Шахмардан есенов



бет13/21
Дата04.11.2016
өлшемі5,66 Mb.
#306
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   21

Академик Д.Кішібеков әл-Фарабидің өз отаны—Қазақстанға оралуына бірден-бір себепкер болған, басшылық жасаған Ш.Есенов екенін баса айтады:

«--Нағыз дарынды адам іс-әрекеттің қай-қайсысында да дарынды деп айтып жатады ғой. Әрине, тіршіліктің нақты бір саласында өзін тамаша маман ретінде көрсете білер, мысалы Шахмардан Есенұлының геология саласындағыдай, дегенмен дарынды тұлға қандай болмасын бір тар мамандықтың шеберінде қалып қоймайды екен.

Қазақстан Ғылым Академияиясының президенті болып сайланысымен Ш.Есенов «Казахстанская правда» газетінде біздің рухани мәдениетімізді дамыту проблемалары бойынша үлкен мақала жариялағаны есімде.

Бұл талай жылдан бері тыйым салынған Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Б.Майлиннің әдеби мұрасымен қайта қауышқан қуанышты уақыт еді. Ш.Есенов ресми органдардың шешімін қолдаумен бірге мәселені едәуір кеңейте қарастырды. Ол әдебиет саласында ұлттық мәдениетінің терең қыртыстарын көтеру қажеттілігі туралы, себепсіз ұмтылған немесе тыйым салынған батырлық жырлары мен махаббат дастандарды, эпостарды халыққа қайтару туралы жазды. Ол зерттеушілердің алдына, ең алдымен филологтардың, тарихшылардың алдына өз дүниетанымдарын кеңейту, тереңдету қажеттілігін көрсетіп біздің халықтың көпұлттық мәдениетін байыту үшін белсенді атсалысу мәселесін қойды.

Президенттік қызметі жылдары Ш.Есенов біздің атақты жерлесіміз әл-Фарабидің ғылыми-философиялық еңбектерін өзінің халқына қайтару ісінде мемлекеттік деңгейдегі парасаттылық танытты. Қазақстан ҒА жанынан Фарабитану бөлімі құрылып, онда жұмыс істеуге араб, ағылшын және басқа да тілдерді меңгерген жас мамандар шақырылды. Олар әл-Фарабидің шығармашылық мұрасын талмай жинақтап қазақ және орыс тілдеріне аударды. Шетелдік ғылыми іс-сапарларға шығу үшін, кітапханаларда жұмыс істеп, қажетті материалдардың көшірмесін алу үшін бөлімге едәуір қаражат көздері қарастырылды. Фарабитану бөлімінің кеңесшісі болып біздің академияның негізін қалаушылардың бірі, Қазақ ССР-ы ғылым академиясының мүше-корреспонденті, профессор А.Машанов тағайындалды.

Бұл кезең Республика жұртшылығының әл-Фараби қазақ жерінің тумасы екендігін әлі де білмейтін кезеңі еді. Ол шетелдерде де танымал бола қойған жоқ еді. Мысалы, Иран елінің профессоры Ф.Реза «ЮНЕСКО курьері» журналында әл-Фараби ирандық деп жазды. Ал, өзбек ғалымдары академик М.Хайруллаев және басқалар оны өздерінің ата бабасы санады. Өздерінің әріптестерінен түркімен ғалымдары да қалыспай жатты.

Өткен ғасырдың 50-70 жылдары профессор А.Ж.Машанов өзінің бүкіл ғылыми-қоғамдық қызметін әл-Фараби мұрасын өз халқына қайтаруға арнады. Оның негізгі кәсібі тау-кен ісі болғанымен, ол әл-Фараби туралы кітаптар, мақалалар жазды, теледидардан сөйледі. Әл-Фарабидің есімі Кеңес жұртшылығына бейтеныс болғандығы соншалықты біздің ұлы бабамыздың шығармашылық мұрасын тірілту бойынша қоғамдық-публицистикалық қызметіне байланысты А.Ж.Машановқа «Правда» газеті өзінің бас мақаласында Қазақ ССР-ы Ғылым академиясының президенті Қ.И.Сәтбаев қолдап отырған көз бояушы-дүмше деген айдар тақты. Мақала 1953 жылдың көктемінде жарияланды. Ол кездер СОКП-тың орталық газеттерінің бүкіл Кеңес халқының қоғамдық және саяси санасын қалыптастырудағы рөлі орасан зор болатын.

Ш.Е.Есенов қалыптасқан таптаурын пікірге қарамастан бар жауапкершілікті өзіне алып, бұл қасиетті іске көмекке А.Ж.Машановты шақыртты. Қатаң идеологиялық, тіпті кейде қауіпті жағдайларда қолға алынған бұл үлкен еңбек жемісті аяқталды. Ұлы ойшылдың философиялық, логикалық, әлеуметтік-этикалық, математикалық және музыкалық тракттаттары жеке томдар болып екі тілде жарық көрді. Әлеуметтік-этикалық трактаттарының шығарылымына менің де қатысуыма тура келді.

Әл-Фарабидің барлық басылымдарының жауапты редакторы Ш.Е.Есенов болды. Әл-Фарабидің творчестволық мұрасын тереңдете зерттеу осылайша басталып, соңыра монографиялар жарияланып, кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. Қазақ мемлкеттік университеті (КазГУ) жанынан Фарабитану Орталығы ашылып, оның жетекшілігіне бұрын Қазақстан ҒА философия және құқық институты жанында жұмыс істеген аттас бөлімді басқарған ҚазССР ҒА-ның мүше-кореспонденті, профессор А.Х.Қасымжанов тағайындалды. Ш.Е.Есеновтің бастамасы бойынша жұртшылық жылы қабылдаған әл-Фарабидің нұрлы да рухты портреттік бейнесі қайта жасалды.

Ал 1970 ж әл-Фарабидің 1100 жылдығыына байланысты Алматыда, әртүрлі елдерден, соның ішінде мұсыламдық Шығыстан ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысқан халықаралық сиппозиум өткізілді. Симпозиум қарсаңында біздің ұлы бабамыз атақты ғылым әл-Фарабидің барельфі салынған ескерткіш төсбелгі шығарылды. Негізгі баяндаманы Қазақ ССР-ы ҒА-ның президенті, академик Ш.Е.Есенов жасады. Баяндамада тірі кезінде араб әлемі Аристотельден кейінгі екінші мұғалім деп таныған әл-Фарабидің орасан зор философиялық мұрасы сарапталды. Пленарлық отырыстан бөлек көптеген секциялар жұмыс істеді. Симпозиумның материалдарының жарияланбай қалғаны өкінішті-ақ. Бұдан біз СОКП пен сол кездегі идеологиялық рухани диктатураның табын байқаймыз. Қазіргі күні идеологиялық басқыншылық туралы оңай айтуға болады. Бірақ сол кезде осыншалықты халықаралық симпозиум ұйымдастырып, өткізу үшін СОКП ОК саяси Бюросының келісімін, дұрысы, рұқсатын алу Ш.Е.Есеновтен қаншалықты күш-қайрат, еңбек талап етті десеңізші. Ол жылдары халықаралық масштабтағы шаралар тұрсын, тіпті кезеңімен өткізілетін ЖОО қоғамдық кафедралары меңгерушілерінің бүкілодақтық жиналысы СОКП ОК-нің арнайы шешімімен шақырылатын.

Оның орасан еңбегінің жемісті нәтижесі ретінде әл-Фараби өзі туған топырағына қайта оралып, кейінгі бейтаныс ұрпақтарымен табысты. Осынау рухани бетбұрыстың әсерімен белгілі жазушы Ә.Т.Әлімжанов әл-Фарабидің өмірі мен қызметін баяндайтын «Мұғалімнің оралуы» атты роман жазды.

Ш.Есеновтің республика ғылым академиясының президенті лауазымында болған кезеңі Қазақстан ғылымының жан-жақты жанданып, гүлдене түскен кезеңі болды. Біздің атақты жерлесіміздің туған жері ежелгі Отырар қаласы орналасқан аумақта қазу жұмыстары басталып, ғылымды байыта түскен жаңа, құнды материалдар жинақталды. Осы жылдары Алматы облысы Есік қаласының маңынан ішінде біздің дәуірге дейін Ү ғасырда өмір сүрген «Алтын адам» бар Тянь-Шань шыршасынан жасалған саркофаг табылды. Ғылыми жұртшылық оны «Екінші Тутанхамон» деп таныды. «Алтын адамның» көшірмесі Нью-Иорктегі БҰҰ-ның бас ғимараты алдына қойылды» десе, академик А.Х.Қасымжанов:

«--Оның бір ғана батыл әрекетін еске ала кетейін. Ш.Е.Есеновтің ұшқыр ой-пайымдарының ең елеулісінің бірі Орталық Азия халықтарының ортақ мұраларын, рухани мәдениетін толыққанды, объективті ашып көрсету және оларды әлемдік мәдени жаухарлар қатарына қосу идеясы болатын.

Ш.Есеновтің бастамасымен 1973 жылы Азия және Африка елдері жазушыларының Ү конференциясы аясында «әл-Фараби күні» өткізілді. Оның белсенді қатысуымен әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференцияға дайындық жұмыстары жүргізіле бастады. Ол кезде мұндай акцияны өткізу оңай шару емес-тін.

«Бір адым солға, бір адым оңға» деген сойқан орын алған жоқ, әрине, бірақ іс-әрекеттің барлығын «ұлтшылдық» немесе «өткенді көксеу» деген таңба баса салуға биліктің «шеберлігін» Е.Бекмахановтың өмірі анық көрсеткен болатын. Ш.Есенұлының табандылығы, Бабоджан Гафуровтың қолдауы арқасында конференция Мәскеуде, Алматыда, Багдатта өткізіліп, әлемдік масштабтағы мәдени шаралар қатарына қосылды. 1966 жылы Ш.Есеновтің тікелей нұсқауымен әл-Фарабидің мұрасын жинақтап, зерттеу бойынша ғылыми топ құрылды. Ол біздің міндеттерімізді келесідей бейнеледі: «Ең алдымен әл-Фарабидің өзін сөйлету керек, содан кейін ғана әлемдік Фарабитанудағы құндылықтар негізінде түсіндірмелер мен сараптауларды қолға алуға болады». Күлкілі жағдайлар да кездесті. Есеновтің тапсырмасын орындау барысында маған біздің жоспардың өміршеңдігін «үлкен ағайға» яғни, мәскеулік ғалымдарға түсіндіруге тура келді. Сонда мәскеулік бақандай бір ғалым өте байсалды қалпымен маған: «әл-Фарабиге орыс мәдениетінің ықпалын көрсетуге болмас пе екен» деп сұрақ қойды. Бұдан артық қандай өзімшілдік болуы керек?

Ш.Есенов бізден шетелдік фарабитанушылармен байланысқа шығуда, қолжазбаларды, мәтіндерді іздеп, табуда кеңесшілер, рецензенттер, редакторлар ретінде шетелдік білімпаздарды қатарымызға тартуды талап етті. Ш.Есеновтің философияға, дүниетанымға қаншалықты мән бергені туралы оның мәскеулік (яғни бүкілодақтық) «Вопросы Философии», Украиналық «Философской думка», чехословакиялық «Философски часолие» журналдарының қазақстандық санын шығаруды ұйымдастырып, қол жеткізгенін айтсақ та жеткілікті болар.

Шахмардан Есенов әрдайым шын мәніндегі ғылыми шығармашылықтың өрісін кеңейтіп, академиялық беделді жамылған жалған ғылымның жолын кесіп отыруға ұмтылды. «Қыз Жібек» фильмін монтаждауда қолданылған ежелгі тас жазу элементінің жасанды нұсқасын біздің кейбір «мәңгілік» академиктер деп саналатындар бүкіләлімдік тарихи маңызы бар «Іле тасы» табылды деп қызбаланған-ды. Ал мұның өзі анекдоттың нақ өзі). Есенов академиктің беделі мен мәртебесін «үй-ішінің абыройы» дегеннен аулақ ұстады. Бұл тарихтың күлкілісі сол академияның ауласына құрметпен жеткізілген тас ақыры шұңқырға лақтырылды. Тағы да 100-200 жыл өтер, сол кезде «ізденімпаз» академиктердің бірі тасты қазып алып кереметтей археологиялық жаңалық ашып жүрмесін деңіз.

Шахмардан Есеновтың тереңдігі «Есік олжасының» маңыздылығын бірден сезініп, мәселенің «алтында» емес, жәдігердің эстикалық және тарихи жады тұрғысынан қарастырылуы қажеттілігін бірінші болып айтуынан-ақ байқалған. Қазір «Алтын адам» тарихи хрестоматиялардан орын алды, ал оның өз деңгейінде бағалануы үшін Шахмардан ерен еңбек сіңірген адам.

Ұлттық академия физикалық-химиялық ғылымдар мен жер туралы ғылымдар саласында Есенов атындағы сыйлық тағайындаса нұр үстіне нұр болар еді».

Ал, біз өз шындығымызды айтайық. 2010 жылдың күзінде Отырар ауданы әл-Фарабидің кезекті мерейтойын тойлады. Жан-жақтан ақын-жазушылар, ғалымдар, мемлекет және коғам қайраткерлері, парламен депутаттары ағылып келді. Бәрі де әл-Фараби туралы ойлары мен пікірлерін, білетіндерін ортаға салып жатты. Бірақ, бірде-бір адам әл-Фарабидің туған жерге «оралуына» академик Шахмардан Есеновтің еңбегінің бар екенін, шығармаларын шет елдерден іздеп, тауып аударып оқырманға жеткізген: А.Машанов, А.Қасымжанов, А.Көбесов... және жазушы Ә.Әлімжанов есімдерін ешкім есіне түсіріп, аттарын атаған да жоқ. Олар мүмкін әдейі атамайын демеген шығар, олар бұл фактіні білмеді. Білмейтін жөндері бар, бұл туралы жазылып, оқырманға айтылып, көптің көзін жеткізіп жатқан ешкім жоқ. Сондықтан да біздің әл-Фарабидей жерлесіміздің еңбектерін аударып, қазақ халқына жеткізген ғалымдар мен академик Есенов үлесін пысықтай айтып, нақтылай түсуіміздің басты сыры—ел құлағына құю.

Сол жолы, Отырарда өткен конференцияда ақын Мұхтар Шаханов әл-Фараби секілді Отырардан шыққан отыз ғұлама барлығын, олардың әлі зерттелмей, туған топыраққа орала алмай жатқанын жаны күйе тұрып айтты. Біз ойланып қалдық. Шынында да Есенов әл-Фарабиді танып, зерттеуші ғалымдардың еңбегін өз дәрежесінде бағаламағанда, қолдау көрсетпегенде ұлы ғалым өз Отанына қашан оралар еді? Кім білсін? Қазақстан жерінен шыққан қалған отыз ғұламаны туған жерге әлі оралта алмай отырған жоқпыз ба?! Неге? Себебі біреу—Шахмардан Есеновтей өз ұлтын сүйетін, өз ұлтын ұлықтай білетін бір басшының, бір Азаматтың болмай отырғандығында емес пе?! Осыдан-ақ біз, Есеновтің ұлты үшін, қазақ халқы үшін қандай мәртебелі іс атқарып кеткенін ұқсақ керек! Қадіріне жетсек керек!

***


Қазақстан Ғылым Академиясына президент болған сәттен бастап Шахмардан Есенов қазақ тіліне, әдебиетіне, тарихына арнайы көңіл бөліп, түрлі шаралардың ұйымдастырылуына ұйтқы болды. Мысалы, 1969 жылы Алматы облысы, Есік елді-мекен маңынан бұдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген «Алтын адам» мүрдесі табылды. Бұл дүниежүзі бойынша ерекше оқиғаға айналды, газет-журналдар жамырай жазып, теледидардан айтылды. Әлем ғалымдары бұны әйгілі фараон Тутанхамон мүсінімен пара-пар келетінін, ғылыми табыс деп бағалап жатты. Жақында біз Алматыдағы Гете институтының директоры Барбара Френкель-Тонетпен кездестік. Ол бізге осыдан бес жыл бұрын осы «Алтын адам» көрмесі Германияда өтіп, оны көруге келгендер кезегі екі айға дейін азймағанын, өзінің соңғы жиырма жылда көрген ең бай көрме болғанын айтты. Бұл әңгімеге мерейіміз тасыды. Бізді ел қатарына қондырып, жұрт қатарына тұрғызбай жүрген «ақсүйек» немістерді осылай мойындатқан ата-бабаларымызға риза болып, рухтанып қалдық.

Әл-Фараби туып-өскен Отырар қорғанын қазып, зерттеу жұмысын жүргізіп жатқан ғалымдар ісін президен Есенов үнемі қадағалап отырды. Сол үшін Шауілдірден бас штап құрып, ғылыми жұмыстың нәтижелі жүруіне бар жағдайды жасады. «Экспедицияның атқарған сан қырлы жұмыстарының нәтижесінде ширек ғасырдан астам уақытта көне Отырарда және оның алқабында архиологиялық қазба жұмыстар жүргізілді, олардың негізінде ондаған монографиялық еңбектер жарық көрді және белгілі ғалым, қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков дәл басып анықтағандай «Отырар өркенияты» (цевилизациясы) деген ұғым Қазақстан тарихнамасынан орын алды» дейді, академик К.Нұрпейісұлы.

Сәтбаев тұсында дәстүрде болған СССР Ғылым академиясының көшпелі сессиясын Алматыда өткізуді қайта жаңғыртты. Мұның өзі Қазақстан ғылымының дәрежесін биіктетті, оның өндіргіш күштері мен бай рухани мәдениетінің дамуына жаңа екпін берді.

Қазақстан астанасы Алматыдағы бұл сессияларға СССР Ғылым академиясының президенттері, академиктер: М.В.Келдыш, А.П.Александров және академик И.А.Артаболевский, Одаққа есімдері белгілі біраз ғалымдар келіп, академиясының инстиуттарын аралап, атқарылып жатқан ғылыми жұмыстармен танысып, ірі-ірі өндіріс ошақтарында болды. Бұл Қазақстан Ғылым академиясының абырой-беделінің барлығын көрсетсе, ғалымдарының да осал еместігін аңғартса керек. Оны бір ғана академик Ш.Есеновтің шет елдердегі маңызды ғылыми конгрестерге қатысып, баяндамалар жасап, Халықаралық ғылыми комиссияларға еніп отырғанынан-ақ байқауға болады.

Сол кездегі Одаққа беделі белгілі Қазақ Ғылым Академиясының құрамын былайша таратуға болады. Нақтылай айтқанда 1970 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша 8,756 адам жұмыс істесе, оның 2958-і ғылыми қызметкер, оның 54 толық мүшесі, 45 корреспондент-мүшесі, 200-ден астам ғылым докторы, 1000-нан астам ғылым кандидаты бар еді. Олар академияға қарайтын 28 ғылыми-зерттеу институтының мамандары. Академия ғалымдары ГДР, Польшаның, Чехословакияның, Монғолияның және басқа да көптеген елдер ғалымдарымен бірлесіп зерттеулер жүргізді. Мысалы, Алматыдағы космос сәулелері станциясы—дүниежүзіндегі аса ірі станциялардың бірі еді. Осында жоғарыда аталған мемлекеттердің ғалымдары қызмет істеп, тәжірибе алмасты. Сол кездің мағлұматына құлақ түрсек, қазақстан Ғылым Академиясы дүние жүзіндегі 65 елдің 860 ғылыми мекемелерімен байланыста болыпты. Осы мәліметтердің өзі Қазақстан ғылымының биік дәрежеде болғанын айтып тұр.

Ең бір қуанышты оқиға—1971 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы өзінің құрылғанына 25 жыл толуын атап өтті. Осы бір шараның үстінде Есенов өзінің барлық қырынан көрінді десе де болады. Жиырма бес жылда жеткен Қазақстан ғалымдарының жетістіктерін баршаға танытып, келетін қонақтарға паш ету үшін түрлі идеяларды іске асырды. Академия ұжымын жұмысқа жұмылдыра білді, небір белсенді жас ғалымдарды іріктей-танып, іске қосты. Олар да осындай ұлы доданы күтіп тұрғандай жанып, жалындап жұмыс істеді. Ол түрлі шет елдік жиындарға қатысқанда көрген талғамы мен тәртібін іске асыра білді.

Торқалы тойда президент Ш.Есенов «Қазасқтанның Ғылым академиясы—республиканың ғылым орталығы» деген тақырыпта баяндама жасады.Оның баяндамасы қашанда да құрғақ сандар мен қарадүрсін сөдер, сөйлемдерден тұрмайтын. Ол айтарын кең, терең білімімен айшықтап, жүректі тербеп, ойды қозғайтын дәрежеде жасайтын. Сондықтан да оның баяндамасынан кейін қашанда да ұзақ қол соғылып, қошемет көосетілетін. Бұл жолы да дәл солай болды. Онсыз да мерекелік желпіністе жүрген ғалымдар көңілі шалықтап, шатанып-ақ кетті. Осыдан жирма бес-ақ жыл бұрын шаңырақ көтеріп, әлемдік ғылымға өз жаңалықтарын қосып үлгерген ғалым Ордасының жетістіктері түбегейлі айтылып, оның іргесін қалауға ат салысқан ғалымдар есімі аталды.

Сессия жұмысына Қазақстанның мемлекет және Үкімет басшылары, СССР Ғылым академиясының президенті академик М.В.Келдыш, акдемиктер В.И.Смирнов, А.Л.Яншин сол сияқты Одақтас республикалар Ғылым академияларынан көптеген делегатциялары қатысты. Қазақ ССР Ғылым академиясының аса ірі ғылыми жетістіктері үшін және оның 25 жылдық тойына байланысты 1971 жылдың маусымында Ш.Есенов екінші рет Ленин орденімен марапатталды.

Ол 1972 жылы Ғылым мен техника салалары бойынша Қазасқатан Мемлекеттік сыйлығын беру жөнінде комитет ұйымдастырылды. Ол комитеттің төрағасы болып Ш.Есенов тағайындалды.

Ең бірінші Қазақстан геологтарын Шахмардан Есенов Индияда өткен ХІ-ші Халықаралық конгреске бастап барды. Одан кейін Канада өткен ХІІ Халықаралық конгреске, ал, Австралиядағы ХІҮ Халықаралық конгресте сөз сөйледі, Данияда болып ол елдің геология-барлау жұмыстарымен танысты. Швецияда өткен әлем ғалымдарының Пагуошск конференциясына қатысып, басқа мемлекеттің ғалымдарымен бірге сол қозғалыстың мүшесі болды.

1972 жылы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 125 жылға толуына арналған Ғылым академиясының жалпы жиналысының сессиясын басқарды. Өз сөзінде ол Жамбыл жырауға баға дере келіп: «Алатаудың ақбас шыңдарына көз жіберсек, өзі қатарлас өнерлі, дарынды ақындар арасында, сол Алатаудың ең биік, ең еңселі шыңындай болып Жамбыл тұрады. Тау мұжіледі, темір тозады, бірақ халық мұңын мұңдаған, халық қуанышын жырлаған шынайы, көркем жыр мүжілмек те, тозбақ та емес. Жамбыл жыры—осындай жыр!». Рас, Шахмардан шын мәнінде сегіз қырлы, бір сырлы адам болды. Ақындар жырын сағаттап жатқа оқитын зердесі, осындай айшықты, әдемі теңеулері оны «әдебиетші» де дегізді. Бұны көп қырдың бір сыры деп ұққан абзал болар.

***


Содан, 1972 жылы 24 ақпанда Қазақ ССР Ғылым академиясы жалпы жиналысының сессиясы академик Ш.Есеновті бірауыздан жаңа мерзімге президент етіп сайлады.

Бұл жолы Есеновтің президенттікке сайлануы алғашқыдан өзгешелеу болды.«Сыбырлағанды құдай естімей ме» дегендей, бірінші сайлауда расы керек Қонаевтың қолдауының болғанын білеміз, айтқанбыз. Шындық солай болған соң оның айтылғаны да дұрыс.Қиыннан қиыстырып, кандидаттығы ғана бар адамды президент боласың деген де өздері емес пе? Шахмардан ешқашан үлкен лауазымды қызмет сұрап ешкімнің алдына барған емес. Оны білетіндер айтады және оның табиғатына үйлеспейді. Өзінің жаны қалаған геологиясын бар мамандықтан, бар лауазымнан қашанда биік ұстаған ол, соған арқа да сүйеген. «Екі қолға бір жұмыс, геологиям аман болсын» дейтін кейде біреулердің қызғанышын, салқын қабағын сезе қалғанда. Биліктегілердің өзі емес пе: «Ғылымды көтер, басқалардан қалып барамыз, Орталық Комитет қолдайды сені...» деп, қолпаштап-қолдап әкеп отырғызған.

Ал, екінші сайлауға түсерде Шахмардан ешкімге емес өз күшіне, өз абырой-беделіне арқа сүйеді. Төрт жыл президент болғанда ол аянбай, бар күш- жігерін сала жұмыс істеді. Соның арқасында әріптестері айтқандай, шын мәнінде Ғылым академиясының нағыз творчестволық жағынан шарықтаған кезі болса, Шахмарданның да өз бойындағы бар таланты мен дарынын жарқыратып жұртқа көрсете алған тұсы еді. Адамның сыртқы сымбаты ішкі жан-дүниесімен үндесіп, қабысып тұрса бұл да бір жаратушының берген сыйы дағы. Одан мұндай сыиды жаратушысы аямапты. Нар тұлғалы, маңдайы ашық, жүзі жарқын, ақырын ғана жымиысы басқаларды өзіне тартып тұратын. Талай жерде, талай ортада, небір маңызды мінберлерден сөйлеген кезінде шешендігімен, білімінің тереңдігімен көпті таң қалдырып, өзін өзгелерден ерекше құрметтеуге мәжбүрлейтін. Сондай адам екінші рет Ғылым академиясы президенттігіне сайланып, бастаған талай бастамаларын жалғастыруға мүмкіндік алды.

Иә, президент болуын болды. Бір жылға жетер жетпестен академия ішіндегі «ауа райы» өзгере бастады. Тіптен арқа сүйер ағасы Димекеңнің де көңілі бұрынғыдай емес, салқын тартқан. Шахмардан үшін ең ауыр нәрсе осы болды. Кінәсізден кінәлі, жазықсыздан жазықты болудың мәнін түсінбей, ойы он саққа жүгіртсе де сепеп-салдарын таба алмай шаршады. Таяуда қабылдауында да болды. Онда да көмекшісі Бекжанов «уақыты болмай тұр» деп, бір-екі күн күттіріп барып қабылдатқан-ды. Жолығуын жолыққанмен салқын қабақтың сырын сұрай алмай, үлкен кісінің мысы басып, барған шаруасын айтып шығып кеткен-ді. «Не болып қалды екен? Кісі өлтірген жоқпын, мемлекеттің қалтасына қол салған емеспін...күні-түні жанымды салып академияның абыройын қайтсем көтерем деп Қазақстан мен Мәскеу ортасын жол етіп жүрмін. Академияға қарайтын институттардың жұмыстары жүріп жатыр, көрсеткіштері жаман емес, ашылған жаңалықтардың өндіріске енгізілуін қатал қадағалап отырмын, ашылып жатқан кен көздері баршылық... академиктер мен корроспендент –мүшелер жыл сайын көбейіп келеді, «Жас ғалымдар» қоғамын құрдық, съезін өткіздік... Одақ бойынша Ғылым академиялары арасынан Ресей, Украинадан кейін үшінші орында тұрмыз. Көшпелі сессиялар мен түрлі шараларды да өткізіп жатырмыз...». Осылай бес-алты жылда атқарған жұмыстарын, қол жеткізген табыстарын санасында саралап, көз алдынан өткізіп шықты. Кінәрат кеткен, мүлт басқан жерін таппады. Бірақ, адам өз кемшілігін біле бермейді, мүмкін бір жерден мүл кеткен шығармыз, күте тұралық, айтылар, анық-қанығына жетерміз деп Шахмардан өзін-өзі жұбатты.

Бәрі бір ой тарам-тарам, көңіл түйткілі тарар емес. Қанша жерден ойланғанмен себебін де, сырын да таппады. Іштей әттең дейді, ақылдаса қоятын Қаныш ағасы да жоқ. Оның да түбіне осындай түйткіл, басшылардың салқын қабағы, қайта-қайта тексеру жіберіп... ақыры не керек жүйкесін жұқартып, жазылмайтын ауруға шалдықтырды. Баяғыда алғаш Жезқазғанға екеуі барған кезде Қаныш ағасы: «кейде осы кер даламды сағынамын!» демеп пе еді. Енді түсініп тұр. Сөйтсе, асыл аға қаланың, саяси ортаның сайқымазақ тірлігінен шаршаған екен-ау. Енді, міне Сәтбаев басындағы шырғалаң өз басына түсіп тұр. Бұл не, тіршіліктің заңы ма, әлде, адамдардың пендешілгі ме? Түсініксіз түлкібұлаң бір дүние.

Ия, айналдырған ауру алмай қоймайды, Қаныш ағасы, қайран асыл азамат «Орталықтың» оң қабағын көре алмай көз жұмды. Суық жүздерінен ызғар шашып, сұрланып тұрып соңғы сапарға да шығарып салды. Қызығы, ол өлгеннен кейін де олардың оң қабағы Сәтбаевқа бұйырмады. Ұлы ғалымның мерей тойлары өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін, жаңа заман келіп, басшылар ауысқанға дейін тойланбады. Сөйтіп, әлем мойындаған ғұлама ғалым өз елінде еленбеді, ескерілмеді. Сол салқын қабақ Шахмарданның да денесін мұздатып, санасына салмақ салып тұр.

Иә, кешікпей түрлі-түрлі комиссиялар академияның қойны-қонышына дейін тексеруге бірінен соң бірі келе берді, келе берді. Баяғыда ата-анасынан «Е, Құдайым бар нәрсенің ақырын бер» деп, аракідік жаратушысына жалбарынап отыратын. Шахмардан бұл тексерістің ақырының жақсылыққа апармайтынын сезді. Жүрегі, ақыл-санасы сездірді. Бірақ табиғат берген өзінің сабырлылығына салып, ләм-лим деп біреуге ауыз ашпады, біреудің алдына барып арыз-шағым жасамады. Оның ішінде Орталық Комитетке! Жайлап сабырмен жұмысын істей берді. Бірақ, бұл сабырлы қалыптың астарында денсаулық мүжіліп, жүйке жұқарды. Бір адамның салқын қабағынан бар тіршілік, дүние әлем керісінше айналып бара жатқандай сезілді, Шахмарданға.

Ұзақта қалған сол жылдардың, сол сәттердің шындығын Ғылым академиясында қызмет істеген, биология ғылымдарының кандидаты Н.В.Ниретина біраз ашқандай-ақ:



«--Менің бірінші президентім Шахмардан Есенұлы Есенов туралы естелігімді оған арналған естеліктер жинағының жарық көргеніне он жылдан кейін жазып отырғаныма өкінемін. Қазір кейбір деректер мен дәйектердің өзектілігі мен өткірлігі кеміді, дегенмен жадымда солардың ең таңдаулылары мен елеулілері қалса керек.

Мен академияның бес президентімен және үш Ғылым министрімен қызметтес болдым, сондықтан жинаған тәжірибем мен бүгінге дейін жасаған жұмысымның биігінен сенімді түрде айтарым: Президиумда жұмыста болған жылдарымның ең жарқын кезеңі Шахпен қызметтес болған уақытқа дөп келеді. КазГу-ден ғылымның салтанатты сарайына, Сәтбаевтың рухы, беделі әлі де қалықтап тұрған ғимаратқа үлкен толқу үстінде кіргенім әлі есімде. Қ.И.Сәтбаев пен Ш.Е.Есенов тұлғаларының ішкі және сыртқы ұқсастығы, көңілдері мен істерінің кеңдігі маған қатты әсер етті. Мен өзіме-өзім басшылар қалай қабылдаса қызметте соған сәйкес басталады деп сендірдім. Бұл қағиданы жаңа келген қызметшілерге де айтатынмын: «Қайығыңыздың жүзгіштігі оның атауына да байланысты» деп.

Менің қайығымның атауы дұрыс болғандай, өйткені жүзу үдерісі ұзақ, жарқын, жемісті аяқталды.

Академияның Президиумына мен өзімнің ұстазым Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі Дарханбаевтың ұсынысы бойынша Шахмардан Есенұлының президенттікке сайланғанына тура үш ай толғанда келдім.

Аппараттың кәнігі қызметкерлерінің аузынан қатал, бірақ әділетті Ш.Шөкин туралы, ұлы Сәтбаев туралы және жаңа президенттің академиялық ортадан емес, жоғарыдан келгені туралы естідім. Ш.Есеновті Д.А.Қонаевтың өзі ұсынғанын білуші едім. Ол әлі күнге ғылым кандидаты бола тұра сайлауда мүше –корреспонденттіктен аттап өтіп академиктікке, одан Президенттікке сайланғаны туралы әңгіме гулеп тұрды. Бұл академияда бұрын-соңды болмаған құбылыс еді.

Көргендердің айтуынша Есеновті академиктікке өткізу үшін үш рет дауыс беріліпті. Белгілі бір дәрежеде өңдеу мен ұқсатудан өткізілген ашық оппозиция оны президенттікке ұсынуға мәжбүр болыпты.

Мен биолоиялық ғалымдар бөлімінің ғылыми хатшысы қызметін атқара жүріп ғимараттың салтанатына, осыншама «тірідей» академиктерді көргеніме таң-тамаша болудан жалықпадым. Шахмардан Есенұлы, Аймақ Жанғалиұлы, Д.В.Персидский, Борукаев – мұндай алыптарды көру мені шаттыққа да бөледі, қорқыныш сезімін де ұялатты. Тәжірибем аз, көптің бірімін, қолымнан келер ме екен осы қызмет дегендей. Екі жылдан кейін Ж.С.Ержанов мені өзіне орынбасар етіп алды міне, осы кезден бастап менің Шахмардан Есенұлымен кездесулерім жиіледі де оның академиядағы қызметінің соңғы күндеріне дейін жалғасты. Ш.Есенов – ірі денелі, кең адымды, езуіндегі ізгі жымиысымен осынау салтанатты ғимаратқа кіріп келе жатқанында бізді біртүрлі сенімділік пен сабырлылық жайлаушы еді. Мен оның дауысын көтеріп, біздің аппараттағылардың біріне ауыр сөз айтқанын естіген жоқпын. Қазір айнала түгел қаталдық пен менмендік ғылымды да жайлаған шақта бұрынғылар еске түсіп үрейленесің, ыза боласың. Ол кездегі аппаратқа деген құрмет пен ізетті академиядағы соңғы 25 жылда ұмытып та үлгердік. Ш.Есенұлы, әсіресе жоспарлау-қаржы бөлімінің бастығы И.Г.Мульгинмен достық қатынаста болды. «Тлектестердің» сыбырлап, бұлай жасамаңыз дегеніне ол бұл бөлім мені ұятқа қалдырған емес, егер оны-мұны болып қалса түгел қирайды деп жауап беретін.

Ешқандай қақпайлау, артық бақылау, қыжыл-мұның бірі де бізге қатысты орын алған жоқ. Біз де оның кез келген тапсырмасын уақытылы және сапалы атқаруға тырысып бақтық. Бұл жерде де оның табиғи ақылмандығы, кеңінен болжап, бағдарлау қасиеті мен мұндалап тұратын.. Кейінірек КСРО Ғ.А. Президумы жанындағы үйлестіру бойынша кеңестегі біздің кураторлар кейбір басшыларымызға, сіздер ұмытыңыздар, «аппарат – бұл әлеуметтік күш, ол сіздерді аспандатады және өте төмен құлдыратып жіберуі де мүмкін» дегендерін де естідік.

Шахмардан Есенұлын аппараттағылар шын ниеттерімен құрмет тұтты. Біздің кешкі ойын-сауықтарымызға ол жиі келетін, бірде өлең оқып, өзінің қарапайымдылығымен біздерді, әсіресе, әйелдер жағын тәнті еткені бар.

Қоғамдық ұйымдармен жиі ақылдасып, біздің ұсыныстарымыз бен пікірлерімізді сұрап, біліп отыратын.Тұрғын үйге мұқтаждардың барлығына дерлік Төлебаев, Абай, Фурманов – Калинин көшелері қиылысында бой көтерген үйлерден пәтер алып берді. Оның пікірінше қызметкерлеріңнен жұмысқа толық берілуді талап ету үшін, оларға тиісті жағдай жасау керек. Ал, сол кезде жүздеген ғалымдар – докторлар мен академиктер тұрғын үйге мұқтаждар қатарында еді.

Ол жауапкершілікті өз мойнына алып: мен бұл адамдармен жұмыс істеймін, сондықтан оларға қамқор болуым керек деп мәлімдеді. Содан кейін-ақ әңгімелер тоқтатылды, өйткені пәтерді шын мәніндегі мұқтаждар мен еңбегі сіңгендер алған болатын. Оның үстіне Ш.Есенов босатылған пәтерлерді академияның өзінде қалдыру туралы үкіметтің шешімін шығартып алған еді. Сөйтіп, 1970-1973 ж.ж. көптеген адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз етті. Шиеленістерді ол жедел, әділетті шешетін. Мұндай басшы үшін қалайша жанқиярлыққа бармайсың? Біз оны шеф, босс деп емес игі ниеттен «Шах» деп атаушы едік.

Оның шешім қабылдаудағы батылдығы, қуаттылығы көбімізді таң қалдыратын. Ол бүкіл академиялық институттарды аралап, олардың істерімен және материалдық базасымен танысып отыратын. Содан кейін-ақ жас академик-президент бар-жоғы 40 жасында бірқатар институттардың тіс қаққан, өзінен 1,5 есе үлкен басшыларын орнынан алып, директорлыққа жас, перспективалы ғалымдарды ұсынып жүрді. Өмірдің өзі көрсеткеніндей Президенттің шешімдері қателіктер мен кездейсоқтықтардан ада болатын. Бірақ өкпелеушілер мен ұнатпаушылар қатары да жиілей түсті. Ол министрлікте ұстанған басшылық рухты бойкүйез – бірқалыпты, дәстүрлі-консервативті академияға алып келген еді.

Ол жігерлі, күшті адам еді. Сонымен бірге қызу қанды, сенгіш те болатын. Есімде Сәтбаевтың үлкен қабылдау бөлмесін екіге бөлу ісі қолға алынды. Мұнда академияның бас архитекторы, академик Щусевтің «кең холлдар мен үлкен қабылдау бөлмелері туралы» идеясы бұзылды. Жалпыакадемиялық істермен шұғылданып, академияның мәселелерін үкіметте, Мәскеуде алға жетелеп жүрген Шахмардан Есенұлы қаржылық мәселелерді шешу істерін бірінші вице-президент Д.В.Сокольскийге тапсырған. Барлығы да мұны дұрыс деп есептеген.

Дегенмен сөзтасығыштар анау олай емес, мынау былай емес дегенді құтыртып, ақыры принципшіл шамшыл Д.В. Сокольский екеуінің арасы суып, жанжалға дейін барысып жүрді. Қабылдау бөлмесіне екі кірер есік болғанымен Қ.Сәтбаев президент кезінде өзінің қабылдау бөлмесін Президиумның отырыс залына айналдырып кіретін есікті жаптырып тастаған болатын. Сондықтан Ш.Есенов кабинетіне бүкіл қабылдау бөлмесін кесіп өтіп, Сокольскийді де бізді де күнде көріп өтетін.

Күндердің күнінде Шах іс жүргізушіні шақырып алып қабылдау бөлмесін екіге бөліп қарсыдағы есікті ашуға нұсқау береді. Бізге ыңғайсыз болды, енді оның кабинетіне бару үшін біз айналып жүретін болдық. Бірақ бұл Шахтың талабы еді, ал, оның талабы қалтқысыз орындалатын. Біздің Шахмардан Есенұлы қаншалықты қиын болса да Димитрий Владимировичпен соңғы күндерге дейін ештеңе болмағандай бірге қызмет атқарды.

Ғылым академиясына Шахмардан Есенұлы басшылық жасаған кезінде өзінің масштабы бойынша бірегей, қоғамдық маңыздылығы өте зор шаралар жиі өткізілетін. 1971 жылдың маусым айында құрылғанына 25 жыл толуына арналған ҚазССР ҒА. жалпы жиналысының мерейтойлық сесеиясы өтті. Сессмияға Политбюро мүшесі, Қазақстан К.П. О.К. бірінші хатшысы Д.А.Қонаев, КСРО ғылым Академиясының президенті М.В.Келдыш, одақтық академиялардың баршасынан делегаттар қатысты. Айта кету керек, сол уақыттарда академия сессияларына Д.А.Қонаевтың өзі немесе Орталық комитеттің 2-ші хатшысы, идеология бойынша хатшысы міндетті түрде қатысатын.

СОКП ОК мен КСРО министрлер кеңесінің 24 қыркүйек 1968 жылғы Қаулысына және «Ғылыми ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыру және ғылым мен техника жетістіктерін халық шаруашылығында пайдалануды жеделдету бойынша шаралар туралы» қазақстандық қаулыға сәйкес 1972 жылы саны мен қатысушылардың деңгейі бойынша теңдесі жоқ сессия өз жұмысын бастады.

Мұндай аса үлкен сессияны ұйымдастыру, Шахмардан Есенұлының қолынан ғана келер еді. Сессияд КСРО және Қазақ ССР геология және түсті металдар министрлерінің басқа да министрліктердің, Қазақ ССР-ы Жоспарлау комитеті төрағасының баяндамалары ғылымның салалары бойынша өзекті міндеттерді анықталды. Ал, президенттің баяндамасында өнеркәсіп үшін құнды зерттеулер нәтижесі көрсетілді. Баспадан шыққан конференция материалдары мүдделі құрылымдар үшін нақты бағдарлама рөлін атқарды және сол материалдар өзінің маңыздылығын күні бүгінге дейін жойған жоқ.

Жастарды қолдауда, ғылым Академиясының жас ғалымдар кеңесін ұйымдастыруда Шахмардан Есенұлы баға жетпес рөл атқарды. Он жас ғалымдардың бірінші съезін өткізіп, жастардың дербес ғылыми жұмыстарының нәтижелерін жариялауға жәрдемін аяған жоқ. Кездесулер мен конференциялар жоспарланып, үнемі өткізіліп тұрды. Бұл проблема тек М.А.Айтқожиннің тұсында ғана қайта жанданды. М.А.Айтқожин да, Ш.Есенов тәрізді жастарға сенім білдірді, оларды қолдады, тиісті жағдайлар жасады.

1973 жылы әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойына арналған Азия және Африка елдері жазушыларының халықаралық конференциясын даярлау және өткізу бойынша академияда ғұламаның мұрасын кеңінен зерттеу қолға алынды. Кітаптар сериясы шығарылып, «Фарабитану» бөлімі ашылды. Мұның өзі сенімділік пен азаматтықтың, ғалымдық пен қайраткерліктің сыналар тұсы еді. Шахмардан Есенұлы барлығын да түбегейлі, кеңінен және сенімді түрде атқарып шықты. Жоспарланған шаралардың қалтқысыз жүзеге асуы оның жаулары мен оппоненттерінің, қызғаншақтар мен көреалмаушылардың үнін өшірді. Бұл кезде батыл, өзіне сенімді, жасампаз-революционер Ш.Есеновтің басына қара бұлттар үйіріле бастаған болатын. Ол қолға алған ісін, егер оның пайдалылығына көзін жеткізіп қарсыластарының рекациясын елеместен батыл бастап кететін. Менің ойымша, осы жылы (1973 ж) Шахмардан Есенұлы өзіне сеніп тапсырылған жұмыстан, академиядан басқа оған тартымды болар ешнәрсе жоқ екендігін дәлелдегісі келгендей орасан еңбек етті. Есеп беру сессиясы, бірқатар аса ірі конференциялар, соның ішінде керемет табыспен өткен әл-Фараби конференциясының үш қалада – Мәскеуде, Алматыда, Бағдатта жұмыс істегеннің өзі неге тұрады.

1973 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі алғаш рет «Табиғатты қорғау туралы» Заң қабылдады. Осыған орай Мәскеуде ВАСХНИЛ-дің қатысуымен КСРО ғылым Академиясының кеңейтілген сессиясы шақырылды. Осы тектес шара ұйымдастыру ойластырылып тәжірибе жинақтау мақсатымен Қазақ ССР-ы Ғ.А. академигі И.Г.Галузоны Мәскеуге аттандырды. Ш.Есеновтің өзі бара алмайтын еді, өйткені ол күнбе-күн Орталық Комитетке, «кілем үстіне» шақыртылып жатқан кез еді бұл. Оған жан шыдатпастай қысым көрсетіле бастады. ЦК-дан Академияға қайтып келгендегі көңіл күйіне қарап біз кездесу қалай аяқталғанын болжайтынбыз. Ол үшін біздің жанымыз ауырды, жанкүйерлері болдық, бірақ дәлме-дәл не болып жатқанын білмедік. Ш.Есенов президенттікке келесі 5 жылдыққа осыдан 2 жыл бұрын сайланғанын медет тұтсақ та, қайдаға бір жағымсыз мәселелердің қордалана түскенін сезіп жүрдік. Тағы да ұлы Сәтбаевпен ұқсастық, ол да екінші мерзімге қайта сайланғанына екі ай өтпестен Қазақстан КП Орталық Комитеті бюросының шешімімен орнынан алынған болатын. КСРО-да алғаш рет қабылданған «Табиғатты қорғау туралы» заңды жүзеге асыру бойынша кезекті сессияға дайындықты Шахмардан Есенұлы жүйкесі тоза жүріп жүргізді. Оның вице-президенттермен (Д.В.Сокольский, А.М.Қонаев, А.Н.Нүсіпбеков) қарым-қатынастарына жік түскен, одан да сорақысы болмасын деп біз жүрміз үрейде. Олар, әсіресе, бірінші екеуі сыртқа сөз тасыса, соңғысы, айта кетейін Шахмардан Есенұлының ұсынысымен Президиумының бас ғылыми хатшысы қызметіне тағайындалған, өзінің тікелей бастығының сөзін елеуді де, айтқанын істеуді де қойған. Президент тек қана бізге сенді. Бас ғылыми-хатшының үш орынбасары біздерді шақырып алып өзінің идеялары мен жоспарларымен бөлісіп, ұсыныстар жасауымызды сұрайтын. Осындай достық, теңқұқық жағдайда біз кезекті шараларды белгілеп, соларды жүзеге асыруға белсенді кірісіп кететінбіз. Қиыны сол, біз орынбасарлары болып есептелетін кісі мұндай басқосуларға келмейтін, не болып жатқанын білмейтін. Біздің жағдай балға мен темір төстің арасында қалғандай еді. Егер, Олег Иванович Алексеев пен Арысбай Қуанышұлы Қуанышевқа жастарына, ер-азаматтығына қарай тоқпақ азырақ тисе, маған ішіндегі ең жасына әрі әйел баласына үш адам үшін таяқ жеуге тура келді.

Енді міне табиғатты қорғау бойынша сессияны даярлау істері И.Г.Галузо мен маған тапсырылды.

Біз Мәскеуде, Жалпыодақтық сессияда болғанбыз, түйгеніміз бар барлық ұсыныстар мен тілектерді алдына әкеліп қойдық.

Бірақ, жоғарыдағылар бұл сессияны өткізуге рұқсат бермеді, байқауымызша олар Ш.Есеновтің шешендігін, іскерлігін, болмысының ұлылығы мен абройының асқақтығын тағы бір рет көргісі келмеген сыңайлы. Сондықтан біз бұл сессиясына синусында бойынша – бірде жоғары, бірде төмендегендей дайындадық. Дәл осы кезде мені кезекті рет Жақан Сүлейменұлы шақыртып алды. Ол жалпы зиялы, сабырлы кісі-тін, ал енді өзіне жараспайтын сарында егер мен сессияны дайындаумен одан әрі шұғылданатын болсам орнымды босататынымды, мен президенттің емес, оның орынбасары екендігімді қатал ескертті. Мен оған қарсылық білдірдім, содан екеуміздің қарым-қатынасымыз біржолата бүлінді. Оны Президиумның жұмысы ешқашан қызықтырмайтын ол үлкен ғылым, бірақ әлсіз ұйымдастырушы еді, сондықтан бейбіт қатар өмір сүрдік. Ал, енді оның сондағы айтқаны, озбыр - қаталдығы күні бүгінге дейін есімде. Әрине, бұл маған емес, президентке қарата айтылған еді, оның қолынан келгені орынбасарларына президентке көмектесуді тыю болатын. Бірақ бұған да оның қуаты жетпеді. Сессия, қарсылықтар мен тыиымдарға қарамастан, өз уақытында жұмыс істеді.

Тура екі ай өткенде Шахмардан Есенұлы қызметтен босатылды. Одан бері 33 жыл өтсе де (сәуір, 1974 ж) әділеттілікке, объективтілікке сенуден қалғандай күй кешіп есімнен тана жаздағаным есімде мәңгі қалды.

Біз Шахмардан Есенұлының кезекті рет ОК-е кеткенін білдік те, хабар күттік. Біздерді, бөлім басшылары, парторг, кәсіподақ лидері т.б., Есеновтің кабинетіне шақыртты. Біз толқу үстінде, аздаған болса да үмітпен ішке ендік. Сөздің тікелей де жанама да мәнінде ірі, сымбатты, сұлу адам бізге қызметтен кетуге мәжбүрлігін жеткізді. Республика басшылығы ол бүгін геологиялық қызметте пайдалырақ деп шешіпті.

Оған жұмыс бойынша да, басқа мәселелер бойынша да ешқандай ескертулер болған жоқ. Ол өтініш жазуға әрине келіскен, сондықтан өзіне жақын адамдарды шақырып соны айту, және ең бастысы көмекшілік үшін, ықыласты жұмыс үшін, қолдау мен түсіністік үшін ризашылығын білдіруді жөн санаған. Кабинетті үнсіздік жайлады, осылай боларын сезсек те бұл хабар төбеден мұздай су құйып жібергендей әсер етті, екінші жағынан президенттікке кімнің келерін біліп алып келген адамдар тағы да әлдеқандай болар дегендей сезімдерін жасырды.

Ал мен болсам толықсып келген сезімдерімді ұстай да алмадым, ұстағым да келген жоқ. Қапаланғаным соншалық ашықтан-ашық жыладым. Шахмардан Есенұлы мұны көріп, бірге атқарған жұмыстарымыз туралы айтты. Тіпті жылы да, жағымды сөздерін де аяған жоқ. «Сақ адамдар» кейінірек маған сен не «ессіз» немесе «ер» әйелсің дегенді айтып жүрді. Ондағылары отырғандардың бірі болмаса бірі жаңа бастыққа сенің Есеновке деген сезімдеріңді жеткізер дегендері болса керек. Бірақ мұндай сөздердің маған әсері болған жоқ, құдайға шүкір, бүкіл өмірім өзімнің табиғи күйімде жалғасуда. Мен нақты президентке емес, ұлы мәртебелі Академияға қызмет еттім деп әрқашан-ақ айтып жүремін. Егер бұл екі объекті ұқсас болса онда жылы сезім немесе теріс пікір білдіруден мені ешкім тоқтата алмас еді.

Қазір академияның архивінде отырып президенттер сайлауы өткен сессиялар материалдарынан, ендігі алыс сол күндерден келесі құрғақ деректерді жазып алдым.

15 сәуір 1974 жыл. Қатысқандар: төраға Б.Әжімов, О.К.-тің 2-хатшысы В.К.Месяц, О.К. хатшысы С.Н.Имашев, ОК мен Министрлер кеңесінің ғылым және ЖОО бөлімдерінің меңгерушілер: Т.К.Қатаев, И.В.Шунаев. Мерзімі бойынша бұл 1973 жылдың есеп беру сессиясы болатын. Төраға Сокольский, есептік баяндаманы бас ғылыми хатшы Ж.С.Ержанов жасаған. Сессия бағдарламасында ұйымдастыру мәселесі жоқ, бірақ, сессияның не үшін шақырлағанын барлығы да біледі. Есептік баяндама бойынша қаулы қабылдаған соң Сокольский Шахмардан Есенұлының өтінішін оқыды. Сессия жарғыны бұзып, осындай оқиға Сәтбаевпен де болған, ашық дауыспен Есеновті босатуды қолдайды. Алғыс туралы бірде бір сөз жоқ. В.Н.Месяц президенттіке вице-президент А.М.Қонаевты ұсынады.

Оның «белсенді де жемісті ғылыми-ұйымдастырушылық және қоғамдық қызметі» атап өтіледі. В.К.Месяц: А.М.Қонаевтың кандидатурасын СОКП ОК, КСРО ҒА Президиумы, Қазақстан КП ОК қолдағанын айтады. Кандидатураны Соколський, Марғұлан, Рафиков, Горяев, Кеңесбаев қолдап сөз сөйледі. Есептеу комиссиясын Горяев басқаруда.

Дауыс бергендер саны 42, жақтағандар 41 қарсы 1, Ш.Е.Есенов өтінішінің мәтіні: Қазақ ССР-ы Геология министрі болып тағайындалуыма байланысты мені Қазақ ССР-ы Ғ.А. президенті қызметінен босатуды сұраймын. Қазақ ССР-ы Ғ.А. Президиумының мүшелеріне зор қолдауы үшін және біздің бірлескен жұмысымызға қосқан үлесі үшін алғыс айтамын. Академик Есенов».

ОК бюросы мен үкіметке алғысы жоқ, ал, ол кезде бұл міндетті болатын. Мұның өзі оның рухының қуаттылығын және батылдығын көрсетсе керек. Менің ойымша әдейілеп тұрып тек қана Президиум мүшелеріне алғысын айтқан. Тағы бірін, енді ғылымның бірегей үшінші ұйымдастырушысын орнынан ала салды. Бұл ресми нұсқа. Ал шын мәнінде Сәтбаевты саяси себептермен, Шокинді – «Ғылым Академиясын басқаруда приезидент тарапынан жіберілген едәуір қателіктер үшін». Ғылым мәселелерін Ш.Шөкин жеке өзі, қалай болса солай шешкен және т.б. Бұл ғалымдардың наразылығын тудырған. ОК Бюросы оны босату жөнінде ұсыныс енгізген. (Ш.Шөкиннің өзінің айтуынша талап етілгенмен ол өтініш жазбаған).

Ал, енді бұл ситуацияны өзінің «Өтті дәурен осылай кітабында Д.А.Қонаев былайша сипаттайды:

...Артынша президенттікке Шахмардан Есенов сайланды. Рас, оған ол оңайлыққа түскен жоқ... Ол республика геология министрі қызметін атқарды, министрлер кеңесі төрағасының орынбасарлығына дейін өсті. Лениндік сыйлықтың лауреаты. Қазақ ССР геология министрі боп тағайындалуына байланысты жеті жылдан соң ғалымдар оны президенттіктен босатты. Кейін ол педагогикалық қызметке ауысты. Міне, ендігі жол кімдікі деген сауал әрбір ғалымға ой салғандай. Он адамнан, қазақтың көрнекті ғалымдарынан, Орталық комитетке ұсыныс түсіпті. Онда менің туған інім – техника ғылымдарның докторы, профессор Қазақ ССР-ы Ғ.А. академигі Л.М.Қонаевты президенттікке ұсынды. Оның кандидатурасын СОКП Орталық комитетінің ғылым бөлімі мен КСРО Ғылым академиясының президиумы қолдап шықты. Соған қарамастан мен шу дегеннен үзілді-кесілді бас тарттым...

Мен бұл үзіндіні академия мүшелері ішінен шыққан «барғыштардың, жазғыштардың, кеңесшілердің» Ш.Е.Есенов тағдырындағы атқарған рөлдерін көрсету үшін келтіріп отырмын.

Ғылымның абыройлы басшыларына қатысты кейбір ғалымдардың осындай іс-әрекеттері академияның беделін төмендетуге, басшылық құрамын әлсіретуге әкелді және ең соңында академияны қайғылы халге душар етті, оған күні бүгін бәріміз де куәміз. Бірақ, қалай айтсаңыз да ең сорақысы – бар күш-жігерін тапсырылған істі атқаруға жұмсаудан жалықпаған адамға жазықсыз берілген соққы еді бұл.

Ғылым академиясының 60 жылдық тарихын сараптай келе мен бір-ақ нәрсені сенімді түрде айта аламын: ғылымда тұлға, лидер –бұл негізгі субъекті, сондықтан оның лидерін таңдау мен тағайындауға партия қызметкерлерінің араласуы ғылымның дамуына теріс әсер етеді, сондықтан да президенттердің бірін екіншісіне ауыстырған сайын академияның беделі төмендей берді, құлдырады.

Ата тарих кімді болса да өз орнына қояды, сондықтан естелік кітаптар шығару дәстүрі қолдауға тұрарлық шара деп санаймын.

Шахмардан Есенұлы Есенов сияқты тау тұлғалардың шынайы бейнесі осындай кітаптарда қалпына келтіріледі, әлі талай....

Осынау бірегей тұлға тағдырының бірқатар тұстары өзінің ұстазы және қолдаушы Қаныш Сәтбаевтың тағдырын қайталады. Несі бар Есенов туралы естелігімді өзімнің «Тағзым» айдарлы өлеңімнің бір шумағымен аяқтағым келеді.

Түгел тұрып бас иеміз баршамыз

Өткен буын, келер ұрпақ алдында,

Академия жоқ, егер іздеп барсаныз

Ерен еңбек күлге айналып қалды да...

Ғафу етіңіздер, Ш.Есенов сияқты жарқын тұлғамен бірге атқарған қызмет бізді де өсірді-атағымыз жоғарылады, абыройымыз асты, жауапкершілігіміз нығайды».

***


Шахмардан Есенұлы қызметтен босатылды.Орнына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың інісі Асқар Милахметұлы Қонаев сайланды. Жағымпаздар жақтағанмен, шыны керек мұны зерделі, республика ғылым өссін дегенниетте жүрген адам құптай қойған жоқ. Амал қанша, «мықтының құйрығы дирмен тартады» деген болды. Есенов академияға президент болып келгенде ғылым кандидаты ған баолатын. Одан қолдап-қолпаштаудың арқасында доктор, одан кейін корреспенденм-мүше, вице-президент дәрежесіне дейін аз жылда көтерілді. Оған президенттің көмегі болмады дейін десек, оған ешкім сенейін деп отырған жоқ. Жарайды, болсын, егер ылайықты болса. Өкінішке орай жаңадан ашылған институтардың біразы жабылып, жас ғалымдар қоғамы ісін тоқтатып, «әл-Фарабитану» бөлімі жабылып, біраз ғалымдар жұмыстан қуылды. Өмірде дарындылардан гөрі дарынсыздар көп. «Көп қорқытады, терең батырады». Олар аяққа оратылып, шылбырға жармасып, ақыры аттан түсіреді. Оның соңы «керуен кері айналғанда ақсақ түйе алға шығады» болады да қояды.

Осыдан кейін біз жастарымызды, жалпы адамзатты әділдікке, шындыққа тәрбиелейміз дегеніміз құр әурешілік пе деп қаласың. «Молданың істегенін істеме, айтқанын істе» дегенге осыдан кейін тәрбиеленушілер қалай сенеді? Әлгі, жоғарыдағы ғалымның: «... әділеттілікке, объективтілікке сенуден қалғандай күй кешіп, есімнен тана жаздағаным есімде мәңгі қалды» деп, ашына айтып отырған адам, бұдан былай әділдікке, шындыққа сенеді деу қиындау-ау.

Айтылған ащы шындыққа, тіптен талай жылдар өтіп, басқа қоғам орнап, жаңа ұрпақ келсе де, әділетсіздікті аямай жасаған адамдардың сүйегі әлдеқашан-ақ қурап кетсе де өз кеудеңде атойлап бір өшпенділік бас көтереді екен. Бар күш-жігерін, ақыл-парасатын тапсырылған істі атқаруға жұмсаудан жалықпаған және сол арқылы республиканың абыройын көтерген адамға жазықсыз берілген соққыны көру емес, естудің өзі ауыр. Жек көресің, жиіркенесің. Қандай біздер аңқаумыз, аңғалмыз, сенгішпіз. Қазір ғой сол әділетсіздіктерін, қазақ халқының мақтанышы болған: Сәтбаев, Бөкетов, Есенов... азматтарымызға жасаған олардың қиянатын ұмытып «кемеңгер», «көсем» жасап жатырмыз. Бүгінгі біздің сорақы тірлігіміздің бірі осы.

Бәрі бір, ......Ниретина айтқандай: «Шахмардан Есенұлы Есенов сияқты тау тұлғалардың шынайы бейнесі осындай кітаптарда қалпына келтіріледі, әлі талай...».

Содан, 1974 жылдың басында Ш.Есенов Геология министрі болып екінші рет бұрынғы қызметіне оралды.

***



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет