Сіздің үлесіңіз арнайы бетте тексерістен өтенінін ескертеміз. Сондықтан бұзақылық әрекеттер жасамауыңызды өтінеміз.
|
[жасыру]
|
Қазақ тілі тарихы[өңдеу]
Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Қазақ тілі тарихы – қазақ тілін зерттейтін ғыл. саласы. Қ. т. б-нің тарихы шартты түрде: а) ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейінгі кезең; ә) ұлттық тіл білімі қалыптасқан кезең болып екіге бөлінеді. Ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейінгі кезең 19 ғ-дың 2-жартысынан басталады. Қазақ тілінің граммат. құрылысы туралы алғашқы мәліметтер Н.И.Ильминскийдің «Материалы к изучению киргиз-казахского наречия» (1860–61) деген еңбегінде ұшырасады. Бұл – қазақ тілінің кейбір ерекшеліктерімен таныстыруға арналған тұңғыш еңбек. Кейін М.А.Терентьевтің «Грамматика турецкая‚ персидская‚ киргизская и узбекская» (1875), П.М.Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казах-киргизского языка» (1894‚ 1897)‚ В.В.Катаринскийдің «Грамматика киргизского языка» (1897)‚ т.б. еңбектер жарық көрді. Қазақ тілін таныстыру мақсатын көздегендіктен бұл еңбектерде белгілі бір категориялардың сырын ашу, оның ерекшеліктерін анықтау жағы қарастырылмаған. Олар негізінен қазақ тілінің заңдылықтарын, орыс тілімен салыстырып, сол тілдің негізінде түсіндіруге тырысты. 19 ғ-дың 2-жартысында қазақ тілінің лексикографиялық жұмыстары қауырт қолға алынып‚ дами бастады. Ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейінгі кезеңде 40-қа жуық сөздік жарық көрді.
Орыстардың Ресей империясына қараған халықпен қарым-қатынас жасауына көмектесу мақсатын көздеген бұл сөздіктер қазақтың сөздік құрамын хатқа түсіріп‚ жаңа‚ көне сөздердің мағынасын ашып көрсетті. Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кезеңнің өзі: а) қуғын-сүргінге дейінгі кезең (1912–29); ә) қуғын-сүргіннен кейінгі кезең (1930–88) болып екіге бөлінеді. Қ. т. б-нің ғыл. ретінде қалыптасып, дамуы А.Байтұрсыновтың есімімен тығыз байланысты. Оның қазақ тілі оқулығы ретінде жазған «Тіл-құрал» атты еңбегінде, мақалалары мен баяндамаларында тіл білімінің өзекті мәселелері сөз болады. Қ. т. б-нің салалары: Әліппе мен емле. 19 ғ-дың 2-жартысында Ы.Алтынсарин қазақ жазуын орыс графикасына негіздеуге талпыныс жасаса, 20 ғ-дың басында Байтұрсынов қолданылып келген араб графикасын жетілдіре отырып, қазақ жазуына икемдеді. Бұл орайда ғалым қазақ тіліндегі дауысты және дауыссыз дыбыстар санын анықтап, үндестік заңдылығын, тілдің фонологиялық ерекшеліктерін айқындап шықты. Байтұрсыновтың Қ. т. б-нің фонетика, фонология салалары бойынша жасаған тұжырымдары Е.Омаров, Қ.Кемеңгеров, Т.Шонанов, Ж.Аймауытов, Қ.Жұбанов еңбектерінде жалғасын тапты. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі, дауыстылар мен дауыссыздар санын дәл айқындау, қазақ жазуына негіз болатын принцип таңдау мәселесі көптеген талас тудырып, «Еңбекші қазақ», «Жаңа мектеп», т.б. басылым беттерінде мақалалар жарық көріп, қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде талқыланды.
Мазмұны
[жасыру]
1Грамматика
2Фонетика‚ емле
3Лексикология және лексикография
4Ономастика
5Терминология
6Қазақ тілінің орфографиялық сөздіктері
7Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздіктері
Грамматика[өңдеу]
Байтұрсыновтың оқулықтары, мақалалары Қ. т. б-нің грамматика саласының қалыптасуына да негіз болды. Ғалым сөз жүйесі мен түрлері, сөйлем жүйесі мен түрлері деп атаған оқу құралдарында қазақ тілінің морфология, синтаксис салаларын арнайы зерттеп, оқушыларға түсінікті де жеңіл тілмен жеткізуге тырысты. Осы еңбектер арқылы сөз тіркесі, сөйлем, бастауыш, баяндауыш, зат есім, етістік, толықтауыш, т.б. атаулар қалыптасып‚ тұрақталды. Байтұрсыновтың грамматика саласындағы еңбектерінде функционалды грамматика, сөзжасам мәселелері де қарастырылды. Ғалымның сөзжасамға қатысты тұжырымдары кейінгі еңбектерде дамытылды. Лексикология және лексикография. Оқулық жазу ісімен бірге осы ғыл. салалары бойынша атауларды қалыптастыру қатар жүрді. Мәселен, Байтұрсынов тілге қатысты зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, есімше, көсемше, т.б. атауларды қазақ тілінің өз байлығын пайдалана отырып ойластырды. Сол сияқты жаратылыстану және гуманит. сала бойынша оқулықтар жазған ғалымдар салалық атауларды қалыптастырып, бір атаудың бірнеше баламасы болуына байланысты оларды бір жүйеге түсіруге, тұрақтандыруға ерекше мән берді. Бұл кезеңдегі сөздіктердің дені уақыт талабына сәйкес атаулық сөздіктер болғанымен, түсіндірме сөздіктің де, фразеол. сөздіктің де, диалектологиялық сөздіктің де жүгін арқалады. Тіл тарихы және диалектология жеке ғыл. ретінде қалыптаса қоймаса да, жекелеген мақалаларда тіл тарихы, диалектология мәселелері сөз болды. Мыс., Аймауытовтың «Тіл туралы» («Еңбекші қазақ», 1926, 9 наурыз), «Әдебиет тілі мен емле» («Еңбекші қазақ», 1929, 12 мамыр), Кемеңгеровтің «Қазақша-орысша тілмаш туралы түсінік» («Еңбекші қазақ», 1926, 24 қараша), «Дұрыс па? Бұрыс па?» («Еңбекші қазақ» 1926‚ 10 қараша), т.б. мақалаларында жергілікті тіл ерекшеліктері, кейбір сөздердің этимологиясы сөз болды. Сонымен қатар Қ. т. б-нің өзекті мәселелеріне қатысты съезд, конференциялар ұйымдастырылды. Мыс., 1924 ж. 12–18 маусымда Орынбор қаласында өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінің күн тәртібінде жазу ережелері, әліппе, қазақша пән атаулары мәселелері сөз болса, 1927 ж. 28–29 сәуірде Ташкент қаласында өткен бас қосуда жазу‚ әліпби‚ емле мәселесі талқыланды. Ал 1929 ж. 2–4 маусымда Қызылорда қаласында өткен ғыл.-орфографиялық конференцияда емле, атау мәселесі қаралды. 1934 ж. Қазақтың ұлт мәдениеті ғыл.-зерт. ин-тының құрылуына байланысты қазақ тілін зерттеу мәселесі жүйелі жүргізіле бастады. 1936 ж. КСРО ғылым академиясының Қазақстандағы бөлімшесі құрылып, шағын сөздіктер, лингвист. жинақтар шығарылып, ғыл.-әдістемелік мақалалар жарық көрді, орфография‚ терминология мәселелері сөз болды. Осы жылдары орта мектеп пен пед. уч-щелерге арналған граммат. ғыл. еңбектер, сөздіктер басылып шықты. 1946 ж. Қазақстан ғылым академиясының құрылуы, оның құрамында Тіл және әдебиет ин-тының ұйымдастырылуы, 1961 жылдан Тіл білімі ин-тының бөлініп шығуы – Қ. т. б-нің көптеген мәселелерін шешуге, ғыл.-зерт. жұмыстарының жан-жақты жүргізілуіне, мамандардың көптеп даярлануына жағдай туғызды. 1960–70 жылдар аралығында. Қ. т. б-нің кенжелеп қалған салалары бойынша көптеген монографиялар жазылды. Фонетика мәселелерін салыстырмалы түрде зерттеу, ғыл., көркем әдебиет, мерзімді баспасөз тілдерінің, әдеби тіл тарихының, тіл мәдениеті, орыс тілі мен қазақ тілін салыстыра қарастыру мәселелері, т.б. қолға алынды.
Фонетика‚ емле[өңдеу]
1930 жылдан бастап салыстырмалы фонетика саласы пайда болды. Жұбановтың еңбектерінде тіл дыбыстарының фонологиясы мен жіктелуі, дыбыстардың өзгеру заңдылығы, сөздердің буын құрылысы қарастырылды, араб графикасын латын жазуына ауыстыруға байланысты «Еңбекші қазақ» газетінде бас әріпті алу мәселелері көп талас тудырды. Жазу ауыстыруға орай әріп таңдау, қазақтың төл дыбыстарына әріп белгілеу, әсіресе басқа тілдерден енген сөздерді жазуда баспасөз бетінде көптеген пікірталастар болды. Дұрыс айтылу ережелеріне ерекше мән беріліп, қазақ тілінің орфографиялық сөздігі бірнеше рет жарық көрді. Грамматика. 1930–40 жылдардан бастап сөз таптары мен олардың жекелеген категориялары туралы арнайы еңбектер көптеп жарық көрді. Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кезеңде сөзжасам жеке сала ретінде қарастырылған болса‚ ұлт зиялылары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 30-жылдары сөзжасам әр сөз табына қатысты‚ морфология шеңберінде сөз болды. 1940 жылдан бастап синтаксистің жекелеген мәселелері моногр. тұрғыдан зерттелді. Қазақ тіліндегі жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің түрлері анықталды, жақсыз сөйлемнің, құрмалас сөйлемдердің сыр-сипаты ашылып, ауызекі сөйлеу тілінің синтаксисі туралы едәуір мәлімет берілді. Қазақ тілінің ғыл. курсы 1954 ж. «Қазіргі қазақ тілі» деген атпен жарық көрді. 1962 ж. фонетика мен морфология тарауларынан құралған «Қазіргі қазақ тілі»‚ 1967 ж. морфология‚ синтаксис салаларын қамтыған «Қазақ тілінің грамматикасы» атты екі томдық басылып шықты. Ал 1980 ж. сөзжасамның нысаны‚ өзіндік ерекшелігі анықталып‚ морфологиядан бөлек‚ дербес сала ретінде бөлініп шықты. Сонымен қатар синтаксис саласы да едәуір дамыды. Қазақ тіліндегі сөздердің байланысу тәсілдері, сөздердің орын тәртібі зерттелді.
Лексикология және лексикография[өңдеу]
1950 жылдарға дейін лексикология жеке пән ретінде оқытылмай‚ негізінен, мақала көлемінде ғана сөз болып келсе‚ Ғ.Мұсабаев тұңғыш рет лексиканың ғыл. курсын жазды. 1950–60 жылдардан бастап лексиканың түрлі топтарының (синоним, омоним, архаизм, историзм, кірме, біріккен сөздер, т.б.) ерекшеліктерін анықтау жөнінде зерттеулер жүргізіліп келеді. І.Кеңесбаев идиома мен фразеология мәселелерін зерттеп‚ «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігін» жасап шықты (1977). «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігі»‚ «Абай тілі сөздігі»‚ синонимдер сөздігі‚ лингвист.‚ орфографиялық‚ диалектологиялық‚ орфоэпиялық‚ кері алфавиттік, т.б. сөздіктер жарық көрді. Сонымен қатар орыс‚ араб-иран‚ моңғол және Батыс Еуропа тілдерінің қазақ тілімен қарым-қатынасын зерттеуге мол материал беретін бірнеше екі тілді сөздіктер басылып шықты.
Ономастика[өңдеу]
Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған тұста ономастика мәселелері ішінара сөз болғанымен‚ көлемді еңбектер 1950–60 жылдардан бастап жазылды. 1960 ж. Тіл білімі ин-ты жанынан ономастика бөлімі құрылып, топонимика, антропономика бойынша монографиялар жарық көрді.
Терминология[өңдеу]
Бұл сала заман талабына сай түрлі кезеңдерді бастан кешті. Ұлт зиялылары қудаланғаннан кейін қазақ тілінде баламасы бола тұрса да, шет тілден енген сөздерді орыс тіліндегі қалпында қазақ тіліне қабылдай беру үрдіске айналды. Атауларды орыс тіліндегі нұсқасына сәйкес жазу қазақ әліпбиіне е, ю, я, ъ, ь, ц, ч тәрізді әріптердің енуіне жол ашты. 1981 ж. Тіл білімі ин-тында Терминология және аударма теориясы бөлімінің ашылуына байланысты атаулардың жасалу жолдары‚ тәсілдері‚ принциптері‚ тарихы жоспарлы түрде зерттеле бастады. Аударма теориясы бойынша бірқатар моногр. еңбектер жарық көрді. Тіл тари хы және диалектология. Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған тұста әдеби тілдің кейбір белгілері мақала көлемінде сөз болса, ендігі жерде монография түрінде көптеген еңбектер жарық көрді. Мерзімді баспасөз тілі, қазақ тіліндегі тұңғыш басылымдар арнайы зерттеліп, олардың әдеби тілді дамытуға қосқан үлесі анықталды. 1920–30 жылдардағы әдеби тілдің жай-күйі, өзіндік ерекшеліктері, жартастағы жазулар, эпиграфиялық ескерткіштер қарастырылды. Қазақ диалектологиясы бойынша «Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы» атты 7 жинақ шықты. Диалектологиялық атластар жасалды. Жергілікті ерекшеліктердің әдеби тілге қосар үлесі, Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі өзіндік ерекшеліктер арнайы зерттелді. Тіл мәдениеті және стилистика. Бұл саладағы іргелі зерттеулер 1960 жылдан басталады. 1969 ж. Тіл білімі ин-тының жанынан Тіл мәдениеті бөлімі құрылғаннан кейін зерттеулер жүйелене түсті. Фольклор тілі, көркем әдебиет тілі 1970 жылдан бастап зерттелді. Қ. т. б-нде кейінгі кездері тіл статистикасы, әлеум. лингвистика, психолингвистика‚ этнолингвистика, т.б. жаңа салалар дамып келеді, жалпы тіл білімі, алтаистика, жалпы түркі тілдерінің қарым-қатынасы мәселелеріне байланысты бірқатар зерттеулер жүргізілді. 1991 жылдан кейінгі Қ. т. б-нің негізгі бағыттары: жалпыхалықтық тілдің, оның ішінде, әдеби тілдің тарихын жасау, Қазақстан аумағындағы түрлі ұлт тілдерінің өзара әсерін, қостілділік, көптілділік барысын зерттеу, жеке жазушылардың сөздігін жасау, қазақ тілінің тарихи грамматикасын жазу, диалектологиялық атлас жасау, тілдің дыбыстық жүйесін тәжірибелік тұрғыда зерттеу, шет ел сөздерінің сөздігін жасау, әр түрлі ғыл. салаларына байланысты толық атаулық сөздіктер шығару, лексикография теориясындағы мәселелерді шешу, көркем әдебиет, фольклор тілін, тіл мәдениеті мен стилистика мәселелерін дамыту, қазақ тілінің дыбыс жүйесін синхрония және диахрония тұрғысынан құрылымдық, матем., лингвист. әдістер арқылы жан-жақты зерттеу, т.б.
Қазақ тілінің орфографиялық сөздіктері[өңдеу]
Қазақ тілінің орфографиялық сөздіктері – қазақ тіліндегі сөздердің жазылу нормаларын белгілейтін тілдік құралдар. 1941 ж. жарыққа шыққан тұңғыш Қ. т. о. с. қазақ жазуының орыс графикасына көшуіне байланысты бекітілген емле ережелеріне негізделген. 1948 ж. М.Балақаев мектеп оқушыларына арналған «Емле сөздігін» құрастырды. 1960 ж. Р.Сыздықованың құрастыруымен баспа қызметкерлеріне және мектеп мұғалімдеріне арналған қазақ тілінің емле ережелері – тұңғыш орфографиялық анықтағыш жарық көрді. 1974 ж. ол толықтырылып, қайта шығарылды. Бұлардың екеуі де Қазақ КСР-і Жоғ. Кеңесі Төралқасы 1957 ж. 5 маусымда бекіткен «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерін» басшылыққа алған. Бұл сөздіктерде біріккен сөздердің, күрделі атаулардың жазылуын реттейтін, адам есімдері емлесіндегі жаңа өзгерістерді көрсететін ережелер айқындалып, қазақ тілінің емле және тыныс белгілерінің ережелері толықтырылған. «Анықтағыштың» төртінші басылымында (2000) үшінші басылым – «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігіндегі» кейбір күрделі сөздер мен кірме сөздердің жазылуы тілдегі жаңа ережелерге сәйкес өзгертіліп берілген. Бұрын бөлек жазылатын өсімдіктер мен жануарлардың күрделі атаулары мен күрделі сөздер қосылып жазылды және орыс тілінен еніп, тілде кең қолданыс тапқан сөздер қазақша мағынасында берілді. Сондай-ақ бұл «Анықтағышта» сөз тіркестері жеке сөзтізбе түрінде ұсынылған. Осыған байланысты сөздік материалы едәуір толықтырылған. Мектеп оқушыларына арналған «Емлесі қиын сөздер» (2000 ж.) атты орфографиялық сөздікте мектепте өтілетін пәндерге қатысты жалпы сипаттағы атаулар мен жаңа сөздердің емлесі қамтылған. Одан басқа қазақ лексикографиясында сөздердің кейбір топтарының орфограммасына арналған сөздіктер де жасалды (Т.Жәркешова, «Біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің орфографиялық сөздігі»).
Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздіктері[өңдеу]
Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздіктері – қазақ тіліндегі сөздердің ұлт тілінің нормаларына сай айтылуын, әдеби тілдің ауызша ережелерін белгілейтін тілдік құралдар. Алғаш рет 1977 ж. жарық көрген (құраст. Қ.Неталиева). Сөздікте емле ережесі бойынша жазылған 15 мыңға жуық сөз бен сөз тіркестерінің орфоэпиялық нормаға сәйкес айтылу үлгілері берілген, қазақ орфоэпиясының тілдік негізі болып табылатын үндестік заңы, дауыссыздардың үндесімі тәрізді сөздердің дұрыс айтылу заңдылықтары көрсетілген. М.Дүйсебаеваның авторлығымен жарық көрген мектеп оқушыларына арналған «Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігінде» (1981) негізгі орфоэпиялық норманы белгілейтін тілдік заңдылықтармен қатар сөз ішіндегі түбір мен қосымша және қосымша мен қосымша жігіндегі, сөз тіркесі құрамындағы сөз бен сөз жігіндегі дыбыстардың өзара әсерінен болған айтылу үлгілері де көрсетілген. С.Мырзабековтің авторлығымен жасалған «Қазақ тілінің айтылым сөздігінде» (2001) қазақ орфоэпиясының негізгі қағидасы – үндестік заңын бір ізді сақтай отырып, оның еріндік түріне баса мән берілген. Ә.Жүнісбектің редакторлығымен дайындалған (құраст. Ж.Исаева, Қ.Күдеринова, А.Фазылжанова) «Қазақ тілінің үлкен орфоэпиялық сөздігінде» (2000 ж.) 50 мыңға жуық сөз бен сөз тіркестерінің орфоэпиялық нормаға сәйкес айтылу үлгілері көрсетілген, сондай-ақ қазақ тіліндегі сөздердің айтылуы буын үндестігі мен қазақ сөзі просодиясының (буындардың созылмалылығымен екпін қойылуы) ерекшеліктеріне негізделіп алынған. Аталған сөздікте жаңа сөз қолданыстар мен сөз тіркестерінің айтылу үлгілері мол қамтылған.
|
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
Суретті мыннан табуға болады:
осы мақаланың тақырыбына байланысты сурет Ортақ қорда табылуы мүмкін;
мақаланың шет тіл уикилеріндегі нұсқаларын қарап көріңіз;
өзіңіз жасаған суретті жүктеңіз (авторлық құқықпен қорғалған сурет қоспаңыз!).
|
Санат:
Бағыттау мәзірі
Кірмегенсіз
Талқылау
Үлесім
Тіркелу
Кіру
disable
Тағы
Іздеу
Начало формы
Конец формы
Басты бет
Қауым порталы
Жуықтағы өзгерістер
Ең жаңа беттер
Кездейсоқ бет
А — Я тізімдеуі
Анықтама
Форум
Талқылау легі
Қателер туралы хабарлау
Демеу беру
Құралдар
Мұнда сілтейтін беттер
Қатысты өзгерістер
RTRC
Арнайы беттер
Басып шығару
Тұрақты сілтеме
Мәлімет
Уикидерек данасы
Беттен дәйексөз алу
Тілдер
Сілтемелер қосу
Бұл беттің соңғы өзгертілген кезі: 00:02, 2015 ж. маусымның 2.
Мәтін Creative Commons Attribution-ShareAlike лицензиясы аясында қолжетімді; қосымша шарттар қолданылуы мүмкін. Бұл сайтты қолдану арқылы Қолдану шарты және Құпиялық саясатымен келісесіз. Wikipedia® Wikimedia Foundation, Inc. коммерциялық емес ұйымының тіркелген сауда маркасы.
Құпиялық саясаты
Уикипедия туралы
Жауапкершіліктен бас тарту
Жасақтаушылар
Cookie statement
Мобайлды көрініс
Достарыңызбен бөлісу: |