Сопы аллаяр шығармалары ахметбекова Ақбота Кәрібайқызы



Дата15.09.2017
өлшемі127,72 Kb.
#33645
СОПЫ АЛЛАЯР ШЫҒАРМАЛАРЫ
Ахметбекова Ақбота Кәрібайқызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, aaxbota@gmail.com


Түркі тіліндегі сопылық әдебиеттің бастамасын салған Қожа Ахмет Йасауидің дәстүрін жалғастырған Сопы Аллаяр шығармашылығы түркі халықтарының барлығына ортақ мұра деп қарастырылуы тиіс. Өйткені қазақ әдебиетін тек қазақ ұлтымен шектеуге болмайды, әдеби дәстүрді тарихи сабақтастық тұрғысында зерттеу қажеттігін ғалым Т.Кәкішұлы былай тұжырымдайды: «Әдеби мұра және игеру жайын әңгімелеген уақытта, ең күрделі проблемаға, яғни көркемдік дамудағы тарихи сабақтастық (историческая приемственность) мәселесіне айрықша назар аударған жөн»/1.364/. Ислам дінін қабылдаған түркі халқының дүниетанымы қазақ менталитетінде өз жалғастығын тапқанын сопылық ағым өкілдерінің шығармаларының қазақ арасында кең тарағанынан-ақ танимыз. Сопы Аллаярдың қазақ жұртшылығына барынша танымал екендігі Абайдың 38-қара сөзінде оған жасаған сілтемесінен байқауға болады.

Сопы Аллаяр туралы мәліметтердің көбісі аңызбен өріліп жатыр. Сопы Аллаяр есімі Қаттақорған қаласының қалануына байланысты аңызда кездеседі: бұл аңыз бойынша 1683-1684 жылдары қаланған Қаттақорғанның орнын әмір қызметіндегі ағайынды Пархат-Аталық, Алла Назарбай және Сопы Аллаярға табысталған. Сопы Аллаяр қала орнын белгілеп, шейхке бата алу үшін кеткенде, Пархат-Атталық оның оралуын күтпестен қаланы тұрғыза бастаған. Қайтып келген Сопы Аллаяр қорғандағы қаланың тұрғызыла бастағанын көргенде, ашуланып, көрші Бұхар хандығына кетіп, сонда 1721 жылы қайтыс болды деген дерек бар.

Башқұр әдебиетінде Сопы Аллаяр негізінен оның «Сабат ул-ғажизин» кітабының түсіндірмесін жасаған Тажетдин Ялсыгул-улы Ялсыгуловтың «Рисалат-ул-Ғазиза» (Ғазизаға хат) кітабымен байланысты айтылады. Башқұрлар «Сабат ул-ғажизин» кітабының тілі ауыр, араб-парсы сөздері көп деп, Тажетдин Ялсыгуловқа қызы Ғазиза арқылы аталған кітапқа түсіндірме жазуын сұрапты. Осы өтінішке байланысты Ялсыгулов Сопы Аллаярдың еңбегіне түсініктеме беріп, оны «Ғазизаға хат» деп атаған. Бұл кітапта Сопы Аллаярдың әр бәйітінен кейін түсініктемелер дәйектеме (интерпретация) түрінде берілген. Өз дәйектемесін тұжырымдау мақсатында Құранға не белгілі сопы ғалымдар пікірлеріне сілтеме жасау кездеседі.

«Ғазизаға хат» деген кітапта Сопы Аллаярдың төрт кітап жазғаны айтылады: «Төрт кітап тасныф айлады. Әуел Маслак ул-муттақин, екіншісі Мурад ул-арифин, үшіншісі Махзан ул-мутиғин, төртіншісі Сабат ул-ғажизин. Бұ төрт кітабны тасныф қылып халайық арасында кереметі мәшһүр олды. Шейх Хабибу-Алланың муаббир халифелерінден олды»/2.7/. Бұл деректен Сопы Аллаярдың «Маслак ул-муттақин» (Тақуалар жолы), «Мурад ул-арифин» (Білімдарлар/гностиктер/ мұраты), «Махзан ул-мутиғин» (Мойынсұнушылар қамбары), «Сабат ул-ғажизин» (Әлсіздердің табандылығы) кітаптарын құрастырғанын білеміз. Осы кітаптардың арқасында Сопы Аллаярдың атағы шығып, Хабибу-Алла шейхтің аты аталған орынбасары мәртебесіне ие болғанын білеміз. Сондай-ақ осы төрт кітаптың ішінде ерекше көрнектісі «Сабат ул-ғажизин» жинағы аталады. «Әлсіздердің табандылығы» деп аударылатын бұл кітап жетпістен астам баян деп аталатын өлеңдерден тұрады. Мысалы: «Асыл пенделіктің баяны», «Алла тағаланың мағрифатының баяны», «Алла тағаланың сегіз сифатының баяны», «Иманның баяны» т.б. Тек «Бисмиаллаһи-р-рахмани-рахим» деп басталатын бірінші өлеңнің еш атауы жоқ. Бұл өлең кіріспе ретінде ислам әдебиеті дәстүріне сай Алланың құдіреті паш етіліп мадақтауға, адамзат тарихында белгілі пайғамбарлардың ерен еңбектері мен ерекшеліктерін сипаттауға арналған:

Сана лилхалиқ ғабра уа афләк

Йаратты қитредин гауһар пәк.

/Мадақ жер пен көк Жаратушыға

Жаратты тамшыдан пәк гауһар/1.

Самауат үйіні тұтты муғаллақ

Жаһана хүкміні көрсетті мутлақ.

/Аспандар үйін ілдіріп тұтты

Жаһанға өзінің абсолют үкімін көрсетті/.
Қылып ғабра мадарын замме хут

Бәни Адамға андын қисм етер құт.

/Жер орбитасын китке міндеттеп

Адам баласына құт үлестіріп берді/.


Пәдид етті жаһан ічре фауасил

Қылур әр фасла түрлүк нашие хасил/3.2/

/Жаһанды маусымдарға бөлшектеді

Әр маусымды түрлі мән-мағынамен жасақтады/.

«Рисала Ғазиза» кітабында бірінші бәйітке мынадай түсіндірме берілген: Жер мен көкті жаратқан Алланың құдіреті зор. Ал гауһар пәк дегенде, бір тамшыдан жаралған адам баласы туралы, әсіресе, осы ғаламның жаралуына себеп болған Мұхаммед Мұстафа туралы деп түсінуіміз керек/2.7/.

Екінші бәйіт мағынасы былай түсіндірілген: «Яғни көк үйіні тірексіз жаратты, бұ тірексіз жаратмақты халайыққа ғибрат үшін соның үшін ғибратлар алып Хақ тағаланың бірлігіні андын қарап білгейсізлер»/2.7/.

Үшінші бәйіт мағынасы туралы былай айтылған: жер үлкен өгіздің үстінде, ал өгіз нәң балық үстінде орналасқан. Балық дарияда жүзіп жүр, дария қараңғылық үстіне қойылған т.б. түсіндірмелер келтірілген/2.8/.

Төртінші бәйітте бұ дүниеде бір жыл төрт маусымнан тұратыны айтыла келе: «Жаз күндерінде өлік жерден өленлерні тергізер уа шығарар бұ дәлелдүр адам ұғлынларының қабірінен қобып тірілмегіне ишаратдүр жай фаслында өленлер тәмам өсіп, кәмиллік бңрле тірілерлер бұ ишаратдүр адам ұғлынларының фәни дүниеде бір аз ғейш уа ғишрат баяғы етмеклеріне күз фаслында биақы кәмил өленлер тәмам сечеклерінен айрылып құри бастар. Бұ һәм ишаратдүр адам ұғлынларының жігітлігі тәмам болып қарылық дәуіріне кіріп күз құрыған өлен кебідүр қыс фаслында баяғы түзік дүние бұзылып, нәфис солар тоңып, қар жауып күллі хайуанат үстінде машақат ұғрар. Бұ һәм ишаратдүр Қияметте қобып күллі махлұқаттың үстіне қайғы келіп, өз халлеріне машғұл олмаға /2.8/.

Сопы Аллаярдың бірінші бәйітінде Хақ тағалаға мадақ оның жасампаздығынан бұрын, бұл дүниенің мән-мағынасын белгілегеніне қатысты айтылып тұр. Ғаламның мән-мағынасы тамшыдан жаратылған пәк Пайғамбарға тіреледі. Жалпы «Нұр Мұхаммедиа» концепциясы сопылар арасында кең тараған. Бұл концепция бойынша Хақ тағала өзіне серік ретінде Нұр жаратқан. Осы Нұр он сегіз мың ғаламның жаратылуына себеп болып, ең алғашқы адамның - Адам атаның арқасында орын алған. Адамзат тарихында пайғамбардан пайғамбарға өтіп, ең ақыры адам кейпінде Мұхаммед пайғамбар болып көрінеді. Яғни Мұхаммед пайғамбар жаратылыстың себебі де, нәтижесі де, мәні де болып табылады.

Адам ақылы бұл дүниеде жер мен көктің шегін тани алмайды, ұлықтығына ғана куә бола алады. Ал сол зор материялардың мәні тамшыдан жаралған адам – Мұхаммед пайғамбар екені Алла құдіретінің шексіздігін мойындап, тануда ғана көрініс береді. Бұл бәйітте Жер мен Көк қаншалықты зәулім болса, қитре(тамшы) соншалықты көзге ілінбес нәрсе, алайда солардың барлығының мәні бір пәк гауһарда.

Екінші бәйітте бұл жаһан дүние тіреусіз аспанды жаратқан Алла тағаланың үкіміне, яғни белгіленген заңдылықтарға бағынатыны нақтылана түсіп, Жаратушының құдіретін тағы бір мойындауға бағыт берілген.

Үшінші бәйітке Ялсыгулов Жердің ғарыштағы орны жайында кең түсініктеме берген. Бірақ Сопы Аллаяр өз бәйітінде Жердің астрономиялық тұрағынан мағлұмат беруден бұрын, бұл дүниенің өз құты, бақыты бар деген ой тұжырымдайтын сияқты. Адам үшін бұл өмірдің мәні бақытты болу, сондықтан бақытқа ұмтылу өмір үдерісін, дамуын белгілейді. Барлық мәселе бақыт дегенді қалай ұғынуда болып табылады. Осыны түсіндіруде Сопы Аллаяр төртінші бәйітінде жылдың маусымдарға бөлінуі адамға бақыт мәнін танытатын ишарат екенін көрсетеді: көктемде тіршілігі жоқ қу ағаш көгеріп, жазда жайқалып, күзде жеміс береді, ал қыста бар желегінен айрылып, қайтадан қу ағашқа айналады. Адам да бұл өмірге күш-қуаты тасып келеді, өсіп-өнеді, бірақ қартайып, ақыры өледі. Жыл маусымдары мен оның тіршілікке қылатын әсері арқылы Алла тағала бұл өмірдің өткінші екенін ескеріп, сондықтан адам баласы өмірдің мақсаты рухани азық жинап, Ақырзаман кезінде бақилық өмірге қадам басуда ақтық есеп бере алатындай ахуалға жетуі тиіс.

Сопы Аллаяр өмір сүру амалын «Асыл пенделіктің баяны» деген 8 бәйіттен тұратын өлеңінде анықтап береді:

Недүр құллық аның муштақи болмақ

Өзідин фани Хаққа бақи болмақ/3.6/.

/Құлдық не, оған ұмтылыста болмақ

Өзінен бас тартқан Хаққа бақи болмақ/.

«Рисала Ғазизада» бұл бәйіт былай түсіндірілген: «Яғни бір әгүсінден сұраса пендешілік не айландүр диган кімсінеге жауап олдүр, пендешілік ол дүр әр пенде болған кімсе өзіні фәни біліп Тәңріні бақи білмекдүр. Яғни әр кім өзіні фәни білсе, Тәңірі тағаланы ол кіші таниды, зереге фәни олған кімсенелер әлбетте зейнет дүниеден уа нәпсі шаһауатларындан безгүшілердүр тахқиқ бұ фәни ашйаларға алданмақ бақи ниғметлерден құруғ қалмағы себебдүр»/2.24/. Ялсыгулов бұл бәйітті адам бұл дүние сияқты өткінші екенін, Тәңір ғаламы мәңгілік екенін тану және осы танудың негізінде алдамшы дүниеге алданбау деп интерпретациялайды. «Рисала Ғазиза» авторы бұл өлеңнің бірінші бәйітінің мәнін екінші бәйіті тұрғысында түсіндірген сияқты. Өйткені Сопы Аллаярдың:

Танымақ Тәңріні танмақ һауадын

Кейін турмақ фағална рауадын/3.6/, -

деген бәйітін былай дәйектейді: «Уа дахи пендешілік олдүр әуелі Алла тағаланы танымақ (уа дахи лайық түгел сипатларын Алла тағаланы пәк елмек уа дахи нәпсі арзуларындан безбек уа зейнет дүниені артқа ташламақ неке нәпсіні тілер андын безбек уа дахи жырақ тұрмақ шариғат бұйырмаған ішлерден «танмақ» безбек мағынасына луғат бағды атракдүр «кин» кафның/к дыбысының/ фатхасы/дауысты а дыбысы/ айле уа йа айле жырақ мағынасыдүр»/2.24/. Ялсыгулов «Тәңірді тану арқылы адам нәпсіден танбақ, яғни безбек» деп түсіндіреді.

Егер тақырыптық топ тұрғысында қарастырсақ, бұл бәйіттің бірінші тармақ ұйытқысын «құлдық - муштақ (ұмтылушы)» жұбы құрайды. Яғни Алла мен адам қатынасы құлдық ұрумен белгіленеді. Адам Иесіне құлдық ұруда өзінің кемелділікке (Аллаға) ұмтылысын көрсетеді. Яғни Сопы Аллаяр бойынша, бұл өмірде бақытты болу деген адамның кемелді болуға ұмтылысы болып табылады. Сонда адам өзінің пәнилік қасиеттерін жойып, кемелді болып, бақилыққа ұласа алады. Ал екінші бәйітте «танымақ» және «танмақ» сөздері араб графикасында бірдей таңбаланған. Сопы Аллаяр «Тәңірді таныған нәпсіден танған» дихотомиясы арқылы сопылық оқудың негізін беруде сөз құбылтуды әдейі қолданғанын байқаймыз.

Бойын сұнмақ йугірмек құл димешде

Қазаға разы болмақ барча ішде/3.6/.

/Құл деген мойынсұнбақ, жүгірмек

Қазаға да, барлық іске де разы болмақ/.

Ялсыгулов бұл бәйітте пенде Алланың бәле-қазаларына сабырлық танытып, ниғметтеріне шүкірлік ету жайы айтылған деп түсіндіреді/2.24/. Біздің пайымдауымызша, бәйіттің бірінші тармағының тақырыптық топтамасы «мойынсұнбақ – жүгірмек» жұбына негізделеді. Яғни Алланың құзіретіндегі дүниені қабылдап, өмірге келсең, осы өмір заңдылығына сай өмір сүруің қажет. Ал бұл өмірде өлім бар, көп машақат бар. Осының бәрін ризалықпен қабылдауда адам Алланы мойындап, үкіміне мойынсұнады.

Үмід етмек ошал құдретлі шаһдын

Йа нардын хауф етуб йанмақ күнәһдін/3.6/.

/Үміт етпек осы құдіретті Шахтан

Нар отынан қорқып, жанбас үшін күнәдан/.

Т. Ялсыгулов бұл бәйітке берген өз түсіндірмесінде адам қандай да болмасын күнә істесе де, Алладан үмітін үзбеуі тиіс және тозақ отынан қорқып күнә істеуден өзін тыюы қажет дей келе былай қорытады: «Бұ бәйіт ишарат елді, пенде олғанларға хауф бірле ража арасында олмаға»/2.25/. Яғни бұл бәйітте адам күнә үшін қорқынышта және ізгі істер үшін Алладан үмітін(тілек) үзбеуі тиіс. Бұл бәйіттің бірінші тармағындағы «үміт Шахтан» қатынасы мен екінші тармағындағы «от күнәдан» қатынасындағы салдар адамға өз тағдырын таңдау ерігін береді. Бақилықта тозақта орын алғың келсе, бұл өмірде нәпсіңе ерік бер, Алланың қарамағында болғың келсе, нәпсіңе тыйым салып, үмітті бол деген тұжырым бар.

Йақин білмек жамағат иғтиқадын

Кейін салмақ мухалиф ижтиһадын/3.6/.

/Терең білмек жамағат сенім-нанымын

Кейін салмақ заңға сай емес ыждаһатын/.

«Рисала Ғазизада» бұл бәйіт туралы ислам дінінде танылған төрт мазхабтан өзгесінің барлығы жалған екендігі, сондықтан әр түрлі ағымдардың исламға қайшылықты жақтарын тани білу керектігі нақтылана келе былай айтылған: «Уа дахи пендешілік олдүр аһл суннат уа жамағат иғтиқадны берік тұтмақ анлар не нәрседе иғтиқад елділер ол иғтиқадша олмақ уа жырақ болмақ керек»/2.25/. Яғни Ялсыгуловтың бұл түсініктемесінде сопылар сунниттердің сенімін берік тұта отырып, олардан жырақ болу керек дейді. Сырт жағынан сопылардың сенімі жамағат сенімі сияқты болып көрінгенмен, сенімдерде айырмашылық бар деген интерпретация елес береді.

Жалпы бұл бәйітте кездесетін араб сөздерін аударуда семантикалық айырмашылықтар негізінде әр түрлі интерпретация жасау мүмкіндігі бар. Дәлірек айтсақ, «йақин» сөзін қазақшаға «шынайы білім, терең сенім» деп аударуға болады. Сонымен қатар сопылар бұл сөзге «Таухидке жеткізетін нағыз, шынайы ғылым» деген мағынаны үстемелеп, өз еңбектерінде осы мәнінде қолданады. «Иғтиқад» қазақша «сенім» мағынасын береді. Ал «ижтиһад» сөзін қазақша «ыждаһаттылық» және «ислам дін ғылымының жоғары дәрежесіне жету және дін заңдарына қатысты кейбір мәселелерді өз тұрғысында шешуге құқықты болу» деген мағына береді. Осы баламаларды ескерсек, Сопы Аллаярдың бұл бәйітіне былай түсіндірме беруге болады: сопылар шынайы ғылымға ие, бұл ғылым халайық сеніміндегі білім шегінен шығып жатады, сондықтан сопылардың ғылымы кейде заңнан тыс, заңға сай емес болып көрінеді.

Ғақида білмеген шайтане елдүр

Егер мың йыл амал деп қылса ййылдүр/3.6/.

/Сенім қағидаларын білмеген шайтан елінен

Мың жыл амалы бір жылға татымас/.

Ялсыгуловтың түсіндірмесінде сенім қағидаларын ұстанбай Хаққа амал қылғандардың амалдары зая кетеді делінген. Бұл жерде Сопы Аллаяр дін доктринасын білмей амал қылуды жақтамайтынын көреміз. Дін қағидалары, белгілі дәрежеде, тура жол бағыт қызметін атқарса, сопылардың діни заңға сай емес амалдарының шегін белгілеу қиыншылық тудырады. Мұндай «еркінсуді» тек тәжірибелі ғұламалар істей алады. Сондықтан заң аясынан шығып кету қаупінен сақ болу керек.

Ұялма марифатны үгренурден

Танауур жайың болар қалсаң танурдын/3.6/.

/Ұялма мағрифатты үйренуден

Жарықтану жайың болар егер танысаң/.

Ялсыгулов бұл бәйіттегі «тануур» (арабша – «жарықтану, өзін-өзі ағарту, білім алу») мен «танур» сөздерінің араб графикасындағы жазылу бірдейлігіне назар аударып, «танауур» араб сөзі, ал «танур» түркі тіліндегі «тану, танымға жету» деген мағынасын береді. Ол мағрифатты «таухид ілімі» деп алып, мұсылман таухид іліміне жасына қарамастан, ұялмай оқығаны өз пайдасына деген түсініктеме береді/2.25/. Шыныда да бұл бәйіттің мәні «танауур – танур» қатынасымен белгіленеді, яғни білімді болу арқылы ғана танымға жетуге болады.

Ұялмасдүр талаб әмрін алған

Қалур йахшы ой алмақдын ұялған/3.6/.

/Ұялмас іздеу(талап) әмірін алған

Қалар жақсылық ой алмақтықтан ұялған/.

Бұл бәйітке түсініктеме бергенде, Ялсыгулов жақсы атыңды сақтау үшін үнемі ізденісте болу керек деген пайым жасайды.

Қарап отырсақ, Сопы Аллаяр шығармалары діни әдебиет үлгісінде жазылған туындылар болып табылады. Алланың құдіретін мадақтау, пайғамбарлар кереметін уағыздау, діни сенімді бекемдеу т.б. Алайда «Рисала Ғазиза» авторы Ялсыгулов бұл шығармаларға түсініктемелерді сопылық тұрғыда беріп, Сопы Аллаяр өлеңдерінің мән-мағынасын кеңейткен. Сонда бар мәселе түсініктемелерде болады ма? Бұл мәселені ғалым Пригарина былай анықтайды: «Существует довольно распространенное мнение, что область религиозно-философского в поэзии зависит не от ее онтологической сути, а от уровня понимания и традиции толкования и комментирования поэзии. Традиция толкования, безусловно, влияет на понимание поэзии и оценку ее в истории литературы, однако интересен и другой вопрос: есть ли в поэзии что-то, что не позволит обойти стороной или исказить ее суть, будь то суфийскую или гедоническую? И каким образом это что-то возникает, бытует и обнаруживает себя?»/4.132-133/. Пригарина Е.Э.Бертельс пікіріне сүйене отырып, сопылық поэзияның мәні ең басынан-ақ түсіндірме факторына негізделгенін айтады/4.133/. Бірақ біз кез келген шығарманы сопылық тұрғыда түсіндіре аламыз ба?

Сопылық поэзия ғашықтық лирика үлгілерін кең пайдаланды. Алайда кез келген лирикаға сопылық мән-мағына телуге болмайды. Сопылық шығарманы тану үшін сопылық поэзиядағы дәстүр бойынша сопылық мәні бар мотив пен бейне қатарына негізделеміз. Бұл қалыптасқан сопылық мотив пен бейнелер мәтіннің сопылық мазмұнына бағдар болады. Мысалы, Сопы Аллаярдың «Салик риза мақамын істемектің баяны» деген өлеңі былай басталады:

Кел ей сақи екеулен айлелең шарап

Ошал шараптан хұлқ андын табар қурб/3.38/.

/Кел ей сақи(шарап құюшы) екеумізге әкел шарапты

Осы шараптан жаратылыс одан табар жақындық/.
Шарабы бірке дәл андын булур саху

Қылур бір мәд ғаден өзгені маху/3.38/

/Шараппен бірге барлығы айқындалар

Бір өзінен басқаны жоқ қылар/.



Бұл бәйітте сопылық «сақи – шарап» мотиві қолданып, автордың өлеңін тек сопылық тұрғыда түсіну қажеттігі белгіленіп тұр. Сопы Аллаяр сопылық мотив пен бейнелерді өз ой-пікірін танытуда ғана емес, сондай-ақ шығармаларының сопылық мәні бар екеніне ишара жасау үшін де қолданығаны байқалады.Сонымен қатар жоғарыдағы талдаулар негізінде мәтіннің сопылық мәніне ишара жасауда Сопы Аллаяр мынадай амалдарды қолданған:

  1. Дихотомиялық қатынас арқылы ишара беру. Мысалы, ғарыш –гауһар, фәни – бақи т.б.

  2. Сөз құбылту: омонимдік, синонимдік, антонимдік қатар құру;

  3. Сопылық мәні бар сөздерді қатарластыра (паралллель) қолдану;

  4. Сопылық концепциялар мәнін қамтитын сөздерді қолдану, мысалы «саху – маху» - ақиқат айқындалып, дүниенің алдамшылығына көзің жеткенде, «адам» жойылып, таухид болады.

Сопы Аллаяр шығармалары түркі жазба ескерткіші ретінде кешенді зерттелсе, қазақ халқының дүниетанымында сопылық әдебиеттің әсері мен ықпалы тереңірек танылары сөзсіз.


  1. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Алматы, 1994

  2. Ялсыгулов Т. Рисала Ғазиза. Фи шарх «Субат-аль-ғажизин».Петербург,1847

  3. Сопы Аллаяр. Сабат ул-ғажизин. Қазан, 1841

  4. Пригарина Н.И. Поэтика творчества Мухаммада Икбала. Москва, 1978



1 Сөзбе-сөз аударма мақала авторынікі


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет