығаштарының бірі Өспен рудалы белдеуін геологиялық-геофизикалық тұрғыдан зерттеу шаралары болды. Бұл зерттеулер нәтижесінде аталған рудалы белдеудің алуан түрлі пайдалы қазбаларға деген перспективасы орасан зор екендігі дәлелденді.Зерттеу нәтижесі бойынша Ш.Есенов бастаған бір топ ғалымдар Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленді.
Кен байлықтары құрамындағы басқа компоненттерді, мысалы, Кенді Алтай кенорындарында қосалқы жүрген: күміс, алтын, титан, магний ... және әйгілі Жезқазғанның кен орындарындағы мыстан басқа: алтын, күміс, осмий... айырып алуды жолға қоя бастады. Есеновтің Ғылым Академиясын басқарған тұсында оның айтулы үш қасиетін баса айтуға болады. Ол—оның білім ауқымының кеңдігі, переспективаны көре білетіндігі және бастаған ісін тындырмай тынбайтындығы. Бұл тамаша қасиеттер Есеновке ұстазы, қазақ халқының кемегер ұлы Қаныш Сәтбаевтан келгені анық еді. Сәтбаев бастап берген жолды ол ылайықты, абыройлы алға апара білді. Қарап отырсаңыз оларда бір түр-тұрпаттық ұқсастықпен қоса руханы байланыс жатқанын сезесіз. Табиғаттың тылсым күші екеуін бір-біріне ұстаз бен шәкір етіп байлағанына таң қаласыз. Шахмардан Есенов ұлы ұстазы Қаныш Сәтбаевтың сенімін сөзсіз ақтады!».
***
Адам өмірін, қызмет атқарған жылдарда не бітірді, не атқара алды дегенді саралап, салмақтау үшін, баға беру үшін де біраз жылдар керек болады. Бүгін біліп, ертең таныдым деу ағаттықа әкеледі. Сол сияқты «Президент болған Есенов Бірінші хатшы Қонаев сенімін ақтай алды ма? деген сауалға онымен сол жылдарда әріптес, қызметтес болған академиктер: С.Қожахметов пен Х.Беспаев біраз жылдар өткен соң жауап беріпті. Біз оны уақыт сұрыптауынан өтіп барып айтылып отырған шынайы және құнды баға ретінде қабылдадық:
«...Ш.Есенов өзіне тән күш-қуатымен қатаң талап қоя білуімен, жан-жақты ғылыми білімділігімен инициативасымен және кадрларды ұйымдастыру қабілетімен бұрынғы қызметтерімен салыстырғанда сәл ерекшеліктері бар, сырт көзге сәл тұйықтау көрінетін Академия әлеміне еркін араласып кетті. Аса білімді және қабілетті басшы ретінде ол аз уақыттың ішінде көпшіліктің құрметіне бөленіп, беделі өсті. Республика Ғылым Академиясының көп қырлы жұмыстарының ғылыми проблемаларын шешуде іскерлік танытып, халық шаруашылығының өркендеуіне тікелей ықпал жасады. Академиялық ғылыми бөлімшелердің жұмыс жағдайларымен жан-жақты танысқаннан кейін өзіне тапсырылған қызметіне үлкен белсенділікпен кірісті. Ол Ғылым Академиясының мыңдаған адамдардан құралған ұжымы алдында ғылыми жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатын қойып, респуликамызда ғылым дамытудың негізі болып саналатын түбегейлі зерттеулер жүргізуді барынша ұстанды. 1967 жылы қарашада болған Қазақ ССР-і Ғылым Академиясының юбилейлік жалпы жиналысында президент Қазақстанда ғылымның қол жеткен табыстарын қортындылай келіп, академия жұмысындағы кемшілктерді де сынға алды және оларды тез арада жоюдың шараларын ұсынды. 1967 жылы Академияда ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстардың біршама жанданғаны байқалды. Бұдан кейін ғылыми мекемелердің басшылары орталық басқару аппараттарынан қатал талапты және айқын басшылықты байқап, жұмыс-қызметтерінің әрдайым президент назарында екенін сезінді. Осының бәрі барлық ғылыми бөлімшелердің жұмыстарына жаңа дем берді және ғалымдарды белсенді қызмет атқаруға жұмылдырды. Кешенді атқарылатын ғылыми жұмыстарды жоспарлау біршама жақсарды.
Әсіресе, жаңа өндіріс түрлері дамыған ауданды игерумен байланысты жүргізілген ғылыми жұмыстардың тиімділігі өсті, ғылыми институттардың, лабораторияларды жаңа приборлармен жабдықтау мәселесі дұрыс шешім тауып, ғылыми жұмыстардың, тексерулердің деңгейі артты, кадрларды дайындау және оларды пайдалану жолдары дұрыс жолға қойылып, жас ғалымдардың жемісті еңбек етуіне жақсы жағдайлар жасады. Осы кезеңде Академия тарихында алғаш рет Қазақстанның халық шаруашылығын дамытуға арналған ұсыныстардың негізі жасалған болатын. Онда президенттің инициативасы бойынша аймақтарда геологиялық барлау жұмыстарында тау-кен өндірістерінде прогрессивті технологияны енгізу, қара және түсті металлургияны жандандыру, химия өндірісін, машина жасау, тамақ өндірісі, ауыл шаруашылығын өркендету мәселелерінің айқындалған жоспары белгіленді. Ғылым Академиясының республика халық шаруашылығы 1971-1975 жылдар аралығында дамыту бағытына ұсынысы басшы органдарда мақұлданып, айрықша мән берілді.
Президент республикамыздағы барлық ғылыми жұмыстар мен ізденістерді үйлестіріп отыратын 29 ғылыми Кеңестердің жұмысымен танысып және талдау негізінде олардың жұмыстарын біршама жандандыруға ықпал жасады. Ол кемшіліктерін көрсетіп, өз кәсібіне икемі жоқ, кәсіби шеберліктері жоқ адамдарды ауыстырды. Жұмысы нашар Кеңестердің біразын жауып тастады. Жетістіктері бар ғылыми Кеңестердің жұмысына ерекше қолдау көрсетті.
1968 жылы Қазақстан Ғылым Академиясы Президиумының көптеген мүшелерін қайтадан сайлап, 17 ғылыми мекемелердің директорларын қайта бекітті.
1970 жыл Академия ұжымы үшін қажырлы еңбектің және өзгерістердің бұрын соңды болмаған өрлеу жылы болды. Ғылым Академиясы жаңа мүшемен толықты- 3 академик, 21 корроспондент-мүше сайланды. Жаңа институтар құрылды:
Жоғарғы физика институты,
Гидрогеология және гидрофизика, сейсмология институттары,
Металлургия және байыту, Астрофизика институттары,
Бас ботаника бағында жаңа бөлімдер мен лабароториялар ашылды.
Ғылым Академиясы бұрынғыдан да нығая түсті,ғылымның көптеген бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жоғары деңгейде кадрлар дайындау күрт өсті. Тек бір ғана 1970 жылы ғылымның әр саласы бойынша 22 докторлық диссертация қорғалды.
Академияның басты проблемалары президент назарынан тыс қалған жоқ; күрделі құрлыстар салынды, зертханалар жаңа жабдықтармен жабдықталды. Бірінші 45 пәтерлік үйді, сосын 35 пәтерлі үй бітіп, ғалымдарға берілді.
Өспен белдеуі бойынша жүргізілген ғылыми жұмыстар жеті томдық еңбек болып жарық көрді, ғалымдар мен өндіріс мамандарының жоғары бағасын алды. Ал, оның авторларының бірі есебінде Ш.Есенов 1973 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Ғылым Академиясының жалпы жиналысының арнайы сессиясы қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 125 жылдық мерейтойына арналды.
Жерлесіміз, ғұлама ғалым Әл-Фараби еңбектері жарық көріп, 1100 жылдығы тойланды.
Қазақ ССР Ғылым Академиясының алдағы 25 жылдық мерейтойына арналған дайындық жұмыстарына да Ш.Есенов басшылық етті. 1971 жылы Мәскеуде өткен «Қазақстан ғылымының күндеріне» жан-жақты дайындықтар жүргізілді, көрме ұйымдастырды. Көрмеде қазақ халқының тарихы, оның мәдени даму жолдары, ғылыми зерттеулерінің негізгі жетістіктері, олардың тиімділігі көрсетілді. Бұған дейін Ш.Есеновтің «Қазақстан ғылымы мен ғалымдары атты еңбегі басылып шыққан болатын Ол аса ірі бірнеше конференциялар мен симпозиумдарды өткізуге байланысты ұйымдастырушылық жұмыстарына да белсене араласты. Солардың ішінде аса ірі Африка, АҚШ және Латын Америкасы елдерінің қатыстырылуымен өткен симпозиумның мәнін ерекше атап өткен жөн.
1970 жылы ғылымды дамытуға берілген қаржы мөлшері 1967 жылмен салыстырғанда 25% өсіп, ғылым табыстарын халық шаруашылығына 8-ші бесжылдықта (1966-1970 ж.ж.) енгізуден алынған экономикалық тиімділік 7-ші бесжылдыққа қарағанда 2 есе артты. Қазақ ССр Ғылым Академиясы ның ғылыми зерттеулеріне байланысты экономикалық тиімділіктің осыншама өсуі, академия жұмысын қайта құрумен байланысты жандануы, ғалымдардың өз жұмыстарының практикалық маңызына баса көңіл аударуы олардың творчестволық белсенділігімен тікелей байланысты болды.
Ал,1971 жылы Ғылым Академиясы өзінің құрылғанына 25 жыл толуын атап өтті. Мерекелік жиналыста президент Ш.Есенов «Қазақстанның Ғылым Академиясы—республиканың ғылым орталығы» деген тақырыпта баяндама жасады. Сессия жұмысына Қазақстанның Үкімет басшылары, СССР Ғылым Академиясының президенті, академик М.В.Келдыш, және академиктер А.Л.Яншин, В.И.Смирнов, тағы да Одақтас республикалардан көптеген делегаттар келді. Ғылым Академиясының 25 жылдық торқалы тойына орай 1971 жылдың маусымында президент Ш.Есенов екінші рет Ленин орденімен марапатталды.
Мерейтой жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясы өзінің 25 жылдық қызметінің нәтижесін қорытындылап, ғылыми-зерттеу жұмыстарының келешекте даму бағытын айқындады. 700 ғалым республика Ғылым Академиясының қол жеткен жетістіктері және халық шаруашылығындағы ғылыми-техникалық прогрестің даму жолдары жайында 2800 лекция оқыды
1972 жылы 24 ақпанда болған Қазақ ССР Ғылым Академиясының жалпы жиналысының сессиясы өткізіліп, онда ғылыми техникалық прогресс және республика ғалымдары алдындағы кезекті мәселелер талқыланды. Сессия жұмысына республика басшылары, СССР және Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі Ш.Есеновті бірауыздан екінші рет, жаңа мерзімге президент етіп сайлады.
Қазақ ССР Ғылым Академиясының 1972 жылғы 30 нарызда болған жылдық жиналысында сессия 5 академик, 15 корроспондент мүше, вице- президенттерді және Ғылым Академиясының президиум мүшелерін сайлады.
Осы жылы Ш.Есенов Канада да өткен Халықаралық геологиялық конгреске қатысты, ССРО Жоғарғы Кеңесінің парламенті делегациясының құрамында Данияға барып қайтты.
КСРО-ның 50 жылдығына арналған Орта Азия бойынша туысқан республикалар арасында Ғылым Академияларының ғылыми-теориялық конференциясы Алматыда өткізілді.
1972 жылы Қазақ ССР –ның ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығы беру жөнінде комитет ұйымдастырылды. Ол комитеттің председателі болып Ш.Есенов тағайындалды. Сол жылдың желтоқсан айында ССРО-ның құрылғанына 50 жыл толуына байланысты комитет Ғылым Академиясының 4 жұмысына Қазақ ССР-нің Мемлекеттік сыйлығын берді.
1973 жылы академиктер Ш.Есенов пен А.Каюповтың бастамасымен Қазақстан жеріндегі геологиялық және металлогеникалық қортынды шығару және орта маштабты металлогениялық болжам карталарын жасау сияқты күрделі жұмыстар бастады. Оған Геология институтының барлық бөлімшелерінен ғылыми қызметкерлер қатысты. Москвалық ғалымдар және өндіріс мекемелерінің бір қатар геологтары ат салысты. Бұл орасан кгрделң жұмыс он жылға созылып, 1984 жылы аяқталды. Оның нәтижесінде көптеген металлогениялық болжам карталары және «Қазақстан металлогениясы» атты он бір томдық монография сериясы баспадан шықты. Академик Ш.Есенов бұл монографияның 1977 жылы шыққан бірінші томына ғана редколлегия мүшесі бола алды... Бұл монография Мәскеу Орталық Ғылым Академиясында талқыланып, өте жоғары бағаланды.»
( «Шахмардан Есенов», 1997 ж.)
Міне, жоғарыдағы қойылған: «Президент болған Есенов Бірінші хатшы Қонаев сенімін ақтай алды ма? деген сауалдың жауабын олар осылай таратыпты. Бір басшыға аз жұмыс емес, әрине. Біз сөйлескен, пікірлескен көптеген ғалымдар да осы пікірді қоштай отырып, «онымен бірге Академияға тың серпіліс келді» дейді. Қарап отырсаңыз, шынында да ол барлық ғылыми –зерттеу институттарын аралап, жұмыс жоспарларымен танысып, ғылыми кеңестеріне қатысады. Ұзын арқан, кең тұсаудың ендегі жерде уақыт талабына келмейтінін айтып, ғалымдар алдына қатаң талап, күрделі мақсат қояды. Әсіресе, ол ғылыми-зерттеу институт ғалымдары ашқан жаңалықтардың өндіріске жедел енгізілуіне айрықша көңіл бөліп, күш салады. Сол үшін өндіріс басшылары мен ғалымдар арасында байланыс орнатып, кездесулер мен ғылыми кеңестер ұйымдастырады.
Үлкен істің үстінде мәселені қалай-қалай шешкендіктері жайында Шахмарданның замандастары, әріптестері бізден көрі шындықты айтады. Экономика ғылымдарының кандидаты К.Кетебаев:
«--1967 жылдың көктемінде мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағалығына тағайындалғаннан бастап Шахмардан Есеновпен тікелей және тығыз жұмыс істей бастадық. Осы уақытқа дейін ол шаруашылық және басшылық қызметтің қыр-сырына қаныққан биліктің негізгі мектептерінен өткен, үлкенді-кішілі кадрлардың мүмкіншіліктерін білетін тұлға болып қалыптасқан. Ал менің өзімде қаржы министрлігіндегі он жылдық жұмыс тәжірибем, халық шаруашылығы кеңесі мен коммуналдық тұрмыс минимтрлігіндегі біраз өтілім бар болатын, дегенмен республикалық деңгейдегі басты кадрлар туралы жарытып ештеңе білмейді екенмін. Сондықтан, мойындау керек, мемлекеттік жоспарлау комитеті сияқты республиканың ірі өндірістік-экономикалық орталығын басқару үшін мендегі өмірлік тәжірибе мен диплом жеткіліксіз еді. Бұл туралы осы қызметке ұсынып жатқан кезде жасырмастан Д.Қонаевқа да айттым. Оның үстіне маған дейін бұл қызметті Л.Г.Мельников, Б.Ф.Братченко және Н.М.Симаков сияқты ірі мемлекеттік қайраткерлер атқарған болатын. Міне, мен Н.М.Симаковтан істерді және халық шаруашылығының бүкіл сфералары мен салаларының мамандары шоғырландырылған аса зор аппаратты қабылдап алдым.
1967 жыл - сегізінші бесжылдықтың орта шені болатын, аппараттың тоғызыншы бесжылдыққа арналған республика халық халық шаруашылығын дамытудың негізгі бағыттарын қарастырып жатқан кез еді. Айта кететіні ұлттық шаруашылықты жоспарлау бойынша аса зор теориялық практикалық жұмысты және күлкіге айналдырған қазіргі реформаторлар біздер атқарған істің ғылыми және практикалық тереңіне көз жеткізе де алмайды. Ол кезде белгіленген жоспарды орындау барысы барлық бағыттар бойынша сараптаудан өткізіліп, болашақ дамудың негізгі параметрлері анықталатын.
Сол кезеңнің бір күндері Шахмардан Есенұлы маған телефон шалып мемлекеттік жоспарлау комитетінің төралқа отырысына қатынасқысы келетіндігін айтты. Әрине, мен оны кезекті отырысқа шақырдым. Бұған дейін мен оны білмеуші едім. Ол Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары ретінде ауыр өнеркәсіп проблемаларымен шұғылданатын, үкіметтің отырыстарында кездесіп қалатынбыз. Мемлекеттік жоспарлау комитетінің отырысында ол тоғызыншы бесжылдыққа арналған халық шаруашылығы жоспарының көрсеткіштері бойынша бірлесіп жұмыс істеу туралы ұсыныс енгізді. Әсіресе, оны қызықтырған мәселе сегізінші бесжылдықтың қалған мерзіміне (жыл сайынғы жоспарлар) және тоғызыншы бесжылдыққа арналған ғылым мен техника жетістіктерін өндіріске енгізу бөлімі еді.
Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төралқасы мен Қазақстан Ғылым Академиясы Президиумының біріккен отырыстарының графигі жасалды. Өте ұзақ және пайдалы жұмыстар атқарылып, тоғызыншы бесжылдықтың негізгі көрсеткіштері үкіметке баяндалғанға дейін жалғасты. Мен ол кезде Ш.Есеновтің ғылымның ең маңызды міндеті оның өндіріспен байланысы, яғни ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізу деп айтатын. Қ.И.Сәтбаевтың шәкірті, ұлы ғалымның мектебінен өткен түлегі болғандығынан хабарым жоқ екен. Бұл мәселені Ш.Есенов күнделікті тәжірибеге енгізіп, жүзеге асырды. Ұзақ уақыт бойына Мемжоспар штабқа айналып, көптеген ғалымдардың аты-жөнін ғана емес, түр-тұлғасын да ажырататын болдық. Оқымыстылар мен Мемжоспар мамандары арасында қызу пікірталастар жүріп жатты. Даулы және принципті мәселелер бойынша шешімдер Мемжоспар төралқасы мен ғылым академиясы президиумының біріккен отырысында қабылданып, мүдделі тараптарға тапсырылып жүрді.
Сөзім дәлелді болу үшін сол бесжылдық жоспардың кейбір көрсеткіштері мен олардың орындалу барысы туралы айтып берейін. Менің ойымша мұның өзі қазіргі реформаторлар үшін және әрине біздің оқушылар үшін де қызғылықты болар. Егер, қоғамдық өнім деңгейі 1995 жылы 1990 жылмен салыстырғанда, яғни бес жылда 57% төмендеп кеткенін еске алсақ, онда өндірістік әлеуеттің жартысын «жел ұшырып» әкеткендей күй шегіп отырсақ төмендегі көрсеткіштердің тартымды болары даусыз.
Оныншы бесжылдықта ненің қалай атқарылғаны туралы келесі мәліметтерден байқауға болады. Партияның ХХІV съезінің Директиваларына сәйкес одақ бойынша өнеркәсіп өнімдерінің өсімі 42-46% құрылуы керек болатын, ал Қазақстан бойынша бұл өсім 57-60% деңгейінде жоспарланды. Экономикалық көрсеткіштердің ең маңыздысы – ұлттық табыстың өсімі 42% құрауы қажет еді. Байқағанымыздай қазақстандық көрсеткіштер одақтық көрсеткіштерден жоғары деңгейде жоспарланды.
Жалпыодақтық мамандануға және бай шикізаттық ресурстарды игеруге байланысты ауыр өнеркәсіпті, соның ішінде мұнай, химия, қара және түсті металлургияны, машина жасауды екпінді дамыту қарастырылды.
Халық шаруашылығының салалық құрылымына өзгертулер енгізіп экономиканы одан әрі индустрияландыру қарастырылды. Айталық, 1975 жылы жалпы қоғамдық өнімдегі өнеркәсіптің үлесі 1970 жылғы 51,9%-бен салыстырғанда 56,2% құруға тиіс еді.
Республикадағы қоғамдық өндірістің тиімділігін арттырудың маңызды шарты ретінде ғылыми-техникалық прогрестің қарқынын жеделдету көзделді. Оныншы бесжылдықта жаңа техника мен технологияны еңбекті ғылыми ұйымдастыру шараларын енгізуге жыл сайын 345 млн. сом көлемінде, ал бесжылдық бойынша – 1,7 млрд. сом экономикалық өсім (пайыздық өсім) берліуі қарастырылды. Бұл аса зор сома. Ұлттық табыстың орташа жылдық өсімінің 34% айтылған фактор есебінен алу ұйғарылғандығын айтсақ жеткілікті болар.
Қоғамдық еңбек өнімділігін 30% арттыру қарастырылды. Ұлттық табыс өсімінің 73% еңбек өнімділігін арттыру нәтижесінде тірідей еңбек үнемділігі 1229 адамды құраса, еңбекақы қорының үнемі 20 млн. сомнан аса көлемде жоспарланды. Бұл өте маңызды сапалық көрсеткіш еді, себебі сол кезеңде халық шаруашылығындағы жұмыс күшінің тапшылығы күннен күнге ұлғая түскен болатын. Айтып өткеніміздей осы жоғары көрсеткіштердің түгелі дерлік жаңа техника мен технологияның еңбекті ұйымдастырудың жетістіктерін енгізу негізінде ғана мүмкін еді.
Осынау маңызды халық шаруашылығы көрсеткіштерін қалыптастыруда мемжоспар мамандарымен қатар Ш.Есенов бастаған ғалымдар, Ғылым Академиясы Президиумының мүшелеріде белсенді рөл атқарды. Сол уақыттарда Есенов үлкен белсенділік танытып, ғылыми сараптамалардың маңыздыларын өндіріске енгізу бойынша іс-әрекеттерді және бақылауында ұстады.
Ескеретіні, Ш.Есенов бұл бесжылдықтың үш жылындай уақыт қана президенттікте, ал мен төрт жылдай мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы қызметінде болдық, яғни бесжылдықтың ойдағыдай орындалуына ықпал-әсерінсіз болды. Бесжылдықты толық аяқтауға бізде мүмкіндік болмады, расын айтар болсақ мүмкіндік бермеді. Соған қарамастан тамаша нәтижелерге қол жеткізілді, ол көрсеткіштер үшін бүгін де мақтануға болады. Қазақстанның халық шаруашылығына жаңа технология мен техниканы енгізу еңбекті ұйымдастыруды жақсарту бойынша 68 мың шаралар жиынтығы енгізілуі үшін 808 млн. сом жұмсалып, пайданың өсімі 488 млн. сомды құрады, яғни әрбір салынған сом 60 тиын пайда әкелді деген сөз. Осыған байланысты салыстыру үшін келесі бесжылдықтардың нәтижелерін келтірейін. Оныншы бесжылдықта енгізілген шаралардың саны 92,0 мың, шығындар – 1031 млн. сом болды, экономикалық тиімділік (пайыздық өсімі) 500 млн. сомды құрады, яғни салынған қаражаттың әрбір сомы 53 тиын пайда әкелді.
Өндіріс тиімділігінің ерекше төмендеуі он бірінші бесжылдықта орын алды: өндіріске енгізілген шаралар саны – 17 мың, немесе 57% жоғарылау, шығындар – 1087 млн. сом, немесе 2,5 есе өсті, салынған қаражаттың 1 сомы небәрі 38 тиын пайда берді (2 есеге дейін төмендеді), яғни халық шаруашылығы бір бесжылдықтың өзінде ғана 502 млн. сом пайда өсімінен айырылды.
Мінеки, Ш.Есенов Ғылым Академиясының президенті қызметін атқарған жеті жыл мерзімде ғылымның, жаңа технологиялар мен еңбекті ұйымдастырудың жетістіктерін енгізу негізінде қол жеткізген нақты экономикалық жетістіктеріміз осындай болды. Ал, Асқар Қонаев академияның президенті лауазымында он екі жыл отырды. Екеуінің салыстырмалы көрсеткіштерін жоғарыдан көре беріңіздер.
Осы келтірілгеннен артық екі ғалымның еңбек нәтижелілігін бағалау үшін енді сұлу сөздердің қажеттілігі қанша? Асқар Қонаев сол кездері қоғамды жайлай бастаған тоқырауға екпін берді, нәтижесінде экономика құлдырады, қоғамдық жүйе қирады.
Ш.Е.Есеновтің президенттігі кезінде Ғылым Академиясының президиумы республиканың өндіргіш күштерінің дамуы барысына едәуір әсер етті. Алматыда Қарағандыда, Өскеменде басқа да өңірлерде жүйелі түрде ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылып, республика өндіргіш күштерінің дамуы проблемаларымен қатар нақты техникалық мәселелер де қарастырылып отырды.
Мен бұл материалда Ш.Есеновтің өндірістік проблемаларға байланысты қайраткерлігін жалпы сипаттап өттім. Бұл мәселелер терең зерттеуді қажетсінеді. Ш.Есеновтей шуақты адам туралы естелігімді аяқтай келе оның ойы мен әрекеттерінің тазалығын баса айтқым келеді. Кейбір басшыларға тән менмендік, жалқаулық, ой өрісінің таяздығы сияқты жағымсыз мінездерден Ш.Есенов абсолютті ада болатын. Ол нағыз демократ еді, оның оптимистік болмысынан, рухани биіктігінен айналасындағылар жан тыныштығын табатын. Ұлт перзенті Шахмардан Есеновтей ұлы дарынның туған халқына шапағатын толығымен дарытуға үлгермей, арамыздан мезгілсіз кетуі өкінішті-ақ».
***
1968 жылы Ғылым академиясы үшін күрделі өзгерістер жылы болды. Академия Президиумының көптеген мүшелерін қайтадан сайлап, 17 ғылыми институттың директорларын өзгертті. Ол батыл қадамдар жасап, жастарды көтерді, лауазымды қызметтерге қойды. Жоғарыда айтқандай, көптеген жаңа институтар ашылды. Мысалы, ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа жоспарларына орай бұрын болмаған Гидрогеология және гидрофизика институты тұңғыш ұйымдасты, Алматы жер сілкінудің аймағына жататын болғандықтан да Сейсмология институты, Жоғарғы физика институты, Металлургия және байыту, Астрофизика институттары, Бас ботаника бағында жаңа бөлімдер мен лабароториялар ұйымдастырылды. Не керек, көптен күткен серпліс пен өзгеріс орнады. Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев тұсындағы көңіл-күй қайта оралғандай, ғалымдар табысты еңбекке, жетістіктерге жете бастады.
Қашанда да Қазақстанның Одақтас Республикалар арасында салмағы зор болатын. Атырау мен Алтайдың арасын алып жатқан Қазақстанның жер қойнау толған байлық еді. Бұл біздің республиканың беделін көтеріп, мерейін өсірді. Кеңестік дәуірдің құрылымы жоспарлы эконкомикаға тәуелді. КПСС ХХІҮ съезінің СССР Халық шаруашылығын өркендетудің 1971-1975 жылдарға арналған бесжылдық жоспарында Қазақстанда электір энергиясының, түсті және қара металлургия, көмір, мұнай химия, машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсіптерінің өндірістік қуатын анағұрлым дамытуды жоспарлады. Бесжылдық жоспарын іс жүзіне асыруда Ғылым академиясының қосар үлесі аз болған жоқ. Ғылым жаңалықтарын өндіріске дер кезінде енгізіп, шығынды азайтып, табысты молайту үшін ғылымның атқарар ролі зор екенін бүгінгі адамзатқа айтып, түсіндіріп жату артық. Содықтан да Есеновтің ғалымдар жаңалығын тез арада өндіріске енгізуге барынша мүдделі болуы.
Академияның ішкі құрылымымен танысып, ғылыми-зерттеу институтардың жұмысына біраз қаныққан кезде президент алдынан бар проблема өзі-ақ қалқып шыға келді. Ғалымдар алдында да, мемлекет, Үкімет алдында да шешуін күтіп тұрған күрделі мәселелер көп болып шықты. Бас-аяғын жинақтап, қорытып президент Есенов Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің үлкен бір мәжілісінде республиканың өндіргіш күштерін дамытудың қадау-қадау мәселелерін көтерді. Мысалы, 1973 жылы Үкімет адамдары мен республикалық Жоспарлау комитеті алдында сөз сөйлеп, біраз сындар айтты. Сондағы
Достарыңызбен бөлісу: |