Байланысты: Сборник конф Фараби Әлемі 2023 химфак-печать
МҰНАЙДЫҢ АУЫР ҚАЛДЫҚТАРЫНАН МҰНАЙ КОКСЫН АЛУ Елжас Н.Б. Ғылыми жетекшісі: х.ғ.д., профессор Аубакиров Е.А. Әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Kingofhimselfworld@gmail.com Қазіргі таңда Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарда (МӨЗ) өңдеу терең-дігі
Еуропалық стандартқа сай емес және төмен екендігі анық. Қазақстандық МӨЗ-да негізгі
отынмен қоса алатын энергетикалық құндылығы төмен мұнай ауыр қалдықтарын (МАҚ):
мазут, гудрон – өңдеу жолдары әлі де енгізілмеген, сондықтан ол өнімдер арзан бағада шет
елдерге сатылуда немесе отын ретінде жағылуда. Шикі МАҚ-ын шет елдерге сату
экономикалық жағынан, ал отын ретінде жағу энергетикалық құндылығы мен экологиялық
жағынан қолайсыз.
МАҚ-ды утилизациялаудың негізгі 2 әдісі бар: битум өндірісі және МАҚ-ын
термодеструкциялау. Алайда битум өндірісі МАҚ-ының толық утилиза-циясын қамтамасыз
етпейді, ал МӨЗ-да термодеструкциялауға жол беретін қосымша өңдеу сатысын енгізу
арқылы өңдеу тереңдігін айқын түрде өсіруге және экономикалық артықшылыққа қол
жеткізуге болады.
Жұмыстың негізгі мақсаты МАҚ-ның кокстелуі жүретін әртүрлі температуралық
аралықта жүргізілген кокстеу ерекшеліктері мен өнімдерінің айырмашылықтарын айқындау
болып табылады. Зерттеу жұмысында ауыр қалдықтар қолданыста болған мотор майымен
бірге кешіктірілген кокстеу әдісі бойынша жоғары сапалы отындарға айналдырылды.
Реакторға оның 1/3 көлемі бойынша 12 г МАҚ және 6 г мотор майы енгізіліп, 470 – 520°C
аралығында 10°C интервалмен 6 түрлі температурада кокстеу жүргізілді. Осындай жоғары
температураларға дейін біртіндеп қыздыру арқылы мұнайдың ауыр қалдықтары кокс және
басқа ауыр көмірсутектерге ыдырайды, ал мотор майы пиролиз процесіне түседі, яғни,
крекингке ұшырайды.
Кокстеу өнімдері: мұнай коксы, отындар қоспасы және газ. Түзілген газ газометрге
жиналып, оның көлемі мен тығыздығы анықталды. Мотор майынан түзілген отындар
қоспасы айдау арқылы 3 фракцияға бөлінді: 180°C дейін бензинді фракция (I), 180 – 230°С
керосинді фракция (II), 220 – 350°С дизельді фракция (III).
Жұмыс нәтижесінде фракциялардың құрамы мен кокстың құрылымы температураға
байланысты айырмашылықтарға ие екені белгілі болды. Оған қоса өнімдер мөлшерінің де
температураға тәуелділігі анықталды: температура артуымен кокс пен газ мөлшері артып,
фракциялар мөлшері кемиді. Кокстың Мемлекеттік стандарт бойынша маркасын анықтау
үшін оның ұшқыш заттары, күлдігі, ылғалдығы анықталды. Нәтижесінде КЗГ маркасына сай
келетін графит бұйымдарын өндіруге арналған коксқа сай келді.