ҚОРЫТЫНДЫ
Математикалық термидер, таңбалар мен символдар оқушы мен оқытушы арасындағы, сондай-ақ жеке оқушыға жаңа білімді, ақпаратты тиімді түрде тасымаладаушы, жеткізуші ролін атқарады. Бұл туралы кезінде Н. И. Лобачевский математика таңбалары сөз байлығы сияқты біреудің қолы жеткен ұғымын, ашқан ақиқатын одан гөрі кемел, дәлірек, әрі анық түрде ойды байытып жеткізеді деген-ді.
Математика әдісінің басқа ғылым салаларында пайдаланылуынан оның символдарының, терминдерінің маңызы артып, өрісі кеңейе түседі. Математиканың дамуын оның терминдерінің нақтыланып, таңбаларының дамуымен тәуелді талдай отырып, оның қолдану қажеттігінен, математикалық терминология мен символика белгілі талаптарды қанағаттандырып, принципті негізде құрылуы тиіс деген қорытындыға келеміз. Математикалық символдардың дамуы математикалық терминдердің даму деңгейіне сәйкес қаралуы тиіс. Жоғарыда баяндалғандай-ақ терминология толықтық принципін қанағаттандырады. Мұны қазіргі терминология проблемаларын зерттеуші А. А. Реформатский, З. М. Зорин, Г. Н. Ағаев, Б. А. Ағаев, С. М. Мұсаев, М. И. Черемсина, Д. Икрамов және методист математиктер А. И. Фетисов, Д. Пойа, В. Рабинович, т.б. атап өтеді. Егер осылай десек, онда логика заңы бойынша терминдер жиынтығы мен олардың өкілі символдар жиыны арасында өзара бір мәнді сәйкестік орнатылуы тиіс. Бұл талап символдың толықтық принципін тудырады. Қазіргі математикада әлі де көлбеу, дөңгелек, тең шамалылық сияқты символы жоқ математикалық ұғымдар мен объектілер бар екендігін байқатады. Қарастырылған принцип бойынша бір теория, пікір, есеп ішінде бір символ не белгі әр түрлі бірнеше сәйкес келмеуі тиіс және керісінше бір ұғым бірнеше символға сәйкестенбеуі қажет. Математиканы оқытуда аталған принциптің педагогикалық маңызы зор, өйткені ыңғайлы белгілеу есепті шешуде немесе теореманы дәлелдеуде көмектесіп, тіпті қажет нәрсені меңзеп тұрады. Ал, терминдер нақтылап, жүйелеп ойды біртұтастыққа шоғырландырып алған біліміңнің есте қалатын басты ұғымы болмақ.
Оқушыларға математикалық формулаларды, белгілерді, символдарды дұрыс пайдаланып, одан дұрыс қортынды жасай білуге үйрету математика мұғалімдерінің міндеті.
Математиканың өзі таным, білім деген мағынада яғни, математиканы оқыту үрдісінде, барлық білім, ғылым саласында терминдерсіз, символдарсыз елестету мүмкін емес. Және оларды тиімді пайдаланып, дұрыс қолдана білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Қорыта келгенде, математика ұғымдары қолданылмаған мамандықтың еңсесі түседі. Оның иесі қоғамға қалай қызмет етпекші. Математикалық ойлау арқылы білімдеу табиғатты ғана емес, экологияны да, экономиканы да игерудің негізі. Математиканың сапалық жағын оқыту әрбір азаматтың заңға бағыну психологиясын қалыптастырудың негізгі жолы.
Достарыңызбен бөлісу: |