Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялау
Президентті бүкіл халықтың сайлауы
Республика егемендігінің орнауынан кейінгі қажеттілік тудырған негізгі мәселе республика Президентін бүкіл халықтың сайлауы болды.
1991 жылы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Президенті болып сайланды. Е.М. Асанбаев вице-президент болды.
1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Республика сарайында ант берді.
Н.Ә. Назарбаев 1940 жылы Алматы облысындағы Қаскелең ауданы Шамалған ауылында дүниеге келді. Теміртау зауыты ТЖОО-сын, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген. Мамандығы инженер-металлург, экономика ғылымдарының докторы.
1960 жылдан Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургия зауытында жұмысшы, шойын өндеуші, газ маманы, аға газ маманы болып қызмет етті. 1969 жылдан Теміртау қалалық партия комитетінің өндірістік бөлім меңгерушісі, 1969-1971 жылдары Теміртау комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1971-1973 жылдары Теміртау парткомының екінші хатшысы, 1973-1977 жылдары Қарағанды меткомбинат парткомының хатшысы, 1977-1979 жылдары Қарағанды облысы парткомының екінші хатшысы, 1979-1984 жылдары Қазақстан компартиясы ОК-ның хатшысы, 1984-1989 жылдары Қазақ КСР премьер-министрі, 1989-1990 жылдары Қазақ компартия ОК-ның бас хатшысы болды. 1990 жылы сәуірде Қазақ КСР Президенті болды. Н.Ә. Назарбаев - «Ғасырлар тоғысында», «Бейбітшілік кіндігі», «Тарих толқынында» т.б. кітаптардың авторы.
Өзгерген атаулар
1991 жылы 10 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес сессиясының шешімімен Қазақ КСР-і Қазақстан Республикасы болып өзгертілді. КСРО кезінде Қазақстанда ономастикалық бұрмалау күшті болды. Қазақстан жерінде Калинин, Андреев, Иванов, Кутузов, ХХ-ХХІ партия съездері сияқты мағынасыз атаулар көбейіп кетті. Ермак, Голощекин, Сталин есімдері де елді мекендерге қойылды.
1989-1992 жылдары Гурьев - Атырау, Целиноград -Ақмола, Шевченко - Ақтау деп аталатын болды. Әл-Фара-би, Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Төле би т.б. тарихи тұлғалардың есімдері елді мекендер мен көшелерге, мәдени мекемелерге беріле бастады.
1990 жылы Н.Ә. Назарбаев 30-40, 50 жылдары сталиндік қуғын-сүргіннен зардап шеккендерге көмек көрсету туралы жарлыкқа қол қойды. 1991 жылы Н.Ә. Назарбаев 1986 жылы 16-17 желтоқсандағы оқиғаға қатысып жазаланғандарды ақтау жөнінде шешім шығарды.
Желтоқсан оқиғасы өткен 17 желтоқсан күні демократиялық жаңару күні деп жарияланды.
Қазақстан тәуелсіздігінің жариялануы
1991 жылы желтоқсанның 16-сынан Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Осы күні қабылданған Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі жөніндегі конституциялық заң тәуелсіздіктің басты құжаты болды. Бұл құжат бойынша Қазақстан тәуелсіз демократиялық, құқылық мемлекет ретінде анықталды. Құжат бойынша барлық Қазақстан шекаралары біртұтас болып бөлінбейді. Қазақстан Республикасының және оның атқарушы үкіметінің басшысы болып Президент табылады.
Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігінің жариялануы еліміз тарихындағы аса ірі маңызы бар оқиға болып табылады.
Республика тәуелсіздігінің нығаюы
1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан өз мемлекеттілігін нығайту жолына түсті. Осы кезден бастап Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы орны анықталды. 1992 жылы қаңтарда Қазақстан алғашқы сом алтынын шығарды.
1992 жылы қаңтарда Қазақстан Республикасының ішкі істер әскері құрылды. Бұл әскер Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін қамтамасыз етуді басты міндет етіп қойды.
Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін қабылдау маңызды тарихи оқиға болды.
1992 жылы маусым айында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңес сессиясында мемлекеттік елтаңба нұсқасы қабылданды.
Елтаңба авторлары - Жандарбек Мәлібеков пен Шотаман Уәлиханов.
1992 жылы маусымда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңес сессиясында мемлекеттік тудың нұсқасы қабылданды. Тудың авторы - Шәкен Ниязбеков.
Республика әнұраны 1992 жылы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңес сессиясында қабылданды. Әнұранның сөзін Т. Молдағалиев, Қ. Мырзалиев, М. Әлімбаев, Ж. Дәрібаева, әнін М. Төлебаев, Е. Брусиловский, Л. Хамиди жазған.
1992 жылы қыркүйек, қазан айларында Алматы қаласында әлемде алғаш рет қазақтардың дүниежүзілік құрылтайы өтті. Бұл құрылтайға әлемнің 13 елінен келген қазақтар қатысты.
1992 жылы Алматыда Қазақстан халықтарының форумы болды.
Республиканың сыртқы саясаты
Қазақстанның тәуелсіздігін ең алғаш Түркия, АҚШ, Қытай, Иран, Пәкістан, Канада, Швейцария т.б. мойындады.
1992 жылдың ортасында Қазақстанның тәуелсіздігін таныған әлемдегі мемлекеттердің саны 30-дан асты.
1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның мүшелігіне қабылданды. Қазақстан Республикасы әлемнің көптеген мемлекеттерімен дипломатиялық қатынастар орнатты. «Филлип Моррис», «Шеврон» (АҚШ), «Ахсел», «Окан Холдинг» (Түркия), «Самсунг» (Корея) т.б. ірі шетелдік компаниялар Қазақстанда жұмыс істей бастады.
Республиканың сыртқы мәдени байланысы айтарлықтай нығайды. Абай мен Жамбылдың, Мұхтар мен Қаныштың мерейтойлары ЮНЕСКО көлемінде тойланды. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев ядролық қарудан еркін аймақ болуы туралы Лиссабон хаттамасына қол қойды.
Қазақстандағы экономикалық реформалар
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасында жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу үрдісі басталды. Алдымен экономикалық реформалар жүргізілді. Олар алғашқы кезенде көп қиындықтар тудырды. Көптеген шаруашылықтар, кәсіпорындар Құрдырау алдына келді. Халық тұтынатын заттар сирей бастады. Ақша шамадан тыс құнсызданды. Құрылыс, байланыс, көлік салалары көптеген қиыншылықтарға тап болды.
1992 жылы 6 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президенті жарлығымен республика бағаны босатты. Осы жылы Ресейдегі бағаның босатылуы бұған түрткі болды.
Экономикалық реформалар нәтижесінде республикадағы экономикалық басқару жүйелері де өзгерді. Кептеген өзгерістер нәтижесінде республика жерінде 30-дан астам коммерциялық банк, 30-ға жуық концерн, 75 сыртқы экономикалық ассоциация құрылды. Нарықтық экономикаға көшуді жеделдету мақсатында жекешелендіру басталды. Ең алдымен дағдарысқа тірелген ұсақ кәсіпорындар жекешелендірілді.
Нарықтық экономика, жекешелендіру үрдістерінің бұрмалануы қарапайым халыкгың әлеуметтік жағдайына да әсер етті.
Ұлттық валютаны енгізу
1993 жылы қараша айының басында Ресей мен Қазақстан басшылары бірнеше рет жаңа сомдық аймақ құру жөнінде келісім жасады. Бірақ Ресей жағы негізсіз талаптар қоя бастады. Бұл жағдай Қазақстанның сомдық аймақтан шығуын тездетті. Бұл кезде Ресейде 1992 жылға дейінгі рубль банкноттар айналымнан шығарылған еді. Сондықтан Қазақстан басшылары ұлттық валютаны енгізуге қадам жасады. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі ұлттық валюта банкноттарын дайындады. Ұлттық валютаға әл-Фараби, Абылай, Әбілқайыр, Абай, Шоқан, Құрманғазы, Сүйінбай сияқты тарихи тұлғалардың суреттері салынды. Ұлттық валюта теңге деп аталды.
1995 жылы 15 қарашада Қазақстан Республикасы Президенті жарлығымен ұлттық валюта теңге айналымға енгізілді. Теңгенің айналымға енгізілуі - аса зор саяси-экономикалык маңызы бар тарихи оқиға.
Республика Ата заңы және мемлекеттің нығаюы
1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның алғашқы конституциясын қабылдады. Қазақстан Республикасы конституциясы 4 бөлімнен, 21 тараудан тұрады. Бұл құжат қоғамның көптеген өкілдері талқылауынан өтті. Пікірталастар көп болды, жобаға көптеген өзгертулер де енгізілді. Конституцияда адам құқығы мен бостандығы басты бағыт ретінде көрсетілген. Мемлекеттік тіл қазақ тілі, ал ұлтаралық қатынас тілі орыс тілі деп белгіленген. Бірақ бұл конституцияда парламентке өкілеттік көп берілді.
1993 жылы 8 желтоқсанда Алматыда өткен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Жоғарғы Кеңес өзін-өзі таратты. Жоғарғы Кеңес өкілеттігі уақытша республика Президентіне көшті.
1995 жылы бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың президенттік мерзімі 2000 жылға дейін ұзартылды.
1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа конституциясы қабылданды. Жаңа конституция 9 бөлімнен, 98 баптан тұрды.
|