Шерхан Мұртаза Қызыл жебе екінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет44/64
Дата13.12.2021
өлшемі1,48 Mb.
#125910
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   64
Байланысты:
Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер
4кл Презентациядағы анимация, 4кл Презентациядағы анимация, 00178533-2638c567, 2-sabak-57867617be58f (1), 2-sabak-57867617be58f (1), Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер, Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер

главарьді қалың базарда дарға асамыз. Ешқандай әскери трибунал 
жоқ.  Трибунал  –  мына  мен!  Алдымен  одан  біршама  деректер 
аламыз.  Одан  соң...
* * *


Қырғын шалған қыркүйек таңы ызғарлы еді. Тау баурайының 
түні шілдеде де, тамызда да салқын болады. Ала-көбең, құланиек 
шағында  кешегі  майдан  даласын  мұнар  басып,  қуарған  жүзін 
мұң  кіреукелеп,  жаралы  алып  ыңырсып  жатқандай  көрінеді. 
Алатаудың асқарынан не пайда, бауырындағы қанды оқиғаның 
қаңқиған  тілсіз  куәсі  болып,  тырс  етпейді.  Қазан  ұрмай,  қар 
жаумай, жапырағы ерте сарғайған тал-дарақ өрт шалғандай сидаң. 
Бұл  өңірдегі  биылғы  қуаңшылық  –  жау  жағадан  алғанда,  бөрі 
етектен  тартқандай,  еңсені  езіп  барады.  Қуаң-құрғақшылықта 
тас  шегіртке  көп  шырылдайды.  Құдайдың  тірі  жәндігі  –  ол 
да  ашығатын  шығар.  Қарғалардың  қанаты  сирек,  кешелер 
жаңбырша  жауған  оқ  бейнебір  олардың  да  қауырсындарын 
жұлып-жұлып  әкеткендей,  селдір-селкеу.  Бірақ  енді  қарғалар 
тойынатын  шығар...
Қырғын шалған қыркүйектің таңында Теляшкин тұтқындарды 
Мерке  сыртына  алып  шықты.  Сонан  соң  оларды  екіге  бөліп, 
бір  тобын  Меркенің  батысына,  бір  тобын  шығысына  айдатты. 
Атты әскерлер, урядниктер тұтқындарды сарт-сұрт сабалап, екі 
жарылып жүріп те кетті.
Бір  сұмдықтың  болатынын  сезген  көтерілісшілер  екі  ұдай 
бөлінуге ықтиярлы болмай, қайтадан бір-біріне қосылмақ болып 
анталап көріп еді, тарс-тұрс мылтық атылды да, табан астында 
екі жақтан да бірнеше адам оққа ұшып құлап түсті.
* * *
Ротмистр  Приходько  Меркенің  шығыс  жағына  шығуға 
ұйғарды. Оған бәрібір еді. Екі жақта да «тамаша» бірдей болды. 
Әйтеуір  шығысқа  басы  ауды.
Ол аз солдаттардың ортасында қалың топтан кейінірек келе 
жатты.  Міне,  бірінші  құлаған  баған.  Алдағы  қалың  топ  бұл 
бірінші  бағанның  жанына  томпайтып  қана  бір  адамды  тастап 
кетіпті.  Құлатылған  қу  қарағай  өзінің  құны  бір  азамат  екенін 
сезер  емес.  Қуанышы  да  жоқ,  реніші  де  жоқ.
Ротмистрдің астындағы ат құлағы кенет тікшиіп, көзі оқшаң 
ете қалды да, қорс етіп, жалт берді. Ротмистр өзіне оқ тигендей 
ұшып түсті. Жанындағы солдаттар үркек атты қарыс ұзатпай ұстап 


алып, көк мәуіті мундирін топырақ тұтқан офицерді қолтықтап, 
үсті-басын қағып, қолпаштап, қайтадан ерге қондырды.
Елді  үркіту  үшін  жасалған  өлімнен  әуелі  ротмистрдің 
астындағы ат шошып еді. Офицердің үсті-басын қанша қаққыласа 
да,  мундирдің  бір  жауырыны  қара  дақтанып  қалды.
Ат  үркіткен  өлік  беті  аспанға  қарап,  көзі  міз  бақпай  ашық 
жатыр  екен.  Аспаннан  әлдене  іздегендей  кірпік  қақпай  қалған. 
Екі қолы екі жаққа жайылып кетіпті. Шамасы келсе, сол екі қолды 
аспанға, көк тәңірге қарай созғысы келетін сияқты. Айта алмай 
қалған әлдеқандай арызы бар, аузы да әнтек ашық қалыпты. Ол 
сірә,  айқайлап  та  жатқан  шығар,  бірақ  тірілер  оның  дауысын 
естімейтін болар. Аяқтары шұлғаушаң жатыр. Соған қарағанда 
етігі жарамды болар. Атқандар оның етігін шешіп әкетіпті. Кенет 
өліктің  мұрты  жыбырлағандай  көрінді  ротмистрге.  «Мынаны 
шала  өлтіріп  кеткен  той»,  –  деп  қалған  офицер  жанындағы 
солдатқа:
– Бар, байқашы, өлген бе, тірі ме? – деді.
Солдат  аттан  түсіп,  жанына  бір-бір  басып  абайлап  барды. 
Жатқан  адам  ұшып  тұрып  өзімен  алыса  кететіндей  сескенеді. 
Ары-бері  жұлмалап,  аударып  көріп:
– Мәртебелі мырза! Қатесі жоқ, мүлт кетірмеген. Дәл жүректен 
тиген екен, – деді.
Өлік  енді  бір  қырындап,  бір  қолы  астына  қайырылып,  бір 
қолымен жерді құшақтап жатты. Тірілер оның аспанға айтатын 
арызын да аяқтатпай, жүзін төмен қаратып тастады. Енді таңғы 
самал оның мұртын сипалай алмас. Осыдан бұл бейшара көмілусіз 
көп күн жатады. Үлпілдек мұрты жидіп түскенше жатады. Елді 
үркіту, үрейлендіру үшін жатады.
Келесі  бағанға  жете  бергенде,  аузы  күйген  үрлеп  ішеді, 
ротмистр аттың тізгінін қысқарта ұстап, ер үстінде сақ отырды. 
Баған  түбінде  етпетінен  жатқан  адамды  көргенде  ротмистрдің 
аты тағы да оқшаң ете қалды. Бірақ солдаттар үркуге шамасын 
келтірмей  жан-жақтан  тізгін  тұтысты.
Бұл етпетінен түскенің де мына жарық дүниеде бітіре алмай 
кеткен  бір  тығыз  шаруасы  бардай,  бір  діттеген  жеріне  қалай 
да  жетуге  талпынғандай,  екі  қолымен  топырақ  тырмалап, 


жер  бауырлап  жылжуға  жанталасып  жатқан  сияқты.  Әйтеуір, 
тырнағы  ілінсе,  жауын  жамбасына  ала  жығылғысы  келгендей 
ұлы  арманның  айтылмаған  азынауық  сарыны  бар.
Үшінші  бағананың  жанындағы  көрініс  бұрынғы  екеуінен 
өзгешелеу  екен.  Алдыңғы  атылған  екеуді  көріп,  үшінші 
құрбандық тірілей қарсылық көрсеткен сиқы бар. Өйткені мұның 
басы денесінен бөлек жатыр екен. Талша мойнынан қылышпен 
шауып түсіріпті. Киімінің бой-бой болып жыртылып жатқанына 
қарағанда көп алысқан. Қылыш солдаттарда бола бермейді, оны 
салақтатып  асынып  жүретін  Теляшкиннің  өзі  ғана.  Бұл  сірә, 
соның қолтаңбасы. Денесінен бөлінген бас әрірек домалап барып, 
бетімен өз денесіне қарап түсіпті. Өз денесіне өзі ызаланғандай, 
жағаласқанда  жауға  әлі  жетпегенін  сөгіп  тұрғандай,  бассыз 
жатқан тұлғаға қарап, тістеніп қатып қалыпты. Дене мен бастың 
арасын  қайта  жалғастырғысы  келгендей  екі  ортаға  қарауытып 
қан  ағыпты.  Алты  ай  жазға  ындыны  құрып  жатқан  топырақ 
ашқарақтық жасап, жылы қанды лезде жұтып жіберіп, көберсіп 
те  үлгеріпті.
Ротмистр тістенген басқа көп қарап тұруға дәті шыдамай, атты 
тебініп кеп қалды. Ендігі жолда ол баған бас сайын тоқтағанды 
қойып,  шоқытып  ала  жөнелді.  Бағандар  жаққа  қарамауға 
тырысты.  Келесі  бөрененің  тұсынан  өтіп  бара  жатқанын  ол 
астындағы аттың құлағы тікірейе қалғанын сезіп, асау ақалтекеге 
«но-но!» деп сабыр айтып келеді. Офицердің тілін ала бермейтін 
үркек айуан кезекті бағанның тұсына жете бергенде оқыс жалт 
берді де, қанша сақ отырса да Приходько ұшып түсе жаздады. 
Жанындағы бір солдат оған ат ауыстырып мінейік деп ұсыныс 
айтты. Айбындырақ көріну үшін ақалтеке лайық еді, бірақ ұдайы 
қашан  тастап  кетеді  деп  қорқып  отырғаннан  гөрі,  қарабайыр 
болса да, солдаттың атына ауысып мінуді жөн көрді.
Теляшкин тобы ошарылып қалған екен.
– Не тұрыс? – деді мәстек аттан аяғы салаңдаған ротмистр.
Теляшкин ротмистрдің есек мінгендей сықпытын ерсі көрсе 
де, сыр білдірмей:


– Мәртебелі мырза, құлаған бағандар таусылды. Бұл топтағы 
жетпіс  бес  тұтқынның  бесеуіне  баған  жетпей  қалды.  Не  істеу 
керек? – деді.
– Теляшкин! Соны да менен сұрау керек пе? – деп ротмистр 
Приходько реніш кейіп танытты. – Не көп – баған көп. Осыдан 
Пішпекке  дейін,  Пішпектен  Верныйға  дейін  тізілген  баған. 
Киргиздарды  түгел  қырсаң  да  баған  табылады.  Бесеуі  қалса, 
бесеуін  де  салбыратып  іл  де  қой!  Соны  да  сөз  деп...
Әңгіме осымен тәмәм дегендей ротмистр назары басқа жаққа, 
сонадайдан көрінген күмбез жаққа ауды.
– Анау не? – деп сұрады ол жанындағылардан.
–  Ол  Сыпатай  дегеннің  мавзолейі,  мәртебелі  мырза.  Мерке, 
Ботбай  киргиздардың  сондай  көсемі  болған  екен.
– Қалай? Қалай? Спат... Спатаймен... Спартак...
– Сыпатай, мәртебелі мырза, – Теляшкин ротмистр мас емес 
пе деп бұрынғыдан бетер күдіктене түсті.
– А-а, Спатай, Спатай... Оны мен қайдан есіттім? Ах, шайтан 
алсын! Кеше де, алдыңғы күні де мына жабайы киргиздар бізге 
ұдайы «Спатай! Спатай!» – деп ұрандап, тиіскен жоқ па? Әне, 
мәселе қайда жатыр! Киргиздарды қырамыз, ал ұраны қала береді. 
Ертең  тағы  шығады  ғой:  «Спатай!  Спатай!»  –  деп  шиебөріше 
шуылдап. Айда, солдаттар! Ер соңымнан! – деп ротмистр мәстек 
атты бүйірінен торс-торс тебініп қалды.
Ұлы жолдың бойында тұрған күмбез жанына келгенде едәуір 
биік екен. Төрт құлақ күмбез аса сәулетті де емес, бірақ күйген 
қыштан  соққан  мазар  ашық  аспан  астында  тұрғанына  жарты 
ғасыр өтсе де әлі жап-жаңа сияқты. Жан-жағына отырғызылған 
тырбық қара ағаштардың бұталарында әлеміш: ақ шүберек, көк 
шүберек, қызыл, жасыл, сары шүберек – жер дүние халықтарының 
желбіреген туларындай тербеліп тұр. Жол жаққа қараған жалғыз 
есіктің ар жағы қап-қараңғы.
Ротмистр  Приходько  Мысырдағы  Сфинкстің  алдына  келіп 
тұрған Осман сұлтаны яки Наполеон сияқты. Өзін солай сезінеді. 
Наполеонға еліктеп, соның әрекетін қайталамақ болды.
– Солдаттар! – деді ол мәстек аттың үстінде шірене түсіп, оң 
қолын көтеріп,– Күмбезге қарай үш дүркін залп беріп атыңдар!


– Зеңбірекпен атпаса мылтықпен атқан не болады, мәртебелі 
мырза? – деп қалды жанындағы біреу.
– Шайтан алсын! Сонау Меркеден зеңбірек тартып, әуре болар 
кез емес, үш дүркін залп беріп көріңдер!
Отыз  мылтық  істіктері  күнге  шағылысып,  күмбезге  қарай 
шаншыла-шаншыла  қалды.
– Ат!
Отыз өңеш бірдей өкіргенде Аспара тауы теңселгендей, қара 
жер  болар-болмас  дір-дір  етті.  Күмбез  қыштарының  жаңқасы 
жан-жаққа шашырап барып, бармақтай, бармақтай шұбар іздер 
қалыпты.  Жол  жаққа  үңірейіп  тұрған  қараңғы  есіктен  кенет 
бір  дәу  мақұлық  қалбаң  етіп  шыға  келгенде,  солдаттардың 
аттары жапырыла, осқырына, пысқырына, шыңғыра жалт беріп 
талайлары жол үстінде құлап түсті. Тіпті ең жуас деген мәстектің 
өзі Приходьконы тастап кетті. Ротмистр бағана биік ақалтекеден 
құлағаннан гөрі бұл жолғысы қаттырақ болды. Есектен құлағаннан 
гөрі  аттан  құлаған  артық.  Есек  мініп  көрмеген  офицер  мұны 
білмесе керек. Оң жақ шекесін қиыршық, тастақ жол оңдырмай 
осып жіберіпті, бетін қан жауып жүре берді.
Жеңімпаздар  енді-енді  үсті-басын  қағып,  бет-ауыздарын 
сипалап  жатқанда,  біреуі:
Өзі де жын-перідей екен, – деп күлді.
Үрейленген жұрт оның күлгеніне таң қалып:
– Нені айтасың? – десті.
– Әлгі үкіні айтам.
– Шыннан үкі ме? Мен аруақ па, албасты ма деп қалып ем.
– Мен Сыпатайдың өзі шығар деп ойладым, құдай ақы...
–  Осы  ойынды  қойсақ  қайтеді,  ротмистр  мырза?  Қанша 
дегенмен,  өлген  адам...  Біз  өлгендермен  соғыспаймыз  ғой.
– Ақымақ! Қорқып қалдың ба? – деп ротмистр ақ орамалмен 
шекесін  сүртіп  тұрып,  жерге  бір  түкірді.  –  Бұл  Спа...  Спатай 
дегенің  өліп  жатқанның  өзінде  тірі  киргиздардың  талайына 
татиды. Бұл – ұран ғой! Жауды жеңу үшін, оның жалауын жығып, 
ұранын  жою  керек!  Жә,  мен  зеңбірекпен  қираттырам.  Ал  енді 
кері  қайтайық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет