Қазақстан 50 жылдардың басы мен 60 жылдардың ортасында
Республиканың индустриялық дамуы
Соғыстан кейін қалпына келтірілген өнеркәсіп 50 жылдардан кейін жаңа өзгерістерді қажет етті. Осы кезден бастап өнеркәсіпті басқарудың басқа жүйесін енгізу, ғылыми-техникалық жаңалықтарды өндіріске енгізу жөнінде көптеген шаралар нәтижесінде Қазақстан экономикасының өсу дәрежесі де кеңейді. 1954-1958 жылдар аралығында Қазақстанда 730 өнеркәсіп орны салынды. Жаңадан салынған өнеркәсіптер: Ақтөбе хром зауыты, Шымкент гидролиз зауыты, Семей цемент зауыты, Жезқазған кен байыту фабрикасы т.б.
1958 жылы жалпы өнім өндіруден Қазақстан КСРО-да 3-орынға шықты. Өнеркәсіптердің көптеп салынуы көлік, байланыс жүйелерінің өркендеуін талап етті.
1956-1958 жылдар аралығында елімізде көлік және коммуникация жүйелерін дамытуға 146,4 млн сом жұмсалды. Республикада теміржол құрылысына ерекше көңіл бөлінді.
1960 жылы Қазақ КСР теміржолының ұзындығы 11,42 километр болды. 1958 жылы Қазақ КСР-де Қазақ теміржол басқармасы құрылып, республикадағы барлық теміржол осы басқармаға бағындырылды. 1951-1955 жылдар аралығында одақта салынған теміржолдың 30%-ы Қазақстан аумағында салынды. 1960 жылға қарай Одақта өндірілген темір кенінің 5,4%-ы Қазақстанға тиесілі болды. Қазақстан «магниткасы» аталған Қарағанды металлургия зауыты Қазақстан мен Орта Азияны, Сібір мен Оралды темір өнімдерімен қамтамасыз етті. Республикада электр энергиясы өндірісі де біршама дамыды. 1960 жылы Қазақстанда 10,5 млн кВт/сағат энергия өндірілді. Дегенмен индустрияның дамуы болмаса, сапа жағы өзгеріссіз қалды.
Соғыстан кейін де біршама шаралар қолданылғанымен, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру саласы артта қалды.
Өнеркәсіпті дамытуға мемлекет көп көңіл бөлгендіктен, ауыл шаруашылығы артқы орында қалып қойды.
1953 жылы КОКП пленумында ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде шаралар белгіленді. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылық саласына көп көңіл бөліне бастады. Колхоздарға біраз дербестік берілді, бірақ қалыптасқан басқару жүйесі ауыл шаруашылығының дамуын экстенсивті жолмен жүргізе берді.
Тың және тыңайған жерлерді игеру
Тың жерлердің игерілуі 1954 жылы басталды. 1954 жылы наурызда КОКП Орталық Комитетінің пленумында «Астық өндіруді арттыру, тың және тыңайған жерлерді игеру» туралы қаулы қабылданды. Тың игеру, астық өсіретін егістік көлемін арттыру, негізінен, Орал мен Сібірде, Солтүстік Кавказ бен Қазақстанда жүргізілді.
1954 жылы Кеңес Одағында 13,4 млн гектар жаңа жер, оның ішінде Қазақстанда 6,5 миллион гектар жер игерілді. 1956 жылға қарай КСРО-да егістік көлемін 28-30 миллион гектарға жеткізу кезделді. Тың жерлерді игеру ісі ерекше қарқынмен, асығыс түрде жүргізілді. 1955 жылы 9,4 миллион гектар жер жыртылды. Ал жоспар бойынша 7,5 млн гектар жер жырту көзделген болатын. Тың жерлердің игерілуі Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Көкшетау, Торғай, Павлодар облыстарында жүргізілді.
Тың жерлерді игеру мақсатында Қазақстанға көптеген жұмысшылар келді. 1953-1958 жылдар аралығында совхоздар мен колхоздарға 266,6 мың механизатор келді. Мысалы, 1954 жылы Ақмола облысына тынды игеру үшін 20000-ға жуық адам келді. Тың игеруді жеделдету мақсатында көптеген шаралар қолданыдды. Басқа өңірлерден тың игеруге келгендерге көптеген материалдық жеңілдіктер жасалды. Тың игеруге келген әр адамға 150-1000 сом аралығында бір реттік көмек берілді. Бұдан басқа да материалдық, азық-түлік т.б. көмектер берідді. Тың игеруге келгендер ауыл шаруашылық салығынан босатылды.
1954-1959 жылдар аралығында Қазақ КСР-де тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында 20 млрд-қа жуық сом жұмсалды.
Тың игерудің пайдасы. Тың игеру Қазақстанда ерекше қарқынмен жүргізідді. Қазақстанда егістік жерлердің көлемі артты. Астық өндіру көлемі жөнінен Қазақстан одақта 2-орынға шықты. Соның арқасында Қазақстан Орта Азия мен Сібірді, Оралды астықпен қамтамасыз етті. Тың игеру жылдарында Қазақстан көп ұлтты, интернационалдық елге айналды. Қазақстан жерінде көптеген тұрғын үйлер, құрылыстар, мәдени обьектілер салынды. Он мындаған шақырым жолдар төселді.
Тың игерудің салдары. Кептеген жылдар бойы тың жерлерді игеру партия көрегендігі, мемлекет жеңісі ретінде дәріптеліп келді. Ал оның көлеңкелі жағы туралы ештеңе айтылмады және айтылуы да мүмкін болмады.
Ең алдымен Қазақстанға тың және тыңайған жерлерді игеруге келгендер арасында арам тамақтар мен қылмыскерлер де болды. 1954-1955 жылдарда Қазақстанға келген 650000 тың игерушінің 150000-ы ғана механизатор болды. Нәтижесінде көптеген тәртіп бұзушылықтар, қылмыстар етек алды.
Тың игеруге байланысты совхоздарға көбінесе тозған, бүлінген тракторлар мен комбайндар, ауыл шаруашылық техникасы жіберілді.
Экологиялық жағдай күрт нашарлады. Аса көп территория жыртылып, нәтижесінде көп жерлер тіршілікке жарамсыз болып қалды. Топырақ эрозияға ұшырап, жердің құнарлылығы азайды.
Мал шаруашылығының дамуы арттақалды. Миллиондаған гектар жерлер жыртылғандықтан, малдың жайылымы, жемшөп дайындайтын жерлер азайды. Мал шаруашылығының шығынға ұшырауынан ет, сүт өнімдерінің көлемі де азайды.
Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері аяққа тапталды. Тың игерушілер арасында қазақ халқының ұлттық намысын қорлайтын теріс пікірлер тарады. Тың игеру жылдары қазақ халқының салт-дәстүрлері, мәдениеті, ұлттық руханияттары ескерілмеді. Қазақ мектептері, бала-бақшалар, қазақ тіліндегі газет-журналдар азайды. Қазақ тілінің қолданылу аясы тарылды. Тың игеру жылдары келген 2 миллионға жуық басқа ұлт өкілдеріне берілген артықшылықтар қазақ халқын менсінбеушіліктің көрінісі болды.
Мал шаруашылығы
Коммунистік партияның жүргізген солақай саясатының кесірінен Қазақстан мал шаруашылығының дамуы баяу жүрді. Көптеген мал жайылымдардың тың игеру кезінде егістікке айналып кетуі де мал шаруашылығының артта қалу себептерінің бірі болды.
1955 жылы болған КОКП Орталық Комитетінің пленумында мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстанда мал шаруашылығына көңіл бөлінгендіктен, 225 совхоз және 47 колхоз мал өнімдерін, яғни ет, сүт өндіретін шаруашылықтар ретінде өзгертідді. Мал шаруашылығы үкіметтің жасаған көптеген шаралары нәтижесінде жақсара бастады. Малшылар еңбегі арқасында мал шаруашылығы ілгері басты.
Шаруашылықтың бар ауыртпалықтарын көтерген малшылар өз еңбегі нәтижесінде үлкен табыстарға жете білді.
Мысалы, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы Айдарлы колхозының шопаны Жазылбек Куанышбаевтың өндірген қаракөл терілері Бухарест пен Познаньдағы, Дели мен Нью-Йорктегі көрмелерге шығарылды. Жазылбек Қуанышбаев 1958 жылы «Орақпен балға» алтын медалін алды.
1960 жылы Қазақ КСР-де мал саны 37 млн 400 мыңға жетті.
МТС-терді қайта құру
Тың игеру жылдарында совхоздар мен колхоздардың көптеп құрылуы бұрынғы МТС-тердің шаруашылықтағы орнына кері әсер етті. Себебі әр совхоз бен колхоз енді ауыл шаруашылық техникасын езі сатып алатын болды.
Сондықтан мемлекет МТС-терді таратып, оның міндеттерін «Сельхозтехника» техникалық жабдықтау бірлестігіне жүктеді.
Колхоздарды совхоздарға айналдыру
1957 жылы Қазақстанда ұсақ колхоздарды біріктіру нәтижесінде совхоздар құрыла бастады. 1957 жылы ұсақ колхоздар негізінде 158 совхоз құрылды.
1958 жылы жаңадан 500 совхоз құрылды. Совхоздар ет, сүт, астық, мақта өндіретін бағыттарды ұстанды. Совхоздар халықтың мұқтажын толық өтей алмады, өйткені совхоздар шаруашылығы жоғарыдан жоспарлы түрде жүргізілді.
1957 жылы ауыл халқының малдарын совхоздарға ала бастады.
Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық құрылымы
Индустрияның дамуы, тың игеру ісі республика халқының таптық және ұлттық құрамына үлкен өзгеріс әкелді. Қазақстан КСРО-дағы ең көп ұлтты республикаға айналды. Қазақстанда қазақтар, орыстар, өзбектер т.б. ұлттар өкілдері қатар өмір сүрді.
Индустрияның кемел дамуы жаңа жұмысшы мамандарды қажет етті. Осыған байланысты жаңа мамандарды даярлау ісі жедел жүргізілді.
Қазақстанның ірі қалаларындағы кәсіпорын жұмысшыларының қатары республикадан тыс жерлерден келушілер есебінен көбейді.
Урбанизация күшейді. 1959 жылы Қазақстанда қала халқының үлес салмағы 44%-ға жетті. Жаңа қалалардың саны 15 болды.
1954-1962 жылдар аралығында Қазақстанға Ресей, Украина сияқты республикалардан 2 млн адам қоныс аударды.
1954-1955 жылдары еліміздің индустриялық саласында жұмыс істеу үшін 500 мың адам келді. Осындай жағдайлардың барлығы Қазақстанда республиканың байырғы халқы қазақ ұлтының үлес салмағының төмендеуіне әкелді. 1959 жылы Қазақ КСР-дегі қазақтардың үлесі 29% болды.
Коммунистік партияның солақай саясаты кесірінен қазақ халқының ұлттық мүддесі күн өткен сайын аяққа таптала берді.
Халықтың тіршілік жағдайы
Сталин өлгеннен кейін 1953 жылы болған КОКП Орталық Комитетінің пленумында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы қаулы қабылданды. Бірақ бұл мәселелер толық шешімін таппады. Себебі әміршіл-әкімшіл басқару жүйесі Қазақстанды шикізат көзі ретінде ұстау бағытынан тайған жоқ.
Ең бастысы, ауыр өнеркәсіптер салынғанымен, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын қорғайтын шаралар қолданылмады.
1958 жылы 1 тамызда Теміртау қаласында жұмысшылар партияның әлеуметтік саясатына қарсы бағытталған наразылық білдірді.
Наразылық себебі - Теміртауда салынып жатқан металлургиялық комбинаттың құрылысына 300 мыңға жуық адам келді. Бұларға баспана, ауыз су, азық-түлік жетіспегендіктен, жұмысшылар осындай шараларға барды.
Қылмыскерлер жұмысшылар наразылығын пайдаланғандықтан, арты жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Наразылықты әскерилердің күшімен басып, ұйымдастырушыларды жазаға тартты.
Республикадағы 50 жылдардағы қоғамдық-саяси өмір
1953 жылы наурызда әміршіл-әкімшіл жүйенің идеологы, КСРО басшысы И.В. Сталин қайтыс болды.
1953 жылы шілдеде Сталиннің оң қолы, қуғын-сүргінді ұйымдастырушы, КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Л.П. Берия барлық лауазымды қызметтерінен босатылып, атылды. Осылай Кеңестер Одағында ширек ғасырға созылған тоталитарлық, адам құқығын аяққа таптаған үстемдік дәуірі аяқталды.
Бюрократ көсемдер биліктен кеткенімен, олардан мұраға қалған әміршіл-әкімшіл жүйе жойылмады. 1953 жылы шілде, қыркүйек айларында болған КОКП Орталық Комитетінің пленумында әміршіл жүйеге байланысты біраз мәселелер көтерілді. Бұл мәселенің барлығы КОКП XX съезінің басты тақырыптарының бірі болды. Съезде мемлекет басшысы Н.С. Хрущев жеке адамның басына табынудың жай-жапсары туралы баяндама жасады. Бұл баяндамада И.В. Сталин мен Н. Ежовтің, Л. Берияның заңға қайшы өрескел әрекеттері, олардың мұраға қалдырған, қолмен жасаған бюрократиялық жүйесі, қылмыстары туралы көптеген дәлелдер келтірілді. Адам құқығының аяққа тапталғандығы, көптеген жазықсыз адамдардың сотталып, өлтірілгені туралы да айтылды. Съезде «Жеке адамға табыну және осының салдары туралы» қаулы қабылданды. Съездің басқа құжаттары, талқыланған мәселелері көп уақытқа дейін құпия түрде сақталды.
Бірақ әміршіл-әкімшіл жүйедегі Н.С. Хрущев орны жайлы ештеңе де айтылмады. Мемлекет басшылығының осыдан кейінгі саясаты да дұрыс жүргізілмеді. Мемлекеттік дәрежедегі көптеген мәселелер тек қана бірнеше адамның қолында болды. Одақтас республикалардың құзырында ештеңе болмады.
Н.С. Хрущев кезінде де соны пікір айтқандар қуғындала бастады. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы бір мектебінің мұғалімі М. Елікбаев Н.С. Хрущевке ашық хат жазады. Хатта Қазақстанның тәуелсіздігі жоқ екенін, қазақ халқының ұлттық мүдделерінің аяқ астында екенін, қазақ мектептері, қазақ тіліндегі оқу құралдары мен баспасөздің тым аз екені туралы айтылған. Осыңан кейін М. Елікбаев МҚК тарапынан қуғынға ұшырап, азап тартады. 1957 жылы М. Елікбаев партия қатарынан шығарылып, жындыханаға тығылады. Н.С. Хрущев басқарған кезде де бюрократиялық жүйе өзгермеді. 1959 жылы болған КОКП-ның ХХІ съезінде Н. Хрущев социализмнің толық жеңгені, енді коммунизмге аяқ басқаны туралы өз баяндамасында айтады. Елде осындай қияли болжамға сүйенген утопиялық социализм сақталды.
Қазақстан - дүниежүзілік қауымдастық
Кеңестер Одағының бір бөлшегі болып саналған Қазақстанның дүниежүзілік елдермен қарым-қатынас жасау аясы өте тар болды. Дегенмен, 50 жылдардың ортасында Қазақстанның сыртқы саясатында біраз өзгерістер болды. КСРО осы кезде әлемде бейбітшілікті сақтау ісінде бірқатар қадамдар жасаған еді. 1951 жылы 12 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі кабылдаған бейбітшілікті қорғау туралы заңға 4 млн қазақстандық қол қойды.
50 жылдардың ортасына қарай Қазақстанмен қарым-қатынаста болған мемлекеттер: Индонезия, Непал, Бирма, ҚХР және Үндістан. Әсіресе Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынаста оң өзгерістер болды. Екі мемлекеттің көптеген жастары оку орындарында қатар білім алды. Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастардың жақсаруы Қазақстанда және Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр өлкесінде тұратын ұйғырлар үшін тиімді болды. Қазақстанның сыртқы қатынастарында да оң өзгерістер болды. Қазақстан Шығыс Еуропадағы Чехословакия, Румыния және Оңтүстік Азиядағы Үндістан сияқты мемлекеттерге түсті металл, химия т.б. шикізат өнімдерін экспорттап, олардан өнеркәсіп өнімдерін импорттады. Қазақстанда 1955 жылы шетелдік делегация, 1957 жылы әлемнің 23 елінен 500-ге жуық делегация болды. 50 жылдардың ортасына қарай Қазақстанға Үндістан Президенті С. Радхаркришнан мен премьер-министрі Дж. Неру сапармен келіп қайтты.
|