І. БӨЛІМ 1. Индивид және қоғам Тұлғаның мәнін дұрыс түсіну үшін бұл ұғымды оған маңызы жағынан жақын «адам» және «индивид» ұғымдарынан ажырата білу керек. «Адам» ұғымы адам баласына тән жалпы белгілерді білдіретін тектік ұғым болып табылады. Адам биоәлеуметтік жаратылыс болғандықтан, бұл ұғымға оның жалпы әлеуметтік, сондай-ақ биологиялық белгілері де кіреді, өйткені оның әлеуметтік мәнінің тасымалдауышы тірі адам ағзасы болып табылады.
Индивид жеке, нақты адам, оған Homo Sapiens-тің тектік белгілерімен қатар жекеше белгілер де тән. Бұл оның табиғи тума қабілеттеріне, психикалық қасиеттеріне (жады, қиялы, темпераменті, мінезі) және оның ойлау (көқарастары, пайымдаулары, пікірлері) ерекшеліктеріне, қажеттіктері мен сұраныстарына қатысты. Жекедаралық – бұл индивидті басқалардан ерекшелендіретін қасиеттер мен қабілеттердің жиынтығы ретінде анықталуы мүмкін.
Енді тұлға туралы әңгімелейік. Әрбір заманауи, ересек, психикалық жағынан қалыпты адам тұлға бола ала ма? Бола алмайтыны түсінікті. Кез келген әлеуметтік жағдайлардағы істің мәні де осындай. Тұлға — бұл нақтықоғамдық тарихи қатынастардың жай ғана тасымалдаушысы емес, оларға өзінің жеке-дара қабілеттерімен және бейімділіктерімен, саналылығымен және ұйымшылдығымен, еңбектік және саяси-қоғамдық белсенділігімен елеулі ықпал ететін адам.
Тұлға бірқатар гуманитарлық ғылымдардың, бәрінен бұрын философияның, психология мен әлеуметтанудың зерделеу объектісі болып табылады.
Философия тұлғаны іс-әреткеттің, таным мен шығармашылықтың субъектісі ретіндегі дүниедегі орны тұрғысынан қарастырады. Психология тұлғаны психикалық үдерістер, қасиеттер мен қатынастар: темперамент, мінез, қабілеттер, еріктік қасиеттерінің және т.б. біртұтастығы ретінде зерделейді.
Әлеуметтану болса тұлғадан әлеуметтік-типтік нәрсені бөліп көрсетеді. Тұлғаның әлеуметтанулық теориясының негізгі проблематикасы тұлғаның қызмет етуі және оның қажеттіліктерінің дамуының үдерісімен, тұлға мен қоғамның, тұлға мен топтың заңды байланысын, тұлғаның әлеуметтік мінез-құлқын реттеу мен өздігінен реттелуін зерттеумен байланысты.
Америкалық әлеуметтанушы-теоретиктер Т.Знанецкий мен Ч.Томас тұлғаның әлеуметтік мінез-құлқының өздігінен реттелуінің диспозициялық (лат. disposito – орналасу) теориясын жасап, ұсынды. Бұл теория әлеуметтік және әлеуметтік-психологиялық мінез-құлық арасындағы байланысқа негізделген.
Тұлға диспозициясы дегеніміз – тұлғаның қызмет жағдайларын белгілі бір қабылдауға және бұл жағдайларда белгілі бір мінез-құлық танытуға бейімділігін білдіреді.
Шындығында, адам мінез-құлқының нәтижелері тұлға мен жағдаят арасныдағы туындайтын шиеленістерді дәйекті шешумен анықталады. Тұлғаның өзіндік санасы өмірлік позицияға айналады. Ол дүниетанымдық нұсқамаларға, әлеуметтік құндылықтарға, тұлға мұраттары мен нормаларына, әрекет етуге дайындығына негізделген мінез-құлық принципі болып табылады.
Жоғарыда атап өтілген диспозициялар жоғарғы және төменгі болып екіге бөлінеді. Жоғарғылары мінез-құлықтың жалпы бағытталғандығын реттейді. Олар өзіне:
өмір тұғырнамасы мен құндылықтық бағдарларды;
типтік әлеуметтік объектілер мен жағдаяттарға деген жалпыланған әлеуметтік нұсқаларды;
белгілі бір нақты жағдайлардағы, белгілі бір пәндік және әлеуметтік ортадағы қабылдау мен мінез-құлыққа бейімділік ретіндегі жағдаяттық әлеуметтік нұсқаларды қамтиды.
Әлеуметтік мінез-құлықтың төменгі диспозициялары – типтік жағдаяттарда көрініс табатын қызметтің белгілі бір салаларындағы мінез-құлық.
Белгілі бір адамның немесе адамдар тобының мінез-құлқын алдын ала болжап айту мүмкін емес дерлік. Алайда бұл мінез-құлықтың барлық нұсқалары абден зеттелуі мүмкін. Егер де бұл істелмейтін болса, онда адам мүмкіндіктері не жете бағаланбайды, не асыра бағаланады. Бір нәрсе ақиқат – болашақ адамдардың жобасы болып табылады және де оның қандай дәрежеде жүзеге асырылуы адамдардың шығармашылығына, құзіретіне, жауапкершілігі мен мінез-құлқына тәуелді.