Қазақ халқының ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбаев 1845 жылы Семей өңіріндегі Шыңғыс тауының бөктеріндегі Қасқабұлақ деген жерде дүниеге келген. Бала кезінде ауыл молдасы Ғабитханнан сауатын ашқан Абайды он жасында әкесі – тобықты руының ағасұлтаны Құнанбай – Семейге оқуға жіберген. Абай әуелі Ғабдул-Жапардың, кейін Ахмет-Ризаның медресесінде оқыған. Медреседе мұсылманша оқуды, араб, парсы тілдерін еркін меңгерген Абай орысша білім алуға ден қойып, медресенің соңғы жылында Семейдегі «Проходская школаға» түсіп, үш ай орысша оқыған. Бұл – Абайдың кейін орысшаны өз бетімен үйреніп, игеріп кетуіне негіз болған. Он үш жасында әкесі Абайды оқудан шығарып алып, ел билеу ісіне баули бастайды. Ел ісіне араласу Абайдың ел танып, жер танып есеюіне, халықтың тұрмыс-салт, әдет-ғұрпын терең танып-білуіне жол ашады. А.Құнанбаев өнер-білім жолындағы білімін өз бетімен іздену арқылы дамытып, орысша кітаптар оқыған. Семей кітапханасына барып Л.Толстойдың кітабын сұрап тұрған қазақты көріп таңырқаған, Петербург университетінде оқып жүргенде патша үкіметіне жақпайтын іс-әрекеттері үшін жер аударылған Е.П. Михаэлиспен танысады. Михаэлистің көмегімен Абай орыс, батыс әдебиеттерін іріктеп, жүйе-жүйемен оқып, ой-санасы жетілген Абай: «Дүниеге көзімді ашқан – Михаэлис», – деген. Ақынның 1882 жылы жазған «Қансонарда бүркітші шығады аңға» және Лермонтовтан аударған «Бородино» өлеңдері – Абайдың ақындығын өзіне де, өзгелерге де мойындатқан көркемдігі жоғары туындылар. Абай бұл уақытқа дейін жазған өлеңдерін досы Көкбайдың атынан «Көкбай сөздері» деп шығарған. Абай өз кезінде қоғамдағы әр түрлі мәселелерге қалам тартқан. Абайдың туындыларын төмендегідей топтап көрсетуге болады.
Өлеңдері:
Достарыңызбен бөлісу: |