Шахмардан есенов



бет8/21
Дата04.11.2016
өлшемі5,66 Mb.
#306
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21

Заңгер Х.Ш.Әлжанов:

«--Шахмардан Есенұлы туралы әңгімемді менің сүйікті ақыным Рабиндранат Тагордың сөздерімен бастағым келіп отыр: «Досым менің, сенің үнің менің жүрегіме сезімтал шыршалар қоршаған теңіздің баяу шуылындай боп естіледі».

Қазақ зиялыларының жарқын өкілі, патриот, мемлекеттік қайраткер, ғалым, қазақ халқының нағыз ұлы какдемик Ш.Е.Есеновпен танысқан уақытымды өмірімнің бақытты сәттерінің біріне балаймын.

Шахмардан Есенұлының жарқын өмірі өзім және отбасым үшін, көптеген достарым үшін, эталон – негізгі үлгі болатын, онымен араласудың өзі тоқырауға ұшыраған бет-бейнесі жоқ қоғамда жарқ еткен сәуледей әсер беруші еді. Қайда жүрсем де осы бір өмірге құштар, байсалды да мейірімді, кесек денелі адам туралы айтқым келе береді.

Көптеген отандастарымыз оның істерін мақтан етеді және бюрокартиялық жүйенің оған тұсау салып, оның ғажайып мүмкіндіктерін Қазақстанның игілігіне жаратуына кедергі болғанына қынжылады. Қазіргі экономикамыз шатқаяқтап тұрғанда, ал геологтар барлаған байлығымызды шетелдік бизнесмендер мен жергілікті бюрокарттар талан-таражға салып жатқанда оның дарыны мен білімі қаншалықты қажет болып тұр десеңізші.

Ол бізге Қазақстанның байлығы – мұнай, газ, түсті металдар туралы айтқанда, республиканың болашағы туралы толғағанда көзі жайнап, рухтанып кетер еді...

Біздің алғашқы кездесуіміз 1963 жылдың күзінде алыс Сиам елінде, Бангкок қаласында болған еді, мен ол кезде Таиланд Корольдігіндегі КСРО елшілігінің Бас консулы қызметінде едім. Сиам жеріндегі екі қазақтың ұшырасуы жүрек елжіретті, ол кезде ұлттық республикалар өкілдерінің шетелдік қызметте болуы өте сирек кездесетін.

Ыстық тропикалық күн еді. Түскі астан кейін менің кабинетіме КСРО елшілігінің екінші хатшысы Олег Басторин (қазір сол елде төтенше және өкілетті елші қызметін атқарады) жүгіріп кіріп, аэропортта Б.Ұ.Ұ. бағыты бойынша өңірлік жиналысқа келген делегаттарды қарсы алғанын, солардың ішінде Алматылықтар бар екендігін қуана хабарлады.

О.Басторин менен жерлес қазаққа қызмет көрсетіп, қамқорлыққа алуымды ұсынды. Мен де қуана келісіп елшіліктің ауласына шыға келсем тропикалық ананас пен банан ағаштарының арасында алыстан қарағанда бейнесі академик Қ.И.Сәтбаевқа ұқсайтын ұзын бойлы, сымбатты қазақ тұр екен. Мен тез басып жақындадым да қазақы дәстүрмен шын жүректен сәлем беріп, қазақ тілінде сөйлейсіз бе? деп сұрадым. Ол «иә» деген соң біз ана тілімізде жеделдете желдіртіп сөйлесіп кеттік.

Алыстағы Сиам елінде қазақша сөйлесу маған әсем музыканың әсерінен кем болған жоқ. Менің алғашқы сұрақтарым Қазақстанның жаңалықтары, қазақстандықтардың өмірі туралы болды. Есімде, ол жылдары Алматының дүкендерінде ақ нан жоқ, ұн алуға да шектеулер қойылған т.с.с. еститін едік. Сондықтан сұрақтар көп болды.

Бірінші минуттан-ақ Шахмардан Есенұлы өзінің сымбатты сыртқы пішінімен, батырға тән бойымен, әдемі жымиысымен, Қазақстан туралы көшелі әңгімесімен тыңдаушыларды өзіне еріксіз қаратып алды. Ол өзіндік машықпен – асықпай, жайлап сөйлейді екен. Мені өзінің аудармашысымен таныстырды. Не дегенмен біздің қонақтардың ыстыққа шыдай алмай тұрғаны сезіліп түрды, сондықтан мен оларды тікелей қонақүйге қарай бастадым. Әдетте, елшіліктің қызметкерлері бензин үнемдеу мақсатында шағын машиналармен жүреді. Қонақтың дене бітімі менің көлігіме шақ келе қоймасын байқап елшіліктің «шевроле» машинасын алдым. Машинаға отырғызып, қонақүйге тарттым. Шахмардан Есенұлы мен аудармашыны «Тай-Отелге» жайғастырдым. Бұл қонақ үйі ерекше комфортты болатын, бірнеше деңгейлі бассейндер, теннис корты, дәмді тағамы дегендей. Тұрған жері де тыныш, жасыл-желекке малынған. Қонақүйдің қымбатшылығы мені алаңданады, өйткені БҰҰ өзінің делегаттары үшін ақшаны аямайтынын білуші едім.

Шахмардан Есенұлы мен аудармашыны екі номерге орналастырып болған соң кешкі асқа бардық, олар мені Қазақстаннан ала келген деликатестерімен сыйлады. Шахмардан Есенұлы бірден түзетіп Азия және Қиыр Шығыс елдері үшін экономикалық комиссия (АҚЭК) –БҰҰ филиалы сессиясының күн тәртібімен танысып алды.

Келесі күннен Шахмардан Есенұлы БҰҰ сессиясының жұмысын дендей кірісіп кетті. Менімен бірге Шахмардан Есенұлына көмекші және кеңесші қызметіне О.Босторин де жұмылды. Олег Босторин – тамаша дипломат, түйсігі мықты, МИМО-ның бітірушісі, ағылшын және Тай тілдерін меңгерген маман еді, Тайландтағы қызметіне бірнеше жыл болған. Тайландтан кейін О.Бостарин қызметін Сингапурде біздің Қасымжомарт Тоқаевпен бірге жалғастырды. Қазір Олег Босторин Тайландтағы Ресейдің төтенше өкілетті елшісі. Біздің отбасы онымен жақсы қарым-қатынастамыз, ол да біздің халімізді сұрап, Шахмардан Есенұлына сәлемін жеткізуді бізге жүктеп тұрады. Біздің министр-геолог О.Босторинге өте ұнады, қысқа кезең ішінде-ақ екеуі достасып кетті.

Тайландтағы Кеңес елінің дипломаттары сымбатты да, мейірімді қазақстандық министрді жиі еске алып отырады. Мынадай оқиға болды: елге қайтар алдында Шахмардан Есенұлында әлі де біраз сувени рлер қалған екен. Тайланд жағдайында бұл «сувинерлеріңіз» қомақты олжа – қара уылдырық, «столичный» арағының бірнеше шөлмегі, Абай бейнеленген қобдишалар және т.б. қайтар уақыт келіп жолға шығарда Шахмардан Есенұлы оның барлығын кеңестік елшілік қызметкерлеріне таратты. Бір шөлмек «столичный» немесе бір қалбыр икра алу, кімге болса да жағымды. Осыдан кейін дипломаттар мейірбан қазақ-министрді ұзақ уақыт бойы еске алысып жүрді. Иә, бұл Шахмардан Есенұлының жаратылысы еді, ол ештеңені ертеңге қалдырмайтын, қолындағы барымен бөлісетін. Кең адам еді ғой. Сонда менің жұбайыма Абай бейнеленген шкатулка тиген еді, оны біз Шахмардан Есенұлының көзіндей әлі күнге дейін сақтаудамыз.

Бізде Мәскеуден, Ленинградтан, басқа республикалардан әртүрлі және көптеген делегаттар болды, бірақ олардың ешқайсысы да біздің отандасымыз Шахмардан Есенұлындай әсер қалдыра алған жоқ.

Шахмардан Есенұлының жолы құтты болып, көп кешікпей Тайландқа А.Аджубей келді. Аджубейдің сапары да менің жаныма жағымды әсер қалдырды. Сол кезде барлық газеттер Аджубей, Н.С.Хрущевтің күйеу баласы, Жоғарғы Кеңестің депутаты және «Известия» газетінің бас редакторы – Қыиыр Шығыс және Оңтүстік Шығыс Азия елдеріндегі сыртқы саясатқа жаңа екпін береді деп жазып жатты. Аджубей менің қазақ екенімді білгеннен-ақ өзінің жанынан бір елі де қалдырмады.

Онысы Ұлы Отан соғысы жылдарында ол, анасы, бауырлары Қостанай облысында тұрыпты, сонда біз бір қазақ ақсақалдың үйінде тұрдық, ол кісі бізбен барымен бөлісті, сол ақсақалдың арқасында тірі қалдық, - дейді А.Аджубей.

Делегация құрметіне елші қабылдауында Аджубей тағы да Қазақстандағы өмірін еске алып мейірімді қазақ халқы үшін, оның Тайландтағы өкілі үшін т ост көтергенде, әрине мен масаттанып отырдым. А.Аджубей жүріп кеткеннен кейін делегацияға көрсеткен қызметімді бағалап елші маған бір айлық мөлшерінде ақшалай сыйлық тапсырды. Бір апта бойы А.Аджубей қонақүйде тұрып жатып өзі туралы, Хрущев туралы көп әңгімелер айтты, тіпті мені Никита Сергеевичпен таныстыруға уәде етті. Ол кісі көңілді, бауырмал, әңгімешіл адам екен.

Шахмардан Есенұлы Бангогте (Азиялық Венеция) он күндей болды. Бұл күндер біз үшін мерекедей болды десем артық емес. Ол кісі күндіз жұмыста болды, одан кейін қала араладық, музейге бардық, судағы базарды тамашаладық. Онда сатушыларға қайықпен жетесіз. Бүкіл сауда су үстінде жүреді,бұл көрініс Шахмардан Есенұлын таң-тамашаға бөледі, судағы саудада орнықтылырған ережелер мен тәртіптілік оған қатты ұнады. Біз ол кісіні зоопаркке апардық, министр пілге мініп серуендеді. Тайландта пілдерді, әсіресе ақ түсті пілдерді қадір тұтады. Абылайханның ақ түйесіндей, ақ піл де Тай корольдеріне бақыт сыйлайтын көрінеді. Ертеде корольдер қарсыластарымен сайысқа пілге мініп шығады екен. Күрестің нәтижесі көбінесе пілдің дайыындығына байланысты болса керек. Әрбір тай азаматы тағдырлы шешім (үйлену, сапарға шығу, сауда мәселесі т.с.с.) қабылдарда парктегі ақ пілге жақындап өзінің ойын айтып бата сұрағандай болады екен, содан соң ғана шешім қабылдайтын көрінеді.

Шахмардан Есенұлымен түнгі Бангокта қыдырдық. Түнгі Бангоктың өзіндік ерекше бір өмірі қалыптасқан. Түнгі клубтар, казино, Түрік моншалары т.с.с. қызмет көрсетеді де қала таңға таяу ғана ұйқыға кетеді Шахмардан Есенұлы қаланы аралап жүріп бірде-бір мас адамды көрмегенін айтты. Онысы рас, мұнда да ішеді, әсіресе амеркандық, еуропалық солдаттар, бірақ әдеппен мас болмай көңіл көтереді.

Мен оған Сиамда спирттік ішімдіктердің пайда болуы тарихын айтып бердім. Сиамдықтар өткен ғасырларда салауатты өмір салтын ұстанған. Күшті ішімдіктер мұнда Ұлы князь кезінде Николай ІІ, Аврора крейсерімен осы елге келгенде пайда болған. Николай екінші мемлекеттік істермен жүргенде орыс теңізшілері сиамдықтарға күріштен самогон қайнатуды үйреткен болса керек.

Тайлықтар өздерінің жаратылысы бойынша қонақжай, көңілді халық. Олардың басты ерекшелігі – олар әрдайым күліп, жымиып жүреді. Мен көптеген тайлықтармен араластым – сыртқы істер минситрлігінің қызметкерлері, бизнесмендер, ғылыми адамдар т.с.с., олардың сұрайтыны, неге орыстар тұнжырап жүресіңдер, неге жымимайсыңдар? Оған біз климаттың ауырлығын, өмір сүру салтымыздың қатаңдығын алға тартамыз. Оларда қазақтарды, тәжіктерді, грузиндерді, т.с.с білмейді. Олар үшін біздің баршамыз орыстармыз. Сен кеңес елінің өкілі екенсің – сен орыссың. Кейінірек, клубтардағы кездесулерде, кешкі отырыстарда мен оларға біздің елдің көпұлттылығы туралы, қазақ халқы туралы әңгімелеп жүрдім.

Мінеки, Тайлық мемлекеттік қайраткерлер, ғалымдар, министрлер, бизнесмендер, «таза орыс емес» геология министрі Шахмардан Есенұлына көңілдері толды. Сондықтан өнеркәсіп министрі қазақстандық жоғары дәрежелі қонақтың құрметіне үлкен қабылдау ұйымдастырды.

Қазақ халқы туралы, оның әлеуметтік жағдайы, мәдениеті туралы, әсіресе мұсылман дінінің, мешіттердің жағдайы туралы шұқшия сұрады. Толықтай алғанда, олар біздің мемлекеттік саясатты құптады. Қазақстанның геология министрінің сапарын, баяндамасын олар көрнекі насихат деп бағалады. Бұқаралық ақпарат құралдарынан оқу өзінше де, Ш.Есенов сияқты адамның келіп, жеке әңгіме-дүкен құруы тіпті басқаша, кез келген үгіттен артық құбылыс деп сендірді олар бізді.

Қайтарында Шахмардан Есенұлы Тайландттың маңызды тұлғаларына қарымта кешкі ас берді. Әрбір халық туралы, сол халықтың өкілі танытқан білімділік, пайымдау қабілеті, өзін ұстау машықтары сол халық туралы пікір қалыптастыратыны ақиқат.

Шахмардан Есенұлы қазақ халқының даналығын, мейірімділігін, дүниетаным кеңдігін айнаға қарағандай етіп көрсетті. Мені, Кеңес елшілігінің қызметкерін, Тайландтқа туған елінің осындай өкілінің келгені мәз-мейрам етті .

Шахмардан Есенұлы елге жүріп кеткеннен соң біздің елші А.Николаев, бұрынғы облыстық партия комитетінің хатшысы, менің жерлесім туралы жылы сөздерін аяған жоқ. А.Николаевтың айтуынша Ш.Е.Есенов –дарынды тұлға, өзінің пайымы мен іс-әрекеті бойынша ол қазақ халқының батыры А.Николаевқа ерекше ұнағаны Шахтың БҰҰ-ның Тайландтағы өңірлік сессиясында сөйлеген батыл әрі мазмұны терең сөзі болса керек. Өзінің сөзінде Шах адамзат болашағының өзекті проблемаларын қозғаған еді. Әрине, Шахмардан Есенұлы өзінің парасаты, білімі бойынша бұл елшілерден, қызметіндегі немесе тұрмысындағы кезекті қателіктен кейін шетелге жер аударылғандардан, әлдеқайда жоғары тұрды.

Біз, Шахмардан Есенұлының достары онымен кездесулерден түйгеніміз – ол шыншыл, мінезінде жасандылық жоқ, менмендіктен ада, шыныдай таза, ашық адам еді.

Есімде, 1970 ж.ж. «Қазақстан ғылым күніне» байланысты Қазақстан Ғ.А.-ның бір топ ғалымдарын бастап Шахмардан Есенұлы Қызыл-Орда облысына келді. Делегация құрамында академиктер Б.Жұбанов, А.Қасымжанов, заң ғылымының кандидаты К.Наменгенов (марқұм) және басқалары болды. Біздің делегация Қызыл-Орда облысы бойынша обкомның хатшысы (Танекеев бастап жүрді. Ол кісі қазақ тілі мен қазақ халқы тарихының білгірі еді.

Осы сапар барысында Шахмардан Есенұлы қарапайым халықтың ортасына судай сіңіп, тастай батты. Бақсақ, ол өзі туған жерінде жиырма жылдан астам уақыт болмаған екен. Ол шын ниетімен бүтін кештерін жергілікті тұрғындармен өткізіп, әрбір жерлесінен өмірі туралы, туысқандары жайлы әңгімелесуден бір жалыққан жоқ. Үлкенінің де кішісінің де әңгімесі оған қызық еді. Ауылдағы тұрмыстың кейбір ыңғайсыздықтары оны мазалған жоқ, барлық жерде өзін ыңғайлы сезінді. Ол киіз үйді таңдады, еркін жатты, біздің ұлы аталарымыз сияқты жалпы дастарханнан сүйсіне ішіп-жеді.

Қызыл-Ордаға келісімен делегация Сырдарияның жағасындағы обкомның резиденциясына жайғасты. Онда коттедждермен қатар екі киіз үй тұрды. Біздің академиялық зиялы қауым коттеджді таңдады, сондағысы есік, терезені жауып алып, масадан қорғануға болады-мыс. Шахмардан Есенұлы киіз үйді таңдады, біз Наменгенов екеуміз де солай жасадық. Шахмардан Есенұлы қамалып қалғандардың «тапқырлығына» рахаттана күліп алып, киіз үйдің ауасы кең, адам жер-анаға етене, бауыр басатындығын және т,б, артықшылықтарын түсіндіріп жатты. Шахмардан Есенұлы ертемен сағат 6-ға жақын тұрып алып дарияға түсіп, шомылып шынықты. Бұған оны геолгиялық экспедициялардағы бұрынғы өмірі үйретіпті. Сағат таңертеңгі 8-де ұйқыбас академиктер бригадасын оятып, ауасыз номерлеріңде тұншықтыңдар ма? - деп әзілдеді.

Шындығында киіз үйде демалу жанның рахаты екен. «Рафаэллоның» ләззаты жұпар ауа, жиденің иісі, бір кесе шұбатпен салыстырғанда өзіңді өзің алдау ғана екен. Біз киіз үй «люкстен» демалып, тыңайып тұратынбыз.

Сапар бағдарламасында белгілі дихан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевпен кездесу жоспарланған-ды. Академия президенті күріштің атасы Ыбырай ақсақалмен бір дастархан басында ұзақ әңгімелесті. Оқушылар мен күрішшілер бас күрішшіге арналған әндерін айтты. Соңында делегация Ы.Жақаевқа арнаулы сыйлығын тапсырды. Осы кездесу Шахмардан Есенұлына қатты әсер еткен болуы керек, ол Жақаевты құшақтап суретке түсті, қолындағы алтын сағатын шешіп алып Ыбырай атаның жұмыскер қолына тақты. Президенттің әрекетіне біз таң-тамаша болып, қуана қол соқтық. Бұл әрекет ұлы адамның әрекеті еді. Өткен замандарда Абылайхан, Кенесары және басқа да қазақ батырлары ерлігімен көзге түскен сарбаздарына өздерінің қылышын немесе садағын сыйлаған. Екатерина ІІ өзінің жаужүректеріне гаухар тас жаудырған, Ұлы Отан соғысында қолбасшылар ерлік көрсеткен солдаттарға қару немесе сағат сыйлаған. Республика Ғылым Академиясының президенті Шахмардан Есенұлы ерлік еңбегі үшін Ы.Жақаевқа өзінің алтын браслетті алтын сағатын сыйға тартты. Бұл көріністе бір керемет, символика бар екендігі даусыз.

Лауазымның биіктігіне қарамастан Шахмардан Есенұлы әңгімешіл, кішіпейіл адам еді, әсіресе ол өзінің әріптестері геологтарды ерекше құрмет тұтатын. Тайландтан кезекті бір демалысқа келгенімде Шахпен біздің бұрынғы ортақ отанымыздың астанасында, «Москва» қонақүйінде кездестік. Кешке «Пекин» мейрамханасында жолығамыз деп келістік. Мен одан қанша адамға орын алып қояйын деп сұрадым. Оның жауабы: біздер, геологтар көппіз, 10-15 орынға тапсырыс бер деді.

Келісілген уақытта өзінің геолог достарымен Шах келді, баршамыз қосылғанда 18 адам болып отырдық. Түннің бір уағына дейін біздер, қазақстандық достар, орысша, қазақша ән салдық. Шах геологтар туралы әнді ұнатушы еді.

Кеш тамаша өтті, көптеген тостар көтерілді. Әдемі әңгімелер айтылды. Мұндай кештер өмір бойы ұмытылмас әсерлер сыйлайды. Содан бері мен көптеген геологтармен, жер қойнауын барлаушы тамаша жандармен достасып кеттім.

Ол өзінің айналасында болып жатқан қимыл-қозғалыстың баршасын сабырлы, түсіністік қалыппен қабылдайтын. Маған Шахмардан Есенұлы ешқашан ешкімге ашулану былай тұрсын, дауыс көтермеген сияқты болып көрінеді. Оның ұстамдылығынан біздің халықтың үздік дәстүрлерімен өркениетті әлемнің игі әсерін байқағандай боласың.

Сөзімді растап, дәлелдеу үшін мына бір оқиғаны еске алайын. Қызыл-Ордаға баруға ұшаққа отырғанда Шахмардан Есенұлы плашын маған шешіп берді, мен оны ұшаққа кірер есіктің тұсындағы гардеробқа іліп қойдым. Қызыл-Ордаға қонып ұшақтан түсерде плашты таппадық.

Орта жолда, Жамбылға қонған сәтте, сонда түсіп қалған жолаушының бірі қымбат киімді ала кетсе керек. Бұдан соң мен сөзден қалдым, не істерімді білмедім. Шахмардан Есенұлы болса алған адамның киімді ажыратар ақылы бар екен, мен ол сәнді плашты Канадалық сапарымда сатып алып едім деді де қойды. Мұны естіген маған жан бітіп, тәйірі, президентке солда бұйым боп па, тағы бірін алар дедім. Шах тек біздің аңғалдығымызды ғана әжуалады.

Бізді Қызыл-Орададан салтанатты түрде шығарып салды. Облыс басшылығы әрқайсымызға сувенир-сыйлық әзірлемек екен. Жерлестері оған қандай «сувенир – тарту» жасамақ болғанын ойланбай-ақ түсінуге болар еді. Оған Шахмардан Есенұлы үзілді-кесілді қарсы болды, ал, делегация мүшелерін сіздерге бір нәрсе қажет болса Алматыға барғаннан кейін өзім реттеймін деп тыныштандырды.

Бұл оқиға да үлкен адамның мөлдіреген тазалығын көрсетсе керек. Шахмардан Есенұлының бойында ғажайып адами қасиеттер молынан кездесетін, бұл қасиеттердің ең көрнектісі, оның шынайы қарапайымдылығы еді. Ол адамдарды үлкен, кіші деп бөлмейтін, қарапайым адамдарға жоғарыдан төмен қарамайтын, беделділердің де алдында бас имейтін. Есесіне, ол ақылды, дарынды адамдарды бағалай білетін. Әңгімелерінде Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы, Келдыш туралы және басқа да әлемдік деңгейдегі ғалымдар туралы жиі айтатын.

Ерекше айтайын дегенім Шахмардан Есенұлы өзінің оппоненттеріне, қастарына, қызғанышқа бой алдырғандарға қатысты ерекше амал ұстанатын. Көрнекті адамдар арасында ондайларың да жетіп артылады. Әңгімелесу барысында, тіпті өзінің тар ортасында өзінің қарсыластары туралы ешқандай теріс пікір білдірмейтін. Бұқаралық ақпарат құралдарында жерден алып, жерге салып жатқандар туралы да ешкімге, ешқандай да тіс ашпайтын.

Тоғышарлық мінез-құлықтан әрдайым аулақ жүрді. Оның ұстамдылығы оны арайландыратын... Шахмардан Есенұлы, Евней Арыстанұлы сияқты көптеген қазақ халқының аймаңдай ұлдары өздерінің қуатты әлуетін толықтай жүзеге асыра алмай өмірден өтті.

Оған тоқырқаған жүйенің сумаңдаған партия, шаруашылық номенклатурасы өз үлесін қосты, десек қателеспейміз.

Дегенмен, Қазақстан тарихында олардың алатын абыройлы орны бар және қала береді.

Ізет, қайырымы мол дана Шахмардан Есенұлы туралы қысқаша естелігімді М.Кузминнің келесі өлең жолдарымен аяқтағым келеді:

Жылдарды жылға жалғады

Бауырым деп атайық,

Өкпелемес:

Халықтың қадыр, ардағы».

Осындай үлкен есімді Азаматтың ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ, атақ пен марапат бірінен кейін бірі келіп те, беріліп те жатты.

1961 жылы ХІ съезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланды, 1962 жылы Геология-барлау жұмыстарының кәсіподағы Орталық Комитетінің мүшесі, 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1965 жылы Қарағандының Ленин сайлау округі бойынша Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1965-1967 жылдары Қазақ КСР Геологиялық өндіріс комитетінің төрағасы болып тағайындалды, 1966 жылы «Маңғыстаудың техтоникасы және мұнай-газдылығы» деген монография жазып, ғылыми ортаға ұсынды, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып сайланды, ал, 1965 жылы Бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Бейсебаев Мәсімханның қоштауымен Есенов Шахмардан Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

***








Бесінші бөлім

ТӨРАҒАНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

немесе аз жылда атқарылған көп іс

Сөйтіп, Есенов Қазақ ССР Министрлер Советі төрағасының орынбасары болып тағайындалып, республикадағы ауыр өндіріс салаларын қажетті шикізатпен қамтамасыз ету міндеті жүктелді.

Бұл күнде біз Қонаевтың ол кезде не ойлағанын біле алмаймыз. Ешкім де оның сыры мен шындығын айта да алмайды. Маңғыстаудан мол мұнайдың көзін тауып, бұрқыратып өндіруге, өңдеуге енді кірісіп, Кенді Алтайдағы Тишын, Орлов, Малеев кендерін ашып, Қаратаудың қойнауын қопарып, «Үлкен химияны» көтереміз деп, Геология министрлігінің жұмыс-көрігін қызыдырып жатқанда Есеновті Қазақ ССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлығына тағайындады. Неге? Білетініміз Бірінші хатшының айтуымен және қолдауымен болғандығы. Республиканың ішкі және сыртқы жағдайын жақсы білетін Бірінші хатшының ойында не барын кім білсін, әйтеуір, Шахмарданға деген пейілі түзу болып, жастығына қарамай біртіндеп-біртіндеп жоғарылатып келе жатты. Бұның бәрін байқап, хатшының әр сөзін, әр қадамын аңдып, жіті бақылап, бағамдап отыратын «үлкен» орта дөп басып айта аламаса да долбарлы ойларын гулетіп жатты. «Не дейсіз, төрағаның орнына дайындап жатқан көрінеді», «бір облысқа бірінші етіп жіберетін шығар», «соңғы кезде Шапық Шөкин көп сыналап кетті...академияға президент етпесе...» деген, сыбыр-сыбыр долбар сөзбен қоса: «Димекең ақылды адам ғой, ол да мәңгі емес... өз орнына дайындап жүрген шығар...» деген пікірлерге дейін таралды. Ал, бұның шындығын, Есеновке аяусыз көрсетілген қамқорлығының астарында не жатқанын «Бірінші» Қонаевтан басқа ешкім де білмейтін еді.

Көптің алып-қашпа сөзі Шахмарданды да, Қонаевты да елеңдете қойған жоқ. Шахмардан «партия... жоқ, Димекең қайда жұмсаса сонда бара беремін» деп, жаңа қызметтің кілтін қолға алып, іске кіріскен. Өзіне таныс қызмет, іздейтіні кен, жоқтайтыны баяғы геолог пен барлаушының, кенші мен мұнайшының мұң–мұқтажы, қысқасы, Қазақстандай алып шикізат қоймасының мың-мың мәселесін шешу, өндірісін өркендету.

Бұл орында ол екі-ақ жыл қызмет етті. Бірақ қыруар шаруа бітірді. Республиканың Орталық Мұрағатында қатталып тұрған Үкіметтің, төраға орынбасары Есеновтің қолы қойылған қаулы-қарарлары—құжаттар біздің көзімізді жеткізді. Соның бірі СССР Геология министрі мен СССР Жоспарлау комитетіне жолдаған хаты. Онда төраға орынбасары Шахмардан Есенов жерінің көбі шөл мен шөлейт болып келетін Қазақстан аумағын суландыру мәселесін көтереді.

Есеновтің беделі ме екен, әлде дұрысы осы деп тапты ма, әйтеуір Мәскеу шенуніктері Қазақстан есебіне шешіп, төраға орынбасарының айтқан ұсыныстары қабылданып, ақырында үлкен Үкіметтің қаулысы шықты. Осыдан кейін бұрын жер асты суын іздеу геологиялық эспедициялар міндетінде болып келсе енді республикадан «Қазақсушаруашылығы» тресті құрылып, мақсат-мұраты бар, қаншама мамандар мен жұмысшыларды қамтыған жеке мекеме болып шықты. Оның жұмысын жандандыру үшін облыс-облыстардан бөлімшелері ашылып, ел таңдайын, жер таңдайын жібітіуге кірісті. Төраға орынбасары Шахмардан Есенов бұл сала бойынша да біраз ойлаған ойларын іске асыра білді.

Екінші құжат СССР Геология министрі А.В.Сидоренко мен СССР Құрлысбанк басқармасының бастығы С.З.Гинзбургке жазған хаты.

Әу баста маң далаға мұнайшылар үшін Ерәлі поселкесін салуды облыстық партия комитеті мен министр Есенов болып мәселе етіп көтеріп, жоғарғы жаққа хаттар жазып, ақыры рұқсат алып, біраз тұрғын үйлер мен түрлі мәдениет ошақтарын, мектеп салғызған-ды. Соның ішінде 192 балаға арналған орта мектептің құрлысы бітпей, балалар тар жерде екі ауысыммен оқып келді. Көрер көзге ұрып тұрған кемшілікті көрмеген боп қалай отыра берсін. Дереу төраға орынбасары Ш.Есенов Мәскеудегі Геология министрі мен Құрлысбанк басқармасына хат жазып, геологиялық барлауға бөлінген қаражат есебінен жаңа мектептің құрлысын аяқтауды сұрайды. Хатта өзінің жеке беделін, «сіз-біз» дескен сыйластығын салған сарын байқалып-ақ тұр. Ақырында, төраға орынбасары Есенов талабы орындалып, жаз бойы мектеп салынып, күзгі оқу жылына дайын болды. Бұл 1967 жыл болатын. Қазіргі таңда бұл мектептен білім алып, қанаттанып ұшқан балалар санын санар болсақ біраз сан қажет болар-ау.

Негізі геологтар арасында Шахмардан Есенов Геология министрі болып тұрған кезде Кенді Алтайдың бағы екінші рет жанды деген пікір бар. Әрине, біріншісі бағының жануы академик Қаныш Сәтбаев тұсында болғанын көпшілік айтпасақ та біледі. Біз сол Кенді Алтайға байланысты жазылған төраға орынбасарының хатын мұрағаттан таптық. Онда ол Алтай өңіріндегі шекаралас жатқан: Золотушин, Змеиногорскіден кен орындарын барлауды қазақстандық геологтарға беруін сұрайды.

СССР Геология министрлігіне хат.

Ақырында, Мәскеу басшылары бұл ұсынысты да дұрыс қабылдап, барлауды Қазақстан геологтарына тапсырады. Мұнай өндіру қазақтардың қолынан келмейді деп жүрген ағайындардың аузы біржола жабылып, қызығуларын да, қызғануларын да тоқтатты. Бұл тұста айтты-айтпады Шахмардан Есеновтің еңбегі айтулы еді.

«-- Бұрын геология саласында жергілікті жердің өкілдері, яғни, қазақтар көбіне жай инженер, аға геолог деген атақтан әрі аса алмайтын. Бастықтар, жетекші кадрлар негізінен Орталықтан, Мәскеуден жіберілетін. Шахаң министр болсымен қазақтарға көп көңіл бөліне бастады. Аз уақыттың ішінде көптеген ұлттық кадрлар есепке алынып, олардың өсуіне қолайлы жағдайлар жасалды. Осының нәтижесінде көптеген іскер қазақ жігіттері жетекші, басқарушы қызметтерге тартыла бастады. Солардың атарында мен де 1964 жылы 32 жасымда астанамыз Алматыға «Қазгидрогеологиялық» тресіне бас инженері болып тағайындалдым.

Шахаңда терең қалыптасқан мынадай пікір бар болатын. Ол: «қазақ барлығына да үйренеді, барлығын да игереді, егер тиісті органдар, жауапты қызметкерлер дұрыстап бағыт-бағдар бере алса!» дейтін. Қазіргі кезде жас мемлекетіміз қаз-қаз тұрып келе жатқан шағында көптеген газет-журнал беттерінде: «қазақтарда жөнді маман жоқ, дайындағанымен шықпайды, ал бүгінгі орыс тілді мамандар кетіп қалса өндіріс салалары қараң қалады...» деген ұлттық намысқа тиетін, саяси астары бар мақаларды оқығанда еріксіз Есенов ойға түседі. Ол: «қазақтар мұнайды меңгере алмайды, кадрлары жоқ, әзірбайжан мен түркімендерге беру керек» деген кертартпа пікірлер өрбіген кезде оларға табанды қарсы тұрып, қазіргі кездегідей сөз бостандығы жоқ, нағыз тотолитарлық жүйенің дүрілдеп тұрған шағында тойтарыс берген Шахмарданның өр тұлғасы жиі есіме түседі. Осындай қиын, өтпелі кезеңде елімізге Шахаң сияқты нар тұлғалы, жігерлі, халқының болашағын ойлайтын ұлтжанды, адал ұлдар керек қой деген ой жанымды үнемі мазалайды»--дейді, академик? Әбдіғаппар Жәкелов ағынан ақтарылып. Иә, бұл Әбекеңнің ғана жанын жүдетіп, миына маза бермей жүрген мәселе ме екен?! Жер қойнауындағы кен байлықтардың талан-таражға түсіп, ел асып, жер асып кетіп жатқанын көзбен көріп жүргендердің бүгінгі қоғамға Шахмардандай ұлтжанды, халықтың қамын ойлайтын абзал азаматтың қажеттігін сезінгелі қашан!

Көненің көзі, мемлекет және қоғам қайраткері Б.Рамазанова төраға орынбасары Есеновтің қызмет үстіндегі көпке үлгі боларлық бір әрекетін әдемі баяндайды:



«--Қазақтың айтулы ақыны Қадыр Мырза-Әли: «Өткен өмір-өшкен от, мен сол өшкен отты көсеп отырған жан сияқтымын» деген екен. Ендеше, Шахмардан Есенов оттың жанып тұрған кезінде де, өше бастаған уақытында да оны ары қарай маздатуға тырысқан азамат десек артық болмас. Бұған Шахмарданның он бір жыл бойы ұстазы Қаныш Сәтбаевтың ісін жалғастырып, геолог ретінде, барлау экспедициясының инженері, бастығы, Ғылым Академиясының президенті, Геология және жер қойнауын қорғау министрлігін басқарған кездері дәлел бола алады.

Мемлекет басқару ісінде, айталық, Жоғарғы Кеңес төрағасы кездерінде депутаттармен жақсы түсіністікте, қарым-қатынаста болғаны, олардың қойған мәселелерін шешуге көмектескені, мәжілістерді екі тілде жинақты өткізуі, кейде әр салаға байланысты тосыннан қойылған сұрақтарға тосылып қалмай дәл, нақты жауап беретіндігі, сайланған округіне жиі-жиі барып есеп беріп тұрғаны сол кездегі көптеген депутаттарға үлгі болғаны рас.

Қазақ айтады ғой: «Адамның қасиеті өзінде емес-сөзінде» деп. Шахаң ісімен де, сөзімен де өзіне абырой жинаған адам.

Ақиқат болған, ел білетін бір оқиға туралы айтайын. 1965 жылы Мәскеуде пленум өтетін болып бар басшы соған кетіп бара жатты. Соның алдында ғана Ілияс Омаров Мемлекеттік Жоспарлау комитеті басшылығына тағайындалып, оның орнына Мәдениет министрі болып Ләйла Ғалымжанова бекітілген-ді. Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Бейсебаев Мәсімхан пленумға кететін болып, орынбасары Шахмарданды шақырып алып: «министрлікте уақытша мәдениетке бағыт-бағдар беріп отыратын адам болмай тұр...сондықтан, өндіріспен қоса осы міндетті де әзірше ала жүруіңе тура келеді... салалық министрлік басшыларына тапсырма бер, мәдениет саласын көтеруді ойластырсын...жоспар жасаңдар...» деп, тапсырма береді. Дереу Есенов мәдениет бөлімдегілермен ақылдаса отырып жоспар жасап, барлық салалық министрлерге хат жолдайды. Бәрінен де «мәдениетке бөлінетін қаражат жоқ» деген жауап алады. Бұл жауап Есеновке ұнамайды да, министрлердің бәрін шақырып жиын өткізіп: «мәдениет деген сіздер ойлағандай алтын мен күміс, мұнай мен темір, көмір... емес. Мәдениет-- халықтың дәстүрі, салты, әдет-ғұрыпы. Көмірің қара, алтының сары екен деп бізді ешкім танып, қадірлемейді, бізді басқаларға танытатын мәдениетіміз бен өнеріміз... Оны дамытып, келер күнге жалғап отыратын мәдениет ошақтары: клубтар, мәдениет сарайлары, кітапханалар, театрлар. Ал олар бізде әлі де жетіспейді. Сондықтан мәдениетке сіздер мен біздердің қамқорлығымыз, жанашрлығымыз аса қажет. Құрметті жолдастар, турасын айтсам, бүгінгі төрағаның орынбасары Есенов те, Мәдениет министрі Ғалымжанова да, сіздер де ертең-ақ бұл өмірден өтеміз де кетеміз. Ал, ұлттық мәдениет, ұлттық өнер--мәңгілік! Ол халықтың айнасы, беті, байлығы...» деп, арғы-бергі тарихты қозғай тұрып қамқорлықтың, нақтылы шаралардың қажеттігін жеріне жеткізе айтады. Не керек, жиын соңында әрбір министрлік бір-бір мәдени орындарын салатын болып, келісімін беріп тарасады. Замандастар арасында осы оқиғаны көпке дейін айтып, Шахаңның беттілігіне, білгіштігіне, шешендігіне мақтанып жүрдік. Негізі, Шахаңның сыртқы тұлғасы нағыз баяғының Батырларындай болса, ішкі жан-дүниесі де сондай болатын. Сөзін, берген уәдесін өлтірмейтін, қасиетін көрсетіп жүретін. Талай-талай үлкен жиындарда өндіріс пен ғылымда кетіп жатқан кемшілктерді батыл сынады, шындықты айтты. Өмірінің соңғы жылдарында қызметтен төмендеп, ылайықты құрметін ала алмады. Шындықты, әділдікті айтамын деп күйіп кетті-ау деп ойлаймыз.

КСРО Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары болды, яғни, Одақ көлемінде де мемлекет басқару ісіне ат салысты.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың аяқ кезінде КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасарлары болып Ш.Есенов, М.Ықсановтар жұмыс атқарды. Олардың бірі ірі өнеркәсіпті дамытып, кен қазбаларын молайтса, екіншісі, мелиорация саласын өркендетті, ал, үшінші тұлға- министр Б.Пәрімбетов құрылыс кешендерін жобалау, салу және олардың сапаларын арттырумен шұғылданды. Бұл аттары аталған үш азамат: палуан денелі, бойлары сұңғақ, ойлары терең, өз істеріне қалтқысыз берілген жандар еді. Шындығында бұл «үш дос», «үш алып» деп замандастары атап кеткен азаматтар ел экономикасын көтеруде жұмыстағы түсіністік пен достықтары берік, еңбектері қомақты да нәтижелі болды.

Шахаңның отбасы үлгі аларлық жанұя. Жары Камиланы институт бітіргенше күтіп, қарт анасын өзі күтіп, уәдесінде тұрып, отау құрған. Камила да соны ақтады. Өз басым Камиланың әйелдік, аналық парасатына таң қаламын, риза боламын. Қуанышта да, реніште де Шахаңа нағыз жанашыр, дос, жолдас бола білді. Балаларын қандай тамаша етіп тәрбиеледі, жаман қылықтарын көрген де, естіген де емеспіз. Камиланың өзі мектепті де, институтты да өте жақсыға бітірген. Соған қарамастан, кейбіреулердей «жұмыс істеймін» деп шалқақтамай, Шахаңның басын қадір тұтып, анасы мен балаларына өмірін арнады. Әйелдік, аналық парызын бірінші орынға қойды. Қазір соның жемісін жеп, балалары мен немере, шөберелерінің қызығын көріп, «Есеновтер әулетінің» басы, басшысы болып отыр. Әйел-ана бақыты деген осы емес пе?!

Мінезге бай, асықпай сөйлеп, ойын бүкпесіз жеткізетін, киім киісі, жүріс-тұрысы сүйкімді жас Камиланы Димаш ағамыздың (Қонаев) зайыбы Зухра Шәріпқызы жақсы көріп, сыйлап жүрді. Бірде сол кісілердің дастархан басында бірге қонақта болдық, сонда Зухра жеңгеміз: « Камила менің қызым болады, сәл ғана күрең түсі болмаса маған тартқан» деп, арқасынан қағып, қолаң шашын сипап, мейірлене айтқан сөзі құлағымда қалып қойған еді.

Қанша жыл өтсе де Камиланың сол сыпайы, сырбаз, сол қалпында. Шахаңмен 42 жыл отандасып, бірін-бірі «Батырым» деп өтті. Қызы Шәйзаға, ұлы Мақсұтбек пен Сұлтанға бас-көз болып, әкелерін жоқтатпай отыр. Өмір бір сарында тұра ма, тек осыдан төрт-бес жыл бұрын Ескендір деген баласы өмірден өтіп, қайғылы оқиға болды. Ақылды адам ғой, оны да сабырмен көтере білді.

Үлкен ұлдары Махсұтбек Шахаңның досы, көп жылдар абыройлы мемлекеттік қызметте істеген Ықсанов Мұстахымның қызы Гүлнарға үйленді. Құда-құдағилар бір-бірімен сый-сияпатта болды. Әсіресе, Камила құдағиы Сайда Шамсудинқызымен апалы-сіңлідей жарасып жүрді.

Қысқасы, қазақшалап айтқанда, Шахаң өмірге босқа келіп, босқа кеткен жоқ. Артында өлмейтін жақсы ісі мен өшпейтін сөзі қалды, ұрпақтары, жары қалды. Біз де өз парызымызды орындап, есте қалған әңгімемізді осылай айтуды жөн көрдік».

***

Төраға орынбасары 1966 жылдың желтоқсан айының 31 күнгі «Лениншіл жас» газетінің жас тілшісі, қазір республикаға белгілі журналист Оразбеков Нұрмаханмен сұқбаттасыпты. Әңгіме жыл қортындысындай болып, қол жеткен табыстар мен жетістіктер төңірегінде өрбіпті. Біз сол сұхбатты түгел беруді жөн көрдік. Өйткені, төрағаның орынбасары респулика жетістіктерін жаңа жылдың алдында халқына есеп бергендей болып баяндайды. Ал, бүгінгі таңда ол біз үшін берер мәліметі көп құнды құжат есебінде тұр. Сұхбатты оқи отырып ойға қаласыз, бүгінгі егемен Қазақстанның тамыры тереңде екен-ау деп, бүгінде біріміз жамандап, біріміз ойда жоқта көз жазып қалған Кеңестік қоғам кезінде де мемлекет пен Үкімет адамдары қадау-қадау істер атқарып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытып, іргелі ел айналдырыпты ғой, деген ойға келтіреді. Бұл ойды тудырған «Лениншіл жастың» тілшісі Нұрмахан Оразбеков мен Шахмардан Есенов арасындағы сұхбат еді.



«Тілші:-- Шәке, бесжылдығымыздың алғашқы жылы тәмамдалып келеді ғой. Осы жылғы республикамыздың ең қомақты табыстарын қысқаша баяндап берсеңіз.

Ш.Есенов:--Қазақстанның үлесі өте-мөте оқшау. Соның ішінде ең шоқты ғы биік деп 1 миллиард 37 миллион пұт астықты айтамыз. Бұл дихандарымыздың дәннге айналған маңдай тері ғой. Жер шарының бар тұрғынын жарты ай асырайтын осынау молшылыққа қай облыстың үлесі болсын айтарлықтай. Әйтсе де, Қостанай, Целиноград, Солтүстік Қазақстан және басқа облыстардың құйған астығы ерекше ерен. Сондықтан да ғой төрт облысымыздың көсеміміздің күміс бейнесі бар орденді алуы. Егіншіліктің өзге салалары—мақта мен қызылшадан жиналған өнім де бұрын-соңды қол жеткеннің ең биігі. Егіншілік қана емес, мыңғырған малымыздың өнімдерін де жоспардан артық саттық қой.

Өнеркәсібіміз де тың қарқын қосып тастады биыл. Ақтық қортындысы шыға қоймағанмен, алдын-ала есептеулер бойынша миллиондаған сомның өнімі жоспардан тыс шығарылады деп отырмыз. Тараулап кетсек бұл үстеме –40 мың тонна шойын, 29 мың тонна болат, 850 мың тонна темір рудасы, 100 мың тонна мұнай, 1 миллион 400 мың тонна көмір, бес мың тоннадан астам тыңайтқыш, ұшан-теңіз қорғасын, мыс деген сөз.

Тілші:--Аға, биыл республика кәсіпорындарының бір тобы жоғары наградаларға ие болды ғой. Олардың аяқ алысы қалай?

Ш.Есенов:-- Жетіжіылдық жоспарды табысты орындағаны, жаңа өндірісітік қуаттарды іске қосқаны, технологиялық процестерді жетілдіргені, өнім шығаруды арттырғаны үшін бірқатар кәсіпорындар Кеңестер Одағының ордендерімен марапатталды. Ленин орденді Балқаш, Жезқазған кен-металлургия комбинаттарына, «Ленинуголь» тресіне, Еңбек Қызыл Ту орденді Соколов-Сарыбай кен комбинатына, Лениногор түсті металдар Зырян қорғасын комбинаттарына, Ақтөбе химия комбинаттарына, Қарағанды синтетикалық каучук зауытына, Шығыс Қазақстан геологиялық басқармасына «Мангышакнефтьегазразветка» тресіне және басқа кәсіпорындарға тапсырылды.

Бұл кәсіпорындар биыл да белгіленген тапсырмаларды ойдағыдай орындап отыр. Жалпы өнім шығару, еңбек өнімділігін арттыру, өнімнің өзіндік құнын арзандату жөніндегі жоспарларды едәуір асыра орындады.

Жезқазған кен-металлургия комбинаты мысалға келтірейін. Биыл жалпы өнім шығаруды комбинат 107 процентке жуық, руда мен қара мыс өндіруді 105 проценттен астам орындамақ. Мұндай табыстар әлгі кәсіпорындардың қайсысында болсын баршылық.

Тілші:--Үстіміздегі жылдың бір ерекшелігі жоспарлау мен шаруашылықты жүргізудің жаңа әдісінің өмірге енгені болды ғой. Жаңа әдіске елімізде жүргізген өнеркәсіп орындары көшті. Республикамызда бұл әдіспен жұмыс істей бастаған өнеркәсіп орындары қанша және жаңа жүйе олардың жұмысына қандай әсер етті?

Ш.Есенов:--Республикамыздың ауыр өнеркәсібіндегі жаңалық қой бұл. Бес кәсіпорын. Өскемен қорғасын мырыш комбинаты, Балқаш кен-металлургия комбинаты, Золотуха руда басқармасы, Қарағанды ситетикалық каучук заводы, «Целинэрго» аймақтық басқармасы жоспарлау мен экономикалық көтермелеудің осы әдісіне көшті.

Жаңа жүйемен жұмыс істей бастаған барлық кәсіпорындар жалпы және товарлы өнім шығару еңбек жоспарларын, өнімді реализациялау өнімділігі, өзіндік құнды төмендету мен табыс жөніндегі міндеттемені асыра орындады.

Өскемен қорғасын-мырыш комбинатынан мысалдар келтірейін. Өнімді реализациялау көлемінің 11айлық жоспары –101,2 процентке, табыс—103,3 процентке орындалды. Бұл жоспардан тыс жүз мыңдаған сом алуға мүмкіндік туғызды.

Бұл мысалдармен шығатын қорытынды мынадай. Шаруашылықты жүргізудің жаңа принципі өндірісітің резервтерін тауып, пайдалануға мүмкіндік береді. Бұған бұлтартпас дәлел—өнімді реализациялау мен табыс жөніндегі үстеме міндеттердің асыра орындалуы.

Екіншіден, жаңа жүйе ежелден келе жатқан жоспарды кемітуге тырысу әдетін жояды.

Әлгі аталған кәсіпорындарда өндіріс экономикасын, шаруашылық есепті жақсарта түсуге көңіл көп бөліне бастады. Негізгі және көмекші материялдар, электор энергиясы және отын шығынын нормалау жақсарды.

Тілші:--Биыл қандай өнеркәсіп орындары іске қосылады. Және олардың халық шаруашылығындағы орны қандай?

Ш.Есенов:-- Қазақстан өнеркәсібінің қатары биыл толыға түсті. Жаңаден 200 кәсіпорын мен цехтар іске қосылды. Олардың біразын атай кеткен жөн болар. Бұл—Лениногор мырыш зауытының бірінші кезегі, Өскемен титан-магни комбинатының екінші кезегі, Қарағанда металургия зауытындағы слябинг «1150», Соколов-Сарыбай комбинатындағы түйіршіктеу фабрикасының үш күйдіру пеші, қуаттылығы 3 миллион тонна көмір шахталары мен разрездері 216 мың киловаттық турбиналы электор станциялары, 120 мың киловаттық турбиналы электор станциялары, 120 мұнай скважиналары. Биыл республика тұңғыш рет полэтилен, элементарлық фосфор, натрий, триполифосфат, фосфат, сляб, және басқа өнімдер берді. Мұның бәрі Республикамыздың өнеркәсіптік потенциалын жаңа да биік деңгейге көтере түсті.

Тілші:--Суармалы егіншілікке үлкен мән беріліп отыр, Биыл сурамалы егіншілік көлемін онан әрі көбейту жөнінде не істелді?

Ш.Есенов:--КПСС Орталық Комитетінің май Пленумының мелиорацияның кең өрістету жөніндегі шешімдерін іске асыра отырып, Қазақстанның дихандары суармалы жерді игеру және оның пайдалылығын арттыру жөнінде айтарлықтай табыстарға ие болды.

Суару жүйелерін қалпына келтіру жөніндегі көптеген жұмыстар нәтижесінде суаруға дайындалғанмен, бұрын пайдаланылмай келе жатқан жерлер ауыл шаруашылық айналымына қосылды.

Суармала жерлерд ің көлемі 1965 жылмен салыстырғанды 68 мың гектарға артып, 1 миллион 229 мың гектарға жетті. Мұның ішінде суармалы дәнді дақылдар көлемі 69 мың гектарға артса, күріштің көлемі 8 мың гектарға көбейді.

Үстіміздегі жылы суаруға, өңдеуге көп көңіл бөлгендіктен техникалық және дәнді дақылдардан жақсы өнім жиналды. Өткен жылмен салыстырсақ биыл өнімділігі жағынан қант қызылшасы 23 процентке, күріш 38 процентке өсті. Жалпы өнім болса, мақтадан, қант қызылшасынан, күріштен, суармалы жерге егілген және басқа дақылдардан бұрынғы жылдардағымен салыстырғанда әлдеқайда көп алынды. Биылғы табыстарымыз суармалы жерлердің бар мүмкіншілігін сарқа пайдаландық деген қорытынды тудырмаса керек. Ол табыс өсе берері айдан анық.

Тілші:--Еңбекшілердің игілігі үшін үстіміздегі жылы не істелді?

Ш.Есенов:-- Биыл еңбекшілердің тұрғын үй қажетін қанағаттандыру және тұрмыстық қажетін өтеу жөнінде аса маңызды шаралар жүзеге асты.

Тұрғын үй құрылысы кең көлемде жүзеге асты. Жыл қортындысында 3 миллион 600 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 2 миллион 842 мың шаршы метрі мемлекеттік күрделі қаржы есебінен тұрғызылды. 82 мың шарша метр тұрғын үй құрылысы кооперативтерінің , 680 мыңы мемлекет қарызы арқылы жеке адамдардың күшімен салынды. Жаңа пәтерлерге 113 мың семья кірді деген сөз бұл. Бейнелеп айтсақ, бес жүз мыңнан аса халқы бар үлкен қала жаңадан салынған.

Қалалар мен поселкаларда пайдалануға беріліп жатқан үйлердің бәрінде де коммуналдық қызметтің бар түрі көрсетіледі. Бір жылдың ішінде 240 мың пәтерге газ жеткізілсе, 97 мыңы селода болса, оның екі мыңы шопан үйлері болса аз табыс деп кім айтады. Биыл салынған су құбырларынң ұзындығы 450 километр болып отыр. Бұл Алматы мен Жамбыл қалаларының қашықтығына тақау. Бір жылда салынған моншаларға 1839 адам бірден шомыла алады екен, кір жуу орындары бір сменада 3695 килограмм кір жуады екен. Мұның бәрі халқымыздың тұрмысын жақсарта түсуге септік қой.

Тұрмыстық қызмет әлдеқайда жақсара түсті. Арнаулы министрліктің құрылуы бұл істі бір жүйеге келтірді. 1966 жылы 650 кәсіпорын мен мастерской қатарға қосылыпты. Енді олардың саны 11 мыңға жетті. Тұрмыстық қызмет көрсетудің жалпы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 18,6 процентке артса, селолық жерлерде бұл көрсеткіш 22,6 процентке жетті.

Қыруар істің бәрі бір мақсатқа, еңбекшілеріміздің тұрмыстық хал-ахуалын жақсарта түсуге бағытталған. Бұл партия қамқорлығы, нағыз әкелік қамқорлық.

Тілші:--«Лениншіл жас» оқушыларын осынау кең байтақ респуликамздың тынысымен таныстырғаныңыз үшін рахмет, Шәке!

Ш.Есенов:--Менің айтқандарым негізгі мәселелер ғана ғой, ал, туған республикамыздың тынысы әлде қайда кең, әлде қайда құлашты емес пе?!

(«Лениншіл жас», сенбі, 31 декабр, 1966 жыл.)

Әңгіме арқауынан өткен өмірдің сан түрлі жетістіктерін еске түсіруге болады. Сандаған сандар мен проценттің өзі сол уақыттың тыныс-тіршілігін көз алдыңызға айнытпай әкеледі. Ол жетістіктердің артында адам—мемлекет пен Үкімет басшылары, сан мыңдаған халық, көпшілік қауым тұр. Кейде біз бүгінгі тәуелсіз Қазақстан осы күйінде аспаннан түсе қалғандай, өткен тарихы мен мемлекет болып қалыптасуына үлес қосқан ардагер азаматтары болмағандай қарайтынымыз бар. Әсіресе,бұған жоғарғы жақта ел билігінде отырған, бүгінгі шенеуніктер осылай ойлауға пейілді. Өткен болмай бүгін, бүгін болмай болашақ жоқ. Осы бір қарапайым ғана қағиданы мойындағылары келмейді. Олар мойындағылары келмегенмен тарих бетінде, экономика мен өндіріс шежресінде ол жылдардың жетістігі сайрап жатқан жоқ па? Тіптен бүгінде бұрқыратып мұнайын алып, кенін қазып, темірін қайнатып жатқан: Өскемен, Қарағанда, Теміртау, Жезқазған, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау өңіріндегі шаш етек табыс тауып жатқан алып өндірс орындары сол уақыттың төл перзенті.



Төраға орынбасары Шахмардан Есенов жетістіктерді айтумен қатар кемшілктерді де жасырмады. Ол 1967 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне берген мақаласында сол кемшіліктерді ашық айтады:

«--Барланып ашылған және жаңадан ашылатын мұнайлы, газды кендердің құрылымын зерттеудің барған сайын ұлғайып отырған көлемі, сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстары көлемінің үнемі арта беруі толып жатқан арнаулы проблемалардың шебер шешілуін қажет етеді. Ал, бұл міндеттерді жүзеге асыруға жеке ғылыми-зерттеу институттары бөлген топтардың шамасы келмейді. Сондықтан Маңғыстаудың байлығын терең зерттеп , тезінен игеру үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын қазіргіден де күшейту қажет. Гурьев қаласында арнаулы институт ұйымдастыру туралы әлденеше рет мәселе қойылды. Бұл институт мұнай мен газ өндіретін мамандар, геологтар, геофизиктер даярлар еді. Амал не, республиканың Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы, Жоғары және орта арнаулы білім министрлігі бұл мәселенің шешілуін ұзаққа созып келеді.

Жетібай кеніндегі мұнай қоры 1964 жылы бекітілген. Кенді пайдалануға берудің өзіндік құнын әр тонна мұнай қорына шаққанда Жетібай мен Өзен мұнай кенінде өнеркәсіптік категория бойынша 3,5 тиын болып отыр. Мұның өзі Совет Одағындағы ең төменгі көрсеткіш екенін атап айту керек. Қазірдің өзінде Мағыстаудың жер қойнауынан жыл сайын 18-20 миллион тоннаға дейін мұнай өндіруге болады. Мұның өзі бүкіл Ажербайжан ССР-інде қазір өндіріліетін мұнай көлемімен пара-пар. Осы екі кеннің екеуінде де газдың қоры мол.

Маңғыстаудың мұнай байлығын игеруді тездету мақсатымен 1964 жылғы май айында Өзен кені барлық бұрғылау, скважиналарды байқау бригадаларымен жабдықтармен , механикалық қызметтермен, тұрғын үй-тұрмыстық объектілермен және басқа өндірістік құралдармен қоса Маңғыстау мұнай бірлестігіне берілді. Өзен кенінен мұнай бұлағы ағуда. Міне, бұған жер қойнауын барлаушылар үлкен еңбек сіңірді. Ал, 1965 жылдың аяғында Маңғыстау мұнай бірлестігіне Жетібай кені берлетін болды.

Алайда, Маңғыстау мұнай бірлестігі әлі де толық қуатымен жұмыс ітей алмай отырғанын атап айту керек. Құрылыс жұмыстары өте кешеуілдетіліп жүргізілуде, іске қосылатын бірталай маңызды объектілерді салу жұмыстарының қарқыны нашар. Осының бәрі 1965 жылдың бірінші жарты жылдығының жоспары орындалмауына әкеліп соқтырды.

Мұнайды тасымалдау және оны қайта өңдеу сияқты аса маңызды мәселелер әлі күнге шешілген жоқ. Табиғаттың керемет байлығын халық игілігіне жарату үшін мұнайды қайта өңдеу жөніндегі жаңа өнеркәсіптік комплекстерді экономикалық жағынан тиімді орналастырудың үлкен маңызы бар. Мұнайды қайта өңдеудің екінші процестері полимерлік материялдар, пластикалық масса, синтетикалық смола өндіруді қамтамасыз ететінін ұмытуға болмайды.

Ал, бұл өнімдер неғұрлым көп өндірілсе, республикамыздың халқы шаруашылығын алға бастыруға, еңбекшілердің тұтыну қажеттерін өтеуге елеулі үлес қосатыны сөзсіз. Маңғыстау мұнайынан аса маңызды өнім—қоймалжың қышқыл мен жоғары сапалы спирт алуға болатынын атап айту керек. Осыған қармастан, республиканың мемлекеттік жоспарлау комиссиясы мұнайды қайта өңдеу кәсіпорынын Маңғыстаудың өзінде орналастырудың қажеті жоқ, оны басқа аудандарға тасымалдау керек деп есептейді. (Осы түсінік, осы әрекет Қазақстанды шикізат қоймасына айналдырып жіберді емес пе?! Авт.Г.О.) Бұл әрине, дұрыс емес. Маңғыстау мұнайы жоғары сапалы болғанымен, онда парафин көп кездеседі. Ал, бұл мұнайды алыс жерге тасымалдауға қиындық туғызады. Демек, мұнайдан парафиинді бөліп тастайтын қондырғыны жергілікті жердің өзінде салуға тез кірісуі қажет.

Істелген жұмыстар, қол жеткен табыс аз емес. Ал, алдағы бесжылдықта барлаушылар алдында бұрынғыдан да зор міндеттер тұр. Геологиялық іздестіру және барлау жұмыстарының қарқынын онан әрі күшейту көзделіп отыр. Алдағы бесжылдықта көлемі 900 мың, бір миллион метр терең бұрғылау жұмыстары орындалуға тиіс. Сондай-ақ, геофизикалық жұмыстар көлемі де қауырт ұлғаяды...»

Бәрі өткен күннің тарихы, Қазақстанның тарихы. Қазақстан деген алып республиканың шикізат қорын молайтып, өнеркәсібін дамытуға ат салысқан ардагер азаматтардың ісін жоққа шығармай, осылай айтып, Есеновтің өз сөздерімен сыналап кетуді жөн көрдік. Олардың ізі, халық үшін атқарған ардақты ісі Қазақстан аймағында, тарих бетінде сайрап жатқанмен айтылуы аз болып, аз болған соң жастар жадында қалмай, өткеннің бәрі өтірікке айналып бара ма деп қаласың кейде. Айтсақ та, жазсақ та біз тек бүгінгі күннің жетістігімен ғана шектеліп қалып жатамыз. Бұл дұрыс емес. Бүгінгі бар байлықтың басы сол өткен күндерде жатқандығын ұмытпауымыз керек, өркендеп өсіп келе жатқан жас өреннің санасына сіңіруіміз қажет-ақ. Ал, барлық ұлы істің артында адам—біздің ардақты ағаларымыз, қазақ халқының біртуар азаматтары тұр.

Осындай азаматтың бірі Шахмардан Есенов болды. Ол мәселені нақ қойып, нық дәлелдей алатын, уәде еткенін орындайтын, арба сынып, өгіз өлмейтін, «бірсыдырғы» деген сылбыр тіршілікті ұнатпайтын. Бастама көтерді, жаңалық іздеді, талантты, дарынды адамдарды өсірді, жастарға қамқор болды. Ол орыс тілін өте таза сөйлейтін, Пушкин, Лермонтов, Ломоносв... өлеңдерін жатқа оқитын. Әсіресе, мәскеулік ғалымдар мен мемлекет басшылары оның шешендігін, терең білімін жоғары бағалады, құрметтеді. Не керек, Есенов қай ортаға түссе де қозғаушы күшке айналып отырды. Осындай қасиеттердің бәрі қосылып, Шахмарданның беделін биіктетіп жіберді. Әрине, бұл Есеновтің қабілетін қадірлей білетіндерге ұнады, көре алмаушылардың қызғанышын оята бастап еді...

Сәтбаев пен Қонаев жас Шахмарданды танып, бағалауда, сосын қолдау көрсетуде қателеспеді. Шахмардан да оларды ұятқа қалдырған жоқ, сенімдерінен шыға білді. Ол Қазақстан геологиясын бір емес бірнеше сатыға көтерді. Бұл хақында академик Г.Р. Бекжанов біраз таратып айтады:



«--Өткен жүзжылдықты «Геологияның алтын ғасыры» деп атайды, мұның өзі өткен ғасырдағы, әсіресе, оның екінші жартысындағы геологиялық ғылым мен практиканың таңғажайып жетістіктерін әділетті және дәлме-дәл сипаттайды.

Шындығында, бұл кезең тек жаңа кен орындарының рудалы аудандар мен провинциялардың ашылуымен ғана айтулы болған жоқ, сонымен бірге жер қыртысының құрылымы, пайдалы қазбалардың орналасуы заңдылықтары туралы жаңалықтармен де есте қалды. Геологиялық ғылымдағы ірі оқиға санатына елуінші жылдары пайда болған платалық тектоникалық жаңа парадигмасы бұрынғы, дегенмен әлі де болса тартымды, жүйелі «геосинклинальды» әдістеменің орнын басты.

Қазақстан геологиялық ғылымының негізін өткен ғасырдың 20-шы жылдары отандық геологиялық патриархтары – К.И. Сәтбаев және Н.Г. Кассин өздерінің әріптестері мен ізбасарлары – Ж. Айталыковпен, Р. Борукаевпен, И. Бокпен, Е. Шалыгинмен, Г. Медолвпен бірге қалаған еді.

Біздің ойымызша, оның ғажайып жетістіктерінің негізінде екі жетекші фактор мен бастаулар жатыр. Оның біріншісі өзі 5 жыл оқыған Қазақ Тау-кен институты, екіншісі Ш. Есенов 11 жыл бойына іргелі кәсіби даярлықтан өткен Жезқазған экспедициясы. .

Жезқазғандағы жұмыстың 11 жыл ішінде Сарыоба, Итауыз, Жампы-Айбат кен орындарын түбегейлі байта бағалап Жезқазғанның Солтүстігі мен оңтүстігінде қымтаулы жатқан кен орнату Ш. Есеновтің активіне жазылатын инженерлік-барлау жұмыстарының нәтижесі болды. Бұған қосатыны Қазақстанда бірінші рет стратегиялық шикізат болып саналатын Қумола Родуспт-асбест кен орыныніздестіріп, ашу да Ш. Есеновтің еншісінде. Жерасты сулары, құрылыс материалдары басқа да пайдалы қазбаларды барлау игеру деэкспедицияның толымды табысына жатады.

Жезқазғанды Ш. Есенов геологияның және геологиялық-барлау өндірісінің әртүрлі салаларынан бай ғылыми мағлұмат жинақтаған ірі инженер, іскер жетекші және ұжымның көшбасшысы болып қалыптасты. Айта кететіні сол бір жылдары Жезқазған геологтарымен бірге кеншілердің зияткерлік тобын байытушылар мен металлургтердің үздік қатарын қалыптастырушы орталыққа айналды. Жезқазғанда мәдениет, ғылым және білім беру істері қарыштап дами түсті. Жезқазғандық инженерлер В.В. Гурба, М.К. Букежанов, Д. Ешпанов, Т. Садуақасов және т.б. Республикадан тысқары жерлерде де танымал болды.

Осындай зияткерлік орта Ш. Есеновтің жедел қалыптасуы мен өсуіне едәуір ықпал етті. Зияткерлік элита арасынан Ш. Есеновтің есімі жарқырап көрінді. Сондықтан 1960 жылы экспедицияның бас инженері Ш. Есеновтің Министрдің орынбасары, бір жыл өткен соң Қазақ ССР-ы геология министрі қызметіне тағайындалуы ешкімді таң қалдырған жоқ.
Ш. Есенов те министрлікке күрделі кезеңде келді. Министрлікті құруға Мәскеуден жіберілген министр және оның екі орынбасары «керуенді» жол басында тастап үйлеріне қайтты. Сондықтан жаңа, жас министрдің иығына Одақта бірінші рет құрылған Республикалық Геология министрлігін қалыптастырудың барлық ауыртпалығы түсті. Уақыттың өзі көрсеткеніндей бұл мәселені ол толығымен шешті. Бес жылға жетпейтін мерзім ішінде Қазақстанның геологиялық қызметі Одақтағы үздіктердің бірі болды. Жас министрдің есімі КСРО геология саласына кеңінен танымал болды. Сондықтан оның геологиядағы ықпалы бұрынғыдан да арта түсті.

Мұның табиғи салдары – 1965 жылы Ш. Есенов жауапты мемлекеттік қызмет – Республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлығына жоғарылатылды. Үкіметте ол Қазақстан ауыр өнеркәсібінің, геологияны қосқанда, жетекші салаларына басшылық жасады. Геологтар бұрынғыснша өздерінің мәселелерімен ұдайы кіретін еді, оның есігі де геологтар үшін әрдайым ашық болатын.

Ш. Есенов сияқты бірегей тұлғалар, әдетте бір орнында «тоқтап» немесе «отырып» қалмайды. Өзі өзі де дәл солай болды, 1967 жылы ол Қазақ Ғылым Академиясының президенттігіне сайланды. Бұл кезең Академияның гүлденген кезі еді, «қуаттылық реті» бойынша ол Ресей және Украина Академияларынан кейінгі үшінші орында болатын. Ш. Есеновтің президенттікке сайлануы оны дарыны мен білімін, ұйымдастырушылық қабілетін, өсе түскен беделі мен танымалдығын мойындау болатын...».

Қазақ айтпай ма: «Ат өнері білінбес, бәйгеге түсіп жарыспай» деп. Жас Шахмарданның талабы мен талантын байқаған ел басшылары оны біраз бәйгеге қосып та, додаға түсіріп те көрді. Қатарынан оза шауып, төске озғысы келетін жігер мен қайраты мықты жасты танып Бірінші хатшы Д.Қонаев сол кезде білікті бір басшыны аса қажет етіп тұрған, лауазымы жоғары, жауапкершлігі одан да зор қызметке салып көруді жөн деп тапты. Ол-- Ғылым Академиясының президенттігі еді. «Болар балаға болыс!». Ақырында Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен, тіптен ұсынысымен деп те айтуға болады, Шахмардан Есенов «аламан бәйгеге» Қазақ ССР Ғылым Академиясы президенттігіне сайлауға түсті. Сайланды және Геология институтына директор болып тағайындалды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет