Құрмалас сөйлемдерді талдау. Құрмалас сөйлемді оқыту барысында оқушыларға өткен сынпта алған білімдерін еске түсіре отырып, құрмалас сөйлемнің салаласа, сабақтаса, араласа байланысатынын әртүрлі жаттығулар жүргізу арқылы тереңдете түсеміз.
Салалас құрмаластың компоненттерінің мағына, орын тәртібі, интонация, жалғаулық шылаулар арқылы байланысатынын тірек сызбалар арқылы игертеміз.
Қар есіліп ерте кетті, жер дүрілдеп ерте көктей бастады. (Ғ.Сланов) Сабақтас құрмаласты салаластағыдай сұрақ-жауап әдісімен оқушылардың естеріне түсіреміз.
Сабақтастың ерекшеліктері:
1) Бағыныңқы компоненттің баяндауыштары тиянақсыз болады;
2) Басыңқыдан бағыныңқыға қарай сөйлем мүшесі сияқты;
3) Бағыныңқысы басыңқының әр түрлі белгісін көрсетуіне қарай сабақтас сөйлем бірнеше түрге бөлінеді.
Ұйқың бұзылмасын деп, күзетінде біз жүрміз. (Б.Бұлқышев)
Пунктуациялық талдаулар. Пунктуациялық талдау – грамматикалық талдаудың бір түрі, заңды жалғасы.
Пунктуациялық талдау жүргізбес бұрын тыныс белгілерін дұрыс қойып жазуды үйрететін жұмыс түрлерін жүргізу керек, олар мыналар:
– белгілі бір ережеге сай мысал ойлау;
– тірек сөздер бойынша сөйлем құрау, тыныс белгісін қойғызу;
– тыныс белгісі қойылмаған сөйлемге тыныс белгісін қою;
– схема бойынша сөйлем құрастырып, тыныс белгісін қойғызу.
Пунктуациялық талдау мынадай бағытта жүргізіледі:
– объектіге алынған сөйлемдегі тыныс белгілердің қойылу себебін анықтау;
– алдымен ережені айтқызып, одан соң мысалдар келтіру;
– белгілі схема бойынша сөйлем жаздыру [5, 51-б.].
Өтілген материалдар оқушыларға түсінікті болып, одан сапалы және көлемі дәл көрсетілген білім алу үшін және өтілген материалды тиянақты меңгеріп, оның ғылыми-практикалық негізін дұрыс түсіну үшін де сатылай кешенді талдау жүргізуге дағдыландырудың маңызы зор. Талдаудың өзіндік ерекшелігі – оқушыларға қазақ тілі ғылымының мазмұны мен жүйесін, оның сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысын, сөйлеу тілінің байлығы мен әдеби тіл нормасын үйреніп, сауатты сөйлеу, жазу дағдысын қалыптастыру, өз бетімен іздене біліп, шығармашылықпен жұмыс істеуге баулу.