Т. А.Ә. Мұхамбетжан А. Е


Сын есімнің шырай категориясы



бет2/3
Дата02.10.2019
өлшемі69,4 Kb.
#49064
1   2   3
Байланысты:
Сын есімнің зерттелу тарихынан мағлұмат


Сын есімнің шырай категориясы

Сын есімнің ғылымда танылған бір-ақ категориясы бар. Ол – сын есімнің шырай категориясы. Шырай категориясы бір түрлі сындық белгінің ақиқат өмірде түрлі дәрежеде болуын білдіреді. Мысалы, биігірек, биіктеу, өте биік, біп-биік дегенде биік деген негізгі мағына сақталады, тек қана реңк қосылып, біркелкі сынның әртүрлі дәрежеде көрінуі байқалады. Сондықтан заттың белгісі я сипаты (түрі, түсі, сапасы, көлемі, аумағы, салмағы, сыры, т.б.) біркелкі болмай, рең жағынан әр түрлі дәрежеде болатынын білдіретін сын есім формалары шырай формалары деп аталады.

Олай болса, бір түрлі белгінің өзінде әр алуан рең болуы шырай категориясының мағыналық құрамының түрлілігін көрсетеді. Бұл түрлі реңдік белгі көрсеткіштер арқылы көрініс табады.

Бірақ сын есімнің барлығы бірдей шырай тұлғасымен түрленбейді, яғни кез-келген сын есімге шырай тұлғалары жалғанбайды. Оқулықтарда көрсетіліп жүргендей, сын есімнің шырай тұлғалары сапалық сын есімдерге жалғанады. Тіптен сапалық сын есімдерге де шырай жұрнақтарының бәрі бірдей жалғана бермейді. Мысалы, «көк» деген сын есімге «шіл» жұрнағын қосып, «көкшіл» деп, шырай мағынасы жасалса, «жасыл» деген сөзге «шыл» жұрнағын қосып, «жасылшыл» деуге болмайды. Немесе сарғыш дегендегі –ғыш жұрнағы қызыл, көк, жасыл сын есімдеріне қосылмайды. Олай болса, шырай жұрнақтары өздерінің еншісіне тиген, белгілі сөздерге жалғана алады. Бұл – қазақ тіліндегі сын есім шырайының ерекшелігі болып табылады.

Сонымен сын есімнің шырайы деп аталатын категорияның мазмұны да, формасы да әлденеше заттың (әр түрлі біркелкі емес) бір түрлі я біркелкі белгілерінің өзара айырмашылықтарын, демек, сол біркелкі белгілердің бір-бірімен я артық, я кем екендігін анықтау арқылы туады. Мысалы, жасылырақ пен жап-жасылдың, үлкенірек пен өте үлкеннің, ұзындау мен ұп-ұзынның мәні де, жасалу жолы да бірдей емес. Осымен байланысты қазақ тілінде шырайлардың бірнеше түрі бар. Бірақ шырай түрлерін топтастыру, жіктеу туралы ғалымдардың пікірлері әртүрлі.

А.Байтұрсынов оқулығында шырайдың үш түрі көрсетілген:



  1. Жай шырай артық-кем демей, нәрсенің сиқын жай көрсетеді (жуас ат, қызыл шүберек, т.б.)

  2. Талғаулы шырай нәрсе сиқының бірінен-бірі артық-кемдігін көрсетеді, оны көрсету үшін жай сындағы сөзге «-рақ», «-рек» деген талғау қосымшалары тіркеледі (жақсы+рақ, зерегі+рек, т.б.)

  3. Таңдаулы шырай нәрсе сиқы өте артық екендігін көрсетеді. Оны көрсету үшін жай шырайдағы сөздің алдына ең, нақ, тап, тым, бек, қас деген сөздер қосылып айтылады.

Ал Қ.Жұбановтың 1936 жылғы қазақ тілі бағдарламасында сын есімнің шырайлары жеке тақырып етіп беріліп, шырайлардың жай шырай, кесімді араластырмалы шырай (бірі тура күйде, бірі шығыс жалғаулы күйде болады), салыстырмалы шағын шырай (-рақ, -рек, -лау), жалаң шағын шырай (қызғылт, қаралтым, көтеріңкі, созылыңқы), таңдаулы шырай, дәйек қосылыңқы (өте қысқа), қосақты (қып-қысқа), үстеулі (ұзын-ақ), орта шырай (бір қос, бірсыпыра, бір жөн, едәуір сөздері қосылады) түрлері берілген. Бірақ жоғарыда аталған еңбектерде шырай түрлерінен орын алған жай шырайға қатысты кейінгі еңбектерде басқаша пікірлер де кездеседі.

Қазақ тіліндегі сын есім шырайларын арнайы зерттеген Ғ.Мұсабаев «жай шырай» деп аталатын сын есімдерде шырай мағынасы жоқ, сондықтан жай шырай деп атауымыздың өзі қате деп есептеп, сын есім шырайын салыстырмалы, бәсең, шағын, күшейтелі, үдетпелі деп бөлген. Ғалымның жіктеуінше:



  1. Салыстырмалы шырай: -рақ, -рек;

  2. Бәсең шырай: -дау, -деу, -тау, -теу, -лау, -леу;

  3. Шағын шырай: -шыл, -шіл, -ғыл, -гіл, -ғылт, -ғыш, -ілдір тұлғалары арқылы;

  4. Күшейтпелі шырай: күшейту шырайы арқылы;

  5. Үдетпелі шырай – күшейткіш үстеулер арқылы жасалады.

Осылайша ғалым шырайларды жасалатын тұлғаларына қарай бес түрге бөлген.

1967 жылғы «Грамматикада» бәсең, шағын шырайларды біріктіріп, сын есімнің мынадай 4 түрі берілген:



  1. Салыстырмалы

  2. Бәсең, я шағын

  3. Күшейтпелі

  4. Асырмалы

Кейін ғылымда грамматикалық категорияларды топтауда олардың түрленбей тұрған түрін есепке алатын дәстүр қалыптасты. Бұл дәстүр бойынша етістік негізі өзге туынды тұлғалардың бәріне негіз болады, атау септік те басқа септіктердің формалары мен мағыналарын салыстырып ажырату үшін қабылданған негізгі форма деп танылды, яғни олар етістіктің басқа формаларында қандай өзгеріс болғанын немесе қалған септіктердің тұлғаларында қандай ерекшелік бар екенін салыстырып көрсету үшін алынған. Сондай-ақ басқа шырайлардың тұлғаларында қандай өзгеріс болғанын көрсету үшін кейінгі еңбектерде шырайдың жай шырай деген түрі алынған. Шын мәнінде жай шырайдың мағынасында салыстыру жоқ. Жай шырайдың осы ерекшелігін ескере отырып, шырайлардың басқа түрлерін мағына жағынан да, форма жағынан да салыстыратын негізгі форма деп санаған профессор А.Ысқақов оқулығында шырайлар – жай шырай, салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай, асырмалы шырай деген төрт түрге бөлініп, әрқайсысының мағынасы және олардың жасалу жолдары сөз болған. Сондықтан жай шырайдың атауы дәстүр бойынша сақталған.

Салыстырмалы шырайға оқулықтарда «бір заттың сынын екінші заттың сынына салыстырып, сол салыстырылған белгілердің бір-бірінен я кем, я артық екенін білдіреді» деген анықтама беріліп жүр. Шындығында салыстыру мағынасы шырайдың басқа түрлеріне де қатысты.

Салыстырмалы шырай –рақ, -рек, -ырақ, -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу жұрнақтары арқылы жасалады. Мысалы, үлкенірек, үлкендеу, т.б. сонымен бірге –қыл, -ғыл, -қылт, -ғылт, -тым, -шыл, -шіл, -қай, -аң секілді өнімсіз жұрнақтар да салыстырмалы шырай көрсеткіші болып саналады.

Күшейтпелі шырай заттың бастапқы сындық қасиетін күшейте түседі. Бұл шырай күшейткіш буын арқылы жасалады, яғни сын есімнің алғашқы буыны алынады да, оған –п қосылады. Мысалы, қып-қызыл, жап-жақсы, біп-биік, т.б.

Заттың сындық қасиетін я тіпті асыра көтеріп, я тым асыра төмендетіп білдіретін шырай түрі асырмалы шырай деп аталады. Бұл терминді профессор А.Ысқақов қолданған. Асырмалы шырай сын есімнің алдында аса, өте, тым (дым), тым-ақ (дым-ақ), тіпті, тіптен, шымқай, нағыз, нақ, ең, орасан, керемет секілді күшейткіш үстеулер сөздердің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы, тым үлкен, аса қиын, өте ақылды, т.б.

Соңғы шыққан «Қазақ грамматикасында» жай шырайды шырай категориясына жатқызбайды, ал салыстырмалы мен күшейтпеліні бір шырай деп есептеп, шырайдың екі-ақ түрін – салыстырмалы мен күшейтпелі шырайды көрсеткен.



Сын есімнің заттану процесі

Қай тілде болмасын, сөз топтары арасында бір-біріне ауысу, алмасу процестері болып отыратындығына ғалымдар ертеден көңіл бөлген. А.Байтұрсыновтың «Тіл-құралында» сын есімнің кейбіреулері зат есімнің орнына жүреді, мәселен, арзан еттің сорпасы татымас дегеннің орнына «арзанның сорпасы татымас» деп айтылады. «Арзан еттің» деген екі сөздің орнына «арзан» деген жалғыз сөз жарап тұр. Сондықтан мұндай затпен сын орнына бірдей жүретін сөздерді затсын,-деп атаған, әрі зат – сынның зат есім секілді түрленетіндігі айтылған.

Сын есімнің бұл ерекшелігі кейінгі оқулықтарда да ескерілді. Өйткені сын есімдердің заттық ұғымда қолданылуы – тілімізде жиі кездесетін құбылыс. Мысалы, Үлкен бастар, кіші қостар. Жақсының шарапаты тиер тар жерде, жаманның кесапаты тиер әр жерде.

Осы сөйлемдердегі үлкен, кіші сөздері үлкен адам, кіші адам дегеннің орнына, жақсының, жаманның сөздері жақсы адамның, жаман адамның дегеннің орнына қолданылып, зат есім секілді түрленіп тұр.

Сын есімдердің осылайша заттық мағынада зат есімге ауысып қолданылуы ғылымда сын есімнің субстантивтену процесі деп аталады.

Сонымен бірге грамматикаларда сын есімдердің заттану процесі біркелі емес, кейбіреулері бүтіндей заттанып, біржола субстантивтенетіндігі де көрсетілген. Мысалы, сықпа, жайма, шайқор, жүлдегер,т.б. Бұл сөздер сындық мағынада да қолданылады: сықпа құрт, жайма нан, шайқор адам, жүлдегер студент.

Осылайша сын есімдердің «әрі заттық, әрі сындық мағына білдіруінің негізгі себебі о бастағы зат есімнің атрибутивті қолдануылуымен байланысты. Мұндай қолданыс тілде анықтауыш деп аталатын синтаксистік қызметтегі сөйлем мүшесін қалыптастырған, ал бұл синтаксистік қатынастың тұрақтануы тілдің морфологиялық құрылымында сын есімнің дербес грамматикалық топ ретінде қалыптасуына негіз калады. Қазіргі қазақ тіліндегі жас, бала, кедей, бай, ауру, жүдеу, т.б. сөздердің атрибуттық мәнде орнығуы – осы синтаксистік қолданыстың нәтижесі, - деп түсіндіріледі.

Сын есімнің синтаксистік қызметі

Сөздерді тапқа бөлудің үшінші ұстанымына сай әр сөз табы сөйлемде белгілі бір қызмет атқарады. Сын есім мағына жағынан заттың сынын, белгісін білдіретін сөздер болғандықтан, сөйлемде көбінесе анықтауыш мүше болады. Мысалы:

Көгілдір көкте қалқиды,

Көк ала бұлттар тек баяу.

Көкпеңбек теңіз шалқиды,

Көп еді неткен көк бояу. (К.Ахметова)

Осы өлең жолдарындағы сын есімдер зат есім алдында тұрып, анықтауыш болып тұр. Сын есімнің зат есім алдында келіп тіркесуі – тілдегі қалыптасқан заңдылық. Бірақ сөйлемде зат есім түсіп қалып, сын есім орнына қолданылатын кездері де болады, яғни сын есім заттанып қолданылатындығы жоғарыда айтылды. Мұндай жағдайда сын есім зат есімдер секілді түрленеді. Мысалы, Жаманға жақсы сөз етпес (С.Сарайи). өнерлінің қапасы нақ, өнерсіздің өкініші жоқ. (А.Иүгінеки). Осы сөйлемдердегі жаманға, өнерлінің, өнерсіздің сөздері заттанып, барыс және ілік септіктер тұлғасында тұр.

Сын есімдер заттанған кезде табыс, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің бірінде келіп, толықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, Жақсыға сұқтан, жаманнан сақтан.

Сын есім сөйлемде етістіктің алдында тұрып, қимыл, іс-әрекеттің сынын білдіріп, пысықтауыш болады. Мысалы, Дәрмен мен Мәкеннің қолында тұрса, басқа мінез өзінен шықпайтынын саналы әйел жақсы аңғарды (М.Әуезов). мына қып-қысқа хаттан ана көңілінің алаңы анық сезіледі.

Сын есім заттанғанда атау септікте тұрса, сөйлемде бастауыш болады. Мысалы, Жақсылар байқап сөйлер, білімсіздер шайқап сөйлер.

Сын есім жіктік тұлғада тұрып, сөйлемнің баяндауышы да болады. Мысалы, Толық айдың сүтіне шомылған түнгі айнала тып-тыныш. Үйдің іші мұнтаздай тап-таза. (С.Бақбергенов).

Сын есімнің жасалуы

Өзге сөз таптары сияқты, сын есімдер де, біріншіден, морфологиялық (синтетикалық) тәсіл арқылы, екіншіден, синтаксистік (аналитикалық) тәсіл арқылы, үшіншіден, морфологиялық-синтаксистік (семантикалық) тәсіл арқылы жасалады. Морфологиялық тәсіл бойынша туатын сын есімдер тиісті жұрнақтар арқылы жасалады.

Синтаксистік (аналитикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер негізгі сын есімдердің бір-бірімен тіркесуі арқылы, негізгі сындар мен туынды сындардың бір-бірімен тіркесуі арқылы, зат есім мен туынды сын есімнің бір-бірімен тіркесуі арқылы, негізгі және туынды сын есімдердің қайталануы, қосарлануы арқылы жасалады.

Морфологиялық-синтаксистік (семантикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер белгілі бір синтаксистік формадағы сөздің семантикалық жағынан бірте-бірте дами отырып, біржолата адъективтенуі арқылы жасалады.

Бұл үш тәсілдің ең негізгісі, әрине, синтетикалық және аналитикалық тәсілдер, ал семантикалық тәсіл тіпті өнімсіз.

Есімдерден сын есім тудыратын өнімді жұрнақтар


  1. –қы, -кі, -ғы, -гі.

Бұл жұрнақ арқылы кейбір зат есімдер мен көмекші есімдерден, есімдіктерден, үстеулерден, сондай-ақ, көбінесе жатыс септік формасындағы сөздер мен әредік шығыс септіктегі сөздерден туынды сын есімдер жасалады. Ондай туынды сын есімдер жәе олардың мағыналары мынадай:

  1. Бұл жұрнақ мекендік ұғым білдіретін кейбір зат есімдерге, мекендік үстеулерге, сондай-ақ, жатыс және шығыс (сирек) септік формаларындағы есімдерге қосылып, өзі жалғанған сөздерден мағыналары солардың лексикалық мазмұндарына қатысты туынды сын есімдер жасайды. Мысалы: Ауызғы үйде, кішкене итіне кәмпит беріп, Джим отыр. (С.Ерубаев); Округтегі, орталықтағы сөздердің «пісмілласы» - Қарағанды. (Ғ.Мұстафин).

  2. Мезгілдік ұғым білдіретін кейбір зат есімдер мен есімдіктерге, мезгілдік үстеулерге жалғанып, ол сөздерден мазмұндары солардың нақтылы лексикалық мағыналарына қатысты мезгілдік мағына беретін туынды сын есімдер жасайды. Мысалы: кешкі, түскі, жазғы, күзгі, көктемгі, түнгі.

  1. –лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті.

Бұл жұрнақтың мағынасы бай болмағанымен де, сөз тудыру қабілеті аса күшті. Осы форма кейбір құранды жұрнақтардың белгілі бір компоненті ретінде де (мысалы: -ыңды, -іңді, -ымды, -імді, -улы, -улі, -ғылықты, -гілікті) қолданылады. Ал оның этимологиясы жайында ең кең жайылған пікір – бұл қосымша қыл формасынан шыққан дейтін көзқарас.

Бұл қосымша арқылы мынадай туынды сөздер жасалады:



  1. Негізгі және туынды зат есімдерден, олардың әрқайсысының нақтылы лексикалық мағынасына қарай , белгілі бір заттың я басқа бір құбылыстың бар екенін я мол екенін білдіретін туынды сын есімдер жасалады. Мысалы: Өскесін ұстаған бүркіт ашулы, қайратты келеді және сергек болады (С.Мұқанов); Абай үшін бұл күз жемісті, шабытты еңбек күзіне айналып келеді (М.Әуезов).

  2. Қосарланған зат есімнен де, сын есімнен де, сан есімнен де, үстеуден де мағына жағынан әрі қосарланған сол екі сөздің де мазмұндарымен тікелей байланысты, әрі екеуінің де мазмұндарын қоса қамтитын күрделі сын есімдер жасалады. Мысалы: ағалы-інілі, бірді-екілі, бұрынды-соңды, т.б.

  3. Бұл жұрнақ арқылы екі-үш сөзден құралып, суреттеме атаулар есебінде қызмет ететін әр алуан тіркестерден де күрделі сын есімдер жасалады. Мысалы: Есентай кесек мұрынды, маңдайы тайқылау келген, қор басты, бітік көзді, зіл салмақты адамның бірі еді (М.Әуезов).

  1. –сыз, -сіз – есім сөздерден болымсыздық мағына білдіретін туынды сын есім жасайтын өте өнімді жұрнақтардың бірі. Осы қосымша арқылы туатын сын есімнің мағынасы жоғарыда талданған –лы (-лі, -ты, -ті, -ды, -ді) формасы тіркесіп жасалатын сын есімнің мзмұнына қарама-қарсы, демек, бұл форма жалғанған сөз, заттың жоқтығын білдіретін сын есім жасайды. Сонымен қатар бұл қосымша конкретті, абстракт зат есімдерге, есімдіктерге, жалпы атау сөздерге жалғана береді. Мысалы: Ақылды жігіттің ақылсыз ойына, байсалды жігіттің ұшқалақ ойына еру де, ермеу де мені қинап жүр (Ғ.Мұстафин). Сөзсіз сөйлем жоқ, сөйлемсіз сөйлесу жоқ (мақал);

  2. –шыл, -шіл.

Бұл қосымша әрі сын есімнің кішірейту, салыстыру, солғындату мағыналарын білдіретін форма есебінде қызмет етсе, әрі зат есім, есімдік, әр тарапты модальді сөздерге жалғанып, олардың лексикалық мағынасына сәйкес, белгілі бір іс-әрекетке бейімділікті, икемділікті, құмарлықты білдіретін қатыстық сын есім жасайтын форма ретінде жұмсалады. Мысалы: Дәрігер әйел Абайға өзінің қажып толған, мұңшыл қара көк көзімен ұзақ қарап алды (М.Әуезов). Өзімшілді өзімсінбе! (мақал).

  1. –дай, -дей, -тай, -тей – сын есім тудыратын өте бір өнімді жұрнақ.

-дай (-дей...) жұрнағы көптеген формаларға жатырқамай жалғана береді. Негізінде өзі жалғанған сөзден салыстыру, ұқсату мәні бар туынды сын есім жасайтын қосымша бола тұрса да, бұл форма бір алуан сөздерге жалғанып туынды үстеулер де жасайды.

-дай жұрнағы мынадай сөздерден туынды сын есімдер жасайды:



  1. Зат есімдерге жалғанады. Мысалы: Аспанда алақандай бұлт, үп еткен жел жоқ (Ғ.Мұстафин). Абай қазір өзін анық аурудай сезеді (М.Әуезов).

  2. Есімдіктерге жалғанады. Мысалы: Анадай жерге барғанда ғана, артына бір бұрылып, екі ауыз сөзге ғана тілі келді (Ғ.Сланов).

  3. Сан есімдерге жалғанады. Мысалы: Бес жүздей жұмыскер қосылды (Ғ.Мұстафин).

  4. Есімше формаларына жалғанады: Арымастай болар ем, азбай тату ел көрсем (И.Байзақов).

  1. –лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік – нағыз омонимдес жұрнақтың бірі екендігі жөнінде зат есім тудыратын жұрнақтармен байланысты әңгіме етілген.

  1. –лық, (-лік...) жұрнағы зат есімдерге жалғанып, олардан әр сөздің нақтылы мағынасына қатысты қасиеттерді білдіретін туынды сын есімдер жасайды. Мысалы: Ағалық, ұстаздық еңбегі Ермекті Өкім қатты сыйлайтын (Ғ.Мұстафин).

  2. Мезгіл атаулары мен күнделікті өмірде қолданылатын әр қилы бұйым атауларына жалғанып, олардан, әр сөздің мағынасына орай, белгілі бір мезгіл, өлшеу мөлшерімен байланысты туынды сын есімдер жасайды. Мысалы: Барақ үйшіктердің бірі он кісілік, бірі он бес кісілік (С.Сейфуллин).

  3. Есімдіктерге жалғанып, олардан белгілі бір жаққа тән екендікті я қатыстықты білдіретін туынды есімдер жасайды. Мысалы: Патшалықтың Петербуркте, Сибирьде қандайлық көрлі қара зындандары барын да Абай осы жолы білді. (М.Әуезов).

  1. –шаң, -шең.

Бұл жұрнақ зат есімдерден туынды сын есімдер жасайды. Бірақ бұл қосымша зат есім атаулының бәріне бірдей жалғана бермейді. Мысалы, Киім-кешек атауларына бұл жұрнақ талғаусыз жалғана бергенімен, өзге зат есімдердің тек кейбіреулеріне ғана талғап жалғанады. Бұл жұрнақ жалғанатын сөздердің негіздері бірыңғай болмауымен қатар, ол қосымша арқылы жасалатын туынды сын есімдердің мағыналары да мазмұн жағынан біркелкі емес. –шаң жұрнағының сөз тудыру қабілетіне келсек, онысы мынадай:

  1. –шаң (-шең) жұрнағы киім-кешек атауларына жалғанып, ол зат есімдерден, сол атаулардың нақтылы мазмұндарына орай, адамның тойындағы киімімен байланысты сыртқы бейне – көрінісін білдіретін сын есімдер жасайды. Мысалы: Бәйтен малдасын құрып, шапаншаң желбегей қобырап отыр (Ғ.Мұстафин).

  2. –шаң (-шең) жұрнағы кейбір зат есімдерге жалғанып, адамға я затқа тән белгілі бір ерекше қасиетті білдіретін туынды сын есімдер жасайды. Бұл сын есімдер мағына жағынан –шыл (-шіл) жұрнағы арқылы туатын сын есімдермен синонимдес болып келеді. Мысалы: Кісі аты тершең, кісі киімі кіршең (мақал).

Есімдерден сын есім тудыратын өнімсіз жұрнақтар

  1. –ыл, -іл, -л, -ал, -ел. Бұл қосымша тіліміздің жұрнақ арқылы сөз тудыру жүйесінде үлкен орын алғанымен, оның туынды сын есім жасаудағы ролі тіпті жоқ. Дегенмен бұл қосымша тек бірен-сарандаған ғана кейбір түбірлерге қосылып, сол формалармен қоса-қабат тұтасып, сындық ұғымды білдіретін негіздер ретінде көнеленіп қалған: батыл, жеңіл, қызыл, жасыл, т.б.

  2. –дар, -дер, -тар, -тер.

Бұл жұрнақ кейбір зат есімдерден, олардың нақтылы лексикалық мағынасына сәйкес, белгілі бір іс-әрекетіне душар болғандықты білдіретін сындық ұғымның атауларын жасайды: қарыздар, дірдар, хабардар, борыштар, т.б.

  1. –и.

Бұл жұрнақ төмендегі –паз, -қой, -қор жұрнақтары сияқты, қазақ тіліне иран тілдерінен ауысқан кірме қосымша –й жұрнағы мынадай бірлі-жарым сөздерде ғана кездеседі: әскери, мәдени, тарихи,саяси, әдеби, т.б.

  1. –паз.

Бұл өзі жалғанған сөзден оның нақтылы лексикалық мағынасына тікелей қатысты белгілі бір іс-әрекетті істеуге мамандығы барлықты я қабілеті барлықты білдіретін жаңа сөз тудырады, ондай сөздер зат есімнен гөрі сын есімге жақын да, бейім де болады: өнерпаз, әнпаз, ойынпаз, әсемпаз, т.б.

  1. –мпаз, -ымпаз, -імпаз.

Бұл жұрнақ та өзі жалғанатын етістіктерден сол аталған іс-әрекетке икемі барлықты, бейім екендікті, оңтайлылықты білдіретін туынды сын есімдер жасайды: Ол да жүзімпаз адам екен. Бұрыннан жортымпаз ел едік.

  1. –қой, -ғой.

Бұл жұрнақ кейбір конкретті я абстракт мағыналы зат есімдерге жалғанады да, олардың нақтылы лексикалық ұғымдарына тікелей қатысы бар белгілі бір амал-әрекет пен мінез-құлықтардың сындық атаулары болатын жаңа сөздер тудырады. Мысалы: Алыстан болса да, бұның пәле тілеп жүретін қаскөйлер.

  1. –қор.

Бұл жұрнақ өзі тікелей жалғанатын зат есімдерден, олардың лексикалық мағынасына қатысты, туынды сын есімдер жасайды. Мысалы: Халықтың қамқоры болам деп оқыңдар. (М.Әуезов).

Етістіктерден сын есім тудыратын өнімді жұрнақтар

  1. –ық, -ік, -қ, -к, -ақ, -ек.

  1. Бұл салт және сабақты етістіктерден, өзі жалғанатын етістіктің лексикалық мағынасына тікелей байланысты туған, алуан түрлі сындық ұғымдардың атауларын жасайды. Мысалы: ашық, тұнық, суық, қашық, жасық, шірік, бөлек, ширақ, үркек, т.б.

  2. Еліктеу сөздерге жалғанып олардан сол сөздердің нақтылы мағыналарына байланысты, әр қилы қатыстық сын есімдер тудырады: Жолаушылар бірнеше жалпақ қоңырқай үйлерден айналып өтті.

  3. –у формалы қимыл атауларына жалғанып, олардың мағынасына орай, белгілі бір іс-әрекетке бейімділікті білдіретін туынды сын есімдер жасайды. Мысалы: Жалғыз түйе бақырауық; жалғыз бала жылауық (мақал).

  1. –ңқы (-ңкі, -ыңқы, -іңкі) жұрнағы етістіктерге жалғанып, олардан мазмұрдары сол сөздердің негізгі лексикалық мағыналарымен байланысты туынды сын есімдер жасайды: Ардақ өте басыңқы көңіл, жабыңқы түрмен аяғын жай басып, Жанәбілге келе жатты.

  2. –ынды, -інді, -нді, -нды.

Бұл жұрнақ етістіктерге жалғанып, олардың негізгі лексикалық мағынасына қарай, белгілі бір іс-әрекеттің нәтижесінен туған сындық ұғымның атауын білдіреді: Оның бір асыранды, бір тума баласы бар екен.

  1. –малы, -мелі, -балы, -белі, -палы, -пелі.

Бұл жұрнақ етістіктерге жалғанып, олардың негізгі мағыналарына байланысты туған сындық ұғымдарды білдіреді. Мысалы: Көшпелі қазақ елі Коммунист партиясының басшылығымен отырықшылыққа айналды.

  1. –қыш, -кіш, -ғыш, -гіш қосымшасы салт және сабақты етістіктерге жалғанып, олардан әрқайсысының лексикалық мағынасына қатысты әр түрлі сындық атаулар жасайды. Мысалы: Жұмабай кеңескіш, өзі де сұрағыш, сұраған сөзге жауап те бергіш адам екен. (С.Мұқанов)

  2. –шақ, -шек жұрнағы өздік етіс формаларына жалғанып, олардың мағыналарына қатысты іс-әрекетті істеушінің сындық қасиетін білдіреді. Мысалы: Қазір оның ол күйі жоқ, қазір жасқаншақ. (Б.Майлин)

  3. –ымды, -імді, -мді, -мды жұрнағы салт және сабақты етістіктерге жалғанып, өзі қосылатын сөзінің мағынасына байланысты қатыстық сын есім жасайды. Мысалы: Шайдың өзінің дәмі мен исі соншалық тартымды да жағымды еді.

  4. –улы, -улі жұрнағы етістіктерге жалғанып, ол сөздің мағынасына байланысты заттың белгілі бір қалпын, көрінісін, жағдайын білдіретін туынды сын есім жасайды: Оның көзі жиюлы тұрған көп кітапқа түсті.

Етістіктерден сын есім тудыратын өнімсіз жұрнақтар

  1. –ыс, -іс, -с.

Бұл жұрнақ жоғарыда айтылған омонимдес қасиетіне қарай, кейбір етістіктерден нақтылы лексикалық мазмұнына орай туынды сын есім жасайды. Мысалы: Сен келіс сөзді әкелмей, кетіс сөзді әкеліпсің ғой (М.Әуезов).

  1. –қыр, -ғыр, -кір, -гір.

Бұл жұрнақ арқылы етістіктерден туатын сын есімдердің мағыналары жалғанатын сөзінің лексикалық мазмұнына орай белгілі бір іс-әрекетке бейімділікті, қабілеттілікті жеткілікті білдіреді. Мысалы: Жұмыс жайына келгенде, Жұманияз басқадан тапқыр да ұқыпты еді.

  1. –мыс, -мыш.

Бұл жұрнақтар кейбір етістіктерден сындық ұғым тудыратын көне форма есебінде қызмет етеді. Мысалы: Кенжетайдың аты жолшыл, жасамыс жылқы еді.

  1. –қы (-кі, -ғы, -гі).

Бұл жұрнақ кейбір етістіктерге жалғанып, олардан сол сөздердің мағыналарына байланысты туған сындық ұғымның атауларын жасайды. Мысалы: Ол - жас та болса, жүріске берік және салқылығы жоқ, бойы жинақы жігіт.

  1. –у жұрнағы кейбір етістіктерге жалғанып, олардан қосылатын сөздерінің лексикалық мағынасына қатысты сын есімдер жасайды. Мысалы: Ермек оқтай түзу, ұзын, кең жолмен келеді.

  2. –аған, -еген.

Бұл жұрнақ кейбір салт және сабақты етістіктерге жалғанып, олардан сөздердің лексикалық мазмұнына сәйкес, белгілі бір іс-әрекетке бейімділікті білдіретін туынды сын есімдер жасайды. Мысалы: Қорқақ ит үреген болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет