Шығыс Қазақстан облысының Семей аймағында 2012 жылы аталып өтілетін және еске алынатын



бет24/27
Дата06.02.2022
өлшемі1,07 Mb.
#38695
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27
Мұқа Әділханұлы,
туғанына 155 жыл (1857-1927)

Мұқа Әділханұлы - Семей облысы қазіргі Жаңасемей ауданында 1857 жылы туған. Мұқа ауыл молдасынан оқып сауатын ашқан соң табиғатынан талантты, ән-күй, өлең-жырға құштар жастың бар ынта-жігері өнерге ауады. Әкесі Әділхан немере ағасы Үрістемнен (Өзбекханның баласы) екеуі де ірі домбырашы екен. Солардан үйренген домбыра өнерін місе тұтпаған талапты, талантты жас биікке қол сермеп, өнер-білім іздеуді көксейді. Бар ынтасы музыка өнеріне ауған Мұқа, ауылының калаға жақын жерге көшіп келуін пайдаланып, бір-ақ күнде Семейге кетеді.


Қаланы тұңғыш көрген ол көшені аралап жүргенде, бір үйде тартылып жатқан әсерлі күй естиді де, күй тартушыны көруге құмарланып үйге кіріп барса, ол — қонақ үйі екен. Күй тартып жатқан сол қонақ үйдің музыканты, скрипкашы - Ғарифолла деген татар болады. Мұқа Ғарифоллаға жабысып, айрылмай скрипка ойнауды үйретуін өтінеді. Сөйтіп, әркімнің үйіне қонақтай жүріп, Ғарифолладан скрипка үйренеді. Ғарифолладан бастап, сол замандағы Семей қаласының музыканттарымен танысып, әсіресе, скрипка ойнау өнерін меңгеріп алады. Осы кезде Мұқа Абайдың өлеңдерін қолжазбалар арқылы оқып танысып, Абай әндерін домбыра, скрипкаға қосып айтып жүреді. Енді сол Абайдың өзін көріп, жүздесіп, лебізін естісем-ау деп ынтығып, арман етеді.
1889 жылдан бастап Мұқаның Абаймен достығы ұлы ақын дүниеден қайтқанша үзілмейді. Абай қалаға барса, Мұқаны қасынан тастамай, орыс және басқа халықтардың музыка өнерін меңгеріп, жетілуіне үнемі зер салады. Әрдайым қалаға жіберіп, театрда, кала бақшасында музыка тындауын, музыка мамандарынан үйреніп, өнерін өркендетуін қадағалап отырады. Мұқадан үлгі-өнеге алған Абай балалары шебер скрипкашы болып шығады.
Мұқа ақын да болған. Оған Абайдың, Ақылбай мен Мағауияның ақындық ықпалы тиген. Мұқа домбыра жасайтын шебер де болған. Оның жасаған домбырасы қазақтың ескі домбырасынан әлдеқайда үнді, орыс күйлерін де орындауға қолайлы болған.
Мұхтар Әуезов Мұқаны жас шағынан естіп, білген. Семейге келгенде, демалысының бір кезеңін өнерлі Мұқамен кездесу үшін, оның мекен-жайы Көкенге келіп, ақынмен әңгімелесіп, ән-күйін тыңдап қайтады. Бұл саяхат сапарында Мұхтардың қасында өз ағалары: Ағзам, Ахмет Әуезовтер, Абайдың баласы әнші, домбырашы, скрипкашы Ізкәйіл, немересі Исраилдар болады. Абайдың досы, талантты шәкірті Мұқа мен Мұхтар 1926 жылы Көкенде осындай жағдайда кездесіп еді.
Мұхтардың "Абай жолы" романындағы белгілі тарихи тұлғаның бірі осы Мұқа Әділханов және Мұхтар өзі жақсы білетін Мұқаның аты-жөнін өзгертпей, оның бейнесін, өнерін, адамгершілігін, мінез-құлқын дәл де көркем суреттеп берген. Абайдың өнерпаз шәкірттері Мұқа, Әлмағамбеттер ұлы ұстаздары дүниеден қайтқаннан кейін, оның әдебиет, өнердегі дәстүрін халыққа кең жайып насихаттауда, өздері өле-өлгенше мол мағыналы еңбек еткен.
Мұқа 1927 жылы 70 жасында дүниеден қайтады. Бейіті Көкен тауында орналасқан.
Әдебиеттер:

Мұқа Әділханұлы // Абай. Энциклопедия.-Алматы, 1995.-415 б.


Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы.4 том.- Алматы, 2005.- 153-160 б.
Мұхамедханұлы Қ. Әнші Мұқа // Семей таңы.-1994.-1 қаңтар.
Мұхамедханұлы Қ. Абай шәкірттері // Парасат.-1995.-№ 7.-25 б.
Ердембеков Б. Абайдың ақын шәкірттері // Ақиқат.-2010.-№5.-53 б.
Әсет Найманбайұлы,
туғанына 145 жыл (1867-1923)

Әсет Найманбаев бұрынғы Қарқаралы уезі, Темірші болысы, 8-ауылда (қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданы) 1867 жылы туған. Руы Арғын, оның ішінде Қаракесектен тарайтын Майлық деп аталатын аз атадан. Әкесі Найманбай кедей шаруа болыпты. Ауыр тұрмыстың айдауымен 1875 жылы Семей қаласына көшіп келген. Кейіннен қала тұрмысына тұрақтай алмай Мақаншы ауданындағы Бақты ауылына көшіп барады. Он бір жасында бірінші рет мектеп есігін ашқан зерделі бала төрт-бес жылда медресенің білімін жақсы меңгеріп алады. Медреседе жүргенде-ақ ақындық таланты ашыла бастайды. Жасы ұлғайған шағындағы бір өлеңінде ақындық өнер сапарының он үш жасында басталғанын айтады:


Елуден жасым менің белең асқан,
Өлеңге он үш жастан араласқам.
Қызыл тіл қимылдаса қызуымен,
Текпінді терең сөзден жаза баспан...-дейді ақын
Әсеттің алғашқы ақындық қаламындағы айтатын, жазатын өлендерінің тақырыбы көбінесе жастық, махаббат туралы жоне суырып салма айтыс өлендер болды.
Әсет - ақындық өнерді өзгеше жоғары бағалап, табиғаттың тартқан ерекше қасиетті сыйы деп біліп, ардақтаған адам. Ақындық өнерін халқына арнаған Әсетті туған елі қадірлеп, құрметтеген. Әсеттің ақындығы ең алдымен айтыс өнерінде танылады. «Айтыс - майдан, айтысқан ақындар майданның жекпе-жектегі батыры»- деп, М.Әуезов айтқандай Әсет ақын да осы жекпе-жектен жеңіп шыққандардың бірі. Әсеттің алғашқы түскен ең үлкен айтысы - Рысжан қызбен айтысы.
Абайдың алдын көріп, ұлы ұстаз ақыннан ақындық, әншілік өнер жолында үлкен тағылым алған талантты шәкірттердің бірі - Әсет. Қазақ даласын әнмен тербеген Әсеттің өзі өмір кешкен тұста — халқының ақберен ақыны ретінде танылғаны анық еді.
Айтыс бәйгесіне түсіп жүлде алып, елге атағы шыға бастаған жалынды, албырт жас ақын, асқақ әнші Әсет ұлы Абайдың алдына келгенде 20 жаста болатын. Абай ауылы қазақ сахарасындағы өнер-білімнің, мәдениеттің өнегелі ордасындай еді. Сол кездегі Абайдың қасында ұдайы болған адамдары: Шаһкәрім, Көкбай, Ақылбай, Мағауия, Тұрағүл, Кәкітай, Ахметбектер тобына Мұқа, Әсет келіп қосылған екен. Әсет- Абай ағасының алдында мол тағылым алып, үлгі алады, Пушкин шығармаларымен танысады. Әсеттің «Евгений Онегин» романының оқиғасын алып, еркін аударма жасауы Абай әсері екені сөзсіз.
Әсет - нағыз сегіз қырлы өнерпаз. Ол ақындық өнердің өрен жүйрігі, суырып салма — импровизатор, ақпа ақын. Табиғи тума таланты күшті, дарынды ақын қолына домбыра алғанда, қолма-қол нөсерлете жыр төксе, домбырасымен қоса, қағаз бетінде қаламы да қатар жүйткитін сауатты саңлақ ақын болған.
Әсет өзінің әрбір өлеңіне арнап ән шығарып, өлең-жырын шаршы топта домбыраға қосып шырқап айтады екен. Ақын Әсет асыл жырын әсем әнімен домбыраға қосып, асқақтата ән шырқайтын болған.
...Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп,
Қоздырып делебенді әсерлі етіп,
Шырқатып, шығандатып, шалықтатып,
Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп.
Атақты музыкатанушы Ахмет Жұбанов, Әсеттің сөзіне музыкасы сай келетінін айта келе: «Орындауы келіссе «Әсет» сахна сәні. Әсіресе қайырмасында ән құйқылжып, төгіліп, шын мәнісінде ойнақтап, делебенді қоздырып кетеді». Әсет - әнші, сазгер.
Әсет - нәзік сезімді, ұшқыр қиялды лирик ақын; ол тілге бай, алғыр ойлы, бөгелмей жүйткитін айтыс өнерінің де өрен жүйрігі, ол алысқа алқынбай сілтейтін жүйрік, бай оқиғалы поэма, дастандар жазған ақын. Әсеттің атақты «Қызыл табан - ағаш ат» поэмасы Шығыс ертегі әңгімелерінің әсерімен жазылған, «Мың бір түн» сияқты өз уақытына жазылған екі жастың арасындағы махаббатқа құрылған ғылыми-фантастикалық поэма. «Салиха-Сәмен» поэмасы да бас бостандығы үшін, махаббат үшін, құрбан болған жандар туралы. Олар өз заманының қатал заңының құрбандары.
Осындай тамаша туындылары бар, айтыскер ақын, нағыз сегіз қырлы Әсеттің қазақ мәдениеті тарихында өзіндік орны бар тұлға.
Әдебиеттер:

Әсеттің жария болмаған өлеңдері // Дидар.-1998.-17 қараша.


Бекбосынов О.Әсет ақын қайда туған // Халық кеңесі.-1992.-24 маусым.
Болғанбаев Ә. Алашқа аты шыққан Әсет ақын // Халық кеңесі.-1991.-2 қараша.
Жанбота Д. Сағындық, Әсет, өзінді//Қазақ елі.-1998.-13қараша. Құдайбергенов Т. Ақынды еске алғанда: (Ақынның 125 жыл
толуына орай) // Семей таңы.-1992.-4 шілде.
Маманова Ж. «Абайдай арт жағына сөз қалдырған» // Абай.-2009.-№4.-50-55 б.
Керейқұлов Қ. Шабытты шақ // Лениншіл жас.-1989.-31наурыз. Мамырбаев Ш. Ақын арманы //Семей таңы.-1992.-1ақпан. Мұхамедханұлы Қ. Абайдың ақын шәкірттері: 3-кітап.- Алматы: Дәуір,
1995.-320 6.
Нұржекеев Б. Найманбаев Ә.- Алматы:Жазушы, 1988.-303 б.
Түгелбаев А. Тереңге тамыр тартқан: Әсеттің аударма өлендері// Білім және еңбек.-1987.-№7.-47 б.
Тұрлықан Қасенов,
туғанына 110 жыл (1902-1942)

Қазақтың әйгілі балуаны, өлеңнің, Еуропаның чемпионы, екі


мәрте әлем кубогының иегері, бұрынғы Кеңес Одағының жеті мәрте
чемпионы Дәулет Тұрлықановтың атасы Қажымұқан, М.Әуезовтермен
таныс болған Тұрлықан Қасенұлы Қазақстан Жазушылар Одағынын
Шығыс облыстарындағы бөлімшесін басқарған көзі ашық, зиялы
азаматы еді. Оның Жазушылар Одағына қабылдануы туралы 1934 жылғы
шілде айындағы «Қазақ әдебиеті» газетінде жазылған.
Тұрлықан «Еңбек» журналының бас редакторы, ақын, балуан, ұстаз болған кісі. Ақын - қызыл империяның қанды шеңгеліне Сәкен, Ілияс, Бейімбеттермен қатар ілініп арманда кеткен азамат.
Архив деректеріне сүйенсек, Тұрлықан Қасенұлының сол кездегі ақын-жазушылармен қоян-қолтық араласқан. Семейде «Еңбек» жинағын шығаруға ұйтқы болған Тұрлықан бір жағынан ұжымшар жастар мектебінің директоры болып қызмет атқарды. Оның шәкірті белгілі ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мүхамедханұлы ұстазы туралы: «Тұрлықан аға әдебиет пәнінен сабақ бере бастағанда, алдымен әдебиет деген сөздің мағынасын айқындап, ашып түсіндіретін. Көркем әдебиеттің өзіне тән қасиеттерін анықтап, атап ұғындырып, жеріне жеткізіп сипаттап беретін. Көркем әдебиеттің тарауларын айта келіп, ақындық өнерді айрықша атап, «Сөздің асылы-өлең» дейтін өлеңін нақышына келтіріп жатқа айта жөнелгенде жанымызды жадыратып жіберетін. Менің әдебиет жолына түсуіме игі әсер еткен, көп тағылым алған алғашқы ұстазым- Тұрлықан Қасенұлы болды,-деп еске алады.
Тұрлықан ақын кеңес идеологиясының қыспағында бар қабіле-қарымын таныта алған жоқ. Қасен қажының ұлы, «байдың бал асы» деген сөзден құтыла алмады. Амалсыздан саясаттың ығына жығылып, партияға өтті. Үш рет ұсталып, үш рет партиядан аластатылды. Ақыры 1937 жылы 27 желтоқсанда темір торға қамалды. Отыз жетіде торға түскен Т.Қасенүлы 1942 жылы Төменгі Тагильде бұл жалғанмен қош айтысты.
Өзі кеткенмен, артында ұрпағы қалды, өлең-жырлары, әңгіме-очерктері «Тұрлықан ақын» деген атпен қалың оқырманға жол тартты.

Әдебиеттер:


Әшірбаев А. Мектеп тарихы - ұрпақтар жалғастығы: Т.Қасенұлының туғанына 100 жылдығы туралы //Семей таңы.-2002.-19 шілде.-Б.2.


Мұхамедова Р. Қайтпас қайсар қазақ: (Т.Қасенұлы туралы) //Семей таңы.-2002.-30 тамыз.-Б.З.
Рамазанов С. Алаштың жалынды сардары //Семей таңы.-2002.-16 тамыз.-2 б.
Рамазанов С. Атамекендегі салтанат: (Ақынның мерейтойы Жарма ауданында жалғасты) //Семей таңы.-2002.-6 қыркүйек.-Б.2
Рысбекүлы Қ. Дәулет.-Алматы: Қазақстан. 1994.-173 б.
Рысбекүлы Қ. Қайтпас қайсар қазақпын: (Тұрлықан Қасенов).-Астана: «Ер-Дәулет»,2002.-216 б.


Асқар Лекеров,
туғанына 100 жыл (1912-1964)

Асқар Лекеров 1912 жылы бұрынғы Семей облысы Аякөз ауданындағы Коммунар колхозында кедей шаруаның семьясында туған. Әдебиет саласына 1930-жылдардың орта шенінен келді. Коммунистік журналистика институтында оқып білім алған соң, «Социалистік Қазақстан» газетінде, «Әдебиет және искусство» журналында қызмет істеді. Ол Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап Отанын қорғауға қатысты. Майданда жүріп «Отан туралы», «Досым сөзі», «Кестелі орамал», «Жалғыз оқ» т.б. очерктер жазып жауынгерлердің рухын көтерді.


Асқар тым жас күндерінде-ақ «Лениншіл жас» және т.б. газеттерде мақалалары мен өлендерін жариялап жүрді. Ол 1953 жылы Москвадағы жоғары партия мектебін бітіріп шыққан соң, «Жұлдыз» журналының редакторының орынбасары болып тағайындалады, ал 1955 жылы Мемлекеттік көркем әдебиет баспасына аға редакторлық қызметке ауысады. Көзі тірісінде оның «Достар» атты өлендер жинағы, «Сөнбейтін жүлдыздар», «Гауһар», «Түз гүлі», «Өмір оты» атты кітаптары жарық көрді.
Қорыта айтқанда, жазушының қаламын ұштаған: қилы-қилы өмір өткелдері, халықтың басына түскен сын сағаттар, алуан түрлі жылдар мен жолдар торабы, осылардың ізі оның шығармаларында қалды.

Әдебиеттер:


Лекеров А. Алуа.-Алматы: Жазушы, 1979.-134 б.


Лекеров А. Қырдағы ән.-Алматы: Қазмемкөркемәдбас, 1962.-100 б.
Лекеров А. Ой көзімен.-Алматы: Қазақстан, 1965.-216 б.
Лекеров А. Өмір оты.-Алматы: 1969.-140 б.
Лекеров А. Сонбейтін жұлдыздар.- Алматы: Жалын, 1980.-201 б.


Батыс Сібір Географиялық қоғамының
Семей бөлімшесінің ашылғанына 110 жыл (1902)

Батыс Сібір Географиялық қоғамының Семей бөлімшесі 1902 жылы сәуірде салтанатты түрде ашылған. Негізінде, оны ашу мәселесі 1898 жылы қозғалған болатын. Статистикалық комитеттің хатшысы болтан Н.Я.Коншин «Семей облыстық ведомствосы» газетіне осы облыстың аса бай табиғи байлығын, археологиялық, архивтік, этнографиялық тарихын зерттеуде географиялық қоғам бөлімін ашу өте қажеттігін айтып, мақала жариялайды. Бұл мақалаға Семей облыстық әскери губернаторы А.Ф.Карпов көңіл бөліп, бөлімше ашу жөнінде Орыс Географиялық қоғамының вице-президенті П.Семеновқа хат жолдап, көмек сұрайды. 1900 жылы ақпан айында Батыс Сібір қоғамының төрағасы Шмидт Семейде Географиялық бөлімше ашу жөнінде нұсқаудың бар екендігін А.Ф.Карповқа хабарлайды.


1902 жылдың 21 ақпанында әскери губернатор А.Ф.Карпов Орыс Географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің төрағасына Семейде бөлімше ашу туралы тағы да өтініш түсіреді. Бөлімшенің ең алғашқы төрағалық қызметін Н.Ф.Ницкевич, ал іс жұмысын Н.Я.Коншин басқарады. Бұл бөлімнің ашылуына жергілікті оқымысты ғалымдармен қатар Семейге жер аударылып келген Е.П.Михаэлис, С.С.Гросс, А.Л.Блэк, А.А.Леонтьев белсене атсалысып, зерттеулер жүргізіп, тамаша құнды материалдар жинап, ғылыми еңбектер, мақалалар жазады.
Бөлім Семей облысындағы ең алғашқы өлкетану орталығы болып, өлкеде географиялық, археологиялық, геологиялық, тарихи, статистикалық зерттеулер жүргізіп ғылым саласын аса құнды мағлұматтармен қамтамасыз етеді.
Алғашқы жылдары қоғам бөлімінде оқымысты ғалымдардың қатары аз, әрі қаражат мәселесі де қиындау болды. Бөлімшені үйымдастырушылардың бірі Коншин Н. бөлімнің іс жұмыстарын басқара отырып, мұрағат ісін де қолға алады. Оның қажырлы еңбегінің арқасында дала өлкесінің тарихы, әкімшіліктің саяси жер аудару тарихы жөнінде құнды деректер жинақталады. Бөлімше ғылыми кітапхана ашуда да көп жұмыстар атқарды.
Географиялық қоғамның Семей бөлімшесіне мүше болған В.Ф.Семенов, Ф.Н.Педашенко, В.Бенкевич, Ф.К.Злобин өлкенің географиялық жағдайы, осы жерлерге орыс шаруаларының қоныстанып, егіншілікпен айналысуы, әр түрлі пайдалы қазбалары, ежелгі тарихи ескерткіштер, мал шаруашылығы жөнінде зерттеулер жүргізіп, ғылыми еңбектер жазады.
Бөлімшеге қазақ зиялылары да мүше болады. Мәселен, Мәрсеков Р., Дүлжанов Н., Ақбаев Ж., Құдайбердіұлы Ш., Бөкейханов Ә. т.б. бөлімше жұмысына белсене араласады. Әлихан Бөкейханов Абайдың көзі тірісінде оның ақындық шеберлігін жоғары бағалап, Ресей Географиялық қоғамы шығарған кітапқа енгізеді. Абай қайтыс болғаннан кейін де Семей географиялық бөлімі шығарған «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского Императорского русского географического общества» кітабының III шығарылымында басылады.
Заңгер Ақбаев Ж. қазақтардың некелесу зандылықтары туралы бөлімше кітапшасының 3-шығарылымына жариялайды. Бөлімше мүшелерінің саны жылдан-жылға артып, 1913 жылы 140 мүшесі болған.

Әдебиеттер:


Әдепқызы С. Семей бөлімшесінің қызметі// Қазақ тарихы, 2000; №1.


Әділбекқызы Ж. Семей Орыс Географиялық Қоғамы және қазақ зиялылары// Абай.-2004.- №1.
Белгібаев М.Е., Әділбекқызы Ж. Семей орыс географиялық бөлімінің XX ғасырда атқарған жұмысы// География және табиғат, 2004 №3.; География және табиғат, 2010 №4.-3-6; №5.-7-10 б.
Кәрібжанова Г. Н.Құлжанова және Ресей географиялық қоғамы // Қазақ тарихы.-2003.-№3.-21-23 б.

Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет