Тиімділік ұстанымы бойынша үйренушінің берілген талдау үлгісін тез қабылдап ұғынуға, түсінуге жеңіл боларлықтай, оны әрі қарай дамыта алатындай жағдайда болуы тиіс. Келесі талдауларды жүргізгенде, еш қиындықсыз есіне оңай түсіретін, бірден өз қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын дәрежеде болуы керек. Тілдік талдаудың мақсат-міндеттерін де үйренуші алдын-ала түсінгені жөн. Яғни талдау тек баға алудың немесе өтілген материалды қаншалықты меңгергенінің көрсеткіші емес, бұдан шәкірт өз мүддесіне жарата алатындай не алады, оны әрі қарай қандай мақсатта қолдана алады деген сұрақтардың жауабы түрінде көрінуі тиіс. Біз бұрынғы догмалық сипаттағы оқу жүйесінен түгелдей арылып, жаңа сапалық деңгейге өту керекпіз.
Білімді тұрақтандыру ұстанымы бойынша теориялық материалды практикамен ұштастыру міндеті көзделеді, әрі практиканың негізінде автор грамматиканы жетік игеру мен талдауды жүргізу барысында сауаттылықты арттыру ұстанымының жүзеге асатындығын меңзейді. «Сауаттылық – грамматиканың, орфография мен пунктуацияның ережелері мен заңдарын жете білудің нәтижесі» [13, 24-б.]. Яғни «Синтаксисті оқытқанда орфографияны үйрету жөнінде» деген әдістемелік құралда: «Орфографиялық және пунктуациялық сауаттылық оқушылардың тіл мәдениетінің, ой-өрісінің, сөз байлығының қандай дәрежеде екенін көрсетеді» [13, 34-б.] десе, ал «Фонетиканы оқыту және озат тәжірибе» деген еңбекте: «Тілде бір ереже мен екінші ереже байланысты болып отырады. Грамматикалық ережелерді білмеу, сөйлемдегі мағыналық қарым-қатынастарды түсінбеу орфографиялық қателерге соқтырады. Егер оқушы бастауыш пен баяндауыштың қай сөз таптарынан болатынын жетік білмесе, бастауыштан кейін қандай жағдайда сызықша қойылатынын ескермейді» [14, 37-б.] деп дұрыс көрсетеді. Сол себепті, сауатты адамда тіл мәдениетінің деңгейі жоғары болатындығы анық.
Логиканы дамытушылық ұстанымы шәкірттің рефлекциялық ойлауын қалыптастырып, дұрыс жолдың, дұрыс шешімнің анығына жетуге ықпалдасады.
Білімді өмірмен байланыстыру ұстанымы бойынша тілдік фактілерді айналадағы құбылыстармен, өмірмен байланыстыра қарау міндеті көзделеді. Яғни айналадағы қоғамдық өзгерістер, жаңалықтар үйренушінің назарынан тыс қалмауы керек. Бұл субъектінің белсенді өмірлік позициясын қалыптастырумен бірге айналадағы қоғамдық өзгерістер жайында хабардар, дүниетанымы кең әлеуметтік тұлға болуына әрекеттеседі. Мәселен, М. Әлібаеваның «Витагендік оқыту технологиясында» газет мәтіндерімен түрлі жаттығулардың негізінде жұмыс істеу көзделген. Автордың айтуынша, үйренушілер грамматикалық дағдыларын қалыптастырумен бірге, нәтижесінде елімізде болып жатқан саяси, мәдени, экономикалық мәселелер жайында хабардар болады [15, 252-б.]. Сол себепті, тілдік материалдарды өмірмен байланыссыз жүйеде қарастыруға болмайды.
Тілдік құбылыстардың тереңіне үңілген сайын жаңаша ізденістер мен ілгерілеушілікке жолығатынымыз айқын. Бұл дегеніміз – зерттеушілік ғалымдыққа апарар тура сара жол. Профессор Н. Оразақынованың ұсынған «ықшамдау» принципімен берілген сөйлемге сатылай кешенді талдау жүргізу технологиясы – білімгердің қазақ тілінің салалары (фонетика, лексика, морфология, сөзжасам және синтаксис) бойынша алған теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыратын ең озық технология болып саналады. Тіл білімі жеке-жеке салалары бойынша сөзге сатылы талдау жасауды меңгерген білімгер, ықшамдау принципі арқылы берілген сөйлемге синтаксистік ерекшеліктерден бастап, морфологиялық, лексикалык және фонетикалық ерекшеліктерді талдауға мүмкіндік алады. Ол үшін төмендегі сызба үлгісін пайдаланады.