II тарау. Сөз этикеті бірліктерінің қолдану орны мен жұмсалу аясы.
Белгілі бір әлеуметтік ортада, ұжымда, мәдени-көпшілік орындарда және т.б. жерлерде адамдардың бір-бірімен өзара қарым-қатынас жасауы алуан қырлы, сан түрлі болып келеді. Оларды санамалап айтып тауысу мүмкін емес. Әйтсе де мұндай сан алуан қарым-қатынастың типтік түрлері болады. Күнделікті өмірде тұрақты қайталанып отыратын, жиі кездесетін стеоретипке айналған іс-әрекеттердің үнемі қайталанып дағдыға айналуын қалыпты жағдайға түсуін ескере отырып, оларды негізінен мынадай басты-басты топтарға бөлуге болады: Сәлемдесу, қоштасу, танысу, кешірім сұрау, жұбату мен көңіл айту, құттықтау, тілек айту мен бата айту, ризалық білдіру мен рахмет айту, өтініш жасау, ақыл айту, ақыл-кеңес беру т.б.
Бұл тізбек, әдетте тұйықталған тізбек емес, сондықтан да тақырыптық топтардың болуы мүмкін. Бірақ белгілі бір топтарда қолданылатын (ауызба-ауыз), бейвербалды іс-әрекеттер, соған сәйкес сөз этикеті бірліктерінің стандартталу дәрежесі бірдей емес осымен байланысты қазақ сөз этикеті бірліктерінің стандартқа айналу дәрежесі де бірдей емес. Мысалы амандасу, қоштасу, көңіл айту сияқты жағдайларының стандартталу деңгейі ақыл-кеңес айту, танысу сияқты жағдайлардан әлдеқайда басым.
Сөз этикеті бірліктерінің жұмсалу орны мен қолданатын аясы бар. Біздің ойымызша, бұл екеуін ажырату аса қажет. Себебі белгілі бір этикеттік жағдайда қолданылатын тілдік амал-тәсілдердің әлеуметтік ерекшеліктері болады. Мысалы: амандасу жағдайында қолданылатын тілдік амал-тәсілдердің, тек қана ер адамдардың арасында қолданатын түрлері болады. Мысалы: «Ассалаумағалейкум!» - деп сәлемдесу ер адамдарға тән. Сондай-ақ сәлемдесудің тек әйелге қолданатын бейвербалды түрі (сәлем ету) болады. Осы тәріздес, сөз этикеті бірліктерінің қарым-қатынасқа түсуші адамдардың жас ерекшеліктеріне қарай қолданылатын түрлері де кездеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |