Қали Жүніс моншасы — Тараз қ-нда 19 ғ-дың басында қазіргі Байзақ батыр және Қазыбек би көшелерінің қиылысында салынған.
Архитектуралық ескерткіштер қатарына жатады. Қаланың көне тарихи орталығында тұрғын үйлердің қоршауында орналасқан монша бір қабатты, төбесінде үлкен әрі көлемді күмбездері бар. Беталды кіре беріс жағы Байзақ батыр көшесіне бағытталған. Күйген кірпіштен ортаазиялық ескі дәстүрлі әдіс қолданылып, тік қабырғалары жабық келіп, төбесіне күмбездер орналастырылған. 1986 ж. қалпына келтірілген монша бұрын ғыл. әдебиетте жазылып көрсетілмей келген. Моншаның бетәлпет жағы кірпіштермен өрнектеліп, қуыс аралықтары жылтыр етіп сыланған.
Монша құрылысы – кіре беріс бөлмеден, вестибюльден, демалатын бөлмеден, жуынатын орыннан, массаж жасалатын бүйірдегі бөлмелерден, жылыту бөлмесінен, ыстық және суық су сақталатын ыдысы бар орындармен байланысатын қуыстардан; ыстық және суық су сақталатын үлкен резервуардан, қабырғаға жапсырыла орналасқан су ысыту қазанынан, ауласында құдығы бар тех. сектордан; жуынатын үш бөлмесі, олардан сыртқа шығып кететін арнайы есігі бар шағын пайдалану секторынан тұратын етіп жоспарланған. Моншаның құрылымы төбені жабудың аспалы – күмбездік әдіс жүйесі арқылы шешілген. Жарық беру мен желдеткіш күмбезде қарама-қарсы орналасқан тесіктер мен үй қабырғаларының арасындағы кішкене қуыстар арқылы жүзеге асырылады. Үй көне дәстүр бойынша еденнің астынан қыздыратын каналдардың қалталары арқылы жылытылады
Монша Орталық Азияның қоғамдық құрылысына тән үлгіде күйдірілген кірпіштен қаланған. Орын-жайлардың жабық қабырғалары күмбезді болып келеді. Бүгінгі күні 11 орын-жайдың орыны сақталған – он бірінші орын-жай қиратылған. Құрылыстың барлық бөлмелері өзара арықтық өткелдермен байланысқан.
Моншаның алаңы - 18х25 метр. Қабырға қалыңдығы 0,8 м, биіктігі 2,5 метрден 3 метрге дейін, күмбезге дейінгі орын-жай ұзындығы – 4-6-метрге дейін. Жарық түсіру үшін күмбездердің жоғарғы бөлігінде тікбұрышты саңылаулар жасалған. Ішкі жағында моншаның қабырғалары текшелермен, аркалармен, жазбалармен, фреска және мозаикалармен әшекейленген. Қасбетті сәндегенде алдыңғы кірпіш қалауы қолданылған, іші сыланған.
Монша ғимараты міндеттеріне қарай бөлінген 3 топтан тұрады. Ортақ қолдану кеңістігінде ауыз үй, вестибюль, демалатын бөлме, ортасында массаж софасы және бұрыштарда қуыстары бар жуынатын зал, қыздыруға арналған орын-жай, жуынуға арналған ыстық және суық су сақталатын үлкен резервуарға бұрылған қуыстары бар екі бөлме. Техникалық сектор ыстық және суық су сақталатын үлкен резервуардан; қабырғаға жапсырыла орналасқан су ысыту қазанынан, ауласда орналасқан құдық пен септиктен тұрады.
Қолданылуы шектелген сектор аулаға шығатын бөлек есігі бар кішігірім жуынатын орын-жайлардан тұратын оқшауланған блок. Монша еден астындағы жылуды жинайтын қалташалардың арналары арқылы қабырғаға жапсырыла орналасқан су ысыту қазаны есебінен қыздырылды.
1982 жылы Қали Жүніс моншасы республикалық маңызы бар ҚазКСР тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілді және мемлекет қорғауына алынды. Осы жылы Жамбыл қайта қалпына келтіру шеберханасы алғаг қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.
Ежелгі Тараздың 2000-жылдық мерейтойына орай 2002 жылы «Казреставрация» РМКК мамандары толық қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Моншаның негізінде 2007 жылы «Ұлы Жібек жолының ежелгі қалалары» мұражайы құрылды.
Ақыртас
Ақыртас — Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан сарай кешені. VIII-IX ғасырларда салынған. Ақыртас соңғы 130 жыл бойы зерттеліп келеді. Тараз қаласының шығысында 40 км жерде, Ақшолақ теміржол стансысынан 6 км оңтүстікте орналасқан. Қазіргі кезде онда археологиялық жұмыстар жүргізілуде.
Құрылыс материалдары тас және пішімі малға шөп салатын ақырға ұқсас болуына байланысты Ақыртас деп аталған. Ол алыстан көрініп тұруы үшін таудың үстіне төртбұрышты жобамен салынған. Қазіргі кезде қабырғаларының сақталған сілемдері 160,146 және 140 м шамасында. Қабырғаларының қалыңдығы 40х70х70 (80) см. Ірі тас блоктардан қаланған. Қорғанның 4 қақпасы бар, біреуі солтүстікте, үшеуі оңтүстікте. Тұрғын үйлер ішкі ауланың төңірегіне топтастырыла салынған қызмет көрсететін және шаруаға қажетті бөлмелер кешенінен тұрады. Ауланың түпкі жағында (оңтүстік есік жақтағы Ақыртас иесінің жатын және қонақ үйі орналасқан. Солтүстік есік жақтағы үйлер қызмет ететін адамдар мен күзетшілерге, бір бөлегі ат қораға арналған. Су қоймасы бар орталық аула, қорған әскерлерінің алаңы, жарлықтар жарияланатын арнаулы орын немесе діни рәсімдер, атқарылатын орын болған. П. И. Лерх Ақыртас салынып бітпеген будда ғибадатханасы десе, академик В. В. Бартольд несториан ғибадатханасы деген болжам айтады. Археолог Т.К.Басеновтың жазуына қарағанда Ақыртас салынып бітпей қалған ірі бек сарайының іргесі. 1996 жылғы зерттеулер барысында Қазақстан және Франция ғалымдары Ақыртас 8-11 ғ.-ға жататын Керуен сарайдың орны болуы мүмкін деген тұжырымға келді. Өйткені, құрылыс жобасы Ирак пен Сириядағы орта ғасырлық құрылыстарға ұқсас. Ақыртас 8 ғасырдың 2-жартысында, яғни 751 ж. қарлұқтар мен араб әскерлері Атлах маңында Қытай әскерлерін талқандап, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орнаған кезде салына бастауы мүмкін. Бірақ, құрылыс белгісіз себептермен тоқтап қалған. Араб деректеріндегі (Ибн Хордадбех, Ибн Кудам) Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Касрибас осы Ақыртас болуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |