Сөйлеу дегеніміз — тілді қатынас процесінде өз ойын басқаларға білдіру, басқаның ойын білу мақсатында қолдану деп атап көрсетті. Тіл мен сөйлеудің бір еместігін, бұлардың арасында айырма барын ғалымдар ертеде-ақ байқаған. Т.Р.Қордабаев Ф. де Соссюрдің тіл мен сөйлеуге қатысты көптеген құнды пікірлерімен қатар кейбір қайшылықтры да бар, ол сөйлеуді тек индивидуумдық, даралық құбылыс, онда əлеуметтік ештеңе де жоқ дей тұра тілді сол сөйлеу əректінің бір бөлшегі деген пікіріне ғылыми түрде сыни көзбен қарап былай деді: «Егер тіл əлеуметтік болса, онда ол индивидуалдық болып табылатын сөйлеу əрекетінің бір бөлшегі болмау керек, не болмаса сөйлеу əрекеті таза индивидуалдық болмау керек. Сол сияқты тіл «сөйлеу əрекеті» түсінікті болу үшін, ал сөйлеу тілдің іске асуы, əрекетке жарауы үшін қажет дей тұра, сөйлеуді таза индивидуалдық құбылыс деу қисынсыз. Егер сөйлеуде тек индивидуалдық қана сипат болса, адамдардың бір-бірін түсінуі мүмкін болмаған болар еді».
Тіл мен ойлау арасындағы байланыс, бірлік олардың тепе-теңдіктерінің кепілі бола алмайды. Бұл екеуі бір-бірінен қызметі, құрылымдары жағынан да жекеленеді. Ойлаудағы мақсат объектіні танып білу, жаңа мəлімет, тың білім беру табу болса, тіл ойды қалыптастыру, жарыққа шығару, оны сақтап, кейінгі ұрпақтарға жеткізу міндеттерін атқарады. Құрылымдары, логикалық формалары жағынан алғанда, ойлау ойдың логикалық құрылысына ұғым мен байымдауға негізделеді. Ойлаудың логикалық заңы, формасы — жалпы адамдық. Ал тілге негіз болатын оның грамматикалық құрылысы — сөз өзгертуі, сөз туғызу, сөйлем құрау ережелері.
Бұлар жалпы адамдық емес, жеке халықтық, ұлттық болады. Əрбір этникалық топ тілі ойды өзінше қалыптастырады, тек өзіне ғана тəн амал-тəсілдер арқылы жарыққа шығарады. Осы себептен де əр этникалық топ өкілі өз тілі тұрғысында, өз тілі негізінде ойлайды.
Профессор Т.Р.Қордабаев ғылыми тұрғыда мағына жөніндегі анықтамаларға сын көзімен қарап, мағына дегеніміз таңбалаушының таңбаланушымен қатынасынан туатын мəн, мазмұн деп түсіндіреді. Тілдік мағына сан салалы, күрделі құбылыс. Бұл мағыналардың білдіретін материалдық көрсеткіштерінің қыр-сырлары, тілде атқаратын қызметтері жақтарынан алуан түрлі болатындықтарын байқауға болады.
Т.Р.Қордабаев тілдің мағыналарының сөйлеу процесіндегі түрленуін былай түсіндіреді: «Тілдің коллектив мүшелері сөйлеу процесінде сөздің лексикалық мағынасын түрлендіріп, оны ауыспалы, келтірінді мағынада қолдана береді, ал грамматикалық мағыналарды олай түрлендіре алмайды».
Бұл жағдайлар тілдік семантиканың сапалық жағынан да, сандық жағынан да, құрылымдық жағынан да əрқилы екендігін байқатады.
.
Дүние жүзіндегі тілдер сияқты қазақ тілі де дыбыс, сөз, сөздер тіркесі, сөйлемнен тұрады. Осы тілдік элементтер өзара бірлікте, байланыста тұрып, біртұтас құрылым құрайды. Т.Р.Қордабаев тілдік элементтердің əрқайсысына байланысты өзіндік пікірін айтады.
.
Тіл фактілерін тарихи тұрғыдан алып зерттеудің, білудің ғылым үшін де, практикалық іс үшін де үлкен мəні бар. Себебі қандай құбылыстың, фактінің болмасын өткенін, тарихи даму жолдарын білмей тұрып, оның қазіргі күйін, сырын жете білу мүмкін емес. Тіл тарихын зерттеуде, үйренуде басшылыққа алынатын басты бір принцип — тіл тарихын, оны туғызған, сол тілді қатынас құралы ретінде пайдаланған қоғам тарихымен тығыз байланыста қарау принципі. Тіл тарихын зерттеуде, үйренуде басшылыққа алынатын екінші принцип — зерттеліп отырған тілдің фактілерін, орынды жерінде, онымен бірге туыстас тілдермен жəне қаралып отырған тілдің қазіргі фактілерімен салыстыра қарау принципі.