Патша өкіметінің жер саясатына қарсылық
Қазақ даласына келіп қоныстанушылар саны күрт артып, құнарлы, шұрайлы жерлерінен айырылып жатқан елдің жағдайы қыл ұшына келген еді. Осындай дүрбелеңде ел жер сақтап қалу үшін не істерін білмей сабыла бастады. Сөйтіп, ел тағдыры сынға түскен кезде ұлт зиялыларының көзқарастары қиыспай екіге бөлінді.
Біріншісі - «көшпенді өмір салтын доғарып, ел болып жиылып, қала салайық, егін егіп, бау-бақша отырғызып, отырықшы салтқа көшейік, сонда шұрайлы жерлерімізге өзіміз ие болып қаламыз, жақсы өмір сүріп кетеміз» дейді.
Екіншісі - «сан жылдар қалыптасқан шаруашылық, өмір салты - аяқастынан өзгерте салатын нәрсе емес, ол - өздігінен қалыптасатын табиғи үрдіс, оны өзгерткенмен, бәрібір күйреп қалады, ұзаққа бармайды, ақыр аяғында башқұрттар құсап жерді мұжықтарға болмашы бағаға сатып, сып-сидан болып шыға келеміз. Одан да көшпелісі көшпелі, отырықшысы отырықшы болып қала берсін» дейді.
Орал қаласында кадеттерді жақтаушылар өмір тәжірибесі мол Бақытжан Қаратаевтың төңірегіне топтасты. Осы тарихи кезеңде қазақ саяси элитасының арасында кадеттер партиясына қарай ойысушылықтың байқалуы патша өкіметіне қарсы қуатты оппозициялық күшке айналған осы партияның қолдауына сүйеніп, қазақ халқы мүддесін қорғаудан туындаған еді. Қазақ кадеттерінің бағдарламасында қазақ жерін бүтіндей сол елдің меншігі етіп жариялайтын заң қабылдау қажеттігі, ішкі Ресейден көшіп келіп қоныстану толқынын тежеу, қазақ жұмысшыларына еркіндік, теңдік беру, олардың мүддесін қорғайтын заңдар шығару, қазақ балалары үшін мектеп, медресе, университеттер ашу тағы сол сияқты талап-тілектер айтылған.
Қазақ зиялылары патша өкіметінің қанаушылық саясатына қарсы ашық және батыл түрде талаптарын қойып, қазақ елінің барлық мұң-мұқтажын баяндап газет беттерінде мақалалар жазып, патшаға петициялар жолдай бастады. Соның бірі - 1905 жылдың жазында Торғай және Орал облыстары қазақтарының орталық билік органдарына жолданған петиция. Қазақ жерін талан-таражға салуды тоқтату мәселесін назарынан ешқашан тыс қалдырмаған Бақытжан Бисәліұлы бұл петицияны дайындауға тікелей атсалысты және онда жер мәселесіне байланысты мынандай талаптар қойылды:
- қазақ жерінде бұл күнге дейін қала салып алып, бейбіт өмір сүріп отырған орыстар отыра берсін және олар алған жерге талабымыз жоқ. Бірақ қалған жеріміз қырғыз-қазақ халқының өз пайдасына мәңгі ұрпақ мұрасы ретінде ешкімнің ортағынсыз берілсін;
- мұнан былай орыс шаруаларына қазақ жерінен жер берілмесін және қазақ жерінен қоныс аудару учаскелері мұнан былай ашылмасын;
- Далалық ереженің барлық 17 бабы негізсіз деп танылып, жойылсын;
- қырғыз-қазақ халқының қолына жер мәңгілік өзіңдікі деген құжат берілсін (ҚР ОММ, 1202-қор, 1-тізбе, 37-іс, 123-бет).
Петербургке Б.Қаратаев бастап барған делегация петицияны тиісті орындарға тапсырғаннан кейін генерал Ғ.Жәңгіровтің араласуымен ІІ Николай патшаның қабылдауына рұқсат алып, оған өз талап-тілектерін де білдіреді. Осы жылы Орал қаласында Қазақстанның бес облысының өкілдері қатысқан съезд болып өтті. Оның делегаттарының қатарында Ә.Бөкейханов, Ж.Сейдалин, М.Дулатов, Б.Сыртанов, Б.Қаратаев болды.
І Мемлекеттік Думаны шақыру туралы заң 1905 жылдың желтоқсан айында патшаның екі манифесінің негізінде шықты. Үлкен атыс-тартыстың нәтижесінде арнайы мәжілістің шешімі бойынша «бұратана елдерден» Думаға депутат сайлау турасында шешім қабылданады. Алғашқы Дума таратылғаннан кейін 1907 жылдың қаңтар-ақпан айларында ІІ Мемлекеттік Думаға депутаттар сайлау жүргізілді. Қазақ халқынан депутаттыққа Орал облысынан Бақытжан Қаратаев, Ақмола облысынан Шәймерден Қосшығұлов, Торғай облысынан Ахмет Бірімжанов, Семей облысынан Темірғали Нұрекенов, Жетісу облысынан Мұхамеджан Тынышпаев, Сырдария облысынан Тілеулі Алдабергенов, Астрахань губерниясынан Бақтыгерей Құлманов сайланды. ІІ Мемлекеттік Думада өкіметтің жүргізіп отырған аграрлық және отаршыл саясаты сынға алынады.
Достарыңызбен бөлісу: |