СӨЖ 4. Түркі дәуіріндегі Орталық Азия халықтарының рухани мәдениетінің дамуы мен әдеби дәстүрлерінің қалыптасуы
Көне түріктер тарихы мен мәдениет мәселелерін зерттеудің патшалық Ресей тұсындағы келесі бір кезеңі жазба деректердің ғылыми айналымға енуі болды. XIX ғасырдың орта шенінде Н.Я. Бичуриннің қытай жазба ескерткіштерінің ертедегі Орта Азия халықтары туралы мәліметтері жинағын бастырып шығуы синологиядағы аса көрнекті құбылыс болды. Үш томдық еңбекте қытай деректерінің Қазақстанды ертеде және орта ғасырларда мекендеушілердің хуннулардың (сюннулардың), усундердің, кангюйлердің, яньцайлар мен түрік тайпаларының тарихы жөніндегі негізгі ақпарат жинақталған. Орталық және Ішкі Азияның ортағасырлық тарихын жасауға жол ашылған қытай деректерін басып шығару өз кезінде одан әрі жалғастырылды (Э.Бретшнейдер). Қытай және Византия деректерін салыстыру негізінде Э.Шаванн (1903) VI-VIII ғасырлардағы Жетісудың батыс түріктерінің тарихын зерттеді. Қытай, Үндістан, Алдыңғы Азия және Византия арасындағы өзара қатынастар мен мәдени алмасуды жеңілдету ісінде Батыс түріктерінің атқарған рөлін анықтады; Сюань Цзанның маршрутын тарихи-географиялық тұрғыдан түсіндріп берді. Сыма Цзянның «Тарихи жазбаларын» аударуды жүзеге асырып, оған ауқымды тарихи түсініктемелер жазды.
XIX ғасырдың екінші жартысы-XX ғасырдың басында грек және рим авторларының (Геродот, Ксенофонт, Полибий, Полиен, Прокопий Кесарийский) ертедегі Қазақстан мен Орта Азияның саяси және экономикалық, сондай-ақ экономикалық және мәдени тарихы мен тарихи географиясы жөнінде көптеген құнды материалдар бар бірқатар шығармалары орыс тіліне аударылды.
Тарих ғылымының Орталық Азия халықтарының өткенін қатаң ғылыми тұрғыда зерттеуді көбінесе Ресейдегі ылым өкілдерінен күтуге құқығы бар еді. Өйткені олар үшін Қазақстан мен Орта Азия тарихының барысын анықтаудың таза теориялық мәні болып қана қойған жоқ. Петербургте аймақтың тарихы жөніндегі қолжазба деректердің аса бай жинағының шоғырландырылуы кездейсоқ емес еді.
Ежелгі түріктер түрлі мәдениеттер тоғысындағы алар орны туралы мәселе Г.Е.Грумм-Гржимайлоның « Батыс Моңғолия және Урянхай өлкесі» (1926) атты еңбегінің екінші томында баяндалады. Зерттеуші алғашқылырдың бірі болып ежелгі түріктер тарихындағы Қытай мәдениеті мен оның әсері және салдары туралы мәселе көтерді. Оның еңбегі жарыққа шыққан күннен бастап В.В.Бартольд бастаған ғалымдар тарапынан сынға ұшырағандықтан, кейінгі сын – мақалаларында В.Бартольд бастапқы пікірлерінен бас тартқанымен, бұл еңбекке деген салқындық ұзақ уақыт бойы сақталып қалды. Сондықтан, В.В.Бартольдтың бағалауы бойынша, Қазақстан мен Орта Азияның ертедегі тарихы мен алдыңғы орта ғасырлары жөнінен ғылыми талаптарды қанағаттандыратын монографиялар XIX ғасырдың аяғына дейін болған жоқ делініп келді. Бұл кемшілікті өз заманында-ақ еңбектері теңдесі жоқ маңызға ие болған Ресейдің көрнекті академигі, шығыстанушы В.В.Бартольд(1860-1930) жоюға тырысты. Оның еңбектері отандық және дүниежүзілік шығыстануда тарихи түпнұсқа деректер бойынша тарихи сынның қатаң талаптарына сәйкес зерттелген алғашқы еңбектер болды.
Оның 1898 жылы Верныйда (қазіргі Алматы) бірінші рет жарияланған «Жетісу тарихының очерктері » деген кітабы Қазақстан тарихын зерттеуге қосылған бағалы ғылыми үлес болды . Бұл кітап б.з.б. II ғасырдан б.з. XVIII ғасырға дейінгі Жетісудың саяси тарихын көрсетуде ғылыми маңызын берік сақтап қалып отыр. Оның екі бөлімнен тұратын, авторға лайықты дүниежүзілік даңқ әперген «Түркістан моңғол шапқыншылығы дәуірінде» деген іргелі еңбегімен «Очерктер» тығыз байланысты.
Біздің зерттеу объектіміз болып отырған VI-VIII ғасырлардағы түріктерге «Очерктердің» екінші бөлімі арналған. Мұнда автор «Таң әулетінің тарихына» Қытай саяхатшысы Сюань-Цзанның бақылаулары және Н.Я.Бичуриннің үш томдық еңбегіне сүйене отырып, негізінен ежелгі түріктердің тарихының барлық аспектілерін қамтиды. Қосалқы деректер туралы В.В.Бартольд византиялық елшілердің хабарламаларының бар екендігін, бірақ, олардың маңызды мәлімет қалдырмағандығын ескертеді. Дегенмен, түріктердің тұрмысы туралы византиялықтардың әңгімелерінің орыс тіліндегі нұсқасының Д.И.Иловайскийдің «Разыскание о начале Руси» (Москва,1876) кітабынан қарастыруға болатындығын айтады.
Жоғарыда аталғандай, XIX ғасырдағы орыс зерттеушілері түрктерді скандинавиялықтармен жазуы жағынан байланыстырды. Сондықтан да түріктердің төл жазуын руникалық деп атады. Бірақ, олар түріктерді қазақтармен емес славяндардың бастауымен байланыстырды. Қоғамда славяндардың түп-тамырын іздестіру, оны өркениеті жоғары деңгейге көтерілген ғұн, сақ, ежелгі түрік көшпелі халықтарымен сабақтастыру тенденциясы орын алды. Осылайша тарих ғылымында да шовинистік көқарасты берік ұстанып, ұлы державалық идеология тұрғысы қалыптасты. Оған аталған Д.Иловайскийдің зерттеуі мысал.
В.В.Бартольд ежелгі түріктердің тарихын зерттеу барысында VII ғасырдағы буддизм уағыздаушысы Сюань-Цзан мен VII-VIII ғасырлардағы оқиғаларын қамтитын, бірақ, XI ғасырда жазылған «Таң әулетінің тарихында» түріктердің сауда жолдарының Жетісудағы бөлігінің толыққанды суреттелінбеген кемшілігін ескертеді. Бірақ, бұдан басқа деректерде ұл маршрут жайында мәлімет таппағандықтан соған сүйенеді. Деректен ол Орта Азияда VII ғасырда пайда болған көшпелі түріктер империясының Шу өлкесінде отырықшылық мәдениетінің болғанын көреді. Отырықшылықты қалыптастыруға, бірақ, жергілікті түріктер емес Мауеренахрдан шыққан халықтарға қатысты деп тұжырымдайды. Әліпбиі бастауын сириялық жазудан алады, 32 белгіден тұрып, жоғарыдан төмен қарай жазылады дейді. Тарихи шығармалары да болған, манихейлік дінді ұстанған деп В.В.Бартольд Шу өлкесіндегі соғдылықтарды айтып отыр. Себебі, әліпбиі соғдылықтармен ұқсас болғанымен түріктердің өзіндік оңнан солға қарай оқылатын белгілік жазуы, тәңіршілдік діни ұстанымы болғаны белгілі.
Сюань-Цзанның сауда орталығы болып түріктердің бақылауында болған деп отырған «Суй-е (Шу) өзені бойындағы қаланы» В.В.Бартольд салыстыру әдісін пайдаланып, мұсылман деректеріндегі (ат-Табари) Суяб қаласы деп анықтап, Қастек өткелінен оңтүстікке қарай орналастырады. Бұл нақтылаулары тарихи-география аспектісін толықтыратын құнды мәлімет, болып кейінгі тарихшыларға негіз болды.
Түркі дәуіріндегі Жетісудың қалалық мәдениетін аталған жазба ескерткіштердің мәліметтеріне сүйене отырып, соғдылықтардың тікелей әсерімен қалыптасты деп санайтын авторлар тобы еңбектерінің алғашқысы ғылыми негіздегенде осы В.В. Бартольд болды. В.В.Бартольд өзінің қлацы қарсаңында мәдени гүлденуінің шыңына жеткен Сасанидтік Иран өз көршілерін қарудың көмегінсіз-ақ әсер еткенін атап өтіп, бұл мәдени жетістіктердің түркілер соғдылар арқылы қабылдады деп санайды. Соғдылардың Жетісуды отарлауының мәселелерін 1927 жылы бірінші болып көтерген В.В.Бартольд бұл мәселе бойынша археологиялық мәліметтердің жеткіліксіздігінен мәселені тек жазба деректер негізінде қарастырған. Зерттеуші аталған мәселені М.Қашқари мен авторы белгісіз «Худуд-ал Алам» («Әлем шекаралары») шығармасының мәліметтері негізінде қарастырған. Ал бұл жазба деректер VII ғасырдан кейінгі кезеңдер туралы мәліметтерді сақтамаған. Сондықтан түркі-соғды проблемасы, әсіресе, мәселенің мәдени аспектілері кейінгі зерттеушілердің үлкен ықыласын аударды.
В.В.Бартольд түріктердің мемлекетінің қалыптасуын, дамуы мен күшейюін қытай деректерінің негізінде сараптаса, құлдырау кезеңіндегі жағдайын араб-парсы саяхатшыларының мәліметтерімен дәйектейді. Себебі, Батыс Түрік империясының әлсіреуі Мауеренахрдағы арабтардың алғашқы табыстарына жол ашты. Сонымен араб жылнамашыларының Түрік қағанатына назар аударуы түсіндіріледі.
Түрік халықтарының, оның ішінде ежелгі түріктердің тарихына В.В.Бартольдтың қызығушылығы Орхон өзені бассейні мен Солтүстік Моңғолияда ежелгі түрік руналық жазбаларының құпиясы 1889-1894 жылдары ашылып оқылғаннан кейін арта түсті. Оның алғашқы еңбегімен (1897) VII ғасырдың аяғы –VIII ғасырдың басындағы тарихи оқиғаларды қамтыған Орхон ескерткіштерінін тарихнамалық талдауы басталған болатын. Бірақ, В.Банг пен И.Маркварт жазбалардың алғашқы аудармашылары ұсынған оқиғалар хронологиясының қателігін анықтағаннан кейін, В.В.Бартольд бұл мақаладағы фактілердің нақтылануы мен баяндалуын қайта қарады. Ал, «Орхон жазбалары туралы жаңа зерттеулерінде» (1899) деректерді салыстырып зерттеуге қайтып оралды.
В.В.Бартольдтың бұл жұмыстарының бас нәтижесі болып Орталық Азия тарихына қатысты деректер арасындағы көне түрік ескерткіштерінің орнын анықтау, әр деректердегі суреттелген оқиғаларды синхрондау, жазбалардың зерттелу аспектілерін анықтау болып табылды. Сонымен қатар, ол жазбаларды талдауға өзі ғылыми айналымға енгізіп отырған араб-парсы деректерінің мәліметтерін қолданды. Бұл оған бұған дейін араб жаулап алушылығының қарсаңындағы Орта Азияның тарихының жеке эпизодтары ретінде қарастырылған оқиғаларды толықтыруға мүмкіндік берді.
«Қазіргі диалектідегі Орхон жазбаларындағы санау жүйесі» (1906) мақаласы В.В.Бартольдтың алғашқы еңбектеріне этнографиялық толықтыру болды. Онда ғалым көне түрік ескерткіштерінде берілген санау жүйесінің Шығыс Түркістандағы қазіргі ұйғыр диалектілерінің біреуінде сақталғанын ескереді.
Қазан төңкерісінен кейін В.В.Бартольдтың түрік халықтарының тарихы жөніндегі жұмыстары кең көлемді проблемалық және хронологиялық диапазонымен ерекшеленеді. Бұған ұлттық тарих пен ұлттық мәдени дәстүрлерге деген зор ықыластың Қазақстан мен Орта Азияда осы оқиғалар кезеңінде оянып, 1924 жылы ұлттық межелену кезінде ерекше күшейе түсуі себепші болды.
1926 жылы В.В.Бартольд түркі тілдес халықтардың тарихын күрделі процесс ретінде қорытуға, тілі бойынша туыс, бірақ экономикалық тұрмысы жөнінен әр түрлі халықтардың кем дегенде екі мыңжылдық бойында жүріп өткен дербес әлеуметтік, саяси және мәдени дамуы жолын көрсетуге тұңғыш рет ғылыми негізделген әрекет жасайды. Зерттеулерінің бұл бағыты ең алдымен оның « Орта Азияның түрік халықтарының тарихы жөніндегі 12 лекция» деген еңбегінде көрініс тапты.
VI-VIII ғасырлардағы түріктерге алғашқы екі лекциясы арналған. Ғалым ежелгі түріктердің тарихының көпшілігінің түріктердің өздерімен емес, көршілес халықтармен жазылуына байланысты түркі тарихының зерттелу деңгейін толық көрсету үшін түріктанушы болу аз. Қай кезеңмен айналысатындығына қарай қытайтанушы, арабтанушы, ирантанушы болу қажеттігіне келіп тоқталады.
Алғашқы лекцияда В.В.Бартольд тарихнамалық шолу жүргізеді. Ол француз қытайтанушысы Е.Шаванның 1903 жылы Ғылым Академиясының баспаларында жарық көрген Батыс түріктерге байланысты еңбегіне сын-пікірін береді.Е.Шаванның еңбегіне қатысты жеке рецензиясында оның көптеген қытай деректерін византиялық, армян, мұсылман деректерімен салыстыра отырып, кең ауқымды қамтығанын жоғары бағалайды. Сөйте тұра, Е.Шаванның түпдеректерді аудар барысында мәтіннің мағынасының үйлесімділігіне мән бермегендіктен тарихшы емес қытайтанушы тіл маманы есебінде көрінетіндігін баса айтады. Сонымен қатар, Ресей империясының құрамындағы аймақта мекендеген түріктер тарихын жазуда Е.Шаванның орыс тіліндегі деректер мен зерттеулерді қамтымағанын ерсі, орынсыз көреді. «Батыс Еуропа түріктерге қатысты қытай деректерін Ресейге қарағанда жақсы зерттеген» деген ұстанымын қатты сынға алады.
Тарихнамалық шолуында В.В.Бартольд тағы В.В.Радловтың және В.Томсеннің аударылған жазбаларды түсіндірудегі рөліне баға береді. Аудармалардың түсіндірілуіндегі әркелкіліктің орын алғанын кемшілік санап, дерек көздеріне ас мұқияттылықпен қарау қажеттігін ескергені орынды-ақ. «12 лекциясында» ол өзінің «Шығыс тарихын Еуропаның тарихы сияқты ғылыми әдістерді қолдану жолымен ғана түсіндіруге болады» деген тезисін мейлінше дәл әрі айқын ұстанады .
Ол үшінші лекциясында «Орхон жазбаларын моңғол кезеңіне дейінгі Қытаймен шектескен көшпелі мемлекеттердің тарихындағы ерекше құбылыс» деп бағалай отырып, аудармаларды тарихнамалық талдауға жеңіл қарауға болмайтындығын ескертеді .
«Түрік халықтарының тарихын зерттеудің қазіргі жағдайы мен таяудағы міндеттері» атты мақаласында жоғарыдағы ойларын толықтырып, лингвистикалық маңызына қоса тарихи құндылығы бар жазбалар қытай деректерін толықтырады дей келе, «оның ашылғанына 30 жыл өткенімен оның мәтінінің даулы тұстары көп, талдау жұмысы аяқталған жоқ, сондықтан оны талдаусыз түпдерек ретінде қолдану қате қорытындыларға алып келеді»,- дейді. В.В.Бартольдтың түпдерекке аса ұқыптылықпен қарау қажеттігінің талабы қазіргі кезге дейін прогрессивті ұсыныс ретінде құнын жоймай, XX ғасырдың басындағы түріктану ғылыми саласының жаңа сапалы деңгейге көтерілуіне бастама болды.
Ежелгі түрік ескерткіштерін зерттей келе, В.В.Бартольд оның Қытай мәдениетінің ғана ықпалына емес, Алдыңғы Азияның да мәдени әсеріне тартылғандығы туралы қорытындыға келеді.
В.В.Бартольд түріктердің жеке әліпбиінің болу мүмкіндігін де жоққа шығарады. Ол : «түріктер Алдыңғы Азиялық әліпбиді дайын күйінде қабылдап, оған оқ бейнесіндегі таңба сияқты кейбір өзіндік ерекшеліктерін енгізген»,- дейді. Түріктердің хан әулетінің мүшелерінің «шад» титулын да парсылық «шах» терминінен туындатады. Бұл тұжырымдар «Ұлы орыс» халқының барлық қол астындағы халықтар мәдениетін өздерінен төмен санайтын шовинистік көзқарастың XX ғасырдың басында тарих ғылымында да берік орнағанын, В.В.Бартольдтың да ойларына негіз болғанын көреміз. Ал қазіргі таңда бұл тұжырымның ескіргендігі анық көрінуде. Түріктердің төл жазуының болғандығын А.Махаева, Ғ.Айдаров т.б. ғалымдарымыз дәлелдеді. Солардың пікірлеріне сүйеніп, В.В.Бартольд тұжырымының қазіргі заман талаптарын қанағаттандырмайтындығын баса айта аламыз.
Дегенмен, В.В.Бартольдтың түріктерге қатысты үзік-үзік тарихи оқиғаларды әр түрлі деректерге сүйеніп синхрондап, толықтыруы, кезеңдерді бір жүйеге келтіріп белгілеуі түріктану ғылымына қосқан сөзсіз үлесі болып табылады. Оның ғылыми танымы Қазақстан тарихын, оның ішінде ежелгі түріктердің де тарихын зерттеуде көп жағынан негізге алынады.
Достарыңызбен бөлісу: |