Байланысты: Тағайбекова Дариға Сірнебайқызы «Адам және жануарлар физиологияс-emirsaba.org
Гастроитестинальдық және тканьдiк гормондар. Ағзадағы көптеген ұлпаларда биологиялық белсендi заттар пайда болады. Бұл заттар өздерi әсер ететiн нысаны – торшалардың маңында түзіледі де, қанға сiңбей-ақ өз әрекетiн диффузиялық жолмен атқарады. Сондықтан оларды ұлпалық гормондар деп атаған.
Қазiргi кезде мұндай биологиялық белсендi заттарды да гормондар деп атайды. Бұл гормондар әр түрлі мүшелерде (бүйреккте, өкпеде т.б.) кездесетiн арнаулы торшаларда түзіледі де, торшалардың жiктелуiн, ағзаның түрлі қызметiн реттеп отырады. Сiлекей бездерiнде паратин гормоны түзіледі.
Қарында гастрин,гастрон, гистамин гормондары бөлiнедi. Гастрон қарынның сөл бөлуiн тежеп, ас қорытуды нашарлатады, ал гистамин – қарынның көмкерме торшаларының қызметiн жандандырып, негiзгi торшалардың қызметiн бәсеңдетедi.
Ащы iшекте де көптеген гормондар түзіледі:
Энтерогастрин – қарын қимылын және сөлдiң бөлiнуiн күшейтедi.
Секретин – ұйқы безi сөлiнiң бөлiнуiн үдетiп, оның қызметiн жандандырады.
Панкреозимин – ұйқы безi сөлiнiң бөлiнуiн, оның ферменттерiнiң белсендiлiгiн күшейтедi.
Инкретин – ұйқы безiнiң iшкi секрециялық қызметiн күшейтедi.
Энторокринин – люберкюн бездерiнiң қызметiн реттейдi.
Дуокринин - бруннер бездерiнiң қызметiн реттейдi.
Виликинин – iшек бүрлерiнiң жиырылуын күшейтiп, қоректiк заттардың сорылуын жақсартады.
Серотонин – iшектiң қимылын күшейтедi.
Энтороцин – ащы iшектiң қимылын күшейтiп, сөл бөлуiн үдетедi.
Холецистокинин – өттiң бөлiнуiн реттейдi, өт қабы мен өт өзектерiнiң жиырылуын тудырып, өттiң ұлтабар ұшына бөлiнуiн үдетедi.
Биологиялық белсендi заттар бүйрекктiң юкстгломерулярлық аппаратында да түзіледі. Бұл құрылым шумаққа қан әкелушi және одан қан әкетушi тамырлар аралығында орналасады. Оның құрамына қан тамырлардың базальдық мембранасында орналасқан юкстагломерулярлық торшалар (ЮГТ), дистальдық түтiкшенiң иiрiмдi бөлiгi, әкелушi және әкетушi тамырлардың юкставаскулярлық торшалары кiредi.
Ренин гормоны қан плазмасындағы глабулинге әсер етiп, ангиотензин-I түзіледі. өкпе мен бүйрек ұлпаларындағы ерекше ферменттiң әсерiмен ол ангиотензин-II-ге айналады. Ангиотензин-II өте күштi тамыр тарылтқыш зат. Осы ренин – ангиотензин жүйесi гипертонияның (қан тасуы) кейбiр тұрiнiң өруiне себепкер болады.
Өкпенiң эндокриндiк жүйесiне К және Р торшалары, нейроэпителиалдық денешiктер және биогендi аминдер түзетін цилиндр торшалар жатады. Бұл жерде серотонин, допамин, бомбесин түзіледі. Допамин –норадреналин бастапқы тұрi, ол бронхыларды кеңейтiп, тынысты жеңiлдетедi. Бомбесин өкпедегi зат алмасу процесiн жақсартады.
Простагландиндер – алғаш рет шәует құрамынан бөлiнген. Олар қуық алды безде (простатада) түзiледi деген болжам болған, сондықтан простагландиндер деп аталған. Простагландиндер басқа ағзаларда да тұзiлетiнi анықталған.
Қазiргi кезде олардың 15 түрлігi белгiлi, химилық құрамына қарай төрт топқа бөлiнедi: ПГА, ПГБ, ПГЕ, ПГФ.
Протагландиндер ағзада әртүрлі әсер етедi. Мысалы, ПГА және ПГЕ қан тамырларын тарылтады. Сонымен қатар ас қорыту ағзаларының қимылын, жыныс мүшелерiнiң қызметiн реттеуге қатысады.
Сонымен, гормондар торшаларындағы зат алмасу процесiн бақылай, бағыттай отырып, олардың өсiп-дамуын, жiктелуiн қамтамасыз етедi. Көбею, қоршаған орта жағдайларына бейiмделу процестерiн реттейдi, гомеостазды сақтауға мүмкiндiк туғызады.
Қазiргi кезде эндокринология, биохимия, биотехнология жетiстiктерi гормондарды медицина, мал шаруашылығы мен мал дәрiгерлiк жұмыстарда тиiмдi пайдалануға шексiз мүмкiндiктер берiп отыр.