Шахмардан есенов



бет11/21
Дата04.11.2016
өлшемі5,66 Mb.
#306
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21
президент Ш.Есеновтің сөз саптасы былайша болған еді:

« --...Қазақ ССР Ғылым академиясының ғалымдары соңғы бесжылдықтың маңызды міндеттерін жүзеге асыруға белсене ат салысады. Ғылыми-+зерттеу жұмысының тиңмділігін арттырып, оларды неғұрлым қысқа мерзімде өндіріске енгізу--біздің басты парызымыз. Онсыз ғылыми-техникалық прогрестің қарқынын арттырып, еңбек өнімділігін өсіруге мүмкін емес. Бұл аса маңызды мәселе ғалымдарымыздың алдына өте жауапты міндеттер қойып отыр. Біз ғылыми-зерттеулерді үйлестіру, ғылымның аса маңызды проблемаларына бұрынғыдан да қатты зер салу, өндіріс пен творчестволық байланысты нығайта түсу, ғылыми мекемелердің қызметін күнделікті бақылып отыру жөнінде нақтылы іс жоспарын жүзеге асыруға міндеттіміз.

Қазақстан түсті металл және мұнай мен газ өндіру жөнінде Одақтағы үлкен аудан. Сол сияқты республикамызда қара металлургияның қоры өте мол. Қазақстан хромиттің қоры жөнінен бүкіл дүние жүзінде белгілі орын алады. Фосфориттің, фтордың, бариттің, әр түрлі тұздардың қоры да шексіз.

Маңғыстаудағы Өзен, Жетібай тәрізді алып кен орындарының ашылуына байланысты республикамыз мұнай мен газ өндіру жөнінен елімізде алдыңғы орындардың біріне көтерілмек. Бұл пайдалы кендердің қоры аса мол. Маңғыстаудың қойнауында миллиардтаған тонна мұнай, жүздеген миллиард текше метр газ бар. Оның үстіне Каспий ойпаты әлі де толық зерттелмегенін ескерсек, бұл бай өлкенің болашағы қаншалықты зор екенін көзіміз жетеді. Мұнай мен газ жөнінен Солтүстік және Оңтүстік Үстірт пен Оңтүстік Қазақстанның да келешегі үлкен. Бірақ, бұл аудандарды зерттеп игеру ісі баяу қарқынмен жүргізіліп келеді.Өйткені барлау жұмыстарына бөлінген қаржы талапқа сай емес. Оның үстіне геология практикасының техникалық саясаты мен оның ғылыми негіздерін ішінара қайта қарастыру керек деп білеміз.

Гефизиктер мен геохимиктердің, кен көздері жөніндегі әртүрлі болжамдарын іс жүзінде дәлелдеп, қордың мол екенін ашарлықтай жағдай әлі де болса толық емес. Шын мәнінде барлау жұмыстары артта қалып келеді. Сондықтан да геофизикалық болжамдарды тексеру жөніндегі жұмыстарды толық жүзеге асыру бүгінгі күннің зор талабы болып отыр.

Қазақстанның өте мол минералдық ресурстары толық пайдаланылмай келеді. Әсіресе, өкініштісі бұл іс комплексті түрде жүзеге асырыла алған жоқ. Мұны біз қазір жұмыс істеп жатқан тау-кен кәсіпорындары бар аудандардың жағдайынан көріп отырмыз. Оларда кен өндіріліген кезде алдын ала барланған қордың тең жарымына дейін шығын болады. Ал, ол кендерді өңдеген кезде қосымша компаненттердің көп бөлігі кәдеге аспай қалады. Олардың құны негізгі компаненттерден жүз кейде тіпті мың есе артып түседі. Мәселен, аса ірі кен көзі—Жезқазғанда рений, осмий тәрізді қосымша элементтердің құны негізгі металл мыстан қымбат. Оларды айырып алып, кәдеге жарату ісіне қазір онша мол мүмкіндік жоқ.

Пайдалы кендердің қоры шексіз емес. Оның үстіне жер бетінен тереңде жатпаған кен көздері барған сайын азайып келеді. Сондықтан да жоғарыда аталған қосымша элементтерді барынша мол пайдаға асыру біздің басты парызымыз. Қазақстанның мыс өндіретін аудандарында, әсіресе, Жезқазған мен Бозшакөлде сирек кездесетін және қосымша элементтерді комплексті түрде өндіру ісін қарқындата түсуіміз керек!

Алтайдағ полиметалл және алтын кендерін өндіру ісінде де өте мол шығынға жол беріліп жүр. Өскемендегі түсті металлургия ғылыми-зерттеу институты мен В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институты ғалымдарының бұл саладағы ірі жетістіктеріне қарамастан металл шығындары әлі де көп.

Қазақстан алюминий мен глиноем өндірудің үлкен ошағына айналып келеді. Қазірдің өзінде еліміздегі ең үлкен кәсіпорындардың бірі Павлодар алюминий заводы мен Торғай кен орындары жұмыс істеуде. Мұндағы глинозем сапасы жағынан СССР-да белгілі орын алады. Ендігі міндет—бұл кенді қалай болса солай иесіз тастамай, тікелей халық халық кәдесіне жарата білу.

Торғай өңірінің қойнауында магнетитпен бірге темір сульфидінің, кобальттің, мыстың, қорғасынның, мырыштың және басқа да сирек кездесетін элементтердің аса мол қоры бар. Соколов-Сарыбай, Качар, осы аудандағы және басқа да кен байыту комбинаттарының комплексіне мыс, кобальт, қорғасын-мырыш концентраттарының қалдықтарын өңдейтін арнаулы цехтар мен секциялар қосу керек. Өйткені қосымша элементтердің қоры бұл аудандарда өте мол.

Халықты отынмен қамтамасыз ету ісі де көкейкесті міндеттердің бірі болып отыр. Қарағанды мен Екібастұзда тұрмыстық отынға жарамайтын, тек ірі электор станцияларына арналған көмір өндіру ісі жедел дамуда. Ал, халық отқа жағатын көмір Кузьбастан, Назаровск мен Черемховсіден тасып әкелінеді. Ол кен орындары 3-3,5 мың километр қашықтықта екенін ескерсек, қаншалықты қыруар қаржының тасымалға шығын болып жатқанын аңғарамыз. Ал, ондай көмірді өндіруге Қазақстанның өз мүмкіншілігі мол. Шын мәнінде республикамыздың барлық облысында ашық әдіспен өндіруге болатын кен орындары бар. Сондықтан да өнеркәсіп орындарының инициативасын барынша қолдап, жергілікті көмірді өндіру ісін дамыта түсу керек.

Қазіргі уақытта республикамызда барланған кеннің тым аз бөлігі ғана өндіріледі. Ертістің су Орталық Қазақстанға келуіне байланысты бұл ауданды жедел әрі комплексті игеру мәселесі алға қойылып отыр. Қазақ ССР Ғылым академиясының бес институты Успенск кенді аймағын комплексті түрде игеру жөнінде зерттеу жұмысын аяқтады. Бұл жерден сирек кездесетін металдарды және қорғасын, мырыш, барит, темір өндіруге мүмкіндік туды. Осы мақсатты ескере отырып Ертіс-Қарағанды каналын Жезқазғанға дейін созса нұр үстіне нұр болар еді. Ертістің суы Орталық Қазақстанда тау-кен және металлургия өнеркәсібін, астық шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамытуға аса жақсы жағдай туғызады.

Сол сияқты Торғай темір рудалы ауданын комплексті игеру ісін де күн тәртәбәне қойған жөн. Маңғыстаудың байлығын да комплексті игеру аса мәндә мәселе. Ертіс бойының құрғақ жерлерін суландыру—Шульба су торабын салу мәселесін күн тәртібіне қояды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді одан әрі арттыру жөнінде Қазастан үлкен рол атқарады. Л.И.Брежнев өткен жылы республикамыздың 50 жылдығы тойланған салтанатты мәжілісте: « Қазіргі Қазақстан Совет Одағындағы жер ұйықтардың бірі, еліміздегі аса ірі мал шаруашылық базасы» деп атап көрсетті. Қазақстан респуликасы жыл сайын орта есеппен 24 миллион тонна астық өндіріп, мал шаруашылығын жедел қарқынмен дамытуы керек. Ол үшін Қазақстанда Ауыл шаруашылығы академиясын ашуды жөн деп білеміз.

Қазақстан ғалымдары осындай маңызды шараларды жүзеге асыру жолында ақыл-ой жемісі мен күш-қайратымызды аямаймыз».

Халқының бақытты, молшылыққа кенелген кезін көксейтін нағыз азаматтың, көптің қамын жейтін, көш бастай алатын нағыз басшының сөзіне нақ ұқсайды. Осындай мемлекет алдында тұрған мақсатты істерді іс жүзіне асыруда Қазақ ССР Ғылым Академиясы ғалымдарының белсенділігі керек болды. Сондықтан Есенов ғылыми-зерттеу институттарының соңғы жаңалықтарын өте қысқа уақытта өндіріске енгізіп, тиімділікті арттруға күш салды. Ғылымның аса маңызды проблемаларына бұрынғыданда зор зер салып, өндіріс пен ғылыми мекемелердің байланысын өзі бақылап отырды.

Ол 1970 жылы Қостанай сайлау округі бойынша СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Бұл оған республикадағы шикізат өнеркәсібіндегі тұнып тұрған мәселелерді шешуге жол ашты. СССР Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясында депутат Ш.Есенов қорғасын-мырыш өнеркәсібінің шикізаттық базасын дамытудың аса қажеттілігін мәселе етіп көтерді. Мәселе сөз жүзінде қалып қалмай, Орталық министірлік пен Жоспарлау комитеті Есенов ұсынынсына құлақ асыпты. Оған дәлел болатын екі құжатты біз Республикалық Орталық мұрағаттан таптық.

***
КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты



ж. Ш. Есеновке
СССР Жоғарғы Кеңесінің сегізінші шақырылған үшінші сессиясында 1971-1975ж.ж. Қазақстанның қорғасын-мырыш өнеркәсібінің шикізаттық базасын дамытуды жеделдету қажеттілігі туралы Сіздің сөзіңізге байланысты СССР Мемлекеттік Жоспралау комитеті хабарлайды.

СССР Министрлер Кеңесінің 1971 жылғы 22 қазан №ПП-15128 шешімі бойынша тапсырма берілді:

СССР Түсті металлургия министрлігіне Қазақ ССР Министрлер Кеңесімен және Ауыр құрылыс министрлігімен бірге қорғасын-мырыш өнеркәсібінің жағдайына қосымша сараптама жасасын және түсіндірмелерін СССР Жоспарлау комитетіне 1972-1975ж.ж. жоспарындағы есептеулерде көрсетілгеннен артық қорғасын және мырыш концентраттарының өндірісі туралы ұсыныстарын қоса 1972ж. І-тоқсанда тапсырсын.

Мемлекеттік жоспарлау Комитеті бір ай мерзім ішінде бұл материалдарды қарастырып, ағымдағы бесжылдыққа қорғасын-мырыш шикізаты балансын, сондай-ақ, 1975ж. Жоспардан тыс шикізаттың күтілетін балансын дәлелдесін және өз ұсыныстарын СССР Министрлер кеңесіне жіберсін.

Көрсетілген тапсырмаға сәйкес Қазақ ССР-ы қорғасын-мырыш өнеркәсібінің шикізаттық базасын дамыту мәселелеріне талдау жүргізіле бастады және осы жылдың 1-мамырына қарай Мемлекеттік Жоспарлау комитеті СССР Министрлер Кеңесіне тиісті ұсыныстарын тапсыратын болады.
КСРО Жоспарлау Комитеті

төрағасының орынбасары В.Исаев

***


КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты ж. Ш.Е. Есеновке
Алматы қ.,

Қазақ ССР Ғылым Академиясы

3 ақпан 1972 ж.
СССР Түсті металлургия Министрлігі КСРО Жоғарғы Кеңесінің сегізінші шақырылған Үшінші Сессиясында Сіздің сөзіңізде келтірілген ескертулер мен ұсыныстарды қарастырып, сала кәсіпорындары жұмысындағы кемшіліктерді түзету бойынша қабылданған шаралар туралы хабарлайды.

Қазақстан түсті металлургиясының шикізаттық базасын дамыту туралы.

Іс-әрекеттегі бірқатар Қазақстан кәсіпорындарының шикізаттық базасының қанағаттанарлықсыз жағдайын және пайдаланудағы кен орындарындағы геологиялық-барлау жұмыстарын едәуір күшейту қажеттілігін ескере отырып КСРО Түсті металлургия министрлігі «Қазтүстімет» Министрлігін осы мақсатта ассигнациялауды жыл сайын арттырып келеді. 1966-1970 жылары игерілген 40,1 млн. соммен салыстырғанда 1971-1975 ж.ж. геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу үшін «Қазтүстімет» Министрлігіне 67,7 млн. сом қарастырылған, соның ішінде 1971-1975 ж.ж. Лениногор полиметалл комбинатын қаржыландыру сомасы бұрын 5,38 млн. сом болса, енді 8,2 млн. сом, құрады. Зырян қорғасын комбинатына бұрынғы 4,58 млн. сом орнына 6,59 млн. сом қаржы бөлінуі көзделіп отыр.

Сонымен бірге КСРО «Түстімет» министрлігі СССР Геология министрлігіне Қазақстанның іс-әрекеттегі кәсіпорындары орналасқан аудандарда геологиялық-барлау жұмыстарын күшейту туралы өтінішті бірнеше рет жолдаған болатын.

Нәтижесінде СССР Геология министрлігі ағымдағы бесжылдыққа Лениногор, Зырян, Балқаш және Жезқазған аудандарында геологиялық-барлау жұмыстарының көлемін арттыруды көздеуде.

1971-1975 ж.ж. кезеңінде СССР «Түстіметминде» Жәйрем кен орны базасында рудник құрылысын бастауды қарастырып отыр. Күрделі салымдардың шектеулігіне байланысты Бестөбе, Ұзынкөл, Алайғыр, Ақжол және басқада бірқатар кен орындарын игеруді бастау жұмыстары кейінге қалдырылды. Көрсетілген кен орындарын пайдалануға берудің кезегі мен мерзімдері 1976-1980ж.ж. сала дамуының негізгі бағыттарын талдап жасау кезінде қарастырылатын болады.
Қазақстан мыс рудаларынан сирек және ілеспе элементтерді алу проблемасы туралы
Министрліктің институттары Жезқазған және Балқаш кен орындарының мыс рудаларын өңдеу кезінде сирек және ілеспе элемнттерді бөліп алу деңгейін жоғарылату бойынша жұмыстар жүргізуде. Айталық, 1971-1972 ж.ж. «Гинцветмет» және «Казмеханобр» институттары ілеспе ренийді бөліп алу проблемасын зерттеді.

Зерттеулер көрсеткеніндей Балқаш комбинатында ренийді алуда сорбциондық үрдісті енгізу есебінен, Жезқазған комбинатында иондық флотация арқылы шығару мүмкіндіктері дәлелденді. Жезқазған комбинатында мыс қорыту заводын іске қосқаннан соң Қазақстанның мыс қорыту кәсіпорындарында ренийді өндіру 1971 ж. деңгейімен салыстырғанда 2-3 рет артатын болады, сондай-ақ, Жезқазған кен орындарынан қорғасынды шығарып алу 70% -ға дейін өседі.
Кен орындарын п айдалану және шикізатты өңдеу кезінде пайдалы қазбалар шығынын қысқарту туралы
1971 жылдың бірінші жартысындағы Жезқазған және Мырғалымсай рудниктеріндегі жерасты өндіру кезінде руданың шығындары 25%-ті құрады. Мұның өзі кен орындарын камералық тіреуіш жүйе бойынша пайдаланудың орнықтырылған нормасы шектерінен шықпайды?. Қазақстанның басқа ірі кен орындарының көбінде өндіру барысында руданың шығыны 10%-тік шектерде? болды. Министрлік шығындарды қысқарту мақсатында кен орындарын пайдалану жүйесін жетілдірге бағытталған жұмыстарын жалғастыра бермек.

Тоғызыншы бесжылдық жоспары бойынша руданы ұсақтауды, фиотациялауды ретке келтіру, тиімділігі жоғары реагенттерді қолдану, сондай-ақ, ауыр суспензияларда байытуды алдын-ала пайдалану арқылы руда даярлығын жақсарту есебінен алынатын руданы байыту технологиясын одан әрі жетілдіре түсетін боламыз. Белгіленген шараларды іске асыру нәтижесінде металды бөліп алу деңгейі бесжылдық барысында фабрикалардың көпшілігінде 2-2,5%-ға жоғарылайтын болады.

Балқаш комбинатында жаңа техниканы енгізу, тозаң ұстағышты жетілдіру шаралары есебінен және Жезқазған комбинатында 1975 жылға қарай жетілдірілген жаңа технологиялы жаңа мыс қорыту зауытын іске қосу мысты рудадан бөліп алуды 97,5-98%-ға дейін арттырады деп күтілуде. Бұл көрсеткіштер отандық практикадағы ең үздік көрссеткіштер қатарынан орын алып озат шетелдік кәсіпорындардың деңгейіне дейін жоғарылайтын болады.
«Казминцветмет» министрлігінің 6-тамыз 1971 жылғы «Кен байыту фабрикалары мен металлургиялық кәсіпорындарда металдарды бөліп алуды жоғарылатудың жағдайы және шаралары туралы» №293 бұйрығында Қазақстан кәсіпорындарында металды бөліп алуды жоғарылату бойынша шаралар жүйесін қолданудың көлемдері мен енгізу мерзімдері анықталған.

Салалық ғылыми-зерттеу институттары сорбциялау, экстракциялау, флотациялау технологиялық үдерістерін пайдалану бойынша жаңа бағыттарды ұдайы жалғастырып келеді, мұның өзі негізгі және ілеспе металдарды толықтай бөліп алуды қамтамасыздандыратын болады.

СССР Түсті металлургия министрі П. Ломако

***


Бұл құжаттарға талдау мен түсініктеме қажет емес, бәрін де өздері баяндап тұр. Тек бұл жерде депутат Ш.Есеновтің нағыз азаматтығын, халық алдындағы парызын адал атқарған шын мәніндегі халық қалаулысы болғанын мақтана айтып, бүгінгі күннің депутаттарына құлаққағыс етіп, жастарға үлгі етеміз.

***


Президент Шахмардан Есеновтің басты көңіл аударған бір мәселесі—кадр таңдау болды. Ол қолынан іс келетін, белсенді, талантты адамдарды жаңа қызметтерге көтеруден қорықпады, лауазымын жоғарылатты, жас ғалымдардың алаңсыз ғылыммен айналысуына жағдай жасады. Ғалым ақсақалдарға құрмет көрсетілді, жастарды жұмысқа жекті, Мәскеу, Ленинград, Новосибир қалаларына аспирантураға және ғылыми дәрежелерін қорғауға жіберді. Не, керек, бірден жігерлі жастың келгені сезіліп, жұмыс серпіліс алды, жаңалық пен жақсылықтың самал желі соға бастады. Сол кездің жас маманы, қазіргі ақсақалымыз, филология ғылымының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішов былайша еске алады:

«- Шахаң алғаш академиямызға президент болып сайланғанда айрықша бір серпілісті шақты бастан кешкен едік. Терең ойлы, асқан адамгершілік, аса көрікті Шахмардан Есенұлын «міне, мынау қазақ!» деп дүниенің қай жерінде болсын мақтанышпен айтуға болатындай еді.

1968 жылы мен академиядан кетуге мәжбүр болған едім. Сондай шақта «осындай жігіттер ғылым ордасынан кете беретін болса, оның болашағы туралы, ғылымды дамытуымыз туралы қандай сөз болуы мүмкін», деп Шахмардан сол кездегі институт басшыларын жазғырғаны бар еді. Оның қандай нәрседе болсын әділдік үшін күресетіні, ғылым мәселесіне келгенде туысқандықтан да, жершілдіктен де ада екендігі қатты сүйсіндіретін.

Шынын айтар болсақ, Шахмардан Есеновтің президент болған шағында академияда ғылыми серпіліс айқын байқалған болатын. Көре алмаушылық та, күншілдік те үлкен ғалымның , қабілетті ұйымдастырушының қолын қатты байлады. Бірақ ешкім де оның ғылыми ізденістеріне кедергі келтіре алмады. Ол ғылымның серісі болды. Ол қандай жағдайда жүрсе де әлсіздікке жол бермеді. Ол баршамызға азаттық өнегесін көрсетіп кетті».

Осы ойды қазақтың белгілі ақын қызы Әбдірахманова Тұрсынхан толықтырады:



«- Өз бетіммен барып Академияның Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклор бөліміндегі бас орынға жарияланған конкурсқа қатысып едім, өте алмадым. Конкурстан он үш жыл жұмыс тәжрибесі бар, ғылым кандидаты, ақын мен өтпей, институт партасынан жаңа ғана тұрған жас жігіт өтті. Мен Президуимның координация, информация және патентоведение кеңесі деген бөлімнің кіші ғылыми қызметкері етіп жіберді. Бұл 1966 жылдың маусым айының іші еді. Келер 1967 жылдың қаңтар айында өткен жылдың демалысын алып, Мәскеу түбіндегі Пределкино шығармашылық үйіне жолдама алып, онда барып «Дала қыздары» поэмамды аяқтап қайтпақ болып жүргенімде «ойбай президент өзгерді» деген сөз дүң ете қалды. Естігеніміз сол еді, іле-шала президент болып Академияға Шахмардан Есенов келді. Мен демалысымды алып Мәскеуге ұшып кеттім. Бір ай Мәскеуде болып, поэмамды аяқтап, көңілді оралсам, бөлмеде бірге отырған жігіттер:

-Ой. Тұсеке, Сізге бір жақсылық болады,-десіп отыр.

- Иә, не жақсылық? Оны қайдан білдіңдер? –дедім. Сөйтсем, мен кеткен соң кешікпей шахмардан Есенов Академияның құрамымен танысуын Орталық аппараттан-президиумның бөлімдерінен бастапты. Біздің бөлімге кіріп, іспен, жігіттермен танысып, олардың талап-тілектерін тыңдап отырыпты. Тізімнің соңында менің фамилиямды оқып отырып:

- Ақын, филолог. Патентоведение бөлімінің кіші ғылыми қызметкері. Қызық екен,-депті. Сөйтіп біраз ойланып отырып блокнотына жазып алыпты. Жігіттердің бірі:

-Бізде кейде мұндай жағдайлар болып тұрады ғой, Шаха!-депті.

-Өзі қайда?

- Демалыста. Таяуда келуі керек.

Жігіттер осыдан қортында жасап, маған бір жақсылық болар, өз мамандығына жіберер деп болжапты. Бұлар маған:

-Қазір ол кісі институттармен танысып жүр. Оған бір-екі ай кететін шығар. Март айының ішінде Сіз өзіне кіріп шығыңыз,-деген кеңес берді. Мен солай істедім де. Шахмардан Жорабекұлы:

-Мен Сізд, сіздің жағдайыңызды білемін. Жігіттер айтқан. Бірер ай шыдай тұрыңыз, содан кейін бір ретін табамын,-деді. Мен рахметімді айтып шығып кеттім.

Осыдан бір ай өткенде мені өзі шақырды.

--Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің екі ғылыми хатшысының бірі КазПИ-ге оқытушылыққа ауысады екен. Сильченконың ұсынысын қабылдамай жібердім. Өйткені Сізді ғылыми хатшылыққа жібергім келеді. Қалай қарайсыз?-деді.

Мен бір сәт толқып кеттім де, көп күттіруді ыңғайсыз көріп, «жарайды»,- дей салдым».

Міне, таным мен талғам осындай-ақ болар. Содан Тұрсынхан апайымыз керекті құжаттарын жинап, тапсырып, конкурстан өтіп, Академияның Әдебиет және өнер институтына, академик-сыншы Мұхаметжан Қаратаев басқаратын «Әдебиет кеңесі» бөліміне кіші ғылыми қазметкер болып орналасып, талай жылдар жемісті еңбек етті. Тамыр-таныстық іздемей, өз еңбегім еленер деп жүріп қызыметтен қағылған ақын Тұрсынхан Әбдірахманованы таным мен талғамы биік жас президент Шахмардан Есенов арқасында өзіне ылайықты қызметін алыпты. Қазақтың ақын қызы бұл оқиғаны өле-өлгенше айтып, басқаларға үлгі етіп, ақырында естелік етіп жазып, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп кетті.



***

Әдетте «болашақ жастардікі» деп, әдемі сөзді аямай айтып жатамыз да, оларға қамқорлық жасап, көмектесуге келгенде кернау тартып қалатынымыз бар. Рас, Ғылым Академиясында соңғы жылдарда жас зерттеушілер саны азайып, үлкендер орнын басатын ғалымдар тәрбиеленбей, ғылымға тартылмай қалғаны рас-тын. Осы кемшіліктің орнын толтыру жаңа президенттің басты мақсаттарының бірі болды. Әрине, президент Сәтбаев тұсында дүркіреп өскен көп жастың, бұл кезде жастары ұлғайып, орнын басар жас толқынды өмірдің өзі талап етіп тұрды. Есенов дарында жастарды күрделі жобаларға қатыстырып, жаңа, жақсы идеяларын қолдап-қолпаштады. Түрлі зерттеу жұмыстарына ғылыми байқаулар өткізіп, жеңімпаздарға материалдық көмектер көрсетілді. Мұндай әрекет жас ғалымдардың құлшынысын оятып, зерттеу жұмыстарына деген ерекше бір ынтасын тудырды. Не керек, жаңа президенттің, жаңа басшының келуімен Ғылым Академиясында ғылымға деген жаңаша қозғалыс, өзгеше бір серпіліс пайда болды.



Жастарға байланысты бірде «Білім және еңбек» журналының тілшісі президент Ш. Есеновке былайша сұрақ қойыпты:

Тілші:- жастар-ғылым болашағы. Аға буын ғалымдар ісін жастар жалғастыратыны сөзсіз. Осыған орай республика ғылымындағы жастардың орны мен өзіңіз басқарып отырған Ғылым Академиясының жас ғалымдарға жанашыр-қамқорлығы жайлы айтып берсеңіз екен?

Академик Ш.Есенов: - Талант-жас талғамайды. Ғылым тарихына жүгінсек, талай-талай ғажайып жаңалықтар ғалымдардың жауқазындай жас шағында ашылғанын байқаймыз. Ғылыми статистикаға қарасақ аса ұлы жаңалықтардың көбін 26-40 жас арасындағы ғалымдар ашыпты. Халқымыздың «ақыл –жастан» деп тегін айтпайтын болар. С ондықтан да ғылым жолына түскен жас қауымнан күтеріміз мол. Қазір біздің елімізде күрделі-күрделі ғылыми проблемалармен жас ғалымдардың көптеп шұғылдануы қуантады. 1965 жылғы мәліметке қарағанда СССР Ғылым Академиясының орталық аппаратындағы ғалымдардың орташа жасы –38 жас екен. Ал, СССР Ғылым Академиясының Сібір Бөлімінде бұл көрсеткіш 33-ке, Украина Ғылым Академиясының кибернетика институтында 26 жасқа тең. Ал, біздің республикамыздың Ғылым Академиясында ғалымдардың орташа жас—37.

Қазақ ССР Ғылым Академиясында жас ғалымдарды дайындау ісі ешқашанда назардан тыс қалып көрген емес. Ғылыми-зерттеу институттарымызда істейтін творчестволық коллективтердің дені жастар. Республика Ғылым Академиясының институттарында 800-ден астам жас ғылыми қызметкерлер, 400- ге жуық жоғары білімді инженер-мамандар жұмыс істейді. 500-ден астам жас жігіттер мен қыздар апирантурада оқиды. Бірақ осы ретте айта кетер бір жәйт—ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары арасында жастар әлі де болса аздау. Әсіресе, физика-математика, биология, медицина мен техникалық ғылымдар саласында жастар жеткіліксіз. 1963 жылға дейін жасы 35-тен төмен бірде-бір ғылым докторы болмаса қазір олардың саны екеу. Ғылым кандидаттарынң 22 проценті жастар.Оның ішінде 35 проценті қазақ жастары. Бұл, әрине, бүгінгі күнгі өскелең талаптарды қанағаттандыра алмайды. Осыған орай Академиядан жас ғалымдардың Кеңесін құрдық. Ол жас ғалымдардың ғылыми ізденістерін, творчестволық белсенділігін арттыру мақсатымен республикалық жас ғалымдар конференциясы өткізілді. Бұл конференция талантты жас ғалымдардың ғылыми ізденістерін, табыстарын қалың көпшілікке танытып, олардың творчестволық өсуіне әжептеуір әсер етті. Осыған бір –екі мысал келтірейік.

Республика Ғылым Академиясының академигі Қаныш сәтбаев атындағы геологиялық ғылыми-зерттеу иеститутының жас ғалымы А.Қайыпов біргеше жылдар бойы Ақбастау-Құсмұрын ауданындағы колчедан кен орынын зерттеп жүрген-ді. Жас ғалымның зерттеулері Одақтың көрнекті ғалымдарының назарын аударды.Бірнеше үлкен коференцияларға қатысып, баяндама жасады. Ал, А.Қайыповың әріптесі Еділ Ерғожин бізідің Академияның химиялық ғылымдар институтында жұмыс істейді, 25 жасында химия ғылымдарынан кандидаттық диссертация қорғады. Еділ қазірдің өзінде 36 ғылыми еңбектің авторы, халықаралық ғылыми симпозумға қатысып, баяндамалар жасап, құнды зерттеулерімен көзге түсуде.

Бұл екі ғана мысал. Осындай жарқын мысалдарды көптеп келтіре беруге болады...».

Сол кездің жас ғалымы, ғылыми-зерттеу еңбегімен конкурсқа қатысып жүдегер атанған, қазіргі академик Абдилдин Мейірхан ағамыз былай дейді:



«-...1966 жылы шілде айында Ленинградтан Алматыға қайтып, Астрофизикалық институттағы қызметімді жалғастырдым. 1967 жылы, қазан айында Қазақстан Ғылым Академиясында бірінші рет жас ғалымдардың ғылми конференциясы және ғылыми еңбектерінің конкурсы болды. Осында мен де қатыстым. Жұмыстың аты: «Жалпы салыстырмалық теориясының тағы бір интерпретациясы». Конкус нәтижесінде бірінші орынды биолог М.Айтхожин (кейін ҒА-ның президенті) алды, екінші орында физик мен (кейін ҒА академигі, ҚазМУ-дың ректоры) алдым, үшінші орынды химик Е.Ерғожин (кейін академик, ҚазМУ-дың ректоры) алды».

Бәрі де рас, бәрі де шын.Отыз тоғыз жасында президент атанған ол әуелі ел басшыларының сенімін, көптің үмітін ақтауды ойлады. Соның ішінде жастар мәселесін, оларға деген қамқорлығын ұмытқан жоқ. Әсіресе, жергілікті ұлт өкілдерін көтерді, ұлттық кадрлардан академиктер қатары толықтырылды, корреспондент-мүшелер саны көбейді. Оған бұл әрекеттері үшін тым ұлтшыл деген де кінә тағылды. Соған қарамастан, қазақтың жас, әрі білімді жігіттері мен қыздарын маңдайынан қақпай, өсірді, жетекші қызметтер берді. Жоғарыда айтылған әңгімелер сол жылдардың, сол кездің жастарының шындығы.

***

Негізінде, Ш. Есеновке абырой мен беделді әкелген оның ұстазы Қаныш Сәтбаевқа ұқсаған жан-жақтылығы. Ол ғылым мен әдебиет, ғылым мен жазушылық өнердің, тарих пен көркем әдебиеттің арақатынастары әрқашан қызықтырып, толғандырып отырған. Бұған оның қаламынан туған мақалалары мен уақыт мәселелерін көтерген толғамдары дәлел болады. Ол оқымаған әлем әдебиеті мен қазақ жазушыларының шығармалары жоқтың қасы деуге болады.



Бірде ол Қазақстан Жазушылар Одағында қаламгерлер алдында сөз сөйлеп, әдебиеттің жетістігі мен кемшілігіне көңіл бөліп, кәнігі сыншылардай ой сараптады. Сол сәтте риза болған ақын Оразалин Нұрлан:

Біздің Шахаң сөйлегенмен сиретіп,

Ойларымен кетеді ылғи күйретіп.

Бар мен жоқты қояды да орнына,

Білігімен кетеді елді үйретіп.—

деп, жиын үстінде бір шумақ өлеңді жазып тастапты.



Сол жолы академик Шахмардан Есенов қаламгерлер алдында былайша сөз саптапты:

«-...Сөз қадірін айрықша бағалаған халқымыз: «Жылқы өнері- жорғасы, жігіт өнері—қызыл тілі» деп, текке айтпаған. Өкініші өксікке, асыл арманы ащы зарға айналған шақтарда туған халқының жүрегіне жылу берген, сөз маржанын тізген қызу қанды, алғыр ойлы ақындар, жыраулр, сал-серілер болғаны белгілі. Қой бастаған ай мүйізді ақ серкедей, олар өз халқына ұстаздық үлгі таратты. Жадау көңіліне жарқын ойдың нұрын септі. Сондықтан да халық өздерінің ақындары мен жырауларын ең аяулы, абзал азаматы санады. Еліміздің сөз өнеріне деен сол ыстық ілтипаты мен іңкәрлігі әлі де ортайған жоқ. Әсіресе, бүгінгі заманда ортаймақ та емес.

Жер қыртысын ақтарып кен іздеген геологтай, жазушылар да адам жанының бар қыртыс-қалтарыстарына терең үңіліп, қалт жібермей тап басады. Аспан әлеміне көз тіккен астрономдай, адамзат тарихын алыстан қозғап, ертеңгі болашағымызды қиялмен шолып, байлам айтады. Шәкіртке тәрбие үйреткен ұстаздай оқырмандарының адамдығын, адалдығын шыңдайды; жаны сұлу, үлкен парасатты болуға баулиды.

Мен жазушы емеспін, бірақ, жазушыларымыздың қаламынан туған шығармаларының бәрін болмаса да көбін оқып жүретін жайым бар.Әдебиеттің арнаулы мәселесі туралы пікір айту маған, әрине, қиын. Әйтсе де көңілде жүрген бір жайларды ортаға сала кетуді артық көрмедім. Ол—ғылым мен жазушылық өнердің байланысы хақында.

Қазақ Ғылым Академиясында әдебиет пен өнер, тіл білімі, тарих, археология және этнография, философия мен право, экономика институттары бар. Олар халқымыздың сонау көне заманнан бастап, күні бүгінгі кезеңіне дейінгі тарихын, мәдени, рухани байлығын зерттеп, қоғамымыздың өсу жолын, даму ерекшелігін танытып келеді. Ал, ғалымдардың осы саладағы еңбектері жазушыларға да пайдасыз еместігі белгілі. Ғылыми жетістіктер ең алдымен әдебиетіміздің тақырып шеңберін кеңейтуге, оның проблемалық мәселелер қозғауына мүмкіндік береді...

Біздің тарихшыларымыз архивтің мол қазынасын ақтарып, көптеген жаңа мағлұматтар табуда. Тарихшылар мен әдебиетшілеріміз қазіргі туысқан халықтарға ортақ мәдени, әдеби мұраларды тереңдей зерттеуге кірісті.

Қаншама ғасырлар бойы дүние жүзі бас иген, «екінші Аристотель» деп санаған ұлы ғұлама Әбунасыр Әл-Фараби өзіміздің жерлесіміз екендігін таныдық. Оның ұлы ойлары дүние жүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылумен қатар, қазір де ұлы ғалымдар отаны—Кеңес елінде, орыс тілінде сөйлей бастады. Көп ұзамай Әл-Фараби өзінің жерлестерінің тілінде—қазақ тілінде де тұңғыш рет сөйлемек.

Әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толып отыр. Ұлы адамдар, белгілі бір ұлттан шықанымен, өзінің еңбегі арқылы жалпы адамзатқа ортақ тұлғаға айналады. Фараби де сондай. Оны мақтаныш тұтуға бір қазақстандықтар емес, барша совет халқы да хақылы. Осы бір датаны дүние жүзінің озық ойлы адамдары да үлкен ықыласпен, пейілмен атап өтпекші. Ал, ғылым бағасын танитын, ғалым қадірін қастерлейтін Кеңес елі үшін бұл юбилейдің маңызы айрықша екені түсінікті. Сондықтан да бұл оқиғаға тек ғалымдар ғана емес, жазушы жолдастар да белсене атсалысады деп сенеміз...

...ғалымдар өмірі—көркем шығармаға өзек бола алатын өнегелі өмір. Ғылыми ортадан, ғалымдар өмірінен романға да, драмаға да, тіпті комедияға да материал табылады. Ғалымдар өмірінің реалистік туынды жазуға да , ғылыми-фонтастикалық еңбек жазуға да болады. Тек өкініштісі, біздің жазушыларымыз ғалымдар өміріне көп бара бермейді, зәуімде бара қалғандары тақырыпқа тереңдеп кірмей, көбіне сыртқы көріністерді қанағат етеді.

Сөз соңында мынадай тұжырым айтқым келеді: ірі ғалым жазушы емес, ал, ірі жазушы—әрі ғалым. Жазушылық өнер мен ғылыми жетістіктер үнемі табысып, тоғысып жатуы көркем әдебиетіміздің тақырыбын да кеңітеді, ішкі мазмұнын да байытады. Бұл өскелең мәдениеттің, өнегелі әдебиеттің үрдісі болмақ!»

Сөз саптасты байқаған боларсыз! Түнып тұрған терең ой, қазып ал да қажетіңе жарата бер. Тура бір әккі сыншылардай сөз саптайды, сөз саралайды! Адам жанының тұңғиығын бойлай отырып шешен сөйлейді. Тілінің тазалығы, логикасының мықтылығы, ойының тереңдігі таң қалдырады. Әр сөз, сөйлемінде мән мен мағына бар. Алайда, біз ғалым сөзін қысқартып, өзімізге қажетті-ау деген жерін ғана алдық. Бәрін оқысаңыз Есенов білімінің шалқар-теңіз екеніне көз жеткізесіз. Ол кәнігі әдебиетші спетті, қазақ әдебиетінің жетістігі мен кемшілігін, оқырман сұранысын саралайды.

Қараңызшы, Есеновтің жазушы хақында мына тұжырымы қандай әдемі, әрі дәл: «ірі ғалым жазушы емес, ал, ірі жазушы—әрі ғалым». Инемен құдық қазғандай, адам жанын түсінсем деп «ұңғы қазатын, барлау жасайтын» жазушы тіршілгі шынында да дала кезіп тау мен тастан сыр іздеген геолог-барлаушыдан бірде-бір кем емес. Ол сол бір қиын да қызық мамандықтың қыры мен сырын жалпы оқырман білсе, қызықтаса екен, сосын жастар жағы қызықса екен деген ілгері ниетпен қаламгерлерге қиыла тұрып, тілек, сосын талап қояды. Біздің көз алдымызға ұстазы Қаныш Сәтбаев келеді. Ол халықтың бай ауыз әдебиеті мен тарихын бір кісідей білетін, халық әндері мен күйлерін жинаттырып, қазақ ұлтын қатардан қалдырмасам деп, биік мінберден ұлтқа қатысты ұлы мәселелерді көтеріп өткен каһарман еді! Дарынды жасты көрсе аңқылдап, шын пейілдерімен қуанатын ақ жүрек ақын-жазушылар сол жолы Шахмарданның сөзіне қарап, өзін танып, болашағынан үміт еткен. Қоғамның бағыт-бағдарын барлаушы—ақын мен жазушы жас ғалым, жас басшыны тануда шынымен-ақ қателеспеген еді...

Бұл хақында академик Г.Р. Бекжанов біраз таратып айтады:



...Академияда ол өзінің ұстазы Қ.И. Сәтбаев қалыптастырған негізгі дәстүрлерді жалғастырды. Қазақстан үшін өзекті және басым ғылыми бағыттарды таңдап алып ғылым мен өндірістің тығыз байланысын дамытты, іргелі және салалық ғылымдарды жақындастырды. Ғылымның материалдық, зерттеушілік базасы, приборлық және аппараттық қамтамасыздандырылуы оның назарынан бірде-бір тыс қалып көрген емес. Ш. Есенов Қазақстандық ғалымдардың Халыхаралақ ынтымақтастығына үлкен маңыз берді, олардың ірі форумдарға қатысуын ынталандырды, өзінің жеке үлгісін де көрсете білді. (28, 30 Халықаралық Геологиялық конференция, .....................конференциясы т.б.) Ғылыми салада ол Геология институтында металлогения зерттеулеріне жетекшілік жасады. Оның басшылығымен кезінде Қ.И. Сәтбаевтың бастамасымен қолға алынған Успен техтоникалық аймағының геологиясы мен метоллогениясын кешенді зерттеу жұмыстары аяқталды. Бұл пионерлік еңбек лайықты бағаланып Қазақ ССР-ы мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.

1967 жылы Ш. Есенов және Каюповтың бастамасымен және солардың ғылыми жетекшілігімен Геология ғылымдары институты өндірістік ұйымдармен бірлесе отырып «Қазақстан металлогениясы» кешенді бағдарламасын жемісті аяқтады. Оның нәтижелері 1983-1984 ж.ж. көп томдық монография түрінде баспадан шықты, ал 1985 ж. еңбекке КСРО мемлекеттік сыйлығы берілді. А. Нұрлыбаев көрсеткендей «бұл зерттеулердің бастамашысы және бірінші жетекшісі академик Ш. Есенов сыйлықтан тыс қалды». Неге? Мұндай келеңсіздіктер, өкінішке орай ол уақыттарда кездесе беретін, жетекші болсын, негізгі атқарушы болсын ол «ұмытылатын» және ол туралы «үндемейтін» бір кезеңді бастан өткермедік пе.

1974 жылы Ш. Есенов геология министрі болып қайыра тағайындалып, бұл жұмысты тағы да 4 жыл атқарды. Бұл министрліктің өрлеу кезеңі еді, ал оның даму жолындағы алғашқы тастарын Ш. Есенов одан 20 жыл бұрын қалаған. Осы жылдары Ақтоғай-Айдарлының мысы, Жәйремнің полиметалдары барланып, Оңтүстік Торғай мұнай кен орындарын тапқан кез еді.

Ш. Есеновтің танымалдығы Қазақстаннан шеткеріге, алысқа тарады, оның есімін Мәскеуде, Ленинградта, Киевте, кең байтақ КСРО-ның басқа да қалаларында, шетелдерде зор құрметпен аталатын. Ол жақтарда Есеновтің пікірлестері және әріптестері ғана емес Шахмарданды шын жүректен, ізгі тілекпен күтіп алатын жақын достары болды.

Шахмарданмен жақын болғандардың ішінен Одаққа есімдері танымал А.В. Сидеренконы, Б.М. Зуборевті, А.Д. Щегловты, Н.П. Лаверевты, Н.Ф. Карповты және т.б. атауға болады. Ол уақыттарды Мәскеу, біршама Ленинград біздің көбіміз үшін екінші үйіміз сияқты еді, бізге онда көңіл бөлетін, назар аударатын, түсіністікпен қарайтын. Ал, сондай көңіл-күй өз үйімізде жетіспейтін. Айталық, Есеновті жазықсыз ренжіткенде мәскеулік достары реніш білдірді, оған қатысты әділетсіздікті сынады.

Сол кезеңнің ірі-ірі тұлғалары секілді ол да раушан гүлін ауыстырған тікенді жолмен жүріп өтуіне тура келді.

Академик Г.Н. Щерба былай деп жазды: «Шахмарданның кеңінен танымалдығы оған теріс жағынан әсер етті – көре алмаушылар оның соңына майшам алып түсіп, ақыры өз дегендеріне жетті, қызметінен кетірді. Әрине, әрбір адамның өзіне тән кемшіліктері бар, оның өзі билікпен сыналады». Дегенмен, Шахмарданның көптеген замандастарының пікірінше ол билік «ауруының» «классикалық» түрінен алшақ тұратын, бұл үшін оның өресі мен санасы жеткілікті еді. Егер бұл «ауру» Шахмарданнан байқалған болса, ол кейбір жоғары санаттағы шенеуніктерге қатысты, сондай-ақ асқан амбициялы ғалымдарға қатысты, өсекшілер мен қызғаншақтарға қатысты орын алатын. Өзінің әріптестері мен айналасына ол баяғыдан белгілі байыпты да байсалды, еңбек жолын бастаған кездегі Шахмардан болатын.

Бүгінде Ш. Есеновтің Қазақстанның көптеген сыйлы адамдарының алдында біз оның адресіне жазықсыз айтылған айыптаушыларды аластауымыз үшін негіз бар деп санауға болады. Ол айыптаулар сол кездегі елдегі сынауға арналған қоғамдық-саяси өмір құйтырқылықтарының айнасы, өкінішті қателіктері екендігі баршаңызға белгілі жайт.

Біз Есенов туралы естелік айтқанда, келер ұрпаққа оның адал бейнесін қалпына келтіріп табыстауымыз қажет. Ел алдына, халқына бірімізге «Шах», бірімізге «Шахмардан Есенов», үшіншімізге «ұлы ұстаз, ғұлама ғалым», болмыстан қайратты, рухани-қуатты, тапсырылған іске таза ниетті, адалдық пен әділеттілік үшін күрескер болған кемеңгер тұлғасын қайтаруымыз керек. Жас ұрпақтың санасына ұялатуымыз керек. Бұл біздің азаматтық парызымыз деп білемін.

Ш. Есенов тұлғасының құбылыс ретінде пайда болуы бірегей, сонымен бірге кездейсоқтық емес. Өткен ғасырдың елуінші жылдары ғылымда және Қазақстанның минералды-шикізаттық кешенінде Е. Букетов, В. Гребенюк, Ш. Есенов, С. Такежанов және басқа да жарқын тұлғалар пайда болып олар елдің интеллектуалдық элитасы қатарын толықтырған еді. Бұл ірі инженерлер мен ғалымдардың ортасында Шахмардан Есеновтің көрнекті орны бар. Интелектуалдар шоғырының минералды-шикізаттық кешен сферасында өсіп, жетілуі жайдан-жай емес, объективті заңдылық. Есте болса соғыс алдындағы және соғыстан кейінгі жылдары Қазақстанда елдің минералды байлығын игеру қарқын алды. Және көптеген жігіттер мен қыздар осы сала үшін маман-инженерлер даярлайтын жоғарғы оқу орындарына көптеп түсті. Тағы бір маңыздысы олардың алдында жол сілтеуші Темірқазық сияқтанып Қ.И. Сәтбаевтың үлгісі жарқырады.

Ш. Есенов, Е. Букетов, С. Такежанов және т.б. 50-ші жылдары шоқ жұлдыздай көзге түсуі ғасыр басында Қазақстанға әйгілі болған алаш қайраткерлері, ұлт зиялыларының бірінші легі А.Байтұрсынов, М. Дулатов, А. Бөкейханов және басқа да қазақ интелегенциясының даңқты өкілдерінің қасында жалғасындай болып көрінеді.

Бүгінде Шахмардан Есенов туралы айтқанда бұл шындық отбасына, достарына, әріптестеріне ғана емес, әсіресе, болашақ ұрпақ үшін маңызды. Олар өздерінің түп-тамырын білсін, қазіргі Қазақстанның негізін қалағандар туралы білсін, мұның өзі демократиялық, өркениетті қоғам құру үстіндегі Қазақстан тарихы үшін аса қажет.

Ш. Есеновтің жақын әріптестері мен замандастары айтқандай «Ш. Есенов –бұл геологиядағы бүтін бір дәуір».

Қазақстанның жер қойнауын игеру бойынша кең көлемді эпопеяда Ш. Есенов өшпес із қалдырды. Оның қазақ ғылымына, мәдениетіне сіңірген еңбектері де шексіз...».



Бұл пікірді Ғинаят Бекжанов ағамыз Шахмардан Есеновтің 80 жылдық мерейтойы кезінде барша жұрттың алдында айтыпты. Еліне, халқына адал қызмет еткен азаматтың аты осылай ешқашанда да өшпек емес. Біз сол ағаға таяуда тағы да айтары бар ма екен деп бардық.

«-- Біз кезінде шындықты ашық айта алмадық. Құдайға шүкір, қазір сөз бостандығы бар ғой, сондықтан айту керек, айтылуы керек. Бұл бір біреуді жамандап, Есеновтің құнын көтеру үшін емес, болашақ жастар біздің қателіктерімізді қайталамас үшін қажет,--деді, сексеннен асса да қызметтен қалмаған, қазір ............................... институттың директоры, академик Бекжанов Ғинаят ағамыз.Содан әрі сөзін жалғап:-- Біз Шахмардан екеуміз бір жылдың төліміз, тек ол менен екі айдай үлкен болатын да «ағаны сыйлау керек!» деп, кей-кейде, өз ұпайына қажет бола қалған жағдайда қалжыңға басатын. Жаны жайсаң, парасатты, өте сұлу адам еді. Әріптес болдық, бәріміздің мамандығымыз жер астының кенін іздеу, яғни, геологпыз. Өміріміз аралас-құраласта өтті. Оның тұлғасы қандай келісті, алып болса, жан-дүниесі де сондай таза, жоғары дәрежеде ой-ойлап, іс бастайтын кемеңгер еді. Шахмардан ғұлама ғалым Сәтбаев бастаған геология ғылымының проблемаларын зерттеп, өз жаңалығын қосқан нағыз ғалым болды. Ғалымдар ортасында Сәтбаев пен Есенов басқарған тұсты «геологияның алтын ғасыры» деген тұжырымдама бар. Бұл шындық еді. Жазған мақалаларымда мен де осы тұжырымдаманы дәлелдеп, ашуға ұмтылып келемін.

Ресми орындарда болмаса мен өзім оны «Шах» деп атаушы едім, шын мәнінде ол осы атауға ылайықты болды. Өкініштісі сол Шахтың нағыз кемелденген кезінде, өмір-тәжірибесінің молайған тұсында оны қызметтен әділетсіз алып, болар-болмас нәрсені кінә етіп тағып, көп жәбірледі. Бұл ел басқарған басшылардың да, әсіресе, Д.Қонаевтың да кемшілігі еді. Қонаев оны нағыз керек кезде, өзіне қажет болған-- Геология министрлігінің қызметін, Ғылым Академиясының жұмысын көтеру керек болған тұста жақсы пайдаланды. Ал оның абырой-атағы өзінен асып бара жатқан соң «үлкен орбитадан» шығарып тастады. Оның орнына ылайықты деп өзінің інісі Асқар Қонаевты тартты. Ал, Асқарды өсіріп, докторлығын қорғау үшін бар жағдайын жасаған Шах болатын. Оны талай көзіміз көрді ғой. Докторлығын қорғап болған соң Ғылым Академиясына корреспендент-мүше жасады, сосын вице-президент болды. Асқарға тағы бір конкурент академик, жазушы Бөкетов Ебіней болды. Олар оның да мойынын қайырып, «үлкен орбитадан» шығарып тастады. Ол кезде металлургия саласында Ебінейден артық білгішің жоқ еді. Және ол екі тілде, орыс пен қазақ тілінде еркін сөйлейтін шешен, сандар мен фактілерді жатқа айтатын нағыз сұңғыла ғалым болатын. Орыстар айтады ғой «отстреляли» деп, сол сияқты екеуін де: Шах пен Ебінейді де бір оқпен атып түсірді. Бұған Қонаевтың өзінен көрі ортасы «құштар» болды-ау деймін. Егер екеуінің біреуіне шынмен-ақ ел билігі тиді ме онда Қонаевтың айналасындағылардың, жағымпаз бен жылпостардың бәрі жылы орындарынан айрылатын еді. Шах пен Ебінейдің ең жек көретіні жағымпаздар болатын, олар екеуінің де маңайына жолай алмайтын.

Соғытан кейін тау-кен геологиясы мен металлургия саласында «жарылыс» болды десем өтірік айтқандық емес. Өйткені, соғыс жылдарында қару-жарақ шығару үшін металлға деген қажеттілік күшейді де, кен көздерін жеделдетіп табу керек болды. Сол кезде Үкімет бұл салаға көп көңіл бөлді, оқу орындарын ашып, жастарды соған шақырды. Қазақстандағы «жарылысты» жасағандар қатарында Шахмардан, Ебіней, Далабай, Сәдуақас, Темеш ??? ... тұрды.

Олар дос болды, бір-бірімен жиі араласып отыратын. Далабай Балқаштағы комбинат директоры болды, Темеш пен Сәдуақас Жезқазғанда үлкен бастық болды... Республиканың шикізат қорын молайтуға қосқан олар үлесі ұшан-теңіз. Бұлардың достығы бір-біріне деген адал болды. Мына бір оқиға менің есімнен кетпейді. Шах академияға президент болып тұрғанда Ебіней корреспендент-мүше болатын. Содан ол академик атағын алу үшін сайлауға түсті. Академиктік атақ алу үшін Ебінеймен бірге корреспенден-мүшелер Жаңыл Қаңлыбаева мен Патшайым Тәжібаева түсті. Қара жер қабар бермесін, марқұм Патшайым өмір бойы айналасындағы адамдарға риза болмай кекірейіп жүретін бір адамдар болады ғой, ол сондайдың сортынан еді. Қарап жүрмей арыз жазып, өсек таратып та қоятыны болатын, байғұстың. Осыны білетін айбарлы академиктер Патшайымды өткізгісі келмеді, олар Шах айтса да тыңдамады. Содан не керек, Патшайымды да, Жамалды да өткізбей тастады, Ебінейге де академиктік атақ бұйырмады. Қараңыз, егер ақымақ адам болса Ебіней тас-талқан болып, «сенің достығың осы ма, несіне президент болып отырсың?» деп ашуланып, Шахтың есігін қатты жауып кетер еді. Жоқ, ол досын түсінді. Ол да шарасыз еді, бәрі де Үлкен үйдің тапсырмасын орындауға мәжбүрлі-тін. Бәрінен бұрын Жамалға қиянат болды, екі түрлі ситуацияның ортасына түсіп, бостан-босқа күйіп кетті. Шынымен-ақ күйіп кеткен болуы керек, бір күні Ебінейге келіпті «президенттің үстінен арыз жазайық» депті . Ебіней ондай пендешілікке өмірі бармайды, мен білемін ғой оны. Қайта оған: «Жамал ешкімнің сөзіне ерме, өз қабырғаңмен ақылдас, өз қабырғаңмен ақылдас, ақылсыз әйел емессің ғой...» деп, бетінен қайтарыпты. Бұл оқиғаны маған кейіннен Ебінейдің адамгершлігіне риза болған Жамалдың өзі айтып еді. Шынында да Жамал нағыз ғалым болатын, ешкімнің қолпаш-қолдауынсыз өз еңбегімен жетті бәріне де. Бірақ Патшайым Тәжібаева мен Смет Кеңесбаев екеуі Шахтың үстінен қайта-қайта арыз жазып, академияның берекесін қашырды. Кейіннен олардың атына жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджанов газетке ашық хат жазып, әрекеттерін әбден әшкереледі.Кеш еді, кеш болса да шындық айтылды.

Сол кездерде Ебіней 50 жасқа толып, құттықтауға Алматыдан Әбділдә Тәжібаев, Кәкімбек Салықов, Шахмардан және мен Қарағандыға бардық. Ебінейге «Үлкен үйдегілердің» қырағы көзінің түсіп тұрған кезі ғой, торқалы тойын ресторанда өткізе алмай тар пәтерінде, қырықшақты адам ортасында өткізді. Күндіз университеттің кіші залында ғылыми-конференция болып, онда Ебінейдің туған күні аталып өтті. Әлі есімде сонда Шахмарданға Ебіней: «сен сөйлемей-ақ қой, бұл жерде «Үлкен үйдің» тыңшылары жүр, ертең-ақ жеткізеді, зияным тимесінші саған!» деді. Оған қараған жоқ, Шах қатырып тұрып сөз сөйледі, Ебінейдің табыстарын айтты. Бәрінен бұрын Ғылым Академиясы президентінің келуінің өзі университет коллективі үшін үлкен оқиға болды. Шах президенттік жолынан гөрі достық ниетін ұсынды, тойда тамада болды, өлең оқыды, не керек кештің көркін кіргізді.

Міне, өсіп келе жатқан жас өрен Шахмардан мен Ебінейдің достығынан үлгі алулары керек. Менің де тәтпіштей атуымдағы мақсатым сол...»

Біздің Ғинаят аға сөзіне алып қосарымыз жоқ, дос, замандас, әрі әріптес болған адамнан артық кім не айта алар дейсіз...



***

Мына бір құжатты біз Ғылым Академиясы мұрағатынан кезіктірдік. Оның мазмұны мұсылманшалап айтқанда «өлі риза болмай тірі байымайды» деген фәлсапаға саяды. Әдетте, қызмет істеп, зейнеткерлікке шыққан соң ешкімге керек еместей, жұртта қалған қараша үйдің күйін кешетініңіз шындық қой. Бір кезде бірге қызмет істеп, «сіз-біз» дескен әріптестеріңнің өзі көзден кетісімен көңілдерінен де өшіріп алып жатады. Жас президент Шахмардан олай етпеді, өздерімен-өздері оңашаланып, академиядан қол үзіп қалған қарт ғалымдарының, академик-профессорларының хал-жағдайын сұрастырды, қызметкерлерін жіберіп хабар алды. Халық айтпай ма қарттық пен жоқтық егіз деп, кайбір хал болсын зейнеткерлерде. Оның үстіне барлық зат тапшы болып, нағыз тоқыраған кезіміз емес пе еді. Бар жағдайға қанық болған соң тез арада комиссия құрылып, Академия Президиумы қаулы қабылдап, зейнеткер ғалымдарға моралдық та, материалдық та көмектер көрсетілді. Қайтыс болаған адамдардың басына барып, құлаған, бұзылған бейіттерін жөндеп және тұрған үйлеріне белгі тақта орнатуды да дәстүрге енгізді. Ол үшін Үкіметтің арнайы рұқсатын алды. Жаңа, әсіресе жас президенттің мұндай қамқорлығына риза болып, алғыс айтпаған адам кемде-кем шығар-ау. Шахмарданға бұл қасиет қайдан келді деп таң қалу орынсыз, ол бұны қартын қараусыз қалдырмайтын кәдімгі қазақи қағидадан, ұлттық үрдістен алып отыр еді.

***



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет