2. Пән туралы қысқаша ақпарат Қазақ тілін оқытуда халықаралық стандартқа негізделген 6 жүйенің 3 деңгейлі жүйесі (В1 –негізгі жеткілікті деңгей, В2-негізгі стандартты деңгей, С1-С2-негізгі стандарттан жоғары деңгей) басшылыққа алынып, сонымен бірге қазақ тілінің тілдік ерекшелігі мен ұлттық танымдық сапалары ескеріледі.
Қазақ тілі Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы Заңның» 4-бабында жазылғандай қазақ тілі мемлекеттік тіл болып саналғандықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында барлық деңгейлерде типтік бағдарламалар негізінде тақырыптар беріледі.
Пәннің мақсаты: мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілінің коммуникативтік бағытын жүзеге асыру. ЖОО-да қазақ тілін қарым-қатынас құралы деңгейіне айналдыру дағдыларын қалыптастыру. ЖОО түлектерінің еңбек нарығында бәсеке қабілетті, тілдік біліктілігі жоғары маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік жасау.
Пәннің міндеті қатысымдық және танымдық міндеттердің орындалуы барысында жүзеге асырылады. Пәннің міндеттері:
орта көлемді және көлемді мәтіндерді жатық әрі шапшаң түсініп оқу;
тұрақты сөз тіркестері, кәсіби сөз мағыналары мен салалық терминдер ұғымын түсініп қолдану;
монолог, диалог, полилог түрінде (хабарлама, таныстырылым, (презентация), баяндама, дискуссия және т.б.) әңгімелеу, сұхбат жүргізу;
жазба жұмыстарын (эссе, аннотация, түйіндеме, жоспар, тезис, мәлімдеме, пресс-релиз, өтініш, хат, аударма, реферат, мақала және т.б.) орындау;
қазақ тілінің функционалдық грамматикасы аясында тілдік дағдыларды шыңдай отырып, тілдік тұлғаның қазақ тілінде жүйелі талдау жасауға, өз ойын еркін жеткізуге және ұсынылған материалдар бойынша сипаттама, салыстырма, қорытынды жасай білу сияқты т.б. тілдік біліктіліктерінің жетілдіре дамыту.