Алдынғы қарындар гипотониясы мен атониясы. Мес қарын жиырылуының және алдынғы қарындар күшінің төмендеуі – гипотония және жиырылуының толық жойылуы – атония көбінесе мал қорада ұстаған ірі қара малда, ал ұсақ малдарда аз кездеседі.
Ағымына қарай біріншілік, екіншілік, жіті және созылмалы болып бөлінеді. Аурудың себептері: азық дұрыс берілмеуі, азық құрамы бұзылуы, көп мөлшерде сабан беру, концентраттарды көп мөлшерде берген кезде, су аз бергенде, малдың ұстау, бағу ережесі бұзылса, дұрыс моцион жасамау, ұзақ мерзімге тасымалдаған кезде қараңғы жерде ұстау т.б. қолайсыз жағдайлар. Екіншілік алдынғы қарындардың гипотониясы мен атониясы әр түрлі ішкі хирургиялық, гинекологиялық, инфекциялық және инвазиялық аурулардың патологиялық рефлексінен болады.
Алдынғы қарындар атониясының созылмалы түрі көбінесе травматикалық ретикулит, перитонит, гепатит әсерінен болады.
Аурудың біріншілік жіті түрінде дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетсе, аурудың себебін анықтаса, 3-5 күн ішінде сауығып кетеді. Аурудың екіншілік созылмалы түрі кезінде мес қарынның гипотониясы және атониясы аурудың негізгі патогенезіне байланысты.
Аурудың себебін анықтау үшін 1 тәулік ішінде малға азық бермей, суды шектемеу керек, аурудың екінші күнінен бастап диеталық азықтандыруға көшу керек – ол үшін жақсы сапалы шөп беріп, жаз уақытында жасыл шөп, жемді мөлшерлеп беріп, біртіндеп қосқан жөн.
Нашар азық жеген кезде болған ауру кезінде мес қарынды ірі калибрлі зондпен 1% натрий сульфаты және натрий гидрокарбонат, калий перманганаты ерітіндісімен 1:10000 концентрацияда жуу арқылы тазалайды, сонымен қатар сол жақ аш бүйірге массаж жасау арқылы немесе жұмсарту үшін ішке натрий сульфатын ірі қара малға 400-800,0, ұсақ малға 50-100,0 енгізеді, сонымен қатар майсана майын, өсімдік майын, дезинфекциялаушы заттар – ихтиол, фармалин, лизол енгізеді. Интоксикация байқалған кезде ішке 20% глюкоза ерітіндісін 250-300 мл мөлшерде, 10% натрий хлорид ерітіндісін 200-300 мл 2-3 тамшы кофеин қосып енгізеді.
Алдынғы қарындардың моторлық қызметін жақсарту үшін 20-30 минут бойы күніне 2-3 рет, мес қарынға 10-15 минут бойы 3-4 рет массаж жасап тұру керек және ультракүлгін сәулемен жарықтандырып, мес қарын маңайын соллюкс лампасымен қыздыру керек: ішке қолдану үшін ірі қара малға 10-15 мл, қой мен ешкіге 1-4 мл ақ (чемерица) дәрішөп тұндырмасын енгізу және ірі қара малға 20 мл, қой мен ешкіге 5-10мл жусан және қыша түбір қайнатпасын беру керек.
Достарыңызбен бөлісу: |