Пневмония
Пневмония (өкпе қабынуы) – бұл өте ауыр өкпе ауруы. Ол көбіне қызылша, көкжөтел, тұмау, бронхит, демікпе сияқты тыныс алу сырқаттарынан кейін пайда болатын жұқпалы ауру. Пневмония термині грек тілінен алынған, өкпе қабынуы дегенді білдіреді.Ауруды әр түрлі вирустар, бактериялар қоздырады. Аурудың дамуына дененің қатты тоңуы, ауыр жұмыс пен жүйкеге психикалық күш түсу, улану сияқты факторлар әсер етеді. Сәбилерде өте жиі кездеседі.
Сырқаттың ұзақтығына қарай: жедел және созылмалы пневмония болып бөлінеді.
Жедел пневмонияның өтуін үш кезеңге:
басталу, меңдеу және сауығу кезеңдеріне бөлуге болады. Басталу кезеңінде сырқат тұмауратады: жиі түшкіреді, дене қызуы 39-40 С-қа, кейде одан да жоғары көтеріледі, науқас қалтырап, буындары сырқырайды. Біртіндеп тынысы тарылып, ауа жетпейді, мұрнымен тыныс алуы қиындайды. Науқастың бүйірі шаншиды,алғашқыда құрғақ, кейіннен қақырықты жөтел пайда болады. Содан соң тыныс алу сипаты өзгеріп, ол жиілей түседі. Тәбеті төмендеп, мазасыздануы арта түседі, ұйқысы бұзылады. Тексерген кезде тынысы қатаң болып, құрғақ кейде ылғалды сырыл естіледі. Аурудың бұл кезеңі 2-3 күнге дейін созылады. Дер кезінде емдей бастаған жағдайда қабыну үрдісін асқындырмауға болады. Содан соң аурудың меңдеуі басталады. Дене қызуы көтеріліп, 38-39 градусқа дейін жетеді. Алқынуы өршіп, терісінің түсі қуқыл тартады. Кеудесін кере дем алғанда аздап сырыл байқалады. Бұл кезең 8-10 күнге созылады, дене қызуы біртіндеп төмендейді. Сауығу кезінде науқастың жағдайы жақсарып, ентігу, ауа жетіспеу белгісі жойылады. Өкпедегі өзгерістер баяу болады. Жедел пневмониямен ауырған науқастарды емдеудің тиімділігі– диагнозды ерте анықтап, дер кезінде ауруханаға жатқызу. Ауруды дер кезінде анықтауда рентген арқылы диагноз қоюдың маңызы бар. Аурудың қайталануы мүмкін болғандықтан емдеуді ертерек тоқтату қауіпті. Науқасты бағып-күту, тамақтандырумен қоса антибиотиктерді және сульфаниламиндік препараттарды пайдалану керек. Сондай-ақ, физиотерапия, емдік гимнастика, массаж жасау пайдалы.
Достарыңызбен бөлісу: