«Ассәляму алейкум» қолданысына және оның фонетикалық өзгеріске түскен нұсқаларына қазақ тілінде де, түрік тілінде де «Уағалейкум ассалам» деп жауап береді. «Уағалейкум ассалам» араб тілінен сөзбе-сөз аударғанда «Сізге де тыныштық болсын!» деген мағына береді.
Сансыз соғыс пен шапқыншылықтан күйзелген халық үшін бейбітшілік пен тыныштық асыл арман ғана емес өте қасиетті ұғым болған. Сондықтан да кездескен сәтте адамдар бір-біріне тыныштық тілей амандасып, екіншісі де сол мазмұндас жауап қайтаратын болған. Амандасудың бұл формасы мұсылман халқы арасында қолданылатын амандасу әрекетінің негізгі элементі.
Сәлемдесу рәсімі қарым-қатынас ерекшелігі мен комуниканттардың әлеуметтік белгілеріне байланысты түрленіп отырады. Мысалы, жастар арасында қолданылатын тілдік формасының бірі – «Сәлем».
Бұл форма ресми емес, жеңіл түрде айтылады. Балалар, жастар, 35-40 жасқа дейінгі адамдар қолданады. Онда да бұл қолданыс жақындықты өзімсінгендікті білдіреді. Бұл мектепте, бір сыныпта оқитын оқушылар, жоғарғы оқу орнында оқитын студент-жастардың барлығы дерлік амандасудың осы формасын қолданады. Бұл қолданыстың түрік тіліндегі формасы, мағынасы, құрылымы, қолданылуы жағынан қазақ тіліндегі формасымен дәлме-дәл келеді. Мысалы, түрік тіліндегі «Selam» (селам) қолданысы қазақ тіліндегі қолданыстан сәл ғана фонетикалық өзгешелігі бар. Түрік тілінде де «Selam» формасы қазақ тіліндегідей тек жастар арасында кең қолданылады. Мысалы,
«Selam.» dedi Orhan Kemal. («Селам.» деди Орхан Кемаль)
Lokantanın sahibi şişman Mehmet Bey, (Локантанын сахиби шишман Мехмет бей)
«Aleykümselam, hoş geldiniz.» dedi, ellerimizi sıktı. «Алейкумселам, хош гәлдиниз.» деди, эллеримизи сыкты.)
«Сәлем» деді Орхан Кемаль.
Мейрамхананың қожайыны толық Мехмет Бей,
«Алейкумселам, қош келдініз.» деді де қолымызды қысты.
(Muzaffer Buyrukcu «Yasadigimiz ve Yasananlar Gunlukler» 75. sayfa)
Тәуліктің таңғы, түскі, кешкі мезгіліне орай қолданылатын амандасу формасы да екі тілде кездеседі. Мысалы, қазақ тіліндегі «Қайырлы таң!» қолданысқа түрік тіліндегі «Hayırlı sabahlar» (Һайырлы сабаһлар) қолданысы сәйкес келеді. Hayırlı sabahlar түрік тілінен сөзбе-сөз аударғанда «Қайырлы таңдар» болады.
Бұл қолданыстағы екі сөз де түрік тіліне араб тілінен енген Hayır (Һайыр) – қайыр, Sabah (сабаһ)– таң.
Таңертеңгі мезгілде амандасу формасында қолданылатын Hayırlı sabahlar (Һайырлы сабаһлар) қолданысы мен түрік тілінде Günaydın (Гүнайдын) қолданысы қатар жүреді.
Достарыңызбен бөлісу: |