Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені



жүктеу 1,45 Mb.
бет2/8
Дата23.10.2016
өлшемі1,45 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8

Оқу үрдісінің кестесі және қашықтықтан кеңес беру

Курс

Семестр

Кредит

Дәріс саны

Тәжірибелік

СРСП

СРС

Барлығы

Бақылау формасы

2

4

1

-

6

4

10

20

Бақылау жұмысы

E-mail: meiramgul-82@mail.ru



Кеңес беру уақыты: 01.04.13-05.04.13 ж сағат 14:00 СМПИ №3 оқу корпусы

Бақылау жұмысын қабылдау уақыты: 05. 04.13 ж


  1. ГЛОСАРИЙ

Аңыз- қазақ фольклорлық прозасының жанры, елдің, тайпа, рудың шыққан тегі, кешкен жолы хақындағы немесе тарихта болған әйгілі адамдар, сондай –ақ нақтылы бір жер- су, сол жерде өткен оқиғалар турасындағы тарихи шындыққа негізделген, халықтың тарихи жадында сақталған, әйтседе, уақыт өте көркемдік сипат алған әңгіме.

Әңгіме- оқиғаны баяндап айтуға негізделетін, қарасөзбен жазылған шағын көркем шығарма.
Бесік жыры- қазақ балалар фольклорының жанрлық түрі. Әнге қосып баланы уатып, қалғытып, ұйықтатуға лайық біркелкі ырғақпен жайдары, жағымды үнмен айтылатын ән.
Драма- сахнаға арналған, уақиғаны, оған қатысушы кейіпкерлердің іс- әректін, көңіл- күйін көрсету арқылы баяндайтын әдеби шығармалар.
Ертегі-бұрынғы өткенді қиялмен ұштастыра болжап, сюжетті көркем әңгіме түрінде келіп, қарасөзбен беріледі.
Жаңылтпаш- ауыз әдебиетінің балалардың тілін жаттықтыру мақсатындағы жанры. Бала тілінің жетік жетілуіне, оралымды, анық сөйлесуіне, ана тілінің үн сұлулығын мінсіз меңгеруіне, шебер сөз саптауға баулиды.
Жұмбақ- көлемі қысқа, еске сақтауға қолайлы, белгілі бір затты, табиға құбылысты, адам болмысын, іс- әрекетті, қоғамдық күрес- тартыс шиеленістерді ойланып, шешімін табуға ыңғайлап, басқа нірсенің немесе әрекет – қимыл арқылы тұспалдап айту тәсілі.
Комедия- драмалық жанрдың негізгі бір түрі.Өмірегі келеңсіз, жағымсыз құбылыстарды, адам бойындағы міндерді, қасиетсіздікті, оспадарлықты күлкілі етіп бейнелейтін сахналық шығарма.
Өнер- нақтылы іске, соның нәтижесінде туған затқа байланысты

кәсіпті айтады.


Өтірік өлең- қазақ ауыз әдебиетіндегі өмір құбылыстарын шындыққа жанаспайтындай етіп айтатын өлең түрі.
Санамақ- сәбилерге сан үйрету, санның ретін танытуды көздейтін ойын өлеңі.
Тақпақ- қазақ өмірінде шешендік дәстүрмен байланысты туған өткір нақыл- ғибраттылық, мінерлеп айтуға лайықты сөз нұсқасы.
Трагедия- сахнаға арналып жазылатын әдеби шығармалардың, яғни драмалық жанрдың бір түрі. Өмірдегі бір ауыр жағдай, адамның қиын басына түскен ауыртпалық баяндалады, шығарма көбінесе негізгі кейңпкердің қазаға ұшырайымен аяқталады.
Тұрмыс- салт жырлары- қазақ ауыз әдебиетінің жанрлық бір түрі. Халықтың әр түрлі салт, дәстүр, әдет- ғұрып, ырым- жораларына байланысты өлең- жырлар.

СЫҢСУ – қыз өзінің ел –жұрты, құрбы-құрдастарымен айырылысар кезде, қайын жұртына аттанар сәтте мұң-зарға толы айтылатын өлеңдер.
ЖҰБАТУ – сыңсуға жауап ретінде жігіттер жағы айтатын жыр үлгісі.
БЕТАШАР – қалыңдық түскенде, ақ жаулық жауып әкелген жас келіннің бетін ақын ашып, үйдегі үлкен-кішімен, ел-жұртымен таныстыру түрінде айтылатын жыр үлгісі.
ЖАНАЗАЛАУ ЖЫРЛАРЫ – адам қазасына байланысты туып, ел аузында сақталған естірту, көңіл айту, қоштасу, жоқтау сияқты салт жырлары.
ЕСТІРТУ МЕН ЖҰБАТУ – өлген адамның жайын, өлеңмен немесе қарасөзбен кейде тіпті күймен де жеткізетін хабарлаудан туған жыр.
ЖОҚТАУ – көбіне жауда қаза болған қас батырлардың ерлік істерін еске түсіруден туған жырлар.
ДІНИ-ҒҰРЫПТАРҒА ТУДЫРҒАН ЖЫРЛАР – қазақ фольклорынан ежелгі көшпелі тайпалардың ежелгі наным-сенімдері басты орын алған. Оның көрінісітері-бәдік, жарапазан,алғыс, қарғыс,арбау,бақсылық сарындары жатады.
МИФ – дүние туралы фантастикалық түсінік, әлемде билік жүргізетін құдайлар мен рухтардың ғажайып образдарының жүйесі.
АҢЫЗ - ӘҢГІМЕЛЕР – оқиғасын реалистік болмыстан, шындық өмірден алып, ауызша шығарған қазақ халқының көркем шығармаларының елеулі бір саласы.
ЭПОС – оқиғасы ел, халық өмірінен алынған, образдарды ірі әрі кемелді түрде жасалып, батырлық немесе ғашықтық сюжетке құрылған үлкен эпикалық жыр –дастандар.
РИТОРИКА – сендіре білу, яғни тыңдаушының санасына, сезіміне және еркіне әсер ету, ықпал жасау.
АЙТЫС – қазақ халқының бай ауыз әдебиетінің құнарлы бір арнасы ретінде бағзы замандарда туып, қалыптасқан көне жанр.



  1. ДӘРІСТЕР

1-ДӘРІС.
Тақырыбы: Халық ауыз әдебиеті- балалар әдебиетінің бастауы

Жоспар:
І. Кіріспе

Халық ауыз әдебиеті – балалар әдебиетінің бастау көзі.

ІІ. Негізгі бөлім

а) Халық ауыз әдебиетінің балалар әдебиетіндегі мәні

ә) Балалар әдебиетіндегі бесік жырларының маңызы

ІІІ. Қорытынды.

Балалар әдебиеті – қазақ әдебиетінің өскелең бір бұтағы. Оның өсу, өркендеу, даму жолдары бар. Алғашқыда жалпы әдебиеттік мұралармен бірге дамып келсе, соңынан өз алдына дараланып, өз ерекшеліктерімен таныла бастады. Балалардың жастық, білімділік ерекшеліктері еске алынды. Балалар әдебиеті балаларға тәлім – тәрбие, білім беретін өмір оқулығына айналды.

Балалар әдебиетінің негізі – ауыз әдебиетінде. Сондықтан балалар әдебиетін зерттегенде халық ауыз әдебиетінен аттап өтуге болмайды. Өйткені, халық ауыз әдебиеті – балалар әдебиетінің алтын қоры, алтын бесігі. Оқу жасына дейінгі балалар, оқушылар ертегілерді тыңдауды өте жақсы көреді. Ертегілердегі ғажайып оқиғалар, қызықты тартыстар мен түрлі егестер, тапқырлық пен айлакерліктер, зұлымдық әрекеттерге қарсы күрескен қажырлы адамдардың қиян кескі батырлық істері оларды таң-тамаша етеді. Мектеп оқушылары батырлық жырларды аса сүйсініп, оның ішіндегі жағымды кейіпкерлерге еліктей отырып, қызыға оқитындығы сондықтан.

Балалар фольклорындағы сөз өнерінің әдемі кестелері, мазмұнды терең ойлары, парасатты тұжырымдары олардың сөздік қорын байытып, мағыналы да мәнерлі сөйлеуге жаттықтырады. Тек бұл емес, халықтық шығармалар ішіндегі әр жақты айқын образ, оқиға барысының қызықты бола беруі, әдемі қисын, жақсы ұйқас – бәрі де балаларды қуантып, әсер беріп, ойын шыңдап отырады [1].

«Халықтың көкейкесті ой – арманын, тілегін бейнелеген, оның рухани және эстетикалық қажеттеріне сай келген халық ауыз әдебиеті тәрбиелік, білімділік, танымдық, эстетикалық қасиеттері мол мәңгі өшпес үлгілерімен де балалар әдебиетін дамытудың сарқылмас қайнар бұлағы ретінде қызмет етіп отырғандығымен де қымбат» [4] ,- дейді М.Қ.Қаратаев.

Қазан революциясына дейін қазақ балалары тек қана қазақ ауыз әдебиетінің ғана мұраларын пайдаланып келсе, содан басқаны білмеген. Қазан төңкерісінен кейін орыс халқының және туысқан одақтас республикалардың халықтық шығармалардың бай мұраларын пайдалануға мүмкіндік алды.

Бізде балалар әдебиетін жасау, бастыру, оны бір жүйеге келтіріп, жас өспірімдерге ұсыну жұмысы тек ХІХ ғасырдың екінші жартысынан былай қарай ғана қолға алына бастады. Өйткені, осы кезде қазақ даласында ең алғашқы жаңа типті орыс – қазақ мектептерінің ашыла бастауына байланысты халық ауыз әдебиетіндегі баола тәрбиелеуге арналған шығармаларды жинауға бет бұра бастады. Олар балаларды оқытуға да, тәрбиелеуге де ең қажетті материалдар халық ауыз әдебиетінен табылады деп көрсеткен. Қазақта балалар фольклорын бірінші жинаған және құрастырып, «Қазақ хрестоматиясы» деген атпен 1879 жылы бастырып шығарған Ы.Алтынсарин еді. Төрт бөлімнен тұратын осы кітаптың бірінші бөліміне өлеңдер мен балаларға арналған ұсақ әңгімелер, ертегілер енгізген. Ы.Алтынсарин тек балалар фольклорын жинаушы ғана болып қалған жоқ, сонымен қатар «Ол – қазақтың әдебиет тарихында бірінші балалар жазушысы болды» [3] ,- деп тарих ғылымының кандидаты Б.Сүлейменов орынды айтқан.

Балалар фольклорын өз алдына дербес жинауға көңіл бөлініп, оны зерттеу, оқыту жұмысы да қолға алынған. 1926 жылы Қызылордада «Балаларға тарту» деген атпен мектептерде әліппеден соң оқылатын оқу құралы бастырылды. Осы кітапта тек қана балалар фольклорына байланысты халықтық шығармалар басылған. Бұдан соң, 1927 жылы І.Жансүгіров «Ел әдебиетінен жинақ» деп балаларға арнап «Өтірік» деген кітап бастырып шығарды. С.Сейфуллин құрастырып, 1932 жылы шығарған «Қазақ әдебиеті» [6] атты оқу құралында бесік жырларынан бастап, балалар фольклорына жататын көптеген халықтық шығармалар енгізілген.

Халықтық шығармалардың балаларға тигізетін тәрбиелік әсері ұшан теңіз. Халықтық шығарма балаларды адам баласының өткен ғасырлардағы тарихи өмірі, тұрмысы, әдет – салты, күн көрісі, шаруашылығы, мәдениетімен таныстырып отырады. Сонымен қатар халыцқ алдында қызмет еткен адал ұлдары мен қыздарын ардақтайды, олардың үздік істерін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп көрсетеді. Балаларға арналған халық өлеңдерінде дүниеге жаңа келген жас нәрестенің болашағын ойлап, қолдан келер мүмкіндіктерін соның жолына бағыштауға тырысады. «Бесік жырында»:

Әлди - әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем.

Қонақ келсе, қой бөпем,

Қой тоқтысын сой бөпем.

Құйрығына той, бөпем,-

деп жырлайды халық. Мұндағы балаға деген сый-құрмет, ықыластар, оның болашақ азаматы болсын деген тілек-мақсаттардан туатыны айтылған. «Бесік жырында айтылатын тілек, ақыл-өсиеттерден халықтың нені аңсап, нені көксегендігі көрінеді»[2] ,-дейді М.Ғабдуллин. Халық тәрбиесі баланың жас басынан көпшіл, ынтымақшыл, сый-сипат көрсете білетін өнегелі адам болуын көздеген, баладан адамгершілік қасиетті талап еткен. Қолы ашық, алақаны жазық береке иесі болсын, жұдырығын түйген сұм болмасын дегенді балаға жас басынан ұқтыруға тырысқан. Баланы күту, бағы, тәрбиелеу, әлпештеп ақ бесікке салу, оның мәңгілік қамқоршысы болу – ата-ананың борышты да басты міндеті деп бағалаған. Бала туғанда шілдехана жасау, жас нәрестенің дүниеге келуін қуаныш ету, оны өздеріне бақыт санау жалпы халықтық салтқа, әдетке айналған. Бала ата-ананың бауыр еті, жүрегі деп бағалаған.

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Ұста болар ма екенсің?-

деп, оған ізгі тілектер қояды. Игілікті істерге бастайтын өнер-білімге баулиды [5].

Өз баласы халыққа әр жақты өнерімен, білімімен, игілікті ісімен қызмет етіп, танылса дегенді арман еткен. Ата-аналардың бала тәрбиелеудегі басты борышы мен ізгі ниеті де, міндеті де осы болған.

Таңдайларың тақылдап,

Сөйлегенде сөз бермей,

Шешен болар ма екенсің?-

Деп, бесікте жатқан жас нәрестенің болашағын ойлайды. Қай іске, қандай өнерге болса да икемі бар, сегіз қырлы бір сырлы болуын көздейді. Әйтеуір, қандай іс, қандай өнер болса да, өзінің бейіміне, ықылас-әрекетіне қарай кәсіп ете беруін халық ертеден-ақ жақтаған. Сондықтан өз сәбиін өнердің, еңбектің қандай түріне болса да баули беруге, ынталандыра беруге әрекет етті.

Бесік жыры бала жұбатуға арналағанмен, оның ішкі мазмұнынан халық өмірінің күнделікті тіршілік тілегімен, өмірімен тығыз байланыстыра айтылатыны көрініп тұрады. Бесік жырының мазмұнына тереңірек үңілсек, оған зер салсақ, одан өмірінің бастан кешірген бар тағдыры көрінгендей болады. Баланы тербете отырып, ана кейде өз басынан кешкен қайғысын да, қасіретін де, өмірден көрген қуанышы мен азабын да қоса жырлайды. Болашақтан күткен зор үмітке, арман-тілекке, біреуге тәуелді болмай, ерікті түрде өмір сүруге жеткізетін осылар болар ма екен дегенді жас ұрпақтың құлағына құйып отырады.

Кең балағын түсіріп,

Ойға, тауға жүрісіп,

Балуан болар ма екенсің?

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?-

дейді. Мұнда жеке бастың пайдасы үшін, не даңқ, атақ алу үшін емес, «атасының баласы болу» үшін емес, «адамның баласы болуын» тілегендіктен айтылған халықтың асыл ойлары берілген. Өз Отанын қорғайтын патриот болар ма екен деген тілектер айтқан. Бала жұбатудан басталатын бірнеше тілек-мақсаттар оның болашақтан күткен арманына жетудің жалғасы болады деп үміт еткен. Бесік жырының әсем де жеңіл айтылуы, оның сазды әуенге қосылып, белгілі баппен шырқалуы баланың көңіл-күйін ашып, оны мәз-мейрам күлкіге шомдырады. Бесіктің тербелуі мен ән ырғағының бірдей шығуы бала тербеткен ананың да, бесікте жатқан баланың да жүректері бірге соққандай әсер береді. Былайша айтқанда, ана мен бала жүрекпен тілдесіп отырғандай біріне – бірі ұйый түседі.

Көзімнің ағы, қарасы,

Жүрегімнің парасы,

Уайым-қайғы ойлатпас,

Көңілімнің санасы.

Айналайын, шырағым,

Көлге біткен құрағым,

Маңдайдағы құндызым,

Аспандағы жұлдызым.

Әлди,әлди,ақ балам,

Айналайын, балам-ай,

Айналсын сенен анаң-ай.

Әлдилеп сені сүйгенде,

Анаңның болар көңілі болар жай [7], -

деп, өз өмірінің жалғасы боп танылған жас нәрестені тәрбиелеп өсіруге халық зор мән берген. Сондықтан да, баланы қызықтыруға, оның ой - өрісін кеңітіп, толықтыруға, өмір мектебімен ерте таныстыруға себепші болатын қызықты ертек, көркем әңгіме, өнегелі өлеңдер шығарған. Ата-ананың мақсаты, арман-тілегі баласының халық ұлы, халық азаматы болуын көксеу ғана болды. Ата-ана көңілінің жайлануы мен марқаюы баласының саулығы мен жарқын болашағына, халық алдындағы атқарып жүрген игі қызметіне байланысты өседі. Халық бала тәрбиелеуде осындай игі мақсаттар үшін күресті. Бесік жыры деп аталатын осы бір өлеңнің ғасырлар бойы ел аузында сақталып келген құдіретті сипаты, зор ерекшелігі, тәрбиелік мәні осындай. Мұнда халықтың балаға деген барлық махаббаты, ой-арманы, жарқын болашақтан күткен зор үміті жинақталған.

Бесік жыры ғасырлар бойы ұзақ өмір сүріп, ұрпақтан ұрпаққа ұласуымен қатар оған бала жұбату, тәрбиелеуде заманы қойған тілек, мақсаттарға қарай жаңа мазмұнда, жаңа түрде айтылатын шумақтар да қосыла берген, жамала берген.

Айналайын, балдырған,

Қылығың мейір қандырған.

Күйші болар ма екенсің?

Өнерің отын жандырған,

Сырын тыңда, даланың,

Жырын жатта ағаның,

Күйіңмен тербеп, балбырат,

Туған жердің алабын [8] ,-

деп, біздің қазіргі қойып отырған талаптарымыз да бесік жырында аналар сөзімен қоса айтылып жүргені бар. Қорыта айтқанда, бесік жыры – мәңгілік өріс алып, одан ары дами беретін балалар фольклорындағы халық ауыз әдебиетінің алатын дәні, жыр - өлеңнің бірінші бастамасы.

Балаға үміт артарлық осындай тілек – мақсаттардың қойылуының өзі де олардың ақыл –есін жетілдіріп, көңіл –күйін оятып, болашаққа, алға қарай ұмтылуға талпындырады. Талпынуға, ілгері қарай ұмтылуға, жігер – қайратының шыңдалуына қарай бастайды. Осының бәрі де көркем шығармалардың күшін және әдемілігін жақсы сезіну арқылы ғана жетілетін игі нәрсе. Екінші сөзбен айтқанда, көркемдікті, әдемілікті, жақсылықты түсіндіре білудегі эстетикалық тәрбиенің жемісі. Өмір мектебімен ерте таныстыруға себепші болатын қызықты ертек, көркем әңгіме, өнегелі өлеңдердің бәрі де баланың эмоциялық сезінуі арқылы оларды ылғи да жақсылыққа, әдемілікке, саналы ойға баулып отырады.Бесіктегі баланы тәрбиелеуге қазақ халқы осылай зор мән берген [1].

Өмір заңы және оның қызығы - өсіп - өнуде, өрбуде. Қай халық болмасын, өзінен кейінгі ұрпақтың өз заманына лайық азамат болуына, жан- жақты тәрбие алуына қамқорлық жасаған. Осы тәрбиенің басты құралы етіп әдебиетті де мол пайдаланған. Балалар әдебиетінің түпкі негізі осылай халық педагогикасымен байланысып жатады.

Қай халықтың тарихында да, оның ауыз әдебиетінен бастап, балаларға арналған өлең – жырлар көп. Жас нәрестенің дүниеге келуінен бастап, оның өмір тануының әр кезеңіне лайық тілек – мұраттарын халық өлеңмен айтып жеткізген. Абайдың:
Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең,-


деп, бүкіл адам өмірін өлеңмен байланыстыратыны да осыдан.

Балаларға арналған халық поэзиясының түрлері әр алуан: оларға бесік жыры, тұсау кесу жыры, санамақ, өтірік өлең, төрт түлік мал туралы жырлар, жаңылтпаш, жұмбақтар, мақалдар мен мәтелдер, тағы да басқалары кіреді. Бұлардың әр қайсысының өзіндік туу заңдылықтары бар. Олардың қайсы болса да бала өмірінің қажетін өтеу үшін туады да, баланың әр кездегі жас мөлшеріне , әрекет – тіршілігіне, психологиясына лайықталып айтылады.

Балалар үшін қызықты өлеңдердің бірқатары төрт түлік мал туралы. Көшпелі тұрмысы малмен байланысты болған халық балаларға жыр арқылы мал түліктерінің түрлерін таныстырған. Оларда әр малдың өзіне тән өзгешеліктері сипатталады.
Маң- маң басқан, маң басқан,

Шудаларын шаң басқан.

Екі өркешін қом басқан,

Төрт аяғын тең басқан -

деп түйені;



Ешкі деген жануар-

Сойса саңы қалақтай,

Сауса сүті бұлақтай,

Баста десең бастаған,

Қайырып мүйізін тастаған,-
деп ешкіні суреттейді. Басқа түліктер туралы да мұндай жырлар бар. Олар бала ұғымын кеңейтуде де, мал шаруашылығын кәсіп етудің пайдасын оларға ұғындыруда да едәуір маңызды.

Кейде мал түліктерінің аты аталмай олардың негізгі шешуі балалардың өздеріне қалтырылады. Жоғарыда келтірілген түйе туралы жырды толық айтып шыққанда, бала оның шешуі «түйе» екенін өзі - ақ аңғаратын болады. Осы жолмен төрт түлік малды ғана емес, халық өлеңдері жан – жануарларды да жұмбақтаған не сипаттаған.




Бақа- бақа, балпақ,

Басың неге жалпақ?
...Сауысқан, сауысқан,

Жауыр атқа жабысқан.
...Қарға, қарға, қарғалар,

Қар үстінде жорғалар,-

деген өлеңдер осылай туған.

Баланы жақсы көрген халық оларға малдың баласын сүюінде үлгі еткен. Мұндай жырларда малдың төлін сүюіне қоса сол төлдердің аттарына ерекше сипаттарына назар аударылады.
Қой сүйеді бласын қоңырым деп,

Ештеңені білмейтін момыным деп.
Сиыр сүйеді баласын торпағым деп,

Қараңғыда басқаған қорқағым деп.
Түйе сійеді баласын боташым деп,

Жаудыраған көзіңнен тоташым деп.
Ешкі сүйеді баласын лағым деп,

Тастан тасқа секірген шұнағым деп.
Жылқы сүйеді баласын құлыным деп,

Тұлпар болып жүгірер жұлыным деп.
Мұндай жырлардың бала ұғымын кеңейтумен бірге, оның тілін дамытудағы қызметі де ерекше.

Баланы біртіндеп мал бағуға, еңбекке баулуда да халық жырлары үлкен тәрбиелік роль атқарған. Мал басының өсуін тілейтін бала өлеңдері мен мал жан – жануарлардың түрлерінен қандай пайда түсетінін ұғындыратын жырлар осыны аңдатады [1-292-294б].

Бұл өлеңдердің көркемдік сипаттарында да едәуір өзгешеліктер бар. Бұлар әнге арналмайды, тақпақ үлгісінде жатқа айтуға лайықталып шығарылады. Сондықтан, онда ән ырғақтарына келе бермейтін, аузша сөздің интонациялары мол болады. Өйткені, бұл жырларды орындаушылар, көбінесе, ән айта білмейтін мектеп жасына дейінгі балдырғандар.

Өлең тілінің жас баланың жаттауына лайық ойнақылығы, түсінуге жеңілдігі, сол негізде мазмұнды терең аша білуі де оны орындаушылардың жас ереекшеліктеріне сәйкес беріледі. Бұлар балаларға арналған халық жырларының мазмұндық, формалық жақтарының бірлігін танытады.

Балалар поэзиясына қатысты ауыз әдебиетінің жанрлары бұл айтылғандармен бітпейді. Өтірік өлеңдердің, жағылтпайтар мен жұмбақтардың, мақалдар мен мәтелдердің бала тәрбиесінде атқарар қызметі де аз емес. Бұлар, көбінесе, бала ұғымын , түсінігін кеңейтуде, оның тілін, ойын дамытуда, оларды жақсы, үлгілі істерге баулуда маңызды роль атқарады. Мысалы, жаңылташтарды айту баланың тіл тұстартуына, оның кекештенбей , жатық, асықпай сөйлеуіне көмектеседі.

Жаңылтпаштарда айтылуы қиын белгілі бір сөздер қайталанып, сол тпектес екінші бір сөздермен әдейі шатастырылады. Бала соларды айырып, орын ауыстырмай, шатастырмай айтуы керек. Егер айта алмаса отырған жұрт күлетін болады. Ата – ана бала тілін қызық көре , күле отырып, оны дұрыс сөйлеуге үйретеді [1-296 б].

Жаңылтпаштың сөздері, көбінесе, қатаң және ұяң дауыссыз дыбыстардан құралады. Жаңылтпаштың сөздері қара сөз түрінде, кейде өлең секілді ұйқасып келеді. Мысалы:

Қара бүркіт томағасын түсірді,

Оны мен томағаламай, кім томағалайды,

Оны мен томағаламай, кім томағалайды.
Немесе:

Ар жақтағы Құдияр құдам еді,

Ол мені құдаламады,

Мен оны құдаламадым,-
деп , соңғы екі жолы қайталанып айтылады.

Ерте кезде ойын - сауыұтарда жаңылтпаш айтқызу қазақтың салты болған. Жаңылтпаш жиналған жұртты күлдіру , тіл ұстартуды көздеумен қатар, ол өлең, ән білмейтін жастарға берілетін жаза есебінде қолданылған.

Қазақтың салты бойынша , ойын - сауыққа келген жастардың бәрі де ән салып өлең айтуға тиіс. Ал ондай өнері жоқтарға ойынды басқарушы адам «жаңылтпаш айт » деп ұйғарған, жаңылтпаштың сөзін өзі жайлап айтып берген. Сонан кейін оны шапшаңдата қайталап айтуды жаңағы өлең білмейтін жастан талап еткен. Егер ол адам жаңылтпаштың сөздерін орамына келтіріп айта аламаса, бүлдірсе, жұрт оған күлетін болған. Сондықтан мұндай күглкі етерлік жағдайға түспес үшін жастар ән, өлең үйренуге , оларды білуге тырысқан [2-50б].

Қазатың ертедегі салты бойынша, ойын - сауық кездерінде айтылатын өлеңнің бір түрі - өтірік өлең. Бұл алуандас өлеңдер күлкілі, қызық сюжеттерге құрылады.

Өтірік өлеңдерді айту оңай болғанымен , шығаруы оңай емес. Ол ақынның ақындық өнерді талап етумен қатар, фантазияның мол
болуын қажет етеді. Өйткені өтірік өлең , оның сюжеті қиыннан құрастырылуды, түймедей нәрсені түйедей етіп, болмаса, керсінше, түйедей нәрсені түймедей етіп көрсетуді тілейді. Бұл өлеңдер суреттелетін нәрселердің бәрі адамның көз алдындағы заттардан, нақтылы шындықтан, жалпыға түсінікті көрністерден алынады. Бірақ олардың ісі, қарым - қатынасы , атқаратын қызметі шындыққа келмейтін, адам сенбейтін жағдайда суреттелуі керек. Сонда ғана ол өтірік өлеңдік дәрежесіне жетеді [3-63 б].

Өтірік өлеңдер айтайын деген ойын , суреттейін деген көрністерін тыңдаушыға әсірелеу, бейнелеу шендестіру арқылы жеткізіп отырады. Осы ретпен ол неше түрлі картиналар, образдар жасайды. Жоғарыда айтылғандарға дәлел ретінде қазақтың ертеден келе жатқан өтірік өлеңдерінен екі, үш мысал келтірейік:




Бір қоянды мінрдім де аспанға ұштым,

Екпініне шыдамай жерге түстім.

Алты күндей ақ боран соғып еді,

Жалғыз қурай түбіне асқып іштім.

Дүниенің ауыры үрген қарып,

Жалғыз өзім көтердім соның бәрін.

Алты атанға үш төстеп артып едім,

Көтере алмай жығылды атандарым.

Аспанға алты жерден тіреу қойдым,

Той қылып мың масаны сонда сойдым.

Жүрегін біреуінің төрт бөліп жеп,

Нансаңыз өмірімде бір –ақ тойдым.

Бұл келтірілген мысалдарда суреттелген көріністердің бәрі де әсірелеу, шендестіру ретімен берілген. Бір нәрсені екіншісіне салыстыра отырып әдемі образдар жасаған [2-51б].



Басында керегенің үрген қарын,

Көтердім балуандықпен соның бәрін.

Түйеге төстеп барып қойғанымда,

Мертікті көтере алмай қара нарым.

Үрген қарынды балуандықпен ғана көтеру, оны көтере алмай қара нардың мертігуі- өмірде болмайтын құбылыс.

Өтірік өлеңнің мақсатына жетуі - оны тыңдаушы адам өмірде мұндай іс кездеседі деп айта алмайтын болуында.

Сонымен қатар нақтылы шындықтан алынған жанды- жансыз деректерді тыңдаушыға қызық, күлкілі түрде жеткізген. Бұлардың бәрін жыршы ақын өз атынан, өзін қатыстыра айта отырып, адам сенбестік күлкілі әңгімелер тудырған. Нақтылы деректерді мол шеберлікпен үдеген фантастикалық дәрежеге жеткізу , адамның ойына келмейтін «өтірік» әігімеге айналдыру қазақ ауыз әдебиетіндегі өтірік өлеңдер түрінің негізігі бір ерекшелігі болып табылады.


Дәріс бойынша сұрақтар:

1. Халық ауыз әдебиеті – балалар әдебиетінің бастауы.

2. Халықтық бесік жырларының мазмұны.

3. Бесік жыры мен тұсау кесу жырының көркемдік-эстетикалық табиғаты.

4. Төрт түлік мал туралы өлеңдердегі халық даналығы.

5. Жаңылтпаш, өтірік өлеңдер және даналық сөздер – тіл дамыту құралы

№ 2 дәріс.

Тақырыбы: Махамбет жырларының халықтық негізі


Жоспар:

  1. Кіріспе бөлім:

  2. Негізгі бөлім:

а. Махамбет жырларының халықтық негізі

ә. Ақын поэзиясындағы реалистік сипаттар

3. Қорытынды:

Жарқын талант,ер жүрек батыр,ісімен де,сөзімен де кейінгі ұрпақтарын таң қалдырған Махамбет Өтемісов қазақ әдебиетінің тарихынан ерекше орын алады. Ол оқырмандарының эстетикалық құмарын қандыратын,ерлік сезімге тәрбиелейтін өзінің асқақ поэзиясын езілуші қара халықтың тілек-мүддесін жырлауға арнады. Сондықтан да оның асыл мұрасы ел жүрегінен орын алды. Әдебиетіміздің өрлеу жолындағы белгілі асқар биігі болды. 18-19ғасырлардағы қазақ әдебиеті өзінен бұрынғы ауыз әдебиетінің негізінде, оның ежелгі дәстүрін дамыта отырып өсті.

Махамбет-өзіне дейінгі халық әдебиетінің барлық табыстарын толық меңгеріп,кемшілігін қайталамай,өз бетін, өз стилін айқындап,әдебиетте көрнекті үлгі қалдырған ақын.Оның образдары, сөз тіркестері-кейінгілерге көрнекті өнеге.Махамбет поэзиясының идеялық мазмұнының халықтығы,көркемдік ерекшеліктерінің оригиналдылығы және өткір үздіктігі қашан да болса тот баспайтын саф алтын тәрізді.Сондықтан да ол-заманнан заманға жалғаса беретін шығарма,ол өзінің оқырмандарын да,үйренушілерін де жоғалтпақ емес.

Махамбет Өтемісов 1804жылы Батыс Қазақстан облысы,бұрынғы Орда ауданы,Бекетай құмы деген жерде туған Махамбеттің кәрі әкесі-Күлмәлі.Руы жағынан жайық Берішке жатады. Күлмәліден Өтеміс пен Шыбындай туған. Өтемістің баласы көп болған,үлкен ұлы Бекмағамбеттен басқасы түгелдей халық көтерілісіне қатысып,ханға қарсы күресте сөзімен де,ісімен де қару көрсеткен,сол жолда көпшілігі құрбандыққа ұшыраған батырлардың қатарында болған. Махамбет-Өтемістің екінші ұлы.Жасынан бастап-ақ ол өзінің жарқын таланты,әр өнерге қабілеттілігі арқасында айрықша көзге түсіп,ауызға ілінген.Кедей семьясынан шыққан езілуші халықпен біте қайнап бірге өскен, нәзік жанды,жасынан зерделі ақын кедей, шаруаларды әр алуан алым-салықтармен зар қақсатқан билердің шексіз жауыздықтарының түп-тамыры Ордада жатқандығын,олар ұйымдасқан берік бір топ екендігін көзімен көріп,ақын сол ортадан жерініп,зығырданын қайнатып, хан,сұлтанға деген өшпенділігін күшейте түседі.

«Махамбеттің Жәңгірге айтқаны» атты өлеңінде:

Хан емессің,қасқырсың,

Қас албасты басқырсың,

Достарың келіп табалап,

Дұшпаның сені басқа ұрсын!

Хан емессің, ылаңсың,

Қара шұбар жылансың,

Хан емессің,аянсың,

Айыр құйрық шаянсың!-дейді.Бұл ақынның Орда маңында жүргенде,бір үлкен жиында бетпе-бет айтқан сөзі.Сонымен қатар,хан,сұлтан,би-феодалдардың өз тарапынан халыққа көрсеткен рухани қысымшылықтары да аз болмаған.Сәл нәрсені сылтау етіп, ат-шапан сылтау айып алулары өз алдына,ондай жазаға құқықтары болмаса да,дүре соғу шазаларын да қолданған.Міне,осылар тәрізді,әрі экономикалық,әрі рухани қысымшылықтардың негізінде шаруалар көтерілісі туды да,ол көтеріліс халық батырлары Исатай мен Махамбетті жарыққа шығарды.Сөйтіп, өзінің аз өмірін халқының бостандығы жолына жұмсаған батыр,жалынды ақын ,ақыры,1846 жылы дұшпандардың қолынан қапыда қаза табады.Сүйегі сол өлген жеріне қойылады.Бұрынғы Қараой,қазіргі Махамбет ойы делінеді.

Ақынның шығармалары сан жағынан көп болмаса да,оның сапасы,идеялық көркемдігі жағынан мәні зор.Бір сөзбен айтқанда,Махамбет өлеңдері -19ғасырдың бірінші жарымындағы хан,сұлтан,би-феодалдарға қарсы Исатай бастаған шаруалар көтерілісінің айқын айнасы.Оның өлеңдерін оқығанда шаруалар көтерілісінің алғашқы өрлеу кезеңдері де,күрес жолдарындағы халық батырларының ерлік қимылдары да,көтерілістің апатқа ұшыраған да,күресушілерге жауларының қолданған шаралары да,жеңіліс тапқаннан кейінгі ауыр хал,қиын жағдайлардың бәрі де сол қалпында суреттелінеді.

Махамбет –шын мәнінде өз халқын,өз отанын сүйген патриот ақын.Әр сөзі қанаушы хан,сұлтан,би-феодардарға қарсы айтылып, өмір шындығының бір бөлшегі тәрізді көрінеді. «Жәңгір ханға айтқан сөзі» деп аталатын өлеңінен бастап қарулы күреске шақырады.

Беркініп садақ асынбай,

Біріндеп жауды қашырмай,

Білтеліге доп салмай,

Қорамсаққа қол салмай,

Қозы жаурын оқ алмай,

Атқан оғы жоғалмай,

Балдағы алтын құрыш болат

Балдағынан қанға суармай,

Қасарысқан жауына

Қанды көбік жұтқызбай,

Халыққа тентек атанбай,

Ерлердің ісі бітер ме?

Қай кезде болсын күрес оңайлықпен қолға түпейді. Талай қиыншылық, ауыр азап, зор бейнеттерді бастан кешіруге тура келеді. Ақын бұл жайтты да халыққа ескертіп, үлкен іс, үлкен төзімділікті керек ететіндігін ашық айтты:

Толарсақтан саз кешіп,

Тоқтамай тартып шығарға,

Қас үлектен туған кәтепті

Қара нар керек біздің бұл іске.

Қабырғасын қаусатып,

Бір-біріндеп сөксе де,

Қабағын шытпас ер керек

Біздің бүйткен бұл іске.

Махамбеттің шын реалист ақын екендігін көрсететін фактілер тек оған қарсы топтың жауыздықтарын көрсетумен немесе халық басына төнген қара күндерді суреттеумен ғана шектелмейді. Ақын көтеріліс кезіндегі өздерінің істеріндегі қате-кемшіліктерін де жасырмайды. «Әй, Махамбет, жолдасым» деген өлеңінде, өзінің қатты сыйлайтын досы, көтеріліс кезінде бедел етіп ұстаған қолбасы батары, кейін өлімін аза тұтқан аяулысы, көп өлеңдерінің өзекті тақырыбы болған Исатайдың өз қателіктерін монологі арқылы өзіне мойындатады. Келешек ұрпақ бұл қателікті қайталамауы керек дегендей ой тастайды:

Ауыр әскер қол ертіп,

Жас құсты барып төнгеде,

Арыстандай ақырған

Айбатыма шыдамай,

Хан баласы жылады-ай:

«Жанымды қой!» - деп сұрады-ай;

Ақ көңіл аңқау журекпен,

Беремін деп мен тұрдым!

Көк бедеуді бауырлап,

Шабамын деп сен тұрдың...

Хан сөзіне сенгенім,

Он күн сүрек бергенім

Әскерімді таратып,

Он бір күнге қаратып,

Бекетай құмға келгенім,- дейді.

Кейбір өлеңдерінде ақын туған елін, бүгінгі Қазақстан жерінің табиғат байлығының әдемі көріністерін, ен даланың, асқар тау, шыңырау қиялардың айбатты пішінін суреттейді. Өлеңнің көп жерлерінде ақын көшпелі, мал баққан, ит жүгіртіп, құс салып аңшылық құрған өз елінің сахарасындағы жан-жануар, аң- құстарды суреттеуге көбірек көңіл бөледі. Бірақ ел,табиғат байлығын, жан-жануарлар әлемін суреттегенде, олардың тек көркемдік сипатын ғана көрсету үшін немесе тек сұлулық үшін ғана суреттемейді. Мұнда ақын ел тағдырымен байланыста, өзі басынан кешірген қиын қыстау кезеңдердегі ойын, сезімін оқушылары толық сезінетендей ету үшін қолданады. Қысқартып айтқанда, Махамбет қандай ой-пікірді айтса да, қандай өмір құбылысын суреттесе де жеріне жеткізе, ар жағында ештеңе қалмағандай, ол тақырыптарды одан асырып ешкім суреттей алмайтындай етіп суреттейді. Махамбет өлеңдерінің халық мүддесіне арналып, оның ой армандарын жырлауы, жан сезімдерін тербетерлік ерекше көкемдігі, ағыл-тегіл тіл байлығы, тыңдаушы, оқушыларын еріксіз ертетін оптимисттік-романтизмдік сарыны, әрбір сөз образдарының өмір шындықтарына тән болуы ел жүрегінің жылы жерінен орын алады.

Ұлы орыс халқының атақты революционер-демократ сыншыларының бірі Н.А. Добролюбов өзінің бір мақаласында әдебиеттің міндетін былай деп баяндайды: «Жалпы алғанда, әдебиет халық үшін күресетін құралдың бірі, оның міндеті үгітте, ал оның шын бағасы – қалай үгіттеумен дәріптеледі». Сол айтқандай, Махамбет поэзиясының ең күшті, ең құнды жағы халық үшін қызмет етуінде, еңбекші бұқараның мүддесін іске асыруға күш салуында. Мұны біз жоғарыда көрсетілген Махамбет өлеңдерінің әлеуметтік мәнін талдаумен байланысты дәлелдеуге тырыстық. Бұл айтылғандардан Махамбет өлеңдерінің жай үгіттік қана мәні болған екен деп ұғып қалуға болмайды. Махамбеттің көркем сөздің ұстасы, шешендіктің үлгісі, адам жан дүниесінің суреткері болуы оның шынайы поэзия жасаушы ақын екендігін, оның туындылары оқырмандарына эстетикалық тәрбие берерлік үлкен құрал екендігін мойындатады.


Дәріс бойынша сұрақтар:
1. Халық ауыз әдебиеті – балалар әдебиетінің бастау көзі.

2. Халық ауыз әдебиетінің балалар әдебиетіндегі мәні

3. Балалар әдебиетіндегі бесік жырларының маңызы

3 дәріс.




1   2   3   4   5   6   7   8


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет