Сындарлы оқытудағЫ ҚҰзыретті мұҒалім тәжірибесінің ОҢ НӘтижелері мамутова Бактыгуль Бердалиевна



Дата19.02.2017
өлшемі89,2 Kb.
#10473
СЫНДАРЛЫ ОҚЫТУДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТТІ МҰҒАЛІМ ТӘЖІРИБЕСІНІҢ ОҢ НӘТИЖЕЛЕРІ

Мамутова Бактыгуль Бердалиевна

Төлеби ауданы, Зертас ауылы

Шомшақты ат. жалпы орта мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі


Қай кезде болмасын, білім ордасы-мектеп, білім беруші –мұғалім ұстаз болып табылады. Мемлекеттік тілде еркін сөйлей алатын, өз ойы мен пікірін қазақша еркін жеткізе алатын, Отанымыздың тарихын, салт-дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін терең білетін білімді тұлғаны, еліміздің саналы азаматтарын даярлауды біз сияқты мұғалімдерден күтеді. Себебі, жаңа заман талабына сай білімді ұрпақтың болашақта биік шыңдарға жетуі үшін ұстаздың ықпалы, кәсіби іс-тәжірибесі өте қажетті іс болып отыр. Сондықтан, мұғалімдер өмір бойы оқып, ізденісте болуы керек. Міне, менде мектептегі тәжірибемде осындай ізденісті шыңдайтын түрлі жаңалықтарға толы Үшінші деңгейлі курсының бірінші бетпе-бет кезеңіне келіп, Бағдарламаның жеті модулін топта тренердің көмегімен теория жүзінде меңгердім.

Оқу курсы үш кезеңнен тұрды: бірінші бетпе-бет кезеңінде теориялық білім алдық. Алғашқы күні тренерлермен және топтың басқа да мүшелерімен таныстық. Тыңдаушыларды жаңа тәсіл негізінде тренерлеріміз топтарға бріктірді. Топқа бөлінісімен топ ережесін жаздық. Аталған ережеге сәйкес бір-бірімізді сыйлауды, құрметтеу керектігін білдік. Содан соң Мұғалімге арналған нұсқаулықпен жұмыс жасауда тренерлердің үйретуімен топқа бөліне отырып, топтық негізде бағдарламада қамтылған жеті модульді меңгеруді бастадық. Алғашқы оқу барысында ештеңе түсінбей бір-бірімізге «не түсіндіңдер?» деп жалтақтаумен болдық. Алайда, топ болып бір-бірімізбен түсінісу барысында және «Джигсо» әдісін пайдалану арқылы бағдарламадағы модульдер және оның түсіндірмелері туралы біліміміз қалыптаса бастады. Топ болып жұмыс жасаудың маңызды екендігін, білім алуда таптырмас әдіс екендігіне көзімізді жеткіздім. Өйткені, нұсқаулықты оқығанда мен ештеңе түсінбейтінмін. Ал ертесіне топ болып талқылап, өз жұмыстарымызды қорғаған кезде ғана мен сол тақырыпты түсінетінмін.

Курста біз «Не себепті өзгеруіміз керек?» деген сұрақ төңірегінде топта талқылау жасадық. Менің ойымша әлем жылдам өзгеруде. Мысалы, әлемдік жаһандану, технологияның дамуы - осының бәрі біздің тарапымыздан өзгеруді талап етеді. Сонымен қатарәлем өзгергендіктен, біз де өзгереміз»себебі, қазіргі сәтте өзгеріссіз қалу өте қауіпті екен.Сондықтан да, осы курстың тақырыптарын меңгеру барысында мен де өзгергім келді.

Курс мазмұнында жеті модульдің түйінді идеялары қамтылған. Осы жеті модульде қарастырылған идеялар сабақта пайдаланатын жекелеген стратегиялар мен тәсілдер сияқты өзара байланыста болады. Алғашқы күннен бастап мен үшін жаңа ұғым «құзыретті мұғалім» ұғымымен таныстым. Мен курсқа дейін «құзыретті» деген сөз тек басшылықпен байланысты деп ойлайтынмын. Алайда, «құзыретті» деген сөз мұғалімдерге де тікелей байланысты екендігіне көз жеткіздім. Яғни құзыретті мұғалім дегеніміз- теория мен практиканы ұштастыра білетін, кез-келген ситуациядан шыға алатын, педагогика мен методиканы жетік меңгерген және оқушылардың әлеуметтік жағдайын толық білетін болуы керек деген пікір қалыптасты. Сонымен қатар, осы жерде Пажарестің (1992 жыл) айтуы бойынша «мұғалімнің теориялық білімінен гөрі ұстанымы маңызды»,екендігін білдім. Яғни, «мұғалімдердің қалыптасқан ұстанымы негізінде көзқарас қалыптасады, сол көзқарастардың негізінде шешім қабылдайды және қабылдаған шешіміне қарай іс-әрекетке көшеді». (Нұсқаулық 5-бет). Демек, мұғалімдердің ұстанымдары маңызды деп айтуға болады. Курс барысында мен үшін маңызды болған тағы бір дүние ол оқушының өзіндік менін қалыптастырудың маңыздылығы болды. Мен курсқа дейін бұл жөнінде ойланбаған екенмін. Осы жерде М.Жұмабаевтың «Баланы өз күшіне сендіріп үйрету керек. Қолыңнан түк келмейді дей берсең, бала жасқаншақ, жасық болып қалады. Осыдан сақтану керек», деген ұлағатты сөзін ұстаным еткім келеді. Ішкі уәжі айқын, өзіне сенімді оқушылар ғана сыни тұрғыдан ойлана отырып, мектепте алған білімдерін өмірмен ұштастыра алатынын түсіндім.

Мен курстың екінші кезеңі бойынша практикалық іс-әрекетті бастамас бұрын алдыма мақсат қойдым. Яғни, мен бірінші бетпе-бет кезеңінде алған теориялық білімімді пайдалана отырып, алдымда отырған оқушыларға төзімділік, мейірім және құрмет көрсету барысында сабақ үстінде оқушылардың оқуға деген ынтасы мен жоғарғы және сәйкес деңгейлерге қол жеткізе алатындай қолайлы орта қалыптастырамын. Бұл іс-әрекетім «Шульман іліміне» негізделген болатын. Соған орай, әрбір сабағымды жоспарлағанда курста оқып үйренген жеті модульді кіріктіруге тырыстым. Бұл мен өзгерту енгізген ең алғашқы дүние болатын. Демек, орта мерзімді жоспар жасадым. Бұрынғы оқытуда жылдық жоспар жазумен шектелетін болсақ, қазір жылдық жоспарды басшылыққа ала отырып, жекелеген тарауларға нақты мақсаттар қою барысында орта мерзімді жоспарлауды үйрендім. Осы орта мерзімді жоспар негізінде қысқа мерзімді жоспарлауды жүзеге асырдым. Қысқа мерзімді жоспар бұл бұрынғы сабақтардағы күнделікті сабақ жоспарына мүлдем ұқсамайды екен. Күнделікті сабақ жоспарын жазған кезде бірнеше мақсат қоятынбыз және сол күнгі өтілетін сабақтың теориясын егжей-тегжейіне дейін жазатын едік. Сонымен қатар, барлық іс-әрекет тек мұғалімге негізделген болатын. Ал, қысқа мерзімді жоспар жазған кезде мақсатты нақты, SMART –қа сай арнайы, өлшеуге болатын, қолжетімді, шындыққа сай, белгілі бір уақыт аралығымен шектелген сонымен қатар, оқушыға бағытталған болу керек екенін түсіндім. Қысқа мерзімді жоспарды жазған кездегі тағы бір өзгеріс сабақтан күтілетін нәтижені, мұғалімнің іс-әрекеті, оқушының іс- әрекетін жазу болатын. Мен бұрынғы сабақтарымда күнделікті сабақ жоспарын жазғанда оқушының іс-әрекетін мүлдем көрсетіп жазбайтын едім.

Мен өзімнің мектептегі тәжірибемнің екінші күні өзім зерттеуге алған 3-сыныбына кірдім. Содан соң өзімнің алғашқы сабағымды ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру мақсатында оқушыларды шаттық шеңберін құруға шақырдым. Оқушылар шеңбер құрып орналасты. Шеңбердегі оқушылар бір-біріне деген жақсы тілектерін айтып шықты. Сонан соң оқушыларды гүлдердің аттарына байланысты төрт топқа бөліп алдым, оқушылармен бірлесе отырып флипчарттың біріне сыныптың тізімін, екіншісіне топтың ережесін жаздық.Сабақ соңында оқушыларға ақ парақтарды таратып,оған социограмма үлгісін көрсетіп, соны толтыруларын сұрадым. Социограмма толтыру барысында сынып оқушыларының өзара қарым-қатынасын анықтап алдық. Келесі күнгі сабақта социограмманы талдай отырып, өзара сирек араласатын оқушыларды бірге отырғызуға тырыстым. Ал бұрынғы сабақтарымда мен сыныпқа кіргеннен сәлемдесіп алып «Бүгін кезекші кім?», «Сабақта кім жоқ?», «Үйге қандай тапсырма берілді?» деген сияқты сұрақтардың астына алатынмын. Сонымен қатар, бұрын оқушылардың көңіл-күйлеріне мән бермеген екенмін. Курстан кейін оқушылармен сәлемдескеннен кейін олардың көңіл-күйлеріне қарап жағдайларын сұрайтын болдым. Курстан кейінгі тағы бір өзгеріс сыныптағы парталардың орналасуында болды. Парталарды топтастырып балалардың бірлесіп жұмыс жасауына ыңғайлы етіп орналастырдым. Оқушыларды да осы топтастырылған партаға үйетуге тырыстым. Алғашқыда балалар топқа біріккенде бірін-бірі ұнатпай түсініспеушілік болды. Өйткені, олар бұрынғы 1-сыныптан келе жатқан орындарына үйреніп қалған. Бастауыш сынып оқушылары болғандықтан ата-аналары да, оқушылар да алдыңғы партаға таласып, үнемі дау туып жататын. Осы курстан кейін балаларды топтастырып отырғызу арқылы бұл қиындықтан құтылғанымды түсіндім.

Мен мектептегі өтуге тиіс сабақтарымда тек пәндік білім беріп қоймай, оқушылардың жан-жақты дамуына, жүйелі сауаттылығын арттыра отырып шығармашылыққа баулуда осы жеті модульдің орны ерекше екендігіне көз жеткіздім. Мен оқытудың ұтымды әдістерін тәжірибеге енгізер болсам оқушының жұмыс істеуге талпынысын туғызып, білім беруде оқушының жан-жақты білімін дамытуда біршама нәтижеге қол жеткізетінімді байқадым. Атап айтқанда оқушылар әрбір тапсырмаға сыни тұрғысынан ойлана отырып жауап берді, бір-бірінің сөзін тыңдап, құрметтеуге үйрене бастады. Сабақ өту барысында «Ыстық орындық», «Серпілген сауал», «Топтастыру» әдістерін қолдана отырып әр түрлі сұрақтарды қолдандым. Балаларға қойылған сұрақтарға дұрыс емес жауап берсе, оқушыға сол сұрақты басқаша түрінде қоюға тырыстым.Егер оқушы жауап бере алмай жатса, басқа оқушыдан көмек беруін сұрадым.Осы жерде мысал келтірер болсам, орта мерзімді жоспардағы бірінші сабағымда қолданған диалогтік оқытудағы түрткі болу, сынақтан өткізу, қайта бағыттау сияқты сұрақтарды үй тапсырмасын сұрауда тиімді пайдаландым деп ойлаймын. Оқушылар сұраққа жүйелі толық жауап беруді үйрене бастады, оқушылардың жеке қабілеттері айқындалды, еркін қиялдады, өз пікірін топ алдында қорғай алу қабілеттері арта бастады, сыни көзқараспен қарай білді, білім сапасы артты.Сыныпта мүлдем сөйлемейтін оқушылардың өзі постер қорғағанда өз ойын айтатын болды. Топ алдында өзінің пікірінің қаншалықты құнды екенін сезінді десем болады және ол өзі түсінбеген нәрсені топтағы өзінен гөрі құзыретті құрбыларынан үйренді.Бұрынғы сабақтарда оқушылар өзара сөйлесуге, пікір алмасуға мүмкіндік болмайтын, себебі мен «Шуламаңдар!» деп олардың пікір алмасуына мүмкіндік бермейтінмін. Ал осы Бағдарламадан кейін олардың пікір алмасуы және топта диалогтың түрлі нұсқаларын қолдануы қаншалықты тиімді екеніне көз жеткіздім. Бұрын сабақтарда мұғалім сұрақ қойып оқушы жауап берсе сол «диалог»деп ойлайтынбыз. Бірінші бетпе-бет кезеңінде алған теориялық білімімізге сүйене отырып ол тәсілдің қате екенін түсіндім. Мерсердің (1995ж.) айтуы бойынша «мұндай білім алудың түрлері сыныпта диалогтік сұхбат құруға жағдай жасамайды» деген болатын.Осы Бағдарламаны оқу барысында «диалогты оқушы мен оқушы арасында және топтық талқылаудың барысында жүргізу маңызды» екеніне көз жеткіздім.

Сонымен қатар, оқушылар постер қорғағанда олардың топ алдына шығып сөйлеуі алғашқы сабақтардың өзінде-ақ маңызды екендіктеріне көз жеткіздім.Оқушыларым сыни тұрғыдан ойлауға, өз ойын анық, еркін жеткізуге, топпен жұмыс жасауға үйрене бастады және жекелеген оқушыларда өздеріне деген сенімділік пайда болды. Тағы бір өзгерген нәрсе - бағалау. Мен әр сабақта түрлі әдістерді пайдалана отырып, оқушыларға кері байланыс жасаттым. Кері байланыстың нәтижесінде оқушылар сол күнгі өтілген тақырып бойынша сыни тұрғыдан ойлана отырып өз-өздеріне есеп берулері қажет. Бұл жерде мен «Тілек ағашы», «ББҮ» әдістерін пайдаландым десем болады. Осы тапсырманы орындағанда оқушылар қиналды. Алғашқы сабақтарымда оқушылар тек «маған ұнады» дегеннен басқа сөз жаза алмады. Өйткені, бұрынғы сабақтарда мен рефлексия жазуды үйретпегенмін. Балалар кері байланыс жазуға дағдыланбаған. Балалар үшін де, мен үшін де бұл үлкен өзгерістің бірі болды. Біздің бұрынғы сабақтарда пайдаланып жүрген бағалауымыз сонау ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары қалыптасқан жүйе. Ол жүйе бойынша бес балдық бағалауды пайдаланып келдік, бірақ бір деген бағаны мүлдем қоймаған болсақ, екі деген баға өте сирек қойылатын еді. Алайда, бұл жүйенің тиімсіздігі дәлелденіп отыр.Мен осы курстың бірінші бетпе-бет кезеңінен кейін мектептегі тәжірибеде өткен тізбектелген сабақтарымнан бастап формативті бағалауды пайдалана бастадым. Формативті бағалаудың тиімділігі оқушылар әр сабақтан кейін рефлексия жасап өздеріне есеп беріп отырады.

Сонымен қатар, мұғалім оқушының талантты немесе дарынды екенін қалай анықтайды? Бұрынғы сабақтарда дарынды оқушыларға арнайы тапсырмалар дайындаған болсам, енді инклюзивті оқыту бойынша барлық оқушыға бірдей тапсырма дайындадым. Алайда әр оқушының ойлау деңгейі әр түрлі болғандықтан жауаптары да түрлі болып шығады. Сондықтан Брунердің «көпіршелер тұрғызу» идеясына сәйкес (нұсқаулық 42-бет) тапсырмаларды қарапайымнан күрделіге қарай байланыстыра отырып беруді үйрендім. Бұған тізбектелген сабақтар топтамасындағы үшінші және төртінші сабақтарым нақты мысал бола алады.

Енді сабақта мен қалай өзгердім? деген сұраққа жауап берер болсам, басшылық пен бақылауды жүргіздім. Бағыт-бағдар беріп, көмектесіп отырдым, жетекшілік жасадым. Формативті бағалауды жүргізу арқылы келесі сабақты қалай жоспарлау керек, баланың ойын дамыту үшін қандай әдіс қолдану керектігін үйрендім. Еркіндік бердім, оқушылардың арасында ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырдым. Сыни тұрғыдан ойлау арқылы, жетекші сұрақтарға жауап беру, талдау жасау, зерттеу, бақылау жүргізу арқылы жүзеге асырдым. Сабақ берудегі әдіс-тәсілдерімді, орта мерзімді, қысқа мерзімді жоспарларымды өзгерттім. Өз-өзімді реттеуді үйрендім. Рефлексивті күнделік жазуды үйрендім десем болады.



«Алдағы уақытта нені өзгерткім келеді?» деген сұраққа жауап беретін болсам, бұрын оқушыларға дайын ақпаратты беріп олардың өз идеяларымен бөлісуге, өз пікірлерін айтуға мүмкіндік бермеген едім. Бұл әдістердің тиімсіз екенін білдім. Болашақта өз тәжірибемде бұрынғы сабақтан арылып, сыни тұрғыдан ойлауға бағытталған әдістерді пайдалану арқылы өтемін. Сондай-ақ, әрбір оқушының өзіндік менін қалыптастыруға барлық сабақтарымда ықпал етіп отырамын. Ішкі уәжі айқын, өзіне сенімді оқушылар ғана сыни тұрғыдан ойлап, мектепте алған білімдерін өмірмен ұштастыра алады деп ойлаймын.

Пайдаланылған әдебиеттер:



     1.  ҚР жалпы білім беретін мектептері педагогтерінің біліктілігін арттыру курсының бағдарламасы бойынша мұғалімдерге арналған нұсқаулық үшінші ( базалық) деңгей, 2015ж.

     2.www.cpm.kz (Бірінші бетпе-бет кезеңіндегі курс бағдарламасы бойынша мұғалімдерге арналған таратпа материалдары).

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет