55. Абайдың философиялық көзқарастарының қазақ қоғамындағы маңызы
Абай шығармаларын зерттеуге арналған еңбектер жеткілікті болғанымен, оның философияның негізгі мәселелеріне байланысты көзқарастары жөнінде әлі күнге дейін тиянақты пікір тұжырымдалған жоқ. Ойшыл ақынның терең ойы мен дүниетанымының ішкі мазмұны ақырына дейін ашылып, түсіндірілмей келеді. Бұған қоғамдық болмыстың өзекті мәселелері жөніндегі оның көзқарасының күрделілігі, жүйесіздігі, тіпті, кейде қарама-қайшылықтары белгілі дәрежеде қыңдық туғызды. Абай шығармашылығын зерттеудің алғашқы кезеңінде, 20-30 жылдарда ақынның идеялық мурасы қызу айтыстар тақырыбына айналды, «Абай философиясын» діншілдігі басым әдеттегі бурж. идеалистік философияның жамап-жасқаған бір түрі деп дәлелдемек болушылар да табылды (Қабылов I. Қазақ ақыны Абайдың философиясы және оған сын. «Советская степь», 1928,2тамыз). Көрнекті мәдениет қайраткерлері мен жазушылар: М. О. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұбанов, С. Садуақасов, С. Қожанов, I.Жансүгіровты. б. Абайдың ақындық мұрасын арнайы- социологиялық шабуылдан қорғап, мақалалар жазды. «Көзқарасының қарама-қайшылықтарына қарамастан, -деп жазды Мұқанов, - Абай бұл сөздің ұнамды мәнінде ең озық реалист-суреткер болды және сонысы үшін де біз оны құрмет тұтамыз, сондықтан да оның әдеби мұрасы біз үшін баға жетпес байлық болып табылады, тап солай болғандықтан да қазақ халқы Абайды өзінің аса ірі ұлттық ақыны деп біледі» («Казахстанская правда», 1934, ЗО көкек).
Ақын шығармалары 19 ғ-да Қазақстанда демокр. қоғамдық ойдың қалыптасып, дамуына негіз болған басты-басты идеялық үш қайнардан нәр алды: 1) қазақтың ауыз әдебиеті мен еткен замандардағы жазба ескерткіштерінен сусындаған алдыңғы қатарлы халықтық дәстүр; 2) ежелгі және орта ғасырдағы Шығыс ойшылдарының таңдаулы шығармалары; 3) орыстың материалистік философиясы мен демокр. мәдениеті, сол арқылы дүн.жүз. (ең алдымен Батыс Еуропаның) филос. ойдың жетістіктері. Әуезов бұл идеялық бағыттарды бір-бірімен табиғи ұштасып, жалғасып кететіндігін айта келіп, Абай дәуірі үшін осылардың ішінде үшінші қайнармен, орыс классиктерінің шығармаларымен таныстықтың маңызы аса зор болғанын, Қазақстандағы қоғамдық ойдың болашақта жандана түсуіне ықпал еткенін атап көрсетті. Ғалым Абайдың орыс әдебиетімен және филос. озық ойымен байланысын оның аударған шығармаларының санымен немесе оған рев. демократтар идеясы ықпап етті деген қарапайым түсініктерді еске алумен ғана дәлелдемек болған «жеңіл-желпі, қара дүрсін пікірлерге» қарсы шықты. Ол Абай шығармашылығының еткен заман ойшылдарының теориялық мұраларымен байланысын анықтайтын мәселелердің тым тапшы зерттелгеніне өкініш білдірді; Абайдың орыс әдебиетіне ғана емес, сонымен қатар адамзаттың бүкіл рухани мәдениетіне қатынасын тұтастай даму үстіңде: «орыс және қазақ халқының байланыстарын сол кезеңнің мазмұнын анықтайтын саяси оқиғалармен тығыз органикалық байланыста қарастыратынының» (Әуезов М. Әр жылдар ойлары. -А., 1961,148-149-6.) методологиялық маңызы аса зор.
Абай қазақ халқының мінез-құлқындағы келеңсіз, нашар қылықтардың қайдан және қалай туындайтынын саралап, ақиқат пен жалған философиялық категориялар арқылы талдап беріп оты-рады. «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағанын, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынын, рас сөзі аз болатұғының, қызметке таласқыш болатұғының, өзде-рінің жалқау болатұғының себебі не?» — деген сұрақ қойып алып, ары қарай талдау жасап, ол талдауларды бір топ филосо-фиялық категориялар арқылы таразылайды. Мәселен, Абай бұл тұрғыда тек қана өз халқының туындыларына ғана зер салмай «һәмма ғылымға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған» — деп өзінің ой-өрісінің кеңдігін, дүние жүзіне белгілі данышпан адамдар, ғалымдар, ойшыл-философтардың еңбектерімен таныс екенін білдіре келе: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз-қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамасақ, өзі тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» — дейді.
Абайдың осы сөзінде пайдаланылған философиялық категорияларға зер салсақ: қорқақ-ақылсыз, қорқақ-мақтаншақ, қорқақ -қайратсыз, ал қорқақ категориясы жалқаулықтан туындайтынын ашық айтып отыр.
Абайдың бұдан 100 жыл шамасы бұрын қазаққа айтқан ойларының тереңдігі бүгінгі егемендігін қолына алған Қазақстан Халқына, оның ішінде қазаққа айтылар ойларымен ұштасып жатқан жоқ па. Абай философиясының халық тағдырымен ұштасуының негізгі себебі халқына деген шексіз сүйіспеншілігінде, жан-тәнімен бар күш салып көмектесуінде, болашаққа жол сілтеуінде, жаны ауырып күйзелістен туындайтын философиялық ойлар, филосо-фиялық категориялар арқылы шешімін табуында.
«Қулық саумақ көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» — дейді Абай.
Абай айтқан қулық сауу, көз сүзу, тілену, адам сауу (адам қанау) – өнерсіз иттің ісі. Ал мұндай теріс мінезден арылу үшін Абай қандай кеңес береді – еңбегіңді сау дейді. Ал еңбекті сауу үшін бос күлкіден, жарамсыз қылықтан, мақтан-шықтан арылғанда ғана өнерсіз иттіктен кетесің дейді. Абай өнерге үйрену мәселесі адамның өміріндегі ең бағалы да қажетті іс екеніне көзімізді жеткізді. Бүгінгі өмірдің тауқыметі базар, нарық экономикасының ауыртпалығына тіреліп отырған халқы-мыздың мән-жайы, одан туындап отырған кеселдер сол Абай заманында да, бүгін де белең алып отыр. Ол Абай айтқан «Қулық саумақ көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі» — дегендей қулық, көз сүзу, тілену, адам адамның еңбек ақысын жеу арқылы өзінің мал мүлкін молайту, жастарымыздың, қала берді үлкенде-ріміздің де ісі, бүгінгі таңның ең бір жағымсыз қылықтарының бірі екеніне бәріміз де куәгерміз.
Абай бұл ойларының түйінін бесінші сөзінде де, қазақ даласында көп таралған мақал-мәтелдердің мазмұны арқылы да дәлелдеген: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен. Ол тек қана мал үшін қам жейді екен. Ал мал табу жолын біле ме? Оны да білмейді. Оның бар білетіні – малдыларды алдап, арбап, мақтап, мал жинау, егер бұл іске аспаса, алдап немесе мақтап ала алмаса, онда әкесімен болса да жауласудан тайынбайды екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшік, соған ұқсаған қылықтардың қайсысын болса да қылып, мал тапса жазалы демесек керек екен. Осындай Абай айтқан әдіспен мал тауып, халықты алдап, арбап, қулықпен, сұмдықпен, ұрлықпен, зорлық-зом-былықпен көгеріп, көркейіп отырмын деп санайтын адамдар бүгінгі таңда баршылық екеніне бәріміз тағы да куәгерміз.
Абай алтыншы сөзінде қазақтың «бірлік пен тірлікті» қалай түсінетінін көрсеткен. «Өнер алды – бірлік, ырыс алды — тірлік» деген мақалдың пәлсапалық мәні қандай? Оны дұрыс түсіне ала ма? «Қазақ ойлайды, — дейді Абай, — бірлік ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен» деп. Осы ортақтықты бірлік деп түсінеді. «Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Осы ма бірлік?» — деп Абай «бірлік» сөзінің мағынасын өзі ашып береді. «Жоқ,-дейді Абай, — бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса антұрғандықтың басы осы».
Мызғымайтын шындықтарды айтуды Абай алдына ешқашан мақсат қылған емес. Рухани дүниесі құлдырау жолына түскен тобырларды дұрыс жолға салу қиынның қиыны болатын. Осыны сезінген Абай қатты қиналып, дағдарысқа ұшырайды. «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» деп мұңын шаға келіп, оның себебін түсіндіреді.
Бас басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын? –
(«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», 1886 ж.)
деп отаршыл саясаттың құрбаны болған елдің «атқа мінерлерінің» кінәсін көрсетіп, оларды аяусыз мінейді. Абайдың «Болыс болдым мінеки», «Болды да партия», «Бөтен елде бар болса», «Қалың елім, қазағым» деген өлеңдері халықтың көзін ашып, оятуды көздеген, атқамінер белсенділерді жаман әдеттен сақтандыруға арналған туындылар еді.
Абай өлеңдерінде халықты азғын-даудан сақтандырады, жаман әдеттен жиренуге, адамгершілікке шақырады, өз шығармалары арқылы моральдық-этикалық нормаларды орнықтыруды көздейді. Сөйтіп Абай елдің ақылшысы, қамқор-шысына айналады. Бірақ көпшілік қауымның оның ұсынған асыл мұрасын қабылдап, түсінуге өрісі жетпеді.ал елдің озбырлары болса, оған бөгет жасауға ұмтылып, аяғынан шала берді. Осыған налыған Абай былай деп ой тербейді:
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етекбасты көп көрдім елден бірақ.
(«Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?», 1898 ж.)
Достарыңызбен бөлісу: |