Гипоксия (грек.hypo-аз,төмен,oxygenium-оттегі) оттегінің жеткіліксіздігін көрсететін термин.Тіндерге оттегінің аз жеткізілуінен немесе жасушалардың оттегін тотығу-тотықсыздану үрдістеріне пайдалануы бұзылуынан организмде дамитын біртектес дерттік үрдістерді гипоксия дейді.
Гипоксия көптеген аурулардың дамуында маңызды орын алады.Ол әртүрлі себептерден дамуы мүмкін.Соған қарамай гипоксиядан дамыған дерттер мен конпенсациялық серпілістердің көріністері өзара өте ұқсас болып келеді.Сондықтан гипоксияны біртектес дерттік үрдістерге жатқызады.
Гипоксияны жіктеудің бірнеше түрлері бар.Солардың ішіндегі маңыздысы И.Р.Петровтың (1949ж.) жіктеуі.Бұл жіктеу бойынша барлық гипоксия 2 үлкен топқа бөлінеді: а) экзогендік гипоксия ә) эндогендік гипоксия.Экзогендік гипоксия дем алатын ауада оттегінің үлестік қысымы төмендеуінен дамиды.Эндогендік гипоксия организмнің әртүрлі аурулары нәтижесінде байқалады.Бұл гипоксияны пайда болу себебіне және даму патогенезіне қарай И.Р.Петров:
1.тыныстық;
2.қанайналымдық;
3.қандық;
4.тіндік(гистотоксиндік);
5.араласқан –деп 5 түрге ажыратты.
Өту жылдамдығы бойынша:жедел-бірнеше секундтың ішінде дамитын,қауырт-бірнеше минуттың ішінде дамитын және созылмалы-бірнеше аптадан,айлар-жылдар бойы созылатын гипоксияның түрлерін ажыратады.
Жедел дамитын гипоксия асфиксия кезінде,ауыр қансыраулардан кейін,қатты иіс тигенде,цианидтермен уланғанда,шок,коллапс кездерінде,өкпе ісінуі нәтижесінде ж.б. дерттерден дамиды.
Созылмалы гипоксия ұзақ өтетін өкпе аурулары кездерінде жүрек әлсіздігі,анемиялар т.с.с. дерттердің нәтижесінде біртіндеп дамиды.Соныменбірге ірі қалалардың ауасы автокөліктердің және жылу өндіретін өндірістердің газдарымен ластануларынан және олардың тұрғындары таза ауада аз болуларынан созылмалы гипоксия дамитыны белгілі.Осыдан қала тұрғындарының арасында жүрек аурулары,гипертониялық ауру,тыныс алу ағзаларының ж.б.аурулары жиі кездеседі.
Экзогендік гипоксия.Дем алатын ауада оттегінің үлестік қысымы төмендеп кетуінен экзогендік гипоксия дамиды.Ол 2 түрлі жағдайда болуы мүмкін:
1.адам теңіз деңгейінен жоғары биіктіктерге көтерілуінде;
2.ауасы алмастырылмайтын тар кеңістіктерде,терең құдықтарда,су астында жүзетін қайықтарда,жұмыс істегенде немесе хирургиялық операция кезінде қолмен демалдыратын құрал істен шыққандабайқалады.
Бірінші жағдайда биіктіктерге көтерілуден адамды қоршаған ортада атмосфералық (барометрлік) қысым төмендеуіне байланысты онда оттегінің үлестік қысымы азаяды.Осыдан организмде гипоксия дамиды.Бұндай гипоксияны гипобариялық (экзогендік) гипоксия дейді.
Екінші жағдайда адамды қоршаған ортада барометрлік қысым қалыпты деңгейде болғанына қарамай дем алатын ауада оттегінің үлестік қысымы қатты төмендейді.Бұндай гипоксияны нормобариялық гипоксия дейді.
Бұл 2 жағдайда да өкпеде гемоглабиннің оттегіге қанығуы нашарлайды,қанда оксигемоглобин және оттегінің кернеуі азаяды,онда керісінше,тотықсызданған гемоглобин көбейеді.Осыдан гипоксемия дамиды,цианоз байқалады.Тіндерге оттегі аз түседі де,оларда тотығу-тотықсыздану үрдістері бұзылады.Дегенмен бұл үрдіс қандағы оттегінің деңгейі белгілі мөлшерге дейін төмендегенше жүріп жатады.Оттегінің одан ары қарай азаюы тіндік тыныстың толық бұзылуына әкеледі.Сондықтан,тіндерде тотығу-тотықсыздану әлі жүріп жататын оттегінің кернеуі дейді.Ол артериялық қанда с.б.б. 27-33мм,веналық қанда-с.б.б. 19мм-ге тең болады.
Экзогендік гипоксия кезінде оттегінің қандағы деңгейі азаюына байланысты тыныс алудың жиілеуінен көмірқышқылы көптеп организмнен сыртқа шығарылады.Осыдан оның қандағы деңгейі төмендейді,гипокапния дамиды.Бұл өз алдына оксигемоглобиннен оттегінің ажырауын және оның тіндерге берілуін тежейді.Гипервентиляцияның нәтижесінде организмде СО2азайып кетуден тыныстық алкалоз дамиды.Ол оттегінің жеткіліксіздігіне байланысты,қышқыл өнімдер артық жиналып қалуынан,метаболизмдік ацидозбен ауысады.
Сонымен бірге,организмде СО2-нің белгілі мөлшері ми мен жүрек тамырларының,тыныс алу орталығының тонусын ұстап тұру үшін қажет.Сондықтан гипокапнияның нәтижесінде жүрек пен мидың қанмен қамтамасыз етілуі бұзылады,тыныс алу орталығының қозымдылығы төмендейді,брадипноэ дамиды.