Сыр сұхбат «Отырар кітапханасын» қайта тірілту ойда бар



бет1/8
Дата04.11.2016
өлшемі1,59 Mb.
#292
  1   2   3   4   5   6   7   8
СЫР – СҰХБАТ

«Отырар кітапханасын» қайта тірілту ойда бар

Кітап – өркениеттің елшісі

Рухани тәуелділіктен арыла алмай жүрміз

«Үміттің емшегін еміп келемін...»

Жақсылармен жүздесу

«Алаш идеясын тұжырымдау міндеті тұр»

Рухани тәуелсіздік рухани иманда


«Жақсылыққа шөлдеген жүрек...»

Олжас неге әдемі қартая алмады?

Тұрсын Жұртбай: «Көкірегімде Алла мен алаш әкемнің аманатындай...»
*** *** ***

СЫР-СҰХБАТ
*** *** ***
«ОТЫРАР КІТАПХАНАСЫН» ҚАЙТА ТІРІЛТУ ОЙДА БАР
Тәуелсіздігіміздің он жылдығына байланысты ұлтымыздың рухани өмірінде елді елең еткізер елеулі оқиғалардың болып жатқаны белгілі. Бұрынғы рухани тәуелсіздіктің зардаптарын жойып, танымдық тамырларымызды қайта нәрлендіруге бірегей бет бұрып келеміз. Кез келген жас мемлекеттің басынан кешетін саяси-әлеуметтік, экономикалық, құрылымдық қиыншылықтардың тығырығынан құтылып, рухани түлеу кезеңінің алғашқы баспалдағынан аттағандаймыз. Бұның, әрине, көңілге қуаныш ұялатары сөзсіз. Жуырда тағы бір осындай игілікті қадам жасалып, елордамыз Астана қаласында «Отырар кітапханасы» атты рухани орталық дүниеге келді. Осы істің жайымен танысу үшін белгілі жазушы, талантты ғалым Тұрсын Жұртбайға жолығып, сыр суыртпақтаған едік.

Сіз жақында Астанаға шұғыл түрде барып-қайттыңыз. Ұзын-құлақтан естуімізше, кітапханашы болып кеткен көрінесіз...

– Иә, қаламдас достарымның осылай деп қалжыңдап, мұның мән- жайын түсінгеннен кейін ғана ойланып қалғандары бар. Алайда оған мен ешқандай намыстанбаймын және алдағы міндеттерімді есіме алсам, Алла сәтін салып, жүзеге аса қалған жағдайда, бұл «кітапханашылығымның» нәтижесі ұлтымыздың рухани ұйытқысының бірі болады деген сенімдемін. Тәуелсіздігіміздің он жылдығына орай құрылған мемлекеттік комиссияның төрағасы, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры, профессор Мырзатай Жолдасбеков, ҚР Президенті Әкімшілігі қоғамдық-саяси бөлімі меңгерушісінің орынбасары Төлен Әбдіков сияқты азаматтар үлкен бір істі ойластырып, қалай да қазақтың көне жазбалары мен кітап мұраларын, қазақ халқының тарихына қатысты алыс-жақын шетелдердегі жәдігерлерді бір орталыққа жинастырып, еліміздің игілігіне айналдыруға ниеттеніпті. Қазіргі жағдайды ескере отырып, Еуразия университеті кітапханасының негізінде ғылыми-зерттеу бағытына негізделген «Отырар кітапханасы» атты рухани орталық ашуды ойластырған екен. Сол жұмысты жүзеге асыруды және ұйымдастыруды маған тапсырып отыр. Архив, көне қолжазбалар мен сирек кітаптарды пайдалану ісімен аздап таныстығым ескерілген болу керек. И.Тасмағамбетов пен М.Жолдасбеков мырзалардың алдынан өтіп, негізгі мақсаттары мен міндеттерін түсініп, «Университет кітапханасының директоры» деген пәрменді қолыма алып, енді соның алдағы міндеттерін барынша нақтылау үшін екі-үш күнге Алматыға келген жайым бар.

Бұл игі бастама мемлекетіміз үшін аса қуанышты хабар екен. Өткен жылғы Мәскеу мен Санкт-Петербург музейлері мен кітапханаларын екі ай бойы аралап, олардағы тарихи һәм мәдени жәдігерліктермен танысып, зерттеп қайтқан «Қазақ әдебиеті» газетінің ғылыми экспедициясының жетекшісі ретіндегі қызметіңіздің бұған жәрдемі тиер деген ойдамыз. Негізінен қаламгерлер мен зиялы қауымның басылымы болғандықтан да біз әр жазушының мемлекеттік іске араласуын назарда ұстаймыз. Әлі толық күш алып кетпеген істің негізін қазымырлап жатқанымыз әбестеу болар. Бірақ естуімізше, Сіз, қазірдің өзінде біраз мекемелер мен зиялы қауымның алдынан өтіп үлгеріпсіз. Ондағы мақсатыңыз қандан?

– Міндетті мойынға алу бар да, орындау бар. Бұл – үлкен жауапкершілікті іс. Сондықтан да қандай мүмкіндігіміздің барын таразылап, Үкіметтің алдына мәселе қою үшін Мырзатай ағамыз мені Алматыға жіберді. Бірінші міндетім, осындағы Ұлттық және Орталық ғылыми кітапханалардың, Орталық мұражайдың ішкі құрылымымен тереңірек танысу, ортақ тұжырымдама жасауға мүмкіндік беретін пікірлерді жинақтау. Екінші, Еуразия университеті кітапханасындағы 700 мың кітаптың 30 мыңы ғана қазақ тілінде екен. Ал біздің зиялы қауымның қолындағы ұзақ жылдардан бері жинақтаған кітаптары белгілі бір дәрежеде сол кітап қорының олқылықтарын толтырар еді. Сол мақсатпен сауын айта келген жайым бар. Бұл ретте түсіністікпен қарап, қолұшын беруге ұмтылған жазушы, ғалым ағайындарға мың да бір рахмет. Бұл мақсатқа толық жететіндей мүмкіндігіміз бар екен. Әсіресе, бұл іске барынша қуанған Қалтай Мұхамеджан ағамыз мені «байытып» тастады. Қал-ағаң өзінің кітапханасындағы мақсатты басылымдарды қоспағанда, аса сирек кітаптарды сыйлауға уәдесін берді. Мысалы орыс шіркеуі бір «Волгаға» айырбастауды ұсынған 1656 жылы бұзау терісімен қапталған «Евангелияны», 1768 жылғы Баядүр ханның шежіресін, Әт-Табаридің түрікше шыққан үш томдық «Тарихын», Құранның он бес тілдегі басылымын, Монғол хандарының шежіресін, Ислам тарихына қатысты ондаған сирек қолжазбалар мен басылымдарды, Кауфманның «Түркістан альбомын», Орта Азия тарихшыларының және Орта Азия туралы өзге де сирек кездесетін тарихи кітаптарды, қазақ басылымдарының 1920-30 жылдардағы тігінділерін, 1897 жылғы санақ туралы басылымдарды «Отырар» жәдігерлігіне тапсырмақ болды. Мәскеуге емделуге бара жатыр екен. Алла деніне қуат берсін! Ал Тұрсынбек Кәкішев ағамыз бізден бұрын да бұл мәселені ойластырып, кітаптарын қомдап қойған екен. Әдебиет тарихына қатысты өмірбойы жиған мақсатты кітаптары мен «Садақ» журналының және өзге де ертеректе шыққан басылымдарды ұсынар деген үміттемін. Ақын Несіпбек Айтұлы өткен ғасырда араб, парсы тілдерінде шыққан қазақ тарихына қатысты екі кітап ұсынбақ. Араб әрпінде жазылған қолжазбалар мен кітаптарды түгелдей сыйламақ. Серік Қирабаев, Әбілхамит Нарымбетов, Қабдеш Жұмаділов, Қадыр Мырзалиев ағаларымыз да «кәдесіз» қалдырмайтын түрлері бар. Жазушылар одағының бірінші хатшысы Нұрлан Оразалин бұл мәселеге ерекше назар аударып, кітаптарды жинақтайтын арнайы орын бөліп бермек те болды. Бұл істің басы ғана. Енді осы ойларды ортаға салып, істі нақтырақ мақсатқа құру үшін Астанаға асығып бара жатырмын.

Үкіметіміз рухани дүниемізге шындап мойнын бұрған екен. Ісіңізге табыс, қызметіңізге сәттілік тілейміз. Бұған қалың қазақ елі де жұмыла атсалысар деп ойлаймыз.


Әңгімелескен: Думан Рамазан

//Қазақ әдебиеті – 30.03.2001ж. – №13(2695)
*** *** ***
КІТАП – ӨРКЕНИЕТТІҢ ЕЛШІСІ
«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының құрылып, жұмыс істей бастағанына жылға жуық уақыт өтті. Алғашында бұл бастамаға күдік-күмәнмен қарағандар да болды. Дегенмен, осынау аз мерзім ішінде тақырыптық көрмелер ұйымдастыру, кітап қорын молайту, оқырмандар тарту бағытында түрлі игі шаралар жүзеге асырылды. Қазірдің өзінде кітапхана қоры 1 миллион 200 мыңға жетіп отыр. Осыған орай Орталық директоры, жазушы-ғалым Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайды әңгімеге тартқан едік.
«БІЗДЕ ШАЛҚАЙҒАНДЫ ЕҢКЕЙТЕТІН, МЕНМЕНСІГЕННІҢ ЕҢСЕСІН БАСАТЫН ҚҰНДЫ ҚАЗЫНАЛАР БАР»

Халқымыздың рухани тарихындағы аса қасиетті әрі ең өкінішті оқиғаның бірі – Отырар кітапханасының өмір сүруі мен оның із-түзсіз жоғалып кетуі. Бұл өзі аңыз ба, әлде шындық па? Сіздердің қолдарыңызда сол әфсананы ақиқат ретінде дәлелдейтін нақты деректер бар ма? Егер ондай мағұлматтар болған жағдайда бұл кітапхананы неге өзінің тарихи отанында ашпадыңыздар және осы бастамаға мұрындақ болған кімдер?

– Ұлтымыздың руханияты тек өкініштерден қалыптасты, соны жоқтау арқылы ғана жұбаныш табамыз, өткенді қалпына келтіремін деу – жай аңсар ғана – деген емеурінді естіп те, ағайындардың ақырын жымсытқан арыздарынан оқып та жүрмін. Жоғарыда сен көлденең тартқан сауалдар маған зиялы қауым тарапынан да жиі қойылды. «Күлтөбеден күмбез тұрғызбақ, күлеміштен кітап жасамақ» деп мазақтағысы келіп, айыздарын қандыра баспасөз арқылы сайқымазақ етуге ұмтылғандар да болды. Алайда, өткен жылдың желтоқсан айында өткен «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының тұсаукесер рәсіміне байланысты ұйымдастырылған республикалық кітап көрмесінен кейін орыс тілді баспасөздердің жағы қарысты. Бірақ сонау ІХ ғасырдан бастау алатын жазба мұралар туралы жұмған ауыздарын ашпады. Ал ана тіліміздегі басылымдар көңіл де бөлмеді. Көңілдеріне келмесін, «Отырар кітапханасы» сериясынан жинақтары жарық көрген жазушылар мен ақындардың соны көруге мұршалары келмейді-ау деймін. Ұлттық және ғылыми кітапханалардағы және біздің орталықтағы сирек қолжазбалар мен кітаптар көрген көзді тұндырып, көңіл суытқандай еді. Асылық айтты демеңіз, осы елуге шейін жазу тарихына, оның ішінде қазақ руханиятына қатысты осындай мазмұнды көрмені кезіктірмеппін. Мәскеу мен Санкт-Петербургтің де талай кітап жаймасы мұндай әсер еткен емес. Демек, бізде шалқайғанды еңкейтетін, менменсігеннің еңсесін басатын құнды қазыналар бар. Ал, көшпелілер кеңістігіндегі «екінші даналық үйі» туралы: «Отырардың даңқы шарапханасымен емес, мейманханасымен емес, әйгілі кітапханасымен шықты» - деген қытай саяхатшысы Лу-Цзиннің пікірі аңызды ақиқатқа айналдыруға толық кепілдік беретін дәйек деп есептеймін. Заттай айғақтарды да көрмеге қоятын күн алыс емес. Тек Алла сәтін салса, қаражат табылса, қисыны келетін іс.

Ғылыми орталықты неге Отырар қаласынан ашпады деген сауал жиі қойылады және: «Сол кітапхана қорының тізімін жасап берер едім. Тек...» деп тілінің астына маржан сала қоятын, ар жағын айтпай емексітетін ағайындардың дөңайбатын да оқыдық. Халықтық ғылыми кітапхананың мақсаты мен міндетін баршаға хабарлап, қырық адам қол қойған Үндеу жариялап, сауын айттық. Әлі де ілтипатымыз суыған жоқ. Мүдделіміз. Алайда, сол ағаларымыз білгенін еліне бұлдағандай көрінуі маған түсініксіз. Отырарда музей-кітапхана бар. Онда Абдолла Жұмаш деген өз ісіне көзсіз берілген азамат қызмет істейді. Сол оқымыстының өзі: «Ғылыми орталықтың Астанадан ашылғаны өте дұрыс. Бұл кітапхананың маңызын ұлттық деңгейге көтереді әрі құнды қолжазбаларды бір орталыққа топтастыруға, реставрация жасауға және зерттеуге кең жол ашады. Оның маңызын әлемдік деңгейге көтереді. Қанша тырысқанымызбен Отырарда ондай мүмкіндік тумайды, қолжазбалар тек мұражайдың экспонаты ретінде ғана сақталады. Сондықтан да мен өзімнің тапқан құнды кітаптарымның ғылыми орталықта сақталғанына барынша мүдделімін» - деді. Міне, осы сөзде шынайы көңіл мен шындық бар. Екіншіден, біз Астанамызды рухани тұрғыдан қасиеттендірудің де қамын қарастыруымыз қажет. Ол – жалпы ұлттық міндет. Әу баста «Отырар кітапханасы» Ұлттық ғылыми орталығын құру туралы Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов ұсыныс жасағанда ақыл қосқан Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдіков, Мырзатай Жолдасбеков, Ұлықбек Есдәулет сынды ел абыздары да астананың рухын көтеретін «даналық үйінің» Астана қаласында бой көтергенін лайық санаған. Менің ойымша бұл бірден-бір орынды әрі алысты көздеген мақсатты байлау. Қазір соның дұрыстығына мойынсынып қалдық. Қолжазбалар мен кітаптарды сатып алатын қаржының қиындығын былай қойғанда, қолда бар ескі қолжазбалар мен кітаптарды реставрациялап, қағазды өзіне тән «дертінен» емдеудің өзі әжептәуір қиындыққа жолықтырып отыр.

Ғылыми орталықтардың ашылғанына тура бір жыл толды. Халыққа Үндеу жарияланды. Тұсаукесерінің куәсі болдық. Алайда, біздің елімізде қалыптасқан келеңсіз бір «дәстүр» бар. Ұрандатып, «жасасындатып» бастаймызда, науқан өткен соң ұмытып кетеміз. «Отырар кітапханасы»да соның керін құшқан жоқ па?

– Ондай дәндүріс «дәстүрдің» дертіне ұшырай қойғамыз жоқ. Халық та, қамқоршыларымыз да назарынан тыс қалдырар емес. Жыл басында Үкіметтік деңгейде әңгіме көтеріліп, ғылыми орталықты одан әрі дамытудың жолдары қарастырылып, «даналық үйінің» аты мен затына, бүгінгі күннің талабына сай дербес ғимарат салу, республика мен ТМД көлемінде ғылыми экспедиция ұйымдастыру, құнды мұраларды сатып алуға қаржы бөлу мәселелерін бюджеттік тұрғыдан тиянақтау көзделген еді. Бұл жобалар сіздер мен біздерге түсінікті себептермен әзірше саябыр тауып тұр. Бірақ Премьер-министр И.Тасмағамбетов мырзаның ықыласы түзу, ниеті қабыл. Таяу арада арнайы талқыланып, жаңа талаптарға орай бұрынғыдан да кең ауқымда шешімін табатынына сенім зор. Сондықтан да «қазан ауызы жоғары» екеніне еш күмәнім жоқ. Астананың көркіне көрік, қасиетіне қасиет қосатын киелі ғимараттың жақын жылдары бой көтеретіні кәміл.

Ал бір жылдың ішінде не бітті дейсіз бе? Ұйымдастыру-құрылымдық жұмыстар толық аяқталды. Кітапхана үйі күрделі жөндеуден өтті. 15 ғылыми қызметкерге штат берілді. 2 ғылым докторы, 2 ғылым кандидаты, екі ізденуші сирек қолжазбалар мен кітаптарды зерттеп, сипаттама жазып, ішінара қазақ тіліне аударуға кірісті. Кітапхананың ғылыми қорындағы қолжазбалардың негізінде екі қызметкеріміз кандидаттық диссертация қорғау үшін арнайы тақырыппен жұмыс істеуде. Алла жазса, биылғы жылдың аяғы мен келер жылдың басында талқылауға ұсынады. Біздің кітапхана Астанадағы бірден-бір ғылыми-көпшілік кітапхана. Өткен жылы орталық қорының 4 пайызы ғана қазақ кітаптарының еншісіне тиетін. Қазір оның мөлшері 20 пайыздан асты. Соңғы 6 айдың ішінде 12 миллион тенгенің кітабын алдық. Мұның барлығы Л.Н. Гумилев атындағы Ұлттық университеттің ректоры, профессор Мырзатай Жолдасбековтың тікелей қолдауының нәтижесінде жүзеге асып отыр. Академиктер Әлкей Марғұланның, Мұхамеджан Қаратаевтың, қарт қаламгер Сапарғали Бегалиннің, тілші-ғалым Рабиға Сыздықованың кітапханалары орталықтың төрінен орын алды. Әрине, мұның барлығын университеттің өлшеулі қаржысымен сатып алу мүмкін емес. Арнайы қаржы бөлінбесе, жоғарыда өзіңіз сақтандырғандай, «су аяғы құрдымға» айналуы ғажап емес. «Отырар кітапханасының» құрылуы – сирек кітаптар мен қолжазбаға деген қызығушылықты тудырғаны анық байқалады. Осыны пайдаланып, кейбір пысқайлар кітап саудасының нарқын қасақана көтеріп, өздерінше «бизнес» жасағысы келіп, асықша үйіріліп жүр. Әр нәрсенің өз құны, бағасы, жөн-жобасы бар. Осыны ескерте кеткім келеді. Есепсіз дүние жоқ.

«КҮЛТӨБЕДЕ КӨМІЛГЕН, ОТҚА ӨРТЕНГЕН МҰРАЛАР КӨП-АҚ»



Ғылыми орталықтың негізгі мақсаты – қазақ тарихы мен руханиятына қатысты құнды қолжазбалар мен кітаптарды жинақтау ғой. Талай талқыны басынан кешкен халқымыз «балапан басына, тұрымтай тұсына» деп күн кешіп жүргенде, кітапты сақтап қала алмаған шығар. Мұның өзі үмітсіз әуре емес пе?! Шет елдерден қандай мұрағат қолдарыңызға түсті?

– Күдігіңіз де, дәйегіңіз де орынды. Күлтөбеде көмілген, отқа өртенген мұралар көп-ақ. Бірақ осы бір жылдың ішінде ешқандай ғылыми экспедицияға шықпай-ақ, есте қалған ескі мұралардың иелеріне хабарласып, ұзынсонар тізімін жасағанымда, оның саны 5 мыңға жетті. Соның ішінде ІХ ғасырда дүниеге келген, түпнұсқасы Ауған соғысында өртеніп кеткен «Ләтафат-наманың», Қашқари қолжазбаларының ғылыми көшірмелері (Түркия), Фарабидің 12 қолжазбасының (Иран) көшірмесі, ХІV ғасырда жазылған «Күңзы тәмсілдері» (Қытай, түпнұсқа), «Кодекс-куманикус» (3 дана!) сияқты жәдігерлердің бар екенін айтсам да жеткілікті болар. Демек, халқымыз қазынасын сақтай білген. Мысалы, тұсаукесер рәсімі кезінде Астанадағы мешіттен үш жүздей ескі кітапты көрмеге қойдық. Кейін ғылыми қызметкеріміз Иманғазы Нұрахмет соның ішінен жиырмаға тарта халық әдебиетінің нұсқаларымен, хиссаларды анықтады. Ең танңданарлығы әлгі қолжазбаның біреуі көне түркінің жыл қайыру күнтізбесі болып шықты. Кезінде ықтияттап тыққызған мұраларды текті дегдарларымыз мешітке апарып тыққызған ғой. Алланың үйінен пана тапқан мұндай қолжазбалардың ескі мешіттерде сақталып қалуы әбден ықтимал. Осыған орай бас мүфтиіміз, көне мұрағаттардың жанашыры әрі зерттеушісі, профессор Әбсаттар Дербісәліге арнайы хат жазып, көзқарақты болуын өтінген едім. Әзірге жауап ала қойғамын жоқ. Пайғамбарымыз Мұхаммед саллал-ла ху ғалейхи уәс-саламның «Сәлемге сәлем – парыз» дегені бар ғой. Түбі игілікті уәжін жолдайды деген сенімдемін. Ақмолалық қаламгер-өлкетанушы апамыз Клара Әмірқызы Ақан серінің кітапханасында сақталған «Төрт дәруіш» атты қомақты кітапты табыстады. Ақан бабамыз жас шағында серілік құрғанымен, өмірінің негізгі бөлігін софылықпен өткізгенін біреу біліп, біреу білмейді. Осының өзі үлкен қазына емес пе. Аманбек Төлепбергенов деген шығыстанушы баспагер жігітіміз 1742, 1754, 1888 жылдары Гамбургте, Лондонда шыққан «Каспи өңіріне саяхат» (картасы бар), «Сақтар», «Кушан», «Тохарстан» атты кітаптардың көшірмесін Иран кітапханаларынан алып келіп тапсырды. Жуырда Сыртқы істер министрінің орынбасары Д.Қуанышев мырза тағы да сол Иран кітапханаларынан Қожа Ахмет Иассауидің бірнеше қолжазба кітаптарының табылғаны туралы хат жолдап, керек болған жағдайда елшілік арқылы қолұшын беретіндігі туралы ниет білдіріпті. Кісілігіне де, кішіпейілдігіне де рахмет айтып, біздің аса ықыласты екенімізді хабарластық. Ресейдің ірі кітапханаларында Қазақстанға қатысты немесе қазақ тілінде шыққан кітаптар мен басылымдар өте көп. Кейбіреулерінің 15 данасы сақталған. Оларға керегі соның 2-3 данасы. Қалғандарын «запасниктерге» жіберуде. Оларға мұның сонша қажеті жоқ. Мемлекеттік келісім арқылы есептен шығарып, бізге тегін беруге ықтиярлы. Іздестіру, тізімдеу, ресмияттан өткізу, кеден мен көлік салығын төлеу шығындарын көтеріп алсақ болғаны. Бұған Ұлттық кітапхана директоры Р.Бердіғалиеваның келісіп қойған жайы да бар. Өзге дүниелерді таратып жатпағанның өзінде, жоғарыда аталғандардың бағасыз байлық екені анық қой. Сондықтан да ауызды құр шөппен сүртудің еш реті жоқ. Іздесек – әлі талай қазынаның үстінен шығарымыз анық. Мен бұл арада еуропалық құнды басылымдар туралы сөз қозғап отырғамын жоқ. Айтпақшы, аса бір құнды қолжазбаны ұмытып барады екенмін. Левшиннің «Қазақ-қайсақ тарихы» атты зерттеуінің 1828 жылғы поляк тіліндегі қолжазбасын бізге жазушы Ақселеу Сейдімбек табыс етті. Жазуы сондай мәнерлі, ішінде қазақ шежіресіне қатысты кестелер бар. Демек, ғылыми орталықтың қолжазба қоры өзінің түпкілікті мақсатына бет бұрды деп толық айтуға болады.

Қалың елге жар салып, сауын айтып, халықтық кітапхана жасаймыз деп Үндеу жарияладыңыздар. Қазіргі есеп-қисап тұрмысты билеген заманда мұның өзі жарнамалық сипатта ғана қалып қойған жоқ па? Сондай-ақ біздің жазушылар мен ғылым, мәдениет қайраткерлері бұл іске қаншалықты атсалысты?



– Халықтың «Отырар кітапханасына» деген ықыласы мен құрметі ерекше. Мысалы, Сара Көлбайқызы деген қарындасымыз бабасының медресесінде жинақталған қолжазбалар мен ғұсный жазуларды қадірлей сақтап келіп: «Әкем сенімді қолға тапсырарсың деп аманаттанып кетіп еді. Ата өсиетін орындадым. Енді жаным тыныш тапты» - деп бізге сыйға тартты. «Бурабай» емдеу-санаторийінің бас дәрігері Қайырлы Құрманов 1000 дана бағалы кітаптарды өз көлігімен әкеп берді. Бұл мекемеде 1941-1945 жылдары СССР Ғылым академиясының академиктері орналасқан екен. Жаңағы кітаптар сол зиялылар ұйымдастырған кітапхананың қоры болып табылады. Сейіт Кенжеахмет ағамыз сонау Арқалықтан жирмадан астам ескі мұраларды бізге табыс етті. Қазір өз еркімен кітап сыйлаған адамдардың ұзын саны 5 жүзден асты. Таяуда ғана аяулы Әбілмәжін Жұмабаев ағамыз 700 кітапты базарлық ретінде ұсынды. Жалпы алғанда жазушыларымыз өздерінің ұлттық руханиятқа деген ерекше құрметін танытты. Газет арқылы олардың баршаларына ерекше ықылас білдіреміз. Ал ғылым мен мәдениет саласының өкілдері бұған ықылассыздау қарайтын сияқты. Өтініштеріміздің жүре тыңдайтындай сенімсіздік танытады. Реті келгенде айта кетейін, жазушы ағайындардың қолтаңбасы қойылған кітаптар жеке сөреге қойылып, сирек дана ретінде сақталуда. Қолтаңбалы кітаптардың арнайы көрмесін де ұйымдастырдық. Қайталап бір еске сала кететін жай, қаламгерлеріміздің қолжазбаларын да қабылдаймыз. Мұның өзі тек мұрағат қана емес, сонымен бірге ғылыми қолжазба болып та есептеледі. Ондай игілікті істі бастап та кеттік. Мысалы, қадірлі қарт жазушымыз марқұм, Сапарғали Бегалиннің ұзақ жылдар бойы халық ақындары мен өнер иелері туралы өмірбаяндық, этнографиялық деректер жинағы, Шоқан, хан Кене, Жамбыл туралы деректі кітап пен дастан жазғаны белгілі. Сапакеңнің сол мұраларын үлкен ұлы Хамит Бегалин мен ақын Несіпбек Айтұлы орталықтың қолжазба қорына тапсырған болатын. Бұл мұрағаттармен таныса келгенде әдебиет тарихына аса елеулі жаңалықтар әкелетін құнды қолжазбалар мен құжаттарға тап болдық. Абылай, Кенесары, Абай, Жамбыл, Шоқан, Құнанбай, Ахмет, Мағжан, Майра, Әміре туралы жазбалар өте құнды. Кезінде Абайдың ықыласы ауған Қуандықтың ұлы Төлеу Көбдіковтың мұраларының ішінде атақты Ақтайлақ би туралы дастан бар екен. Несіпбек ақын қазір ғылымға бет бұрып, Сапекеңнің туған елінде ашылған, қазір қараусыз қалған Абыралы ауданнының мұражайындағы құнды мұрағаттарды Алматындан Абыралыға арнайы аттанып, көлік жалдап, орталықтың ғылыми қорына тапсырды. Біз арнайы мемориалдық бөлме жарақтауды ұйғарып отырмыз. Сондай-ақ Сапарғалы Бегалиннің толық шығармалар жинағын дайындауын қолға алмақпыз. Бұл «Отырар кітапханасының» түпкі мақсатына сайма-сай келеді. Егер де қазақтың белгілі қаламгерлерінің кітапханасы түгілі қолжазбаларының ізім-ғайым күйге ұшырағанын еске алсақ, біздің бұл ісіміздің игілігіне ешкім күмән келтірмесе деймін. Ал Сапекеңдікі сияқты қымбат мұралар әр жазушының тартпасында сақтаулы тұрғанына көзім анық жетпейді. Соларды ел игілігіне жарататын кез туды. Жуырда академик Мұхаметжан Қаратаевтың келіні Жәмила жеңгей көрнекті ғалым ағамыздың кітапханасы мен қолжазбаларын, құнды мұрағаттарын, күнделіктерін «Отырар кітапханасына» өткізді. Мұрағат ғылыми сыпаттамадан өткізілгеннен кейін ол туралы зиялы қауымға тиісті мағлұмат береміз.
ҚАЛ-АҒАНЫҢ ӨСИЕТІН ФАРИДА ЖЕҢГЕЙ МЕН БАЛАЛАР ОРЫНДАДЫ
«Отырар кітапханасы» жанынан музей-кітапхана құрылады екен деген сөз бар. Мұны қалай түсінуге болады.

– Орталықтың негізгі үш бағыты бар. Олар: бірінші, көне қолжазбаларды жинау, зерттеу, өзге тілдерден аудару, ғылыми айналымға түсіру. Екінші, қазақ жазуының тарихи туралы музей жасақтау, сол арқылы кітаптану ілімі саласын дамыту, мәдени-рухани қызмет көрсету. Үшінші бағыт кітапхана ретінде ғылыми-ағарту саласына атсалысу. Қазір мәдени-мұрағат және жазу музейін қолға алу сәл саябырсып тұр. Біз қазақтың көрнекті жазушылары мен ғалымдарының, өнер қайраткерлерінің кітапхана-музейін жасақтауға қазірдің өзінде кірісіп кеттік. Әлкей Марғұланның, Мұхаметжан Қаратаевтың, Сапарғали Бегалиннің мемориалдық бөлмелері таяу арада жүзеге асырылады. Мұнда осы адамдардың жұмыс кабинеті көзі тірісінде қалай орналасса, тура сондай қалыпта сақтамақпыз. Оқырмандар мен зерттеушілердің психологиясына ол кісілердің жан дүниесі мен ғылыми ілім санатын етене сезінуге әсер етері сөзсіз. Әр кітаптың тұсындағы ол кісілердің салған белгісінің өзі ой-түйсікке қанат бітірмей ме? Қазір қаншама ағаларымыздың кітапханалары мен қолжазбалары талан-таражға түсіп, шашылып кетті десеңізші!.. Сол мұралар да біздің рухани тарихымызды құрамай ма?! Әркімнің қолында кетпей, бір арада жинақталып тұруының өзі, оларды қасиеттендіріп жіберетіні сөзсіз!.. Сол адамдардың қолжазбаларын жүйелеп, көп томдық шығармаларын дайындап, ғылыми сыпаттама жасап, түсініктемелер жазып, тас-түйін етіп дайындап қойсақ, соның өзі үлкен жетістік емес пе! Сөйтіп, өзімізді-өзіміз қадірлей білуге бет бұрмақпыз.

Бұл ретте марқұм Қалтай Мұхаметжановтың әруағына және Фарида жеңгейге, балалары Жәмила мен Тимурға дән ризашылығымызды білдіреміз. Ағамыз Мәскеуге аттанар соңғы сапарында «Отырар кітапханасына орыс патшасы Алексей Михайловичтің (Петр І әкесі) бұзау терісінен қаптатып жасатқан «Евангелия» кітабын, Ат-Табаридің түрік тіліндегі еңбегін (орыс тілінде бір-ақ томы), Моңғол хандары мен Баяндүр ханның тарихын, Қазақстан туралы орыс және шет тілдеріндегі жинақтарды, Кауфманның «Түркістан альбомын» (1884), ХІХ-ХХ ғасырлардағы араб қарпіндегі қолжазба кітаптарды, 1900-1930 жылдар арасындағы қазақ баспасөздерінің тігіндісін, «Құран-Кәрімнің» 15 тілдегі нұсқасын, тағы да басқа кітаптарды сыйға тартатыны туралы айтып еді. Осы уәдесін орындауды Фарида жеңгейге аманаттап кетіпті. Фарида жеңгей мен балалары Қалағаңның сол өсиетін орындады. Ғимаратымызды келіп көріп кетті. Алла жазса, күзде Қал-ағаңның мұражай-кітапханасын дербес бөлме етіп ашуды көздеп отырмыз. Тұрсынбек Кәкішев ағамыз да қазақ әдебиетінің тарихына қатысты 6 мың сирек қолжазбалар мен кітаптарды бізге ұсынбақ. Сахи Романов пен Рабиға Сыздықова апаймен де келісім-шартымыз бар. Белгілі этнограф-шежіреші Жағда Бабалық ағамыз да өзінің қолындағы 300-ге тарта қолжазбалар мен кітаптарды, әр жерде белгісіз болып жатқан таңбалы тастар мен жазулардың мекен-жайы көрсетілген карта мен мағұлматтарды беруге ықылас білдірді. Міне, осының өзі-ақ ғылыми орталықтың әдеби музейдің қызметін атқаратынын байқатады. Бұл құнды мұралар тек студенттерге ғана емес, зерттеушілерге де зор көмегін тигізері сөзсіз.

Әдеби музей ашу туралы әңгіменің қозғалғанына, арнайы шешім қабылданғанына да ширек ғасырдан асып кетті. Ал мына бастамаларыңыз соның тікелей шешім тапқан көрінісі сияқты. Ондай ойларыңыз жоқ па, арнайы мәселе етіп көтеруге тұрарлық игі іс екен.

– Бұл – рухани мүделіліктен туған шешім. Ғылыми орталықтан түпкі нысанасы – классикалық үлгідегі рухани ғимаратқа айналу. Іздегенің бір жерден табылып жатса, одан артық не керек. Осыған орай Мырзатай Жолдасбеков ағамыз арнайы орын бөлу мәселесін алға қойып, Үкіметке ұсыныс түсірді. Жазу мен жазушылар музейі бір ғимараттан орын алса, тіпті, жарасымын тауып кетпей ме! Сол арқылы кітап қоры мәселесін де, мәдени-ағарту шараларын да шешіп алмаймыз ба! Біз бұған ерекше ынта қойып отырмыз. Мемлекет тарапынан да қолдау табатынына сенеміз.

Сіздің сөзіңізге қарағанда «Отырар кітапханасының» барлық мәселесі өзі-өзінен шешіліп жатқан сияқты ғой. Сонда ешқандай мұқтаждықтарыңыз жоқ па?

– Неге болмасын. Бұрын үлгіге түспеген жаңа істің өзі тек мұқтаждықтан құралмай ма?! Кітаптарды өңдеу, сақтау сияқты салалық мәселелерді ойласаң төбе шашың тік тұрады. Бірақ, «Жоқ! Жоқ!» дей берсең, жұтай бересің. Сол жоқтың өзін жонып, ісіңе жамау етсең – жыртығың жамала бермей ме! Сондықтан зарлай бергенше, атқарылар шаруаның ыңғайына барлау жасай беруді жөн көрдік. Түбі құтты, қайырлы болады деп сенемін. Кітапхана мәдениетін көтеру – ұлт мәдениетін көтеру. Кітапханаға деген көзқарас арқылы сол мемлекеттің даму деңгейін, саяси-мәдениетін, бүгіні мен келешегін тануға болады. Кітап – өркениеттің елшісі. Ендеше, ісіміз – ақ, бағытымыз – дұрыс, ниетіміз – қабыл деп есептеймін.

Әңгімеңізге рахмет. Ісіңізге табыс тілейміз.



Сұхбаттасқан Думан Рамазан

// Қазақ әдебиеті. – 2002 жыл. – 21 маусым. - №25(2759)
*** *** ***




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет