керек? Шауып ала ма? Сотқа бере ме? Өлтіріп жібере ме? Өртеп
жібере ме? Қалайда не бірін, не бәрін істеуге елдің беті түзелді.
Әйтсе де, Мұқашқа тап бере алмады. Тап бермек түгілі, маңына
да жолай алмады. Оған себеп мынау еді:
Бәйбіше мен қызынан айрылғалы, Мамырбай отағасы ертеңгі
шайын ішкен соң, төбе басына шығып, жер шұқып отыра беруші
еді. Бір күні төбе басында отырғанда, Сүлеймен ауылы жағынан,
тымағының құлағы қалқаңдап бір атты кісі жортып келді де,
байға сәлем беріп, аударыла түсе қалды. Амандықтан кейін:
– Бай, түндегі малағымды білдіңіз бе?— деді.
– Жоқ, – деді.
– Ойбай, үлкен оқиға боп қалды?
– Немене, жаным?
– Құдай ондап елдің көзі бір ашылды...
– Не бопты? Мұқаш па?
– Жоқ, ойбай...
– Ал айтшы!
– Таудағы білеуіттерді қызылдар тып-типыл ұстап әкетіпті.
– Қалайша? Ақбілек қайда қалыпты?
– Ақбілектен хабар жоқ... әйтеуір түгел қолға түсіпті.
– Оны сұрамадыңдар ма? Кім келді?
– Түрқұлақ ауылынан Телтайдың Қарақұлы келді. Қызылдар сол
ауылда бекініп жатқанда, Мұқаш ақтарды алдап, үстіне алып
келсе, қызылдар тарпа бас салады. Сасқаннан атысуға да
мұршалары келмей қапты. Бұл иттеріңнің өзі бізге мықты болып
жүргені болмаса, қысылған кезде түк емес екен ғой...
– Мұқаш оларды қалай алдап жүр?
– Есебін тапқан-дағы. Ол иттің өзі айлакер, жан кешті неме
екен...
– Қызылдарға тағы жағымды болды десейші.
– Жағымды болғанда қандай! Енді бір үлкен орынға кіреді ғой.
– Бұл сұмның арам ойы осы екен ғой... япырмай, Ақбілек не болды
екен? Одан хабар біле алмаған екенсің... – деп, Мамырбай
шатқаяқтап, орнынан тұрып, аяғын апыраңдай басып, ентігіп
үйіне қарай жөнелді. Ауылдың кісілерін түгел жиғызып алып,
Ақбілекті іздетуге бес кісі аттандырды.
Бұлар шабуылдап, ауыл-ауылдан, кез келген кісіден сұрау салып
жүре тұрсын, оған дейін Ақбілектен хабар берейік.
Әуелгі кезде Ақбілек қолға түскен құралайдай, екі көзі мөлдіреп,
көп ит анталаған бұралқы күшіктей құнысып, маңайындағы
жанның бәрін жан алғыштай көріп, үркіп елегізіп жүрсе де,
анасын, ауылын ойлап, аузына дәм салмай, аштан қатып, бүк
түсіп көрсе де, әрі-беріден соң шыбын жаны түскір шыдатпады,
мезгілсіз өле алмады. Өмір шіркін неден сонша тәтті болды екен!
Адам дегеніңіз «Басқа түссе, басбақшыл» болады екен. Абақты
екеш абақтыға да, зынданға да, соғысқа да жүре-жүре адамның
еті үйреніп, көндігіп кетеді деседі, өлім жазасына бұйырылғанын
естіген адам да тамақ жеп, ұйқы ұйықтап, өмір сүруден безе
алмайды деседі. Дүниеде адамнан көнгіш мақұлық бар дейсіз бе?
Ақбілек те бірте-бірте тұтқынға еті өлгендей, бойы үйренгендей
болды.
Жан шіркіннің тәттілігі ме, қорыққандық па, қорғансыздық па,
немесе алғаш етегін ашқан адам ыстық көрінгендік пе, әйтеуір
қара мұрт «Сүй!» десе Ақбілек те оның бетіне ернін тигізіп, «Күл»
десе о да езу тартқан болып, сөйле десе, о да былдырақтап,
«люблю тебе» — (сені сүйемін)-ні қағып, не деген ырқына көне
береді.
Қара мұрт Ақбілектің қасынан екі елі айырылмайды. Қолтығынан
ұстап, белінен құшақтап, тауды, орманды қыдыртады, жеміс
Достарыңызбен бөлісу: |