СӨЖ 1, 1 - тапсырма
Философия пәні мен оның қызметі
Философия – ғылымы адамзат мәдениетінің қайталанбас және ерекше құбылысы. Философияны мақсатты түрде оқу, ойлау мәдениетінің өсуіне, өзіндік сананың қалыптасуына, дүниежүзілік мәдениет пен өркениеттің байлықтарын тұрақты және жүйелі игеруге, табиғат, қоғам болмысының даму заңдылықтарын түсінуге, мамандықты саналы таңдап, жетілдіруге жетелейді. Философия деген не? Дүниеге қашан пайда болды? Қалай дамыды? Философия бұдан бірнеше мың жыл бұрын Қытайда, Үнді елінде, Египетте, Вавилонда пайда болды. Бұдан 2500 жыл бұрын (б.з.д. V ғасыр шамасында) Афин қаласындағы грек демократиясында классикалық түрге ие болып, ерекше білім ретінде қалыптасты. Дүние қалай жаратылған, бастамасы қайда; Ол мәңгілік пе? Адам дегеніміз не, оның дүниедегі орны қандай? Ақиқат пен жалғанның ара салмағы неде? Өмір сүрудің мәні бар ма? Адам өмірінің мәні неде? Адам баласы қалай пайда болды? Қозғалыс мәңгі ме, әлде уақытша ма? Адам мен жануарлар өмірі және олардың қатынасы қалай? Олардың өмір сүру ортасы деген не? Осындай «мәңгілік» сұрақтарға жауап іздеу - философияның міндеті. Екіншіден, адамның дүниеге қарым-қатынасы сан-қилы. Осыған сәйкес адамның көзқарасы да әртүрлі. көп. Олардың себебін біліп, ажырата білу де керек. «Дүниеге көзқарас» термині ғылым тіліне, күнделікті сөзге терең енді. Ол алғашқы рет XVIII ғ. неміс философиясы мен мәдениетінде (Кант, Фихте, Гете) кездеседі, адамға тән, оны іштей реттеп отыратын, рухани құрылымды белгілейді. Дүниеге көзқарасты анықтаудың ең жақын әдісі – білім мен құндылық қатынасты байланыстыру. Мазмұны тұрғысынан, ол адамның дүниеге және сол дүниедегі адамның орнына қатысты көзқарас, тұтастыққа ие болған жүйе. Байқау, сезу және ойлау арқылы пайда болатыны білімге байланысты. Білім дегеніміз - объективті, біздің санамызға, іс-әрекетімізге тәуелсіз өтіп жатқан заттар мен құбылыстардың, қатынастардың құрылымы мен заңдылықтары, басқалармен байланысы туралы деректер жиынтығы саналса, құндылық адамдардың, олардың әртүрлі дәрежедегі топтардың (отбасы, еңбек ұжымы, тұрғындар қауымы, ұлт, халық, адамзат, т.б.) тарихи даму сұранысына сай сол заттар мен құбылыстарды бағалауы, өз іс-әрекеттеріне қатыстыруы немесе ескермеуі. Осы ретте дүниеге көзқарас әрқашан объективтік білім мен субъективтік құндылықтың бірлігі болып табылады.Олар бір-бірімен қайшылыққа келіп, бірін-бірі жетелеп отырады, дүниеге көзқарасты тереңдете түседі, оның ғылыми объективті бастауын кеңейтіп отырады. Сондықтан білім деңгейіне байланыстырып, дүниеге деген көзқарастың дәрежелерін ажыратуға болады. Астрономияда - аспан әлеміндегі денелердің құрылымы мен қозғалысы зерттелсе, математика, есептеу саласын, геометрия – математиканың бір тарауы ретінде үшбұрыш, текше, квадрат, геометриялық дене, шар, пирамидаларды, натурфилософия – табиғатты зерттеу ілімі ретінде теориялық көзқарастар жүйесін қалыптастырады. Көрінген білімде әртүрлі дәрежедегі бағалау белгісі болғандықтан, бейнелейтін затқа байланысты ғылыми, діни, философиялық, әдептілік, саяси, экономикалық, т. б. көзқарастар ажыратылады. Саналы адам шамамен 50 мың жыл бұрын пайда болды деп есептеледі. Олай болса адамдар көзқарасы осыдан бастап, әр қилы қалыптаса бастады.
Көзқарастың түрлері:
1. Жай немесе қарапайым көзқарас, күнделікті өмір қажетінен туған білім мен құндылықтар жиынтығы.
2. Теориялық көзқарас - белгілі бір тәртіпке келтірілген, жүйеге салынған көзқарас.
3. Ғылыми-теориялық көзқарас; дін - теориялық, бірақ ғылыми емес.
Философияны ғылым ретінде қарағанда, одан дүниетанымдық, теориялық, әдістемелік (жалпы ғылым әдісі ретінде немесе жеке ғылымдардың әдісі туралы) мазмұндарды ажыратуға болады. Олар табиғатты, қоғамды, адам санасын тұтас бір құбылыс ретінде алып, бәріне ортақ жалпы заңдылықтарды ашып, объективтік шындық жөнінде негізгі қағидалар жүйесін қалыптастырады. Болып жатқан белгілі бір жағдайларды жаңаша танып байқау, белгілі тәртіпте ұғынуды ұсынады.Көзқарас әр түрде әр адамда өзінше қалыптасады. Былайша айтқанда, (прогрессивтік, реакциондық кертартпалық), консервативтік, интернационалдық, патриоттық, гуманистік (адамгершілік), ғылыми-сипаттарда көрініс береді. Көзқарас дегеніміз - дүниеге белгілі бір түсінікпен қарау. Көзқарас болу үшін сана, оның жетілуі үшін білім керек. Ол неғұрлым көп білу, ынталану арқылы жүреді. Көзқарас - негізінен әртүрлі дәрежеде қалыптасады.
1. Сезімдік. Сезім сананы оятады. Мысалы, музыка адамды қуантады, әдемі әсер береді, ойды билейді, ал кей қайғылы әуендер - адамды қайғыртады.
2. Ұғым - жеке қабылдау бейнелерін жинақтаудан туады. Қорқу, уайымдау, қуану күйлері (эмоциялар) бейнелердің ерекшеліктеріне әсер етеді
3. Ұғыну - ойға салу, неге олай болды деп пайымдау алғашқы көзқарастарды тудырады.
4. Илану (сену). Иланусыз көзқарас болмайды, сенім күресуді талап етеді. Дін де илануды (нануды) талап етеді, бірақ ол еш нәрсенің себебін ашпайды. Наным, сенім - көзқарастың өзегі.
5. Тұрақты пікір. Пікір тұрақталмаса, көзқарастың мәні болмайды. Дүниеге көзқарас бағалаудан, іс-әрекеттен ғана тумайды, объективтік шындықтың адамға ықпал жасайтын әсерінен пайда болады. Олар: күдіктену, уайымдау, қайғыру, мазасыздану, қорқу, ренжу, шаттану, масаттану және қуану. Бұлар адам интеллектісі мен эмоциясына тікелей байланысты. Эмоция (сезіну, әуестік, көңілкүйі) - әрдайым ізденістің бастамасы. Ғалым, ақын, артист болу үшін де адамның эмоциясы (ішкі дүниесі, сезімі) бай болуы керек. «Көз - адамның ішкі дүниесінің айнасы». Тұрақты көзқарастың екінші бір негізі теория болуы шарт.
Көзқарастың тарихи түрлері: Миф, дін, философия. Дүниеге көзқарастың тарихи алғашқы түрі- миф (аңыз, ертегі). Мифология (гр mythos - аңыз, logos - ілім) қоғамдық сананың түрі. Дүниені түсінудің бұл архаикалық түрі - біздің ертедегі бабаларымыздың өмірінде маңызды рөл атқарды, алғашқы қауым адамын табиғатпен үйлесімді біріктіре білді, рулық өмірді реттеп отырды. Миф - қоршаған ортаны қиял, керемет, ғажап ретінде қабылдауға мүмкіндік берді. Миф - мына негізгі сұрақтарға жауап беруге тырысады: әлемнің пайда болу жолдары, жер және адам қатынасы, табиғи құбылыстар, оларды түсіну, мәнін ашу, адам тағдырының көзі, адам қызметі мен оның табыстары, намыс пен ар мәселесі, қарыз бен борыш, этика және өнегелік, т.б. Мифтің ерекшелігі: табиғатқа адамның өз қасиеттерін беріп адам қатарына қосуы, құдіретті құдайдың бар болуына кәміл сену. Адамдардың өзара қатынасы және әрекеті, абстрактылық толғануы (рефлексия - сананың өз-өзіне бағытталып, өзінің психикалық күйіне ой жүгіртуі) нақты өмірдегі шаруашылықты практикалық бағытта дамытып, апаттан қорғауға арналады. Бұл мәселелерде мифологиялық сюжеттердің біртүрлігі және үстірттілігі басым, яғни барлық халықтар бастауын дүниеге көзқарастың осы деңгейінен алады. Әрбір жеке адам өз дамуында адамзат тарихын өте қысқа түрде қайталайды деп В. И. Ленин айтқандай, мифологиялық сананы жас баланың санасымен теңестіруге болады. Олар да өзінің саналы жан екенін түсінбей ойыншықтармен сөйлесіп, ұрысып, әке-шешесінің өзіне істегенін оларға істеп, шын көңілмен оларды өздеріне тең санап өмір сүреді. Балалар санасы да синкретикалық сипатта көрінеді. Сана біртұтас қалыпта, ақыл мен сезім деңгейлері ажыратылмаған, жақсы мен жаман істер анықталмаған күйде өтеді. «Балалы үйде ұрлық жатпайды» деген қазақ халқының мақалы да осыдан туған болар. Бала тек өсе келе, шындықты жасырмай айтып, таяқ жегеннен кейін ғана өтірік айтуға, кейбір ойын, іс-әрекетін жасырып қалуға, яғни ақылмен сезімде берілгенді тежеп ұстауға үйренеді. Мифологиялық сана арқылы ғана адамдар алғашқы қауымға бірігіп, адамдық қатынастарды дамытып жетілдіре алады. Ұрпақ жалғастырудың не себепті өтетінін білмеуге байланысты ру мүшелерін бір тотемнің (көбіне жануарлардың бір түрі) тұқымдары деп санап, өзара бауырластық, теңдік, көмектесу талаптарын, кейін сүйіспеншілік, борышты болу қасиеттерін дамытты. Биологияның «тіршіліктің басқа түрлерімен және өзара мәңгі күресу» заңының шеңберінен шығып, әлеуметтік заңдылықтарға бағынуға үлкен қадам жасады, өздерінің рухани жандық сипатын (санадағы бейне, түсініктерге сүйеніп, жоспарлы түрде іс- әрекет жасау) жетілдіре түсті. Миф сананы оятады, прогресс дамуының негізі - жазба мәдениетінің пайда болуы арқылы дін, философияға біртіндеп өтеді. Дін - көзқарастың бір түрі. Дін - табиғаттан тыс ғажап күштердің бар болуына негізделінген сенім. Ол адам өміріне және қоршаған ортаға ықпал етеді. Діни көзқарас қоршаған ортаны сезімдік, бейнелік - эмоциональдық түрде қабылдауды сипаттайды. Дін қазіргі кезде үш дүниежүзілік діндерден: христиан, ислам, буддизм және көптеген ұлттық діндерден: синтоизм, иудаизм, индуизм, тәңірлік, конфуцийлік, даосизм, т. б. тұрады. Дін адамдардың үлкен топтарын, халықтарды біріктіріп, қоғамды идеялдар арқылы тұрақтандырады. Ол мәдениеттің кеңістікте тарауына мүмкіндік туғызды да, ортақ салт-дәстүрлердің қалыптасуына ықпал етеді. Өнегелік-тәрбиелік саласыда жақыныңа сүйіспеншілік, қайғысына ортақтасу, адалдық, төзімділік, парасаттылықты міндет деп санайды. Дін адамды адамгершілікке, тазалыққа үйретеді. Діни сенім заңды, тарихи түрде қалыптасады. Тотемдік сенімнен табиғаттан тыс күшке (құдай, сайтанға) сенудің арасында табиғаттың дүлей күштеріне (найзағай, теңіз, ай, күн) сену жатыр - оны пұтқа (заттық формадағы нәрсеге: икона, сурет, мүсіндерге) илану деп санайды. Шынайы дін жеке заттан бүкіл аспанға, әлемдік ғарышқа табыну (тәңірге сену, конфуциялық ілім), абстрактылық күштер күресі (зооастризмдегі жарық пен түнектің мәңгі шайқасы, кезектеле жеңіске жетуі) идеялары арқылы жетіліп, қазіргі әлемдік діндерде қалыптасты. Бұл негізінен сананың жетілуі, абстракциялық ойлаудың, жақсы мен жамандық идеялдарын құрастыра білу мүмкіндігінің пайда болу жемісі. Идеалдар да жоқтан алынған жоқ, ол реалдық адам болмысының қарама-қарсы бастауларын жинақтаудың нәтижесі. Жамандық - адам бойындағы биологиялық заңдылықтар (тек өз қамын ойлау, жануарлық инстинктіге бағыну, ұмтылыстарына жету үшін күшке, алдауға сүйену, т. б.), жақсылық - тәрбиеден алынған әлеуметтік заңдылықтарды пір тұтып дамыту. Адам бойындағы реалды қасиеттер топтастырылып, бірі - сайтан жолы, екіншісі - құдай, имандылық жолы аталып, олардың мәңгілік күресі мойындалды. Тек қоғамда ғана адам болып туып, өмір сүре алатындығы ескеріліп, оның тұрақтылығын, бейбіт дамуын қалайды. Бірақ, үстемдік етуші әулеттер, тап пен ұлттар, елдің көңілін ішкі теріс шешімдегі мәселелерден басқаға аудару үшін, діндердің әртүрлі көзқарастарды ұстанатынын, бұқара халықтың ғылыми білімінен алшақтығын пайдаланып, өздерінің саяси-экономикалық тартыстарын діни соғыстарға аударуға тырысатындығы да тарихта жиі кездеседі. Діни көзқарас, сана мен сенім - қарапайым халықтың философиясы деуге де болады, яғни оның қоғамға қажеттілігі әлі де жоғалған жоқ. Егер рационалдық ғылыми білімнің әрқашан бүгінде шешімі жоқ бір нәрселерге тап болып отыратындығын, ал сенім тек тұтастық ретіндегі көзқарастың жемісі болғандықтан, сондықтан жетіспеген білімді адамдар мифологиямен толықтыратынын пайымдасақ, дінді мәңгі қоғамдық құбылыс деу орынды. Оның тәрбиелік мәні өте зор себебі әрбір жаңа ұрпақ биологиялық заңдылықтардан тек өз күшімен, ақылымен арылуы қиын, ал мемлекет тарапынан күш көрсету – көбіне кері нәтижелер әкеледі. Сондықтан, оның мифологиялық бастамаларын символдар ретінде қарап, біртіндеп рационалдық күйге көшіріп, әлемдік діндердің алшақтаған идеологиясынан құтылып, діни сенімді адам көзқарасының қажетті бастауларының бірі санауға ұмтылған жөн. Діннің үш элементі бар: діни түсініктер, діни сезімдер, діни табыну мен әдет-ғұрып жоралары. Олар әлеуметтік жағдайларға байланысты әртүрлі болып келеді.
Дін дүниені екіге бөледі: о дүние және бұл дүние. Дін өз нұсқауларын құдай атымен мәңгі-бақи бекітпекші болатын неғұрлым консервативтік идеологияның формасы болып табылады, яғни оны реформалау асығыстықты қаламайды. Философия – көзқарастың бір түрі. Ертеде әр нәрсенің себебін білігісі келгендер, діни ұғымдар мен жай ұғымдарға қанағаттанбай құбылыстардың түбіне үңіліп, сол туралы өзіндік пікір айтты. Оларды - «философ» деп атайды. «Философ» деген сөзді алғашқы рет гректің, ойшыл, математигі Пифагор (580-500 б.ғ.д) енгізді. Бұл термин Еуропа мәдениетінде Платонның (427-347 б.ғ.д) атымен тығыз байланысты. Philo - сүйемін, sophia- даналық, яғни даналықты сүйемін деген мағынаны береді. Араб тілінде «фәлсәфа» деп аталады. Философ - алғашқыда әрі дана, әрі табиғатты зерттеуші, сынаушы, байқаушы ретінде бой көрсетті. Сондықтан, бұларды «натурфилософтар» деп атады. Философияның дүниеге келуі дегеніміз - өмірлік тәжірибеде адам сезімінің, идеалдық үміттің және әлем туралы білімнің үйлесімдігін іздеу нәтижесінде ерекше рухтың қалыптасуы болады. Философия пайда болуынан бастап барлық ғылымды қамтыды, яғни ғылымның ғылымы болды. Кейінірек әр пән өз алдына ғылыми пән ретінде қалыптасты. Б.з.д IV ғ ежелгі Грекияда теориялық логика пәні, ал б.з.д. ІІ ғ математика (Евклид геометриясы және арифметика), астрономия (астрологиямен бірге), кейінірек филология және тағы басқалары бөлінді, яғни ғылымды жіктеу дифференциялау (бөлшектеу) басталады.Әр дәуірде философиялық ілімдердің ішіндегі ғылымның құрамында әртүрлі көзқарас болды. Эллиндік дәуірде стоиктер мен эпикуршылар философияны логика, физика және этика деп жеке бөліктерге бөлді. Оны бақшаға теңеді. Бақтың қоршауы - логика (логикаға танымның барлық мәселелерін, тіпті тілді де қосады), физика - оның жемістері, яғни табиғатқа байланысты (астрономиялық, физикалық, биологиялық, т. б. білімдер). Этика – адамның мiнез-құлқы, тәртібі туралы ғылым, ол философияның ұйытқысы (ядросы), ол бағыт және керекті тәртіпке жол көрсетеді деп саналды. Орта ғасырда Схоластикалық философияны болмыстың негізгі себебі және жоғарғы принципі туралы ғылым ретінде түсіне бастады, сонымен бірге ол «діни ілімнің құлы» болып саналды. Қайта Өрлеу дәуірінде философиясының ерекше сапалы бөлігі - натурфилософия (табиғат философиясы). Жаңа Заман философиясында жаратылыс ғылымдарының кешені қалыптасты (физика, химия, биология, т.б.). Енді олар философия саласына тіпті кірмейтін болды. Және гуманитарлық ғылымдар (тарих, лингвистика, өнертану, т.б.) бөлінді. Философия барлық ғылымдардың әдістемелік рөлін сақтап қалды. ХІХ-ХХ ғ марксизмде Гегель философиясының негізінде философия пәні туралы төмендегі түсінік қалыптасты. Философия дегеніміз - табиғат, қоғам және адам санасының ең жалпы даму заңдары туралы ғылым қоғамдық сананың бір түрі, көзқарастық теорияның негізі, философиялық пәндер жүйесі, адамның рухани дүниесінің қалыптасуына ықпал жасайтын ілім. Философия пәні осылай түсінумен бірге ХХ ғасырда әртүрлі философиялық ілімнің негізгі мәселесінің әртүрлі болуына байланысты, бұл сұрақтың шешу жолдары анықталды.
Философияның негізгі бөлімдері (тараулары):
1. Онтология (ontos-тіршілік, logos-ілім) - болмыс туралы ілім.
2. Гносеология (гр gnosis-таным және logos-ілім) – таным туралы ілім. Эпистемология (гр. episteme – бiлiм, logos – ілім, сөз) туралы ілім.
3. Әлеуметтік философия - қоғам туралы ілім.
Философияның пәндері:
1. Логика, эстетика, этика, ғылыми әдістеме, ғылымдар философиясы (математиканың, астрономияның, физиканың, биологияның, т.б. философиялық мәселелері).
2. Антропология философиясы - адам болмысы.
3. Мәдениет философиясы - мәдениет әлемі.
4. Тарих философиясы.
5. Құқық философиясы -мемлекеттік заңдар әлемі.
6. Дін философиясы.
Болмыстың бастамасы туралы сұрақ философияның негізгі мәселесі саналады. Оны ашық түрде алғашқы анықтағанмарксизм, ол монизм, дуализм, плюрализмұғымдарымен тығыз байланыста болды. Монизм (гр mones - біреу, жалғыз) - дүниенің негізінде бір ғана бастама бар деп танитын философиялық бағыт, идеалистік ілімдерде - рух, материалистік ұғымда - материя. Монистер деп барлық дәйекті материалистерді (Демокрит, Фалес, Анаксимен, Анаксимандр, Гераклит, Дидро, Гольбах, Маркс, Ленин) және барлық дәйекті идеалистерді (Августин, Фома Аквинский, Кант, Гегель, Юм) санайды. Дуализм(лат. Duo - екеу)(Кант И, Декарт Р) - дүниенің негізі бір біріне бағынбайтын, тепе-тең екі нәрседен - рухтан және материядан - басталады деп, материализм мен идеализмді үйлестіруге тырысатын ағым. Плюрализм (лат. Plurais - көптік) - дүниенің негізі бір-бірімен байланыссыз, белгілі бір бастамасы жоқ мәндерден тұрады дейтін ілім. Болмыстың негізінде көптеген (жер, су, рух, т.б.) нәрселер бар деп санайды.Дүние негізінің сапасына сай, философия материализм және идеализм болып бөлінеді. Материализм - бұл философиядағы ағым, дүниенің негізі ретінде материяны (табиғатты) мойындайды. Үнді философиясында материализм ежелгі Чарвака- Локаята мектебінде, Грек философиясында Милет мектебінде, Гераклит, Демокрит, жаңа кезеңдерде - Бэкон, Локк, Спиноза, Дидро, Фейербах, Маркс, Герцен, Чернышевский және Ленин, француз ағартушыларының ілімдерінде дамыды. Материалистік ілім бойынша дүние, табиғат мәңгілік, ол жаралмайды, жойылмайды да, уақыт пен кеңістікте шексіз-шетсіз өмір сүреді.
Материализм тарих дамуында бірнеше сатыдан өтті:
1. Стихиялық материалистер - ертедегі Үндістанда, Грекияда құлдық қоғам тұсында, ғылыми білімдердің әлі дами қоймаған кезінде пайда болған. Фалес суды, Анаксимен ауаны, Анаксимандр апейрон, Гераклит отты, Ксенофан топырақты дүниенің негізі деп ойлаған.
2. Метафизикалық (немесе механикалық) материализм XVII-XVIII ғ жаратылыстану ғылымдарымен, әсіресе механикамен өзара тығыз байланыста дамыған. Механика заңдарын абсолюттендіріп, бүкіл табиғатты, тіпті әлеуметтік құбылыстарды да механика заңдары тұрғысынан түсіндіруге ұмтылғандықтан, бұл материализм механистік деп аталған. Оның өкілдері: Бэкон, Гоббсс, Гассенди, Спиноза, Ламетри, Дидро, Гельвецкий, Гольбах, т.б.
3. Диалектикалық материализм. Маркстік материализм бұрынғы философияға қарағанда мазмұны жағынан да, өзінің қоғамдық өмірдегі рөлі жағынан да сапалы, жан-жақты дамыған. Материализм мен диалектиканың органикалық бірлігіне сүйеніп, қоғамдық құбылыстарды да қамтиды. Антропологиялық мтериализм. Адам психофизиологиялық тірі организм ретінде рух пен материяны біріктіреді.Бірақ, адам мен табиғаттың өзара әрекетінің негізі қоғамдық-тарихи практика екенін мойындамайды. Өкілдері:Фейербах, Чернышевский. Материализмде ерекше бөлінетін бағыт - тұрпайы (вульгарный) материализм. Олар ойлауды, сананы, психиканы материямен теңестірді, бауырдың - өтті, бүйректің - сұйық дәрет шығаратыны секілді, ойда мидан шығады-мыс деп ұйғарады. Сондықтан ойлау осы мағынасында материалдық болып табылады. Бұл - өрескел қате. Өкілдері: К. Фогт, Я. Молешотт, Л. Бюхнер (ХІХ ғғ.). Материализмнің әлсіз жағы – сананың белсенді мәнін түсіндірмеуі, толық дәлелдей алмауы. Материализм философиядағы үстемдік етуші ағым ретінде демократиялық - грекияда, XVII ғ, - ағылшында, XVIII ғ, - францияда және ХХ ғ, - СССР және социалистік мемлекеттерде өмір сүрді. Идея (гр. түр, көрік). Идеализм - бұл философиядағы бағытта дүниенің, болмыстың негізі ретінде бір идеалдық мән мойындалады. Яғни рух пен субъектіні негіз деп, материя мен табиғатты туынды деп санайды. Олардың пікірінше, ғылым ашқан табиғат пен қоғам заңдары, құбылыстар мен процестердің себептері тек санамызда орын алған жүйені білдіреді.Идализмнің екі түрі бар: субъективтік, объективтік идеализм: Субъективтік идеализм – дүниенің, болмыстың негізі ретінде адамның санасы, адамның «менін» мойындайды. Бізді қоршаған дүние біздің түйсіктеріміздің жиынтығы деп санайды. Олар: Беркли, Мах, Авенариус, Фихте, Юм, Кант, экзистенциализм және феноменология жақтастары. «Мен ғана өмір сүремін, мен бар болсам барлығы да бар, мен жоқ болсам барлығы да жоқ болады» деген субъективтік идеализмнің бір түрі солипсизм деп аталады. Идеялар адамның ақыл-ойында өмір сүреді, материалдық заттардың бейнесі де (идеясы) тек адамның ақыл-ойы, сезімдік түйсіктері арқылы өмір сүреді. Объективтік идеализм - бұл философия ағымында дүниенің негізі ретінде объективті өмір сүретін идеалдық мән, яғни адам санасынан сырт және тәуелсіз өмір сүретін рух (Құдай, Абсолют, Әлемдік ақыл, т.б.) саналады. Объективтік идеализм ежелгі әлемдегі көптеген мектептерде пайда болып, дамыды. Үндіде (барлық ортодоксальдық мектептерде), Қытайда (Конфуцийшілдік, даосизм), Грекия мен Римде (Пифагор, Платон, неоплатонизм,т.б.), соңынан Орта ғасырда, Қайта өрлеу мен Жаңа заманда жетілді. Өзінің дәйекті және аяқталған түрін немістің классикалық философиясында Гегель тапты. Негізгі материализм мен идеализм бағыттарымен бірге аралық, келісімдік ағымдар - пантеизм, деизм, гилозоизм бар: Гилозоизм - (гр. Hylo және zoe - зат және өмір) материяның әмбебап тіршілігі туралы философиялық ілім. Бүл ілім түсіну және ойлау қабілетін материяның барлық формаларында бар деп есептейді. Шындығында түйсік - жоғарғы дамыған органикалық материяға ғана тән қасиет. Грецияда Фалес пен Гераклит ілімінде пайда болды. Антикалық гилозоизм пантеизмнің теориялық негізі болды. Пантеизм - (гр. pan - бәрі және tcheos – құдай). Құдайды және әлемді біртұтас деп таниды, яғни құдай (идеалдық бастама) және табиғат (материалдық бастама) теңестіріледі. Табиғаттан тыс құдай жоқ, сонымен бірге Құдайдан тыс табиғат та жоқ. қайта өрлеу дәуірінде пайда болды. Бұл идеяны дамытқандар: Николай Кузанский, Джордано Бруно, ал Жаңа Заманда пантеизм идеясы Шеллинг, Гегель, Соловьевтарда кездеседі. Деизм - бұл философия ағымы, ол Құдайдың бар екенін мойындайды. Әлемді Құдай жаратқан, бірақ одан соң оның адам мен қоғам өміріне әсері де, ықпалы да, қатысы да жоқ дейді. Ол тек өнегелік символ болып қызмет атқарады. Деизм - объективтік идеализмнің ерекше түрі, сонымен бірге объективтік идеализмнің материализмге өтуі жолындағы кезең болады. Деизм XVII ғ пайда болып, ағартушылық дәуірде өте кең тарады. Оның негізін салғандар: Декарт, Ньютон, Локк, белгілі деистердің қатарына - Вольтер, Руссо, Кант, Ломоносов және Абайды қосуға болады. Философияның негізгі мәселесінің екінші сұрағы, адам санасының дүниені тану мүмкіндігіне арналған. Осыған сәйкес агностизм және гносеология пайда болды. Гносеология -(гр. gnosis таным туралы ілім ретінде әлемді тануға болатындығына күмән келтірмейді.. Агностицизм («а» жоқ, «гносис» - білім деген сөзден шыққан) - объектт дүниені тану мүмкіншілігін толық немесе iшiнара бекерге шығаратын философия ілімі. Дүниенің бастамасы туралы мәселеде дүниені тану немесе болмыс пен ойлаудың сәйкестігі қаралады. Кейбір ойшылдар ақиқатты аяғына дейін тануға болмайды деп есептейді. Олар агностицизм ағымына жатады. Олар: Протогор, Кант, Беркли, Юм.
Ежелгі заманда агностицизм түріне: софистика, скептицизм және релятивизм жатады. Софизм – ақиқат білімнің барына сенбей, елді өзіне қарату үшін мәселені әдейі шатастырып, жалған қағиданы дәлелдеу мақсатымен құрылған ой қорытындылары. Скептицизм - объективтік дүниені танып білу мүмкіндігіне сенбей, күдікке көп орын беретін философиялық ілім (Пиррон). Релятивизм (лат relativus - относительно, салыстырмалы) – объективтік болмысты білу мүмкін емес деп қарайтын және барлық білімді болжам деп есептейтін философиялық ілім. Релятивизм негізін салушылар негізінен софистер мен скептиктер, ал Жаңа заманда ол позитивизмде дамыды. Олар барлық білімді салыстырмалы принципте түсіндіреді, яғни оның толық еместігін, шарттылығын көп айтады және осының негізінде қандай болса да объективтік шындықты жоққа шығарды. Философия ғылымының таным теориясында өзіндік төмендегідей ерекше ағымдар пайда болды. 1. Эмпиризм - танымның негізінде тек тәжірибе және сезімдік түйсіктер жатыр деп санайды. Оның негізін салған Ф.Бэкон: «білімнің қайнар көзі - тәжірибе», - деді. 2. Рационализм - (лат. ratio - ақыл) танымның негізі ақыл деп санайтын философиялық ағым. Ол танымның басты қаруы, сонымен бірге ақиқаттың өлшемі. Болмыстың, танымның, моральдің де негізі - ақыл. Рационализмнің негізі - антикалық философияда (Парменид, Платон, т. б. жасалады, ал философиялық бағыт ретінде ол Жаңа Заманда қалыптасты. Оның өкілдері - Декарт, Спиноза, Лейбниц. Рационализмге иррационализм де, сенсуализм де (эмпиризмде) қарсы тұрады. 3. Сенсуализм (лат sensus- сезім) - танымның көзі сезім (түйсік), ол ақиқаттың өлшемі деп санайды. Сенсуализмнің негізі антикада (Демокрит, Эпикур) ерекше бағыт ретінде Жаңа Заман философиясында қалыптасты (материалистік сенсуализм - Гоббс, Локк, Дидро, т. б.) идеалистік сенсуализм - Беркли, Юм,т.б. Ағартушылық дәуірде рационализм мен сенсуализм философияда өте маңызды рөл атқарады. 4. Иррационализм (лат. irrationalis - ақылсыз, санасыз, ақыл жетпейтін) - философиядағы ағым, танымда ақыл күшін мойындамайды, оған тіпті шек қояды, сонымен болмыстың мәніне ақылдың жетпейтіндігін уағыздайды. Иррационализмге субъективтік-идеалистік ілім жатады, М: Өмір философиясы (Шопенгауэр, Ницше, Бергсон, Шпенглер), экзистенциализм (Сартр, Камю, Хайдеггер, т.б.) және басқалар. Диалектика және метафизика. Болмыстың мәні өзгермейтін, тұрақты, қозғалмайтын немесе құбылмалы әрі жылжымалы бола ма? - деген сұрақтарды шешу негізінде ол метафизика мен диалектикаға бөлінеді. Бірақ бұл терминді қолдану бір шама қиын, өйткені, олардың әрқайсының қалай болғанда да екі - ежелгі грек және қазіргі замандағы - мәні бар. Сондықтан оларды қолданған кезде қай мәнде екенін ескергенжөн. Диалектика - ежелгі грек тілінен сөзбе-сөз аударғанда - «пікір таласы, әңгіме жүргізу өнері». Бұл термин осы мәнінде ежелгі кезден Жаңа Заманға дейін қолданылды. Термин немістің классикалық философиясында және әсіресе марксизм философиясында екінші мәнге ие болды. Атап айтқанда: болмыстың ең жалпылама заңдылықтары мен байланысы туралы iлiмге айналды. Диалектиканың екі орталық идеясы бар: барлық құбылыстардың өзара байланысы және шексіз болмыстың өзіне тән қайшлықтары әсерінен үздіксіз дамуы. Бұл мәнінде диалектика метафизикаға қарама-қарсы. Оның өте ірі өкілдері: Шеллинг, Гегель, Маркс, Ленин, Бергсон. Бірақ дамудың өзі әртүрлі түсіндірілуі мүмкін: «Тұйықталған шеңбер бойынша» даму (Шеллинг, Гегель) және шексіз үдемелі қозғалыс ретіндегі даму (Маркс, Бергсон).
Диалектиканың тарихи формалары: стихиялық, идеалистік және материалистік.
Стихиялық диалектика күнделікті сезімдік тәжірибеден туындайды, дүниенің мәңгі өзгерісіне, қайтып оралуына сүйенеді. Ол әсіресе Гераклиттің “бәрі ағады, бәрі өзгереді” деген қағидасында анық берілген. Күнделікті өмірде барлық адам осы пікірді ұстанады. Идеалистік диалектика біріншіден, жеке адамдар пікірлерінің (ойының) арасындағы қайшылықты мойындаса, екіншіден, ұрпақтар пікірлерінің қайшылығы, тарихи дамуын анықтайды (Гегель). Оның негізгі кемшілігі - дамуды сана деңгейімен шектеуі. Материалистік диалектика дамуды бар болмыстың қасиеті деп санап, әмбебаптың деңгейіне көтереді. Және объективтік диалектиканы (дүниенің дамуы) субъективтік диалектиканың (сананың дамуы) негізі деп қарастырады. Метафизика грек тілінен сөзбе-сөз аударғанда - «физикадан кейін» деген ұғым. Бастапқыда метафизика деп Аристотельдің философиясын, ал ортағасырдан бастап жалпы философияны атады. Осы мәнінде бұл термин қазіргі кезде де жиі қолданады, яғни: “Метафизика” дегеніміз - философия. Жаңа заманда «метафизика» термині қосымша философиялық ілім мәніне ие болды, шексіз әлемнің өзгеруін өзіндік даму ретінде мойындамады яғни, диалектикаға қарама-қарсы ілім болды. Сондықтан, метафизиканы антидиалектика дейміз Егер бұл мәндердің арасын айырмаса, көп түсінбестік болуы мүмкін. М: Парменид пен Зенонды қазіргі заманда сөздің екінші мәнінде метафизиканың негізін қалаушы деп атауға болады (өйткені, олар шын болмыс қозғалмайды және өзгеріссіз болады деп алғаш рет айтты), бірақ оларды ежелгі грек сөзінің мәнінде диалектиканың негізін қалаушылар деп те атауға болады. Олар алғашқы болып философиялық идеяларды негіздеп дәлелдей бастады. Қазіргі заман түсінігінде метафизиктер деп ХХ ғ философтарының көбін айтуға болады. Философияның қызметіне оның мақсатын анықтауда қолданылатын дүниетанымдық, әдістемелік, теориялық ойлау, сыни-талап, аксиологиялық, әлеуметтік, гуманитарлық және болжаушылық міндеттерді жатқызамыз. Философияның дүниетанымдық қызметі - әлемнің тұтастық бейнесін қалыптастырудың мүмкіндігі, оның құрылымы туралы ұғымды, ондағы адамның орнын және бірлесіп әрекет жасау принцптерінің мәнін түсіндіреді. Философияның әдістемелік (методологиялық) қызметі - бізді қоршаған шындықты тану әдісін жасайды. Философия - танымның ең жалпы әдістерінің және адамның шындықты игеруінің ең түпкі тәсілдері туралы ілім ретінде көрінеді Философияның теориялық ойлау қызметінің мәні, әсіресе философия тарихын зерттеудегі даналыққа байланысты. Философияның сыни-талап қызметі - қоршаған дүниенің және білімнің барлығына күмән келтіру, дүниеде жаңа пайда болғанның ерекшеліктерін іздеу, қайшылықтарын ашу, таным шекарасын кеңейту, білімді модернизациялау және анықтығын ұлғайту. Сын басқа пәндерді ғана емес, философияның өзін де қамтиды. Философияның аксиологиялық қызметі (гр. axios - құндылық) - бізді қоршаған әлемді, заттар мен құбылыстарды әр түрлі құндылықтар - әдептілік, этикалық, әлеуметтік, идеологиялық, т. б. - тұрғысынан бағалау. Философияның аксиологиялық қызметі, әсіресе, тарихтағы ұлы өзгеріс кезінде, орта ғасыр басындағы Рим империясының қирауынан кейін құндылықты жаңа діннен іздеу, қайта өрлеудегі реформация, капитализмнің дамуының дағдарысы (ХІХ-ХХ ғғ.), социализмнің тұйыққа тірелуіне (ХХ-ХХІ ғғ.) байланысты ерекше күшейеді. Философияның әлеуметтік қызметі - қоғамның пайда болу себебін, эволюциясын, қазіргі жағдайын, құрылымын, элементін, қозғаушы күштерін, қайшылықтарын ашу, түсіндіру және дамуды жеңілдендіру жолдарын көрсетеді Философияның әлеуметтік қызметі - қоғамның пайда болу себебін, эволюциясын, қазіргі жағдайын, құрылымын, элементін, қозғаушы күштерін, қайшылықтарын ашу, түсіндіру және дамуды жеңілдендіру жолдарын көрсетеді.. Философияның гуманитарлық қызметі - гуманистік құндылықтар мен идеяларды адамға және қоғамға енгізеді, моральдің ықпалын нығайтады, адамның қоршаған ортаға бейімденуін, өз өмірінің мәнін табуды қарастырады. Философияның болжаушылық қызметі - дүние мен адам туралы философиялық білімге сүйене отырып, материяның, сананың, тану процесінің, адамның, табиғаттың және қоғам дамуының тенденциясының жетістіктерін анықтап, болжайды. Философияның қызметтері бір-бірімен диалектикалық өзара қарым- қатынаста болады. Олардың тұтастық бірлігі - философиялық білімнің спецификасы мен мәнін көрсетеді. Философия дүниеге көзқарас қана емес, ол ғылым. Сондықтан барлық ғылымдар сияқты дүниенің (табиғат, қоғам, сана) заңдары мен заңдылықтарын ашуға ұмтылады. Заң дегеніміз - заттар мен құбылыстардың, олардың қасиеттерінің қайталана беретін тұрақты байланысы, ал философия - дүниенің ең түпкі заңдарын ашуды міндет тұтса, ең түпкі қасиеттерді анықтап, солардың тұрақты байланысын табуға тырысуы керек. Ондай қасиеттерге дүние болмысының зат және идея түрінде берілетіні жатқандықтан, материя мен идея, болмыс пен сана, объект пен субъект қатынастары философияның негізгі мәселесі деп, алғаш Ф.Энгельс айтқан. Бұл өз мәнісін әлі күнге дейін жойған жоқ, материалистік және идеалистік көзқарасты ұстанушылар әлі де тиянақты бір пікірге келе алмай отыр. Сана мен материя қатынасы мәселесі әсіресе адам болмысын анықтауда ерекше анық көрінеді: бірі адамды рухани десе, бірі - материалдық жан деп өзара қатаң айтысқа түседі, саясатта қолданып іс-әрекеттерін, таптар, ұлттар, мемлекеттердің өзара соғыстарын ақтауға тырысады. Адам болмысының ерекшелігі - руханилығында, яғни ол көрінген ісін алдымен басында, санасында идеалдық түрде, ойша істеп кейін реалдыққа көшіреді. Бірақ ол руханилыққа ерекше биологиялық жан ретінде және руханилықтың көзі - қоғамдық өмір арқылы ғана келе алады. Екіншіден, қандай істі басында жоспарласа да, ол қоршаған табиғи және әлеуметтік ортаның біздің санамыздан тәуелсіз заңдылықтарына, тарихи даму деңгейіне сәйкес келгенде ғана реалдыққа айналады. Адам туабітісімен, ісінің қорытындысымен материалдықпен шектеліп отырса да, рухани жандылығын жоғалпайды. Сондықтан оған ешқашан қайталанбайтын, шексіз құндылық ретінде қарау қажет, көбінесе материалдық байлық мәселесі төңірегінен аса алмайтын саясаттың құлы етпеу керек. Философия және ғылым мәселесінде философия ғылымы заңдарының ерекшелігін де ескеріп отыру керек, онда дүниеге көзқарассыз мазмұн болмай, оның мәселелері нақты ғылымдағыдай есеп-қисапқа келтіріле бермейді. Сондықтан философияның заңдары жалпы бағыттылық, тенденциялық сипатта орындалады. Ал, дүниенің көрінген құбылысы өздігінен, ішкі қайшылықтардың қарама-қарсылығынан дамитындығын ескеріп, философия өз мәселесін қосалқы ұғымдар, категориялар байланысы, олардың бірін-бірі толықтырып, біріне-бірі өтуі арқылы шешуге тырысады. Мұны нақты ғылымдар ұстанатын формальдық, математикалық логика орындай алмайтындықтан, марксизмде диалектикалық логика ілімі пайда болды. Оның тарихи, ғылыми мәнін соңғы кезде біз еліктей бастаған позитивтік ағымдар әлі де толық түсіне қойған жоқ. Сондықтан саясаттың өткіншілігін, ғылымның мәңгілігін ескеріп марксизмнің саяси-экономикалық, идеологиялық ілімін ғылыми-философиялық жетістіктерімен шатастырмай, терең оқып-білуге ұмтылу керек.
СӨЖ 1 2 - тапсырма
Даосизм (қыт. 道教, dàojiào) - атақты ойшыл Лао Цзы идеяларына негізделіп құрылған ежелгі Қытай философиялық және діни дәстүрі (тікелей аудармасы«жол мектебі»), Даосизм - табиғат күштерін мойындаудың және онымен үйлесімділікте болудың маңыздылығын қолдайтын теория. Даосизм - байырғы Қытай философиясындағы негізгі бір бағыт. Б.з.д. 4-3 ғасырда пайда болған. Даосизмнің негізгі идеялары «Лао-цзы» және «Чжуан-цзы» трактаттарда берілген. «Чжуан-цзыда» конфуцийшілікке қас идеялар айтылып, табиғат қоғамға карсы қойылады. Адам өзін қоршаған міндеттерден босанып, табиғатқа жақын тұрмысқа қайтса, Дао (әлемнің түпкі негізі, сезімге қонбас сырды, тіршіліктің бүтіндігі) жолына келеді деген ой-пікірді білдіреді. Осынымен бірге Даосизмдегі табиғатты зерттеуге шақырған идеялар Қытайда алғашқы іліми түсініктердің және ойлап табулардың шығуына көмекші болады. «Лао-цзыда» дао түсінігі әлемнің маңызы және жаратылыс себебі деген мағына береді. Адам күрес пен қалаулардан бас тартып, өзі менен өзі болып, саяси істерге қатыспау, өкімет елдің тұрмысына зиян келтірмеуі керек деген көзқарастар айтылады.
Конфуциандық (кыт. жу цзя (цзяо) – ғалым-интеллектуалдар (ілімі) мектебі) — ежелгі дәуірден бастау алатын философиялық жүйе, Шығыстағы үш басты діни-этикалық даосизм мен буддизм қатарындағы бағыттың, Ежелгі Қытайдағы басты идеялық ағымдардың бірі, саяси-этикалық ілім. Конфузцийшілдіктің негізін қалаушы – Конфуций (б.з.б. 551 – 479), оның көзқарасын ізбасарлары “Лунь ой” (“Әңгімелері мен ой-пікірлер”) кітабында баяндап берген. Конфузцийшілдікке сәйкес, адам тағдырын “аспан” айқындайды және адамдардың «мейірімділерге» және «нашарларға» бөлінуінің өзгеріске ұшырауы мүмкін емес. Жасы кіші үлкенге, қызметі төмен адам жоғары қызметтегі адамға сөзсіз бағынуға тиіс. Әлеуметтік теңсіздікті құдайдың құдіретімен байланыстырған Мэн-цзы (б.з.б. 372 – 289) Конфуцийдің көрнекті ізбасары болды. Конфузцийшілдіктің екінші бір жақтаушысы Сюнь-цзы жасаған ілім бойынша “аспан” табиғаттың бір бөлігі болып табылады және онда сана болмайды. Адам заттардың заңдылықтарын түсініп, оларды өз мүддесі үшін пайдалануға тиіс. Алайда, Конфузцийшілдіктің “құдайдың құдіреті” туралы ілімі Дун Чжуншудың (б.з.б. 2 ғ.) конфуцийшіл ортодоксты доктринасын жасауына негіз болды. Негізінен, Сун әулеті билігі кезінде (10 – 13 ғасырлар) қытай философия мектебінің жаңа Конфузцийшілдік бағыты қалыптасты. Жаңа Конфузцийшілдік деп аталған бұл ағымның ерте Конфузцийшілдіктен айырмашылығы – онтология, натурфилософия, космогонияға көбірек көңіл бөлінеді. 11 – 12 ғасырларда Чжу Си және басқалар арқылы жаңа конфуцийшілдер дейтін философиялық бағыт қалыптасты, ол заттарда екі түрлі негіз бар деп үйретті. Олар: Ли – парасатты шығармашылық күш және Ци – енжар материя. Алғашқысы адамның бойындағы жақсы қасиет – ізгілікке құлшыныс, ал екіншісі – жаман қасиет сезім қызғанышына бой ұруды қалыптастырады. Бұған бәсекелес екінші бағыт болған Лу Цзююань – Ван Янмин мектебі 16 – 17 ғасырларда идеялық басымдыққа жетті. 17 – 19 ғасырларда классикалық мәтіндерді сыни тұрғыда оқып, табиғатты тәжірибемен зерттеу қолға алынды. 20 ғасырларда батыс философиясы теориялары назарға алынды. Әлеуметтік тәртіп пен реттіліктің бұлжымастығын дәйектей түсу арқылы жаңа конфузцийшілдік 21 ғасырлардың басына дейін Қытай философиясы мен қоғамдық-саяси ойындағы үстем бағытқа ие болып келді. Оның Жапония, Корея мен Вьетнамға да ықпалы зор болды.
Буддизм (санскритше – बुद्ध धर्म, buddha dharma Будданың ілімі) — дүниежүзіне кеңінен таралған негізгі 3 діннің бірі. Б.з.б. V-VI Үндістанның бүгінгі Бихар штатында пайда болды. Буддизмнің негізін салушы Сиддхарта Гаутама деп есептеледі. Буддизм басқа ілім-танымдарды бойына оңай сіңірді және оның негізгі қағидасы жан иесіне жамандық жасамау болғандықтан, жер жүзіне соғыссыз тарады. Қазіргі кезде Буддизм дінін 1 млрдқа жуық адам ұстанады. Буддалық діни ілім көзқарастардың күрделі жүйесі б. т.
Ол діни шығармалар жинағы "Трипитакада" ("Үш себет") баяндалған. Буддизмнің уағыздарының өзіне тән ерекшеліктері бар. Буддизмде дүниені жаратушы құдай жайындағы идея айтылмайды. Буддизм фәни өмірдің азаптары - ауру, кәрілік, өлімнен құтылу жолын іздейді. Ол өмірдің қасіреті - нәпсінің тілегіне байланысты деді. Адамның денесі уақытша өмір сүреді. Ал нәпсі қанағатсыз тілегімен, өлімнің қорқынышымен ылғи бейнет туғызады. Сондықтан нәпсінің тілегінен құтылу керек. Ол үшін төрт асыл ақиқатты білу қажет:
Азап бар;
Азапта себеп бар;
Азапта соң бар;
Жол азаптың тоқталуы бар.
Аһимсаны жүзеге асыру үшін Буддизм Веданы жоққа шығарады. Будда ілімінде этика мәселелеріне көп көңіл бөлінген. Буддизмнің негізіне қоршаған ортадан бөлінбей қарастырылатын жеке адамды дәріптеу және болмысты бүкіл дүниемен байланысып жатқан ерекше психологиялық процесс ретінде қабылдау принциптері алынған. Буддизмдегі негізгі ең ірі бағыттар - хинаяна және махаяна. Буддизм өзінің даму барысында үш кезеңнен өтті: хинаяна, әркімді туу - өлу айналымынан құтылуды үйрететін алғашқы даналық мектебі (б.з.б. V ғ. - б.з. басы); екінші, бодхисаттва - құтқарушы көмегімен құтылу; үшінші, махаяна (б.з. V ғ.-ына дейін) кезі. Махаяна негізінде будда (ісөкірек көзі ашылған) болуға мүмкіндік беретін жаңа тиімді әдістер уағыздалды (V ғ.-дан кейін). Ол важраяна деп аталады. Азияның көптеген елдерінде Буддизм қазіргі кездің өзінде қоғамдық және жалпы мемл. өмірге елеулі ықпал етіп отыр. Бұл елдердің бірқатарында Буддизм мемлекеттік дін болып есептеледі. Империалистер Буддизмнің ықпалын ескере отырып, бүл дінді өзінің реакцияшыл саяси мақсаттарына пайдалануға тырысады. Соңғы он жылдықта необуддизм немесе метабуддизмнің бірқатар жаңа бағыттары пайда болды. Қазіргі уақытта будда ұйымдары Азия елдерінде әртүрлі әлеуметтік рөл атқарады. Олардың кейбіреулері отаршылдыққа қарсы, ұлттық тәуелсіздік үшін күреске белсене қатысуда. Біздің елімізде будда ламаиттердің ізін қуушылардың шағын топтары Қалмақ, Бурят, Тывада тұрады. Буддизмң көзқарасына дүниеден безушілік, жеке даралық тән. Қанаушы қоғамда байлық, күш, өкімет кімнің қолында болса, соған жалбыры- ну жер бетіндегі азап шеккені үшін күнәдан қүтқарады деп түсіндіреді. Сондықтан адам өткінші, жалған өмір сүретін мысал денесін ойламай, мәңгі өмір сүретін жанын құтқарудың қамын ойлауы керек. Бұл - қанаушылармен келісуді уағыздайтын Буддизм діннің реакциялық жақтарынан бірі. Ол дінді қабылдаған елдердің өміріне едәуір ықпал жасады. Буддизмң таралуы синкретикалық мәдени комплекстердің құрылуына әсер етті. Бұлардың жиынтығы будда ұйымы - 1950 ж. құрылған буддашылардың дүниежүзілік бауырластығы.
Моизм (墨家). Мұрагерлік аристократияның билеуіне сын айтқан моистер мектебінің негізін қалаушы МО-ЦЗЫ (шамамен б.з.д. 479 - 400 жылдар) болды. Оның ілімін, жолын қуушылар "Мо-цзы" кітабында Моизм ілімінің сипаты баяндалған. Моизм әлеуметтік жағдайы тұрақсыз, қарама-қайшылықты ұсақ меншік иелерігің - ерікті жер өңдеушілердің, қолөнершілердің, саудагерлердің, мемлекеттік аппараттағы төмен шен иелерінің мүддесін білдірді. Бір жағынан, олар еңбекші бұқараға жақын болды және белгілі бір дәрежеде олардың сенім-пікірлерін қабылдады, ал екінші жағынан - қоғамда белгілі бір орынды иеленгеннен кейін билеуші тебе топқа жақындауға тырысып бақты, жоғары тектің артықшылықтарын өздеріне талап етті. Моистердің ілімін осындай қарама-қайшылықтар жайлаған болатын. Әлеуметтік төменгі топтың кейбір түсініктерін қайта жаңғырта отырып, моистер мемлекеттік лауазымдарды шығу тегі мен туыстық принциптері бойынша иеленуді айыптады. Олар барлық адамдардың көктегі құдай алдында бірдей екендігін дәлелдеді. Мемлекеттік қызметке шығу тегіне қарамастан неғұрлым ақылды адамдарды ұсыну қажет. Олар осы тұрғыдан мұрагерлік аристократтарда білім туа бітеді деген ойға жол беретін және ақылдылардың ұсынылуын білім деңгейімен шектейтин конфуцийшілдіктің ымырашылдық доктринасын да сынға алды. Мо-цзы ақылдылықтың көзі туа біткен ізгіліктер мен атап оқу ғана емес, қарапайым халықтың өмірінен алынған білім деп көрсетті. Мемлекет басқару оқытуды қажет етпейді. Адамның мемлекеттік басқаруға қабілеті онын іскерлік қасиеттерімен - қарапайым халыққа кызмет етуді қалауымен, іске қажырлылығымен және т.б. анықталады.
Легизм. Ерте легизмнің ірі өкілі ШАНЬ ЯН (б.з.д. 390 — 338 жылдар шамасы) ұсынған реформалардың жобалары мен жарлықтары "Шань цзюнь шу" трактатына ("Шань облысының әміршісі кітабы") енген. Легизм ілімі оның алдындағы тұжырымдамалардан едәуір өзгеше болды. Легистер саясатты дәстүрлі моральдық баяндаудан бас тартып, билікті атқару техникасы туралы ілімді жасады. Шань Ян осы қайта бағдарлануды жүзеге асыра отырып, патриархалдық тәртіпті жоюға қол жеткізген мемлекеттік міндеттерді атқарған ақсүйектер мен ауқатты қауымшылдардың ұмтылыстарын басшылыққа алды. Саяси теориядан олар басқаларға қарағанда ізгілікті ақыл-өсиеттерді аз күтті. Оларға керегі жалпы мемлекеттік түрлендірулердің салыстыра тексерілген бағдарламасы болатын.Легизмнің ерекшеліктерін қоғамдық құбылыстарға тарихи көзқарастардың элементтері құрады. Жаңа аристократияның жекеменшіктік мүдделері қауымдық өмірдің архаистік ұстанымдарына қайшы келгендіктен, оның идеологтарына дәстүрдің беделіне емес, әлеуметтік шарттардың бұрынғымен салыстырғандағы өзгерістеріне шағынуына тура келді. Ежелгі тәртіптерді қалпына келтіруге шақырған достарға, конфуцийшілдерге және моистерге қарсы легистер ескіге қайта оралудың мүмкін еместігін дәлелдеп бақты.Легистер қауымдық өзін-өзі басқаруды шектеу, отбасылық-рулық қауымдар мен патронимияларды жергілікті әкімшілікке бағындыру қажет деп есептеді. Шань Ян қауымдық өзін-өзі басқаруды теріске шығармастан, азаматтарды мемлекеттік биліктің тікелей бақылауына қоюды көздейтін реформалардың жобаларын (елді аудандарға бөлу, жергілікті жерлердегі шенеуніктік қызметтер және т.б.) ұсынды. Бұл жобаларды жүзеге асыру Қытайда азаматтардың аймақтық бөлінуінің бастауы болды. Барлық мемлекет үшін біртұтас заңдар белгілеу ұсынылды. Басқа да ерте легистер сияқты Шань Ян әдет-ғұрып құқығын заңнамамен толық алмастыруды ойлаған жоқ. Занды ол қуғын-сүргін саясаты (қылмыстық заң) және үкіметтің әкімшілік өкімі деп түсінді. Билік пен халық арасындағы ұарым-қатынастарды Шань Ян жауласушы тараптардың бір-біріне қарсы тұруы деп қарады. Үлгілі мемлекетте әміршінің билігі күшке арқа сүйейді және ешқандай заңға бағындырылмаған. Шан Янға азаматтардың құқығы, олардың заңды кепілдері туралы және т.б. ұғымдар белгісіз. Заң, оның ойынша, қорқыныш ұялатушы, ескерту жасаушы террор болып шығады. Тақсыр қызметінің жоғарғы мақсатын Шань Ян басқыншылық соғыстар жолымен Қытайды біріктіруге қабілетті күшті билік құру деп есептеді.Легистік тұжырымдамаларды іс жүзінде қолдану қатыгездіктін күшеюімен, бодаңдардың санасына әмірші алдында жаппай үрейді сіңірумен және жаппай сезіктенумен қатар жүрді. Жалпы бұқараның легистік тәртіпке наразылықтарын ескере отырып, Шань Янның ізбасарлары неғұрлым жексұрын жағдайлардан бас тартып, легизмді моральдық мазмұнмен толықтырып, оны даосизммен немесе конфуцийшілдікпен жақьіндастырды. Б.з.д. II — I ғасырларда легизм идеясымен толықтырылған конфуцийшілдік Қытайдың мемлекеттік діні ретінде бекіді. Моистер мектебі біртіндеп келмеске кетеді. Даосизм буддизммен және жергілікті нанымдармен астарласып магия белгілеріне ие бола бастайды жөне уақыт өте келе саяси идеологияның дамуына ықпалын жоғалтады. Конфуцийшілдік 1911 — 13 жылдардағы Синхай революциясына дейін императорлық Қытайдың ресми ілімі болып келді.
Достарыңызбен бөлісу: |